Консолидация – бiрнеше қалыпты құқықтық актiлердiң бiр қоғамдық қатынастар саласында қызмет iстеп, мазмұндары өзгермей бiр жинаққа бiрiгу жүйесінiң нысаны болып табылады.
Консолидацияның ерекшелiгi, ол өзiне кодификацияның және инкорпорацияның кейбiр жақтарын сіңiрген. Консолидация актiлерi қалыпты құқықтық актiлердiң жиынтығы – бұл оны кодификациямен формалды түрде жақындастырады, ал сол факт, шын мәнiсiнде қоғамдық қатынастарды реттеуге ештеңе қоспайды, сондықтан оны инкорпорациямен жақындатады. Қалыпты құқықтық актiлердiң жүйелеу нысаны мен консолидация, көбiнесе жүйелеу инкорпорациясына жақын. Ол кодификацияның мүмкiншiлiгi жоқ жерде пайдаланылады. Мұндай жағдайда, консолидация бiржақты қалыпты материалдарды бiрiктiруге, актiлердiң санын қысқартуға және құқықтық реттеу нысандарын жақсартуға тиiмдi құрал ретiнде көрiнедi.
70 Кодификациялау нормативтік-құқықтық актілерді жүйелеудің бір түрі ретінде
Заңдарды жүйелеудiң келесі түрi – кодификациялау (сұрыптау), өзiнiң кең ұғымында заңдарды жетiлдiрудiң және тәртiпке келтiрудiң үлгiлi әрi мейлiнше тиiмдi нысанын бiлдiредi.
Кодификация – бұл нормативтік актілердің мазмұндарын өзгертудің нәтижесінде оларды біртұтас актіге біріктіру арқылы жүйелеу нысаны. Кодификация процесінде ескірген материалдар мен нормалардағы қарама-қайшылықтар жойылады, жаңа жүріс-тұрыс ережелері қалыптасады, олардың өзара келісуі мен логикалығы қамтамасыз етіледі. Кодификациялық актінің дәстүрлі қалыптасқан түрі болып кодекс табылады, ол–бір сипатты қоғамдық қатынастардың белгілі бір саласын жан-жақты реттеуге мүмкіндік беретін ірі акт. Кодификациялық актiлердiң құрылымы күрделi. Оның баптары мол болып, бөлiктерге, тарауларға бөлiнедi, олардың кейбiреулерiнде кiрiспе бөлiмi бар. Әдетте, кодификациялық актiде заңдар институттарын, салаларын қалыпты негiздерiн айқындап, қоғамдық өмiрдiң ең басты мәселелерiн реттейтiн қалыптары қамтылады;
1) ондай акт қоғамдық қатынастардың ауқымды және кең сфераларын (мүлiктiк, еңбек, неке және отбасы қатынастарын, қылмыскерлермен күресу, т.б.) реттейдi;
2) заңдарды жетiлдiру түйiнi бола отырып, ол – бiр-бiрiмен қабысқан тұжырымдардың ықшамдалған жиынтық актiсiн бiлдiредi; ол жиi айтарлықтай тұрақты қоғамдық қатынастардың бiрыңғай қағидаттары негiзiнде реттелген, өмiр тәжiрибесiнде пiсiп-жетiлдiрiлген тұтас құқықтық құжат;
3) кодификациялық актiлердiң өте тұрақтылық, өзгерiске ұшырамайтын, ұзақ кезеңдерге есептелiнген құқық қалыптарының берiк құрылымын қамтамасыз етедi. Кодификациялық актiнiң тиiмдiлiгi заңгерлердiң қоғамдық қатынастардың даму объективтiк тенденциясын, оның реттегiш динамикасын есепке алуларынан байқалынады;
4) кодификацияның пәнi заңдар жүйесiнiң салаларға, институттарға бөлiнуiне қарай анықталынады. Кодификация құқықтық қалыптық актiлердiң жүйесiн, олардың заңдық бiрлiгiн және үйлесiмдiлiгiн нығайтады. Сөйтiп, кодификациялық актi басқа қалыптық актiлерден жоғары тұрады және олардың жүйесiн басқарады;
5) ол сонымен қатар, қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуге белгiлi бiр, кейде айтарлықтай елеулi өзгерiстер және тек ерекше ережелер де енгiзедi, қолданылып жүрген заңдардың сапалы өңделген қорытындысына айналады;
6) кодификациялық актi өзiнiң көлемi жағынан өте маңызды, күрделi құрылымдардан тұрады, оның iшкi құрылымы белгiлi бiр жүйеге сай келедi.
