1.1 ХІХ ғасырдағы қисса-дастандар. Нәзира дәстүрінің жандану себептері
ХІХ ғасырдағы діни-ағартушылық бағыттың ағысты арнасының бірі – ежелгі нәзира дәстүріндегі қайта жаңғырған қисса-дастандар. Қисса-дастандардың жандану себептерінің түп-төркіні отаршылдық, миссионерлік саясатта жатты. Белгілі бір тарихи кезеңнің қазақ сөз өнері көтерген ауыртпалығының бірі – осы дін жайы, миссионерлік ағым.
ХІХ ғасырда, ХХ ғасыр басында қазақ арасына кітап болып басылып тараған қисса-дастандардың шыға бастаған уақытын зерттеушілер
1800 жылмен даталайды. Ә. Каримуллиннің [48] ХІХ ғасырда Қазан төңкерісіне шейін жарияланған кітаптардың саны, мазмұны туралы деректері түрлі жыр, қисса-дастандардың үздіксіз, бір шығарманың өзі әлденеше рет басылып, ел арасына мыңдаған дана болып таралғанын көрсетеді.
Кеңестік кезеңде ХІХ ғасырдағы қиссалар “Батырлар жыры” (1964), “Ғашықнаме” (1976), “Қисса дастандар” (1980), “Дастандар” (І, ІІ том 1990) жинақтарында басылды. Қытайда қиссаның 12 томы жарық көрді.
ХІХ ғасырда қазақ арасына кең жайылған қисса-дастандар зерттеушілер деректеріне қарағанда сол ортағасырлық нұсқадан қайта басылып та, нәзирагөйлікпен қайта жырланып та тарап отырған. Бір шығарманы, бір желіні бірнеше ақынның өзіндік өзгешеліктерімен жырлап, бастыруы да қисса-дастанның жасау үрдісіне айналған. Ал, сол ортағасырлық туындылардың ықпалымен үлгісімен жаңадан туған, қазақ өмірінен алынған шығармалар – өз алдына бір әдеби әлем.
1959 жылғы әдеби мұраға көзқарас талқыланған ауқымды ғылыми жиындағы жарыссөзде Б. Шалабаев қиссалардың жөнін, мәнін мейлінше айқын қойып сөйлейді: “ХІХ ғасырдың соңғы ширегінен ХХ ғасырдың алғашқы
15 жылында Москва мен Петербург, Қазан мен Уфа, Ташкент пен Омбы, Орынбор мен Троицк, тағы басқа қалаларда қандай кітап басылсын, соның бәрі “қисса” аталды. Осы тізбек, осы серияның ішінде “Қобыланды” мен “Ер Тарғын”, “Қыз Жібек” пен “Қамбар”, “Айман-Шолпан” мен “Алпамыс” және кейбір қазақ ақындарының жыр, толғау, поэмалары да болды.
Бұған қарағанда “қисса” деген терминнің әуелде қайдан шыққанын, қиссалардың қандай идеялық, көркемдік мәні болғанын, әдебиеттің қай тегіне баланғанын дәл айту өте қиын. Тегі қиссалар фольклорлық шығармалар мен жеке автордың дастан, романдарына әрі ұқсас, әрі ұқсас емес, сондықтан да әлі күнге зерттелмей келген, қиындығы да, қайшылығы да көп тың дерлік жанр” [93, 240 б.].
ХІХ ғасыр әдебиетіндегі қисса өлең дәстүрінің ғылыми негізделуі, жүйеленуі сол ХІХ ғасырдың орта тұсынан бастау алады.
Шоқан Уәлиханов “Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінен” [11] зерттеуінде қисса өлеңдерді өлеңнің бесінші түріне жатқызған топтамасының ішінде атайды. Кейінде, ХІХ ғасыр әдебиетіндегі осы бір аса мол әдебиет үлгісінің көбіне айыптау мәнде бағаланғанын ғалым Өтеген Күмісбаев Шоқан Уәлихановтың қиссалар жөніндегі пікіріне сүйенгендіктен болды деп, орынды ұғындырады.
“Шоқан өз тұсындағы ақындар туралы: “Шығармаларының мазмұны етіп кейбір дін уағыздарды алады. Олар қазір Сейітбаттал Қожаның ерлігін, Жүсіп пен Зылиханың махаббатын, Ибрайым, т.б. өмірін жырлап жүр. Олардың бәрі өзінің фанатизм идеясы және өмірін әсерлеулерімен мүлдем жалықтырарлық шығармалар” деп жазған еді.
Әлбетте, европалық мәдениетке, ірі ілімге қол жеткізген жас Шоқан үшін Шығыс мақамын берік ұстанған, жыр, қисса жазған ақындар бір шеңберде ғана фанатистік, қиял жағынан ғана көрінуші еді.
…Сондықтан Шоқан пікірінің тасасына тығыла беруге болмайды [49,
209 б.].
Қисса-дастандар туралы В.В. Радлов тұжырымдарында ХІХ ғасырдағы отаршылдық саясат мүддесінің сұлбасы байқалғанымен, әділін айтқанда, ғалымның ғылым мүддесімен зерделеуі айқын, басым.
“Кітаби өлең”, “Кітап өлеңнің” қазақ әдебиеті шығармаларының халықтың өзі бөлген (Халық шығармасы, кітаби өлең – Қ.М.) екінші түрге жатқызғандығын, оның өзіндік ерекшелігін В.В.Радлов сол кездің әдебиет үлгілері негізінде белгілі бір дәрежеде дұрыс көрсетті.
Ғалымның халық шығармаларын қарапайым халықтың ауызша таралған өлеңдері мен әңгімелері құрайды, оған қазақ халқының ислам діні әсері тие қоймаған шығармалары жатады. Кітаби өлеңді жыршы жатқа айтпайды, жазылған кітаптан оқиды. Кітап өлеңді шығарушылар – молдалар. Қазақтардың таза жазба тілі жоқ. Сауатты қазақтар татар тілінде жазады. Жазба тіл – екі тілдің қойыртпағы.
Кітаби өлең – діннің ұрығы, ислам ілімін таратуды мақсат тұтады. Кейбір өңірлерде ислам дінінің қаһармандары жөніндегі өлеңдер халық батырлары туралы жырларды ығыстырып отыр деген түйіндері негізді.
В.В. Радлов толып жатқан кітаби өлеңге түсінік беріп, мазмұн, мәнін баяндайды. Қандай үлгіде таралып отырғанына назар аударады. Елдің рухани өміріне белсенді араласып, тәрбие, тұрмысына аса зор ықпал ете бастағанын айрықша, қадала айтады.
“Ғибрат өлеңдердің ішінде көп айтылатыны осы аттас кітаптың атымен аталатын “Жұм-жұма”. Үлкен жиындарда айтылған осы жырды маған бірнеше рет тыңдауға тура келді. Жыршы сөзін бар ынтасымен тыңдаған жұртшылық тірі күнінде дін шарттарын орындамаған мұсылманның өлгеннен кейінгі азабын сипаттаған кезде қорқынышты үрей пайда болады. Тыңдаушылардың үнсіз тыныштығын тек қана “О, құдіретті тәңірім”, “Қайырымы көп құдайым” деген тәрізді лебіздер ғана бұзып отырды. Маған қазақтар арасында исламды орнықтыруға бір “Жұм-жұманың” әсері даланы кезіп жүрген жүздеген молдадан артық тәрізді [50, 19 б.].
ХІХ ғасыр әдебиетіндегі дін жайына, діни сарынға соңғы кезеңге шейін бірде қисынды, бірде бұра тарта тоқталған тұстар болды. Астарына үңіле түскенде, ХІХ ғасырда халық ішінен әдебиет үлгілерін жинап зерттеген, оған баға берген шығыстанушы ірі ғалым В.В. Радлов пікірлері біраз сырды ашады. Оның еңбектерінде қазақтар арасындағы ислам дінінің жайылу жайы егжей-тегжейлі айтылады. Әдебиет түрін айғақтап отырған ғалым ел жағдайын қамти сөйлейді. Қазақтардың қаншалықты діншілдігі жөнінде ақпар, мәлімет беріп отырады.
ХІХ ғасыр қазақ әдебиетіндегі дін жайын, діни сарын, әсіресе Шортанбай шығармаларындағы діни астар деген кейінгі көп тұжырымға В.В. Радловтың іргелі ғылыми еңбегіндегі тұжырымдардың аз ықпалы болған жоқ. Шортанбай ақынға діншіл, діни деген айдардың ажырамастай болып танылуының бір ұшығы В.В. Радловтың “Зар заман” өлеңді молдалар шығарған деген пікірінен тараған болуы мүмкін.
Көрнекті шығыстанушы В.В. Радловтың ғылыми-зерттеушілік еңбегінің, қазақ әдебиетінің ғылыми сипаттамасын жасауының құны өлшеусіз. Алайда Ресей империясын халықтың басқа күйі көбірек ынтықтырғандықтан да ғалым бар жұмысына сипаттама бергенде империяға аса қажет мәліметтерді алға тарта сөйлейді.
“Бұл басылымның І және ІІ томдарында жарияланған халық әдебиетінің үлгілері басқа көпшілік тайпаластары тәрізді ислам әсеріне беріле қоймаған көне шаман дінін әлі де берік ұстанған Оңтүстік Сібірдегі түркі тайпаларының рухани мұрасын құрайды. Ал мына ұсынылып отырған том Алтайдың терістігін жайлаған қазіргі кезеңде ислам дінін тұтынатын түркі тайпаларына арналған. Ол тайпалардың ретін біз территориялық жағынан да, қоғамдық және рухани жағдайымен де Мұхаммед дінінде жоқ түріктерге бір табан жақын тұратын қазақтардан бастаймыз” [50, 16 б.].
“Образцы народной литературы тюркских племен” көптомдығының
ІІІ томына жазылған алғысөздің өзінде де дін атауы бірнеше рет келуі тегін болмаса керек.
Әрі қарай ғалым қазақтардың дінге қатысын, көзқарасын, тәптіштей баяндайды. Бірнеше жүздеген жылдар бойы ислам дінін тұтып келе жатқанымен, әлі толық мойындап, қабылдаған жоқ, көп шартын жай ғана орындай салады, дін иелерін халық жақтырмайды, аулақ жүруге тырысады деген тұжырымдар жасайды.
ХІХ ғасырдағы қиссалардың орта ғасырлардағы экзегетикалық дәстүрді (діни негіздерді түсіндіру) қалыптастыруда да елеулі орын алғанын айту керек.
“Қазақ еліне ислам дінінің қалай таралғаны туралы біраз деректер, діни уағыздар мен ақпарлар өлеңмен де, қара сөзбен де жазылған (“Манулат қырғыз” жинағы 1879 жылы жарық көрген. Діни уағыздар жайы әңгімеленетін “Хисса Жұм-жұма”, “Сал-сал”, тағы басқа дастандар 1881-1883 жылдары шыққан”), – дейді көрнекті ғалым Ш.Қ. Сәтбаева [51, 200 б.].
ХІХ ғасырдың күрделі шындығы қисса дастандардың халықтың рухани әлеміне оң ықпалына қоса тіл шұбарлау, діни фанатизмге қарай тарту сияқты кері ықпалы да болғандығын көрсетеді. Соған орай қазақ арасында, ислам негіздерін ұғындырған ағартушылар еңбектері, Шоқан, Ыбырай, мақсаткерлікпен қозғаған дін жайы да етек алды. Яғни дін жайын қозғаған нәзира қиссалардың таралып, басылуы қандай қажеттілік болса, исламды сол кезде – қоғамдық-экономикалық формацияның жаңа басқышына аяқ салғалы тұрған қазақ баласына дүмшеліктен сақтап, таза күйінде жеткізу де – сондай қажеттілік еді. (Дүмшелік те отаршылдықтың бір мүддесі еді – Қ.М.).
“Мұсылманшылықтың тұтқасы” атты еңбегін жазудағы мақсаты туралы
Ы. Алтынсарин былай дейді:
“Қазіргі кезде қазақ арасында Мұхамбеттің діни оқуы жайылып, етек алып барады… мүмкін болғанша, біріншіден қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, ал екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алуына жол бермеу үшін (бұл қазақтарды татарландырудың ең сенімді тәсілдерінің бір ғой) мен соңғы кезде Мұхамбет шариғатын үйрене бастап… Оқу құралын құрастыруға кірістім” [51, 203 б.].
Осы жайды М.Мырзахметовтың Ыбырай жайлы айтқан мына пікірі тарата түседі.
“…Ыбырай Алтынсарин отаршылдық мүдде тұрғысынан ашылған Орынбордағы оқу орнында тәрбиеленіп, орыс тіліне терең жетіліп шықты. Арманы – туған халқы көкірек көзін ашып, европалық білім беру, кітаби ақындар қисса-дастандарындағы шұбарланып бара жатқан ана тілінің табиғатын таза сақтау жолында күрес жүргізу. Бірақ сырттан еріксіз таңылған миссионерлік дүниетаным мен олардың педагогтық жүйесін бойына дарытпады. Сол себепті де Ыбырай екі жақты саяси-әлеуметтік қыспаққа түскенін Мұхтар Әуезов: “Он чуствовал двухсторонное давление от церковников и мусулманства. Мусулмане считал, что он хочет крестить казахских детей, клеветал на него, а Ильминский который официально помогал ему, был убежденный христианин-миссионер, уверял всех, что через эти школы скорее можно провести свою идею обрусение казахов”, – деп мәселенің түп тамырын дәл, танып көрсеткенімен, бұл пікірін баспа бетіне шығара алмады” [51, 120б.].
М. Мырзахметов келтірген Әбен Сыбанұлы атты қарияның 1963 жылы көшірілген қолжазбасы ХІХ ғасырда діни таным, діни ағымның қаншалықты күрделі, шарпысқан қарама-қайшылықтар аясында жасағанын аша түседі.
