Қара сабынның жасалу жолы.
Бағзы халқымыз көшіп - қонып, жаз жайлау, қыс қыстауда күнелтіп жүріп, өзінің кір - қоңын, киім - кешегін, көрпе - жастығын мұнтаздай таза ұстаған. Даласы қалай таза болса, үй - іші де сондай ретті, оюлы сырмағы қағулы, түскиіз, шымылдығы жуулы тұратын. Әсіресе, халық өзі қолдан жасайтын қара сабыны кірді кетіруімен, емдік қасиетімен, үнемділігімен ерекше. Бүгіндері ұмыт болып бара жатқан бұл сабынды жасаудың өзі оңай шаруа емес.
Сақар – күлден шығады
Бізде мұны «қара сабын» деп атайды. Қара сабынды жасаудың бірнеше кезеңі бар. Әуелі, сары күзде буыны пісіп, сабағы қатайған алаботаны бір жерге жинап өртейді. Кейініректе күнбағысты соғып алған соң, оның қапағын кептіріп, соның да күлін пайдаланатын болды. Алаботаның күлін суытып, кендір қалтаға салады. Әсіресе, кесек - кесек боп ұйыған күл қорытпасынан сақар көп шығады. Күлің қанша көп болса, сонша жақсы, себебі, төрт - бес қалта (дағар) күлден, жарты қалта сақар алынады. Қалтадағы күлді шиден жасалған шыптаның үстіне жұқа бұл жайып, айналасын кенеулеп, ойыққа төгіп, астына үлкен тегене қояды, күлдің үстінен сақылдап қайнаған суды құяды. Сол кезде күлдің сөлі, нәрі сумен бірге ағып, тегенеге жиналады. Сол суды тұнытып, астындағы тұнбасына қоспастан майланған қазанға құйып қайнату керек. Нілі сорғыған күлді ауыстырып, жаңалап, астындағы жиналған суды тұндырып, майланған қазанға дер уақытында құйып алу керек. Қарағай, қайың, тораңғы секілді бір қалыпты маздап жанатын ағаштармен қайнаған күлдің суы құрғақ сақарға айналады. Төрт - бес қазан күлдің сөлді суынан жарты қазан сақар жинауға болатынын ескерсеңіз, қыруар еңбектің жемісі арқылы келетінін бағамдай беріңіз. Мұнда ескеретін бір жайт, күнбағыстың яки алаботаның күлі болса да, оның үстінен құйған сумен ағатын ащы нілі көбірек болғаны өте маңызды. Әдетте, тегенедегі күл суының түсі қызылкүрең бояуға жуық. Оны қайнату барысында, алған сақарыңыз майда, уытты болады. Бұл өзара қоспалар арқылы ажырату әдісі. Бұрынғы апаларымыз күз келсе болды, алаботаны өртеп, неғұрлым көбірек сақар жинауға ұмтылатын. Себебі, алған сақары бір жыл бойы сабын жасауға жетуі керек. Сақар – сабын құрамының негізгі қоспасы. Сақар алу барысы бір күннің шаруасы емес. Бір қазанмен қайнатар болсаңыз, үш - төрт күн қатарынан нілді суды қайнатқанда, үлкен бір әулеттің бір жылдық сабынына қажетті қоспаны даярлай аласыз. Мұны үш - төрт түтін бірігіп, бірге алабота өртеп, күлдің нілін ағызып, одан сақар жасап та жатады. Есесіне, үш - төрт жерошаққа қара қазан асып, сақарды да көбірек алуға тырысады.
Сақардың сабын жасаудан бөлек, өзіндік емдік істерге қолдануға тұрарлық қасиеттері де жетерлік. Соның бірі – әртүрлі ауруға шалдыққан малдарды емдеуге жарамдылығы. Әсіресе, бақана, аусылмен ауырған малдардың тілін, аша тұяғын осы сақармен емдеп, тұяқтарын сақарлы суға малып, жазып алатын бұрындары.
Қара қазан қайнаған
Біз сабынға қажетті ең негізгі қоспаны алуды үйрендік делік, енді сабынды қалай жасауға болатынын айталық. Ауыл - аймақта сабын жасау үрдісі үш - төрт ақ жаулықтыға ғана бұйыратыны бар. Өйткені, сабынды көрінген адам қайната алмайды. Мұнда халқымыздың түсінігінше, сабыны дұрыс қайнамаса, тасып - төгіліп кетсе, дұрыс жасалынбаса, сабын қайнатқан адамның жолы ауыр болады деп пайымдаған. Жақсылыққа жорымаған. Мұндай кезде сабын жасайтын адам қазан маңына бөгде кісіні жолатпаған. Көбінесе, оңаша, қалтарыс жерде қасындағы от жағып, ошақтың күлін төгіп, қолғабыс ететін адамнан басқаларға қазанға қарауға рұқсат бермейді. Бұл – ырым. Оны бұлжытпай орындау өте маңызды. Алдымен, ішіңізден «бісімілләны» айтып, Алладан игілікке істеуін сұрайсыз жасар жұмысыңызды. Әбден тазалап жуылған, майланған қазанға бір кесе сақар салсаңыз, оның үстіне дәл сол кесемен қойдың немесе басқа малдың екі кесе майын қосасыз. Бұл жерде қандай малдың немесе ненің майын қосуыңызға байланысты өзара теңшемелі бұл өлшем өзгеруі де мүмкін. Қазаныңыз үлкен болса, үш - төрт кесе сақар салып, соған сай май құясыз да, еппен қайната бастайсыз. Қазаныңыз қайнаған сайын оны арнайы ағаштан жасалған қалақшаңызбен үзбей араластырып отырыңыз. Бұл күймей, барлығы бір қалыпты қайнау үшін қажет шара. Қазан үш рет қайнайды. Р рет қайнаған сайын, бетіне суық су бүркіп, ожаумен аздап құйып отырасыз. Үшінші рет қазаныңыз тасыған соң барып, қазандағы араласпаңыз басын болды деуіңізге болады. Бір қазан сабынды ыстық күйінде сабынға бөлудің де өз жөні бар. Егер жасаған сабыныңыз көп болса, үлкен сабыннан екі - үшеуін домалақтап, арнайы матаға әдемілеп орау ләзім. Мұндай сабындар көбінесе кір - қоң жууға арналады. Жалпы, сабынды көптігіне қарай, үшке, беске, жетіге бөледі. Тақ санға бөлудің де өзіндік мән - маңызы бар екендігі анық. Кейде сабын әбден даяр болғанда оның ішіне жуылған, майдалап түтілген жүнді қосып жатады. Бұл жыл бойы істету үшін домалақтап жасаған сабыныңыз бөлініп кетпес үшін қолданатын амал.
Достарыңызбен бөлісу: |