Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда
«Мәнерлеп оқу» бағытының рөлі
Қай ұстаз болмасын өз шәкіртінің дұрыс сөйлеп, ойын шебер жеткізе білгенін қалайды. Баланың сөз мағынасын, сөйлем мәнін ұғынуында мәнерлеп оқудың да маңызы зор. Мәнерлеп оқытуға көп мән бере қарау керек. Сондықтан да «Оқушылардың мәнерлеп оқуын жетілдіру» бойынша шығармашылық жұмыстар жасалу керек. Шығарманы мәнерлеп оқыту арқылы оқушыны танысып отырған әр кейіпкермен бірге әрекеттер жасап, олармен бірге толғанып, тебірене білуге ұмтылдыру. Нақышына келтіріп, мәнерлеп оқу арқылы оқушының жан – дүниесін байытып, асқақ армандарға жетелеу, әр тыңдаушының жүрегіне, сезіміне әсер ете білуге үйрету. Шығарманы өнер табиғатына сай оқи білуге, мән- мағынасын терең түсінуге мүмкіндік туғызу;
Көркем әдебиетті оқуға деген қызығушылығын ояту;
Жеке тұлғаның эмоциялық мәдениетін қалыптастыру;
Актерлік шеберлігін қалыптастыру, дамыту.
Мәнерлеп оқу – әдебиетті талдаудың негізі, бастау көзі болып табылады. Әрбір әдеби шығарманы оқып-меңгерудің басы көркем мәтінді мәнерлеп оқудан басталады.
Мәнерлеп оқу – әдеби талдаудың ешқайсысымен алмастырымайтын ерекше қабылдау үдерісі болып табылады. Әр буында, әр сөзде, сөз тіркесінде, әрбір сөйлемде орныққан интонация сол сөзді айтып тұрған кейіпкердің жан-дүниесін мәнерлеп оқып тұрған оқушыға бірден ұғындыратыны сөзсіз.
Әрине, оқушы сол интонацияларды айқын беруге ұялатыны белгілі, бірақ, мұғалімнің міндеті – шынайы мәнерлеп оқу мен дұрыс оқымауды салыстыра көрсетіп, сөздің мәнісін сол сөзді қалай айтуы арқылы ғана беруге болатынын барынша түсіндіре алса дұрыс болады.
Шығармаларға түсініктеме бере отырып (комментарий беріп) оқу – мұғалімнің оқушыға көркем шығарманың терең мазмұнындағы мәнді қабаттарды тани білуіне көмектесетін тамаша әдіс. Көркем әдебиетті алғашқы оқу – көркем шығарманың тақырыптық-идеялық мазмұнын бірден түсіндіре алмасы белгілі. Екінші оқу – талдай оқудың жаңа сатыға көтерілген, сезімге ғана емес, ақыл-ойға әсер етуге бағытталған және басқа әдістермен араластырыла қолданылатын әдіс болып табылады.
Түсініктеме бере отырып оқудың лексикалық түсініктеме беру деп аталатын тәсілі – автордың көркем шығарма мазмұнындағы дәуірге сай қолданған сөздерін немесе автордың өзіндік дүниетанымдық деңгейіне лайықталған сөздерге лексикалық түсініктеме беру – тек көркем мәтіннің байлығын түсіндіріп қана қоймайды, сонымен бірге оқушының сөз байлығын да дамытады.
Мәнерлеп оқу дауыстың өзіне де қатысты. Дауыс неғұрлым таза, күшті шықса оқу да мәнерлі болады. Ол үшін әр оқушы даусын күте білуі қажет. Дауыс желбезегіне онша күш келтірмеу.
Дауыстың өзіндік белгілері бар. Олар: күші, жоғарылығы, қарқыны, тембрі. Сөйлегенде адам бірде жылдам, бірде баяу сөйлейді. Бұлар әр адамның дауыс қарқынына байланысты. Мұғалім жаттығу арқылы өз даусының орташа қарқынын анықтай алады. Ол жылдам сөйлеуден аулақ болғаны жөн. Егер жай сөйлей алмайтын болса, жаттығуы қажет.
Дауыстың тыңдаушыға әсерлі болуы тембріне байланысты. Құбылта оқу, дауыс ырғағына келтіре оқу да жаттықтыру арқылы қалыптасады. Мәнерлеп оқуда дикцияның мәні зор. Сөйлеушінің ашық, анық, айқын айтуы оның айтқанын ұғуға, әсерлі болуына ықпалын тигізеді. Дикциясында ақау болса, оны арнаулы жаттығулар арқылы түзету қажет. Дикциядағы кемшілік – сөйлеу мүшелеріне дұрыс жұмыс істете алмаудың салдары.
Мәнерлеп оқуда зор роль атқаратын – интонация. Интонация – сөйлеу сазы. Ол сөйлеудің ритмі мен үнін, дауыстың бірде жоғарылап, бірде төмендеуін білдіреді. Интонация мына элементтерден тұрады: сөз бен ой екпіні, сөйлеудің қарқыны, ритмі, пауза, сазы.
Мәнерлеп оқу үшін, онымен алдын ала танысып, сонан соң оқығанда ғана автордың идеясын жеткізе оқып шығуға болады. Көркем шығармада адам психологиясы жан-жақты суреттеледі. Оны өз мәнінде тыңдаушысына жеткізу үшін, мұғалім оқитын мәтіндегі қай сөздің, сөйлемнің қандай мағынаны, қандай көңіл күйді білдіретінімен алдын ала таныс болуға тиіс.
Жалпы мәнерлеп оқу дегенде тек шығармаларды мәнерлеп оқи білу деп түсінбеуіміз керек. Сабақтарда әрбір қарапайым сөйлемді дұрыс нақышына келтіре оқи білу, әрбір кейіпкер сөзін сол кейіпкер бейнесінде толғай білу, әрбір мақалдың негізгі ойын дұрыс айтып жеткізе білу, әрбір өлең жолдарын мәнімен, ұйқас, ырғақтарын ұғып тұрып жеткізу жолдарын үйретуге тырысу. Ол үшін бала ең алдымен оқиын деп тұрған сөйлемнің, мақалдың немесе өлең жолдарының мағынасын, айтпақшы ойын анық түсіне білуі керек. Екіншіден, әрбір тыныс белгісінің мәнін ұғып, соны дұрыс пайдалана білуі тиіс. Сөздің асыл болуы – адамға ұнауымен. Сөз мағына жағынан күштілігімен, көркемділігімен, ұнайды», - деп, А. Байтұрсынов айтқандай, мәнерлеп оқу жолдарын толық меңгерген оқушы «сөз асылын» табатын, «сөз мағынасын» ұғатын, «дарынды сөзді» тани білетін тұлға болып қалыптасады.
Узыханова Майгүл Абылаирқызы,
Павлодар облысы Шарбақты ауданы
Шарбақты селосы
Абай Құнанбаев атындағы
мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Достарыңызбен бөлісу: |