3. Шаңырақ шуағы
Жәкеңнің әкесі Ғазиз Ізтілеуұлы облыс жұртшылығына белгілі азамат еді. Өз заманының көзі ашық, оқыған адамдарының бірі болды. Алдымен бес сыныптық оқу бітіріп, кейін Орынбор қаласында төрт жыл жұмысшы факультетінде оқып, 1931 жылы елге оралып, ұстаздық етті. Ұзақ жылдар бойы Боровской, Көктерек, Басағаш мектептерінде жас жеткіншектерге тәлім-тәрбие берді. Оның шәкірттерінің бірі – Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Оразалы Қозыбаев ағамыз ұстазының ұлағатын жиі айтып отырушы еді.
Ғазиз Ізтілеуұлы Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов сияқты ұлы Ыбырай жолын қуған көрнекті педагогтардың бірі бола білді. Анасы Жәкен Қожахметқызы да ел есінде қалған дана адам болды.
Баласы Жақсылықтың үйінде облыстық “Большевиктік жол” газетінің 1940 жылы 24 қазанда шыққан саны сақталыпты. Онда облыстық “Құрмет тақтасына” Басағаш орталау мектебінің оқытушысы осы Ғазиз ағамыздың жазылғаны туралы дерек бар.
Ал 1942-43 жылдары ол арнайы бронь арқылы елде қалып, Меңдіқара аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, Долбушин МТС-ы саяси бөлімі бастығының орынбасары, ал 1943-1956 жылдары Қарабалық, Федоров, Әулиекөл, Торғай аудандарында Ішкі істер министрлігі қарамағында абыройлы қызмет атқарып, орден-медальдармен марапатталады. Өзінің төрт ұлы мен үш қызына келісті тәрбие беріп, бәрінің де жоғары білім алуына жағдай жасайды. Құдайға шүкір, сол балаларының бәрі де абыройлы азаматтар.
– Ең үлкен апам Сақыпжамал жездеміз Әуесханмен Науырзым ауданында тұрады, балалы-шағалы, Алтын алқа иегері, ағам Сәбит 40 жылдан астам Ұзынкөл ауданында дәріхана меңгерушісі болды, қазір зейнеткер, Сәния мен Сәуле атты екі қарындасым да көп құрметтісі, інім Марат осы Қостанайда, ең кіші ініміз Мұрат Астана қаласында жұмыста, – дейді Жақсылық өз бауырлары туралы.
Ал енді ағамыздың өз отбасына келсек, студент кезінде Новосибирск қаласында қосылған жары Осила Кенжалиева екеуі бір ұл, бір қыз өсірді. Жеңгеміз де сол институт түлегі, 1965 жылы диплом қорғау алдында қосылған жұп өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көріп келеді. Бұл күндері ұлдан бес немере, қыздан екі жиен көріп, солардың қуанышына бөленіп отырған ата-әже. Ұлдары Еркін әке жолын қуып, жол институтын бітіріп, сол саланың тіршілігіне араласты, ал қыздары Раушан ата салған сүрлеумен ішкі істер органына келді, бүгіндер Астанада қызмет істейді, полковник.
Бүгінде жетпіс атты желмая жасқа келіп отырған Жақсылық атты жақсы ағаның өмір жолы, еңбекке көзқарасы, жалпы азаматтық ұстанымы мен ізгілік-ізденісі әркімге де үлгі болғандай. Соның бір жарқын көрінісіндей Ізтілеуов есімі Москвадан шыққан “ТМД елдерінің автомобиль жолдары” энциклопедиясына енгізілген.
Өмірдің нәзік қылы
Немесе баланың әкеге деген сағынышы хақындағы хикая
Облыстық "Қостанай таңы" газетінің өткен айдағы сандарында отставкадағы подполковник, бүгіндер Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Құқық институтының аға оқытушысы Ғалихан Мәулетов екеуіміздің "Қайран, Би-аға" атты мақаламыз жарияланды. Онда 37-інің ойранында "халық жауы" деп айдар тағылып, нақақтан жа-заланып, атылған халқымыздың біртуар перзенті, қазақ әдебиеті мен журналистикасының көшбасшысы, қоғам қайраткері Бейімбет Майлиннің аянышты тағдыры, оның өмірінің қиналыспен өткен соңғы күндері туралы баяндадық. Мақаланы жазу барысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында сақталған, бұрын-соңды құпия болып келген кейбір құжаттармен таныстық. Газетке кейбір тарихи суреттерді де жарияладық.
Сол жазбаларымыздың жарияланып жатқан күндері газет оқырмандарының бірі – Қостанайда тұратын зейнеткер Шәміл Төлебаев ағамыз үйге телефон соқты.