71 Қалыпты құқықтық актiлердi есепке алу нормативтік-құқықтық актілерді жүйелеудің бір түрі ретінде
Жүйелеудiң төртiншi түрi - қалыпты құқықтық актiлердi есепке алу, яғни оларды жинау, сақтау және бақылау жағдайында ұстау, сондай-ақ есепке алынған құжаттар арасынан қажеттi құқықтық ақпаратты табуды қамтамасыз ететiн iздеу жүйесiн жасауды бiлiдiредi.
Есепке алудың негiзгi мiндетi құқықтық ақпараттарды жинау және қажеттiсiн жедел iздеп табуға мүмкiндiк беретiн күйде ұстап тұру болып табылады. Есепке алуға болатын актiлердi жинау түрлi тәсiлдермен жүзеге асырылады. Олардың едәуiр бөлiгiн қалыпты құқықтық актiлердi ресми жариялайтын жинақтардан алуға болады.
Есепке алынған қалыпты актiлер жиыны ақпарат қорын құрайды, қалыпты актiлер онда белгiлi бiр тәртiпте сақталады. Бiрнеше жүздеген немесе мыңдаған актiден тұратын қор заң шығарушылық буындар бойынша бөлiмдерге бөлiнедi. Актiлер бөлiмдер iшiнде мерзiмдiк ретпен орналасады. Картотека бiрыңғай сыныптау негiзiнде жүгiзiледi. Заңдар салалары бойынша сыныптау бөлiмдерiне, бөлiмдер бөлiмшелерге, ал кейiнгiсi қажетiне қарай жекелеген тармақтарға бөлiнген.
Қандай қалыпты актiлер қолданыста екенiн, оларға қандай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлгенiн бiлу үшiн есепке алынған актiлер мәтiнiне, кейiнгi барлық өзгерiс пен толықтыру енгiзiлiп отырады, яғни олар бақыланған күйде ұсталып тұрады. Әлдебiр мәселе бойынша қабылданған қалыпты құқықтық нұсқаманы тез тауып алу үшiн ақпарат-iздеу жүйесi жасалады.
Iздеу мынадай түрде жүргiзiледi:
- құқықтық ақпаратқа туындаған қажеттiлiк қандай тақырыпты немесе қандай актiлердi табуға жататыны жөнiнде сұрақ түрiнде рәсiмделедi;
- түскен сұрауға сай келетiн әлiпби-пән сөздiгi немесе заңдар салаларының айдары бойынша тақырыптар тiзбесi анықталады;
- журнал бөлiмдерi немесе картотека айдарлары бойынша сұрау тақырыптарына сай келетiн қалыптар бар қалыпты актiлер анықталады;
- берiлген сұрауға сай келетiн қалыптарды актiлер мәтiнiнен оқу арқылы iрiктеу жүзеге асырылады.
Қазiр басқару саласында осы заманғы техника, соның iшiнде компьютер машиналары барған сайын кеңiнен қолданылып жатқан кезде автоматты ақпарат iздеу жүйесiн жасау үшiн мол мүмкiншiлiктер ашылуда. Қолмен iздеу жүйесiнен автоматты iздеу жүйесiнiң артықшылығы – құқықтық ақпарат iздеудi айтарлықтай жетiлдiредi және мемлекеттiк буындар мен заңды тұлғалардың оған деген қажеттiлiгiн мейлiнше толық қанағаттандыруды қамтамасыз ете алады.
72 Құқық жүйесі мен заңнама жүйесі
Заңнамада, құқықтағы сияқты, оның ішкі құрылымы болып табылатын өз жүйесі бар. Алайда, бұл түсініктерді келесі негіздер бойынша ажыратқан жөн:
1) егер құқық жүйесінің алғашқы элементі болып норма табылса, заңнама жүйесінің алғашқы элементі болып нормативтік акт табылады;
2) егер құқық жүйесі мазмұн түрінде көрініс тапса, заңнама жүйесі нысан түрінде көрініс табады;
3) егер құқық жүйесі объективтік түрде, қоғамдық қатынастарға сәйкес қалыптасса, заңнама жүйесі субъективтік сипатқа ие, себебі, заңшығарушыға тәуелді болып келеді;
4) егер құқық жүйесі негізгі, алғашқы сипатты иеленсе, заңнама жүйесі туынды сипатқа ие, себебі, алғашықысы екіншісі үшін негізгі база болып табылады;
5) құқық жүйесі мен заңнама жүйесі көлемі бойынша ажыратылады: заңнама, бір жағынан, нормативтіліктің барлық түрлерін қамтымайды, себебі, құқық заңнамамамен қатар әдет нормаларынан, нормативтік шарттардан және заңды прецеденттерден де көрініс табады; екінші жағынан, нормалардың атауларынан басқа да элементтерді қамтиды–преамбулалар, тараулардың бөлімдердің, баптардың атаулары және т.б.
73 Құқық жүйесінің түсінігі
Құқық жүйесі – бұл құқықтың өзінің құрылымы, оның салаларға, институттарға бөлінуі. Құқықтың жүйелік құрылымы оның белгілі бір байланыстағы көптеген элементтерден құралған біртұтас құрылым екендігін білдіреді.
Құқық жүйесінің негізгі сипаттары:
1) оның алғашқы элементі болып құқық нормалары табылады, олар, өз кезегінде, біріге отырып, ірі құрылымдарды – институттарды, салаларды құрайды;
2) оның элементтері бір-біріне қайшы келмейді, іштей үйлескен, тығыз байланыстылыққа ие, бұл құқық жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етеді;
3) ол әлеуметтік-экономикалық, саяси, ұлттық, діни, мәдени, тарихи факторлармен тығыз байланысты;
4) ол объективтік сипатқа ие, себебі, объективтік сипаттағы қатынастарға тәуелді және адамдардың субъективтік қалауы бойынша қалыптасуы мүмкін емес.
74 Құқықтық реттеу пәні мен әдісі құқық нормаларын салаларға бөлу негіздері ретінде
Құқық нормаларын салаларға бөлу үшін екі негізді басшылыққа алады: құқықтық реттеу пәні мен әдісін.
Құқықтық реттеу пәні – бұл құқық реттейтін қоғамдық қатынастар. Ол басты негіз болып табылады, себебі, қоғамдық қатынастар объективтік түрде қалыптасады және олардың белгілі бір сипаты сәйкес құқықтық нысандарды талап етеді. Мысалы, еңбек қатынастары еңбек құқығының, ал отбасы қатынастары отбасы - неке құқығының реттеу пәні болып табылады.
Қосымша негіз болып құқықтық реттеу әдісі табылады. Егер пән құқықтың нені реттейтініне жауап берсе, әдіс оның қалай реттейтінін көрсетеді.
Құқықтық реттеу әдісі – бұл олардың көмегімен біртектес қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу жүзеге асырылатын заңды құралдардың жиынтығы. Құқықтық реттеудің төмендегідей негізгі әдістері болады:
1) императивтік – бұл тыйымдарға, міндеттерге, жазаларға негізделген биліктік ережелер, субординация әдісі;
2) диспозитивтік – рұқсат етуге негізделген, тараптардың теңқұқылығы, координация әдісі;
3) марапаттаушы – белгілі бір жақсы жүріс-тұрыс үшін марапттаау әдісі;
4) ұсынушылық – мемлекет пен қоғам үшін тиімді жүріс-тұрысты жүзеге асыруға кеңес беру әдісі;
75 Құқық саласы
Құқық саласы – бұл белгілі бір қоғамдық қатынастар түрін (саласын) реттейтін құқық нормаларының жиынтығы.
Құқық саласының белгілері;
- әрбір саланың өз пәні болады;
- әрбір саланың өз заңнамасы, яғни, дербес кодекстері болады;
- құқық субъектілерінің құқықтық жағдайын реттейтін, құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру тәсілдерін және құқықтық нормаларды жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік-құқықтық шараларды орнықтыратын ерекше заңды режимі болады.
Құқық салаларының түрлері:
1) негізгі салалар, бұлар басты құқықтық режимдерді қамтиды, жалпы алғанда, құқық салаларының жүйесінің ең басында конституциялық құқық, одан кейін материалдық құқықтар–азаматтық, қылмыстық, әкімшілік құқықтар және оларға сәйкес іс жүргізушілік салалар–азаматтық іс жүргізушілік, қылмыстық іс жүргізушілік және әкімшілік іс жүргізушілік құқықтары орналасқан;
2) арнайы салалар, бұларда құқықтық режимдер қоғамның ерекше сфераларына бағытталған (еңбек құқығы, жер құқығы, қаржылық құқық, әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы, отбасы құқығы, түзеу-еңбек құқығы);
3) кешенді салалар, бұларға негізгі және арнайы салалардың әртүрлі институттарының бірігуі тән (шаруашылық құқық, аграрлық құқық, экологиялық құқық, сауда құқығы, прокурорлық қадағалау, теңіз құқығы).
76 Құқық институты
Құқық институты – бұл қоғамдық қатынастардың белгілі бір түрін (тобын) реттейтін құқық нормаларының жиынтығы. Құқық институты – заң нормаларының құқық саласына қарағанда аз жиынтығы. Әрбір құқық саласында бірқатар институттар болады. Мысалы, еңбек құқығында – еңбек тәртібі институты, жалақы институты, азаматтық құқықта – ескіру мерзімі институты, өкілдік институты және т.б.
Белгілі бір нормалар жиынтығының нақты бір құқықтық инстиутты қалыптастыруының заңды негізі болып үш белгі табылады:
1) құқықтық нормалардың заңды теңдігі;
2) қоғамдық қатынастарды реттеудің толықтығы;
3) құқықтық институтты құраушы нормалардың заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілердің тарауларында, бөлімдерінде және басқа да құрылымдық бірліктерінде жинақталуы.
77 Құқықтық сананың түсінігі және функциялары
Құқықтық сана – бұл адамдардың құқыққа деген қатынасын көрсететін түсініктер мен сезімдердің, көзқарастар мен эмоциялардың, бағалаулардың жиынтығы түріндегі қоғамдық сананың ерекше нысаны. Құқықтық сана – бұл адамдардың жаңадан қабылданған заңдарға, нормативтік актілердің нақты жобаларына және т.б. деген оң немесе теріс көзқарасы.
Құқықтық сана мынаны білдіреді:
- құқықтың қажеттігін түсіну және сезіну;
- құқықты бағалау;
- заңнаманың дамыған жүйесін құру қажеттігін түсіну;
- қолданыстағы нормативтік актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізудің қажеттігін түсіну;
- құқықты жүзеге асырудың нәтижелері мен процесін қабылдау.
Құқықтық сананың ерекшеліктері мыналардан көрінеді:
а) ол өмірдің шындықтарын әділеттілік, құқықтық, еркіндік тұрғысынан қабылдайды;
ә) жалпыға міндетті жүріс-тұрыс ережелерін орнықтыруды талап етеді;
б) құқықтық пен құқықтық еместіктің, құқыққа сәйкестік пен құқыққа сәйкессіздіктің шектерін көрсетеді;
в) құқықты қамтамасыз ету үшін заңды шараларды талап етеді.
Құқықтық сананың рөлі оның функцияларынан көрініс табады:
1) танымдық, бұған “құқықтық дайындық” түсінігінен көрініс табатын және ойлану қызметінің нәтижесі болып табылатын заң білімдерінің белгілі бір жиынтығы тән болып келеді;
2) бағалаушылық, бұл тұлғаның құқықтық өмірдің әр түрлі жақтары мен көріністеріне өтіл мен құқықтық тәжірибе негізінде белгілі бір эмоционалдық қатынасын тудырады;
3) реттеуші, ол құқықтық көзқарастар мен құндылық-құқықтық бағыттылық арқылы жүзеге асырылады. Көзқарас дегеніміз тұлғаның белгілі бір түрде ақпараттарды, процестерді, құбылыстарды қабылдауға және бағалауға бейімділігін және осы бағалауға сәйкес әрекет етуге дайындығын білдіреді.
Құқықтық бағыттылық – бұл тұлғаның заңды мәні бар жағдайларда әрекет ету бағдарламасын тікелей қалыптастыратын құқықтық көзқарастарының жиынтығы.
78 Құқықтық сананың құрылымы
Құқықтық сананың құрылымы екі элементтен құралады: құқықтық психология және құқықтық идеология.
Құқықтық психология – бұл, ең алдымен, құқыққа қатысты сезімдердің, көңіл-күйдің, эмоциялардың, көзқарастардың, армандардың жиынтығы. Бұл жерде құқықтық құбылыстарға деген қатынас ерекше деңгейде пайда болып, белгілі бір сезімдер мен эмоцияларды қалыптастыруға тырысады. Құқықтық психология арқылы мыналар жүзеге асырылады:
а) құқықтық мәдениетке тән әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер, тұлғаның мәдениетіне, күнделікті өміріне, әдетіне еніп кеткен барлық элементтер;
ә) тұлғаның өзін-өзі бағалауы, яғни, өз жүріс-тұрысын құқық нормаларына сәйкестігі тұрғысынан сындарлы түрде бағалай білу қабілеті.
Құқықтық идеология – бұл адамдардың құқыққа қатынасын білдіретін құқықтық көзқарастардың, түсініктердің, қағидалардың, сенімдердің, талаптардың жүйеленген ғылыми көрінісі. Бұл субъектілердің құқықтық құбылыстарды тереңірек түсінуі; ол құқықтық бағалаудың ерекше деңгейін білдіреді. Құқықтық идеология – құқықтық сананың құрылымындағы басты элемент.
79 Құқықтық сананың түрлері
Құқықтық сана мына негіздер бойынша түрлерге бөлінеді:
1) мазмұны бойынша:
- қарапайым құқықтық сана – бұл тұлғалардың құқыққа қатысты жалпы көзқарастары, өмірлік тәжірибесінің әсерімен туындайтын көңіл-күйлері;
- кәсіби құқықтық сана – бұл заңгерлердің заңды тәжірибесінің негізінде қалыптасатын сезімдері, сенімдері, көзқарастары, дәстүрлері;
- ғылыми құқықтық сана – бұл құқықты теориялық игеруді көрсететін идеялар, түсініктер, концепциялар ;
2) субъектілері бойынша:
- жеке құқықтық сана;
- топтық құқықтық сана;
- қоғамдық құқықтық сана.
Құқықтық сананы иеленушіге байланысты құқықтық сананың жеке, топтық (ұжымдық) және қоғамдық құқықтық сана түрлері туралы айтуға болады.
Жеке құқықтық сана адам күнделікті қатысатын алуан түрлі әлеуметтік байланыстар мен қатынастардың ықпалымен, сондай-ақ өзінің психикалы-физиологиялық ерекшеліктерінің әсерімен қалыптасады. Жеке адамның мәдениеті мен білімі деңгейінің әртүрлі болуы, адамдардың әлеуметтік жағдайы мен қабілетінің бірдей болмауы жеке құқықтық сана деңгейінің әртүрлі болуына себепші болады. Құқықтық сана деңгейін көтеру үшін адамдардың санасы мен мінез-құлқына нысаналы идеологиялық ықпал жасаудың, азаматтарға құқықтық тәрбие берудің де маңызы емес.
Топтық құқықтық сана тиісті әлеуметтік топтар мен оларға кіретін жеке адамдардың ерекшеліктерімен анықталады. Құқықтық құндылықтар әрбір топта бірдей танылмайды. Олардың ішінде топтық құқықтық сана заңдылық пен әділеттік идеяларын мүлде құрметтейтіндерінде топтық құқықтық сананың әлеуметмізденуі, қоғамда бар құқықтық идеологиядан шеттеу, құқықтық нигилизмнің ескі түрін консервациялау, тіпті криминогендік жағдайлардың қалыптасуы мүмкін.
Қоғамдық құқықтық сана құқыққа және құқықтық өмір шындығының жалпы қоғамда қалыптасқан құбылыстарына көзқарасты бейнелейді. Қоғамдық құқықтық санада қоғамда жеке адамның бостандығына және жеке меншікке ешкімнің тиіспеушілігіне кепілдік бере алатын теңдесі жоқ әлеуметтік құндылық ретінде құқық түсінігі орнығады. Құқық болмайынша оның екеуі де жоқ.
80 Құқықтық мәдениеттің түсінігі және құрылымы
Кең мағынасында құқықтық мәдениет-қоғамның құқыққа деген нақты қажеттері (оның ішінде мемлекеттін құқықты бағалауы), құқықтық ғылым дамуының деңгейі мен заң білімінің погресшілдігі және, ақырында, елдегі заңдылық пен құқық тәртібінің жай-күйі керек ететін қоғам мәдениетінің ажырағысыз бөлігі.
Тар мағынасында алғанда қоғамның құқықтық жүйесінің даму деңгейін құқықтық мәдениет деп түсінген жөн.
Құқықтық мәдениет құқықтық санамен тығыз байланыстылықта болы тұрып, оған сүйенеді. Алайда, құқықтық мәдениет құқықтық санаға қарағанда әлдеқайда кең, себебі, ол психологиялық және идеологиялық элементтермен қатар, заңды мәні бар жүріс-тұрысты да қамтиды. Құқықтық мәдениет мыналарды білдіреді:
1) құқықтық шындықты сезімдік қабылдаудың және құқықтық ойланудың белгілі бір деңгейі;
2) халықтың заңдарды білуінің тиісті дәрежесі;
3) құқық нормаларды, олардың үстемдігін түсінудің жоғары деңгейі;
4) құқықшығармашылық және құқықты жүзеге асыру процестерінің сапалық жағдайы;
5) құқықтық қызметтің ерекше тәсілдері (құқыққорғау органдарының жұмысы, конституциялық бақылау және т.б.);
6) құқықтық қызметтің адамдар жасаған рухани және материалдық игіліктер түріндегі нәтижелері (заңдар, сот тәжірибесі, заңнама жүйесі және т.б.).
81 Құқықтық мәдениеттің құрылымы
Құқықтық мәдениет жекелік және қоғамдық тұрғысынан қарастырылуы мүмкін.
Тұлғаның құқықтық мәдениеті – бұл құқықты білу және түсіну, соған сәйкес әрекет ету. Тұлғаның құқықтық мәдениеті тұлғаның құқықтық білімділігін білдіреді, оған құқықтық сана, құқықты қолданудың дағдылары мен қабілеті, өз жүріс-тұрысын заң нормаларына бағындыру жатады. Тұлғаның құқықтық мәдениетінің құрылымы мына элементтерден құралады:
1) психологиялық элемент – құқықтық психология;
2) идеологиялық элемент – құқықтық идеология;
3) жүріс-тұрыстық элемент – заңды мәні бар жүріс-тұрыс.
Қоғамның құқықтық мәдениеті – бұл қоғамның құқықтық санасының және құқықтық белсенділігінің деңгейі, заң нормалар мен заң қызметінің дамуының дәрежесі. Қоғамның құқықтық мәдениеті оның жалпы мәдениетінің бөлігі болып табылады және келесі факторлармен сипатталады:
- құқықты шын мәнінде қажетсіну;
- елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіп жағдайы;
- қоғамдағы заң ғылымы мен заң білімінің даму дәрежесі.
Қоғамның құқықтық мәдениетінің құрылымы келесі элементтерден құралады:
1) қоғамның құқықтық санасы мен құқықтық белсенділігінің деңгейі;
2) заң нормаларының даму дәрежесі (құқықтың даму деңгейі, заң мәтіндерінің мәдениеті және т.б.);
3) заң қызметінің даму дәрежесі (құқықшығарушы, құқыққолданушы және құқыққорғаушы қызметтің мәдениеті).
82 Құқықтық қатынастардың түсінігі
Құқықтық қатынас санаты құқықтың жалпы теориясында негізгі, орталық санаттардың бірі болып табылады және адамдардың іс-әрекетіне құқықтың қандай жолмен әсер ететінін түсінуге мүмкіндік береді. Құқықтық қатынас – бұл қатысушылары субъективтік құқықтар мен заңды міндеттерді иеленетін, құқық нормаларымен реттелген қоғамдық қатынас.
Құқықтық қатынастардың белгілері:
а) бұл әлеуметтік субъектілер арасындағы екіжақты нақты байланысты білдіретін қоғамдық қатынас;
ә) ол құқық нормаларының негізінде қалыптасады, яғни, құқық нормаларының жалпы талаптары субъектілер мен нақты жағдайларға қатысты жеке дараланады;
б) бұл тұлғалар арасында субъективтік құқықтар мен заңды міндеттер арқылы қалыптасатын байланыс;
в) бұл ерікті қатынас, себебі, оның пайда болуы үшін оның қатысушыларының еркі қажет;
г) бұл мемлекетпен қорғалатын және қамтамасыз етілетін қатынастар.
83 Құқықтық қатынастардың түрлері
Құқықтық қатынастарды түрлерге бөлу, құқық нормаларын тұрлерге бөлудегі сияқты, әр түрлі негіздер бойынша жүзеге асырылуы мүмкін:
1) салалық белгісі бойынша құқықтық қатынастар конституциялық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық, азаматтық-құқықтық және т.б. болып бөлінеді;
2) сипаты бойынша: материалдық (қаржылық, еңбек және т.б) және іс жүргізушілік (қылмыстық іс жүргізушілік, азаматтық іс жүргізушілік және т.б.) құқықтық қатынастар;
3) құқықтың функциялары бойынша: реттеуші және қорғаушы құқықтық қатынастар. Реттеуші құқықтық қатынастар құқық нормасы немесе шарт негізінде пайда болады, қорғаушы құқықтық қатынастар мемлекеттік мәжбүрлеумен және заңды жауапкершілікті жүзеге асырумен байланысты болады;
4) қатысушыларының құрамына қарай: жай және күрделі құқықтық қатынастар. Жай құқықтық қатынастар екі субъектінің арасында туындайды (сату-сатып алу құқықтық қатынастары), ал күрделі құқықтық қатынастар бірнеше субъектілердің арасында туындайды (қылмыстық жазаны өтеу құқықтық қатынастары);
5) субъектілерінің анықталу дәрежесіне қарай: абсолюттік және қатысты құқықтық қатынастар. Абсолюттік құқықтық қатынастарда тек бір жақ қана–субъективтік құқықты иеленуші– анықталады, ал қатысты құқықтық қатынастарда екі жақ та жеке дара анықталған болып келеді және бір-біріне қатысты құқықтар мен міндеттерді иеленуші болып табылады;
6) жалпы және нақты құқықтық қатынастар, жалпы құқықтық қатынастар заңнан тікелей туындайды, нақты құқықтық қатынастар заңды фактілердің–әрекеттердің, нақты жүріс-тұрыс актілерінің–нәтижесінде пайда болады.
84 Құқықтық қатынастардың пайда болуының алғышарттары
Құқықтық қатынастардың пайда болуының алғышартары – бұл құқықтық қатынастарды туындататын жағдайлар, факторлар. Құқықтық қатынастардың пайда болу алғышарттарының екі түрін бөліп қарастырады:
1) материалдық (жалпы) алғышарттар. Оларға адамдардың құқықтық қатынастарға түсуіне әсер ететін өмірлік қажеттіктері мен мүдделері жатады. Кең мағынада – бұл белгілі бір қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің объективтік қажеттігін көрсететін әлеуметтік-экономикалық, мәдени және т.б. жағдайлардың жүйесі.
2) Заңды (арнайы) алғышарттар. Оларға құқық нормасы, құқықсубъектілік және шынайы өмір жағдайы ретіндегі заңды факт жатады. Аталған алғышарттарсыз құқықтық қатынастың туындауы мүмкін емес.
85 Құқық нормалары мен құқықтық қатынастардың өзара байланысы
Құқық нормасы – бұл жалпыға міндетті іс-әрекет ережесі, ал құқықтық қатынас – құқық нормасының негізінде пайда болатын қоғамдық қатынас.
Олардың арасындағы өзара байланыс мыналардан көрінеді:
а) құқық нормасы мен құқықтық қатынас құқықтық реттеу механизмінің элементтері болып табылады;
ә) құқық нормасы – бұл құқықтық қатынастың пайда болуының негізі;
б) құқық нормасы құқықтық қатынастар субъектілерінің шеңберін анықтайды;
в) құқық нормасы өз гипотезасында белгілі бір құқықтық қатынастың пайда болу жағдайларын көздейді;
г) құқық нормасы өз диспозициясында құқықтық қатынастар қатысушыларының субъективтік құқықтары мен заңды міндеттерін анықтайды;
д) құқық нормасы өз санкциясында диспозицияны орындаудың мүмкін салдарын көрсетеді (жазалау немесе марапаттау);
е) құқықтық норма мен құқықтық қатынас себеп пен сал ретінде байланысқа түседі, яғни, құқықтық қатынас–бұл құқық нормасының жүзеге асу нысаны.
86 Құқықтық қатынастардың құрылымы
Құқықтық қатынас элементтер құрамы бойынша күрделі құрылымға ие: құқықтық қатынастың субъектісі, құқықтық қатынастың объектісі, субъективтік құқық және заңды міндет (заңды мазмұн).
Достарыңызбен бөлісу: |