Сұрақтар мен тапсырмалар
Педагогикалық жобалаудың бүгінгі қолданылу аясы.
Жобалауды педагогикалық жүйелер тұрғысынан қарастырудың мәні.
В. И. Слободчиков бойынша педагогикалық жобалаудың түрлері.
В. П. Бедерханова белгілеген педагогикалық жобалау бағыттары.
Педагогикалық жобалаудың нысанына, мақсаты мен нәтижелеріне байланысты түрлерін сипаттаңыз.
Білім берудегі жобалау және педагогикалық жобалау түсініктерінің айырмашылығы неде?
Педагогикалық жобалауды жүзеге асыру деңгейлерін атаңыз.
Педагогикалық проблеманы жобалау алгоритмі
В. И. Загвязинскийдің теориялық еңбектерінде педагогикалық жобалау мәселелері
Педагогикалық жобалаудың негізгі сипаттамалары.
Глоссариймен жұмыс.
3. Педагогикалық жобалау және педагогикалық мақсат қою
Педагогикалық жобалауда міндетті түрде мақсатты белгілеу қажет болады. Мақсат қою дегеніміз жобаланатын нысанды өзгерткеннен кейінгі нәтижесін көре білу және сонымен қатар, сол нәтижеге жету барысын нақты үдеріс ретінде көре білу деуге болады. Сөйтіп, мақсат қою күтілетін нәтижеден және оған жету жолдарынан тұрады. Бұл ойша жасалған құрылым жобалау барысындағы түрлі жағдайларға байланысты өзгерістерге де түсе алады. Сондықтан, жобалау барысында стратегиялық мақсат та, оған жету жолдарын қадағалап отыратын аралық мақсаттар да жасалуы тиіс және олардың басты сипаты қорытындылары бойынша мақсаттың орындалғанын, берілген проблеманың шешілгенін өлшеуге, тексеруге келетін болуы қажет.
Мақсатқа ұмтылушылық жүйенің тиімді қызмет етуіне қажетті жалпыға ортақ және міндетті элемент деп есептеледі, сондықтан, педагогикалық жүйелердің құрамындағы әрбір кіші жүйе, әр элемент тұтас жүйенің алдында тұрған басты мақсатқа қызмет етеді. Олардың әрқайсысының қызметі салыстырмалы түрде дербес болып табылатын өзіндік мақсаттарын орындауға бағытталғанымен, түптеп келгенде барлығы да жүйенің негізгі мақсатына тәуелді болып табылады. Педагогикалық жүйелердегі мақсат қою оны анықтаумен ғана шектелмейді, сонымен қатар, белгіленген мақсатты тарату (декомпозициялау), яғни, ондағы кіші жүйелер мен элементтердің қызметін, олардың арасындағы өзара байланыстарын ескере отырып, әрқайсысының дербес мақсаттарын анықтауды да қамтуы тиіс.
Мақсат қою барысында ескеретін маңызды мәселе – жобалық өзгерістердің мақсаты ретіндегі жобаны жүзеге асырудағы нәтижелер де, сонымен қатар, сол нәтижелер арқылы қол жеткізілетін стратегиялық мақсаттар да берілуі тиіс. Оны төмендегідей мысалдармен түсіндіре кетейік, бірінші мысал білім алушыларға қатысты: егер, педагогикалық жүйелерді ақпараттандыруды жобалауды алсақ, оның мақсаты білім алушылар үшін жеткілікті мөлшерде компьютерлердің қойылуын және сабақта оларды кеңінен пайдалануға жағдайлар тудырылуын көздейді, бұл жобаны жүзеге асыру нәтижелері болып табылады.
Бұл нәтижелер өз кезегінде белгілі бір стратегиялық мақсатқа бағытталады, яғни, оқытуды ақпараттандыру нәтижесінде білім берудің сапасын көтеру, білім алушылардың жаңа құзыреттіліктерін қалыптастыру, т.б. қамтамасыз етіледі. Келесі мысал: егер, жобалау педагогикалық ұйымдарды басқарушылардың құзыреттілігін дамыту мақсатында жүзеге асыратын болсақ, оның нәтижесі – басқарушылардың белгілі бір құзыреттілік сапаларын қалыптастыру болады да, осы нәтижелер өз кезегінде стратегиялық мақсатқа–педагогикалық жүйелерді заман талаптарына сай дамытуға бағытталады. Сөйтіп, педагогикалық жобалаудың негізгі нәтижелері жобалар және бағдарламалар болып табылады.
Педагогикалық жобалау қызметінің тиімділігі субъектілерді дамыту тұрғысынан қарастырады. Өйткені, біріншіден, кез келген субъектінің бойында өзіндік дамытуды жүзеге асыратын барлық қасиеттері бар екені белгілі, екіншіден, педагогтардың құзыреттілігін дамыту жалпы білім беру ұйымының жаңа сапаға өтуінің факторы бола алады. Үшіншіден, педагогикалық әрекеттерді басқару субъектілерінің өз бетімен оқу әрекеттерін ұйымдастыру, өмірдегі өзгермелі жағдайларды қабылдай алу, оған даяр болуды қамтамасыз ететін басқарушылардың құзыреттіліктерін жобалау қызметі барысында жүзеге асыруға болады.
Жобалауды ұйымдастыру кез келген ұйымды дамытудың факторы ретінде соңғы кездері қарастырыла бастады. Өйткені, білім беру ұйымдарындағы қайта құрулар мен өзгерістер динамикасы жобалаудың өзектілігін арттыруда.
Педагогикалық жүйе компоненттерін мақсатты түрде дамытуды жүзеге асыру мақсаттық - бағдарлы жобалар жасалуын қажет етеді. Бұл жобалар, ең алдымен, ұйым мүшелері мен топтардың қарым-қатынасын, ішкі тәртіптері мен жұмыс нәтижелерін өзгертуге бағытталады. Басқаша айтқанда, жобалау қызметін ұйымдастыруды өзін-өзі дамытатын жүйе қалыптастыру әдісі деуге болады. Осындай педагогикалық жобалаудың ерекшеліктері:
қоршаған ортаның динамикалық өзгерістеріне сәйкес жаңа мақсаттарға бейімделе алады;
педагогтар мен басшылардың бірлескен қызметтері арқылы қоғамдағы өзгерістер талабына жауап бере алады;
ұйым мүшелерін дамытуға және өздерін дамытуға қолайлы жағдайлар туғызылады, өзара сенімге құрылған қарым-қатынастың жоғары болуынан туындаған қайшылықтар дер кезінде шешіліп отырады;
ұйымдағы мақсат қою және шешім қабылдау үдерістеріне әр адам міндетті түрде тартылады, өйткені, олар жүйедегі өзгерістерді жоспарлау мен оларды басқаруға өздерінің тікелей қатысы барын ұғынады.
Педагогтарды мақсатты бағдарлы жобалау қызметіне тарту арқылы педагогикалық немесе оқыту жүйесін дамытудың жобасы жасалады. Онда:
біріншіден, нені жасау керек? деген сұраққа сай, педагогикалық жүйенің шығудан көрінетін күтілетін нәтижелері құрастырылады. Олар жүйенің ішкі және сыртқы өзгерістеріне, ұйымның мүмкіндіктері мен ресурстарына сай жасалады;
екіншіден, неге олай жасау керек? сұраққа сай атқарылатын әрекеттердің мақсаты мен міндеттері анықталады. Олар сыртқы орта, үлкен жүйе талаптарына сай жасалған педагогикалық жүйе ретіндегі білім беру ұйымының жалпы мақсаты мен соған сәйкес жүйедегі әрбір құрылымның мақсаттары мен міндеттері үйлестіріледі. Ол жобалауға қатысушылардың мақсаттар жүйесіндегі өз міндеттерін ұғынуға мүмкіндік береді;
үшіншіден, қалай жасау керек? деген сұраққа сай, яғни, мақсат пен міндеттерді жүзеге асыруда қандай құндылықтардың басшылыққа алынатыны, қандай әдіс - тәсілдер мен құралдар пайдаланатыны белгіленеді.
Тәжірибе барысында бірнеше педагогикалық бағыттарды қатарынан жобалау негізінде жаңа педагогикалық жүйенің «көрінісі» қалыптаса бастайды және осы жаңа «көрініс» педагогикалық жүйенің өзін-өзі қайта құру субъектісі ретінде жаңа қажеттіктерін тудырады. Осыған сай, педагогикалық жүйенің жаңа құндылықтары мен жаңа қатынастары, қызметтік құрылымдары мен байланыстары, жаңа қызметтер бағыты пайда болып, тәжірибеде бекітіле береді. Бекіту үдерісі де маңызды болып табылады, өйткені, уақыт пен жаңа талаптар сынағынан өткен кейбір нәтижелері, белгілі бір тұжырымдамалар, нормативтік құжаттар, бағдарламалар, нормативтік нұсқаулар ретінде қабылдауды, тәжірибеге енгізуді қажет етеді.
Педагогикалық әрекеттер теориясында білім беру әрекеттен тыс бола алмайды, тұлға бойына өзгерістер ендіру оны белгілі бір мотивтер негізінде әрекеттерге тарту арқылы жүзеге асырылады. Аталған пікірлер педагогикалық жүйе ретіндегі білім берудің басты қайшылығы білім алушы мен педагогтардың мақсаттары арасындағы қайшылықты көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |