Эпикурдың этикасы мен теологиясы
(thеоs-құдай, lоgos-ілім)
Эпикур: «Дүниені зерттеу - ол адамның негізгі мақсаты емес», - дейді. Адамның негізгі мақсаты - бақытты өмірге жету. Ал оған жету үшін адамдар Ғарыштың қандай екенін, Құдайлар бар ма, әлде жоқ па, өмір мен өлім жөнінде, табиғаттағы адамның үрейіи туғызатын құбылыстар жөнінде өздерінің түсініктерін қалыптастыруы керек. Сонда ғана адам бақытты өмірге жете алады, ал ол үшін философияны оку керек. Ол ешқашанда ерте де емес, кеш те емес.
Эпикурдың ойынша, бақыт дегеніміз - еш нәрсеге кеселі тимеген ләззат. Ол адамның жаратылысы, табиғатынан шығады. Адам дүниеден ләззат алуға, зардаптан қашуға тырысады. «Сондықтан біз ләззатқа жетуді бақытты өмірдің басы мен аяғы деп есептейміз», - дейді Эпикур.
Осы айтылған және де басқа ойлардың негізінде, жүре келе философияда эпикуреизм деген ұғым пайда болды. Бұл үғым өмірдің мән-мағынасы ләззатты қууда, құмартуда, Дүниенің барлық қызығын қамтуға тырысуда деген мағына береді. Тарихта, өкінішке карай, ірі тұлғалардың кейбір ойлары бұрмаланып, сол тұлғалар жөнінде болашақ ұрпақтардың санасында қисық пікір пайда болады.
Мәселенің шынына келсек, Эпикур ләззат алу ұғымын тіпті басқаша түсінді. Егер адамның табиғи қажеттіктері өтелсе (ішетін тамағы, киетін жылы киімі, ауасы жететін жылы баспанасы болса), онда адам өзінің табиғи дарындарын сыртқа шығарып, шығармашылық дәрежесіне көтеріліп, өзін нағыз бақытты адаммын деп сезінеді. Эпикурдың мектебіне оқуға келген адамды алғаш рет қарсы алғанда, оның аяқ-қолын таза сумен шайып, содан кейін бір шелпек нан мен бұлақтың суын беріп: «Ал енді өзіңізді бақытты сезініңіз», - дейді екен.
Эпикур ләззаттың өзін дұрыс түсінуге шақырады, өйткені адамның қажеттіктерін табиғи және жасандыға бөлуге болады. Ал соңғылардың біршамасы тіпті керек те емес. Олардың анықтаушысы - адамның ақыл-ойы, әділеттік және адамгершілік сезімдері.
Ләззат алудың соңғы мақсаты - ол дененің зардабы мен жан дүниесінің қобалжуынан аулақ болу. Оны ол кісі атараксия деген үғыммен береді (аtаrахіа - грек сөзі, қобалжымау). Егер адам тыныш өмірге ұмтылса, жан дүниесі тұрақты болса, дене ауруы болмаса, болашақ зардаптан, өлімнен қорықпаса, онда оның ішкі рухани өмірінің бақыты арта түседі. Қарапайым тынық жерде, жолдастарыңның арасында, мемлекеттің жұмысына араласпай, өзіңмен-өзің болып өмір сүрсең, сен бақытқа жетесің. Эпикурдың жақсы көретін нақыл сөзі - «Lathe biosas» - байқалмай өмір сүр.
Эпикур материалистік көзқараста болғанмен, Құдайлардың бар екенін мойындады. «Бірақ Құдайлар ғарыштағы дүниелердің ортасында өздерімен-өздері өмірден ләззат алып өмір сүріп жатыр, олардың адамдарға еш қатысы жоқ. Егер олар адамдардың ісіне қатысса, онда олардың рахатқа толы өмірі тоқталар еді», - дейді Эпикур.
Ал адамға келер болсақ, онда оның денесі мен жан дүниесі атомдардан құралғаннан кейін, ол өлгенде, оның жанын құрайтын жеңіл атомдар да тарап кетеді, яғни жан да келмеске кетеді. Ол -табиғи нәрсе, сондыктан одан қорықпау керек.
«Өлім мәселесіне келер болсақ, оның бізге ешқандай катысы жоқ, біз бұл Дүниеде болсақ, онда өлім әлі жоқ, ал өлім келген кезде, біз жоқпыз», - дейді ойшыл.
Қорыта келе, Эпикурдың философиясы әсіресе моральдық ой-пікірлері өз заманындағы рухани өмірге және содан кейінгі ұрпақтарға өзінің зор әсерін тигізді.
Достарыңызбен бөлісу: |