Елден жинауды үйренсең,
Елге сыйлауды да үйрен.
Талап –
тамақ сұрамайды.
Олақтан шолақ артық.
Айтушысы табылмаса, ән де өледі т.б. [104].
Халықтық тілде осыларға ұқсас «Олақтан салақ жаман», «Тыңдаушысы жоқ сөз жетім» сынды ММ-дер кездеседі.
М. Әлімбаевтың жалпы халықтық ММ-дердің құрылысын пайдалана отырып, ғасырлар бойы халық санасында жинақталған сөз мәйегін игеріп, оны өзінің дүниетанымына, ақыл-парасатына, өмірлік тәжірибесіне сай қорытып, тіл шеберлігіне орай жасалынған нақыл сөздері ақынның халықтық тіл байлығын пайдаланудағы өзіндік ерекшелігі, стильдік қолтаңбасы болып табылады. Сондықтан ақын-жазушылардың стилінің қалыптасуына ММ-дердің ықпалы жоғары. Ақын қаламынан туған осындай сөз орамдарының бірқатары бүгінде қанатты сөздерге айналса, бірқатары болашақта ММ-дердің қатарынан орын алары ақиқат.
ММ-дер халықтық қолданыста да мағынасы сақталып, құрылысы өзгеріп немесе бір компоненті түсіп қалып қолданыла береді. Бұл – ауызекі сөйлеу тіліне тән құбылыс. Сондай-ақ оларды өңдеп, өзгертіп қолдану барлық қаламгерлерде кездеседі, алайда мұндай өзгерістер ММ-дердің мағынасына әсер етпейді.
Көркем шығарманың шырайын келтіретін авторлық инварианттар мен авторлық афоризмдер белгілі бір дәрежеде өзара байланыста болады. Зерттеулерде олардың табиғатын тану үшін араларындағы айырмашылық шартты түрде алынып келеді. Дегенмен олардың ұқсастықтарымен қатар айырмашылықтарын да айырып көрсетуге бізде мол мүмкіндік бар. Оған тілімізде қалыптасқан паремиялық жүйе, ММ-дердің жасалу үлгілері мен тәсілдері өз үлесін қоса алады.
Ғалымдарымыз мақал-мәтелдерді бұзып қолдануға қарсы. Мысалы, “Байдың асын байғұс қызғанар” дегенді “ Байдың асын кедей қызғанар” десек дұрыс болмайды. Біріншіден, кедей мен байғұс бір емес. Кедей болса да, байғұс болмауы мүмкін. Сондықтан мақалдың мағыналық әсері төмендеп тұр. Екіншіден, ММ-дерге тән дыбыстық үйлесімділік бұзылып тұр.
Мақал-мәтелдер – халықтың ғасырлар бойы түйген философиясы, даналығы ғана емес, тіл маржандары, әбден ықшамдалған, әрбір сөзінде бірнеше қосалқы мағына бар, әрі құлаққа жағымды, сазды ғаламат дүние екені мәлім. Олардың беретін мағынасын, кейде жұмбақ сияқты түйінін табу қиындау болып келеді. Сондықтан болар, кейбіреулерін дұрыс өз мағынасында қолданбаймыз. Кезінде газет бетінде “құлағына алтын сырға” деген нақыл сөздің мағынасы “бұл сөзді естімеген болсын, құлағына бұл айтылған сөзді емес, алтын сырғаны таққан болайық” дегенге меңзейді, ал бұл күнде мұны “осы айтылған сөзге құлақ салсын” деген мағынада жиі қолданады, бұл дұрыс емес деген пікірлер айтылған болатын.
Демек, тілдің ғасырлар бойы сомдалған асыл бұйымдары: тұрақты бейнелі тіркестер мен мақал-мәтелдерді, нақыл сөздерді, бата-тілектерді өз мағынасында және құрамына қиянат жасамай қолдану – тілдің бүгінгі мәдениетіне, сындарлығын сақтауда қойылатын талаптардың бірі [59 ].
Достарыңызбен бөлісу: |