221
Ұлы ақындар бір-бірін қалай ғажап түсінген!
Абай аудармасы Лермонтов мәтініне аса жақын, ал
айырмашылығының өзінің жөні бөлек. Енді орыс тілді
оқырмандарға осы өлеңнің жолма-жол аудармасын келтірейік:
Темной ночью горы, дремля
Уходят в сон, разнежившись (разомлев).
Степь тихую разморив (обессиливая),
Накрывает ночь, нависая.
Не пылит и дорога,
Не вздрагивают листья.
Отдохнешь и ты,
Если проявишь немного спокойствия.
Лермонтовта түн уақыты, түн ортасы, ал Абайда түн енді-
енді басталып келеді: таулар қалғи бастаған, даланың үстінде
қараңғылық қалықтайды, Лермонтовтың алғашқы төрт тағанында
жалғыз ғана етістік («вершины спят»), ал Абайда «кетер» (уходят),
«түн басады» (наступает) деген етістіктермен қатар, «балбырап»
(разнежившись) «қалғып» (дремля) деген көсемшелер кездеседі,
«дел-сал қып» деген де күрделі етістік. Осынша мол етістіктер мен
көсемшелер арқылы Абай кеш түскенін, түн тынысын бейнелейді.
Абай өлеңінде түннің баяу, талмаусырап, талықсып батуы, тыным
мен тыныштық, дарқандық сезіледі. Гете мен Лермонтовтағы
сияқты біз түнді, түн суретін ғана көріп қоймаймыз, біз түннің
қалай батқанын байқап сезінеміз. Гете өлеңіндегі қозғалыссыз түн
суреті Лермонтов тәржімасында жан бітіп нақтылана түссе, Абай
аудармасында қозғалысқа көшіп, ширыға түседі.
Белинскийдің жоғарыда келтірген пікірінде «аптапты күннен
кейінгі тыныш, тыншу түннің сезімі» туралы айтылады. Гете
өлеңінен, Лермонтов аудармасынан да мұны қапырық күннен
кейінгі түн деп үзілді-кесілді қорытынды жасай алмаймыз. Абай
Белинскийдің «М.Лермонтовтың өлеңдері» деген мақаласымен
таныс болған, «Қараңғы түнде тау қалғып» аудармасы соны
оқығаннан кейін жасалса керек. Абай енгізген «балбырап»,
«қалғып», «дел-сал қып» деген сөздер қапырық күннен кейінгі
түнді анық сездіреді.
Лермонтовтың «долины» сөзін Абай «дала» деп ауыстырғанын
222
атап өтуге болады. Егер Абай «даланың» орнына аңғарды, алапты
немесе алқапты десе, өлең буынында, көлемінде еш өзгеріс болмас
еді. Басқа ақын түпнұска мәтініне жақын әрі дәлірек болсын деп,
бәлкім, солай істер де еді. Ал Абай Лермонтов образын өзінше
түйсінген, Лермонтов арқылы түнді суреттей отырып, ол «қазақ»
түнінің сыры мен сынын, қазақ даласының түндерін көріп
сезіндірген.
Абай аудармасындағы «Горные вершины...» Гете түпнұсқасымен
рухани жақындық желілерін сақтай отырып, қазақ тілінде ғажап
үнмен естілді.
* * *
Лермонтовтың «Горные вершины...» аудармасы Абайдан
басқа ақындарды да бей-жай қалдырмаған сықылды. Білуімше,
оны талай ақындар талай тілге өзінше тәржімалаған. Соның бірі
– біздін көрнекті ақынымыз, Қазақстаннын халық жазушысы
Мұзафар Әлімбаев. Әлбетте, ол кісіге Абай аудармасы жасынан
таныс. Соған қарамастан, орыс мәтінін негізге ала отырып, өз
жобасын ұсынған. Міне, Мұз-ағаңның аудармасы:
Мақпалдай қара түндерде
Маужырап таулар мүлгиді.
Тым-тырыс, бей-жай қыр-белде
Қоңыржай мұнар сырғиды.
Бұрқ етпес шаң да жолдағы,
Желпінбес жасыл шалғын да.
Аялдай тұрсаң болғаны
Тыныстар күнің алдыңда.
Не деуге болады? Жатық, қазақы аударма. Лермонтовқа жақын.
Тәп-тәуір. Көңілден шығып тұр. Поэзияға тән қасиеттердің бәрі
көрініп тұр емес пе?! Сөз саптауы, теңеуі, ырғағы, ұйқасы – бәрі
келісіп-ақ тұр. Мен, мәселен, Абайдың әбден бойға тарап, санаға
сіңген сиқырлы аудармасы болмағанда, Мұз-ағаңның мына
вариантын даусыз-ақ қабылдаған болар едім.
Вариант демекші, есіме мынадай қызық жағдай түсіп отыр.
Гетенің «Жиһанкездің түнгі жырын» сонау ХVІІІ ғасырда бір
жапон ақыны аударыпты. Ол аудармада, әлбетте, жапон өмірінің
223
элементтері көрініс тапқан («Фудзияма» тауы, сакура ағашы, теңіз
лебі). Кейін жапон нұсқасынан өлеңді қытайлар аударған. Әрине,
«Жиһанкездің түнгі жырынан» жұрнақ та қалмаған. Жылдар өте
немістер мұны көне қытайдың өлеңі деп неміс тіліне аударып,
зерттеп қараса, ол Гетенің әбден өңі айналып келген байырғы
төлтумасы болып шығады.
* * *
Ұлы ақындардың таңқаларлық рухани байланысы, меніңше,
шындығында мынау болмыста бар әрі көрініс беретін тұстары да
көп. Мен мұны бір күні ойда жоқта Ташкенттегі Әлішер Науаи
атындағы Мемлекеттік әдебиет мұражайының тып-тыныш,
ойға шомған залын аралап жүргенде анық, ап-айқын сезіне
түстім. Демімді ішіме тартып, көне кітаптар мен қолжазбаларды
ақтардым. Олар өте көп еді: үлкенді-кішілі, шағыны да әрі рабайсыз
үлкені де, уақыттан, ғасырлар тозаңынан көмескі тартқан, бірақ
бояуларын, көркемдігін, белгілі және белгісіз суреткерлердің,
безендірушілердің, құсни-хатшылардың қайталанбас шеберлігі
мен төзіміне сын болған дүниелер алдымда жатты. Көшіріп
жазушылар баға жетпес қолжазбалар мен жыр-жинақтар –
диуандарға ерекше ықыласпен, зор сүйіспеншілік және биік
талғаммен жанын, бойындағы барын салған. Теріге шығыстың
айшық-әшекейлері батырма жасау арқылы салынған. Бір беттегі
төрт-алты жол өлеңді көмкере тығыз орналасқан алтынмен
бедерленген әсем суреттер. Қиылысып жатқан нәзік желілер,
ерекше ықыласпен салынған өрнек асқан ыждаһаттылықпен сұйық
алқызыл алтынмен айшықталған. Әр беттің басындағы әдемілігі
жағынан таңырқарлық, көнермес, көмескі тартпас өрнектер... Көне
әлемге бойлай отырып, сан түсті бояулы, шамырқанған, ширыққан,
дана да қиялшыл Шығысқа тап болған мен Науаи, Хафиз, Сағди,
Фирдоуси, Низами, Жәми, Физули сынды әуезді есімдерді іштей
күбірлеп айта бердім. Есіме Семей медресесінен оралған балғын
Абайдың әжесі Зеренің құлағына үшкіріп, осы есімдерді айтқаны
түсті. Сондай-ақ, мен осы шаңырақта Шығыстың ұлы ақындары
мен Абайды қатар көргеніме қуандым.
«Бұдан көп уақыт бұрын ұлы Гете Шығыстың әйгілі «жеті
жұлдызымен» – поэзия падишаларымен алғаш рет жолығып, дәл
Достарыңызбен бөлісу: |