Кең таралған күдіктер және оларға жауаптар
Осы жерде мұсылмандар қауіпті қателіктерге жол беретін маңызды жайттарды қозғап өту қажет. Мысалы, кейбір адамдар Аллаһ Тағала: «Соның салдарынан Исраил ұрпақтарына: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық таратпаған біреуді өлтірсе - шынайы түрде барлық адамды өлтірген сияқты, ал кім адамды тірілтсе (өлімнен құтқарса) - барлық адамды тірілткенмен тең (барлық адамдардың өмірін сақтап қалғанмен тең)!» - деп жаздық» (әл-Мәида 5: 32), - деп айтқан аятын келтіреді де: “Күпір - ең үлкен күнә және жер бетіндегі ең үлкен бұзақылық болып табылады, міне сондықтан кез келген кәпірді өлтірудің, ал оның мал-мүлкін тартып алудың тіпті де оқасы жоқ“, - дейді. Бұл – шұғыл түрде түзетуді қажет ететін өте қате түсінік. Иә, Құранның кейбір тәпсіршілері «жер бетінде бұзақылық тарату» деген сөздерге қатысты: бұл жерде сөз көпқұдайшылдық туралы болып тұрғанын айтқан, мысалы, мұны имам Абу Хайян былай деп айтқанындай: ««Бұзақылық» - бұл көпқұдайшылдық деп айтылған. Және бұл – жолдардағы қарақшылық, егіндер мен малдарды жою екендігі де айтылған». Қараңыз: “Тафсир әл-Бәхр әл-мухит” 3/347.
Алайда бұл сөздерді дұрыс түсіну керек.
Біріншіден, бұл аятта келген «бұзақылық» сөзінің мағынасын одан кейін келетін аят түсіндіреді: «Аллаһ және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық таратып жүргендердің жазасы - өлтірілулері, не асылулары, яки қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері немесе елден айдалулары. Бұл - олардың дүниедегі жазасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар» (әл-Мәида 5: 33).
Имам Ибн әл-Жәузи бұл аятқа қатысты былай деген: “«Бұзақылыққа» келер болсақ, бұл – адам өлтіру, зақым тигізу, мал-мүлікті тартып алу және жолдарда үрей тарату”. Қараңыз: “Задул-масир” 3/345.
Сондықтан имам әт-Табари де «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық таратпаған біреуді өлтірсе - шынайы түрде барлық адамды өлтірген сияқты» деген аятқа қатысты: “«Жер бетінде бұзақылық» деген сөздер Аллаһпен және Оның Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) соғысу және жолдарда қарақшылық жасау дегенді білдіреді“, - деген. Қараңыз: әт-Табари “Тафсир” 8/348.
Ал «Аллаһпен және Оның Елшісімен соғысу» сөздері, имам әл-Уахиди айтқанындай, «Оларға мойынсұнбау және бағынбау» дегенді білдіреді дегенді біз айтып кеткен едік. Қараңыз: “Тафсир әл-Уахиди” 1/317.
Екіншіден, «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық таратпаған біреуді өлтірсе - шынайы түрде барлық адамды өлтірген сияқты» деген аяттың мағынасын басқа имамдар: “Мұсылмандарды қақысыз өлтіру; некедегі адамның зина жасауы; діннен шығу; жолдарда қарақшылық пен тонаушылық жасау; т.с.с шариғат адамды өлім жазасымен жазалауға рұқсат беретін, бұған Құран мен Сүннетте тікелей нұсқаулар бар, әрі олар үшін өлім жазасы берілуге тиіс жағдайлар туралы сөз болуда“, - деп түсіндірген. Сондықтан да имам Ибн Әби Заманин «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық таратпаған біреуді өлтірсе» деген бұл аятқа қатысты: “Яғни өлім (жазасы) тағайындалмаған нәрсе үшін өлтірсе”, - деп айтқан. Қараңыз: “Тафсир Ибн Әби Заманин” 2/23.
Сонымен, бұл аятта күпірлік туралы сөз болып тұр деп айтқан имамдар Исламда өлім жазасымен жазаланатын діннен шығуды меңзеген!
Әрі бұл аяттарды басқаша түсінуге болмайды! Егер күпірлігіне қарамастан, келісім-шарт жасасқан кәпірді өлтіру харам болып табылса, қалайша енді кез келген кәпірді оның күпірлігі үшін өлтіруге болады?! Онда жизия төлейтін және соған қоса өздерінің күпірлігінде қалатын кәпірлердің ислам жерінде болуына қалайша рұқсат етіледі?! Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді ғой: «Кім му’ахадты өлтірсе, Жәннаттың хош иісін де сезбейді. Ал онының хош иісі қырық жылдық қашықтықтан сезіледі». Әл-Бухари 2995.
Ибн Хәжар былай деп жазған: «Хадисте мұсылмандармен келісім-шарты бар кәпір туралы сөз болуда, мейлі ол - жизия төлеу, әмірмен бітім немесе мұсылман адам тарапынан берілген қауіпсіздік кепілдігі (әман) болсын». “Фатхул-Бари” 12/259.
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деді: «Ақиқатында, адамға қауіпсіздік кепілдігін беріп, кейін оны өлтіргенге - тіпті өтірілген (адам) кәпір болса да - менің қатысым болмайды!» Ахмад 5/223. Ибн Мәжаһ 2/896. Хадистің сахихтығын хафиз әл-Бусайри және шейх әл-Әлбани растаған.
Ал енді кәпірлердің үкімі туралы мәселені бұл үмметтің имамдары қалай түсіндіргеніне назар аударайық:
Имам Ибн әс-Саләх былай деп айтты: “(Бұл мәселедегі) негіз – жер бетінде кәпірлердің болуының рұқсат етілетіндігі, өйткені Аллаһ Тағала жаратылыстардың өлтірілуін қаламайды және оларды өлтірілулері үшін жаратпады! Ақиқатында, Аллаһ олардан келетін зиянның себебінен оларды өлтіруге рұқсат етті, бірақ бұл (кәпірлерді өлтіру) олардың күпірлігі үшін жаза болғандықтан емес! Бұл дүние жазалау мекені болып табылмайды ғой, себебі амалдар үшін жазалау немесе сыйға бөлеу Қиямет Күні болады. Ал егер кәпірлер мұсылмандардың билігінде болса және біздің заңдарымызды орындаса, біз олардан тіршілігімізді қалыпқа келтіруде пайда көреміз. Және бізде оларды өлтіру үшін себеп қалмайды, ал олардың жазасы Аллаһтың алдында. Өйткені кәпірлер мұсылман мемлекеттерінде тұрып жүргенде, мүмкін, олар Аллаһтың олардың табиғаттарында (фитраларында) не жаратқанын көрер. Ал егер мәселе осы жағдайда болса, онда: «Мәселенің негізі - кәпірлерді өлтіру керектігінде», – деп айтуға тыйым салынады!» Қараңыз: “Фатауа Ибн әс-Саләх” 224.
Шейхул-Ислам Ибн Таймия «Маған адамдар: «Лә иләһә иллә-Ллаһ», - деп айтпайынша, олармен соғысу бұйырылды!» деген хадиске қатысты: “Бұл –Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) баршаны қатарынан өлтіре беру бұйырылғанын және бұл мақсат болғандығын білдірмейді. Жоқ! Ақиқатында, бұл – Құранға, Сүннетке және бірауызды келісімге (ижмаъ) деген қарама-қайшылық! Және Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан бұлай істемеген, әрі оның өмір тарихы ол өзіне тиіспеген адамдарға тиіспегенін нұсқайды!”, - деген. Қараңыз: “Қа’ида фи қитал әл-куффар” 117.
Шейхул-Ислам Ибн Таймия сондай-ақ былай деді: “Ақиқатында, кәпірлермен тек бір себеппен ғана шайқасады, ал бұл себеп – соғыс! Және бұл – ғалымдардың басым бөлігінің пікірі, бұған Құран мен Сүннет те нұсқайды!» “ән-Нубууат” 140.
Шейхул-Ислам Ибн Таймия сондай-ақ былай деген: “Ақиқатында, бұл дүние жазалау мекені болмағандықтан, бұл дүниедегі жаза күнәнің ауырлығына немесе оның жеңілдігіне нұсқамайды, өйткені жазалау мекені – ана дүние! Алайда бұл дүниедегі жазалар бұзақылық пен өшпенділікке тыйым салу үшін заңдастырылған, бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деп айтқанындай: «Соның (Адамның бір ұлы екіншісін өлтіргенінің) салдарынан Исраил ұрпақтарына: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық таратпаған біреуді өлтірсе - шынайы түрде барлық адамдарды өлтірген сияқты...», - деп жаздық» (әл-Мәида 5: 32).
Әрі періштелер Аллаһқа былай деді: «Онда (Жерде) бұзақылық таратып, қан төгетін біреуді жаратамысың?» (әл-Бақара 2: 30).
Періштелер айтқан бұл екі нәрсе Аллаһ Исраил ұрпақтарына өлім жазасын бұйыруының себебі болып табылады. Өйткені жизия төлейтін кәпірлердің иманды қалдыру күнәсі барша мұсылмандардың пікірі бойынша біз өлім жазасына кесетін зинақордың және адам өлтіргеннің күнасынан жаман болуына қарамастан, оларға мұсылмандардың жерінде өмір сүруге рұқсат етіледі ғой. Әрі Абу Ханифа «кәпірмен оның дұшпандығының себебінен соғысады және егер ол соғыспаса, онымен де соғыспайды» деп есептеген. Және осы себепті жизия тек Кітап иелерінен ғана емес, көпқұдайшылдардан да алынады. Және бұл – имам Малик пен имам Ахмад пікірлерінің бірінде келіскен нәрсе”. Қараңыз: “Мажму’ул-фатауа” 20/101.
Шейхул-Исламның мына сөздеріне назар аударыңыз, себебі бұл жерде ол сөз болып жатқан мәселені түсіндіреді!
Шейхул-Ислам Ибн Таймия сондай-ақ былай деген: “«Жер бетінде бұзақылық таратуға тырысқан» деген сөздер бұзақылығы басқаларға тиетін адамға қатысты. Өйткені егер бұзақылық тек адамның өзіне ғана тисе, онда ол туралы: «Жер бетінде бұзақылық таратуға тырысқан» , - деп айтылмайды!” Қараңыз: “әс-Саримул-маслюл” 291.
Шейх Ибн әл-Қайим былай дейтін: “Кәпірлерді өлтіру күпірліктерінің себебінен емес, соғысу себебінен рұқсат етіледі! Және дәл осы себепті соғысуға қатыспайтын әйелдер мен балаларды, келісім-шартта болғандарды және монахтарды өлтіруге тыйым салынған еді! Оның үстіне, біз (тек) өзімізбен соғысқандармен соғысамыз!” “Әхкаму әһли-зимма” 1/27.
Уа, мұсылмандар, бұл имамдардың сөздеріне назар аударыңдар! Яғни шабуыл жиһадында да мұсылмандар тек өздеріне қарсы соғысатындармен ғана соғысады! Және бұл Аллаһ Тағаланың: «Өздеріңмен соғысқандармен Аллаһ жолында соғысыңдар да, шектен шықпаңдар. Негізінен, Аллаһ шектен шығушыларды жақсы көрмейді» (әл-Бақара 2: 190), - деп айтқанына сәйкес келеді.
Сондай-ақ кейбір адамдар өздерінің дұрыстығын растау үшін кәпірлердің керуендеріне шабуыл жасаған Абу Басыр мен Абу Жәндәлдің және сондай-ақ олардың жақтастарының іс-әрекеттерін мысалға келтіреді. Олардың бұл дәйегіне жауап, Аллаһтың қалауымен, қарапайым-ақ:
Біріншіден, қай имам осы деректен кез келген кәпірдің мал-мүлкі мен өмірі хәлал болып табылады деген дәлел шығарды?!
Екіншіден, бұл адамдар кәпірлердің барлық керуендеріне емес, тек құрайштықтардың керуендеріне шабуыл жасады! Бұл жөнінде Ибн Са’д, Ибн ‘Абдул-Барр, әс-Сухайли, Ибн әл-Қайим және Ибн Сайд ән-Нас сынды имамдар осы дерекке түсіндіме беріп айтып кеткендей. Қараңыз: “әл-Исти’аб” 4/161, “әр-Раудатул-анф” 4/59, “әт-Табақат әл-кубра” 4/134.
Оның үстіне, хадистің өзінде де бұл туралы тікелей мәтінмен былай деп айтылып тұр: «Әрі, Аллаһпен ант етемін, олар (Абу Басыр және оның жақтастары) қурайштықтардың Шамға бағыт алған керуені туралы естісе болды, міндетті түрде оған шабуыл жасайтын, онымен баражатқандарды өлтіретін және олардың мал-мүліктерін алып қоятын». Әл-Бухари 2731, 2732.
Мәселе мынада: Абу Басыр және оның жақтастарының қурайштықтармен қастығы бар еді, өйткені қурайштықтар Меккеде Ислам қабылдаған мұсылмандарды қинайтын. Сол себепті олар Меккеден қашып шығып кетті де, теңіз жағалауын мекендеді, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көпқұдайшылдармен келісім-шартының себебінен оларды Мәдинаға қабылдамады.
Үшіншіден, Құран мен Сүннетте мұндай дәлелге жүгінуден босататын, өзгенің мал-мүлкін иемденуге тыйым салынғандыққа нұсқайтын көптеген айқын және тікелей дәлелдер бар.
Қазіргі кезде Құран мен Сүннеттің тікелей дәлелдері тұрса да, ерсі және жанама дәлелдерді қолдану сәнге айналып кетті. Мысалы, кейбір адамдар періштелердің адам кейіпінде келуін театралдық қойылымдарды қоюға рұқсат етілгендігіне дәлел ретінде пайдаланады. Немесе музыкалық аспаптардың рұқсат етілгендігіне дәлел ретінде Исрафилдің Қиямет күнінің алдында Сүр үрлейтінін келтіреді. Мұндай дәлелдер Құран мен Сүннеттің айқын және анық мәтіндеріне қайшы келетін адасушылық болып табылады.
Кез келген кәпірдің мал-мүлкіне қатысты тағы да бір қең таралған күмән туралы айтар болсақ, ол – кейбір адамдардың: «Мен ешкіммен ешқандай келісім-шарт жасасқан жоқпын!», - деп айтулары.
Істің мәні – мүндай адамдардың келісім-шарт кейбір жағдайлардың себебінен өздігінен күшке еніп кететінін түсінбеуінде. Сонда, өз сапарластарын өлтіріп, олардың мүлкін иемденіп алған әл-Муғира ибн Шу’ба олармен қандай да бір ресми келісім-шарт жасасқан ба еді?! Оның олармен сапарлас болғанының өзі олардың арасындағы өзара қауіпсіздік кепілдігі туралы келісім-шарт болатын.
Имам Ибн әл-Мунзир былай деген: “Ақиқатында, Муғира олармен жолда бірге жүріп отырғандықтан әрі олардың әрқайсысы (жолдағы) серігінен өз өмірі мен мал-мүлкіне қатысты қауіпсіздікте болғандығы себепті бұл (яғни оларға қастандық жасау) оған (Муғираға) харам болған етін. Және оның оларды өлтіріп, мал-мүлкін иемденгені - оларға қатысты қиянат болды. Ал, сенімді (аманатты) әрбір адамға қатысты: мейлі олар ізгі, бұзақы, иман келтірген, немесе кәпір болсын - ақтау керек!” Қараңыз: “әл-Әусат” 11/314.
Имам Ибн Баттәл былай деген: “Мысалы, егер адам кәпірлермен сапарлас болса, олардың әрқайсысы басқасынан қауіп-қатерден сақталған болады. Және мұндай жағдайда қан төгу де, мал-мүлікті алып қою да қиянат болып табылады, ал қиянат тіпті кәпірлерге де қатысты тыйым салынған”. Қараңыз: “Шарх Сахих әл-Бухари” 8/129.
Хафиз Ибн Хәжар былай деген: “ Бұл хадистен кәпірлердің мал-мүлкін қауіп-қатерсіздік (бейбітшілік) кезінде қиянатшылдықпен алып қоюға рұқсат етілмейтіндігі шығады, өйткені сапарлас топ бір-бірінен қауіп-қатерден сақталған күйде бірге жүреді”. Қараңыз: “Фатхул-Бари” 5/341.
Сөйтіп, бұл хадисте кейбір білімдері жеткіліксізсіз мұсылмандар айтып жүрген «Мен олармен ешқандай келісім-шарт жасасқан жоқпын» немесе «Олармен бірге бір ұшақтың ішінде немесе автобустың ішінде болғанда, мен олармен ешқандай келісім-шартқа қол қоймадым!» деген сөздерін айқын түрде жоққа шығару бар.
Мұның барлығы – өзін-өзі алдаушылық, себебі бұл нәрселердің (яғни бірге сапарға шығудың немесе жолаушылар көлігіне бірге мінудің) өзі адамдардың арасындағы өзара қауіпсіздік келісім-шартты меңзейді. Егер адамдар қандай да бір адамның жауыздығы мен қиянатшылдығы туралы немесе ол кез-келген уақытта мал-мүлікті тонауы, не басқа да бір зиян тигізуі мүмкін екендігін білсе, оны ұшаққа немесе автобусқа отырғызар ма еді, әлде жай ғана онымен бір көлікте отырар ма еді?!
Әрі қарай: егер қандай да бір кәпір, мейлі тіпті ол соғысушы болса да, мұсылмандардың территориясына кірсе және оған кіру визасы немесе т.с.с. рұқсат берілсе, оған тиісуге тыйым салынады, өйткені бұл қауіпсіздік кепілдігін бұзу болғандығы. Ал, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Барлық мұсылманның қаны тең дәрежеде құнды, ал олардың ең беделсізінің берген кепілдігін өзгелердің барлығы орындауға тиісті». Абу Дауд 2751, Ибн Мәжаһ 2685, Ибн әл-Мунзир 11/151. Хадис сахих, бұл жөнінде шейх әл-Әлбани айтқан.
Меккені алғаннан кейін Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарға қатысты өздерінің оңбағандылығымен және қиянатшылдығымен ерекше танылған тек бес адамнан басқа, оның тұрғындарын өлтіруге және олардан өш алуға тыйым салғаны жеткізіледі. Ал ол бесеуін, олар тіпті Қағбаның көлеңкесінде кездессе де, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өлтіруді бұйырды. Сонымен Ибн Хубайр осы бесеудің біреуі еді. Ал Умм Ханидің бауыры Али оны көріп қалып, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығын орындау үшін ізінен қуып жөнелген кезде, Ибн Хубайр Умм Ханидің үйіне кіріп кетіп, одан пана сұрады, ал ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірі туралы білмей, оған қауіпсіздік кепілдігін берді. Кейін ол өзі Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөйлеспейінше, оған тиісуге тыйым салды. Имам әл-Бухариден келген хадисте Умм Хани Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кіріп: «Уа, Аллаһтың Елшісі, менің бауырым (Али) мен өзімнің қорғауыма алған Хубайрдың ұлын өлтіремін деп жатыр!», - дегенде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Умм Хани, сен өзіңнің қорғауыңа алғанды біз өзіміздің қорғауымызға аламыз», - деді. Әл-Бухари 357.
Егер тіпті әйелдің берген қауіпсіздік кепілдігі есепке алынып, осы кәпірдің қаны мен мал-мүлкі басқаларға харам етілген болса, онда мемлекеттің өз еліне кірерде адамға беретін кепілдігінің орындалуы туралы не айтуға болады?!
Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деді: “Қауіпсіздік кепілдігін кез келген кәпірге беруге болады, және мұны кез келген мұсылман істей алады!” “Саримул-маслюл” 95.
Енді қауіпсіздік кепілдігі қалайша іске асатындығы жайлы аз-маз айтып өтейік:
Умар ибн әл-Хаттаб былай деді: “Егер мұсылман оған: «Маттарс», - десе, ол оған қауіпсіздік кепілдігін берген болады. Және егер ол оған: «Лә тадхәл», - десе де, ол оған қауіпсіздік кепілдігін берген болады. Ақиқатында, Аллаһ барлық тілдерді біледі!” Абдур-Раззақ 5/219, Са’ид ибн Мансур 2599.
«Маттарс» және «Лә тадхәл» - парсылар мен эфиоптардың тілдерінде «қорықпа» дегенді білдіреді.
Имам Ахмад және Ибн Таймия былай деген: “Кәпір өзіне берілген қауіпсіздік кепілдігі деп түсінген кез келген нәрсе, оған қауіпсіздік кепілдігін беретіні Сүннеттен келген!” “әл-Инсаф” 10/348, “Бәяну-ддәлил” 64.
Имам Ибн Мунасыф былай деді: “Дұшпан өзіне берілген қауіпсіздік кепілдігі (әман) деп түсінген кез келген тілдегі кез келген нәрсе: мейлі ол сөз болсын, мейлі жазу немесе ым болсын - оған бұл кепілдікті береді, тіпті мұсылман мұны меңземеген болса да!” “әл-Инжад” 2/45.
Имам Ибн Қудама былай деген: “Егер кәпірлерге олар оны қауіпсіздік кепілдігі (әман) деп есептеген белгі берілсе, онда бұл - олар үшін «әман» болады. Және егер кәпірлер өздерінің қамалынан «бұл белгі – қауіпсіздік кепілдігі» деп ойлап шықса, онда оларды өлтіруге болмайды! ” Қараңыз: “Шарх әл-Кәбир” 10/559.
Жоғарыда келтірілгендердің негізінде мына нәрсе айқын болып отыр: мұсылмандардың еліне кірейін деп жатқан кәпірдің төлқұжатына қойылатын виза оған қауіпсіздік кепілдігін береді. Және осыда ешқандай күмән жоқ.
Сол секілді бұл кәпірлердің елінде өмір сүріп жатқан немесе виза яки кіруге рұқсат алып сол жерге келген мұсылмандарға да қатысты болады. Оларға бұл кәпірлерді өлтіруге, олардың мал-мүлкін тонауға тыйым салынады, өйткені мұның барлығы – қиянатшылдық және қауіпсіздік кепілдігін (әманды) бұзу. Имам әш-Шәфи’и “әл-Умм” кітабында былай деді: “Егер дұшпандар мұсылмандардан біреуді тұтқынға алып, кейін оны азаттыққа жіберген және қауіпсіздікпен қамтамасыз еткен болса, онда олардың берген қауіпсіздік кепілдігі - олардың өздеріне де берілген қауіпсіздік кепілдігі болып табылады, және оның (мұсылман адамның) оларды қиянатшылдықпен өлтіруіне және оларға сатқындық (қиянат) жасауына құқығы жоқ”.
Ал егер тіпті кәпірлер тұтқынға алған адамның олардың территориясында ешнәрсе істемеуі керек болса, онда олардың территориясына өз еркімен барған, немесе олардың жерінде өмір сүретіндер туралы не айтуға болады!
Имам Ибн Қудама былай деді: “Кім дұшпан жеріне қауіпсіздік кепілдігін алып кірген болса, олардың мал-мүлкіне қиянатшылдықпен қол сұғуына немесе олармен өсімқорлықпен айналысуына құқығы болмайды. Олардың өздеріне қатысты қиянат туралы айтар болсақ, оған тыйым салынған, өйткені олардың берген қауіпсіздік кепілдігі оларға қатысты сатқындық (қиянат) жасалмауын білдіреді. Тіпті бұл шарттар сөзбе-сөз (ауызша) келісілмеген болса да, мұның мәні әрекеттің өзінен айқын болып тұр”. “Әл-Муғни” 13/152.
Бірақ егер белгілі бір кәпір қандай да бір ақылға сыймайтын тәсілмен мұсылмандардың жеріне келісім-шартсыз түсіп қалған болып шықса да, бұл біздің заманымызда іс жүзінде мүмкін емес болса да, мұның өзі де «оны бірінші болып ұстап алған адам тонай алады немесе өлтіре алады» дегенді білдірмейді!
Имам Ибн Қудама былай деген: “Егер соғысушы кәпір мұсылмандардың жеріне қауіпсіздік кепілдігінсіз кірсе, онда қарау керек: егер оның мұсылмандардың жерінде сатқысы келген сатылатын тауарлары бар болса, онда оған кедергі жасамау керек, өйткені кәпірлердің сауда жасау үшін бізге кіруі дәстүрге айналған”. Қараңыз: “әл-Муғни” 9/199.
Бұдан қалса, егер қандай да бір кәпір мұсылмандардың жеріне тіпті қауіпсіздік кепілдігінсіз және сауда-саттық мақсатынсыз кіріп келсе, алайда мұсылмандардың жеріне өзіне ешкім зиян тигізбейді деп сеніп кірсе, онда оған да тиісуге болмайды! ‘Умар ибн әл-Хаттаб бір елде әкім болып отырған Са’ид ибн ‘Амирге насихат айтып хат жолдағанда, басқалардың қатарында мыналарды жазды: «Ал егер сендерге кәпірлерден болған бір адам өзі үшін қауіптенбей келсе, әрі сендер оны ұстап алсаңдар, онда егер ол сендерге саналы түрде түскенін білсеңдер, онымен ешнәрсе істеулеріңе болмайды!» Қараңыз: имам Малик “әл-Мудаууана” 2/145.
Осының барлығы біздің кезімізде кең таралған «Кез келген кәпірдің мал-мүлкі - хәлал, өйткені қазір бүкіл кәпір әлемі мұсылмандармен соғысуда» деген пікірді жоққа шығарады.
Кәпірлердің мал-мүлкі туралы имамдардың айтқан сөздері
Айтылғанның барлығын бекіту үшін талқыланып отырған мәселе бойынша барлық мазһабтардың және әртүрлі уақыттарда өмір сүрген имамдардың айтқан сөздерін келтіреміз:
Имам әш-Шәфи’и былай дейтін: “Егер мұсылман (адам) дұшпан аумағына (жеріне) (дарул-харб) кепілдікпен кірсе және ол олардың мал-мүлкінен қандай да нәрселерді иемденуге қабілетті болса, бұл оған рұқсат етілмейді, ол (мал-мүлік) көп болса да, аз болса да! Және адамның мал-мүлкі бірнеше жақтан харам болады: біріншісі – Ислам; екіншісі – жизия төлеумен жасалған келісім-шарт; үшіншісі – белгілі уақытқа (берілген) кепілдік (әман)”. Қараңыз: “әл-Умм” 4/284.
Имам әш-Шәфи’и сондай-ақ былай дейтін: “Қарызы бар адамға қарыз берушісінің рұқсатынсыз, мейлі ол – мұсылман, мейлі - кәпір болсын, жиһадқа (кифаяға) шығуға рұқсат етілмейді”. Қараңыз: “әл-Умм” 5/370.
Таңқаларлық жағдай емес пе, бауырлар? Кәпірге қарызы бар адамға имам әш-Шәфи’и тіпті жиһадқа шығуға рұқсат етпеген. Сонда ол кәпірлердің мал-мүлкі хәлал екендігін түсінбеді ме, оның үстіне, жиһад туралы сөз болып тұрғанда?!
Имам әш-Шәфи’и сондай-ақ, былай деп айтқан: “Егер соғысушы (харбий) кәпір ислам еліне қауіпсіздік кепілдігімен кіріп, артынша өлсе, оның мал-мүлкіне тиісуге болмайды. Және мұсылмандардың әмірі оның мал-мүлкін оның мұрагерлеріне, олар қай жерде болмасын, жіберуі тиіс”. Қараңыз: “әл-Умм” 4/296.
СубханАллаһ, Ислам деген - міне осы, уа, мұсылмандар! Кәпірлердің және білімі жеткіліксіз мұсылмандардың көз алдында Исламды бетімен кетушілік пен қарақшылыққа айналдырмаңдар!
Имам Ахмад былай деген: “Егер мұсылмандар теңізге шықса, ал оларға мұсылман елдеріне бет алған, дұшпан елінің көпқұдайшылдарының қатарынан болған саудагерлер кездессе, мұсылмандар оларға бөгет жасамауы тиіс және олармен соғыспауы керек. Және мұсылман жеріне дұшпан территориясынан сауда жасау үшін келген әрбір (адаммен) сауда жасасуға болады”. Қараңыз: “әл-Муғни” 8/245.
Егер тіпті тұрғындары мұсылмандарға қарсы соғысушы елден келген саудагерлерге тиісуге болмайтын болса, онда мұсылмандармен соғыспайтын кәпірлер туралы не деуге болады?!
Имам Ахмадтың бұл сөздерінде біздің кезіміздегі кәпірлерге бойкот жасау міндеттілігі сияқты жаңа құбылысты және «Мұсылмандар баяғыда кәпірлердің дұшпан елімен емес, тек зиммийлермен ғана сауда жүргізген» деген сөздерді жоққа шығару бар екендігін айта кетуге болады.
Қады Абу Я’лә былай деген: “Егер мұсылман (адам) дұшпан аймағына кірсе, немесе олардың тұтқынында болып, олар оны босатып жіберген болса, онда оған олардың өміріне және мал-мүлкіне қол сұғуға болмайды. Олар оны қауіп-қатерден сақтандырғандай, ол да оларды өзінен қауіп-қатерсіз етуі керек!” Қараңыз: “әл-Әхкаму-ссултания” 152.
Егер кәпірлердің тұтқынының үкімі осылай болса, онда кәпірлердің еліндегі (ешкім тиіспеген) туристтің немесе сол елде тұрушы (мұсылманның) үкімі туралы не айтуға болады?!
Имам әс-Сархаси былай деген: “Егер мұсылман (адам) кәпірлерге олардың рұқсатымен кіріп барса, оның оларға қатысты қиянат жасауына болмайды. Ал егер ол бәрібір оларға қиянат жасаса және олардың мал-мүлкін иемденсе және содан соң оны ислам мемлекетіне айдап жіберсе, онда (басқа) мұсылманның одан бір нәрсе сатып алуы (егер ол бұл нәрсенің жаман жолмен табылғанын білсе) дұрыс емес (сөгіс айтылатын) амал болып есептеледі!” Қараңыз: “әл-Мәбсут” 10/96.
Мың жыл бұрын өмір сүрген бұл имамның сөздеріне назар аударыңдар. Оның сөздері, айталық, Европада өмір сүріп, сол жердегі кәпірлердің тауарларын ұрлайтын, кейін олар ұсталынып өз елдеріне депортацияланатын (мемлекеттен күштеп айдап жіберілген), ал олар ол жерде барлық ұрлаған нәрсесін сата бастайтын мұсылмандарға қатысты емес пе?!
Имам әс-Сархаси сондай-ақ былай дейтін: “Мустаминдердің (қауіпсіздік кепілдігімен кіретін кәпірлер) жай-күйі зиммийлердің жай-күйіндей. Сол себептен олар мұсылмандардың әмірлері тарапынан міндетті түрде көмек көрсетілуіне байланысты бірдей дәрежеде. Мысалы, оларды жәбірлеуден қорғау, өйткені олар оның билігінің астында тұр!” Қараңыз: “әс-Сияр әл-кәбир” 5/1891.
СубханАллаһ, мұсылмандардың әмірі оның территориясына қауіпсіздік кепілдігімен кірген кәпірлерді жәбірлеуден қорғау қажет деген оның сөздеріне назар аударыңыздар! Ал мұндай сөздер үшін біздің кезімізде сені оп-оңай күпірлікте айыптауы немесе саған кем дегенде «әл-уалә уәл-бара» (достық және қатыссыздық) мәселесінде ауытқығандық туралы айып тағуы мүмкін!
Имам Ибн Қудама былай деді: “Кім дұшпан жеріне қауіпсіздік кепілдігін алып кірген болса, олардың мал-мүлкіне қиянатшылдықпен қол сұғуына немесе олармен өсімқорлықпен айналысуына құқығы жоқ. Оларға қатысты қиянат туралы айтар болсақ, оған тыйым салынған, өйткені олардың берген қауіпсіздік кепілдігі оларға қатысты сатқындық жасалмауын білдіреді. Тіпті, бұл шарттар сөзбе-сөз келісілмеген болса да, мұның мәні әрекеттің өзінен айқын болып тұр”. “әл-Муғни” 13/152.
Имам әл-Марғинани былай дейтін: “Егер мұсылман (адам) дұшпан территориясына саудагер болып кірсе, онда оған олардың мал-мүлкінен қандай да бір нәрсені иемденуіне және сондай-ақ олардың өміріне қол сұғуына болмайды!” Қараңыз: “Бидаятул-мунтаха” 118.
Имам ән-Нәуауи былай дейтін: “Егер мұсылман (адам) дұшпан территориясына кепілдікпен кірсе және оларға тиесілі қандай да бір нәрсені иемденіп алса, әлдебір нәрсені ұрласа, ал содан соң мұсылмандардың жеріне қайта оралса, ол иемденген нәрсесін қайтаруы қажет!” Қараңыз: “Раудату-тталибин” 10/291.
Имам ән-Нәуауи сондай-ақ имам әр-Рафи’идің мына сөздерін жеткізген: “Егер адам дұшпан жеріне қауіпсіздік кепілдігімен кіріп барса, онда оған ол жерден қойма алуға рұқсат етілмейді, ол оны күштеп тартып алса да, жай тауып алса да. Сондай-ақ ол оларға тиесілі нәрселерге қатысты қиянат жасай алмайды, ақиқатында, ол оларға тиістіні өздеріне қайтаруға міндетті!” «Әл-Мәжму’» 6/51.
Имам Ибн Муфлих былай деген: “Егер кәпірлер тұтқындағы мұсылманды босатса, ол оларға қиянат жасамастан қашып кетуі керек. Және олардан алған нәрселерін өздеріне қайтаруы керек, өйткені ол қауіпсіздік кепілдігінде. Егер ол осылай жасамаса, онда ол – қиянатшыл! Және егер кәпірлер оны ол кейін оларға мал-мүлік (тұтқыннан босатылғаны үшін өтеу) жібереді деген шартпен босатқан болса, оның шамасы жетсе, ол оларға ақша жіберуге міндетті. Бұл – саудадағы төлем сияқты. Және бұл жөнінде имам Ахмад та айтқан, өйткені келісім-шартты орындауда тұтқын (мұсылмандар) үшін пайда бар, ал келісім-шартты бұзуда түтқын (мұсылмандар) үшін зиян бар, өйткені осыдан кейін кәпірлер мұсылмандарға сенбеуі мүмкін!” Қараңыз: «әл-Мубди’» 3/396.
