Омарова Лейла Ганиевна
Бастауыш сыныптарда математиканы оқыту үдерісінде
практикалық мазмұнды есептерді қолдану
танымдық қызығушылығын дамыту әдістемесі
әдістемелік көмекші құрал
Астана 2014
Құрастырған: Ақмола облысы Целиноград ауданы Қызылсуат ауылының №39 негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Омарова Лейла Ганиевна
Пікір бергендер: Ахтанова С.К. п.ғ.к., доцент Еуразия Ұлтық университеті
Сакенова А.К. Ақмола облысы Целиноград ауданы
Қызылсуат ауылы № 39 негізгі мектебінің директоры
Уздембекова А.К. Ақмола облысы Целиноград
ауданы Қызылсуат ауылы № 39 негізгі мектебінің
әдістемелік кеңестің төрайымы
Аталған әдістемелік нұсқауда мектептің бастауыш сынып оқушыларының қабілеттерін дамытудың жолдары көрсетілген. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, логикалық ойлау қабілеттерін дамытып, шығармашылыққа, алғырлыққа, зеректікке, тапқырлыққа баулиды.
Әдістемелік нұсқаулық бастауыш сынып мұғалімдеріне, жас мамандарға арналған.
Ақмола облысы Целиноград ауданы Қызылсуат ауылы № 39 негізгі мектебінің әдістемелік кеңесінде қорғалды.
№ 1 хаттама.24.09.2014ж.
Ақмола облысы Целиноград ауданы Қызыл суат ауылы № 39 негізгі мектебінің әдістемелік кеңестің төрайымы
Уздембекова Алтыншаш Кенесқызының бастауыш сыныптар мұғалімі Омарова Лейла Ганиевнаның «Бастауыш сыныптарда математиканы оқыту үдерісінде практикалық мазмұнды есептерді қолдану танымдық қызығушылығын дамыту әдістемесі» тақырыбындағы әдістемелік көмекші құралына
ПІКІР
Қазіргі кездегі бастауыш мектептің маңызды міндеттерінің бірі-баланың логикалық ойлауы мен шығармашылық қабілетін дамыту,ізденушілік дағдыларын қалыптастыру.Аталған міндеттерді шешуде математика пәнінің алатын орны ерекше. Бұның өзі математика сабақтарын оқушыларды ойлантатын,ізденімпаздыққа жетелейтін жаңашыл әдіс-тәсілдер арқылы жүргізу керектігін қажет етеді.
Аталған әдістемелік көмекші құрал оқушыларға логикалық ойлау қабілеттерін,ой-өрісін жетілдіреді,тапқырлыққа,қырағылыққа,ұқыптылыққа,сауаттылыққа,
ыждағаттылыққа баулиды.
Омарова Лейла Ганиевнаның «Бастауыш сыныптарда математиканы оқыту үдерісінде практикалық мазмұнды есептерді қолдану танымдық қызығушылығын дамыту әдістемесі» тақырыбындағы әдістемелік көмекші құралы оқушылардың танымдық қабілеттерін дамытып,пәнге деген қызығушылығын арттырады.
Ақмола облысы Целиноград ауданы
Қызыл суат ауылы
№ 39 негізгі мектебінің
әдістемелік кеңестің төрайымы: Уздембекова А.К.
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ....................................................................................................................3
1 ПРАКТИКАЛЫҚ МАЗМҰНДЫ ЕСЕПТЕР АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ
Практикалық мазмұнды есептер арқылы оқушылардың танымдық
қызығушылығын дамытудың психологиялық-педагогикалық негіздері..........7
1.2 Оқушылардың танымдық іс -әрекеттерін практикалық мазмұнды есептер арқылы арттыру..................................................................................................... 20
1.3 Бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын дамытуға қойылатын талаптар............................................................................................... 31
1.4 Бастауыш сынып математика оқулықтары мен оқу-әдістемелік
құралдарда практикалық мазмұнды есептер арқылы оқушылардың танымдық
қызығушылығын дамытудың жағдайы................................................................43
БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРДА МАТЕМАТИКАНЫ ОҚЫТУ ҮДЕРІСІНДЕ ПРАКТИКАЛЫҚ`МАЗМҰНДЫ ЕСЕПТЕРДІ ҚОЛДАНУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
2.1 Оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуға бағытталған практикалық мазмұнды есептерді іріктеу ............................................................63
2.2 Практикалық мазмұнды есептердің мәтінімен жұмыс істеу білігін қалыптастыру ..........................................................................................................83
2.3 Практикада мазмұнды есептерді қолдану ..................................................100
ҚОРЫТЫНДЫ ...................................................................................................103
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ………...................................106
КІРІСПЕ
Ғылым мен техниканың ұдайы өсуі қоғам өміріне мәнді өзгерістер әкеліп жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге жоғары талаптар қояды. Мұндай талаптар Қазақстан Республикасы жоғары білімінің мемлекеттік стандартында бекітілген. Олар «Қазақстан республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында», Қазақстан республикасының «Білім туралы» Заңында міндеттер түрінде нақтыланды. Атап айтқанда: «...жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту» [1, 6 б.].
Аталған міндеттерді жүзеге асыру мектептің бастауыш сатысынан басталады. Бұл жайында «жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысындағы білім мазмұнының тұжырымдамасында» бастауыш мектептің қызметі оның үздіксіз білім беру жүйесіндегі басқа буындармен тек сабақтас болуымен ғана емес, ең алдымен, оқушының тұлға ретінде қалыптасуы мен дамуы ерекше құнды, қайталанбайтын буын екендігімен анықталатындығы негізделген. Онда: «бастауыш саты оқушысының жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту мақсаты оқушы тұлғасын тәрбиелеуге бағдарланады... әр пән ғылыми білім элементтерін, ұғымдар жүйесін міндетті түрде қамтиды және танымдық, дамытушы рөлімен қоса пропедевтикалық та қызмет атқарады» делінген [2, 7 б.].
Оқу пәндерінің ішіндегі «математика» пәнінің алатын орны ерекше. Математика пәнінің мазмұны мазмұндық-логикалық есептер мен тапсырмалар жүйесінен тұрады, ол оқушының зейінін, қабылдауын, қиялын, есте сақтауын, логикалық ойлау элементтерін дамытуға бағытталады. Бұл пән оқушылардың танымдық, шығармашылық қабілеттерін, интеллектісін қалыптастырып дамытуды, математикалық тілдің элементтерін меңгертуді, «математикалық сауаттандыруды» басты мақсат етіп қояды [2, 13 б.].
