Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
А.Қ. Тұрышев
МӘШҺҮР – ЖҮСІПТІҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫ
Оқу құралы
Павлодар
Кереку
2009
УДК 809.434.2
ББК 84(5 каз)5
Т31
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесімен басуға ұсынылды
Пікірсарапшылар:
Ш.Т. Жұмаділова – Павлодар облысының білім беру басқармасы, Тілдерді дамыту бөлімінің бастығы. Ы. Алтынсарин атындағы сыйлықтың иегері;
Б.Қ. Қапасова – Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Мемлекеттік тіл кафедрасының меңгерушісі;
Тұрышев А.Қ
Т31 Мәшһүр-Жүсіптің лингвистикалық көзқарастары: оқу құралы. / А.Қ. Тұрышев – Павлодар: Кереку, 2009. – 193 б.
ISBN 9965-568-94-9
Оқу құралы: 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы. Міндетті компоненттер қатарына жататын. САЕ 306 «Қазақ әдеби тілінің тарихы». Таңдап алынған компонент: МZҺ ТМ «М. Ж. Көпеевтің әдеби мұралары»; БВ Masһ 3205 – «Мәшһүртану» пәндері бойынша жазылды. Оқу құралында: Мәшһүр-Жүсіптің лингвистикалық көзқарастары, атап айтқанда, лингвистикалық мұралары, діни лексикасы жан-жақты зерттеліп, нақты мысалдармен талданады. Сонымен қатар «Араб грамматикасы» туралы ғылыми мақаласы да осы оқулықта берілді. Оқу құралы бакалаврлар мен магистранттарға, мәшһүртанушыларға арналған.
УДК 809.434.2
ББК 84(5 каз)5
ISBN 9965568-94-6
© Тұрышев А.Қ., 2009
© С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2009
Материалдардың дұрыс болуына және грамматикалық, орфографиялық қателерге автор жауапты
Кіріспе
Мәшһүртану ұғымы қазір бекіп, жұртшылыққа кеңінен мәлім болды. Осы орайда, «Мәшһүртану ғылыми – практикалық орталығының» атқарып жатқан ісі аса зор. Мәшһүр – Жүсіп шығармаларының жоспардағы 20 томдығының 14-17 томы баспаға тапсырылды. 19-20 томдықтарын орталық қызметкерлері дайындайды. Ақынның орыс тіліндегі аудармалары 3 томы, ағылшын тіліндегі аудармалары 3 томы жарық көрді. «Мәшһүр – Жүсіп қолжазбаларындағы ислам мәдениеті» 4-5 томы; «Мәшһүр – Жүсіп шығармаларының ғылыми сипаты» 1 томы; «Мәшһүр – Жүсіп тағылымы» 2 томы; Библиографиялық көрсеткіш қазақша сериясы №4; орысшасы №3 дайындалып жатыр. Мұның үстіне «Мәшһүр – Жүсіп лирикаларының көркемдік ерекшеліктері» монография, оқу құралдары дайын. Егер де, 2004 жылдан Мәшһүр – Жүсіп шығармашылығын зерттеу, қолжазбаларын жарыққа шығару ісімен айналыссақ, ендігі жерде осы – мұраларды оқу құралына, оқу әдістемелік құралына, монография түрінде шығарып, оны жалпы білім беретін мектептерде, лицей, колледждарда, ЖОО оқыту насихаттау қолға алынды. Бұл орайда, облыстық қазақ тілі және әдебиеті мұғалімдерімен семинар, конференциялар өткізілді. Мәшһүртану курсының 5-11 сыныптарға арналған оқу бағдарламасы жасалды. Стандартқа сай оқу құралы мен хрестоматиясы (5-11) қолға алынды. Сол сияқты, оқу орыс тілінде жүретін мектептерге де мәшһүртануды оқытудың жоспары жасалды.