– Би-ағаң туралы жазғандарыңызды оқып жатырмын. Сонда жарияланған бір сурет ішінен мен өзімнің әкемді танып тұрмын, – деп толқыды Шәкең.
– Мүмкін, – дедім мен, – ертең редакцияға келіңіз, қолда бар мәліметтерімізді салыстырып көрейік.
Айтқандай-ақ ертеңіне ертелетіп ағамыз да жетті. Газетте шыққан суретті үлкейтіп алыпты және әкесінің отбасында сақталған суретін де ала келіпті. Бір топ адамдар бейнеленген суреттің ортасында Би-ағаң, үшінші қатарда түре келіп тұрған солдан санағанда екінші адам, Шәкеңнің айтуынша, оның әкесі Төлебай Бижанов.
Суреттердегі ұқсастық айқын. Ал енді Төлебай Бижановтың кезінде ауыл-село тілшісі болып, газеттерге мақала жазып тұрғаны бар. Кейін 1937 жылы негізін осы Би-ағаңдар салған "Ауылдың" жалғасы "Большевиктік жол" газеті редакциясында аз-кем қызмет те істепті.
Шәміл Бижанов газеттің 9 тамыздағы санында жарияланған Қазақстан пролетариат жазушыларының 32 жылы өткен I съезінің делегаттары суретінен де әкесінің бейнесін таныпты. Көп адамдардың ішінде артынан санағанда екінші қатарында басына фуражка киген жас жігіт тұр. Киім киісі суреттегі өзге жазушыларға ұқсамайды. Бәлкім, қаламының ебі бар жасты жазушылар съезіне қонақ ретінде шақырған болар. Оған сол Би-ағаңның ықпалы болған жоқ па екен деген ой келеді. Мұндай ойға жетелейтін тағы бір болжам бар. Ол кезде Би-ағаң туған Ақтөбе ауылы да Семиозер ауданына қарайтын. Төлебайды ұлы жазушы бұрыннан да білуі мүмкін. Ол кезде некен-саяқ сауатты жастардың бірі ретінде Би-ағаң Төлебайды іш тартуы ғажап емес. Және кезіндегі "Большевиктік жол" газетіне қызметке тұруына да Майлиннің ықпалы болғандай. Олай дейтініміз Бейімбет Майлинді 1937 жылы 6 қазанда "халық жауы" деп айыптап, абақтыға жапқан күннен кейін "Большевиктік жол" газетінің сол кездегі редакторы Елемісов Бижановты жұмыстан шығару туралы бұйрық жазады. Бұдан шығатын қорытынды Төлебай Бижанов Би-ағаңды білген, араласқан, соның қамқорлығын көрген. Әйтпесе, ұлы жазушыны қамаған күннен бір ай өтер-өтпестен кеше ғана өзі жұмысқа алған жас жігітті қаңғытып жібермес еді.
Енді осы Төкең туралы бірер сөз.
2002 жылы облыстық газеттің алғашқы санының шыға бастағанына 80 жыл толуына орай 1937 жылғы мұрағат материалдарымен, сол кездегі "Большевиктік жол" атанған газетіміздің тігінділерімен танысқанда алдымыздан Төлебай Бижанов есімі бірнеше рет шықты. Газеттің сол кездергі сандарында Семиозер ауданынан ол жазған хабар-ошарлар жиі жарияланыпты.Көбінесе Ноғайкөл ауылдық кеңесінен хат жолдаған. Қолдағы деректерге қарасақ, Төлебай Бижанов сол Ноғайкөл селолық кеңесінің хатшысы болған.
Төкеңнің қаламынан шыққан материалдың дені сол кездегі ел тынысын, саяси ахуалды аңғартады. Оны мақалалардың тақырыптары да айғақтап тұрғандай. Көбіне-көп ауыл тілшісі колхоз құрылысындағы, жалпы ел өміріндегі кемшіліктерді тілге тиек етіпті. Мақала тақырыптары "Қамсыз отырған колхоздар", "Колхозда есеп жұмысы нашар", "Қызыл бұрыш, кітапхана жұмыстарына көңіл бөлінбей отыр", "Семиозер басшыларының есінде жоқ жұмыс", "Бейқам оқу бөлімі", "Салықтарын төлемей отыр", "Жауапсыздыққа салынған ферма бастығы", "Еңбек ақыны бермейді", "Финанс бөлімі не бітіріп отыр?" – осылайша жалғасып кете береді. Төкеңнің жазған сол мақалаларында жауапты адамдардың аты-жөні аталып, олардың жұмысындағы кемшілікгер әшкереленеді,
Енді "Большевиктік жол" газеті редакциясы бойынша 1937 жылғы 7 қазандағы бұйрықты келтірейік:
"Приказ № 63
Б.Ж. редакциясы 7/х-37ж.
§4
Бижанов 1 октябрьден бастап әдебиет қызметшісіне тағайындалсын.
Еңбек ақысы – 350 сом.
Редактор Елемісов".
Шамасы, сол кездегі тәжірибеге енген дәстүр бойынша қолынан жазу-сызу келетін ауылдық тілшіні газет редакциясы аппаратқа шақырып, қызметке алған. Енді Бижанов облыс аудандарынан да хабар-ошар жаза бастапты. Таран ауданында болып комсомол жұмысы жайлы жазыпты.
Бірақ әдебиет қызметшісі Төлебай Бижановтың редакциядағы қызметі ұзаққа бармаған. Редактор Елемісов Бижановты қызметке алған соң арада бір ай он екі күн өткенде екінші бұйрық шығарыпты. Онда былай делінген:
"Приказ № 65.
"Большевиктік жол" газетінің редакциясы. 19.ХІ.-1937 ж.
Бижанов өзінің табын жасырып (қажының баласы) комсомол ұйымын, редакцияны алдап келгені ашылып, 17 ноябрьде комсомол қатарынан шығарылды, комсомол ұйымының осы қаулысына байланысты Бижановтың табы жат болғандықтан енді партия баспасөзінің аппаратында істеуге болмайды.
Сондықтан 17-ші ноябрьден бастап қызметтен және Б.Ж. тілшілік қатарынан шығарылсын. Редактор Елемісов."
Сөйтіп, редакцияның әдеби қызметкері Төлебай Бижановтың тағдыры осылайша шешіледі. Бар жазығы – әкесінің қажы болғандығы, ұлы көсемнің өзі "Баласы әкесі үшін жауап бермейді" деген шақтың өзінде "табы жат" болып шыға келеді.
Ал енді сол кездегі ахуалды білетін адам Төкеңнің басына бұлт үйірілгенін бірден аңғарса керек. Ал "Большевиктік жолдың" тілшісінің шыққан тегін "анықтап", тиісті орындарға домалақ арыздар боратқандар сол Төкеңнің сын мақалаларының кейіпкерлері екені айдан анық.
...Содан редакцияға сол Төлебай ағамыздан қалған жалғыз ұрпақ, 1935 жылдың желтоқсан айында туған ұлы Шәміл Төлебаев келді. Мұның алдында газетте "Ауылдан" бастап күні бүгінге дейін қызмет істеген журналистердің тізімі жарияланған-ды. Сол тізім ішінен өз әкесінің аты-жөнін кездестіре алмапты. Және ол әкесінің "Большевиктік жол" газетінде аз да болса қызмет істегенін біреулер арқылы біледі, үй-ішінде ешбір дерек сақталмаған. Тек көнекөз қариялардың:
– Сенің әкең кезінде облыстық газеттің тілшісі болған, – деген әңгімесі ғана бар. Және Төлебай Бижанов редакциядан жұмыстан қуылған соң көп ұзамай қайтыс болады. Неден қайтыс болды, ауруы не еді – оны да бала білмейді. Тек аяқ астынан қатты дертке ұшыраған Төлебайға Қазан қаласында операция жасайды. Қиналған сәтте басын сүйеп, аузына су тамызып, Төкеңнің ағасы Тілеуімбет отырады. Тілеуімбет кезінде атақты шопан болады, Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатысып, талай марапатқа ие болған жан. Ол кісі де Төлеубайға төтеннен жабысқан сырқаттың сырын анық айта алмайды. "Қастандық болған жоқ па?" деген ой осы күнге дейін сейілмепті. Әрине, 37-жылдың ойранын жақсы білетін жандар үшін мұндай күдіктің негізі де бар.
Міне, осындай болжамдар мен қолдағы деректер газетте жарияланған суреттер ішінде Төлебай Бижановтың да бейнесі бар екенін айғақтағандай, Оның үстінде Төкеңнен қалған жалғыз тұяқ Шәмілдің де жүрегі оны сезеді. Жеке түскен сурет пен көпшілік ортасындағы көмескілене бастаған бейнеде де ұқсастықтар аз емес.
Ал енді Шәмілдің қолында сақталған әкенің жалғыз суретінің тағдыры да қызық. Төлебайдың туған апасы Бітия мен жездесі Нұрғали Базарбаевтар 1932 жылғы аштықтан жан сауғалап Башқұртстанға көшеді. Төлебай алыс-тағы апа-жездесіне осы суретін ескерткішке салып жібереді. 1986 жылы осы Қостанайда қайтыс болған Бітия апай інісінің олар тұрып жатқан елді мекеннің адресін қайдан алғанына өле-өлгенше қайран қалып өтіпті. Сол сурет енді Төлебайдан қалған жалғыз тұяқ Шәміл шаңырағында сақтаулы.