Осы мақсатқа қол жеткізуде оқушылардың математикалық дайындығының үлесі мол. Оқушыларды математикадан терең және тиянақты білім, білік, дағдымен қаруландыру қоғамымыздың уақыт күттірмейтін талабы. Ондай талаптардың бірі - оқушылардың әрекеттерін есеп шығаруға бағыттау. Ал осы талаптарды орындаудың бірден бір жолы - практикалық мазмұнды есептер арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту.
Бастауыш сыныпта оқушылардың танымдық қызығушылығы тұрақты сипатқа ие бола бастайды, яғни білімге деген талпыныстары пайда болып, ғылымның әр түрлі салаларына, табиғаттың әр түрлі құбылыстарына және қоғамдық өмірге танымдық көзқарастары біртіндеп өзгереді. Оқушылардың танымдық қызығушылығының дамуына негізінен білім мазмұны, мұғалімнің оқу үдерісін тартымды ұйымдастыруы, қолданылатын материалдардың нақты, көрнекі болып келуі, оқушыларды белгілі нысанды тануға бағытталған белсенді ұжымдық әрекетке жұмылдырылуы әсер етеді. Танымдық қызығушылықты дамытуға мазмұны мен түрі жағынан жаңа, оқушылардың өз бетімен белсенді ойлауын тудыратын тапсырмаларды таңдау арқылы қол жеткізіледі.
Оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту мақсатында олардың іс-әрекетін белсенділендіруде есептерді, оның ішінде практикалық мазмұнды есептерді қолданудың мүмкіндігі зор.
Көптеген ғалымдардың, зерттеушілердің, математик-әдіскерлердің, психологтардың, математика мұғалімдерінің еңбектері осы мәселені шешуге бағытталған.
Окушылардың таным үдерісін тиімді ұйымдастыру арқылы оқу белсенділігін арттыру және танымдық қызығуын дамыту жөнінде зерттеулер аз емес. Бұл аса маңызды мәселенің психологиялық негізін В.В. Давыдов, А.Н. Леонтьев, А.М. Лурье, С.Л. Рубинштейн, Л.В. Эльконин, педагогикалық жақтарын Л.В. Занков, Т.И. Шамова, Г.И. Щукина, П.И. Пидкасистый және т.б. ғалымдар зерттеді. Бұл зерттеулерде танымдық әрекет пен қызығудың табиғаты мен мәні ашылды, оларды қалыптастырып жетілдірудің психологиялық-педагогикалық жағдайлары анықталды, құрамдары мен әдістері сараланды.
Математиканы оқытуда есептердің рөлі мен орнын анықтау және есептерді шешуді оқыту әдістемесін жетілдіру мәселелері Б.Б. Баймұхановтың, И. Бекбоевтың, Ю.М. Колягиннің, Л.С. Ланың, А. Нұғысованың, А.М. Пышкалоның, В.П. Радченконың, Н.К. Рузиннің, С.И. Сельдюкованың, Е.Н. Тальянованың, Ю.И. Хайдуковтың, және тағы басқалардың еңбектерінде орын алған.
Әр түрлі типтегі есептерді шешу әдістемесіне И.Ц. Ачараевтың, Т.Ә. Әлдібаеваның, Ж.Т. Билялованың, О.А. Ивашованың, К. Изатуллоевтың, Т.Б. Лидің, М. Мирзоахмедовтың, Р. Тасболатованың, С. Утепкалиевтің зерттеулері арналған [3, 25 б.].
Бастауыш мектептің математика сабағында есептер, оның ішінде практикалық мазмұнды есептер шығару арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту мәселесінің қаншалықты зерттелгендігін анықтау мақсатында жүргізілген талдау нәтижелері мыналарды көрсетті: жалпы математиканы оқытуда есептердің алатын орны, рөлі және маңыздылығы, оларды шығару әдістемесі және т.б. мәселелер әр түрлі деңгейде қарастырылғанымен бұл зерттеулерде нақты бастауыш мектептің математика сабағында практикалық мазмұнды есептер шығару арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту мүмкіндігі арнайы көрініс таппаған.
Ғылыми-практикалық мәнділігі, бастауыш мектептегі математиканы оқыту үдерісінің ерекшілігі диссертациялық жұмыстың тақырыбын: «Бастауыш мектептің математика сабағында практикалық мазмұнды есептер шығару арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту» - деп атадық.
1 ПРАКТИКАЛЫҚ ЕСЕПТЕР АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ
1.1 Практикалық мазмұнды есептер арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытудың психологиялық-педагогикалық негіздері
Бастауыш мектеп - бұл оқушы тұлғасы мен санасының дамуы қуатты жүретін ерекше құнды, қайталанбайтын кезеңі. Сондықтан да бастауыш білім - үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Психологияда бастауыш мектеп оқушыларының жасы, көбінесе, білімді меңгерудің, зейінділіктің жасы деп саналса, педагогикада - бұл айналадағы өзге әлемді баланың өз бойына сіңіре бастау, қалыптастыру сияқты өмірлік маңызы бар функцияларды басымдылықпен игеру кезеңі болып табылады [4. 70 б.]. Осы функцияларды табысты орындау кіші жастағы баланың танымдық қызығушылығының дамуына қолайлы жағдай жасайды.
В.И. Крупич оқыту үдерісі үш бөліктен тұратын жүйе болып табылады деген қорытындыға келеді, олар: оқытудың мазмұны, оқыту - мұғалімнің қызметі, оқу - шәкірттің танымдық қызметі және танымдық практикалық әрекеті [5, 133 б.].
Оқыту үдерісі - мұғалімнің баламен үнемі рухани қарым-қатынаста, ынтымақтастық жағдайда болуын қажет етеді. Оқыту үдерісінде бала тек мұғалімнің әсерін қабылдаушы ғана емес, оның оқу іс-қимылы мен өзінің психикалық үдерістерін басқарушы, ұйымдастыра білуші (іс-әрекетін білуі, бағалауы, өзін-өзі басқаруы) оқытудағы субъект. Оқыту үдерісінде бала логикалық ойлау болмысының жалпы тәсілдерін қолдануға және дербес шығармашылық әрекет жасауға дағдыланады. Бұдан шығатын қорытынды: оқыту - баланың рухани жағынан жетілуін қамтамасыз ететін, бала дамуының алғы шарты. Демек, оқыту мен дамудың арасында тығыз байланыс туындап отырады.
