2-тарау. Бірінші кіші топ (2 - 3 жастағы балалар)
1-параграф. "Денсаулық" білім беру саласы
8. "Денсаулық" білім беру саласының базалық мазмұны - дене шынықтыру, мәдени-тазалық дағдылары ұйымдастырылған оқу қызметінде іске асырылады.
9. Мақсаты дененің қалыпты өсуін, баланың жеке типологиялық ерекшеліктеріне қарай омыртқасын және толыққанды денесін дамытатын жағдайлармен қамтамасыз ету, жеке гигиеналық бастапқы дағдыларды қалыптастыру болып табылады.
10. Міндеттер:
1) жалпы қимылдық икемділіктерді, еркін түзімдегі, берілген бағыттағы жүру мен жүгіру дағдыларын қалыптастыру;
2) шапшаң қимылды ойындарға және ойын жаттығуларына қатысуға эмоциялық әсер мен ынтасын шақыру;
3) өзінің қимылын үйлестіруге, әрекеттің бағыты мен сипатын тәрбиешінің сигналы мен командасына сәйкес өзгертуге үйрету;
4) ептілікті дамыту, мүсінді қалыптастыру;
5) тамақтану және қарапайым гигиеналық процедураларға баланың қатысуын ынталандыру(ересек адамның көмегімен);
6) өзіне-өзі қызмет ету барысында қарапайым қарым-қатынас әрекетін қалыптастыру.
2-параграф. 1-жартыжылдық
11. Дене шынықтыру негізгі қимылдарды қамтиды:
1) жүру:тәрбиешінің артынан және тәрбиешіге қарай топ болып жүру; арқан бойымен тәрбиешінің артынан бірінің соңынан бірі және арқанды қолымен ұстап өздігінен жүру, арқаннан жасалған түзу жол бойымен жүру;
2) жүгіру: тәрбиешінің артынан топ болып жүгіру, "аюдан" қашу, "қоянға" қарай жүгіру; бетін залға қаратып қабырға бойы тұрған бастапқы қалыптан зал бойымен қарама-қарсы қабырғаға қарай топтасып жүгіру;
3) секіру: ересекпен бірге тізесін ырғақты бүгуді орындау; педагогтың, бірі бірінің қолынан ұстап аяқтың ұшымен секіру;
4) лақтыру, қағып алу, дәлдеп лақтыру; тұрған және отырған қалыпта допты екі қолымен домалату (0,5-1 метр қашықтықта); допты тәрбиешіге лақтыру; ойыншыққа, бір-біріне лақтыру; допты екі қолымен ұстау, құлап қалған допты көтеру, үлкен, кіші доптарды еңістен домалату;
5) еңбектеу, өрмелеу; ойыншыққа қарай түзу сызық бойымен еңбектеу; еденге салынған (ені 30-35 см.) кілем, тақтайша бойымен еңбектеу; лентаның, доғаның (биіктігі 70 см.) астымен еңбектеп өту; жерде жатқан заттардан (бөренеден) өрмелеп өту;
6) тепе-теңдік сақтау: шектелген кеңістік бойымен, бір ұшы еденнен 15-20 см. биіктікке көтерілген (ұзындығы 1,5-2м., ені 20-25 см.) еңіс тақтай бойымен жүру және онымен төмен түсу; ішінен бүйіріне, арқасына, арқасынан бүйіріне, ішіне қарай аударылу;
7) жалпы дамытушы жаттығулар: жаттығуларды педагогпен бірге орындау: бас қимылы - бұрылу (оңға-солға), алға-артқа шалқаю; қол қимылы - алға, жан-жағына, алға, иыққа, белге қою, кеуде тұсында айқастыру, жанына қарай созу, кеуде тұсында, бастан асыра шапалақтау; бүгу және жазу, саусақтарды жұдырыққа түю және жазу; қолды белге қойып, бір аяқты топылдату; екі аяқты топылдату.
12. Күтілетін нәтижелер:
1) дене жаттығуларын орындауға ынта білдіреді;
2) жаттығуларды педагогтың әрекетіне еліктей отырып орындайды;
3) тәрбиешінің артынан топтасып жүреді;
4) допты лақтырады;
5) жол бойымен және ізін баса жүреді;
6) кілем, тақтай бойымен еңбектейді;
7) арқанның, орындықтың астынан өрмелеп өтеді;
8) ішінен бүйіріне, арқасына, арқасынан бүйіріне, ішіне қарай аударылады.
13. Мәдени-гигиеналық дағдылары:
1) тамақтану дағдыларын қалыптастыру: үстел басында өз орнымен танысу және оны есте сақтау; қажет болған жағдайда тамақтануға арналған арнайы алжапқыштарды киюін үйрету; тостағанды ұстай алу білігін қалыптастыру, арнайы екі тұтқасы бар тостағандар қолданылады; балаларда өздігінен тамақ қабылдауды, өздігінен қасық ұстаудыниеттендіру; тамақ ішіп болған соң үстел басынан тұруды балаларға үйрету;
2) тазалық дағдыларын қалыптастыру: балаларды гигиена заттарымен сабын, орамал, тарақ, бет орамалы және оларды қолдану мүмкіндіктерімен таныстыру; ересек адамның көмегімен қол жууды үйрету (алақанды бір-біріне үйкелеу);
3) ұқыптылық дағдыларын қалыптастыру: өзінің киімін сақтау орнымен, киімге арналған шкафпентанысу; тамақ ішер алдында және дәретханаға барған соң ересектің бақылауында міндетті түрде қол жуу дағдысын қалыптастыру; ересек адамның көмегімен қолды орамалмен сүрте білуін үйрету; баланың түбекке сұрану дағдысын бекіту;
4) киіну және шешіну дағдыларын қалыптастыру: балаларды киіндіру және шешіндіруге қатыса білуін үйрету: қолды алға созу және көтеру, аяқты түсіру және көтеру.
14. Күтілетін нәтижелер:
1) үстел басында өз орнын есте сақтауды;
2) ересектің бақылауымен және жартылай көмегімен үстел басына отыра және шыға алады;
3) гигиенаның негізгі заттарын: сабынды, орамалды, тарақты сәйкестендіре алады;
4) ересек адамның көмегімен қарапайым жуыну әрекеттерін орындайды(алақанды бір-біріне уқалайды);
5) ересектің көмегімен қолды орамалға сүрте алады;
6) тамақтанудың қарапайым әрекетін орындайды: ересектің көмегімен тостағанды ұстайды,қасықты қолдануға тырысады;
7) киіндіруге және шешіндіруге қатысады;
8) қажеттілігі бойынша түбекке сұрана алады.
Достарыңызбен бөлісу: |