Дидактикалық ойындар- сыныпта жүргізілетін жұмыстардың ең қызықтысы. Ойынның қандай түрі болса да, оқушыларды өзіне тартып әкететіні белгілі. Оқушылардың пәнге қызығуын шығармашылықпен ойлауын және білім сапасын арттыруда сабақта қолданылатын ойын элементтерінің рөлі зор. Ойын элементтерін пайдаланудың оқушылар білімін тиянақты етудегі зор мүмкіндігін ескере отырып, мен өз іс- тәжірибемде бірнеше ойын түрлерін қолданамын. Сабақта ойын элементтерін қолдану оқушылардың жоғары көңіл күйін туғызады. Ал мұның өзі оқушының белсенділігін, дербес ойлауын, қызығуын арттырып, сабақты қабылдауға, барынша қолайлы ықпалын тигізеді. Ойынның қандай түрі болса да жалқау, енжар балалардың ынтасын арттырып, білімге қызықтырады.
Дидактикалық ойындар арнайы мақсат көздейді және нақты міндетті атқарады. Ойынның мақсаты- бағдарламада анықталған білім, білік және дағдылар жайында түсінік беру, оларды қалыптастыру, тиянақтау және бекіту, қайталау және пысықтау немесе тексеру сипатында болып келеді.
Ойынның міндеті баланың қызығушылығын туғызып, белсенділігін арттыратындай іріктеліп алынған нақты мазмұнымен анықталады.
Әдістемелік әдебиеттерде берілген және мұғалімдердің тәжірибесінде пайдаланып жүрген дидактикалық ойындар өте көп. Алайда олардың бәрі дерлік бүгінгі күннің талаптарынан туындап отырған білім мазмұнының өзгерістеріне, сондай- ақ оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келе бермейді. Сондықтан мен белгілі ойын түрлерін сұрыптап, ой елегінен өткізе отырып, ғылыми тұрғыдан негізделген дидактикалық ойындар мен қызықты жаттығулар жүйесін пайдаланамын. Дидактикалық ойындарды шығармашылықпен түрлендіре отырып, оқушылардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталанғанда, білімді тиянақтау және тексеру кезінде, яғни сабақтың кез келген сәтінде оқыту әдісінің құрамды бөлігіне айналдырамын. Бірақ ойын процесі мен оқыту процесін бір- біріне етене ұластырып ұйымдастырған жөн. Оқушы ойын іс- әрекеті үстінде қандай да білімді игеріп жатқанын, ал оқу процесінің өзінде қалай ойынға ұласып кеткенін аңғармай қалуы тиіс. Сонда ғана ойын және оқу іс- әрекеттері табиғи бірлікте болып, пәндік білім, білік және дағдыны игеруге толық ықпал жасайды. Осы шарт орындалған жағдайда дидактикалық ойын шын мәнінде оқыту әдісі деңгейіне дейін көтеріледі.
Дидактикалық ойынның тиімділігі олардың сабақтың әр кезеңдегі орны мен міндетін және мақсатын дәл анықтауға, оны қолданудың теориясы мен практикасын мұғалімнің жетік игеруіне, шеберлік танытуына, ойынға қажетті материалдардың жиынтығын алдын- ала дайындап алуға, ойын процесіне оқушыларды белсенді қатыстыруға байланысты.
Сабақ материалына лайықталған ойынды алып, тек қана оқушының орындай алатын іс- әрекеттерімен шектелу жеткіліксіз. Мұнда ойынды ұйымдастырудың және басқарудың сипаты мен жолдары да жан- жақты ұйымдастырылуы керек.
Дидактикалық ойындардың түрлері өте көп. Соның ішінде қолданып жүрген ойындарды атап өтейін.
1. «Көкпар» ойыны. Ойынның шарты:Оқушылар үш топқа бөлінеді. Мұғалім сұрақтар қояды. Қайсы топтағы қол көтерген оқушылар саны көп болса, сол топ оқушылары «лақты» алды делінеді, яғни жауап береді. Жауап толық болмаса, қайтадан қол көтеріліп толықтырылады. Жауапқа толық жауап берген оқушы лақты мәреге жеткізген болады, ол оқушыға жоғары ұпай қосылады.