Әрине, осының бәрі оңайшылықпен келген жоқ. Облыс мектептерінде аралас (қазақ – орыс тілді) мектептер бар, олардың да оқу процесінде өзіндік ерекшеліктері бар оны да ескеру қажет. Мәшһүртанудың болашақтағы міндеттері Мәшһүр – Жүсіп шығармаларының 20 томдығы шығарылып біткен соң, қолжазбаларын ретке келтіріп, текстологиялық жұмыстар жүргізу; Авторлары берген қолжазбаларды бірі мен бірін салыстырып, зерттеу жасау. Мәшһүр – Жүсіп араласқан өнер адамдары мен ақын – жазушылар туралы зерттеу жұмысын жандандыру. Ақын қолжазбаларын Санкт – Петербург, Москва, Омбы, Орта Азия мұрағаттарынан жинастыру. Электронды нұсқасын жасау. Студенттер қолға алған «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша «Мәшһүр – Жүсіп қысқаша» энциклопедиясын 5 – 10 томын жалғастыру. «Мәшһүр – Жүсіп тағылымы» 10 томын; орысша «Наследия Машһура Жусупа» 10 томын; Тамаша адамдар өмірі сериясы бойынша Мәшһүр – Жүсіп (ЖЗЛ) дайындауды қолға алдық. Мәшһүртануды барлық облыс бойынша, аудан бойынша мектептерде жүргізу үшін көптеген қаражат көзі керек. Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығы интерактивті тақтасы бар, интернет желісіне қосылған мектептерге оқу құралдарын, бағдарламаны т.б. мәшһүртануға байланысты мәліметтерді электронды почта арқылы жібере алады, оған мүмкіндік жасалды. Мұның сыртында 5-11 сынып оқушыларына арналған (оқулық, хрестоматия) қазақ – орыс тілдерінде жазылатын болады. Алдымызда «Мәшһүр – Жүсіп қолжазбаларының ғылыми сипатын» жазу сияқты үлкен міндеттер тұр. Мұның қиындығы да мынада. Араб – парсы тілді мамандар қазақ тілі тарихын жете білмесе, қазақ тілді мамандар араб- парсы тілін жете білмейді де бұл – жұмысты жазу қиындық тудыруда. Біздер уақытша «Мәшһүр – Жүсіп шығармаларының ғылыми сипаты» (қазіргі криллицаға түскен мәтіні бойынша) ғана жазуды қолға алдық. Тағы бір – үлкен міндет қазіргі ақпараттық технологияны пайдаланып Мәшһүр – Жүсіптің сөздік қорын анықтау. «Мәшһүр – Жүсіп тілі сөздігін», «Жиілік сөздігін», «Ұйқас сөздігін» т.б. Бұл орайда, жас мәшһүртанушы А.Көпеев «Мәшһүр – Жүсіп шығармаланының лингво-статистикалық ақпараты» атты магистрлық дипломын қорғады. Демек, болашақтағы келелі іске жол ашылды дегіміз келеді.
Қолдарыңыздағы зерттеу еңбек «Мәшһүр – Жүсіптің лингвистикалық көзқарастары» деп аталады. Біздің қолымызда көптеген мәліметтер бар, оны оқуға мүмкіндігімізде бар. Осы мәліметтерді оқып отырғанда, Мәшһүр – Жүсіптің түркі, қазақ тілі айтқан пікірлеріне, ойларына, қарасөздеріне кездестік. Шығармаларында жеке – жеке тіл туралы жалпы айтылмаса да ара – кідік жекелей көне сөздерге талдау жасап кететінін де байқадық. Және де ол талдаулары байыпты, қазіргі отандық түркологтардың пайымдауларымен үндесіп жатады. Мәшһүр – Жүсіп шығармаларында мақал – мәтелдер оның шығу тегі, жұмбақтар, қарасөздер, күлдіргі әңгімелер, шежірелер оның тілі (шежіреде алуан түрлі тілдік деректер жеткілікті). Әсіресе, қазақ тұрмысына қатысты ескіліктер: заттық, рухани, мифологиялық, метрологиялық жүйесі, адам туғаннан бақиға дейінгі өміріне қатысты тілдік парадигмалар толып жатыр.