Қандай да болмасын іске мұқият Шәкең сол суретті көбейтіп, ең бір қимасындай сақтап келеді. Әке бейнесі есінде жоқ. Тек Қазанда жерленгенін біледі. Ондағы ресми орындармен талай хабарласты, арманы – әке басына барып, зиярат ету. Бірақ жетпіс жылға жуық уақыт өткенде іргетасы қалан-ғанына мың жыл толған Қазан сияқты іргелі шаһардың қай бейітінен іздейді. Мамандар да кесіп айта алмайды.
Құдайға шүкір, әке қайтыс болғанда бір жастан жаңа асқан Шәміл ағамыз бүгіндер үлкен әулеттің отағасысы. Бала жастан бірге өсіп, қол ұстасып бірге жүрген қосағы Күлдірайхан екеуі жеті баласын өсіріп, айтулы азамат етті. Үлкендері Сақыпжамал – бухгалтер, нотариус, оның жолдасы Серік биз-неспен айналысады. Серігі – шағын және орта бизнес орталығында істейді, оның келіншегі Роза кішкене көбелегін бағып отыр, Берігі – кеденші, Райгүлі сәбиін күтіп отыр, Ерігі – облыстық әкімдікте бас маман, оның жұбайы Раушан да нәресте күтімімен үйде, Жәлелі – полиция подполковнигі, оның Әлиясы – мұғалім, Мәлігі – кеденші, оның Жансаясы бөпесін әлдилеп отыр, кенжелері Тілек – ауыл шаруашылығы аумақтық басқармасында бас маман, келіншегі – Әлия банк қызметкері.
Шәкең мен Күлдірайхан – зейнеткерлер, өсіп-өнген ұрпағының ортасында он үш немересін кезектесе еркелетіп жүріп жатқан жайы бар.
Мен Шәкеңнің үлкен отбасын, оның ұл-қыздары, күйеу балалары мен келіндерін әдейі тәптіштеп жазып отырмын. Өйткені әке алыс жерде қайтыс болғанда аумалы-төкпелі заманда туып, бір жарым жаста қалған ұл бір әулеттің өмір қылын үзбей сақтап қалды, ұрпақ жалғасты, Төкең сияқты арманда кеткен абзал ағамыздың аты өшкен жоқ.
Орнында бар оңалар
немесе өркен жайған бір әулет туралы әңгіме
1. Атадана қалған бір тұяқ
Әке қайтыс болғанда артында қалған жалғыз ұл бар болғаны үш жаста ғана еді. Сол Шәмел ағамыз бүгіндер ақсақалдық белеске жетті, жақында жетпіс бес жасқа толды, үйленіп, отау тіккеніне де елу жылдың жүзі болыпты. Құдайға шүкір, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған мәуелі бәйтерек, құдай қосқан қосағы Күлдірайхан жеңгеймен бірге қол ұстасып, өмір-дарияда бірге жүзіп келеді.
Шәкең кезінде өзі туып-өскен Әулиекөл ауданында еңбек етті, автомобиль жүргізді, милицияның учаскелік өкілі болды, құрылыс учаскесінде қойма меңгерушісі міндетін ұзақ жылдар бойы жемісті атқарды.
Шәмел Төлебаев ағамыз ер жетіп, дүние парқын ұққаннан бері дүдәмал жағдайда Қостанайдан қашық Қазан қаласының ауруханасында қайтыс болған әке дерегін іздеумен келеді. Көнекөз қариялар бала Шәмелге әкесі ту-ралы айтқанда оның кезінде облыстық "Большевиктік жол" газетінде қызмет істегенін еске салушы еді. Сондықтан да болар Шәкең облыстық мұрағатта тапжылмай отырып, облыстық газеттің сол жылдары шыққан нөмірлерін парақтады. Семиозер ауданы Ноғайкөл ауылдық кеңесінен Төлебай Бижанов жазған әртүрлі тақырыптағы хабар-ошарлар мен мұндалап шыға келді. Бала әке бейнесімен осылайша газет арқылы беттесті.
Газетте жарияланған әкесінің сол мақалаларының көшірмелерін алып, Шәмел Төлебайұлының осы "Қостанай таңы" газеті редакциясына (бұрынғы "Большевиктік жол") келгені де есімізде. Мақаланың тақырыптары сонда өзіне ерекше назар аудартып еді. "Қамсыз отырған колхоздар", "Колхозда есеп жұмысы нашар", "Қызыл бұрыш, кітапхана жұмыстарына көңіл бөлінбей отыр", "Семиозер басшыларының есінде жоқ жұмыс", "Бейқам оқу бөлімі", "Салықтарын төлемей отыр", "Жауапсыздыққа салынған ферма бастығы", "Финанс бөлімі не бітіріп отыр?" – осылайша жалғаса береді. Туындылардың тақырыбы айтып тұрғандай, бәрі де сынға құрылған дүниелер, жауапты адамдардың аты-жөні аталып, олар сын садағына алынған.
