2.2 Шаруашылық салаларын орналастырудың негізгі теориялары
Шаруашылықты орналастырудың теориялық концепцияларын қалыптастырудың басталуын әдетте 1826 жылы неміс ғалымы Й.Тюненнің «Оқшауланған мемлекеттің өзінің ауыл шаруашылығы мен ұлттық экономикаға қатысында» атты кітабының жарық көруімен байланыстырады. Осы іргелі еңбек ауыл шаруашылығы өндірісін орналастырудың жалпы заңдылықтарын анықтауға арналған болатын.
Й.Тюнен осының шеңберінде орталық қала – ауыл шаруашылығы өнімдерін сатудың және елді өнеркәсіп тауарларымен қамтамасыз етудің жалғыз ғана нарығы бар абстрактылы, қалған әлемнен экономикалық тұрғыдан оқшауланған мемлекетті қарастырады.
Кеңістіктің кез келген нүктесінде әрбір өнімнің бағасы оның қаладағы бағасынан жүктің салмағына және оны тасымалдау қашықтығына орай теңдестірілген күйде қабылданатын көлік шығындарының мөлшеріне байланысты өзгеше келеді. Осы қағиданың негізінде Й.Тюнен ауыл шаруашылығы өндірісін орналастырудың оңтайлы сұлбасы – бұл ауыл шаруашылығының әртүрлі мамандану аймақтары болып табылатын, орталық қаланың маңындағы, әртүрлі диаметрдегі шоғырланған белгілеулер жүйесі екендігін дәлелдейді. Өнімділік неғұрлым жоғары болса, тиісті өндіріс қалаға солғұрлым жақынырақ орналасуға, ал енді қандай да бір өнім салмақ бірлігіне шаққанда неғұрлым қымбатырақ болса, оны қаладан соғұрлым алысырақ орналасту мақсатқа лайықты, ақылға сыйымды. Осыдан келіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің қарқындылығы қаладан қашықтаған сайын төмендей беруге тиісті екендігі келіп шығады.
Өзге неміс ғалымы В.Лаунхард жеке өнеркәсіп кәсіпорнының шикізат көздеріне және өнімді сату нарықтарына қатысты оңтайлы орналастырылуын зерттеді (1882). Й.Тюнендегі секілді, В.Лаунхардта өндірісті орналастырудың шешуші факторы болып көлік шығындары табылады. Өндірістік шығындар зерттеліп отырған аумақтың барлық нүктелері үшін тең етіп қабылданады. Кәсіпорынды оңтайлы орналастыру орны тасымалданатын жүктердің салмағына және қашықтыққа байланысты болады.
Өндірісті орналастыру теориясына неміс экономисі А.Вебер үлкен үлес қосты. Өзінің 1909 жылы жарияланған «Өнеркәсіпті орналастыру туралы: штандорттың таза теориясы» атты жұмысында ол, одан бетер ортақ оңтайландыру міндетін: тек көлік шығындарын ғана емес, өндірістің жалпы шығындарын төмендету (азайту) міндетін қоя отырып, көлік шығындарына қосымша, теориялық талдауға өндірісті орналастырудың жаңа факторларын енгізеді. А.Вебер өндірісті орналастыру факторларының олардың әсер етуі, ортақтық дәрежесі және көрініс табуы бойынша егжей-тегжейлі жіктемесін жасап шығарды. Орналастырудың негізгі факторы деп ол шаруашылық қызмет, іс-әрекет үшін оның орналасуына байланысты анықталатын экономикалық пайданы атайды. Бұл пайда белгілі бір өнеркәсіп өнімін өндіру және сату жөніндегі шығындарды қысқартудан тұрады және оны өндіру жөніндегі ең аз шығындары бар, өнімді жасаудың оңтайлы орнын таңдап алу мүмкіндігін білдіреді. А.Вебер штандортты факторлардың (орналастыру факторларының) үш тобын: көлікті, жұмыс күшін және ғалым мұны келесі «агломерациялық әсер» (яғни олардың орналастыру орнын таңдауға бірлесе әсер етуінен келетін әсер) түсінігіне синтездеген, кәсіпорынның орналастырылуына әсер ететін барлық қалған жағдайларды айшықтап талдайды.
В.Кристаллер елді мекендер жүйесінің (орталық орындардың) нарықтық кеңістіктегі функциялары мен орналастырылуы туралы теория жасап шығарды. Оның негізгі қағидалары 1933 жылы «Оңтүстік Германиядағы орталық орындар» кітабында жарияланды. Автор халықтың біртекті аумақта орналастырылуының бірқалыптылығы шартын негізге алды. Бұл жағдайда аумақ осында халық өнім сатып алуға келетін орталық қаланың өнім сату аймағы болып табылатын дұрыс алтыбұрыштарға бөлінеді(1-сурет). Өнім сатуды осылайша ұйымдастырған кезде сатып алушылардың сапар шегулерінің орташа қашықтықтарын минималдандыру қамтамасыз етіледі. В.Кристаллердің үлгісі орталық орындардың сатылы иерархиясын (шағын, орташа, ірі және аса ірі) қарастырады. Осыған сәйкес функциялардың әртүрлі дәрежедегі, әртүрлі шамадағы қызмет көрсету орталықтары бойынша дифференциациялануы жүріп отырады.