Мәшһүр – Жүсіп шығармаларындағы тағы бір тілдік қабат, араб – парсы сөздері. Біз зерттеу жұмысымызда теологиялы лексикаға байланысты (діни сөздер) шамамыз келгенше зерттеуге тырыстық. Бұл – орайда, М.Дауан мен Г.Елемесовалардың еңбектері де ұшан теңіз. Соңғы Мәшһүр – Жүсіп қолжазбаларынан Д.Матаев, Қ.Талқанбаева, Б.Ахметнязов «Мәшһүр – Жүсіптің араб грамматикасын» тауып, 15 томына жариялады. Осындай, жекелеген шығармаларында кеткен мәліметтерді кейін өз алдына дербес кітапша қылып жариялау да ойда бар іс. Осы зерттеу еңбектің ішінде «Мәшһүр – Жүсіптің Араб грамматикасын» қоса беріп отырмыз. Бұндай, қосалқы тілдік мәліметтер мәтін ішінде оқыған сайын ұшырасады. Мәшһүр – Жүсіп жинаған ауыз әдебиетінің үлгілерінде де ескілікті көне сөздер өте көп кездеседі. Бұл дегенміз болашақта «Мәшһүр – Жүсіп этимологиялық» сөздігін, Шежірелердегі ру - тайпа, ел атауларына қатысты туындаған алуан түрлі ТТ., ФЕ немесе көне сөздер тобын зерттеу де күн құрғатпайтын міндетке айналып отыр. Өкінішке орай, ақын тіліне қатысты дайын кандидаттық диссертациялар танымал аға ғалымдардың тарабынан қолдау таппай отырғанын айтуға тиістіміз. Тілдік зерттеулер шыны керек жеңіл методологияға қарай ауысқан сыңайлы, таза теориялық тілдік зерттеулер кенжелеп қалғанын аңғарамыз. Осы олқылықтың орынын толтыру мақсатында да «Мәшһүр – Жүсіп шығармаларының метрологиялық жүйесі» - атты жеке таза тілдік зерттеуді ұсынып отырмыз. Жалпы, тілдік дайындығы бар оқырман, студенттер осы – зерттеу еңбектен көптеген мағұлымат алатынына сеніміміз мол. Ойды, ой қозғап, әлі де болса, тың, жаңа серпілістерге жетелейтін зерттеу мақалалар, еңбектер, шәкірттер қаламынан туатынына зор үмітіміз бар.
1 Мәшһүр-Жүсіптің (Адамжүсіп) Көпейұлының хронологиялық кестесі
Мәшһүр -Жүсіптің әкесі - Көпжасар
(1816 - 1889)
1816 жылы Мәшһүр Жүсіптің әкесі Көпжасар Қызылтауда дүниеге келген. Көпей 18 жасынан 42 жасына дейін 22 жыл жат жерде барлық жастық – жігіттік шағын өткізген.
1834 жылы 18 жасында Қызылжарға барып, медіресеге оқуға түседі.
1834 - 1856 жылдары Бұхар, Ташкент, Түркістан, Қоқан жақта жұмыс істеген.
1856 жылдары елге қайтып келеді де Желтау, Шоқпар маңайындағы Күйеушоқы деген жерді қоныстанады. Сол уақытта мал басы: сиырдың алды 200-ге, қойдың саны 500-ге жеткен.
1858 жылы қыс ішінде Қызылтауға Ашамайтасқа көшіп келіп 4 жыл тұрады.
1861 жылы Көпейдің 45 жасында Қызылтауда «Тауық жұты» болып, мал қырылып, Баян қаласына көшіп келеді. Мәшһүр – Жүсіп ол уақытта 3 жаста болады.
1861 жылы Захар Гришков деген орыстың үй – жайын сатып алып қала сыртынан үй салмақшы болады.
1861 – 1865 жылдары үй салынып біткенше Қызылағаш, Бұзаутас деген жерді мекен қылады.
1865 – 1870 жылдары Қамар хазіретпен жолдас Көпей ұзақ уақыт Баянауыл қаласында тұрақтап қалады.
1889 жылдары өмірінің ақырына дейін Баянауылда тұрады.
1889 жылы 73 мүшелінде қайтыс болып, Баянаулаға жерленген.
Мәшһүр – Жүсіп (Адамжүсіп)
(1858 - 1931 )
1858 жылы әкесі Көпей қыс ішінде Қызылтауға Ашамайтасқа көшіп келіп 4 жыл тұрады.
1858 қой жылы әкесі - Көпей марқұмның 42 жасында, анасы - Танашқызы Ұлбаланың 18 жасында Қызылтауда Ашамай тастың түбінде, ережеп айында, жұма күні Мәшһүр-Жүсіп (азан шақырып қойған шын аты Адамжүсіп) дүниеге келген.
1861 жылы Мәшһүр – Жүсіптің 3 жасында, Көпейдің 45 жасында Қызылтаудан «Тауық жұты» болып, мал қырылып, Баян қаласына көшіп келеді.
1861 – 1865 жылдары үй салынып біткенше Қызылағаш, Бұзаутас деген жерді мекен қылады. Ақын осы өскен жерін жиі есіне алып, өлеңіне арқау қылған.
1863 жылы 5 жасында Мәшһүр - Жүсіп, Баянауыл қаласында Байжан деген хазіреттің ұйымдастыруымен ашылған медіреседе бала оқытып жатқан Нәжімеддин молдадан дәріс алады.
1864 - 1865 жылдары 6-7 жасында Баянаула, Қызылтауда өткізеді. Қызылтауда Төртуыл халфеден бір қыс оқып, Дүржанбай молда, Бибі деген әйел молдадан сабақ алады.
1866 жылы 8 жасында Қамар (Қамараддин) хазіреттен дәріс алады.
1866–1867 жылдары 8 - 9 жасына қараған шағында Шорманның Мұсасы Жүсіпке «Мәшһүр» деген атты қосақтаған. Сөйтіп, осы кезден бастап Мәшһүр – Жүсіп атанды.
1867 жылы 10 жасында Шорман аулындағы Жүніс молданың алдынан сабақ алады.
1866 – 1872 жылдары Мәшһүр - Жүсіп Қамар хазіретке 8 жасында кездескеннен 15 жасқа дейін 7 жыл рухани жолдасы болады. Өзбетімен білімін жетілдіреді. Дінге, ғылымға ден қояды. Атбасар, Қызылжар маңын жайлайтын Алтай, Қуандық, Тоқа елдерін аралап, халықтың ауыр тұрмысын көріп, қайғы - мұңымен танысып, ортақтасады. Өлең жазады.
1874 жылы 16 жасында Әкімбек деген бай жалғыз баласы Қабылбекті оқытуға алып кетеді.
1874 – 1876 жылдары Әкімбектің қолында 2 жыл тұрып ұстаздық қылады, бала оқытады.
1873 жылдары 15 жасында Мәшһүр - Жүсіптің Түркістан, Ташкент жаққа сапарға жолы түседі. Сол жылдары Бұхарға барып «Көкелташ» медіресесінде білімін жетілдіреді.
1877 – 1887 жылдары ақын Сарыарқаның барлық жерлерін аралап, бай мағұлымат (ауыз әдебиетін) жинайды.
1881 жылы В.В. Радловпен кездеседі.
1887 жылы 29 жасында екінші рет Бұхар, Ташкент, Түркістан жаққа барады.
1889 -1890 жылдары «Дала уалаяты» газетіне үзбей мақалалар жазып тұрады. Өлең және дастандарын жазады.
1891 жылы Қазан, Омбы, Томбы, Семей жақтарын аралайды.
1895 жылы 37 жасында үшінші рет Орта Азияға сапарға шығады.
1900 – 1903 жылдары – 1967 - 1968 жылғы «Жаңа низамға» өзінің пікірін айтып, толықтырулар ұсынады. Орыс демократиялық төңкеріске көзқарасын білдіреді.
1902 жылы Абай мен хат алысады.
1907 жылы «Қанды жексенбіні», «Манифесті» айыптап өлең жазады. Тұңғыш рет Думаға депуттатар сайлау жөнінде және мұсылмандардың басын біріктіру туралы идея көтереді. Қазақ өмірінің тарихынан, орыс империясының отаршылдығын әшкерелеп «Сары арқаның кімдікі екендігі?» - деген саяси өлең жазады.
1907 жылы Қазан жандармеясы ақынға іс қозғап 2- кі статьямен сотқа тартады.
1907 жылы 49 жасында төртінші рет Орта Азияға сапарға шығады.
1907 – 1916 жылдары Мәшһүр – Жүсіп елден қашып кетуге, уақытша бой тасалап жүруге мәжбүр болады.
1911 – 1914 жылдары «Айқап» журналына мақалалары өлеңдері жарияланып тұрады.
1916 жылы Ұлт азаттық көтеріліс басталғанда қайтып оралады.
1917 – 1923 жылдары ақпан, қаңтар төңкерісін, қызылдардың қырғынын көреді. Кеңестің түбі құрыйтынын болжап өлең шығарады.
1921 жылы ортаншы ұлы Әмен Ташкентте төңкерістің құрбаны болады (1916 жылғы көтерілістің басы қасында болған, кейіннен Ғани Мұратбаевпен бірге жүрген).
1922 жылы Әмен ұлының басына бармақшы болып жиналып, ақ пен қызылдың қырғын соғысының салдарынан бара алмай қалады.
1923 - 1928 жылдардағы колхоздастыру кезеңінің қателігін айыптап, өлең шығарады.
1929 – 1931 жылдардағы аштықты көзімен көреді, жүрегі аурады.
1916 – 1931 жылдар арасында бос қарап жатпай, Ескелдіде өзі жинаған дүниелерін «Қара месін» жинақтап, көшіріп ретке келтірді.
1931 жылы 17 қарашада «Ескелді» деген жерде дүние салды.
2 Мәшһүр-Жүсіптің (Адамжүсіп) ата-тегі
Еліміздің Егемендік алуымен байланысты Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының мол мұрасын зерттеуге кеңінен мүмкіншілік туды. Әсіресе, Елбасының қолдауымен басталған «Мәдени мұра» бағдарламасына орай, мәшһүртанушылар ақынның туғанына 150 жыл толуына «Мәшһүр-Жүсіп шығармалары жинағының» 20 томдығын дайындап, басып шығаруға белдерін бекем буып отыр. Қазір мәшһүртанушылар ақынның шығармашылық лабораториясын әр қырынан қарастыруда. Осы орайда, ақынның өмірбаяны туралы мағұлымат бірінші рет жан - жақты толық жазылып отыр. Мәшһүр – Жүсіптің өзін тану үшін алдымен оның ата – тегі кім, қандай адамдар болған деген сұрақ кімді болса толғандырары сөзсіз.
Құран кәрімде: «Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» - депті (49-хұжрат сүресі, -Б. 517). Смағұл Садуақасов: «Ж. Көпеев ең алғаш ақындардың өзін, өз руын ғана мақтайтын белгілі әдет дағдысынан бас тартып, халықтың қайғы-мұңын айтып, қасіретін жырлайтын өлеңдер жазды. Оның өлеңдері тұңғыш рет жазба түрде жарық көріп, қазақ әдебиетінің тарихында халықшылдық пен атайтын жаңа бір ағымның арнасын ашып берді» - деп, алғаш баға берген ақынның шыққан ата - тегі туралы қысқаша әңгіме болмақ.
Ал, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ю.И.Барашнев: «С незапамятных времен было замечено: в семьях, где в брак вступают близкие родственники, чаще рождаются неполноценные дети» - дейді («Здоровье» №6, 1987. –Б. 24.). «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» т.б. сияқты келелі сөздер бекерге айтылмаса керек. Бұл – сөздердің мәні мен мазмұны қаншалықты терең екендігіне көзіміз әбден жетті. Оның жарқын көрінісі, нақты қайталанбас мысалы Мәшһүр – Жүсіптің өмірбаяны да болмақшы.
Гүн > Күн. Адамзат ойланғаннан бастап, өзін: қайдан тудым? қалай жер бетіне пайда болдым? - деген мәңгілік сұрақ мазалап келді, әлі де мазалап келеді. Біз де бұл сұраққа жауап бере алмаспыз. Демек, Құранға жүгінеміз. Адам Ата топырақтан жаратылғаны әмбеге аян. Әйел еркектің қабырғасынан жаратылды дегенге де біреу сенеді, біреу сенбейді. «Оғыз қаған» әңгімесіндегі: «Оғыз қаған тәңірге жалбарынып отырғанда көктен жарық келіп, оның ішінен бір қызды көріп Оғыз қаған ғашық болып, кейіннен сол қыз жүкті болып, үш ер бала көтереді» - деген оқиғамен тығыз байланысы бар сияқты. Күн тіршіліктің иесі, жерге нәрін береді. Жан-жануар күннің сәулесін асыға күтеді. Абай: «Күн күйеу, жер қалықтық сағынысты, Екеуінің құмары сондай күшті», Мәшһүр-Жүсіп: «Аспан көк – байы, Жер - қалыңдық» - деп, білмей, көрмей ойжота айтып отырған жоқ, белгілі бір ақиқатқа жүгінгені анық қой. Одан кейінгісі есте жоқ ескі заманда биологиялық жолмен аталық, аналық ұрықтардың қосылысы арқылы өрбігені хақ. Номада өркениетінің түбіне жеткен топан су болғаны да шындық. Әйтпесе, шежірені таратқанда ата саны ары кеткенде 34-35 атаға дейін жетуін қалай түсіндіреміз. Одан арғысы бұлдыр. Ақселеу Сейдімбектің «Шежіре және уақыт» деген ғылыми мақаласы да осы ойға жетелейді (Егеменді Қазақстан. №115-116 (20588) 22 сәуір, 2008). Сондықтан да біз тарихтың түбі жоқ тұңғиығына сүңгімей-ақ, бергі жағынан қайтамыз.
Мәшһүр – Жүсіп: «Әркім өзін таныса, сонда Тәңірісін таниды» - деп жазды. Мәшһүр-Жүсіптің әр аталарының ауызша жеткен тарихы шамамен төмендегідей: Жанарыс – Ақжол (бірде осы ата аталады) – Қарақожа – Арғын – Құтан (Қотан) – Мейрам – Сүйіндік – Суғыншы – Шуманақ – Құлболды – Күлік – Тілеуімбет – Бесім – Ақжігіт – Сермұхаммед – Көпжасар (Көпей) – Мәшһүр-Жүсіп.
Жанарыс. Көне көз шежірешілер Қазақтан: Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс туған дейді. Ақарыс – Ұлы жүз, Жанарыс – Орта жүз, Бекарыс – Кіші жүз. Аңыз, аңыз болса да біз үшін шындық. Соның бірі мынандай: Жанарыстың екі әйелі болған екен. Бірде, бірінің пұшпағы қанамай «бізге күн көру қайда, жас иісті баланы-ай» - деп зарығып жүрген кезі екен дейді. Содан ойламаған жерден алты қожа кез болып, қонағаға келіпті. –Ой, Құдай-ай, берді ғой! Бала беретін әулиелер келді деп қуаныпты. Сыйынбасам маған серт, қолдамасаң саған серт! Сарт болсаң садағам кет! – деп, алтауына алты қой сойыпты. –Кір қоңдарыңды жуыңдар, аттарыңды суытыңдар. Осы қойдың етін жеп тауыспай, сендерді жібермейміз деген екен. Сонда риза болған қожалар, - осы алтауымыздың да атын бердік, алты ұлға ата-ана боласыңдар деп баталарын берісіпті. Ол қожалардың аттары: Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа, Смағұлқожа, Қасымқожа деген екен.
Арғын. Арғынның Әргүл деген бәйбішесінен Мейрам сопы туады. Арғын бабамыздың кіші әйелі Момыннан: Ақжолсопы, Қызылсопы, Қарасопы, Сарысопы туған екен. Арғын бабамыз жүз алты жасқа келгенде құмасы Айнакөзден Тәнбіс сопы туған. Асылы Арғын он екі атаның ұлына қарайды. Қазақ кейде «алты атаның ұлы - Арғын» - деп сөйлейтіні содан болса керек.
Құтан (Қотан). Әргүлден екі бала туады: Құтан және Ботан. Ботан жас кезінде өледі де артында ұрпақ қалмайды. Құтанның Қарашаш деген жалғыз қарындасы және Мейрамсопы деген ұл қалады:
Сұрасаң арғы атамды ер Қотанды,
Сұлтанбек Әзілден ол бата алды.
Мейрамұлы Қарашаш бір қыз туып,
Қуандық, Сүйіндік боп сонда атанды
- деген өлең жолы ел аузында сақталған.
Уақ Жарқын би Көтеш ақыннан «Бұл ақындық ата-бабаңыздан бар ма еді, нағашы тегіңізде бар ма еді?» - деп сұраған екен. Сонда Көтеш ақын:
Қазақта арғын аға болған зерек,
Басқадан ол кісінің жөні бөлек.
Біздердің түп атамыз ақын Қотан,
Өзгеден өлеңге үстін болса керек
- деп жауап беріпті.
Бұхар жырау да айтыпты деген бір сөз бізге жеткен:
Бәрімізді сұрасаң,
Қотанбайдың баласы.
Арғындардың сабасы.
Қарақожа бас болып,
Қабыл болған дуасы.
Арғында екі Құтан өткен екен. Бірі – Қоғамның Құтаны. Ол қазақ «Үш жүз» деген атқа ілінбей, бөлінбей тұрғанда өмір сүрген. Бұхарада болған Оғыз дәуірінде хан болған қызыл Арыстанның заманында өмір сүрген. Жақсы Ғабдолла ханмен тізерлесіп жүрген. Ғабдолла хан «Құлбаба» - дейді екен. Әзірет Әлі сұлтанның (Қожа Ахмет Ясауии-А.Қ.) жанынан жер алып, сарай салдырған. Содан бері «Арғынның ақ сарайы» аталады. Мінекей, сол күннен бастап Арғынның қадірлі би, байлардың, дуалы кісілердің сүйегін апарып қоятын болған. Шаншарұлы Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Бертістің Тілеукесінің баласы Жарылғап, Едіге баласы Шоң би т.б. сонда жерленген. «Көкелташ» медіресесін кейде «Құлбаба» - деп атайтын көрінеді. Екіншісі – Бұтанның (Ботан) Құтаны. Бұл екеуі де туысқан.
Мейрам (Мейрамсопы) қайын жұрты Алшын Құдысбай екен. Алған әйелінің аты – Нұрфая. Қыс ішінде ұзатылған көрінеді. Нұрфаяның өз шешесі өліп қалып, ұзатылғанда қасына түйенің басын жетектейтін бір жетім - Қарқабат және ағасының әйелі еріпті. Елге жеткен соң екі елдің арасы жауласып, жеңгесі ұзақ жатып қалыпты. – Нұрфая. Ағамның төсі тиген жеңгем еді деп Мейрамсопының өзіне жеңгесін де, күңді де әйелдікке алдырыпты. Нұрфаяның өзінен Қуандық, Сүйіндік туады. Жеңгесінен – Бегендік, Шегендік ал күңінен Болтақожа туады. Бесеуі де өсіп-өніп «Бес Мейрам» атанған. Нұрфая өмірі Мейрам бабаның етіне су, табанына сыз тигізбей күтіп, балаша мәпелеген. Отын тергенде қу көдені көп қылып алып келіп, Мейрамсопының табанының астына төсейді екен. Құманды жылы болсын деп қойнына алып жататын болған. Мейрамсопы ертерек өліп, Нұрфая бәйбіше «бес берекенің біріне» қосылған, халқына ұйытқы, құт бәйбіше атанған екен. Нұрфая бәйбіше Сүйіндік, Бегендік, Шегендікті, асыранды бала – Олжакелді төртеуіне өз қолынан әйел әперіп, еншісін беріп, сол төртеуі – ел ішінде «Төртуыл» аталып кеткен. Шежіреде: Бегендігі – Қозған, Шегендігі – Қақсал, Олжакелдісі – Қаржас – деп аталады. Туысы басқа болса да жау келгенде, барымта мен сарымта да бастары бірігіп, «Төртуыл» дегенде төртеуінің бастары қосыла кетеді екен.
Сүйіндік. Нұрфаядан туған Қуандық марқа болып қалғанда, Сүйіндікпен екеуінің арасы тым алыс, кенжелеп барып дүниеге келген көрінеді. Бегендік жастай қайтыс болып, оның әйелін Сүйіндік алған. Одан бір ұл – Суғыншы туған. Суғыншыдан екі бала – Шуманақ пен Мәжік туған.
Суғыншы. Суғыншының әйелінің аты – Жолбике. Жолбикеден: Жанболды, Құлболды, Жолболды туады.
Шуманақ. Шуманақпен бір туысқан Мәжіктен-Малай, Жәдігер. Бұрынғы ақындардың аузында мына бір шумақ өлең жолдары сақталып, бізге жетіпті:
Мәжікпен бір туысқан ер Шуманақ,
Қойыпты Құлболдыны Құдай қалап.
Құлболды. Бәйбішесінің аты – Мақпал. Мақпал Бәйбішеден – тұңғышы Күлік, ортаншысы – Тұлпар, кенжесі – Айдабол. Айдабол он үшінде «Айдабол би» атанған екен. Ол заманда Арғын Сырдарияның күнбатысында жүреді екен. «Арғын дариядан өтіп, Қаратау жайлайды» - деген сөз естіле бастаған соң, Қарақалпақ, Алшын: - Арғын бұ жаққа келсе, таң атырып, күн шығармайды. Өткелден өткізбейміз! – деп, өткел аузында тұрып алыпты. Сыр суында аяқтап өтетін өткел болмайды. Сонда Мақпал бәйбішенің астында торы жорға аты бар, сексен нар жетелеп, судан өтерде қара шұбар манат белдемшесінің етегін жинап алып, іркілместен, аты да үйректей қайқаңдап, жүк-мүгімен нарлары да шегініп тұрмай, өте шығыпты. «Өткізбейміз» деп тұрғандар ләм-мим демеген. Тек қана. –Бай-бай, бәйбішенің бөксесіне болайын! – деседі. Сонда Мақпал бәйбіше: - Күлсең, күлерсің! Күндердің күнінде көбің езуіңді жия алмай жүрерсің! «Бұл қай бөксе?» - десең, Айдабол шыққан бөксе. Артың болса, Айдаболдай ұл тап! – деп жүре берген көрінеді.
Күлік. «Күлік – күлік жүрген жерің бүлік» - деген көнеден сөз қалған. Қырғыз тілінде «күлік» - деген «жүйрік» - деген сөз екен. Жалпы бұл – сөздің түбір тұлғасы «сәйгүлікпен» және көне түркі лексемасы «көлікпен» тығыз байланысты.
Мына:
Қыс шілдеде - жілік жүгіреді,
Жаз шілдеде - Күлік жүгіреді
- деген де сөз босқа айтылмаса керек. Күліктің екі әйелі болған, бәйбішесінен – Тілеуімбет, Наурыз, Дәулет; тоқалынан - Өтепберді, Данияр, Сексен. Осы Сексеннен Жүсіпбектің сегізінші атасы Оймауыт туады. Сонда Мәшһүр – Жүсіппен он бірінші ата Күлікте барып қосылады.
Тілеуімбет. Ұлы аталары он алты ұлды Тілеуімбет батырлықпен, билікпен аты шыққан Қалмақтармен он алты баласын тастамай соғысыпты, жауын ойран қылып атағы ел ішіне жайылыпты /Қазақ шежіресі/.
Күліктің ең үлкені Тілеуімбет,
Қайратты, қайсар екен қайтпаған бет.
Бір өзінен он алты ұл туып-өсіп,
Соғысып, көп қалмақпен болыпты мерт.
Он алты ұлдың бәрін де қалмақ алған,
Мен өтірік айтпаймын сөзді жалған.
Бесім, Қойтан екеуі тірі қалып,
Мінекей, біз солардан нәсіл қалған
- дейді екен ақын. Бұл – атаның тарихы біршама айқын. Күліктің бәйбішесінен Тілеуімбет тұңғышы екен. Өсе келе «Он алты ұлды Тілеуімбет» атаныпты. Үй тентек, айран көз, белдеу ұстап, безерлік қылуға жақын тұрыпты. Содан кейін болса керек: «Арғында – Тілеуімбет, Алшында - Жолымбет» - деп аттары шығыпты. Қазаққа қалмақ маза бермей тынымсыз шабуылдап тұрған шақ екен дейді. Өзі жұтап, жұттан қашып, шұбырып келе жатқан қазаққа қалмақ тосыннан тиіпті. Алты баласымен інісі Наурыз әрең дегенде қашып құтылыпты. Жау қоршауында қалған Тілеуімбет батыр он бес баласымен қашпай ұрыс салыпты. Сол мезетте Орманшы: Бапке-Тайлақтың Тайлағы «Бала батыр» - атанған күні екен, қалмақпен соғыса жүріп, қақ жарып, жаралы жатқан он бестің үшеуін құтқарып қалыпты. Күліктің сексен жасында тоқалынан туған үшінші ұлы Сексен, «Сары атты Сексен» атанған қалмақтардан жүкті түйені шөгімен алып қашып құтқарыпты. Ол түйенің шөгіне артқан бесікте және кебежеде екі ер бала бар екен. Бірінің аты – Бесім, екіншісінің аты – Қойтан. Бесімнің бәйбішесінің аты – Бөктік. Қыпшақ Қатықұлақ мергеннің қызы екен. Бөктік бәйбішеден туған үш бала: Жанжігіт, Ақжігіт, Қармыс. Ақжігіттен – Құлмағамбет (Құлмұхаммед), Сермұхаммед, Досмұхаммед, Ізмұхаммед (Ізден абыз) тарайды. Сермұхаммедтен – Шаншар молда, Мыңжасар, Жүзжасар, Көпжасар (Көпей), Мағырып - деп әртүрлі таратады. Тілеуімбеттің он бес ұлының ең үлкені - Аспантай одан тұқым жоқ, онан соңғысы – Амантай екеуі де қалмақпен соғыста алдымен оққа ұшқан. Амантайдан: Қарашек, Айтқожа, Жаңабай. Бір баласының аты – Күнту. Мұнан жақсы Жанайдар би, мұнан - Өтеміс абыз туған. Және Ізден абыз шыққан. Мәшһүр – Жүсіп: «Егер Тайлақ пен Сексен болмағанда, Тілеуімбет тұқым қалмас керек екен. Сол Бесімнен өсіп-өнген нәсілден келіп мен мұны сөйлеп тұрмын. Мұны ұмытпай жүргенім, осындай ата-бабам қалмақта не үшін қырылды? Кейінгі үрім-бұтағына жер-су алып беремін деп қырылды. Жалғыз менің ата-бабам емес, жер-суға таласып көп қазақ қырғын тапты. Бұл Сарыарқа біздің қазаққа атасының құны болып, олжа болып еді. Біреу біреуге: «соңымнан қалмастай атаңның құны бар ма еді?» - дейді ғой. Сондай-ақ, атамның құны болғаны үшін, жер-судан айрылып, қаңғып қоныссыз жүргеніме ішім күйіп өлсем, ойымнан кетер емес» - дейді (Сарыарқаның кімдікі екендігі?., Қазан, 1907 жыл. –Б. 4.).
Достарыңызбен бөлісу: |