Сол мұрағаттан бала әкесінің "Большевиктік жол" газетіне қызметке алынғаны туралы бұйрықты да тапты. Редактор Елемісов қол қойған құжатта былай делінген "Бұйрық № 63.7/Х-37ж. § 4. Бижанов 1 октябрьден бастап әдебиет қызметшісіне тағайындалсын. Еңбек ақысы 350 сом".
Шамасы, газет редакциясы өзінің белсенді қоғамдық тілшісін редакция аппаратына шақырып, қызметке алған. Бұрын тек Семиозер ауданынан жазып жүрген ол енді бөтен аудандардан да жаза бастайды.
Бірақ Төлебай Бижановтың журналистік қызметі ұзаққа бармайды. Сол редактор Елемісов Төлебайды қызметке алғаннан кейін бір ай он екі күн дегенде басқаша бұйрық жазады. Онда былай делінген: "Бұйрық № 65. 19.ХІ.1937ж. Бижанов өзінің табын жасырып (қажының баласы) комсомол ұйымың редакцияны алдап келгені ашылып, 17 ноябрьде комсомол қатарынан шығарылды, комсомол ұйымының осы қаулысына байланысты Бижановтың табы жат болғандықтан енді партия баспасөзінің аппаратында қызмет істеуіне болмайды.
Сондықтан 17-ші ноябрьден бастап қызметтен және Б.Ж. тілшілік қатарынан шьғарылсын".
Білдей "Большевиктік жол" газетінің қызметкері Бижановтың тағдыры осылайша шешіледі.
Иә, бұл аты-шулы 37 жыл еді. Соның алдында кезінде "Ауыл" газетінің бастауында тұрған Бейімбет Майлин "халық жауы" кейпін киіп, тұтқындалған-ды. Қырағы тергеушілер Би-ағаның айналасындағы адамдарды да жай қалдырмағаны анық. Сондай бір тексерісте жолдары түйіскен Төлебай есімі де алдан шығуы ғажап емес қой. Оның үстіне басың бар, көзің бар демей төтесінен тартып, сын садағын қадаған жандар да тып-тыныш жатпағаны анық.
Араға аз-кем уақыт салып Төлебай қатты науқастанып, алыстағы Қазан қаласына барып емделеді. Сонда операция үстінде ауруханада қайтыс болады. Елден бірге барған ағасы Тілеуімбет сол Қазандағы мұсылман зиратына өз қолымен арулап қояды.
Артында қалған жалғыз тұяқ Шәмел ағамыздың әке қабірін іздеп, сол Қазанға талай барғанын да білеміз. Өткен жылы да қасына екі ұлын алып, алыс сапарға шықты. Туған жерінен топырақ алып барады. Арада жетпіс жылдан астам уақыт өтсе де әке дерегін сол Қазан қаласының мұрағаттарынан тапты. Бірақ қабірін дәл анықтау мүмкін емес еді, әйтеуір мұсылмандар зиратында екені белгілі, сол қастерлі жерге келіп, тағзым етіп, құран бағыштады, туған жердің бір уыс топырағын да сол зират басына септі.
Елге оралысымен ағайын-туғанның басын қосып ас берді, асыл жанның туғанына 100 жыл толуын осылайша атап өтті. Және кезінде Мекке-Мәдинаға жаяулап, жалпылап барып, қажылық парызын өтеген атасы Бижан қажыны да перзенттік махаббатпен еске алып, аруағына тағзым етті.
2. "Алты ұл туған ананы
ханым десе болады"
Біздің данышпан халқымыз осылай дейді. Бұл сөз маған осы Шәмел ағамыздың жұбайы Күлдірайхан жеңгейге арналып айтылғандай болады да тұрады.
Бала жастан достасып, серт байласқан жастар бұдан жарты ғасыр бұрын тұтанған махаббат отын сөндіріп алмай, қайта жылдар өткен сайын маздата түскендей. Отау құрған сәттен бастап еңбекпен етене болған Күлдірайхан үйдің де, түздің де шаруасын тындыра жүріп, өзінің бір қызы мен алты ұлына келісті тәрбие берді. Соларды жеткіземін деп әке де табыс көзін іздеп, шарқ ұрса, ана да бірде балабақшада, бірде құрылыс учаскесінде еңбек етті. Тетелес өскен ұлдары мен қызы бір-біріне көмектесіп, ата-аналары үйде жоқта мал қарап, үй жинады, үлкендері кішілерінің сабағына жәрдемдесті, отын жарып, су әкелді... Әйтеуір қаршадайынан еңбекке жақын болды.
Сол балапандар өсті, жетілді, ата-ананың өрісіне айналды. Қыз тұрмысқа шықты, ұлдар үйленді. Енді Шәмел мен Күлдірайханның құда-құдағиларының өзі талай рулы ел, біте қайнасып, бауыр басқан жұрт, той-домалақта бас қосып, барын ортаға салып жатқан мың жылдық жұрағат.
Отбасының тұңғышы, төлдерінің басы Сақыпжамал бүгіндер облыстық санитарлық-эпидемиологиялық мекемеде бас бухгалтер, алты інінің апасы, екі баланың анасы, ата-анасының ең басты көмекшісі және ақылшысы. Оның жұбайы Серік – кәсіпкер.
Ал ұлдардың үлкені Серік қозғалмайтын мүлік орталығында істейді, осы саланың жұрт таныған білгір маманы, салиқалы басшы, Берік – сақтандыру компаниясының менеджері, Ерік – мемлекеттік қызметші, Жәлел – ҚР Ішкі істер министрлігінде жауапты қызметте, полковник, Мәлік – кеден басқармасында офицер, Тілек – банк саласының білікті маманы. Бұл ағалы-інілердің бәрінің де жоғары білімі бар, бәрі дерлік екінші дипломға да ие болған. Жүзіктің көзінен өткен келісті де келбетті, іскер де тындырымды жандар, ата-аналарының мақтаныштары, "тіл-көзден сақтасын!" деп тілеу-лерін тілеп отырған тіректері.
"Келін қайын ененің топырағынан жаралады" деген аталы сөздің де осы шаңыраққа ерекше қатысы бар. Алты азаматқа серік болған алты ару да Күлдірайхан аналары сияқты кісіге жуық, іске орамды, мінезге бай, ұл-қызда-рын аялап отырған келісті жандар. Роза, Райгүл, Раушан, екі Әлия мен Жансая қосыла қалғанда қыр төсінде құлпырған гүлдей төңіректі әсем реңге бөлейді, көңілге қуаныш ұялайды, ата-ана да арыстарына жар болған нәзік жандарды айналып, толғанып, тәубе деседі. Сол келіндерден туған он алты немере де шаңырақтың шуағы, ата-әженің көз қуанышы, елінің болашағы.
...Атадан қалған жалғыз тұяқ Шәмел ағамыз өсіп, жетіліп, әке шаңырағын құлатпай, тіршіліктің нәзік қылын жалғап, қара шаңырақты сәбилердің қуанышты күлкісіне толтырып, сол бүлдіршіндерінің азамат болғанын көрсе, енді олардың ұл-қыздарының ата-әже дәстүріне сай өріс жайып, өрге ұмтылып келе жатқанына шаттанады.
Бүгіндер ата-ана осы Қостанайда кіші баласы Тілек пен келіні Әлиямен бірге тұрады. Сол жастар алғашқы сәбилерін атасының атымен Бижан деп атапты. Бұл да ата-анадан алған өнегенің бір парасы болса керек...
3. "Өмірге менің өкпем жоқ"
Бұл сөздерді бүгіндер Шәмел аға жиі айтады. Тағдырдың бергеніне ризашылықпен айтады. Жас күнінде жетімдіктің, жоқшылықтың тауқыметін тартып, оқи алмағандығына налитын еді. Онысын түсінуге де болады. Сабаққа да алғыр еді. Сыныптас жолдастарына қараңызшы: Кенжеғали Сағадиев, Сағындық Сатыбалдин, Салық Молдахметов... Мүйізі қарағайдай академик-ғалымдар, қайраткер тұлғалар, қайталанбас журналист-жазушы, қазақтың мақтаныштары, туған топырақтың тұлғалары. Солар сияқты білім іздеп ғылым қуып, қатарларымен бірге Алматыға аттанғанда Шәкең де талай шыңға шығар еді, талай лауазымды қызметтер де атқарар еді.
– Бірақ, – дейді ағамыз, – онда мен Күлдірайханға кездесем бе, жоқ па? Онда маған тағдыр бүгінгідей алты ұл мен алтын қызды бере ме, бермей ме? Қазір осынау ұрпағымның ортасында әкемнің өмірінің жалғасы болып, соның қара шаңырағының отын сөндірмей, бір жағынан күнін, бір жағынан айын тудырып, "тәубе" десіп отырғаныма не жетеді!
Өміріме менің өкпем жоқ.
Шәкеңнің әкесі Төлебай Қазан қаласында қайтыс болғанда бауырының басын сүйеп, аузына су тамызып отырған Тілеуімбет ағасы кезінде озат шопан болған, Одақтың астанасы Мәскеуде, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, оның алтын медалімен марапатталған еңбеккер екен. Өз дәуірінің көзі ашық, көкірегі ояу жандардың бірі болыпты. Құдай оған он үш ұл беріпті, осынша ұрпақ сыйлаған сол жаратқан сол перзенттердің бірін де қалдырмай қайта алыпты. Қайғы жұтқан сол ағаның үйінде де бір естен кетпес той болыпты. Оны жасаған да осы Шәмелдің өзі екен. Күлдірайхан екеуі үйленгенде тойды осы Тілеуімбет ағасының шаңырағында жасап, келінді осында түсіреді. Он үш ұлының қайғысынан шөгіп қалған шалың қайта сілкініп, қыр қыранындай еңсе көтеріп, келініне ағыл да тегіл батасын береді. Сол тілектің Жаратқан иеге жеткені болар, жас отауға қыдыр-құт қонады, береке-бақыт дариды.
Сондай бақыт-берекеге лайықты, Құдайдан сұраған, кісі ақысын жемегең ала жіпті аттамаған, ешкімге қатты сөз айтып, даттамаған, ешкімді ғайбаттап, өсек-аяңға берілмеген, ақырын жүріп, анық басқан аға-жеңгеміз жарты ғасыр жарасып, заманға сай ұрпақ өсіріп, өркені өсіп, ортамызда бейқуат жүріп жатыр. Жеңгеміздің омырауға таққан "Алтын алқасы" ағамыздың үлкен-кішіден алған ақ алғысы, жарасты отбасында өсіп-өнген ұрпақтың ұлағатты ісі мен жарқын болашағы бар.
Тәуелсіз еліміздің құт қонған бір шаңырағының бүгінгі шырайлы тіршілігінің болмыс-бітімі осындай. Сол үрдіс жалғасын тауып, әрбір отбасы осындай қуаныш-шаттыққа кенеле берсін, ағайын!
Нағыз полковник
Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері
Сәлім Қайыров өмірінің кейбір қырлары
Түнгі оқиға
1989 жылдың желтоқсаны. Күн суық, жел. Әлсін-әлсін жаяу борасын көтеріледі. Жақында ғана Орал облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалған Сәлім Қайыров күн жексенбі болса да кезекшілікте отырған. Милицияның өз тәртібі бар. Демалыс, мереке күндері де оларға тыным жоқ. Облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасарлары да кезектесіп кезекшілікке шығады. Облыс көлемінде болып жатқан үлкенді-кішілі қылмыс атаулыдан олар хабардар болып, оны ашу үшін, қылмыскерлерді ізін суытпай ұстау үшін жедел шаралар қолданады.
Бірақ бүгін тып-тыныш. Сәлім Қажыболұлы жұмыс бөлмесінде қызметкерлердің жеке парақшаларымен танысып отырған. Бұл жаңа келген адамға жеке құрамды толығырақ білу үшін керек. Олардың отбасын, білімін, тәжірибесін алдындағы қағаздар да жайып салғандай еді. Және облыстық ішкі істер басқармасының бастығы генерал-майор Владимир Шумов кезекті еңбек демалысына кеткен. Енді барлық жауапкершілік өзіне қалғандай еді.
Кенет телефон безілдеп қоя берді. Қалалық “Строитель” шағын ауданында екі әйелге қастандық шабуыл жасалып, тоналған. Әйелдердің қолдары мен құлақтарындағы алтын сақина мен сырғаларын жұлып алған. Әйелдерді соққыға жыққан. Қарсыласқан бір келіншектің құлағындағы алтын сырғасын жұлқи тартқанда құлақ еті де бірге кеткен.
Қылмыс жасағандар екеу. Жәбірленушілердің айтуынша, біреуі ұзын бойлы, славян тектес жігіт, екіншісі дембелше, ботқа бет, қисық аяқ қазақ. Қолдарында сол кездері модаға кірген балетка. Келіншектерді шолақ мылтықпен қорқытқан.
Подполковник Қайыров бірден іске кірісті. Дабыл қағылды. Қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы подполковник Асылбек Жаманбаевты тауып алып, дереу із кесуді тапсырды.
Арада көп уақыт өтпей-ақ телефон қайта безек қақты. № 21 мектеп ауласында тағы да екі студент қызды тонап, зорлап кеткен. Олардың да алтын бұйымдарын алған.
Сөз жоқ, бұл екі қылмысты да бір адамдар жасаған. Олардың қаныпезер қылмыскерлер екені айдай анық. Түнгі қарақшыларды қазір ұстамаса, алда тағы қандай қылмыстар жасарын айтудың өзі қорқынышты.
Сәлім Қажыболұлы Рязань қаласындағы милицияның жоғары мектебін, кейін КСРО Ішкі істер министрлігі жанындағы академияны бітірген, Жітіқара қаласында орналасқан еңбекпен түзеу мекемесінде бастықтың орынбасары, бірінші орынбасары, бастық болып істеген кәнігі сақшы еді. Түрмеге түскен, онда жазасын өтеп жатқан жандар психологиясын да жақсы білетін. Қылмыскерлердің бұрын сотталған, әккі жандар екенін бірден сезді. Шолақ мылтықтары бар. Сақ болмаса болмайды.
Енді бүкіл операцияға басшылық жасауды өз қолына алды. Жедел топ құрып, жәбірленген студент қыздармен жүздесті. Олардың айтуынша, қылмыскерлердің біреуі сағатына қарап, қызды зорлап жатқан серігіне жекіріп, оны асықтырыпты. “Қазір поезд кетеді, ышқырыңды байла да, соңыма ер, сүмелек” деп әкіреңдепті.
Подполковник Қайыров бірден түсінді. Қылмыскерлерді вокзалдан іздеу керек. Бірақ бұл жер тым қауіпті, абыр-сабыр халық, жаза бассаң, қанішерлердің шолақ мылтықтан оқ атуы әбден мүмкін. Бірақ басқа амал жоқ, сәл кешіксең – қылмыскерлер поезға отырып, құтылып кетеді. Содан кейін іздеп көр оны.
Қайыров бірден вокзалға тартты. Үстінде подполковник формасы. Жолай әріптестеріне өзінің қайда болатынын рация арқылы хабарлады. Темір жол вокзалына келіп, таяуда аттанатын поезд кестесін қарап, екінші қабаттағы кафетерийге көтерілді. Міне ғажап, іздеген екі қылмыскер стол басында отыр. Алдарында жеңіл желпі тағам, бөтелке де тұр. Енді не істеу керек, подполковник бірден буфетшіге келіп, тағамға тапсырыс берді. Екі қылмыскер естісін деп әдейі:
– Қол жуатын жер бар ма? – деп сұрады. Буфетші көрсеткен жерге барып, қолын жуып, сырт киімін шешіп, енді столға жайғаспақ еді. Көзі екі қарақшы отырған стол астындағы жәбірленушілер айтқан балеткаға түсті. Ішінде оқтаулы шолақ мылтық бар екені анық. Әріптестеріне хабарлап жатуға уақыт жоқ. Және милиция формасындағы адамның әр қимылынан қылмыскерлер де секем алды ма, бірі ұзын, бірі қысқа екі қылмыскер жедел тұрып, төмен қарай асыға басып кетіп бара жатты. Бірінші қабатқа түссе болды, ығы-жығы халықтың ішіне кіріп ізін жасырып үлгірмек.
Подполковник көзді ашып-жұмғанша жанынан өте берген екеуінің жағасынан алып, бастарын қабырғаға қақырата соқты. Бірінің қолындағы балетка сарт етіп жерге түсіп кетті, оны оң аяқпен теуіп, бұрышқа жіберді. Рязань жоғары мектебінде, ішкі істер академиясында алған жекпе-жек тәсілдерінің осы жерде пайдасы тиді. Және ойламаған жерден жасалған шалт қимыл екі қылмыскерді де бірден есеңкіретіп тастады. Олар есін жиғанша Сәлімнің серіктері де келіп, екі қылмыскердің де қолдарына бұғау салды.
Сөмкені ашып қараса, оқтаулы шолақ мылтық жатыр. Әйелдердің алтын бұйымдары да сау етіп шыға келді.
Ілезде жеткен жәбірленушілер де қылмыскерлерді жаза баспай таныды. Ұзын бойлы қылмыскер подполковникке қарап:
“Бүгін сенің күнің туды, кафеге кіріп келгенде-ақ сезіп едім, соңыма түскен сақшы екеніңді, әттең қапыда қалдым»... – деп тісін қайрады.
Бұл екеуі соңғы кездері бүкіл Қазақстанды дүрліктірген, талай қылмыстар жасаған, бұрын сотталған, әккі қылмыскерлер болып шықты.
Осы операцияны басқарып, сәтті өткізгені үшін, әккі қылмыскерлерді жедел ұстап, ержүректік пен батылдық көрсеткені үшін подполковник Қайыровқа “КСРО Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері” құрметті атағы, кейіннен полковник шені берілді.
Достарыңызбен бөлісу: |