«Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев


Изида қызым, қайда барасың?



жүктеу 4,05 Mb.
бет5/24
Дата07.12.2017
өлшемі4,05 Mb.
#3437
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24

3. Изида қызым, қайда барасың?
Ол сол тұстарда өзі де жетіспей жатқан педагог кадрларын аудан мектептерінде тұрақтандырып қалуға үлкен ыждаһаттылықпен, ықыласпен қарап, күш салатын. Бәеке педагогикалық институттар мен училищелерді бітіріп келген жас мамандарды ақылын айтып та, өтініш етіп те, жалынуға дейін барып та алып қалуға тырысушы еді. Сондай бір жағдайды Қамысты орта мектебінің мұғалімі Изида Алексеевна Лукманова былайша еске алады: "Мен Қостанай облысына Чебоксары педагогикалық институтын бітіргеннен кейін міндетті тәжірибеден өту үшін келгенмін. Осындағы Қамысты орта мектебінде химия пәнінің мұғалімі болып екі жыл жұмыс істеп, тәжірибе мерзімім біткен соң есеп айырысып, еліме қайтпақ болып, аудандық оқу бөліміне өтініш бердім. Бірақ, бөлім меңгерушісі өтінішіме қол қоймай, кешіктіре берді. Мен не болғанын білмек болып, Баеке Бекмұхамедұлының өзіне келіп, жолықтым. Ол кісі менен көзін алмай қарап отырған күйі жай ғана жымиып: "Изида, қайда барасың? Оқушыларың, бастаған ісің қайда қалады? Бізде сенен басқа химия пәнінің оқытушысы жоқ екенін және әзірге бола да қоймайтынын өзің де жақсы білесің ғой. Маған да оңай болып жүрген жоқ, кейде мен де қатты қиналамын. Бірақ, бәріміз жан-жаққа қашатын болсақ, біздің мектептеріміз, оқушыларымыз не болады?" – деді толғана сөйлеп. Мен не істерімді, не дерімді білмей қалдым. Неге екенін қайдам, мүмкін абыржығандығымнан болар, жылап жібердім. Ол орынынан баяу тұрып келіп, әкелік бір ыстық пейілмен мені иығымнан қапсыра құшақтады да: "Жыла, аздап жылап ал", – деді, сонысын сәл бөгеліп барып, "Мүмкін қосылып жылармыз?", – деді қалжыңдай сөйлеп. Мен көзімнің жасын тыйып, күліп жібердім. Сол сәт ол маған басшы емес, кеңпейілді қамқор жандай көрінген. Сонысын Бәеке іле: "Жүр Изида, одан да біздікіне барып, шай ішейік. Біздің үйдегі жеңгеңнің шайы – ең тәтті шай", – деді жайдарлана. Содан бастап ол менің жадымда қамқор ағам, жақын досым, тәлімгерім ретінде мәңгілік сақталып қалды".

Бәеке Бекмұхамедұлының болжағанындай, Изида Лукманова шынында да сирек кездесетін білікті маман, талантты педагог болып шықты. Осы мектептегі ұзақ жылдар бойы жемісті еңбегі үшін оған "Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі", "КСРО халық ағарту ісінің үздігі" атақтары беріліп, "Еңбек ардагері" медалімен, көптеген дипломдармен, грамоталармен марапатталды.

Жалпы, тәжірибелі ұстаз, іскер басшы Бәеке Бекмұхамедовтың өзі де Қамысты ауданының қоғамдық өміріне белсенді араласатын. Соның нәтижесінде ол бірнеше рет аудандық партия комитетінің мүшесі, халық депутаттары аудандық кеңесінің депутаты болып сайланды, оған "Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі" атағы берілді, "Құрмет белгісі" орденімен, үш медальмен марапатталды.

Осылайша өнегелі ісімен елге танылып, көпшілік құрметіне бөленген ардақты азамат Бәеке Бекмұхамедұлы Бекмұхамедовтың туғанына да 100 жыл толғалы отыр.



Қолтаңба

немесе өмірлік ақ жол тілеген

академик Зұлқарнай Алдамжар

туралы ақжарма сыр


Академик Зұлқарнай Алдамжар ағамен танысқан күннен бастап осынау ерекше білімді, парасатты, бауырмал жанды барынша құрмет тұттым. Оның Қостанай мемлекеттік педагогика институтын университетке айналдыру, оған облыстық атқару комитетінің зәулім ғимаратын алып беріп, алдына ұлы Ахаңның ескерткішін орнатудағы, кейін мауыты-шұға комбинаты шағын ауданына жан бітіріп, осы жерден әлеуметтік-техникалық университет ашуы, азып, тоза бастаған бұрынғы «Текстильщик» мәдениет сарайын Студенттер ордасына айналдыруы, Қостанай облысы энциклопедиясын шығаруы және де басқа көптеген игілікті істері біздің жадымызда.

Қостанай мемлекеттік университетінің ашылуы туралы Зұхаң кейін былай деп жазды: «1991 жылдық күз айында Қостанай облысына Президентіміз Н.Ә.Назарбаев жұмыс сапарымен келіп, ел аралады. Қашанғыдай, Елбасыны қарсы алып, жол бастаған облыстық Кеңестің төрағасы Н.Т.Князев біздің университет құру ұмтылысымыздың тонын айналдырып, басбұзар берекесіз топ ретінде мықтап жамандаған. Сол себептен өзінің Алматыға қайтар алдындағы облыс азаматтарымен өткізген мәжілісінде Президент менің атыма қатты сын айтып, университет құрам деп облыста дау-дамай көтергенім үшін, екі бірдей ғимаратты тартып алмақ болған жауапсыздық берекесіздігім үшін тәртіпке шақыруды жергілікті басшылықтан талап етті. Президенттің бұл сөзіне президиумда отырған Н.Т.Князев және бірлі-екілі басшы қол соғып, мәз-мейрам болды да қалды. Енді жағдай күрт мүшкілдеп кетті. Университет көзден бұл-бұл ұшпақ, институт ұжымы қыспаққа алынады, ал менің қуғынға түсуім сөзсіз. Не амал бар, шешу түйіні қайда деп ауыр ойға тереңдей бердім. Жағдайды түсіндіруге сөз сұрасам, одан ешнәрсе шықпайды. Неде болса Президентпен тікелей сөйлесіп қалуым керек.



Президиумнан төмен түсу баспалдақтары залға төмендейді де, содан бұрылып ауыз бөлмеге кетеді. Жиналыс жабылған бойда Президент ширақ басып баспалдаққа бет алды. Сол кезде мен де Президентке қарай жүрдім, бірақ араға бір топ адам килігіп те үлгерді. Дегенмен әлі де баспалдақтан түсіп үлгермеген Президентке алдымдағы адамдардың иықтарынан асыра қолымды созып, даусымды көтеріңкірей: «Ассалаумағалейкүм, құрметті Нұреке, мен жаңағы өзіңіз сынаған пединституттың ректоры Алдамжаровпын», дедім. Нұрекең де қолын соза менің колымды алып: «Мен, Зәке, сізді білем ғой», – деді. Енді арада кісі жоқ, олар ығысқан, Нұрекең баспалдақта тұр. Мен іле-шала: «Нұреке, Қостанайдың хал-ахуалын жете білесіз ғой, жаңағы сөзіңізден кейін қазақ жастарының университет бола ма деген үмітіне балта шабылды, ал біздің бар үміт-талайымыз Сізде, Нұреке», – дедім. Президентке ойымды мұндай түрде айтайын деп ойланбаған да едім, бірақ осы бір сөздер менің жан айқайым сияқты, аузымнан қалай шыққанын білмеймін. Нұрекең өткір көзін жалт еткізіп, маған қадала қарады. Сол сәтте Князевтың бізді орынсыз жамандағанын біле қойғандай болып көрінді маған. Жүзіне жылы шырай жүгіріп: «Жақсы, университет болсын», деді. Мен әлі қуанышымды сезініп үлгерместен: «Рахмет, Нұреке, бірақ біз таласып жүрген жоқпыз, бос екі ғимараттың қайсысы болса да біреуі бізге берілсе екен деп едік», дедім. Сол кезде Президенттің артында баспалдақта екі көзі әдеттегіден де көгере түскен, демін ішіне тартқан Н.Т.Князевке көзім түсті. Неде болса бұл дөкейді ерегестірмейін деп: «Нұреке, мне кажется наши руководители принципиально не против передаче здании будущему университету, а речь идет о вариантах решения», – деп орысша айттым. Сол сәтте Н.Т.Князевтің уһ деп, демін сыртына шығарғаны естілді. Сірә, ол сарбаз мен Нұрекеңмен қазақшалап сөйлескесін өзін жамандап тұр ғой деп қысылса керек. Сол сәтте айналада тұрған екі-үш қазақ ақсақалдары, жиналып қалған адамдар Нұрекеңе алғысын айта бастады. Білмеймін, мен де осы кезде еркінсіп кеттім бе, әлде неде болса мәселені түбегейлі шешіп алғым келді ме: «Нұреке, бізге колайлысы мына үш қабатты облыстық атқару комитетінің ғимараты. Өзіңіз білесіз, бізде осындай сәтте келіскендік ниет білдіргенмен кейін сиырқұйымшаққа салып, созып кететініміз бар ғой. Сондықтан самолетке отырғанша бастықтарға тағы да бір пысықтап айтып кетсеңіз», деп өтінішімді жалғастырдым. Енді Нұрекең сәл сабырлылық байқатып: «Қалаған ғимараттарыңды алыңдар, ал сендер тіпті екеуін де тартып алмақшы екенсіңдер ғой», деп жымиып күліп, жан-жағына көз салды да, маған қарата: «Қазір босаңқырап тұрғанымен мына орталықтағы бұрынғы обкомның үйі жаңа басқару жүйесіне керек болады. Университет құрамыз деулерің орынды, мен қолдаймын, бірақ өздерің мықты дайындалыңдар», – деп тапсырмасын айтып, қайтадан қолымды қысты. Нұрекең жүріп кетті, жаңағы залдағы көпшілік бірінен кейін бірі қолымды алып, мақтап, қолдау жасап жатты. Ал менің ойымда «ой, мықтыларым-ай, жаңағы бір сын сағатта қайда болып едіңдер» деген өкініш пен қынжылыс аралас сезілсе де, көңіл шаттыққа толы, төбем көкке жеткендей еді.

Бұл жерде менің ерекше атап айтарым, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының ой ұшқырлығы, ақ пен қараны қас қағым сәтте-ақ пайымдап, жедел де батыл шешім қабылдау қабілеттілігі, ұлтымыздың жас ұрпағының болашағы үшін оқыту, білім беру, оның мәдени, рухани болмысы үшін қандай да болмасын қамқорлығын шектемейтіндігі, болашаққа сара жол сілтей білуі. Ал мұндай қасиеттілік, дарындылық тек ұлы адамға ғана тән».

Академик ағаның бұл сөздерінің бәрі рас. Сол айтулы басқосуға қатысқан жандардың бірі ретінде оған өзіміз де куәгер болдық... Осы бір эпизодтың өзі оның қайраткер тұлға екенін дәлелдесе керек.

Адамға тіршілікте көп нәрсенің керегі жоқ. Тыныш өмір сүрем дегендер қолда барды қанағат етіп, бұйығы тіршілігін күйттеп жүре береді. Зұхаңның да бір басына жетер дәулеті, ғұмырына жетер абырой-беделі бар еді. Ол екі бірдей ғылым академиясының академигі, Қостанай қаласының құрметті азаматы, тіпті сонау мұхиттың ар жағындағы Американың Техас штатының да құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері. Бірақ ол ертеңгіні ойлап, ерен істерге құлаш ұрды. Ұлы Ахаң айтқандай, «бүгінгішіл» болмай болашаққа көз салды. Сөйтіп қасиетті Қостанай жерінде екі бірдей білім мен ғылымның ошағын ұйымдастырып, бізге аманат етті.

Әлі есімде, Ахаң атындағы университетте журналистика факультеті ашылғанда академик Алдамжар әдейі шақырып, сол факультетте ұстаздық етуге ұсыныс жасады. Негізгі жұмысымыздан бос уақытта бес жыл бойы болашақ қаламгерлерге өз білгенімізді үйреткеніміз бар. Құдайға шүкір, сол факультеттің аяғынан қаз тұрып, тәжірибе жинақтауына азды-көпті үлесіміз болғанын осы күнге дейін мақтан етеміз. Бір кезде алдымыздан өткен Дархан Қастеров, Гауһар Төлекбаева, Нұрболат Мешітбаев, Гүлвира Ахметбекова және басқа жас журналистер Ахаң университетінің түлегі деген атаққа сай, еліне танылған қаламгерлер болды.

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары Ақтөбеде Тама Есет батырдың туғанына 325 жыл толуына арналған ұлан-ғайыр той өтті. Сондағы үлкен ғылыми-тәжірибелік конференцияда біздің Зұхаң «Сырым Датов бастаған қозғалыстың негізгі кезеңдері» атты тақырыпта баяндама жасады. Маңдайы қасқиып, өзінің терең де мәнді баяндамасымен залды бірден баурап алды. Бұл менің академик ағаның сөзін алғаш тыңдауым еді. Ерекше тәнті болдым.

Сол тойда Америкадан келген бір топ бизнес өкілдері де болды. Олар «Актюбнефтегазгеология» бірлестігіне іскерлік сапармен келген екен. Қонақасы кезінде сол қонақтармен қостанайлық делегация мүшелері бір киіз үй ішінде болдық. Қонақтарға қызмет жасап жүрген жандардың ішіне гүлдей жайнаған Гүлнәз есімді қыз ерекше назар аудартты. Керемет әнші екен. Домбырада да өте шебер ойнайды. Қазақтың халық әндерін айтқанда арқаланып кетеді. Көзінен нұр шашады. Қызыл-жасыл киінген қарындасымызға мұхит асып келген мырзалар да таңдана қарайды. Бір сәтте солардың біреуі:

– Аспапта ойнап, ән айтуды қайдан үйрендіңіз? – деп сұрады Гүлнәздан.

Осы сәтте сөзге профессор Алдамжар араласты:

– Қазақты бәрі батыр, шешен, ақын, әнші болған, – деп бастап, қазақ халқының шығу тарихы, оның сонау ІV ғасырдан басталатын мемлекеттігі, оның ғылымы мен мәдениеті, дәстүрі туралы таң қаларлық әңгіме айтты. Ғалым ағамыздың аузынан орысша шыққан сөзді аудармашы қыздар бірден қонақтарға жеткізіп жатты. Зұхаң он-он бес минуттық сол әңгімесінде Олжас Сүлейменов айтқандай, «тауларды аласартпай даламызды асқақтатты». Не деген білім, не деген қисын, не деген мәдениет. Нағыз марқасқаның өзі екен ғой, өзі...

Сол тойда қолайлы бір сәтті пайдаланып, журналистік машықпен Американың Техас штатынан келген «Орикс Энерджи» компаниясы геофизика бөлімінің директоры Дэйвид Хэгар мырзадан:

– Қазақ халқы туралы әсеріңіз қандай? – деп сұрадым.

– Батыры Есеттей, ғалымы Зұлқарнай мырзадай, әншісі Гүлнәз ханымдай халық бақытты, ұлы халық, – деді ол ойланып жатпастан.

Кезінде С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде академик Зейнолла Қабдоловтың Мұхтар Әуезов туралы талай лекцияларын тыңдадық. Ғұлама ғалым, көрнекті жазушы сол Зекең өз ұстазы Мұхаң туралы әр дәрісін «Несін айтасыз, ғажап еді ғой» деп аяқтайтын.

Зұлқарнай Алдамжар ағамызды еске алғанда менің де ойыма сол сөздер оралып отыр. Расында да, ғажап еді ғой, жарықтық. Ағамыз дүниеден өткеннен бері ол кісінің бейнесі тіпті де асқақтай түсті. Ол кісінің орны әлі де үңірейіп, бос тұрған сияқты.

Бірақ, Құдайға шүкір, оның қалдырған ізі көмескіленген жоқ, Академик өз қолымен құрған университеттер білім мен ғылым кеңістігінде өздерінің орнын ойып тұрып алған белгілі ордаларға айналды. Оларда сан мыңдаған ұл-қызымыз білім алып, үлкен өмірге қанат қағып жатыр. Сол түлектердің бәрі де айтулы азамат, толымды тұлға, ұлы Ахаңның жолын қуған академик ағаларына деген ризашылық сезімін үнемі айта жүреді.

Зұхаң қазақ мәдениеті мен қоғамдық пікірінің қара шаңырағы – осы «Қостанай таңы» газеті редакциясында да жиі болатын. Ол кісімен сырласуға, ой бөлісуге құштар едік. Журналистердің үлкен досы, ақылшысы, сыншы еді ағамыз. Біздің әрқайсымыздың қалам қарымымызды да жіті бақылап жүреді екен, орайы келгенде нақтылы бір мақала туралы да пікірін айтып жатушы еді. Кейде телефон соғып та сыр сабақтайтын.

2003 жылы Зұқаңның «Тарих: пайым және тағылым» атты кітабы шықты. Бір сәті келгенде академик сол туындысына қолтаңба жазып, сыйлап еді. «Сәлім бауырыма. Өмірлік ақ жол тілеймін. Зұлқарнай. 22.12.2003ж.». Осы бір-екі ауыз сөзден мен бүгіндер абзал ағаның бар болмыс-бітімін, ақыл-парасаты мен үлкенге де, кішіге де жанашыр тілектес пейілін көргендей боламын.

Атырауда туып, сонда еңбек жолын бастап, ғылымның қия шыңына өрлеген өреннің өмірдегі ең басты қызметі Қостанайда жалғасын тапты десек, қате айтқандық болмас. Ол ұлы Ахмет Байтұрсынов атамыздың жоқтаушысы, соның насихатшысы, ұлтымыздың рухани көсемін пір тұтушы болды. Қазақ еліне, бүкіл әлемге Ахмет Байтұрсынов сияқты біртуар ұлды берген Қостанай топырағы сол ұлы перзентінің болмысын терең ұғып, оның еңбектері мен идеяларына жан бітірген өз заманының заңғар ұлы, зиялы ұлы – Зұлқарнайын да бауырына басты. Енді, міне, ұлы Ахаңмен бірге Зұлқарнай аға есімі де қатар атала бастады. Ұлылар сабақтастығы дегеніміз де осы шығар.


Жақсыдан – Шарапат

Бұл сөз қайраткер аға Бегайдар Ахановқа

арналып айтылғандай
1. Мал баққан бала
Тағдыр Бегайдарды ерте есейтті, еркелеткен жоқ. Әкеден жеті жаста жетім қалған оның жастық шағын Ұлы Отан соғысының от-жалыны шарпыды. Қанқұйлы соғыстың өршіп тұрған 1942 жылы Бегайдар жұмысқа жегілді. Қорған мал бордақылау совхозының малын бақты. Оның жайылымы Солтүстік Қазақстанның жерінде еді. Таңның атысы, күннің батысы мал соңында жүрген жасөспірім оңаша бір сәттерде қиялға берілетін, ұшы-қиыры жоқ далада, бір үзім нанды талғажау етіп, болашақ шат ғұмыр туралы армандайтын. Жеңіс күнін аңсайтын, оқып, білім алып, еліне қалтқысыз қызмет етіп, абыройға бөленсем дейтін.

Ауыл баласы көнбіс келеді. Басқа түскен ауыртпалықты нар жігіттердей көтере білді Бегайдар. Әсіресе малды Қорған ет комбинатына жеткізудің тауқыметі қиямет қайым еді. Алты ай жаздай табын-табын малды жаяулап, жалпылап Қорғанға жеткізіп жүрді. Екі араның қашықтығы 300-ден 500 шақырымға дейін. Және мал айдайтын жол бойы орман, егістік, шабындық. Тайынша-қашарларды жол бойы жоғалтып алмай, ұры-қараға қолды етпей, ет комбинатына қоңын жоғалтпай тапсыру да ізденіс пен тәжірибені, ең бастысы төзімді талап етеді. Және ет тапсыру барысын жергілікті билік органдары мұқият қадағалайтын. Кестеден шығып кетсең – біткенің. Өйткені майдан Қазақстаннан азық-түлік талап етті. Яғни мұнда да майдан еді. Бегайдар өзін сол майданның алғы шебінде жүргендей сезінді.

Ісіне мығым, тіл алғыш, ыждағатты бозбала қашан Жеңіс туы желбірегенше мал соңында жүрді. Сол күнделікті қиын жұмыс бүгіндер сексен жасқа толып отырған Бегайдар Аханов ағамызды шынықтырды, өмір сүруді үйретті, өмірге деген құштарлығын оятты, қиындыққа қасқая қарсы тұра алатындай қасиет дарытты.

Бегайдар Жүсіпұлы ұзақ ғұмырында талай сый-сияпат, еліміздің марапаттарына ие болды. Бірақ ол сол тыл тауқыметін қайыспай көтере жүріп алған «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы еңбектегі ерлігі үшін» медалін ерекше мақтан тұтады.


2. Білімге құштарлық
Соғыс аяқталды. Жеңіс туы желбіреді. Ақ түйенің қарны жарылды. Бегайдар бала күнгі арманы – ұстаз болу үшін алғашқы қадам жасады, Меңдіқара педагогика училищесіне оқуға түсті. Бұл – сол кездегі іргелі оқу орындарының бірі еді. Оның әсіресе қазақ жастарына білім берудегі ролі мен орны тым ерекше. Елімізге танымал болған талай тұлғалар осы оқу орнынан қанаттанып еді. Меңдіқара педагогика училищесі бүгіндер білікті университеттер арқалайтын жүкті көтерді десек, артық айтқандық болмас. Сол алтын ұяның көпшілікке танымал болған тұлғаларының бірі де осы Бегайдар ағамыз екені даусыз.

1948 жылы қолына диплом алған жас ұстаз педагогикалық еңбегін Пресногорьков ауданында бастады. Мектеп басқарды, Пресногорьков балалар үйінің директоры болды. Оқыды, Қорған мемлекеттік педагогика институтын, КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірді.

Жастайынан мұқияттыққа, тәртіпке, жауапкершілікке тәрбиеленген Бекеңнің енді қызмет баспалдақтарымен өрлеу жолы басталды.

1955 жылдың қараша айында ол облыстық халыққа білім беру басқармасы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Дәл осы тұста тың және тыңайған жерлерді игеру жорығы басталды. Білім беру саласы басшыларының алдындағы міндет те жеңіл емес еді. Біріншіден, соғыс жылдары оқудан қол үзіп қалған талай жеткіншектерді мектепке тарту қажет, екіншіден, ұлан-байтақ Одақтың жан-жағынан мыңдап жастар келді, екі жүзден астам жаңа совхоз құрылды, солардың бәрінде орта мектеп ашу міндеті тұрды. Бұл айтуға ғана оңай шаруа, әйтпесе сол мектептерді салу, оларды жабдықтау, педагог кадрлармен қамтамасыз ету қиынның қиыны еді. Бегайдар ағамыз осынау қат-қабат істердің бел ортасында жүрді, алға қойылған міндеттерді түбегейлі шешуге өзінің елеулі үлесін қосты.

Дәл осы тұста Қостанай облысында тау-кен өнеркәсібі күрт дамыды. Темір рудасының, бокситтің, тағы басқа кендердің мол қоры табылды. Жітіқара, Лисаков, Арқалық, Рудный қалалары пайда болды, көптеген жұмысшы поселкелері салынды. Жұмыс ауқымы да кеңейе түсті.

Осынау маңызды кезеңде істе сыналған, өзін білікті ұйымдастырушы ретінде көрсете білген Аханов облыстық партия комитеті бюросының шешімімен обкомның насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалды. Ал 1965 жылы ол облыстық партия комитеті ғылым, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі болып бекітілді. Сөз арасында айта кетейік, Бегайдар Жүсіпұлы кешегі партиялық диктат кезінде облыстық деңгейде басшылық қызмет атқарған санаулы ғана қазақ азаматтарының бірі еді. Өзіне сын да, мін де көп екенін ол да ерекше сезінетін. Сондықтан да болар, жұмыста таза, талапшыл, тындырымды болды. Оны үлкен-кіші түгел құрметтейтін, обкомның хатшыларына дейін Бекеңнің пікіріне ден қоятын.

Бүгін қарап отырсақ, Бекеңнің бүкіл еңбегі білім беру, жас ұрпақты тәрбиелеу, әлеуметтік сақтандыру, халықтың денсаулығын сақтау проблемаларын шешуге арналыпты. Ал бұл салалардың дамуы халықтың әл-ауқаты, тұрмыс деңгейі, мәдениеті, денсаулығы, біліміне тікелей әсер ететіні белгілі. Яғни халықтың көз алдында. Бегайдар ағамыз өзінің тындырымды еңбегі арқылы сол халқының да абыройына, оның ризашылығына бөленді.
3. Балсүліктің айтқаны
Бегайдар Аханов Пресногорьков балалар үйінің директоры болып тұрғанда сонда тәрбиеленген жеткіншектердің бірі – Балсүлік Жанғабылов еді. Балсүлік балалар үйінде жетінші класс бітірген соң қайда барарын білмей дал болды. Мәселеге Бекең араласты. Сол Балсүлікті және қорғаны жоқ тағы да үш-төрт баланы Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатқа орналастырды. Білім ұясының сол кездегі директоры, Ұлы Отан соғысының ардагері Дәулеш Ыбыраев ерекше бір көшелі кісі болатын. Сол жетім жеткіншектерге пана бола білді. Балалар үйінен келген тағы бір бала Қойшыбек Кәрімхановпен біз бір сыныпта бірге оқыдық. Төрт жыл бойы интарнаттың қара нанын жеп, бір төсекте жаттық. Достасып, сырласып кеттік. Жазғы каникул кезінде өзімізбен бірге туған ауылымызға ала баратынбыз. Біздің ата-аналарымыз сол Қойшыбекті өз балаларындай көріп, айналып, толғанды. Кісіге жуық Қойшыбек те ешкімді жатсынбайтын. Өнерлі еді. Әсіресе балалайкада, үрлемелі аспапта ойнауға шебер болатын. Сол жазғы каникулда Ақсуаттың үлкенді-кішілі балалаларын жинап алып, кәдімгідей көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып, кішігірім концерт те қоятын. Кейін ол Қорған ауыл шаруашылық институтын бітіріп, Торғайда еңбек етті. Әттең, ғұмыры қысқа болды. Жүрек талмасынан дүние салды. Ол қашан көз жұмғанша жақсы қарым-қатынаста болып, бір-бірімізді құрмет тұттық.

Сол Қойшыбек, Балсүлік және басқа бұрынғы балалар үйінің тәрбиеленушілері мектеп бітіріп, енді қайда барарын білмей дал болғанда оларға осы Бегайдар ағалары тағы қамқоршы болды. Ол кезде облыстық халыққа білім беру басқармасы бастығының орынбасары болып істейтін ағамыз бұрынғы шәкірттерін арнайы шақыртып алып, хал-жағдайын біледі. Көмек берер ешкімі жоқ тұл жетімдер не десін, үнсіз отырады.