Оқыту мен дамытудың арасындағы тығыз байланыстың үш концепциясын Э.Торндайк, Ж. Пиаже және Л.С. Выготский құрды. Э. Торндайк оқыту мен даму ұғымдарын бірдей деп санайды Ж. Пиаженің ойынша оқыту дамытудан кейін жүреді, өйткені оқыту баланы оқытсаң да, оқытпасаң да психикалық дамуына, ақыл-ойының өріс алуына ықпалын тигізбейді. Бұл пікірден үшінші концепция туындайды. Л.С. Выготскидің айтуынша, оқыту өзінен кейін дамуды алып жүреді, өйткені баланың психикасы тек оқытудың негізінде қалыптасады. Оқыту тәсілдерін оның қолы жеткен даму дәрежесіне дәл ықшамдай, шамалы алға қарай оздырып жүргізу керек. Сонда ғана оқыту баланың ой өрісін алға қарай жүргізетін болады дей келе, баланың кешегі күнгі дамуына емес, ертеңгі күнгі дамуына қарау керек деп ескертеді. Осыған орай, бала дамуының "екі аймағын" қарастырады. "Бірінші аймақ" - бала дамуының қазіргі қол жеткен сатысы, осыған қанағаттанып қоймай, мұғалімнің оқушыларды болашақтағы дамудың ең жақын сатысына ("екінші аймаққа") жеткізуге міндетті екендігін айтады.
Қызығушылық - әр қырынан алып қарауға болатын күрделі ұғым. Қызығушылық - адамның затқа немесе шынайлық құбылысқа белсенді танымдық бағыттылығы, әдетте ол нысанды танымға немесе белгілі бір әрекетті меңгеруге оң сезімдік қатынастан көрінеді. Қызығушылық бұл зейіннің интенсификациясы ретінде анықталатын психикалық құбылыс (Н.Ф. Добрынин); белгілі нысанға сананың бағыттылығы (М.Ф. Беляев); ойлау, эмоционалды белсенділік және ерік сияқты бірнеше психикалық үдерістердің біріккен қоспасы (Л.А. Гордан, С.Л. Рубинштейн); адамның қоршаған әлемге, оның нысанына, құбылыстарына, үдерістеріне талғамды қатынасы (Г.И. Щукина); объектінің ағза үшін өмірлік маңызды және эмоционалды тартымдылық күшіне байланысты талғамды қатынасы (М.В. Матюхина); адам ерекше сезінетін қимылдың нақты себебі, субъектінің өз әрекетіне оң бағалық қатынасы; адамның сезімге, ерікке, зейінге байланысты қажеттілігін қанағаттандыруда оның сыртқы жағдайларға таңдаулы қатынасы (Ю. Н. Тюфанов) [6, 6б.]; ынтықтылық, алғырлық, тұрақтылық және білуге құмарлық тәрізді бөліктерден тұратын, белгілі бір нәрсеге зейін қою арқылы эмоция тудырып, жүзеге асатын жеке басқа тән ерекшелік (Қ. Қабділрашид) [7 10 б.]. Мұндай әр түрлі көзқарастарының болуы осы мәселенің күрделігін дәлелдейді.
Қызығушылықтың негізі - адамның қажеттілігі. Қажеттілік адам өмірінің жеке жағдайларымен анықталады. Қызығушылықтың физиологиялық негізі - болжамды рефлекс.
Қызығушылықты оның мазмұны, кеңдігі, тұрақтылығы, күші және әрекеттілігі жағынан сипаттауға болады. Қызығушылықтың мазмұны - қызығушылыққа бағытталған нысандар. Тұлға жан-жақты даму үшін оның қызығушылығы кең болып, әр түрлі нысандарға бағытталуы тиіс. Қызығушылық оқу, ойын, еңбек үдерістерінде, адамның қоғамдық әрекетінде қалыптасып, оның өмір жағдайына, оқыту мен тәрбиеге байланысты ары қарай дамиды. Бала мектепке келген сәттен бастап қызығушылығы өзгере басталады. Олар ойын әрекетінен оқуға ауысады. Алғашқыда оқу жұмысының барлық түрлеріне қызығушылық туындап, келе-келе даралана түседі. Біртіндеп оқушының қызығушылығы әрекет үдерісінен мазмұнды әрекет қызығушылығына, фактілерге, алғашқы қарым-қатынасқа, себептерге, заңдылықтарға ауысады (сипаттаудан түсіндіруге). Жұмыстың шығармашылық жағына қызығушылығы артады. Оқу әрекетінде оқушыларға неғұрлым көбірек бостандық пен өзбетімен әрекеттенуге жол берілсе, соғұрлым оған оқушылардың қызығушылығы арта түседі. Белгілі бір әрекеттің нәтижелігіне қызығушылықтың тәуелділігі де өзгереді: бастауыш сынып оқушысы әдетте өзі сәтті жүзеге асыра алатын, оңай әрекетке қызығады, кейін олардың қызығушылығы қиындықтарды жеңуге де бағытталады. Бастауыш сынып оқушылардың негізгі қызығушылығы оның өмірінің мазмұнымен, үйдегі, мектептегі әрекетімен анықталады.
Танымдық іс-әрекетке тәуелді, қызығумен мәндес, туындауы жағынан астарлас ұғымдар бар, олар: стимул, түрткі, қажеттілік және мотив. Кейде танымдық қызығушылыққа ұсынылатын анықтама осы ұғымдарға негізделіп берілуде. Сондықтан танымдық қызығушылық ұғымына берілген нақты анықтамалар жоқ.
Таным әрекеті қажеттілік арқылы жүзеге асады. Өзінің тіршілік және рухани қажеттігін өтеу үшін оқушы дүниені танып, білгісі келеді. Алайда ол өзі қажетті нәрсеге, мәселен, оқу пәніне қызығады. Кейіннен бұл нәрсе оқушы іс-әрекетінің мақсатына, қозғаушы күші - мотивіне айналуы мүмкін. Осыдан келіп кейбір ғалымдар қызығуды тек танымдық ғана емес, басқа да қажеттіліктердің көрініс беруіне апарып саяды. Енді біреудері танымдық қызығушылықты оқушыны өзіндік дербес іс-әрекетке жұмылдыратын мотив ретінде қарастырады.
Мысалы, Н.Г. Морозова, Қ. Қабділрашид танымдық қызығушылықты қызығушылықтың бір түрі ретінде сипаттайды. Н.Г. Морозова: «танымдық қызығушылық - бұл білім алуға және ғылымға қатысты қызығудың бір түрі» [8, 10 б.]. Қ. Қабділрашид танымдық қызығушылық: «Оқып білім алу және ғылыми зерттеу кезіндегі қызығуды - танымдық қызығу деп атайды» - дей келе, қызығу ұғымын мағынасының тарылып, шектелуіне қарай мына бағытта орналасуын көрсетеді: қызығу танымдық қызығу бір пәнге қызығу [9, 9 б.].
Оқушылардың оқу пәндерін оқу барысында қызығушылығын тудыру педагогикада «танымдық қызығушылық» деп аталады (Г.И. Щукина, Л.И. Божович, А.Н. Леонтьев және т.б.). Танымдық қызығушылық адам қызығушылығының ерекше түрі ретінде белгілі оқу пәнінің мазмұнына ғана емес, сонымен қатар бұл білімді меңгеру үдерісіне, яғни таным әрекетіне де бағытталады.
Ғалымдардың бір тобы танымдық қызығушылықты психологиялық үдерістермен және жеке бас психологиясының ерекшеліктерімен байланысты қарастырады.
Психологияда танымдық қызығушылық оқу үдерісінің ең мәнді факторы, оқу әрекетінің маңызды мотиві, тұлғаның тұрақты көрсеткіші ретінде қарастырылады (М.В. Матюхина, Т.С. Михальчик, К.П. Патрина) [3, 10 б.].
Л.А. Григорович, Т.Д. Марцинковская танымдық қызығушылықты қажеттілік ретінде сипаттайды: «Тынымдық қызығушылық дегеніміз - интеллектуалды белсенділікке және жаңа білім, білік, дағдыны игеруге қажеттілік».
Танымдық қызығушылық – әр қырлы құбылыс, сондықтан оқыту, тәрбиелеу және дамыту үдерісіне өзінің әр түрлі жақтарымен әсер ете алады.
Жоғарыда баяндалғандардың бәрін түйіндей келіп, біз танымдық қызығушылыққа: «Танымдық қызығушылық дегеніміз - ынта, әуестену, қажеттілік және білуге құштарлық тәрізді компоненттерден тұратын, оқушының мақсатты, саналы түрде білімді меңгеруге бағытталған танымдық мотиві» деген анықтама ұсынуды жөн көрдік.
Танымдық қызығушылық балалық әуесқойлықтан басталады, алайда ол тез арада жарқ етеді де, солайша кенеттен сөніп қалады. Терең білім беруді мұндай әуесқойлық негізінде ұйымдастыруға болмайды. Баланың әуестігін ояту үшін тартымды бастау, әсерлі сюжет, оқиғаның күтпеген арнаға түсуі, мәселелік жағдай сияқты тәсілдер қолдану керек. Оқушыда білуге әуестік пайда болып, ол құмарлыққа ұласады. Оқушы бұдан әрі жаңалықты қабылдап, білімі молайған сайын қуаныш сезіміне бөленеді. Білген үстіне білгісі келіп, құмарлық танымдық қызығушылыққа ауысады.
Танымдық іс-әрекетке қызығушылықты оятуда келесі қызметтердің маңызы зор: оқудағы жетістікті қамтамасыз ету; оқушылардың артта қалуының алдын алу; «қауіп-қатер балаларының» диагностикасы; үлгермеушілікті болдырмау; оқу материалының мазмұны (тарихи саралау, өмір тәжірибесінен мысалдар, мемлекет стандарт шегінен асу т.б.); білім берудің әр түрлі формалары мен әдістері, жаңа педагогикалық технологияларды қолдану; мұғалімнің оқушыларға қатынасы, балалар қауымының қоғамдық пікірі, ақыл-ой қабілеті мен жалпы оқу білігін дамыту [10, 326 б.].
Қызығуды туғызудың шарттары мен амалдары көп. Солардың ішінен мына төмендегідей 3 үдерісті атап көрсетуге болады:
Оқу материалының мазмұны /ондағы жаңалықтар, қазіргі ғылым мен техникадағы жаңа табыстар, оның тәжірибе үшін пайдасы т.б. Оқуды ұйымдастыру, басқару үдерісінің ерекшеліктері/ оның әдістері мен формалары т.б./. Мысалы оқытудың проблемалық сипаты, оқушылардың шығармашылық және практикалық жұмыстарды өздігінен орындауы, көрнекі құралдар мен техникалық құралдар т.б.
А. Нұғысованың зерттеуінде: «Теориялық материалды меңгеру кезінде, мазмұны оны қоршаған өмірде кездесетін өмірлік жағдаяттарға байланысты, олардың күнделікті өмірде кездесетін (тұрмыста, кітаптарды, газеттерді, журналдарды және т.б. оқу кезінде) есептерді шешуде, математиканы өмірмен байланысты оқыту оқушыларда оқуға деген қызығушылықты тудырудың негізгі тәсілдерінің бірі» делінген [11,22 б.].
Танымдық қызығушылық оқушының тыным нысанына эмоционалды қатынасынан көрінеді. Л.С. Выготский: «Қызығушылық - бала тәртібінің қозғаушысы, оның әрекеті мүше қажеттіліктеріне сәйкес келетін инстинкті ұмтылыс болып табылады». Сондықтанда оқу үдерісін оқушылардың қызығушылығын нақты ескеріп, ұйымдастыру талап етіледі. Сонымен қатар «...Педагогилық заң: баланы қандай да бір әрекетке жұмылдырмас бұрын, оны онымен қызықтыр, оның осы әрекетке әзір екендігін, оның орындалуына қажетті күші шоғырланғанын, өзі әрекет ететіне көзіңді жеткіз, мұғалім оның әрекетін тек басқарып, бағыттап отыратындай қыл» [12, 84 б.].
Танымдық қызығу оқыту мен тәрбиелеу нәтижесінде қалыптасып дамиды. Оқушылардың таным қызығушылығы олардың білімінің деңгейі мен сапасына, ойлау іс-әрекеті мен әдіс-тәсілдерінің қалыптасуына байланысты. Педагогикалық әдебиеттерде танымдық қызығушылықты қалыптастырудың үш жағдайы жиі қарастырылады.
Біріншісі - оқытудың мазмұны, жаңалығы, ғылым мен техниканың соңғы табыстары, таңдандыратын тарихи деректер, ғылыми білімнің іс жүзінде қолданылуы, бұрыннан білетін мағлұматтың жаңа қырының ашылуы.
Екіншісі - оқушылардың таным әрекетін ұйымдастыру түрлерін, құралдарын және әдістерін жетілдіру. Бұған жататындар: сабақтың инновациялық түрлерін өткізу, оларда қолданылатын техникалық және көрнекі құралдардың тиімділігін арттыру; танымдық ойындар ұйымдастыру; проблемалық және интегративті ұстанымдарды жүзеге асыру; пәнаралық және пәнішілік байланыстарды тудыру; ғылымның өмірмен, өндіріспен, техника және экологиямен байланысын ашып көрсету; оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстарын және өздігінен білім алуын тиімді ұйымдастыру; шығармашылық және зерттеу жұмыстарын белсенді қалыптастыру; білім тексеру мен бағалаудың алуан түрлерін ұтымды пайдалану арқылы оқытудағы кері байланысты жетілдіру.
Үшіншісі - мұғалім мен оқушы, оқушы мен оқушы арасында сыйластық, ізеттілік қарым-қатынасын орнатып, олардың біріне-бірінің жүрек жылуының болуын қамтамасыз ету. Оқушы өзі ұнатпайтын мұғалімнің пәніне ешқашан қызықпайды. Оқушылардың өзара сыйласа алмайтын, тәртіп жиі бұзылатын сабақтарға ынтасы төмен болады.