1-сурет. В.Кристаллердің теориясы бойынша қызмет көрсету аймақтарының және елді мекендердің орналастырылуы
Неміс ғалымы А.Лештың «Шаруашылықты кеңістікте орналастыру» атты негізгі еңбегі 1940 жылы шықты. В.Кристаллердің идеясына сүйене отырып, А.Леш фирмалар Кристаллердің (гексагональды) торының биігінде орналасуға және әр фирма «өзінің» дұрыс алтыбұрышының шеңберінде сатып алушыларға қызмет көрсетуге тиіс деген қорытындыға келді. Шағын деңгейден (жекелеген кәсіпорындар мен елді мекендерден) экономикалық аудандар құру мәселелеріне көше отырып, ол орналастыру теориясының аясын кеңейте түсті. А.Леш ілімінің шарықтау шыңы болып, кеңістіктік тепе-теңдіктің принциптік негіздерін жасап шығуы табылады.
А.Смит және Д.Рикардо сауда негізінде халықаралық аумақтық еңбек бөлінісін зерттеді. А.Смит қандай да бір ел, қандай да бір тауар өндіру үшін осыларға ие болып отыратын абсолюттік басымдылықтар теориясын алға тартты. Абсолюттік басымдықтар емес, елдердің халықаралық аумақтық еңбек бөлінісінде елдердің мамандануы кезінде дәл осылар негізгі болып табылады деп сендіре отырып, Д.Рикардо бұл теорияны салыстырмалы басымдықтармен толықтырды. Ол барлық тауарлар бойынша жоғарырақ өндірістік шығындарға ие болып отырған елдердің өзінің «шығындардың айырмасына ойнаудың» арқасында, мамандану мен алмасудан ұтысқа ие бола алатындығын дәлелдеп шықты.
Одан әрі швед ғалымдары Э.Хекшер мен Б.Олин, талдауға өндірістің негізгі өзара алмастырылатын факторларының (еңбектің, капиталдың, жердің және т.б.) арақатынасын енгізе отырып, А.Смит пен Д.Рикардоның теорияларын жетілдіре түсті. Олардың негізгі теориялық қағидалары келесілерге келіп саяды:
1) елдер өндірістің шамадан тыс (салыстырмалы түрде тапшы емес) факторларын қарқынды пайдаланатын өнімдерді сыртқа шығаруға және өздері үшін тапшы болып отырған факторларды қарқынды пайдаланатын өнімдерді енгізуге тиіс;
2) халықаралық саудада, тиісті жағдайлар кезінде, «факторлық бағалар» теңестірілу тенденциясы жүзеге асырылады;
3) тауарларды шығару мен енгізу өндіріс факторларының көшірілуімен алмастырылуы мүмкін.
Көп уақыт араға салып, В.Леонтьев «Хекшер-Олин теориясының» кемшіліктерін түзеп және оған кейбір өзгертулер жасады. Ол тауарларды шығару мен енгізудің мақсатқа лайықты құрылымын таңдап алу үшін, өндіріс саласындағы тікелей шығындардан өзге жанама – тұтынылатын шикізат пен материалдарға шоғырланған шығындарды да ескеру қажет екендігін анықтады. Бұл талдамалық міндетті В.Леонтьев салааралық баланс әдісінің негізінде жүзеге асырды, бұл ретте талдаудың негізгі бағыттарының бірі болып қолда бар ресурстар мен оларды пайдалану арасындағы теңдік идеясын көрсететін «шығындар – өндіру» үлгісі табылды.
В.Кристаллердің орталық орындар теориясын күшейте түскен және экономика ғылымының қазіргі заманға лайықтырақ жетістіктерін, жекелей алғанда, «шығындар – өндіру» әдісін қолданатын Ф.Перрудің «өсу полюстері» теориясы кең танымалдыққа ие болды. «Өсу полюстері» теориясы, көбіне Н.Н.Колосовскийдің өндірістік-аумақтық кешендер теориясымен үндес болып келеді.
«Өсу полюстері» теориясының негізінде экономика құрылымындағы жаңа тауарлар мен қызметтер құратын, көшбасшы салалардың жетекші рөлі туралы түсінік жатыр. Экономикалық кеңістіктің осында көшбасшы салалар орналастырылатын орталықтары мен ареалдары, олардың ең тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ететіндіктен, өндіріс факторларының тартылу полюстері бола бастайды. Осыдан барып кәсіпорындардың, экономикалық өсу полюстерінің қалыптасуына себепкер болатын, аумақтық шоғырлануы келіп те шығады.
Н.Д.Кондратьев 1922-1928 жылдары үлкен циклдар – әлемдік шаруашылық динамикасының ұзын толқындары және әртүрлі елдердің дамудың уақыттық шкаласындағы орны теориясын алға тартты. Одан әрі бұл теория дамуын тапты және қазірде салыстырмалы әлемдік шаруашылық зерттеулерінің жалпы қабылданған, мойындалған негізі болып қызмет етуде. Н.Д.Кондратьев «ұзын толқындарды» эндогенді, нарықтық шаруашылыққа іштей тән деп санады, бұл оның өзін-өзі реттеуіне алып келеді. Көтерілу және құлдырау фазалары осыларға бейімделгені жөн және оларды сыртқы әсер етулермен, әдетте, мемлекеттік реттеу әдістерімен түзеп отырған орынды болатын, дамудың заңды және күні бұрын болжанатын сатылары ретінде қарастырылады. Н.Д.Кондратьев бойынша, ұзын толқындардың ұзақтығы 40-50 жылға жетеді, бұл ретте нарықтық экономикасы бар елдердің көтерілу және құлдырау фазаларына енуі факторлардың тұтастай қатарына (елдің халықаралық аумақтық еңбек бөлінісіне тартылу дәрежесіне, салалық құрылымның әлемдік шаруашылық эволюциясының ең жақын тенденцияларына сәйкестігіне, ғылыми-техникалық прогрестің даму деңгейіне және оның жетістіктерін экономикаға енгізу дәрежесіне және т.с.) байланысты болып келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |