1
Мен - патриотпын! Мен елімді, жерімді, ұлтымды сүйемін! Мен Отанымды, отбасымды сүйемін! Мен - тілімді, дінімді, ділімді сүйемін! Мен Қазақстан Республикасының Туын, Гимнді, Елтаңбаны құрметтеймін.Менің ойымша патриот ұлтын сүйетін, өз тарихын, туған тілін құрметтейтін, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан салт – дәстүрін дәріптейтін, ұлттық қадір – қасиетімізді арттыруға үлес қосатын саналы тұлға. Туған елі үшін үнемі тер төге қызмет етіп, халқымыздың мол рухани құндылықтарын бағалай білетін асыл тұлға. Патриоттық тәрбие, ең алдымен, әрбір жеке тұлғаның ата – анасын, туған – туыстарын жақсы көруден басталады. Мен өзімді шын патриот санаймын. Кез - келген адамды отансүйгіштікке тәрбиелейтін ең бірінші - ата - ана тәрбиесі, екінші - ұстаздардың тәлімі. Ал өзіңді - өзің отансүйгіштікке тәрбиелегендегі тірегің ол - кітап. Осы құдіреті күшті кітап арқылы біз өз імізді патриот болуға тәрбиелей аламыз. мейлі ол мұғалім, мейлі ол жұмысшы, дәрігер, не тағы басқа маман иесі болсын қоғамда парасатты, адамгершілігі жоғары бала тәрбиелеу кез келген адамның міндеті болуы тиіс. Тату тірлік пен ауызбірлік жылы ұямызға арқасын кең жайғанда адамгершілік атты асыл қасиеттердің адам бойына нық қонатынына, әрине, еш шүбә жоқ. Абай атамыз айтқандай, бүгінгі жастардың дүниенің кетігін тауып, қалануды көздеу, қоғамдық өмірден қол үзбей, өз елін сүюге, өз елінің тұрмыс – тіршілігін, салт – санасын, әдет – ңұрпын білуге тәрбиелеу – нарықтық кезеңде маңызы жоғары тұрған зор міндеттердің бірі деп ойлаймын. Осы тәрбиенің ең маңыздысы – балаға патриоттық тәрбие беру. Халқымыздың тарихына терең үңіле білсек, жасынан жарқыраған күміс көмей әнші, жау жүрек батыр, нар тұлғалы палуан елі мен жері үшін аянбағаны баршаға мәлім. Ендеше көкірек көзімен тарихты тамырынан тамшылата жас ұрпақ зердесіне зерлей, шырайлы сөзбен кестелей таныту ата – ана мен ұстаз – тәрбиеші шеберлігіне байланысты. «Барлық халық пен ұлт барлық ұлы және тамаша нәрселерді жасауға қабілетті, әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе білуге тиіс» деген еді ұлтымыздың мақтанышы, ұлы патриот атамыз Бауыржан Момышұлы. Бұл сөздің астарында өз ұлтыңды ерекше сүй, сол арқылы өзге ұлтты сүюге үйрен деген ой жатыр.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы, - деген
Ғафу Кайырбековтың өлең жолдарын оқығанда, мен өзімді бақытты сезінемін. Ұстаз болғаныма мақтанамын. Өйткені ұстаз – мақтан тұтар мамандық. Киелі әрі өте көне мамандық. Адам Ата Хауа Анадан бері жұмыр басты пендені ойландырып, толғандырып келе жатқан, қоғам өзгерсе де қажеттігін жоймайтын үлкен мәселе – шыр етіп дүниеге келген нәрестені өмір сүруге дайындау. Бұл – қиынның қиыны. Себебі әр адам – қайталанбас тұлға. Оның жан дүниесі - өзінше бір әлем. Ал ұстаз сол әлемді шар - тарапқа жетелеуші. Ұстаз - бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт - бағдар беруші, ата - ананың сенімді көмекшісі. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан - жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым - қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.
Ал қазіргі заманның мұғалімі қандай болмақ керек? Әрине, ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш - жігерін, парасат - қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл - әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет.
Сондай - ақ ұстаз күнбе күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс. Сондықтан да ұстазды әр баланың жан - дүниесін танып - білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады. Педагог әрқашанда өзін қоғам талабына сай үздіксіз тәрбиелеп отыратын, адамдармен, әсіресе, оқушылармен қарым - қатынасқа тез түсе білетін, ұйымдастырушылық қабілеті бар, өз пәнін жетік білетін әрі уағыздаушы, таланты мен тәжірибесі тоғысқан, өзінің қоғамындағы саяси өмірге белсенді араласып, өз елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі негізінде оқушыларға үлгі болуы керек.
2
Қазіргі кездегі оқушылар білімінің төмендеп кету себептерін «жаһандану мен әлемде болып жататын өзгерістерге сәйкес мектеп жүйесінің кешенді түрде өзгертілмегендігінен», «мектептерге оқытудың жаңа мазмұны енгізіліп жатпағандығынан», «мұғалімдердің заманауи оқыту әдістері мен формаларын пайдаланып оқытпағанынан», т.б. сияқты қол жетпес «қияннан» іздеп жатамыз. Оқушылар білімінің нашарлауын мектептің іші-сыртынан іздеу керек. Оларды табу да қиын шаруа емес, күнделікті оқыту үдерісінде қадам сайын кездесіп те жатады, бірақ оны ескере бермейміз. Солардың негізгілеріне тоқталайық. Қазіргі кезде мұғалімнің де, мектептің де, одан жоғары оқу-ағарту ұйымдарының да білім сапасының нәтижесі оқушылар үлгерімінің пайыздық көрсеткішімен өлшенетіндігі белгілі. Мәселен, тоқсанда екілік баға алған оқушысы бар мұғалім нашар мұғалім атанатын болды. Үлгермейтін оқушыларының пайыздық көрсеткіші жоғары мектеп – артта қалған мектеп. Тәжірибеде мұғалімдер «жақсы мұғалім» атанудың оп-оңай жолын тауып та алған. Ол – оқушыға нашар баға қоймау. 100% үлгерім беру! Оқу жетістіктерін бағалаудың пайыздық көрсеткіші оқушылар біліміне қойылатын талаптың әлсіреуіне әкеліп соқтырды. Кейбір оқушылар біліміне сай бағаланбады. Керек десеңіз, «кітап бетін ашпағандар» да кездеседі. Оқушыларды біліміне сай әділ бағалау деген мәселе өткен ғасырдың 80-жылдары қолға алынған да болатын. Ол «оқытудың міндетті нәтижесі» деп аталды. Онда әрбір тақырыпты оқып-үйрену кезінде оқушылар не білуі, қандай біліктіліктер мен дағдылар қалыптасуы керек екендігін дәл анықтау керек деген ой болды. Егер оқушы «оқытудың міндетті нәтижесіне» қол жеткізе алмаса, оған «үштік» баға қойылмайды деп болжамдалған да еді. Бірақ бұл әдістемелік жүйені жүзеге асыруға «жалпыға бірдей міндетті орта білім беру» науқаны мүмкіндік бермеді. Мүмкін, қазіргі жағдайда, оқушылар үлгеріміне қойылатын талапты күшейту мақсатымен барлық оқушы үшін міндетті, әрбір тақырыпты меңгерудің ең төменгі (минимум) деңгейін дәл анықтап алу керек шығар. Оқу минимумын орындай алмаған оқушыға оң баға қойылмайды. Сонда оқушының өзінің де және ата-ананың да жауапкершілігі артады. Бұл жоғары сыныптарға (кейін бейіндік сыныптар мен мектептерге) білімі төмен оқушылардың келуіне де тосқауыл болар еді. Сонда қазіргі кездегідей орта білімге сәйкес білімі жоқтардың «жоғары білім» туралы диплом алуының төлемақыға тәуелділігі де жойылуы мүмкін. Мектепте үлгермейтін оқушының болуы да ешкімнің үрейін ұшырмайтын болуы керек. Сонда үлгермейтін оқушының сыныптан сыныпқа көшпей қалуы да «төтенші жағдай» болудан қалып, қалыпты жағдайлардың біріне айналады. Үлгермейтін оқушы үшін мұғалімді кінәлаудың да, мектеп директорын жазалаудың да қажеті болмайды. Ондай жағдайда оқушылардың үлгерімін бақылау және қадағалау комитетінің тексеріп тұруының да керегі болмай қалады. Егер «оқу қонбайтын» оқушы болса, оларды ерте бастан кәсіпке баулу да ізгіліктілік қағидасын жүзеге асырудың бір көрінісі. Қазір айтылып жүрген «оқытудың күтілетін нәтижесі» де «оқытудың міндетті нәтижесін» меңгеруді көздейді. Бірақ оқушы білімін бағалаудағы пайыздық, әріппен, сандық шкала, соңында цифрмен баға қою сияқты басы артық жұмыстар білім сапасын арттыруға тигізер әсері мен өзіміздегі қалыптасқан бағалау жүйесінен артықшылығы болмайды-ау, шамасы
3
Хакім Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Демек елге қызмет етуде қажыр-қайраттан туған өрелі еңбектерімен халқының рухани кемелденуінің күретамырына қан жүгіртуде мемлекеттік қызметшіге өршіл рухты мінез қажет. Қашанда ұлттық мұратты ұстанған тұлға бойындағы ар-ожданы, елдік мінезі үкімет пен халық арасындағы сенімді байланысты қалыптастырады. Жалпы мемлекеттік қызметші қоғамның айнасы деуге болады.
Егеменді еліміз ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызмет туралы заңнама қабылдап, қызметтік мансап жүйесін ендірді, әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін құрған болатын. Осының арқасында 2000 жылдардың басында Дүниежүзілік банк Қазақстанды ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың көшбасшысы деп таныды. Осылайша еліміз 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында ұзақ мерзімдік басымдылықтарының бірі кәсіби мемлекет құруды жоспарлады. Ал бұл міндетті жүзеге асыру мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне байланысты. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек адамдар арасында осы қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Мұндай сенім мен құрметке жету оңай емес. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, одан басқа қызметшінің жеке мінез-құлық мәселесі және бар. Яғни кызметшінің кәсібилік деңгейі мен жоғары моральдық адамгершілік қасиеттері қатар тұру керек. Бұл туралы Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында «Өте жоғары этика мен кәсібилік тиімді мемлекеттік аппаратты құрудың негізгі өлшемі болып табылады» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде. Кәсібилік пен әдептілік қосылып, мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығына және әділдігіне қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуға мүмкіндік береді.
Иә, әр өңірдің деңгейін мемқызметшіге қарап-ақ бағамдай беруге болады. Сөзі өтімді, ісі кесімді, адамға жұғымды қызметкерлер бар. Сауал жолдаса жауап қатып, кемшін тұсын келешекте жөнге келтіретінін жеткізіп, әдептен әрі аспайды. Сөз құдіретін түсінетін жан дерсіз оны. Алайда, мемлекеттік қызметке келген жастарға осы тәрбие жетіспей жатқан сыңайлы. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» кері келмес үшін алдыңғы буын ағалар жол көрсетпеуші ме еді? Беттен алып сөз бақпайтын, айтқан ойды ұқпайтын, ауызбен орақ орып, іске келгенде ізін таппайтын мемлекеттік қызметші халықпен қалай жұмыс істемек? Мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет. Сондықтан кәсібилікпен бірге жоғарғы адамгершілік қасиеттерге ие болған абзал. Әсіресе, қазіргі таңда жаңа ақпараттық технологиялар мен БАҚ еркіндігі туған шақта мұндай қасиет өте керек-ақ.
Президент Қ.Тоқаев билік пен халық арасында ашық қарым-қатынас орнатуды көздеп отыр. Яғни әрбір қызметкер атқарған жұмысын халыққа ашық, түсінікті түрде жеткізуі қажет. Мұң-мұқтажын айтқан қарапайым бұқараға тиісінше жауап беру де мемлекеттік қызметшінің әдебін білдірсе керек. Алайда, істеген ісін көрсетпек түгілі керек ақпаратты алудың өзі аптаға созылатын кездер бар. Сондай-ақ өзін-өзі ұстау, сөз саптау, жауап қату сынды мәселеге келгенде аудандағы мемлекеттік қызметшілердің этикасы нормаға сай ма деген ойға келесіз? Елбасы Н.Назарбаев «Мемлекеттік қызметке біз жұмыс істеу үшін шақырамыз. Себебі, халқымыз бізді өзіне жұмыс істеу үшін жалдайды. Сондықтан біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз
4
Мінез адамның ішкі әлемінің айнасы. Жүсіп Баласағұн «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік. Екіншісі – ұят, Үшіншісі – әділдік. Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады» - деген. Бұл тұста ұят пен әділдік мінездің сыңары екенін ойда ұстау қажет. Білім ізгілікке жұмсалмаса, оның пайдасынан зияны артуы әбден мүмкін. Сондықтан Шығыс даналығы адам мінезінің көркемдігін алдыңғы орынға шығарса керек. Адамзатты өркениет шыңына жетелеген ойшыл Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» - деген екен. Елге адал қызмет етер адам – әділдік, жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, оларды тәжірибеде қолдана білу, адалдық және парасаттылық, белсенді өмірлік ұстаным сынды қасиеттерге ие болуы басты міндет. Еліне қызмет етерде алар үлесі басым мінез-құлық жайлы сөз болғанда Хакім Абайға тоқталмай кете алмаспыз. Алаштың Абайы «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» - деген сөзін тілге тиек етіп, білім мен мінездің, ардың адам өміріндегі орнына ерекше тоқталған. «Ғылымды, ақылды сақтайтын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсе қызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады», - деп ескертеді. Дана Абай әсіресе адамның танымдық қызметін арттыратын мінездің қырына баса көңіл бөледі. Ол жастарды білім-ғылымға шақыра отырып, төк қажырлылықтың, құштарлықтың арқасында ғана ғылымға қол жеткізуге болатынын айтады. Адамның көңілін көтеріп, бойына қуат беретін сезімдердің бірі – өзгеге еш міндетсінбей қол ұшын беру. Ар-ожданы таза адам ғана бар шынайы көңілімен өзгенің керегіне жарайды. Адамды көздеген мақсатына, асыл арманына жеткізетін, ғылым-білімді меңгеруге мүмкіндік тудыратын жан қуаттарының бірі – ерік-жігер, қажыр-қайрат. Ерік-жігер адамның ез мінез-құлқын меңгере алу қабілеті, оны әр түрлі кесапаттардан, пайдасыз құмарлықтардан қорғайды. Абайдың айтуынша «жан қуаты деген қуат бек көп нәрсе... Бұл қуаттың ішінде үш артық қуат бар... ол жоғалса, адам баласы хайуан болды, адамшылықтан шықты» - деп, адамның өзі таңдап түскен жолынан таймауына ерік-жігері мен қажыр-қайратының ғана кезектесетінін еске салады.
5
Өмірде мамандықтың түрі көп. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Дәрігер адамдарды емдесе, мұғалім оларды оқытады, әнші ән айтады, құрылысшы үй салса, тігінші киім тігеді. Тағы басқа да мамандықтар туралы айта беруге болады.
Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны аяулы ұстаздар емес пе? Иә, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақындар да, тегеуріне темір балқытқан жұмысшы да, егін еккен дихан да, мал бағып терін төккен шопан да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Ұстаз - таудан арқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз - Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз сол бәз баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттердің дәнін еккен диқаншы.
Менің мамандығым – мұғалім. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым. Адам баласына көмектесу – игілікті істердің бастамасы. «Бала жүрегі- кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» - деп, М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің ең басты міндеті деп ойлаймын. Күнделікті таңертең мектеп ауласына жақындағанда, балалардың сыңғырлай күлген дауыстары мені қуанышқа бөлейді. Алдымызға келген балалар - біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі – жал дегенде жалғызы, бірі – ерке, бірі – қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын Таңшолпандай жарқыратып, жал дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет.
6
Әр пенденің керемет көзге көрінер қасиетті-жақсылық жасау.Ол адам сырт көзге сыпайы,мейрімді әрі өте керемет болып көрінеді онысы рас.Біреулер құмарлықпен,мастықпен өмірдің өлшеулі ғана уақыттын қызықты әрі пайдасыз өткізуде,біз бұл тараптың адамдары болмаумыз керек.
Жақсылық айналадағыларға қуаныш сыйлауға ұмтылдыратын, қоғамды адамгершілікке үндейтін қасиет. Жақсылық түрлі формада көрініс табады. Біреу көрші апаның ауыр сөмкесін үйіне жеткізіп салса, екіншісі егде кісіге автобуста орын береді, енді біреуі жылап жатқан баланы жұбатады, ең ақыры үйсіз жануарларды тамақтандырады. Жақсылықтың түрі өте көп. Олар бізді дамытуға, көңілді болып жүруге, адамдарды құрметтеуге, өзіңді қадағалап ұстауға тәрбиелейді. Өзгеге жақсылық жасаушының өмірі ерекше бір мағынаға толы болады. Олар өзінің өмірді босқа сүріп жатпағандығын сезінеді.
Жақсылық – адамшылықтың белгісі. Әркім өзінің қал-қадері жеткенше жақсылық жасайды. Ең бастысы, шын ниетімен, адал пейілімен жасалса болғаны.Жақсылықтың керемет тұсы – оның саған екі еселеніп қайтуы. Тіпті біз ойламаған жерден жақсылыққа, табысқа жетіп жатамыз. Ол – біздің жасалған жақсылықтарымыздан болуы әбден мүмкін. Бірақ та жақсылықтан қайтарым үміт етіп жасау – дұрыс ниет емес. Адамның табиғаты сол – өзіне жақсылық жасап, жақсы мәміледе болған адамға жамандық жасауға ұялады. «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі,» – деп М.Әуезов айтқан екен. Яғни еш сұраусыз-ақ ізгілікке ізгілікпен жауап қайтару – көптің қасиеті. Ал енді нағыз ерлер, шын мәнісіндегі тұлғалар жамандық жасаған адамға да қайырымды болады, ізгілігін, жақсылығын аямайтын болады екен. Міне солар – адамгершіліктің биігіндегілер. «Жақсы кісі ай мен күндей, әлемге бірдей» деп айтқан екен ғой қазақ атамыз. Шын жақсы кісі барлық адамға «нұрын» шашқысы кеп тұрады, адам жатырқамайды. Көңілі даладай кең, пейілі дархандар ғана сондай.
Меніңше, кез келген адамның бойында жақсылықтың дәні жатады. Өйткені бұл қасиеттің өзі – адамдардың бойындағы рухани биік қасиет. Және әрбір адам өмірінде аз болсын, көп болсын жақсылық жасаған әрі өзгелерден жақсылық көрген. Өмірдің өзі жақсылықсыз болмайды: әлем тек қатыгездік пен жамандыққа толып кетсе, адамгершілік те, шын мәніндегі адами өмір де жойылар еді. Кішкентайынан сол дән көп суарылып, жақсы күтім көрген болса, өсе келе өз жемісін бермей қоймайды.
Жақсылық - әлемге мейірін шашып, жылуына бөлейтін үлкен қасиет. Жақсылық - игілік атаулының түп бастау болғандықтан, ол қашан да әлемге жылу сыйлайды. Бойыңдағы жамандықты, арам ойды еңсеріп, жақсылыққа жеңдірудің өзі оңай іс емес. Әр адамның бойында өзіне деген махаббаттан әлемге, адамзатқа деген махаббат жоғары тұрса, оның адамгершілігі болмақ. Ал адамгершілігі бар жан тек жақсылыққа құмар болады.
7
Мектеп – білім ордасы, оның жүрегі – ұстаз. Ұстаз – мектепте басты тұлға болып табылады, себебі ешбір заманға сай технология ұстазды алмастыра алмайды. Мен ұстазбын. Он жылға жуық Астана қаласының №56 мектеп-лицейінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ретінде жұмыс жасап келе жатырмын. Менің ұстаздық кредом: жеке тұлғаны қалыптастыруға ат салысу, жасөспірімдерді білім нәрімен сусындату, оларды өмірден өз орнын таба білуіне көмектесу және бағыт-бағдар беру.
«Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзінің уақытын аямау» деген ұғым нағыз жас мамандарға арналып айтылған деп білемін. Қазақтың белгілі ағартушысы Ж.Аймауытовтың «Қазіргі қазақ мектебіне қажеттісі – білім беруші мұғалім емес, баланы өмір сүруге үйретуші ұстаз» деген сөзі бар. Қай уақытта болмасын білімді де білікті, тәжірибесі мол ұстаздардың орны ерекше.
ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің қарыштап дамыған ғасыры болғандықтан оқушыларға ғылым негіздерін оқытып қана қоймай, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүріп, еңбек етуге үйретуіміз керек. Сондықтан да мұғалімнің басты мақсаты – оқушылардың білімі мен біліктілігінің қалыптасуына жағдай жасау, шығармашылықпен айналысу. Шығармашылықпен айналысқан ізденімпаз ұстаз қашанда шәкірт жүрегінен орын табады. Қазіргі кезеңде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік. Өйткені, мектептің әр күні көптеген ғылыми жаңалықтарға, терең әлеуметтік өзгерістерге толы. Бұрын оқу процесінде мұғалім басты рөл атқарса, қазір оқушының іс-әрекетімен мектептер бағаланады. Қазіргі заманда нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ болып отыр. Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын әдіс тәсілдер баршылық. Көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады»,- дейді. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті.
Бүгінгі таңда мектептің оқу үрдісін жетілдіру үшін инновациялық білім беру технологияларын пайдаланудың тиімділігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан мен өзімнің ұстаздық міндетімді инновациялық білім беру технологияны оқытумен атқарып келемін. Бүгінгі білім бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. Мұғалім заман ағымына сай өз білімін жетілдіру арқылы мектепке жаңалық әкелу қажет. Сол себепті Назарбаев зияткерлік мектептері мен Кэмбридж университетінің ұйымдастыруымен «Өрлеу» ҰБАО АҚ-да өтілген Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курсының ІІІ деңгейінде дәріс ала отырып, курс жаңалықтарын өз тәжірибемде ұтымды қолдану үстіндемін. Бағдарлама нәтижесінде – тәуелсіз, ғылымға қызығушылығы оянған, білім алуға бейім, сенімді, жауапты, сын тұрғысынан ойлай алатын, өзгелермен еркін тіл табыса алатын, сандық технологияларда құзыреттілігін көрсететін оқушылар дайындалады.
Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер әлеуметтік тұрғыдан білім беру болып табылады. Ал «қалай оқу керектігін үйрету» мен «диалог негізінде оқыту және оқу» әдістері әлеуметтік-сындарлы көзқарасымен тығыз байланысты. Бұл әдіс-тәсілдер біздің білім беру жүйемізге өте тиімді. «Қалай оқу керектігін үйрету» әдісі оқушыларға оқуды өз бетінше жалғастыра алатын білім алу жауапкершілігін түсінуге және оны өз мойнына алуға қалай көмектесуге болатынын көрсетеді.
8
Тәуелсіз Қазақстан егемен мемлекет ретінде халықаралық қатынастар жасауға, белсенді сыртқы саясат жүргізуге кірісті. Қазақстан өзінің сыртқы саясатында үш мәселеге ерекше назар аударды. Біріншіден, басқа елдермен, оның ішінде бұрынғы Одаққа кірген республикалармен, Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және АҚШ-пен халықаралық байланысты өркендету. Екіншіден, шет елдермен тек дипломатиялық байланыс қана орнатып қоймай, сонымен қатар, олармен мәдени-экономикалық байланысты күшейту, сол арқылы алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу. Үшіншіден, Қазақстанның қауіпсіздігін сақтау, дүниежүзілік соғысты, ядролық қаруды қолдануды болдырмау. Міне, осы бағытта 1991 жылдан бастап сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында көптеген шаралар іске асырылды. Қазақстан өзінің барлық көршілерімен, негізгі әріптес мемлекеттерімен байыпты және болжауға болатындай байсалды қарым-қатынастар орнатты. Сыртқы саясаттың негізгі діңгегі – көпвекторлық жол, яғни көп бағыттылық. Ол – еліміздің геосаяси жағынан орналасуына байланысты өмірдің өзі талап етіп отырған қалыпты жағдай. Өткен уақыт ішінде Қазақстан Республикасын дүние жүзінің 180-нен астам мемлекеті таныды. Қазақстан 120-дан астам елмен дипломатиялық қатынастар орнатты. Шет елдерде 40-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашылды. Ал Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігі жұмыс істейді.
Қазақстан өзінің сыртқы саясатында ең жақын және ірі көрші мемлекеттер – солтүстікте Ресеймен, ал шығыста Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше назар аударып келеді. Қазақстан мен Ресей арасында 1992 ж. 25 мамырдағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қоюдың зор тарихи маңызы бар.
Тәуелсіздік жылдары оңтүстік-шығыстағы үлкен көрші мемлекет - Қытай Халық Республикасымен тату көршілік және достық қатынастар орнатуда едәуір табыстарға қол жетті. 1990 ж. Қазақстан мен Қытайдың темір жол арқылы өзара байланысы іске асты, сөйтіп, біздің республика Тынық мұхит жағалауына ең қысқа жолмен шығу мүмкіндігіне ие болды. Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының дамуы өте жоғары қарқын ала бастады.
Қорыта келгенде, тәуелсіз Қазақстан дүние жүзінің көптеген елдерімен тең деңгейде дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынастар орнатты. Тәуелсіздік жылдары еліміздің сыртқы саясаттағы күш-жігерінің арқасында орасан зор тарихи маңызы бар міндеттер орындалды. Қазақстан дүниежүзілік қауымдастықта лайықты өз орнын алды. Егер 1991 жылы әлемдік қоғамдастықтың іс жүзінде Қазақстанға қандай да бір ықыласы аумай келсе, бүгінгі күні Қазақстанды әбден танып, құрметтеп отыр. Қазақстан Орталық Азияның көшбасшысына, халықаралық құрметті әріптеске, халықаралық лаңкестікке, есірткінің жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы белсене күресетін мемлекетке айналды.
9
«Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпаққа берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз!» – деп халық каhарманы Бауыржан Момышұлы атамыздан артық баға берген адам жоқ шығар.
Достарыңызбен бөлісу: |