Қ. Қабділрашид танымдық қызығушылықтың үш сатысын көрнекі үлгімен көрсетеді. Онда таным қызығушылықтың бірінші деңгейі стимул (әлсіз, орташа, күшті), екінші деңгейі - бірінші деңгейдегі сыртқы себеп әсерінен жеке бас белсенділігінің ішкі себебі - қажеттік (биологиялық, әлеуметтік) пайда болады. Қажеттілік аталған қажеттілітердің әрқайсысының туындауына түрткі болып табылады. Қажеттіліктің затиялығы субъектінің іс-әрекеті одан әрі дамыған сайын айқындала түсіп, түсінуге тиісті затия түрткі болады да бағыттау қызметін атқарады, яғни мотивке айналады. Стимуляция мотивацияға өтеді, мотивациядан тұрақты мотивацияға өтеді, тұрақты мотивациядан күшті мотивацияға өтеді. Ол өз кезегінде таным қызығушылығының үшінші деңгейі нағыз қызығуға айналады. Оның көрсеткен бұл моделі танымдық қызығушылықтың қалыптасуының үш деңгейін ғана көрсетеді.
Оқушылардың танымдық қызығушылығының нысанына оқу пәндерінің мазмұнына енетін ғылым негіздері, осы мазмұнды тануға бағытталған оқушылардың оқу әрекеті жатады. Г.И. Щукина оқушылардың танымдық белсенділігін, қызығушылықтың бағыттылығын және т.б. көрсеткіштерді ескере отырып, танымдық қызығушылықтың 3 деңгейін (қарапайым, орта, жоғары) бөліп көрсетеді.
Танымдық қызығушылықтың қарапайым деңгейі нақты фактілерге, білімдерге, суреттеуге, нысан бойынша әрекеттерге зейін қоюдан көрінеді.
Танымдық қызығушылықтың орта деңгейі тәуелділіктерге, себеп- салдар байланыстарына, оларды өз бетімен қарастыруға қызығушылығымен сипатталады.
Танымдық қызығушылықтың жоғары деңгей терең теориялық проблемаларға, білімді меңгеруде шығармашылық әрекетке қызығушылықтан көрінеді.
Сондықтан біз оқушылардың танымдық қызығушылығын математика пәнін оқуға оң мотивацияларын тәрбиелеумен, оқушының ашық эмоцианалды толқумен байланысты, белсенді танымдық әрекетке жұмылдыру арқылы дамытамыз.
«Есеп» және онымен байланысты ұғымдарды жалпы ғылыми деңгейде қарастыру оның таныс теориясындағы орнын анықтайды, ол барлық ғылыми бағыттардың қажетті және маңызды элементі болады. «Есеп» философиялық тұрғыда - таным теориясы, психологиялық тұрғыда - адам іс-әрекетінің бағыттылығы, педагогикалық тұрғыда - білім мен білікті қалыптастыру құралы, әдістемелік тұрғыда - іс-әрекетті ұйымдастыру, қалыптастыру және дамыту құралы [13, 33 б.].
«Есеп» ұғымына көптеген авторлар түрліше анықтама берді. Олар: есеп бұл - оқуда және еңбекте оқушылардың танымдық және практикалық белсенділігін жоғарлататын негізгі фокторлардың бірі [14, 63 б.]; ойлау, есептеу арқылы шешуді қажет ететін санға негізделген жаттығу; бізді қоршап тұрған дүниеде сандармен байланысты болатын және оларға арифметикалық амалдарды қолданатындай тұрмыстық жағдайлар бола береді (М.А. Бантова); жауабы арифметикалық амалдарды орындалуының нәтижесінде алынатын сөзбен берілген сұрақ (М.И. Моро және А.М. Пышкало) [15, 111 б.]; анықталған шарттар арқылы берілген мәлімет немесе белгілі жағдайларда берілген мақсат (А.Н. Леонтьев); құраушылары міндетті түрде: есептің бастапқы қалыптағы нысаны (есептің бастапқы нысаны) мен есептің-нысанын қажет ететін жағдайының моделі (есептің талабы) болатын жүйе (Г.А Балл).
Мектептік оқытуда есептер ойын, оқу, өндірістік болып үшке бөлінеді.
Қазіргі математиканың бастауыш курсында қарастыратын есептердің мынандай үш жағы бар: математикалық мазмұны, формалық жағы және сөзбен мазмұндалуы.
Есептердің мазмұнын белгілі бір мақсатқа бағытталуы мүмкін. Бірқатар есептер есептеулермен, кейбірі өлшеу іс-әрекеттермен енді бірі математикалық теория элементтерін меңгеруімен және т.б. байланысты болып келеді.
Есептердің мазмұнын ескерсек, онда оларды деректі мазмұнды есептер және дерексіз мазмұнды есеп деп екіге бөлуге болады.
Дидактикалық мақсаттарына қарай: танымдық, машықтау, дамыту есептері деп бөлінеді. Ал ойлау түрінің басым болуына байланысты (А.Е. Әбілқасымова, А.К. Көбесов, Д.Р. Рахымбек, Ә.С. Кенеш) немесе математикалық есептің үш типі (А. Я. Цукарь): алгоритмдік, жартылай алгоритмдік, эвристикалық.
Егер мазмұнында берілген деректерге қарай, оларды экономикалық мазмұндағы, физикалық мазмұндағы, химиялық мазмұндағы, ұлттық мазмұндағы және т.б. есептер (практикалық есептер) деп атауға болады.
Есептерді жіктеудің түрлі тәсілдері болса да және мұндай жіктеме теория үшін де, практикалық жұмыстар үшін қажет болса да, барлық оқу және әдістемелік әдебиеттер де қазірге дейін бұл мәселе жөнінде бір жақты заңдылық жоқ.
С. Утепкалиев: «тексті есептер - шынайы өмірлік өмірдің моделі, кейбір шынайы (қазақша, орысша, т.б.) тілдердің тәсілдерімен баяндалған, объектілердің арасындағы кейбір қатынастарының барын немесе жоқтығын анықтау талабымен, баяндалған жағдайдың қайсыбір компонентіне сандық мінездеме беру» - деп анықтама береді [16, 22 б.].
И.Я. Лернер танымдық есептері «оқушыға жаңа болып көрінетін білімге қарай немесе есептің шешуінің жаңа тәсілдерін құруға қарай» апаратындай болуы керек деп есептеді.
Оқу есептерінің ерекшеліктерін ашып көрсете отырып Д.Б. Эльконин: «Оқу есептерінің басқа есептерден басты ерекшелігі, оның мақсаты мен нәтижесі белгілі бір іс-әрекет тәсілдерін меңгерумен шектелетін субъектінің іс-әрекетінің өзгерістерінен тұрады», - деп тұжырымдайды [17, 12 б.].
Ж.Т. Билялова бастауыш мектеп математика курсындағы оқу есептері жөнінде айтқанда көбіне сюжеттік мәтінді есептерді немесе дерексіз сандармен берілген есептерді айтып, оқу есептерінің тектік белгілерін көрсетеді: есепті шығарудың мақсатын анықтайтын талап немесе сұрақ; есепті шешуде қандай да бір тәсілді қолданудың және сол тәсілді қолданудың дұрыстығын тексерудің негізі боп табылатын шарттар шек факторды айқындау және есепке алу; есепті шешуде бұрыннан белгілі тәсілді пайдалану немесе жаңа тәсілдер мен әдістерді таба білу [18, 15 б.].
Психологтар анықтағандай, егер оқушылардың есепті шығару барысындағы іс-әрекеттері қандайда бір есептер класының жалпы ортақ шешу тәсілін табуға бағытталған болса, онда мұндай есеп оқу есебі болып саналады, ал егер оқушылардың ол есепті шығару барысындағы іс-әрекеттері есепті шығарудың тәсілін әдейілеп қарастырмай жекелеген нәтижелерді табуға бағытталған болса, ол есеп практикалық есеп болып табылады.
Егер есептің шешу сатыларын бір мәнді анықтаудан жалпы ережелер мен қағидалар бар болатын болса, онда мұндай есептер стандарт есептер деп аталады, ал берілген есепті шешуінің нақты сатыларын анықтайтын ережелері мен қағидалары жоқ болса, онда есептер стандарт емес есептер (С.И. Сельдюкова) деп аталады.
Т.Ә. Әлдібаева: мазмұнды есеп - өмірде кездесетін нақты бір жағдайдың (проблемалық жағдайдың) қандайда бір табиғи тілде сипатталуы.
Жалпы алғанда оқытудың әр түрлі буындарында мазмұнды есептерді былай атайды: арифметикалық есептер, теңдеулер мен олардың жүйесін құруға берілген есептер. Дәл осылай бөлінгенімен олардың сипаты бір, яғни 1) табиғи тілде тұжырымдалған есептер (сондықтан оларды мазмұнды есептер деп атайды); 2) олардың мазмұнында қандайда бір құбылыстың, оқиғаның сандық қасиеттері сипатталады (сондықтан оларды сюжетті есептер деп атайды); 3) ізделінді шаманы табуға берілген есептер, яғни мұнда кейбір шамалардың белгісіз мәні есептеледі (сондықтан есептеуге берілген есептер деп атайды).
«Танымдық есептер» термині психологияда неғұрлым терең мағынада қолданылады, ол таным үдерісі психологиялық ұғыммен сәйкестікте болады. Г.С. Костюк бойынша «жаңа объектіні түсіну - ол қандай да бір есепті, тіпті ол кішкене танымдық есепті шығару деген сөз» [19].
Танымдық есеп - шығарушы меңгерген білімді жетілдіру есебі. Кез-келген білімді өзінің құрамында кем дегенде екі компоненті - моделі бар қандай да бір модельденетін жүйенің идеалдық моделі ретінде көрсетуге болады. Таным есебінің пәні қызметін атқаратын білімді екі типтің - белгілі және белгісіз заттардың өзара байланысты құраушы-модельдерінің жүйесі ретінде көрсетіп беруге болады.
Таным есептерінің талабы белгісіз заттарға жатады, ал ол ізденінді заттар болады. Белгісіз заттардың барлығы немесе кейбіреуі ізделінді болады.
Танымдық есептер негізінен жартылай алгоритмдік есептерге жатады. Таным есептерін жаңа материалдар өтуде, оқытудың проблемалық және эвристикалық әдістерін қолдануда шығару керек. Бұл дидактика талаптарына сай келеді, сондықтан математиканы оқып-үйрену барысында кеңінен қолданылады [8, 168 б.].
Әрбір оқу пәнінің бағдарламасы оқыту нәтижесінде оқушылар шығара білуге тиісті есептердің түрлерін көрсетеді. Бұл есептердің бәрі адамның практикасында, оның ішінде ғылыми-теориялық практикада қолданылады, сондықтан да олар практикалық есеп болып саналады.
Қолданбалы сипаттағы есептер. Олар екі типке бөлінеді:
а) орындалуының тиімді тәсілдерін талап ететін есептеу сипатындағы жаттығулар және мазмұны өндірістік-тұрмыстық сипаттағы мазмұны бар мәтіндік есептер: өндірістегі әр түрлі машиналар мен механизмдердің өнімділігін, әр түрлі дақылдарының себу нормасын және басты ауыл шаруашылық дақылдарының себу нормасын және басты ауыл шаруашылық дақылдарының бірқатарының өнімінің нормасын, ұшақтың, кеменің, зымыранның, автокөліктің жылдамдығының орташа мәнін әр түрлі сметалық, шаруашылық және т.б. жұмыстардың мәліметтерін пайдалану арқылы берілген есептер;
ә) техниканың, физиканың, химияның, астрономияның мәліметтері пайдаланылған өндірістік сипаттағы мәтіндік есептер, пайыздық есептеулерге және т.б.-ға арналған есептер.
Әр түрлі қолданбалы сипаттағы математикалық есеп деп математиканың басқа пәндерде, өндіріс, технология және экономикада қолданылуына мүмкіншілік тудыратын есептерді айтамыз [20, 19 б.].
Қолданбалы бағыттағы есептер тек оқу материалын еске сақтауды қамтамасыз етіп қана қоймай, ойдың түрлерін қалыптастыруға мүмкіндік жасайды, яғни оқушылар белгілі бір ақпаратты есте сақтайды, өндіріс орындарындағы, қоршаған ортадағы құбылыстарға байланысты берілген есептердің нақты жауаптарымен танысады.
И.М. Шапиро практикалық мазмұнды есепті: «мазмұны сыбайлас оқу пәндерінде математиканың қолданылуын ашып беретін, ұйымдарда, қазіргі өндірістік технологияларда және экономикада, қызмет көрсету аясында, тұрмыста, еңбек операцияларын орындау барысында оның қолданылуымен таныстыратын есеп» - дейді [21, 5 б.].
Ал Т.Ә. Әлдібаева практикалық мазмұнды есепті: «математиканының түрлі пәндерді оқытудағы қолданымын ашып көрсететін, оқушылар жаңа өнеркәсіптегі ұйымдастыруларда, олардың технологияларында, экономикасында және күнделікті тұрмыста, еңбек операцияларын орындағанда пайдаланылуымен таныстырылатын есепті» - айтады.
Практикалық мазмұнды есеп деп мазмұнында есепте қарастырылатын объектінің бірі нақты шын зат болған жағдайын айтуға болады [22, 5 б.].
Г.О. Жетпісбаева: «практикалық мазмұнды есеп деп өмірлік мәні бар, тұрмыспен байланысқан, өлшеу құралдары арқылы шешілетін, өндіріс үдерістерімен байланысты есеп» - дейді.
Жоғарыда қарастырылған анықтамаларды түйіндей келе біз практикалық мазмұнды есептің мынадай анықтамасын ұсынамыз: «Практикалық мазмұнды есеп (қолданбалы сипаттағы есеп) деп мазмұны математиканы оқытуда пәнаралық байланысты ашып беретін, қазіргі заманғы өндіріс экономикасында, қызмет көрсету саласында пайдаланылатын есептерді түсінеміз».
Бұл есепті шығару нәтижесінде оқушылар Балқаш, Алакөл, Қарақұм сияқты географиялық атаулармен және Қарақұмның ұзындығы жөнінде нақты мағлұмат алады, спорттың жеңіл атлетикалық түрімен танысады, жүгіру уақытына байланысты жылдамдықты есептеу арқылы әр спортшының жылдамдықтарының әр түрлі екендігіне көз жеткізеді.
Практикалық мазмұнды есептерді математиканы оқытудың құралы ретінде пайдалану көбінесе сол есептің мазмұнына, математикалық құрылымына, олардың жұмыс істеу әдістемелеріне, бағдарламалық материалдарды оқытудың нақты сатыларына тәуелді. Осыған байланысты есептің функциясы ерекше мәнге ие бола алады.
Практикалық мазмұнды есептерді мұғалім оқушыны оқытуға, олардың білімін нақтыға және тереңдетуге, яғни тиянақты білім беруге, белгілі бір білік пен дағдыларды қалыптастыруға қолданады.
Практикалық мазмұнды есептерді шешу оқушыларда дүниеге көзқарастарын кеңейтіп, күнделікті тұрмыста пайда болатын мәселелерді тез шешуге ықпал етеді, ең бастысы - оқушылардың танымдық іс-әрекеттерін (сезінуін, қабылдауын, елестетуін, ойлауын, сөйлеуін) дамытудың таптырмайтын құралы. Өйткені, практикалық мазмұнды есептерді шығару барысында оқушылардың есеп шығару дағдылары және өз ойларын еркін жеткізу білігі қалыптасады, олардың логикалық ойлау және шығармашылық қабілеті дамиды, бағдарламаға енетін кейбір материалды оқушылар терең меңгереді және алған білімдерін күнделікті тұрмыста қолдау білігінің қалыптастырылуын қамтамасыз етеді.
Практикалық мазмұнды есепті шығарудың дәстүрлі жолдарымен қатар, дамытушы функцияны жүзеге асыру сөз бен ойлауды дамытуға ғана тірелмейді, өйткені оқушының вербальды үдерістерінің дамуы басқаларға қарағанда оқушының жалпы дамуын көрнекі бейнелейді. Бірақ бұл ұғым есептің дамытушы функциясын тарылтады, өйткені сөз және онымен байланысты ойлау тұлғанын сенсорлы, эмоционалды еріктік, қозғалыс, мотивациялық қажеттілік аймақтарының және таным үдерістерінің сәйкес дамуында ғана нәтижелі дамиды.
Көптеген әдіскерлердің айтуынша, егер оқушыларда абстрактілі -теориялық ойлауы және саналы тәртібін басқаруы дамыған болса, онда бастауыш сынып оқушылары осы жаста дамытушы практикалық мазмұнды есептерді шығара алады. Сонымен қатар көптеген зерттеулер дәстүрлі есептер бастауыш сынып оқушыларының көбісінің толық қанды дамуын қамтамасыз етпейтінін көрсетті. Ал бұл өз кезегінде оқушылармен жұмыс істеуде қажетті таным үдерістерді дамытпай, балабақша кезеңінде қалыптасқан (сезімдік бақылау, эмпирикалық ойлау, утилитарлы ес және т.б.) психикалық функцияларды жаттықтырып, бекітеді. Осыдан шығатын қорытынды практикалық мазмұнды есептердің дамытушы функциясы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуына бағытталуы керек. Практикалық мазмұнды есептердің дамытушы функциясы оқушының танымдық қызығушылығын дамытып қоймай, сонымен қатар есептің өзінің арасындағы заңдылықтарды тануға, есептің логикалық негізін қиналмай табуға, есепке нысан ретіндегі қатынастарының туындауына ықпал етіп, тіпті шешу жолы таныс емес есепті нәтижелі шешулеріне мүмкіндік береді.
Әрине практикалық мазмұнды есептердің осындай дамытушы функциясы екі жақты әрекетті талап етеді. Бұл мұғалімнің есепті шешу барысындағы оқушыларға дұрыс бағдар беруі, оқушылар жағынан мұғалімнің бағдарын қабылдай отырып, ұжыммен жұмыс істеу арқылы мұғалімнің бағдарына тиісті әрекеттер істеулері.
Оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуға бағытталған практикалық мазмұнды есептер мен тапсырмаларды орындаудың әдістемелік ерекшеліктерін және оқушылардың танымдық қызығушылығының даму деңгейлерін саралау арқылы олардың даму деңгейін бағалау үшін мынадай көрсеткіштерді (1-кесте) бөліп көрсету қажет деп ойлаймыз: а) практикалық мазмұнды есептерді шығара алуы; ә) оқушылардың практикалық мазмұнды есепті қысқаша жазуға, оған сызба сызуға, кесте толтыруға, сурет сала алуы; б) қарапайым диаграммаларды, графиктерді оқуға және сыза білуі; в) практикалық мазмұнды есептерді құрастыруы; г) практикалық мазмұнды есептердің мәтінімен және сөздікпен жұмыс істеуі; д) математикалық жаттығуларды орындауы; е) танымдық маңызы бар есептерді шығару барысында алынған мағлұматтарды еске сақтай алуы.