“…кешегі орысқа қарағанымыздан кейін 1865 жылы атақты дін бұзушы Ильминский қазақ арасына шығып, қазақ мұсылман емес, шамани деген дінсіз халық, оларды орыс дініне айналдыру оңай деп үкіметті осы сөзбен нандырған екен… Мінеки үкіметтің осындай тұтқан жолы қазақ арасын тынышсыздандырып, 1869 жылы қазақтар үкіметтің бұл ісіне наразылық шығара бастады” [51, 101-112бб.].
Қария сол тұстағы күрделі жайды айқын аңғарғанын, оның қолжазба көшірмесінде патшаның миссионерлік саясатына қарсы қазақ арасында исламиятқа іш бұрудан діндар қисса-дастан жиі таратыла бастауының қазақ әдеби тілінің шұбарлануын сол саяси құбылыспен байланысты көргенін айтады.
М. Мырзахметов “Ыбырай және проф.Илминский” атты зерттеуінде
ХІХ ғасырдағы орыс отаршылдығы жүргізген миссионерлік жөнінен мол мәлімет берді [51, 106б.].
Татар ғалымы Әрбар Каримуллиннің зерттеуіне қарағанда Ильминский Россия өлкесінің бар аудандарында миссионер кадр дайындаудың басында болған.
…Татарларды біржола шоқындырудан күдер үзген Ильминский енді Орынборға ауысып, қазақтарды шоқындыру әрекетін сездірмей өте құпия сақтықпен жүргізуге кіріседі. Өйткені қазақтардың татарларға қарағанда ислам дініне селқостығын, оларда діни фантазимнің жоқтығы туралы қоғамдық пікір қалыптасып та қалған еді.
С.Н. Южанов деген белгілі публицист ислам діні аса жайылған мұсылман халықтарын ассимилизациялау қиын деп, ол үшін олардың жазуын орыс жазуына ауыстыру арқылы қимыл жасау керектігін ұсынған. Қазақстаннан бастау жемісті болғанын айтқан. М.Мырзахметов сол тұстағы ахуалды терең талдай отырып, С.Н. Южановтың ұсынымын былайша тұжырымдайды. “Осы себепті: “… в киргизских школах необходимо сделать теперь же здесь нет ни мусульманский, ни каких традиций, которые мешали бы этому нововедению и дело, несомненно привиться легко и быстро” (“Русский вестник”, 1891 кн 7-8), – деп жазып шоқындыру ісін мүмкіндіктен шындыққа айналдырудың құнарлы топырағы қазақтардың арасында жатқанын ашық айтып көрсетеді” [51, 106б.].
Нәзира дәстүрінің жандану себептеріне орай туындаған салдарлары: миссионерлікке қарсылық; экзегетикалық дәстүрдің тууы, қазақ балаларының шоқындыру саясатымен болса да орыс оқуына тартылып, дүниеге кең қарауға, шола қарауға мүмкіндік тууы; орыс алфавитінің енуі; усули жадитизмнің тууы, т.б.
ХІХ ғасырдың өн бойындағы ұлт тағдырында ортағасырлық ояну туғызған, қайта жанданған нәзираның аса өлшеусіз орны болды. Тіптен, орыс отаршылдығы өзінің қазақтың “ішін алудағы” көп тарихы әу баста өзі өрістетіп алған Шығыс ықпалының, дін ықпалының ыңғайында жүргізуге мәжбүр болды. Бұл – саяси жағы. Ал нәзира өріс берген үлкен әдеби, рухани, мәдени ағым – қазақ халқының ұлттық болмысын даралай түскен, қоғамдық сананы оятып, жаңғыртқан, көтерген ықпалды құбылыс.
Қисса-дастандардың әдебиет тарихында танылып, зерттелуі ұзақ, күрделі, саяси танымды бастан кешті. Сол себепті де көп кешеуілдеді. Сол, ХІХ ғасырдың өзінде, кейінгі ХХ ғасыр басында, онан бері бір ғасырға жуық кезеңде қисса-дастан, нәзира дәстүрі, кітаби әдебиетке берілген баға, бағытталған көзқарас әр қилы болды.
Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет танытқышта” қазақтың жазу әдебиетінің туу жөніне тоқтала отырып, қазаққа жазу дінмен келді дейді. Жазу әдебиетке жазылған шығарма жататынын, жазба сөзді бастапқыда бала оқытушы қожа, ноғай молдалар шығарған, дінді халыққа өлеңмен үйреткенін айтады.
А. Байтұрсынов қазақ арасына қисса өлеңнің таралу жайын, мәнін, тіл шұбарлануын, орыс отаршылдығы тарапынан жүргізілген саясатты егжей-тегжейлі саралап, ақиқат тұжырымдар жасады.
“Әдебиетті молдалар дін бесігіне бөледі. Әдебиет өсе алмай, мешел болып жатқанда орыс үкіметінің саясаты келіп килікті. “Қазақ діні шығып жетпеген шала мұсылман халық, мұны мұсылман дінінен христиан дініне аударып жіберу оңай” деген пікірлермен орыс үкіметі қазақ пен ноғай арасына жік салып, екеуін айырғысы келеді. Оның үшін қазақ байлары ноғайша оқымай, орысша оқитын боларлық саясат жүргізеді. Қазақ балалары үшін школ ашады, ноғайға қазақтың жазу жағынан сорпасы қосылмас үшін араб әрпін қалдырып, қазақ тіліндегі кітаптарды орыс әрпімен басады” [12, 434б.].
А. Байтұрсынов жазу әдебиет, жазба әдебиет дегенді қатар қолданып, екі дәуірге бөлген. Сол қисындар әдебиет тарихы мәселелерін қарастыруда әзірге тексерілмей келе жатыр.
“Орыс өзіне тартып, ноғай өзіне тартып, екеуі екі жаққа сүйреп жүргенде, қазақ орыс әдебиеті арқылы Европа жұрттарының әдебиеттерімен танысады. Бастапқы жазба әдебиеттің бас мақсаты –дінді жаю, дінді күшейту болса, соңғы әдебиеттің бас мақсаты – тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту болады. Сөйтіп, жазба әдебиеттің өзі екі дәуірге бөлінеді: діндар дәуір, ділмар дәуір” [12, 43 б.].
А. Байтұрсынұлының “Әдебиет танытқышта” қиссаларға берген анықтамасы, олардың мән-жайын баяндауы бүкпесіз, қисынды. Қисса – өлеңмен жазылған, көбінесе діндар әңгіме, басқа жұрттың ертектері, мазмұнына қарай екі түрі болады.
1) Дінді қасиеттеу үшін, мұсылман дінінің артықтығын айту үшін шығарылған қиссалар. Кәпірмен соғыста мұсылман жеңіп отырады.
2) Шариғат бұйрығын істеу мақсатымен шығарған қиссалар.
Діндар дәуір шығармалары А. Байтұрсынов еңбегінде әрі қарай хикаят, мінажат, насихат т.б. түрлерге бөліп қарастырылды.
Халел Досмұхамедұлы “Қазақ халық әдебиеті классификациясында” 45, 46 түрлерді діни әдебиет; араб-парсы өнерін көрсететін әдебиет (қисса) деп ажыратады.
Әбубәкір Диваев жинаған материалдар ішінде қисса деп өлеңмен, қарасөзбен жазылған баяндар аталады.
Қисса-дастандар – ХІХ ғасыр әдебиетінің елеулі, қомақты саласы болды. 1915 жылы “Қазақ” газетінде (№ 110) Райымжан Марсеков қазақ әдебиетін үш дәуірге бөліп, қазақ әдебиетінің тарихын жасаудың алғашқы үлгілерінің бірін қисындады. Әдебиет кешінде жасалған баяндамада әдебиет дегенді көпке ұғындырды. Сол кезеңге шейінгі қазақ әдебиетін үш дәуірге бөледі. Соның екінші дәуірі – кітаби әдебиет таралған тұс, әрі оның жазба әдебиет екенін айтады.
“Енді әдебиеттің екінші дәуірі келеді. Бұл екінші дәуір жазудың халық арасына көбірек тараған заманы. Әр жақтан әр түрлі халықтың адамдары келе бастап, қалың қазақтың ортасына орнап қалғаны да болған… Сөйтіп жұртқа тыю салына бастаған. Түрлі-түсті кітаптар таралып тіл кітапшаға айналып, ескі сөздер жазбаға түсіп мирас болып қалмай бұрынғы тілге, бұрынғы жақсы сөзге жұрт жаман көзбен қарап, кітапшаны үлгі қыла бастаған” [52, 156-157 бб.]. Бұл жерде Р. Марсеков шығыс әдебиетінің ықпалы сол тұста қазақ ішінде үлкен ағым, құтылыс болғандығын айғақтай түсер тұжырым жасаған.
“Қазақ” газетінің әдебиет мәселелеріне үнемі назар аударып, ықпал жасап отырғаны белгілі. Абайтануға негіз болған зерттеулердің басы А. Байтұрсынов, М. Дулатов мақалалары; Шоқан Уәлихановты алғаш жалпақ жұртқа танытуы, т.б.
“Қыр баласы” – Ә.Бөкейхановтың Қобыланды жырын таратып, талдауында да қиссалардың ықпалын назарда ұстағанын көреміз.
“Қобыландыда” бұл сияқты дәмді сөз жоқ десек, адасқан болмаймыз. “Қобыланды” кейінгі айтушының тепкісін көп көріпті. Бұл айтушылар өз жандарынан көп сөз қосқан. Ана қазақ ішінде белгілі “Сал-сал”, “Зарқұм” қиссаларының жолына Қобыландыны сілтеп, қадірін жойған” [52, 176 б.].
Осыған ұқсас пікірді ілгеріде В.В. Радлов айтады.
Шығыс қисса-дастандарының Абайдың ақындық айналасында да өз орны болды. Мұхтар Әуезовтің Абай Шығысқа жәй әуесқойлықпен бармағанын уақыт көшінде үнемі ашық айта алмағанымен де, бұл мәселені назарда ұстағаны белгілі. Ол Абайдың шығармашылық өресіне сопылық ағымның ықпалын ашып көрсетеді. Абай шығармаларындағы қазақ өлеңінде жоқ өзгешелікті те М. Әуезов ең әуелі Шығысқа телиді.
“… Кроме того, он сочиняет поэму “Азим” на тему из “Тысяча и одной ночи”. Все это порождено тем, что Абай хотел сделать доступными казахским читателям все легенды, предания, распространенные в восточном мире…” [53, 60б.].
“Когда он приходит к Западу, за спиной его служит опорой, разумом воспринятое мусульманство, Восток”.
Абайдың “Шығысым – Батыс, Батысым – Шығыс болып кетті” деуінің астары тым әріде. Мұхтар Әуезов Ақылбай, Мағауия поэмаларын Байрон, Пушкин үлгісі (Шығыс желісіне жазылған романтикалық дастан) дейді.
Шығыстың қазақ әдебиетіне әсерін соның ішінде ХІХ ғасыр әдебиетіне әсерін негіздей сөйлеген зерттеу – біздіңше, ең әуелі М.Әуезов еңбектері.
“…Вот что вливается в течение Абая от восточного берега. По – видимому,восточная книжная поэзия в казахскую поэзию введена впервые не Абаем. Ее влияние мы ясно видим в произведениях акынов Арки, Жетысу, Ибрая, Албана Асана, Машхура, Ахансерэ, в особенности у акынов Сырдарьи во главе с Шортанбаем и Шади. В большинстве случаев помимо арабо-персидских слов на арабо-персидский лад (вместо “дейді” – “денди”, “көрді” – “корди” и т.д.).
Все это берет свое начало либо через чагатайские религиозные киссы, либо от поэм “Шахнаме”, “Юсуп и Зулейха”, “Лейли и Меджнун”. В пределах казахской литературы, в частности в связи с творчеством Абая, исследование влияния гаруза является насущной проблемой, стоящей перед литературоведами.
Что касается Абая, то эти стихи не изменяют свои восточные формы. В устах Абая эти стихи звучат не по-казахски. Абай еще не освоил, творчески не воспринял а остался не уровне чистого подражания.
В первых своих попытках найти просвет в ночи медресе молодой поэт так протягивает свои руки к поэзии Востока, так приходит к этому берегу.
Это начало. В дальнейшем, хотя Абай отошел от подражаний детской поры, но до конца своей жизни не терял связь с этим берегом. В поэтическом творчестве Абая восточное начало, проходя красной нитью, завершается его стихотворением “Алланың өзі де рас, сөзі де рас”, написанным в 1902 г.
1902 г. является годом, когда Абай постепенно перестал сочинять стихи. Таким образом, он закончил вышеназванным стихом. Это последние слова поэта, вышедшего из мусульманского мира. Таким последним аккордом заканчивает Абай мотивы восточной поэзии, религии ислама. Мы взяли начало и конец его пути. Теперь остановимся на том, что было в промежутках в 1887 были сочинены поэмы “Масгут” и “Ескендер” [53, 60 б.].
М. Әуезов Абайға Шығыс әсерін тәптіштей отырып, жалпы ХІХ ғасыр қазақ әдебиетіне әсерді айғақтауға апаратын қисындарды ұсынды.
ХІХ ғасырдағы нәзира жөнін айтқанда бүкіл бір дәуір әдебиетіне орасан зор ықпалы болған көркемдік әлем көтеріледі.
Шығыс әдебиетінің Абайға, қазақ әдебиетіне әсері берідегі зерттеушілерден белігілі бір дәрежеде Ө. Күмісбаев еңбектерінен өріс тапты. Әрине, ғалым бәрін түгесіп айтты дегендік емес.
