§ 3. Схоластикалық философия
(sсһоlаstіса - лат. сөзі, оқушы, ғалым)
Патристикалық философия христиан дінінің негізгі қағидаларын жүйеге келтіріп, XI ғасырға қарай діни философияның екінші сатысына өтуге жағдай жасады. Патристиканың мистикалық жағы жаңа жағдайда көп ойшылдарды қанағаттандырмай, Тертуллианның жоғарыда келтірген нақыл сөзі басқаға ауысады.
Құдайға сену бұрынғыдай бірінші орында болса да, қазір одан кейін білім қойыла бастайды. Негізгі мақсат - құдіретті аян арқылы берілген ұғымдардың мазмұнын анықтау, ақыл-ой елегінен өткізу, бір-бірімен үйлесімді түрде ұштастыру т.с.с.
Схоластиканың соңында (XV ғғ.) сенім мен ақыл-ойдың үйлесімді болуына күмән келтіріліп, бірте-бірте «екі ақиқат» ілімі тарала бастайды.
Бүкіл схоластика шынайы өмірмен байланысы жоқ, өткен ғасырлардан жеткен кітаптардағы ой-пікірлерді зерттеп, солардың ашылмаған сырын табуға бағытталған философия болды. Сондықтан жаңа заман келіп, «тәжірибелік білім» етек жайған кезде, «схоластика» деген ұғым теріс мағына алып, мазмұны жоқ, өмірден алшақ, бос сөз ретінде қаралып және бүгінгі өмірде де солай түсініледі.
Схоластиканың алғашқы кезде қойған мәселесі универсалиялардың табиғаты (unіvеrеаlіs - лат. сөзі, жалпы) жөнінде болды. Бүгінгі таңда универсалиялар деп біз филоофиядағы ең жалпы ұғымдарды айтамыз.
Универсалиялар жөніндегі ілім алғаш рет Плотиннің философиядағы «идеялар» теориясында кездеседі. Плотиннің ойынша, қайсыбір жалпы ұғымға сәйкес келетін идея бар, олар нағыз болмыс -«идеялар әлемін» кұрайды. Жердегі сезімдік заттар болмысын алсақ, олар көптікке жатады, жалпылық өзгеріске түсіп, бөлініп, жеке затта ешқашанда толығынан көрінбейді.
Аристотель танымдағы жалпылық жеке заттардың болмысын бейнелейді деген болатын. Қысқаша айтқанда, универсалия мәселесін Орта ғасырдағы философ Порфирий былайша қойды: «Тек пен түр өзінше өмір сүре ме, олай болса олар дене ме әлде денесіз бе? Егер тек қана ақыл-ойда болса, олар бөлек өмір сүреді, әлде олар сезімдік құбылыстарда ма?»
XI ғасырдың аяғы мен XII ғасырдың басында бұл мәселені шешуде үш ағым пайда болды. Олар номинализм, реализм және концептуализм.
Достарыңызбен бөлісу: |