1 кесте - Оқушылардың танымдық қызығушылығының даму деңгейін
бағалау көрсеткіштері
Деңгейлерге байланысты көрсеткіштер
|
Деңгейлер
|
Қарапайым
|
Орта
|
Жоғары
|
Практикалық мазмұнды есептерді шығара алуы
|
оңай практикалық мазмұнды есептерді ғана өзбетімен шығара алады.
|
барлық типтік есептерді құлшына шығарады, өз бетімен әрекет етуге даярлығын көрсеткенімен стандартты емес есептерді талдау барысында қиналады.
|
қиын есептерді шығаруды жақсы көреді, оның шешуін іздеу барысында табандылық пен шығармашылықты көрсетеді.
|
Оқушылардың практикалық мазмұнды есепті қысқаша жазуға, оған сызба сызуға, кесте толтыруға, сурет сала алуы
|
оқушылар практикалық мазмұнды есепті қысқаша жазуды, оған сызба сызуды, кесте толтыруды, сурет салуды дайын нұсқаулар арқылы орындайды, оқушының тарапынан ешқандай шығармашы
лық қиялдау көрінбейді.
|
оқушылар практикалық мазмұнды есепті қысқаша жазады, оған сызба сызады, кесте толтырады, сурет салады; оны орындаудың мақсатын да түсінеді, өз бетімен олар бойынша дұрыс тұжырым да жасайды; бірақ оларда теориялық тұрғыдан ешқандай сұрақ туындамайды, яғни, практикалық мазмұнды есепті қысқаша жазудың, оған сызба сызудың, кесте толтырудың, сурет салудың жаңаша жолдарын ұсына алмайды.
|
оқушылар практикалық мазмұнды есепті қысқаша жазуды, оған сызба сызуды, кесте толтыруды, сурет салуды біледі және жақсы көреді, өздері оны орындаудың басқаша жолдарын ұсынады, алынған нәтиженің тиімділігін бағалауға тырысады.
|
Қарапайым диаграммалар
ды, графиктерді оқуға және сыза білуі
|
қарапайым диаграммаларды, көрнекілік сипаттағы графиктерді оқиды, бірақ оның қажеттілігін түсінбейді; оларды сызу қиын бір іс сияқты көрінеді.
|
қарапайым диаграммаларды, графиктерді оқиды, оның қажеттілігін түсінеді, оларды мұғалімнің көмегімен сызады.
|
қарапайым диаграммаларды, графиктерді оқиды, онда бейнеленген бөліктердің әр түрлі болу себептерін, неге байланысты екенін дәлелді айтады, олар арқылы есептің дұрыс шешімін тез табуға болатынын да біледі; диаграммаларды, графиктерді дұрыс өз бетімен сызады, сызу барысында түрлі-түсті бояуларды қолданады.
|
Практикалық мазмұнды есептерді құрастыруы
|
мәліметтері және сан мәндері дайын немесе ұқсас нұсқасы бар есептерді құрастырады, өзбетімен практикалық мазмұнды есептерді құрастыруға қызығушылы
ғы әрдайым бола бермейді, есепті құрастыру барысында туындаған қиындықтарды жеңуде, оны құрастырудың жаңа жолдарын іздеуде табандылық көрсетпейді; берілген тапсырманын аясындағы жұмыспен ғана шектеледі, құрастырыл
ған есептердің шындыққа жақындығына мән бермейді.
|
практикалық мазмұнды есептерді құрастыруға қажетті мәліметтерді жинастырып, оларды орынды пайдаланса да, практикалық мазмұнды есептерді құрастыру барысында мұндай оқушылардың шығармашылық әрекеті эпизоттық түрде болады, құрастырған есептері шынайы болғанымен, оның соңғы нәтижесі (жауабы) қызықтыра бермейді, яғни, соңғы нәтижесін алуға талпынбайды (құрастырған есебін шығармайды).
|
құрастырылған практикалық мазмұнды есептерінде шығармашылық элементтері байқалады, «дүниетану», «ана тілі» және т.б. пәндерде, газет пен журналдарда, анықтамаларда кездесетін мәліметтерді (сан мәндерді) жинастырып, қажет уақытта пайдаланады, құрастырған есептердің шындыққа жақындығын қадағалайды, өзі құрастырған есебін шығарып, алған нәтижесіне рахаттанады.
|
Практикалық мазмұнды есептердің мәтінімен және сөздікпен жұмыс істеуі
|
мұндай оқушылар практикалық мазмұнды есептің мәтінін бірнеше рет оқығаннан кейін ғана қабылдайды, кейде есептің мазмұнын қабылдау үшін қосымша көрнекілікті қажет етеді; егер есепте түсініксіз немесе таныс емес сөз кездессе, онда есепті түсініп қабылдауы біршама қиынға түседі; есепті түсіну үшін сөздікпен жұмыс істеуге талпынбайды, мұндай жағдайда есепті шығару, онда берілген сан мәндерін бір-бірімен қосып азайтып немесе көбейтіп бөлу амалдары әйтеуір бір жауап шықса деген мақсатпен орындалады.
|
практикалық мазмұнды есептің мәтінін үш не төрт рет оқығаннан кейін қабылдайды, есеп қиын болмаса, көрнекі құралдарды қажет етпейді; есептің мәтінінде кездескен таныс емес немесе мағынасы күңгірт сөздер кездессе олардың мағынасын түсінуге тырысады, яғни мұғалімнен не ата-анасынан мағынасын сұрайды.
|
практикалық мазмұнды есептің мәтінін бір не екі рет оқығаннан қабылдайды, түсініксіз сөздер кездессе, олардың мағынасын сұрайды, қажет болса жазып та алады, мұндай оқушылардың өздері бастаған сөздік дәптері болады.
|
Математикалық жаттығуларды орындауы
|
кез-келген математика
лық жаттығуды орындауда қиналады, оларды орындау үшін ойланғысы келмейді, ойланбай берілген тапсырманы орындайды, оның дұрыстығына көзін жеткізбейді.
|
математикалық жаттығуды орындау үшін ойланады.
|
математикалық жаттығуларды орындауда ойланады, ол оны қызықтырады, онда берілген тапсырмаларды дұрыс орындайды.
|
Танымдық маңызы бар есептерді шығару барысында алынған мағлұматтарды еске сақтай алуы
|
танымдық маңызы бар есептерді шығару барысында алынған мағлұматтар
ды еске сақтау үшін мұғалім тарапынан «еске сақта» деген тапсырманы қажетсінеді, ондай тапсырма берілмесе, оны еске сақтауды қажетсінбейді.
|
танымдық маңызы бар есептерді шығару барысында алынған мағлұматтарды қызықты болса ғана, еске сақтауға тырысады, оның өзінде жадында көпке дейін сақталынбайды (ұмытады).
|
танымдық маңызы бар есептерді шығару барысында алынған мағлұматтарды өзіме келешекте керек болып қалады ғой деген мақсатпен еске сақтайды.
|
Мұғалім берілген сипаттамаға сүйеніп, оқушылардың танымдық қызығушылығының даму деңгейін бағалайды. Сол бойынша танымдық қызығушылықтың ары қарай дамуын жүзеге асырады. Математиканы оқыту үдерісінде практикалық мазмұнды есептер арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын ары қарай нәтижелі дамыту үшін оқушылардың танымдық іс-әрекеттерін (зейінін, еске сақтауын, қиялын және ойлауын) арттыру керек.
Достарыңызбен бөлісу: |