Аллаһу акбар, бұл сөздер мені таң қалдырды!
Имам Ибн әл-Хумам әл-Ханафи былай дейтін: “Егер мұсылман (адам) дұшпан аймағына саудагер болып кірсе, онда оған олардың мал-мүлкінен қандай да бір нәрсені иемденуіне және, сондай-ақ, олардың өміріне қол сұғуына болмайды!” Қараңыз: “Шарх Фатх әл-Қадир” 6/17.
Имам Мухаммад әш-Шайбани былай дейтін: “Егер мұсылмандардың тобы олармен соғысушы кәпірлерге келіп: «Біз – халифаның елшілеріміз», - десе және қандай да бір қағазды халифаның хаты деп шығарып көрсетсе немесе еш нәрсені шығарып көрсетпесе, онда бұл - көпқұдайшылдарға қатысты қиянат болады! Ал егер оларға: «Кіре беріңдер!», - деп айтылса, және олар дұшпан территориясына кірсе, онда олар олардың жерінде болған кезінде дұшпандардан ешкімді өлтірулеріне және олардың мал-мүлкінен қандай да бір затты алуға рұқсат етілмейді!” Қараңыз: “әс-Сияр” 2/66.
Шейх Ибн Баз басқаратын Сауд Арабиясының пәтуалар және ғылыми зерттеулер бойынша Тұрақты Комитетінің (әл-Ләжнату-ддаима) ғалымдарына «Кәпірлердің елінде өмір сүріп, осы елге зиян тигізу үшін, мемлекеттен электр қуаты мен суды ұрлауға болады ма?» деген сұрақ қойылды.
Сондай-ақ оларға «Электр қуатына, газға, телефонға т.б. төлемақы төлеуден бас тартуға болады ма?!» деген сұрақ қойылғанда, олар: “Бұған рұқсат етілмейді, өйткені бұл адамдардың мал-мүлкін қақысыз жеу және сенімді бұзу болып табылады”, - деп жауап берді. «Фатауа әл-Ләжна әд-даима» 23/441
Шейх Ибн Баз былай дейтін: “Кәпірлердің елдерінде өмір сүретін мұсылмандар үшін, егер олардың мүмкіндігі болса, діни рәсімдерді ұстанатын ислам қалаларына қоныс аудару міндетті (уәжіп) болады! Егер мұндай мүмкіндік болмаса, онда жамандық аздау болған қалаға қоныс тебуі керек, мұны сахабалардан құралған топ, Аллаһ оларға разы болсын, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығы бойынша Меккеден Эфиопияға жасағанындай. Өйткені бағындырылғанға дейінгі Меккеге қарағанда, сол кезде Эфиопияда мұсылмандар үшін жамандық аздау еді. Ал, егер мұсылмандар бұл қоныс аударуды да жасай алмаса, онда олар Аллаһтан қорқып, Аллаһ тыйым салған нәрселерден сақтанып, Аллаһ Тағала оларға жүктеген міндеттерді орындаулары қажет. Және егер кәпірлердің елдерінде өмір сүріп жатқан мұсылмандар сол мемлекеттердің көмегін пайдаланып жүрсе, оларға күнә жоқ. Алайда олар солардың мемлекеттерінен материалдық жәрдем алу үшін, өтірікке жүгінбеуі керек! Олар барлық істе Аллаһтан қорқып, барша харам нәрседен сақтанулары қажет және Құран мен Сүннетті оқып-зерттеулері керек, сондай-ақ өздеріне анық болмаған нәрселелерге қатысты білім иелеріне телефон арқылы немесе хатпен жүгінулері қажет.
Аллаһ барлық мұсылмандардың жағдайын тәртіпке келтірсін және олардың дінін сақтасын, өйткені олар үшін өз нәпсілерінен және дұшпандардан келетін жамандық жетіп асады!” Қараңыз: “Мәжму’у фатауа уә мақаләт” 28/163.
Шейх Ибн ‘Усәймин былай дейтін: “Егер кімде-кім: «Бізге соғысушы кәпірлердің мал-мүлкі рұқсат етілмеген бе?», - десе, жауап былай болмақ: «Ия, алайда зұлымдық (жасау арқылы) емес, өйткені мұндай жағдайда бұл бізге тыйым салынған». Бірақ біреу: «Ал келісім-шарты болған кәпірлердің мал-мүлкі бізге хәлал ма?», - десе, жауап: «Жоқ, келісім-шарттағы кәпірлердің мал-мүлкі де, қаны да сендерге рұқсат етілмеген!» Мұның үстіне, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кім келісім-шартта болған кәпірді өлтірсе, Жәннаттың иісін де сезбейді!» Аллаһ бізді мұндайдан қорғасын. Осы себептен де келісім-шарты бар кәпірлердің мал-мүлкіне қол сұғатын алданған адамдардың өшпенділігі, зұлымдығы мен адасушылығы бізге түсінікті болады! Кәпір сенің қалаңа кірді ме, әлде сен олардың қаласына кірдің бе – айырмашылық жоқ. Біз кәпірлердің елдерінде өмір сүретін және: «Бұл кәпірлердің мүлкін бүлдірудің оқасы жоқ!», - деп айтатын кейбір жастар туралы естідік. Және сен олардың көшелердегі жарық жүйелерін қалай бұзып жатқандарын, дүкендер мен машиналарға қалай шабуыл жасағандарын көре аласың. Бұл олар үшін харам болып табылады! СубханАллаһ! Бұл адамдар сендерге қоныс берді және сендер олардың жауапкершілігіндесіңдер, ал сендер оларға қатысты сатқындық жасап жатырсыңдар!
Бұл - Исламды жек көрсетуге және сөгуге мүмкіндік беретін (нәрселердің) ең жаманы. Бірақ іс жүзінде бұл – Исламды жек көрсету емес, алайда өздерін Исламға жатқызатын адамдарды жек көрсету! Сол себептен келісім-шарты болған кәпірлердің мал-мүлкі құрметтелетінін және оған қол сұғылмайтынын білу керек. Және келісім-шарты болған кәпір сенің еліңде ме, әлде сен оның еліндесің бе, оның айырмашылы жоқ. Оларға қол сұғуға рұқсат етілмейді”. Тыңдаңыз “Шарх әл-Әрба’ун” № 24.
Шейх Салих әл-Фаузан: “«Бұлар – кәпірлер, ал сондықтан олардың мал-мүлкін тартып алудың оқасы жоқ!» - деп айтуға болмайды. Кәпірлердің мал-мүлкі (шайқасу кезіндегі олжадан бөлек) рұқсат етілмеген. Және бұл «кез келген кәпірдің мал-мүлкі хәлал» дегенді білдірмейді. Олардың үйіне баса көктеп кіріп, мал-мүлкін тартып алып: «Бұл – хәлал мүлік!», - деу рұқсат етілмеген!” Қараңыз: “Жарида әр-Рияд” № 13785.
Шейх ‘Абдур-Рахман әл-Баррак былай деп айтқан: «Кәпірлерге қатысты олардың елдерінде өмір сүріп жүрген кейбір надан мұсылмандардың жасап жүргендері: ұрлық, олардың құқықтарын бұзу, хақысыз оларды ұрып-соғу және балағаттау сияқты қылмыстары - Ислам шариғатында тыйым салынған (харам) болып табылады! Мұндай адамдардың істеп жүргендерінің Исламға ешқандай қатысы жоқ! Бұдан да сорақысы – бұл түрлі мекемелерді жарып жүрген кейбір адасқандардың жасап жүрген терактілері. Ақиқатында, Аллаһ Тағала жер бетінде әділеттілікті тарату мен Өзінің Сөзін ұлықтау үшін өзінің құлдарының арасында заңдастырған жиһадқа мұның еш қатысы жоқ! Тіпті бұл – тыйым салынған бұзақылық!» “И’тида ‘алә ғайрил-муслимин” 3.
Имамдардың келтірілген сөздерінің негізінде олар бұл мәселеде келіспеушілікті білмегендігі көрінеді. Мұның үстіне, хауариждерден өзге біреудің келісім-шартта болған кәпірлердің мал-мүлкін хәлал дегені белгісіз, өйткені бұл – олардың мазһабының бірі, бұл жөнінде имам әш-Шахристани: “Хауариждер келісім-шартта болған және жизия төлейтін кәпірлердің мал-мүлкін хәлал деп есептеген. Осыны рұқсат етпегендерден бас тартуды да парыз деп есептеген!”, – дегендей. Қараңыз: “әл-Миләл уә-ннихәл” 118.
СубханАллаһ! Аталған барлық нәрселерден кейін де біздің кезімізде муфтисымақ біреу шығып, қандай да бір ой-пайымдарын дәлел ретінде келтіріп, кез келген кәпірдің мал-мүлкі хәлал деп жариялайды! Және мұндай «муфтидің» сөзін қабылдап алып, жоғарыда айтылғандардың барлығын біле тұра, оны аят немесе хадис сияқты негізге алатын адам – одан да таң қаларлық.
Сондай-ақ кәпірлерге зұлымдық көрсетуге тыйым салынғандығы олармен дос болу немесе оларды жақсы көру керек дегенді білдірмейтінін нақтылап айту керек. Жоқ! Кез келген кәпірді, мейлі ол ағайын-туыс немесе Ислам мен мұсылмандардың дұшпаны болсын, олардың күпірлігі үшін жүрекпен жек көру қажет екенін білу керек.
Ал, оларға қатысты ашық түрде дұшпандық пен жеккөрушілік танытуға келер болсақ, ол жағдайға, бұған деген қабілеттілікке (шамаға) және кәпірлердің өздерінің мәртебесіне байланысты әртүрлі болады. Шейх Исхақ ибн ‘Абдур-Рахман ибн Хасан Әли Шейх былай дейтін: “Қатыссыздықтың (әл-бара) негізі - кәпірлерден жүрекпен, тілмен және денемен алыстау болып табылады. Және муминнің жүрегі кәпірлерге қатысты жек көрушілік танытуын тоқтатпайды. Ал шариғи себептермен түрленетін ашық түрде өшпенділік таныту – басқа іс”. Қараңыз: “әд-Дурару-ссания” 8/305.
Барлық жазылған нәрсе тек Аллаһтың разылығын көздеп, көпшілік мұсылмандар қателікке бой ұратын бұл мәселені түсіндіру үшін арналады. Біз мұны қазіргі кезде орын алып жатқан, әр нәрсені өз атымен атайтындарды екіжүзділер, муржилер, мадхалилер, кәпірлердің жақтаушылары, Аллаһтың заңымен үкім етпеуді қолдайтындар деп айыптайтын қисынсыз құбылыстың себебімен айтып отырмыз.
Бұл жолдаудағы ақиқат болған нәрсенің барлығы – Аллаһтан, ал егер біз қателік жіберген болсақ – ол өзімізден және барлық нәрсеге қолын сұғуға тырысатын шайтаннан. Ал Аллаһ Тағала барша кемшіліктерден Пәк!
Және ең соңында әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ!
Және Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!
www.Islam-forum.ru
Достарыңызбен бөлісу: |