– Жоқ, бұлай болмайды, балалар. Өмірден өз орындарыңды алуларың керек. Ол үшін жоғары оқу орнына түсу қажет. Мен бұрынғы өз үйлерің – Пресногорьков балалар үйімен келістім, киім-кешек, жолға қаражат, азық-түлік береді. Қалаған оқуларыңа барыңдар, қысылған шақта өзіммен хабарласыңдар, – деп нағыз жанашырлық танытады.

Сол жігіттердің бәрі де қалаған мамандығын алды. Балсүлік медицина институтына түсіп, тіс дәрігері мамандығын алып, өмір бойы сол мамандығы бойынша қызмет істеп, абырой-беделге бөленді.

– Мені адам қылған Бегайдар ағам, – деп талай қайталағанын өз аузынан естіген жандардың бірі өзіміз.

Бұдан дәл қырық бес жыл бұрын сол жеткіншектермен болған әңгіме, бәлкім, Бекеңнің есінде де жоқ шығар, ал Балсүлік және оның жолдастары үшін ағалардың сол бір қиын сәтте арқаларынан қаққаны мәңгілік ұмытылмақ емес. «Жақсыдан – шарапат» деген де осы шығар...




4. Үлкенге – іні, кішіге – аға
Биыл жыл басында Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Қостанай қаласының құрметті азаматы, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының бұрынғы директоры Камалбек Зәкіров 90 жасқа толды. Ол институтты бүгіндер Темірғали Ермағанбетов басқарады. Ол Темекең ақсақалдың мере йтойын ерекше бір жанашырлықпен, есте қаларлықтай етіп ұйымдастырды. Салтанатқа Бегайдар Аханов та қатысты. Ағасы туралы жылы пікір айтты, тамаша педагогтың ерекше қасиеттері туралы толғанды, оны үлгі етті.

– Қай кезде болмасын біз Камалбек ағамызды арқа тұтып, ақыл сұрап жүрдік, – деп талай мысалдар келтірді.

Сол тойда ұйымдастыру жұмыстарының бел ортасында Раушан Байсарина қарындасымыз жарқырап жүрді. Ұзақ жылдар бойы осы институт директорының орынбасары болған, зейнеткерлікке шықса да туған ұжымынан қол үзбеген Раушанның алғырлығына, сөз саптау мәнері мен ибалығына талай жұрттың тәнті болғанын өзіміз де білеміз. Қарындасын қырық жыл бойы білетін Бекең бір реті келген сәтте Раушанды қасына шақырып, бетінен сүйді.

– Қазақ қыздарының бәрі өзіңдей болсын! – деп батасын берді.

– Рахмет, Бегайдар аға. Біз бәріміз де Сіздің қамқорлығыңызды көріп жетілдік қой, – деп жатыр ол да.

Екі ғана мысал. Бірінде өзінен он жыл үлкен ағасына риашылық көңілін білдірсе, екіншісінде өзінен жиырма жас кіші қарындасына ақ батасын берді. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Сол аға мен сол қарындастың Бекеңнің сөзінен кейін жадырап, жайнап, жасарып шыға келгенін көрсеңіз...

Өйткені Бегайдар ағаның бар болмысы осы. Жұртты қанаттандырып, қайраттандырып жүргені. Өзіміздің де анда-санда кездесе қалғанда аға аузынан шыққан жылы сөзді естіп, балаша мәз болып, масайрап қалатынымыз бар.

Ағамыздың үйіндегі Гүлсім жеңгеміз, балалар да ізетті де ізгілікті жандар. Қашан көрсең де шынайы тілектестік көңіл-күйлері мен мұндалап тұрады.

Үлкенге іні, кішіге аға бола білген қайраткер азаматтың еңбегі де жоғары бағаланды. Ол КСРО халық ағарту ісінің үздігі, ол Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, ол кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі, «Халықтар Достығы» орденінің, екі мәрте «Құрмет Белгісі» орденінің иегері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі бірдей Құрмет грамотасымен наградталған.


жүктеу 4,05 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау