51
құндылықтарымен оқырман талабын қанағаттандырады, ол
түпнұсқалық көркем шығарманың дамуына ықпал етеді, әдебиеттің,
тілдің, мәдениеттің интернационалдық қатынасының құралына
айналады. Аударма оқырманды түпнұсқаға жақындатады, соның
нәтижесінде басқа ұлт тілін оқып, үйренуге көмектеседі, бағыт
береді.
Көркем аударма – көркем шығармашылықтың түрі ретінде
онда аудармашының дүниетанымы мен тәсілі, шығармашылық
дербестігі әрі аудармадағы, әрі түпнұсқадағы ұлттық ерекшелігі
айқындалады. Аудармашы неғұрлым талантты болған сайын,
оның дербестігі де нақтылана түседі. Аудармашы міндеті автордың
дүниетанымына, мәнеріне, стилистикалық сипатына бойлау,
сонымен қатар шама-шарқынша бұл дүниетанымды, мәнерді,
стильді туған тілінің құралдарымен барынша мәнерлі, әдемі жеткізе
білу. Теориядан нақты іс-тәжірибеге сүйенсек, әрбір аударма
аудармашының дербестігін танытуы керек, басқаша болуы мүмкін
емес. Әрине аудармашының дербес сипаттағы қасиеттерімен қатар,
жоғарыда аталған жайлар ескерілуі тиіс. Дербестік аудармашы
талантының қайталанбастығы деген ұғым береді. Аудармашыға
қажет қасиеттер – терең, жан-жақты білім, ақындық-жазушылық
қабілет, үлкен шеберлік, талант, мол тәжірибе, екі немесе
көптеген тілдерді жетік меңгеру, кәсіби мамандану және үздіксіз
іздену, шығармашылық машықтану, шабыттану, елестету кеңдігі,
түйсіну тереңдігі, сезімталдық даралығы, тіл байлығы. Аудармаға
құштарлық, қызығушылық, ұлт әдебиеті мен автор шығармасының
жауапкершілігін жете түсіну және т.б.
Аудармашы көркемдік таланты бойынша, автормен тең
дәрежеде болуы тиіс, аудармашы ақын-жазушымен бірдей дәрежеде
елестетуге, сөз саптау мәнеріне ие болу тиіс. Ой қабілеті мен
сезімі жағынан да тең дәрежеде болуын, түпнұсқадағы сұлулықты
сондай сезіне білуін, керек болса онымен теңдесетін немесе асып
түсетін өзіндік сөз байлығын, ой тереңділігін талап етеді. Қысқасы,
аударманы бар қырынан жарқырата, көрсете алатын талантты
шебер болу қажеттілігін ұсынады. Аудармашылық талант биік
болған сайын шығарма аудармасының көркемдік мазмұны, әдемі
тілі сол биіктен көрінеді. Аудармашы талантымен, тәжірибесімен,
шеберлігімен ақынның жүрегінен, ой-түйсігінен шыққан өлеңдегі
52
көркемділік пен рухты, бейнелеулер мен әсерлілікті жоғалтуға
құқылы емес. Көркемдік елестету, шығармашылық сезімталдық,
терең түйсік көркем аударманың қай түріне де тән.
Кез келген жақсы аударма сүйіспеншілікпен, ынта-ықыласпен
жасалады. Бұл сүйіспеншілік шығармаға, авторға деген құрмет
сезімінен туындайды. Аударманы оқып, үлкен әсер алған оқырман,
біріншіден, шығарма авторына деген ризашылығын байқатса,
екіншіден, аудармашыға да сүйсінеді. Автор мен аудармашы
бірін-бірі көрмеуі де, білмеуі де мүмкін. Алайда шығарма иесіне
деген сүйіспеншілікті аудармада құштарлық сезіммен көрсеткен
аудармашы өзге ұлт әдебиеті алдында қоғамдық, адамгершілік,
рухани парызын өтейді.
Көркем аударма – көркем әдебиет жанрын басқа тілде
баяндайтын аударма түрі. Әлемді мәдени түрде меңгерудің
көркемдік құралы. Адамзаттың ой-санасының, білім-танымының
дамуындағы мәдениеттер байланысының өркендеуіндегі қызметі
өлшеусіз. Оның теориялық негізі тарихи, әдеби міндеттерді
шешуге бағытталған аударматану мен әдебиеттану теориясына
негізделген. Көркем шығарма аудармасы дегеніміз түпнұсқалық
шығарманың көркемдік рухын басқа тілде дәл, сәйкес, шынайы,
сапалы жасап шығу. Оны аударылатын ұлт тілінде жазылған
туындыдай, соның көркемдік-ой дәрежесіндей жеткізе білу керек.
Әрбір аударма оқырмандарына төлнұсқаның құндылығына
сай әсер дарытуы тиіс. Көркем аудармада, мүмкіндігінше,
сөздерді, тіркестерді, сөйлемдерді қалдырып кету немесе қосу,
аудармашы тарапынан өзгертуге болмайды. Егер шығармада
кемшілік, түрлендіру кездессе, оларды дәл сол қалпында аударып
көрсеткен дұрыс. Көркем шығарма аудармашысының тәжірибесі,
еңбексүйгіштігі, қабілеттілігі мейлінше төмен деңгейде болса
аудармада соншалықты қарабайыр, жалған түрде жасалады да,
толық көркемдік құндылыққа, жоғары сапалылық дәрежесіне жете
алмайды. Тәжірибелі аудармашы өзінің шығармашылық таланты
мен шеберлігін, алғырлығы мен адалдығын түпнұсқаның дәлдігін,
шынайылығын сақтап жеткізу мүмкіндігін де көрсете алады.
Қабілетсіз, тәжірибесіз аудармашы өзінің ыңғайына бейімдейді,
өйткені ол аударманың қадір-қасиетін, мән-мағынасын түсінбейді.
Жақсы аудармашы автор шығармасының бар құндылығын жеткізуді
53
көздейді. Көркем әдебиет шығармаларының аудармасында
түпнұсқаның дербес өзіндік бітім-болмысын, ерекшелігін жасау
кезінде оны эстетикалық қабылдау мәні ерекше. Аудармашы
шығарманың көркем мазмұнының бар ерекшелігін сақтаумен
бірге, образдық жүйесін, семантикалық, стилистикалық баяндау
мәнері және бейнелеу сипаттары мен мүмкіндіктерін ана тілдегідей
аударма тілінде де жеткізуге ұмтылады.
Көркем аударма – коммуникативтік қызметтің айрықша түрі.
Көркем мәтін аудармасын жүзеге асыру кезінде аудармашы тек бір
жақты аударма ауқымында қалып қоймауы тиіс. Ұлттық рухани
мұра аясында мәдениетаралық, мәдени-этникалық және көркемдік
коммуникациясының айрықша түрі ретінде қарастырылуы жөн.
Көркем аударманың мақсаты – шет тілін білмейтін оқырманды
сол халықтың шығармаларымен әлем әдебиетінің озық үлгілерімен,
классикалық туындылармен таныстыру. Шығарманың көркемдік
ерекшелігін, дербес құрылымдық сипатын, ұлттық колоритін
сақтау – аудармашының табысқа жетуінің басты кепілі. Мұндай
жетістікке жету үшін аудармашы бірінші кезекте түпнұсқаның
көркемдік мазмұнымен бірге, философиялық рухын, әлемін
терең сезінуі тиіс, бұл үшін талантты аудармашы болу аз, нағыз
әдебиетші, энциклопедист, ғалым болуы қажет. Мысалы, грузин
аударма теоретигі, аударма ғылымының докторы, профессор Г.Р.
Гачечиладзе – үлкен әдебиетші ғалым әрі талантты аудармашы да.
Классик суреткер М. Әуезов –сөз өнерінің асқан шебері, фольклор,
публицистика, поэзия, драматургия, әдеби жанрлардың барлық
түріне терең талдаулар, зерттеулер жасай отырып, ұлттық аударма
өнерін дамытуға, шет елдер әдебиетімен байытуға баға жетпес
үлес қосқан сан қырлы талант. М. Әуезовтың аударма туралы
пайымдаулары әлемдік аударма ғылымында лайықты орын алады.
Тәжірибелі, талантты проза аудармашылары әркез түпнұс-
қаның рухын, идеялық-көркемдік ерекшелігін, образдық
жүйесін, стильдік даралығын сақтауды басты парыз деп біледі.
Аударма шығармашылығында ең қиыны – түпнұсқаның барлық
ерекшеліктерін, бейнелеу элементтерін, көркемдік-эстетикалық
құндылықтарын, стилін сақтап, дәл де айқын жеткізу.
Кейде аударма мәтінін көркем, әсерлі, шынайы жеткізу
қажеттілігінен кейбір сөздер пайдаланылмай қалады. Сондықтан
Достарыңызбен бөлісу: |