«Көкпар» ойыны үшін қойылатын сұрақтар:
Шартты оператордың жалпы түрін жазыңдар.
Параметрлі цикл операторының жалпы түрін жазыңдар.
Графиктік операторларды атаңдар.
«Көкпар» ойынының тиімділігі:үй тапсырмасына тиянақты дайындалуға, операторларды дұрыс жаза білуге, функциялар мен операторларды дұрыс айта білуге, жылдамдыққа дағдыландырып, есте сақтау қабілетін дамытады, пәнге қызығушылығын арттырады.
2. Арқан тартысу ойыны. Ойынның шарты:Операторлар мен функцияларының аттары көрсетіледі. әрбір топтың оқушылары кезек тәртібімен олардың атын айтып түсініктеме береді. Кезектегі оқушы түсініктеме бере алмай қалса, сол жерде ол қатар үшін ойын тоқтатылады және ол оқушы жазаланады. Мысалы: «өнер- білімге», «тәлім- тәрбиеге» байланысты мақал- мәтел айтқызуға болады. Жауап беру келесі топқа өтеді. Қайсы топтың оқушылары көп жауап берсе, сол топ жеңді деп есептеледі.
Арқан тартысу ойынының тиімділігі:алдында өтілген материалдарды қайталап отыруға қолайлы, оқушылардың есте сақтау, тез ойлану қабілеттерін дамытып, оларды ұжымдық жұмысқа дағдыландырады.
Сабақ үстінде сөзжұмбақтарды шешуге арналған қысқаша бақылау жұмыстарын да орындауға болады. Сөзжұмбақ жасау- үй жұмысы.
Балалар арнайы әдебиетпен танысып, терминдерді қайталайды, жаңа ұғымдарды біледі. Мұғалім олардың тереңдігін, жаңа сөздер санын сөзжұмбақтардың құрылу күрделілігін, қателерді тексереді. Сөзжұмбақтармен жұмыс істеу балаларға ұнайды, сабақты қызықты етіп өткізуге көмектеседі. Бұлар оқушылардың шығармашылық жұмыспен айналысуына түрткі болады, олардың тек компьютерде жұмыс істеуге ғана қызығушылығын емес, пәннің теориялық негіздерін білуге ынталандырады.
Информатика пәні- басқа пәндерден алған білімдерді пайдаланушы және оны дамытушы пән. демек, оқушылардың ғылыми дүние танымының, көзқарастарының негізі олардың басқа пәндерден алған білімдерін жинақтау нәтижесінде қалыптасуы керек. Бұл пәнаралық байланыс арқылы жүзеге асады. Пәнаралық байланыс- күрделі педагогикалық проблемалардың бірі. Ол педагогика, психология, әдістеме тұрғысынан жан- жақты зерттелген, зерттелуде. Информатика сабағына интерактивтік әдісті қолданудан оқушылардың білімі тиянақталады, білімі тереңдейді, өздігінен кітап оқуға дағдыланады, өмірмен байланыстырылған, информатика пәнінің түрлі пәндермен байланысты екендігіне көздері жетеді.
Пәндер арасындағы байланысты жүзеге асыруда оқушының пәнаралық білімді игеруі екі түрлі жолмен өткізіледі. Біріншіден, оқушы пәнаралық білімді мұғалімнің түсіндіруінен немесе басқа оқулықтан дайын түрде қабылдайды.
Екіншіден, оқушы пәнаралық байланыс мазмұнын шығармашылық ізденіс үстінде игере алады. Онда ол бір жаңалық ашқандай болады. Алған білімді есінде ұзақ сақталып, пән бойынша білім сапасы артады, дние танымын жан- жақты болады. Сондықтан оқыту барысында мен осы екінші жолдың үлесін көбейтуге тырысамын. Ол үшін сабақта әр түрлі әдіс- тәсілдерді, ұйымдастыру түрлерін қолдануды талап етеді.
Информатика сабағына қойылатын негізгі талап, ғылыми негізде оқыту, термин сөздермен, сандармен, алгоритмдер құру, программалар жазумен компьютерде жұмыс жүргізу, пәнаралық байланыс жасау, өмірмен байланыстыру, халық педагогикасын қолдану болатын болса, мен осы жоғарыдағы талаптарды өз сабағымда басшылыққа аламын.
Оқушыларды өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландыру үшін дидактикалық материалдар, көркені құралдар, интерактивті тақта, электрондық оқулықтар көптеп пайдаланамын.
Тест сұрақтарына компьютерді қолданып жауап бергізу сыныптағы барлық оқушылардың білімін бірден тексеруге мүмкіндік берсе, екінші жағынан оқушының күнделікті сабаққа ұқыпты дайындалуын талап етеді.
Есептер шығаруда оқушыларға жеке тапсырмалар беру, әрбір оқушының тапсырмасын өзі орындауға үйретеді. Есептің алгоритмін құру программасын жазу, оны компьютерде орындау, нәтижені талдау істерін әрбір оқушы өзі орындауы керек, өйткені берілген есептер бір- бірінен өзгеше. Бір параграф бойынша үш тапсырма беріледі. Бұл тапсырмалар қарапайымнан күрделілене береді, яғни 1- тапсырма жеңіл, 2- қиынырақ, 3- күрделі. Оқушыларды топтарға ажыратпаймыз, есептер шығару барысында олар өздері топтарға бөлінеді.
Деңгейлік дифференциялауды мен өз сабақтарымда тек өткен тақырыптарды жүйелеп бекітуде қолданамын. Балаларға үш деңгейдегі жеке тапсырмалар беріледі. Бұларды орындау кезінде оқушылар жұмыс дәптерлерін пайдалана алады. Бірінші деңгейдегі тапсырмалар- базалық стандарт болып табылады. Оларды орындауда оқушы бұл пәннен өткен нақты материалдарды қайталап айтып беру деңгейінде болады. Бұларды әрбір оқушы орындай алуы тиіс.
Екінші деңгей тапсырмалары оқушылардың оқу және ойлау қабілеті жетілдіретін жалпы және арнайы тәсілдерді игеруді қамтамасыз етеді. Үшінші деңгей тапсырмалары оқушылардан алған білімдерін ойлап, талдап пайдалануды талап етеді. Бір деңгейден екіншісіне өту жүйесінің шекарасы сезілмейтіндей өте икемді болуы тиіс.
Міне осындай тәсілдермен өзгермелі ортада тиімді шешімді жылдам қабылдай алатын, өзіндік ойлау қабілеті бар, өзін- өзі жетілдіре алатын, жаңа типтегі адамды қалыптастыруға болады. Осындай қасиеттері бар адам әлеуметтік жағынан да өзін- өзі жақсы қорғай алады.
Оқушылармен жеке жұмыс істеумен қатар кейде оларды екі- екіден топтастырып, бір тапсырма беремін. Мұндайда бір оқушы (жақсы оқитыны) жетекші болып тағайындалады да, олар есепті талқылап, шығару жолын қарастырып, компьютерде шығарып, шығарған есептерін берлесіп қорғайды. Егер әлсіз оқушы шығарылу жолдарын айтып бере алмаса, яғни дұрыс жауап бермесе, екіншісінің де бағасы төмендетіледі. Мұндай тапсырмалар оушылардың жеке қасиеттерін есепке алуды талап етеді, оларды ұжымдық түрде жұмыс істеуге үйретеді.
Осы жерде деңгейлік жеке тапсырмалардығ, үлестірме қағаздарының, ұжымдық перфоркарталардың, тестік сынақ жұмыстарының тиімділігін айта кетейін.
Достарыңызбен бөлісу: |