Ғалым М. Мырзахметов Абайдың Шығыстан ой ғана емес, өрнек те алғанын М. Әуезов негіздеулеріне сүйене отырып аша түсті.
Ғабдолла Тоқай “Бозжігітті” татарларға тән жыр деген екен.
М. Мырзахметовтің мына бір болжау – барлауы сол ойды әрі тарата түседі.
“Қазақ арасына таралған “Бозжігіт” қиссасының өлең өрнегі жағынан басқа қиссаларда ұшыраса бермейтін ерекшелігі де бар. “Бозжігітті” айтатын жыршы оны бір ғана әнмен айтпай, ән мақамын құбылтып, өзгертіп отыруға мәжбүр болған. Себебі ол біріңғай өлең ағымына салып жазылмаған. Онда туысқан түркі тілді халықтар поэзиясында көбірек қолданылып келген өлең өрнектері молырақ қамтылғаны сезіледі. Мысалы, ХІ ғасырда хатқа түскен Махмұт Қашқари сөздігінде берілген ұйқастың “а а а б” түріндегі үлгісі “Бозжігіт” қиссасында қолданыс тапса, осы ұйқас Абайдың “Білімдіден шыққан сөз”, “Келдік талай жерге енді” өлеңдерінде мейлінше жетілдіріліп, сапалық өзгеріске ауысқан түрінде де көрінеді” [29, 151 б.].
Уәлихан Қалижанұлының “Қазақ әдебиетіндегі діни ағартушылық ағым” (ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басы) монографиясы қазақ әдебиеті тарихының аса бір кенже, кем зерттеліп келе жатқан мәселесіне арналды. Зерттеуде діни ағартушылықтың ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басындағы ахуалы көбірек қамтылып, баяндалады. Негізінен Ақмолланың, Шәдінің, Әбубәкірдің шығармалары ХХ ғасыр басында баспа жүзін көргендіктен де, осы үрдіс қазақ әдебиеті тарихында орын алып қалды. Алайда ХІХ ғасырдағы қисса дастан, кітаби ақындар, діни ағартушылық арнайы қарастырылып, ХХ ғасыр басындағы кітаби әдебиеттің арыдағы арналардан нәр алып, қайнар көзін ашқан берідегі бастаулары есебінде қарастырылып та келе жатқаны белгілі. Бұл жерде бүлініп кетер ештеңе жоқ болғанымен, діни ағартушылықтың бір ғасырдай бұрын ислам негіздерін ұғындырған өлең-қиссалардан басталғанын, ол жайдың ғылымда сонау Шоқан Уәлиханов, В.В. Радлов еңбектерінен бастау алып беріге шейін түрлі зерттеулерде жалғасын тауып отырғанын да назарда ұстаған жөн. Бұл жайлар Ресей құрамындағы қазақ әдебиетіндегі дін жайын, діни ағартушылықты арнайы қарастырған У. Қалижанов еңбегінде бірнеше мәрте түйінделіп, тұжырымдалды.
Алғаш рет кеңінен қамтылып, жинақталып айтылды. ХХ ғасыр басы дей тұрғанымен, ғалым саналы түрде ХІХ ғасырдың саяси-әлеуметтік жағдайына, оның әдебиеттегі “көлеңкесіне” қайта-қайта айналып соғып отырып, зерттеуінің зерделі арқауы жасаған.
“Расында, олар (Абай, Ыбырай – Қ.М.). өздерінің алдындағы діни-ағартушылық ағымның өкілдерінен биік тұрды. Бірақ олардың діни көзқарастары туралы айтпауға болмайды. Өйткені, шыққан мектебі – діни ағартушылық ағым. Сонымен, бұл ағымның қазақ жеріндегі, қазақ әдебиетіндегі бастауы Ақмолла, соңы Шәкәрім болды” [54, 30б.].
Әрине, қазақтың саяси, мәдени ғұрпындағы, әдеби өміріндегі елеулі құбылыс діни ағартушылық жайлы зерттеулер ілгеріде де өрістей түспек, әр қырынан ашылып, ғылыми негізін таппақ.
ХІХ ғасырдың басынан (1801 жылдан – Қ.М.) кітап болып басылып, ел арасына аса көп тараған, халықтың рухани талғамын, талабын қанаттандыруда, көкірек көзін ашуда өлшеусіз орны болған қисса-дастандар Шоқан Уәлиханов еңбектерінен бері көптеген ірі зерттеушілердің назарында болды: Соған қарамастан осы төңіректе жүйелеп, тұжырымдауды қажет етіп отырған бірнеше мәселе бар. Ең әуелі – ХІХ ғасырдағы қисса-дастандар ауыз әдебиеті үлгісі ме, ауызша ма, жазбаша ма, жазба ма? Бұл орайда ХІХ ғасыр әдебиетінің көркемдік әлеміндегі күрделі сапалық өзгерістерді тұтас тану қажет; ауыз-ауызша-жазбаша-жазба әдебиеттің аражігін ажыратудағы біржақтылықтарды қайта қозғап, әдебиет үлгісін әр қырынан ашудағы көпшілік құбылыс, заңдылықты тануға, табуға беталу міндет. Мәселен, ауызша әдебиет – өтпелі дәуір әдебиеті (М. Әуезов) дегендей, т.б.
Қисса өлең – діни қиссалар, нәзирагөйлікпен жырланған қисса-дастандар ХІХ ғасырдағы қазақ рухниятының аса көрнекті арнасы. Ол шоқындыру саясатынан шошынған ел тұлғаларының ислам негіздерін тарата сөйлеп, имандылық бастауларына тартқан күш қаруы болды. Қазақ әдебиеті тарихының үлкен жоқшысы профессор Бейсенбай Кенжебаев бұл ағымға діни ағартушылық деген баға берді.
Белгілі бір кезеңде “дін” атауынан “қашып” “ағартушы ақындар” деп атаған әдебиет өкілдері Әбубәкір Кердері, Шәді Жәңгіров, Мұсабек, Мақыш Қалтаев, Нұржан Наушабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев жайлы Бейсенбай Кенжебаев мынадай мәлімет береді.
“Бұл ақын-жазушылар тек мұсылманша, хадимше оқыды. Бұхара, Қазан, Троицк, Ташкент, Уфа, Орынбор секілді шаһарлардағы мұсылманша мектептер мен медреселерді бітірді. Мұсылманша орта, жоғары дәрежелі білім алды. Кейбірі тіпті көп оқып ғұлама болды. Меккеге барып қайтты. Қажы атағын алды” [55, 30 б.].
Б. Кенжебаев ХІХ ғасырдағы қиссалар жөнінен кейінгі саясат қысқан кездің өзінде кең мәлімет берді. Оның айғақтамалары отарлаушы саясаттағы миссионерліктің әуелі мұсылман дініне, сонан соң христиан дініне негізделгенін ашып отырады.
ХІХ ғасырдың ортасынан бастап мұсылман дін басшылары қазақты нағыз мұсылман етуді мықтап қолға алды. Қазақ арасында дін оқуын, дін жұмысын, жалпы мұсылманшылық үгітін күшейтуге тырысты. Осы ретпен түрлі мүфтияттар қазақ даласына Бұхарада, Самарқанда, Қазан, Уфада оқыған татар, башқұрт, қызыл бас молдаларын көп жіберді.
Мұсылман дін басыларының бұл іс-әрекеттерін патша үкіметі де қолдады: патша үкіметі молдаларды указбен тағайындады. Ол указной молда атанды.
“Қазақ арасына шеттен келген молдалардың бір қатары, солардан көріп қазақ арасынан шыққан молдалардың кейбіреулері араб, парсы ертектерін, көбінесе арабтың әулие-әнбиелері, пайғамбар, сахабалар туралы аңыз, ертектерін қазақ тіліне аударып, қазақша қисса-дастан қылып жазып, бастырады. Олардың кейбіреулерінде қазақтың ертек, аңыздарын қисса етті, өз жандарынан да қисса, өлең жазып шығарды. Бұл жөнінде Ақмолланың, Кәшәфитдин Шаһмардановтың, Ғали Махмудовтың, Мәулікей Жұмашевтің тағы басқа осылар сияқты молдалардың бастырған, жазған кітаптары дәлел бола алады ” [55, 10 б.].
Б. Кенжебаев ХХ ғасыр басындағы әдебиет өкілдеріне қосқан көпшілік ақын ХІХ ғасыр орта шенінде өмірге келгендер. Шығармаларын жазып шығарғандар. Олардың ХІХ ғасыр әдебиетіне қатысы жоқ деуге болмайды.
ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілері, олардың тегі дегенде (ауыз әдебиет – ауызша әдебиет, жазбаша – жазба әдебиет) Б. Кенжебаев атаған ақындар, олардың шығармашылық мұрасы тек ХХ ғасыр басы емес, ХІХ ғасыр әдебиетінің де даусыз еншісі.
Әуелбек Қоңыратбаев “Есім сері-Зылиқа”, “Күлше қыз-Назымбай”, т.б. шығармаларда жазба әдебиет ерекшеліктері кездесетінін айтты.
“Бұл жырлар халық фольклоры мен жазба әдебиетті ұштастырып, байланыстарды. Сол себепті олардың фольклорлық және авторлық сипаты бар” [56, 237 б.].
Қисса-дастандар туралы зерттеулердегі зерделеу әр қилы. Сол қисындарды шендестіре қарағанда, қиссаның ішке бүккен “жұмбағы” ашыла түспек.
Ғалым Өтеген Күмісбаев “Қазақ арасына шығыстан келген қисса-дастандар туралы” зерттеуінде қисса-дастанның қазақ халқының әдебиетіне әсеріне тоқталды.
ХІХ ғасырдағы нәзираның ықпалы Өтеген Күмісбаев атаған “Қыз Жібек”, т.б. эпосқа түскен. Өтеген Күмісбаев жазба әдебиет демегенімен, ол келтірген деректердің өзі қиссалардың жазба мәдениет туындысы екендігін аша түседі.
“Сыр бойынан ертеде тамаша ақындар шыққан. Олардың көпшілігі Бұқара, Ташкент, Хиуа мектеп-медреселерінде оқып, мұсылмандық білім алып, Шығыс әдебиетінің түпнұсқасымен танысуға мүмкіндік алды. Солардың біреуі – Шораяқтың Омары – (1878-1924) он бестен астам дастан жазған кісі. Шығыс поэтикасының көркемдік құралдарын жақсы меңгеріп, соны өз шығармаларында пайдалана білген” [49, 199 б.].
Тағы да мынадай мәлімет келтіреді. “Елгібайұлы Жақып дегеннің “Әбу Әли Сина” атты дастаны Қазанда революцияға дейін жарық көрген. Демек аңыз жазба әдебиетіне де ауыса бастаған” [49, 199 б.].
Қисса-дастандар діни негіздеріне байланысты көп уақыт әдебиет тарихынан алар орнынан аулақтап қалды. Олардың ХІХ ғасыр әдебиетінің түр, сапа жөнінен байып, кемелденуінде орасан зор ықпалы болды. ХІХ ғасырдағы,
ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің аса бір ауқымды арнасы қисса-дастандар мәселесі қазірде де белгілі әдебиеттанушылар тарапынан үнемі қозғалып, қарастырылып отыр.
Ғалым Аслан Жақсылықов “Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы” [38] монографиясында “книжная литература Восточных кисса и дастанов” – (“Мұсылмандық кітаби әдебиет” – Қ.М.) терминін қолданды. Бұл атау шығыс қисса-дастандарының даралық сипатын, ХІХ ғасырдағы, ХХ ғасыр басындағы әдебиет үлгілерінің бірі екенін оқшаулап көрсетіп тұр. Ол үлгінің іштей бірнеше топқа, түрге таралып бөлінуі – өз алдына бір мәселе. Сол тұрғыда, ілгерідегі В.В. Радлов, А. Байтұрсынұлы, Б. Кенжебаев, З. Ахметов,
Ш. Сәтбаева, Қ. Өмірәлиев т.б. еңбектеріндегі қиссалардың мазмұн, мән жағынан ажыратылуы кейінде қисса-дастанды арнайы зерттеген ғалымдар Бақыт Әзібаеваның, Өтеген Күмісбаевтың, Алма Қыраубайқызының [57], Зұфар Сейітжанұлының [58], еңбектерінде толыға түсті..
Б. Әзібаева жүйесінде қазақтың төл дастандарының өзі алты түрге бөлінген. 1) ғашықтық; 2) хикаялық; 3) қаһармандық; 4) ғажайып-фантастикалық; 5) діни; 6) тұрмыс-салт.
Бұл – Б. Әзібаева топтауындағы қазақ дастандарының екінші түрінің, “қазақ топырағында пайда болған, яғни қазақтың төл дастандарының” жіктелуі. Ал бірінші түрді ғалым “Шығыс сюжетіне құрылған қазақ дастандары” деп ажыратады. Ал жалпы қисса-дастандарды Б. Әзібаева үлкен 3 топқа бөледі.
Б. Әзібаева дастандардың тууында халықтың эпикалық дәстүрінің ықпалы күшті болды, дастандар халық әдебиетінің бай саласына айналды дейді.
Дастандарды эпикалық поэзияға жатқыза отырып, ғалым олардың дәстүрлі батырлық, ғашықтық жырларға ұқсамайтын ерекшеліктерін ашады [59, 5-14 бб.].
Зерттеуші кейінгі тұжырымдамаларында мәселені айқындай түсіп, дастан жанрына байланысты жаңа байламдар жасап, “дастандық эпос” атауын ұсынады [Әзібаева Б. Қазақтың діни дастандары // Әдебиеттанудың өзекті мәселелері. – Алматы, 2002. – 431 б. 131 б.].
“Қазақ арасына Шығыстан келген қисса-дастандар” – деп, Өтеген Күмісбаев өзі атаған дастандарды “Тақырып, мазмұн, идеялық-көркемдік ерекшелігіне қарай 4 топқа бөледі” 1 – махаббат, ізгілік, достық, жақсылықты жырлайтын дидактикалық лирикалық қисса-дастандар “Ләйлі Мәжнүн”, “Жүсіп-Злиха”, “Мұңлық-Зарлық”, “Тахир-Зухра”, “Бозжігіт”.
2 – діни бағыттағы: “Сал-сал”, “Сейт Баттал”, “Жұм-жұма”, “Зарқұм”.
3 – қиял-ғажайып, фантастикалық “Шаһмардан”, “Абулхарис”, “Абулшахма”, “Шәкір-Шәкірат”.
4 – батырлық, ерлік, ақ пен қара күресі. Романтикалық сарындағы қисса-дастандар: “Рүстем-Дастан”, “Ескендір”, “Қисса-Баһрам”, т.б. [6,203 б.].
Шығыстық қисса-дастандардың түп-төркін, жанрлық сипатын арнайы қарастырып, ғылыми еңбек жазған көрнекті ғалым Алма Қыраубайқызы былайғы зерттеу-зерделеуге бастау болар негіздемелер жасады. Көркемдік әлемі ғажайып нұрға малынған ортағасырлық түрік әдебиетінің қадау-қадау мәселелеріне ғылым мүддесімен бойлады.
А. Қыраубайқызы дастандардың басылым жайынан мол дерек келтіре отырып, олардың жинақталу, жүйелену мәселесін ілгері оздырар ой қозғайды. Қиссаның дәстүрлі ерекшеліктерін ғалым стиль, тұрақты желі, қалыпты сюжет арасында қарастырды. Әсіресе ХІХ ғасыр қиссаларын орта ғасырлық нұсқаларымен салыстырып, көп ұқсастық табуы-олжалы ізденіс.
А. Қыраубайқызының түйіндеп берген, алғаш айқындап, айтқан бір жайы – қисса стилінің (орта ғасырлық – Қ.М.) ХІХ ғ., ХХ ғ. жазба әдебиетке әсері.
“Қиссаның стиль ерекшеліктері ХІХ-ХХ ғасыр басындағы ақындардың бәрінде кездеседі.
…Жазу стилін былай қойғанда қисса-дастандардың ХХ ғасыр басындағы әдебиетте поэма, повесть, роман жанрын туғызудағы ролі ерекше болды. Біз “поэма” деп жүрген Абайдың “Ескендір”, “Масғұты”, “Әзім әңгімесі”, Мағауия Абайұлының “Медғат-Қасым”, М. Сералиннің “Гүлқашимасы”, т.б. қисса-дастан дәстүрінің кей жақтарын сақтай жазылған, қисса мен қазіргі поэма ерекшеліктерін қатар алған дастандар деген ойдамыз.
…Сұлтанмахмұт тұсында еуропалық әдебиеттен үйрене бастаған қаламгерлердің қисса дәстүрінен қаншалықты шығып кеткісі келгенімен, еуропалық ұғымдағы роман жанрын әлі игеріп үлгермегені аңғарылғандай” [57, 128 б.].
Алма Қыраубайқызының зерттеуіндегі аса назар аударарлық бір түйіні – қиссаның фольклорға немесе жазба әдебиетке қатысы.
“Қиссаны жазба әдебиетке жата ма, әлде фольклордың дүниесі ме? – деген сұрақ төңірегіндегі мәселеде бірізділік жоқ (Ы.Дүйсенбаев лиро-эпостың бір саласы ретінде, яғни фольклорлық мұра ретінде қарастырады – Қ.М.). Ауызша әдебиетке жатқызу жағы басымдау. Бұл жерде қисса-дастанның түп-төркіні көп жағдайда жазба әдебиеттен келген және оның қазақша нұсқаларын шығарушылар жазба ақындар, олар жинаушы ғана емес, сол сюжетті жазып шығарушылар екенін ескермеуге болмайды. Белігі ғалым Х. Короглы: “Ләйлі-Мәжнүн”, “Гүл-Санаубар”, “Баһрам-Гүләндам”, тағы басқалар дені сауатсыз ортаға классикалық өзге әдебиеттен бірден келіп сіңді дегенді елестету қиын. Оны басқа ортадан айтушылардың біреуі алып келіп, әрі қарай ауызша әдебиетке айналу үрдісі басталған. Қисса-хандар (қиссашылар) жазба әдебиетті де пайдаланды. Оны парсы кейде, араб, үнді тілдерінен аударды”, – дейді (Короглы Х. Узбекская литература М., 1976, 31-бет).
… Яғни, қисса-дастандардағы жазба және ауызша әдебиет дәстүрлерінің көрінісін анықтау үшін, әлі талай-талай жұмыстар арналары тиіс. Біз оны жазба әдебиет тұрғысында қарастырдық. Қиссаның жазба әдебиет стиліндегі машығы орта ғасыр ескерткіштерімен салыстыру арқылы жақсы аңғарылады” [57,
135 б.].
Қисса-дастандар шығу төркініне мазмұн мәніне, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетіне қатысына қарай негізінен, Б. Әзібаева, Ө. Күмісбаев,
А. Қыраубайқызы, З. Сейітжанұлы зерттеулерінде қарастырылды. Ілгеріде бұл мәселе В.В. Радлов, А. Байтұрсынов зерттеулерінде қозғалды.
Б. Әзібаеваның қиссаларды топқа бөлуінде оларды мәніне қарай, сонымен бірге шығу төркініне қарай ажырату көрінеді.
1. Ислам дінін уағыздайтын дастандар: “Сал-сал”, “Сейітбаттал”, “Зарқұм”. 2. Ертегілік-аңыздық және ғашықтық дастандар: “Сейфулмәлік”, “Бозжігіт”, “Абулхарис” т.б. 3. Шығыс сюжетіне шоғырланғанымен, қазақтың төл туындыларындай болып кеткен дастандар: “Мұңлық-зарлық”, “Шәкір-Шәкірат” [60].
Ө. Күмісбаевтың жіктеуі ілгеріде көрсетілді.
А. Қыраубайқызы ХІХ-ХХ ғасырдағы қисса-дастандардың шығу төркініне қарай бөлді: 1. “Мың бір түн”, “Тотынама” желілері; 2. “Шаһнама” желілері;
3. Орта Азиялық желілер [57, 6 б.].
Әрине, А. Қыраубайқызы айтқандай, бұл саралауларға дұрыс-бұрыс деп шешім айту ерте. Кітаби әдебиет, нәзирагөйлікпен жырланған қисса-дастандар кейінгі кезеңде кеңірек жан-жақты зерделене бастады. Сол орайда ілгерідегі ғылыми негіздерді есте ұстай отырып, бүгінгі ғылым жетістігінің игілігіне айналдыра отырып ой кеңітер іргелі зерттеулер әлі де қажет.
“Шоқан Уәлиханов – филолог” монографиясында көрнекті ғалым Шәмшиябану Сәтбаева Шоқанның Шығыс әдебиетінің кейбір шығармалары туралы пікірлеріне арнайы тарау арнады. Ш. Сәтбаеваның көрсетуінде
Ш.Ш. Уәлиханов еңбектерінде халықтардың өмір-тұрмыс, ұғым-түсініктеріне, буддизм, зороастра, шаманизм, ислам, христиан сияқты дін түрлеріне байланысты туған аңыз-әңгімелер, “Мың бір түн”, “Тоты-наме”, “Құран”, “Зафар-наме”, “Юсуп-Зулейха”, Фирдоуси, Хакани, Хорезми, Бедиль, Ходжа Ахмед Яссауи, Джами, Хафиз, Навои, тағы басқа ірі әдеби құбылыстар мен ақын-жазушылар туралы тұжырымдар бар” [61, 80 б.].
Ғалым Шоқанның қазақ арасында таралған қисса-дастандар ішінде “Құран” желілерінен таратылған, тартылғандарына назар аударғанын айтты.
Зерттеушілер негіздемелеріне қарағанда қисса-дастан ХІХ ғасырда тек нәзирагөйліктен тумаған. Қисса-дастанның дәстүрлі ерекшелігін, сипатын, яғни жанрлық шарттарын сақтаған түрлі мазмұндағы жаңа туындылар да аз болмаған. Ілгеріде бұл туралы Ә. Қоңыратбаев, Б. Әзібаева т.б. пікірлері келтірілді.
В.В. Радлов кітаби өлеңдердің ерекшелігін, басқа өлең сөзден айырым белгілерін ажыратар сипаттарына ғылыми негіздеме салды.
“Кітаби өлеңдерге келсек, көлемді әңгіме “Сейфулмәлік” Мир-Али-Шира (Ә.Науаи – Қ.М.) жырының үлгісімен жазылған немесе кітаби тілден қазақ тіліне көшіріліп жырланған деуге болады, өйткені түпнұсқаға өте жақын келеді. “Һамра” мен “ Бозжігіт” түпнұсқада бір бөлігі қара сөзбен, бір бөлігі өлеңмен жазылған Орта Азияның өзіндік халық аңыздары. Олардың, әсіресе, “Бозжігіттің” көлемі өте үлкен. Соңғы жырды шығарушы таза халықтық әуенді қабыстыра алған. Ол көп өлеңдерін халық жырларының негізіне құрған, шағын әңгімелер негізі хикаялардан алынған, “Алтынбас және Күмісаяқ” сияқты өлеңдер халық ертегілеріне өте ұқсас” [50, 19 б.].
В.В. Радлов жариялаған “Бозжігіт” дастанының үлгісі сол тұстағы көп қиссадан бөлек көрінеді. Дастан шағын-шағын тақырыптарға бөлініп, өзгеше бір құрылым үлгісінде жазылған.
Әуелі сол қиссаны шығарушының алғысөзі берілген сияқты. “Бозжігіт” кітабын Уфа шаһарында көргенін, өзі “Бозжігіт” кітабын мың сегіз жүз қырық екінші жылда жазғанын айтады. Шәкірттерінің өтініші бойынша әнмен жазғанын айтады.
Жыр кәдімгі қазақтың эпикалық жыр дәстүрінде басталып, баяндалып
7 шумақ, 11 буынды өлеңмен келеді де “Қыздың айтқан сөзі”, “Бозжігіттің түсінде сабыр қыл деп айтқан сөзі”, “Қыздың түсінде жігітке берген жауабы”, “Қыздың түсінде айтқан жауабы”, “Жігіттің қызға берген жауабы”, “Жігітке қыздың берген жауабы”, “Досының жауабы”, “Аттанып бара жатып айтқан сөзі”, “Бұлардың зынданда айтқан сөзі”, “Бұлардың зынданнан құтылған жері”, “Жігіттің жауабы”, “Керуеннің жауабы”, “Жігіттің жауабы”, “Керуеннің қайтқан жері”, “Хан қызының қыздарға жырлап айтқаны”, “Ханшаның зары”, “Қыздың жауабы”, “Қыздардың айтқан жар-жары”, “Хан қызына айтқан сөзі”, “Әкесіне қыздың берген жауабы”, “Қыздың жұртына барғаны”, “Қыздың жылап айтқаны”, “Қыздың жігітке берген жауабы”, “Бозжігітке досының жырлап айтқаны”, “Хан баласының жауабы”, “Жігіттердің сөзі”, “Боз жігіттің досын жоқтап жылағаны”, “Бозжігіттің құдайға налыс қылғаны”, “Қалған досының сөзі”, “Бозжігіттің досына жырлағаны”, “Досының жауабы”, “Бозжігіттің өлген жері”, “Бозжігіттің жауабы”, “Қарашаш сұлудың сөзі”, “Қарашаш сұлудың әйнектен жырлағаны”, “Ханның қызына берген жауабы”, “Қарашаш сұлудың сөзі”, “Қарашаш сұлудың қыздарға жылағаны”, “Қыздардың Қарашаш сұлуға жырлап айтқаны”, “Қарашаш сұлудың сөзі”, “Жігіттің жырлағаны”, “Досының үйіне барған жері”, “Жігіттің жауабы”, “Жыршының жыр бастаған жері”, “Жыршының жауабы”, “Ханымның баласын жоқтап жылағаны”, “Ханымның баласын іздеп барғаны”, “Ханымның жылаған жері” деген 48 сюжеттік желіге ұласады.
З. Сейітжановтың “Тарихи эпос” (1994) монографиясында [62]
ХІХ ғасырдағы қисса-дастандарды қазақтың эпикалық жырларымен айырмашылық жағынан нақтылы ажырата қарастырған тұсы бар. Бірақ көңіл негізінен нақты тарихи эпостың халық эпосымен арақатысына бөлінген. “Шыңжаң қазақ әдебиеті” монографиясында ғалым қисса-дастандардың
ХІХ ғасырдың аяғына қарай екі бөлініп қалған қазақтың Шыңжан жағындағы әдебиетінің елеулі арнасы болғанын атап көрсетті.
“Шыңжаң өлкесін мекендейтін қазақтардың рухани өмірінде және олардың жазба әдебиетінің туып қалыптасуында елеулі рөл атқарып келе жатқан жанрлық түрдің бірі – қисса дастан” [53, 96 б.].
Ғалым ғашықтық арқау болған дастандарды “ғашықтық мазмұндағы нақты тарихи жыр” деп бөлген.
З. Сейітжановтың Шыңжаң өлкесінде туған “Хасен-Жәмила” жырын қарастыра келіп, табиғат суретін беру әдісіне, жырдың кей нұсқаларының тақырыпшаларға бөлінуіне, кейіпкерді көркемдік әңгімелерден гөрі психологиясын суреттеуіне қарағанда бұл топтағы жырларға жазба әдебиет әсері болған; нақты тарихи эпостың бір ерекшелігі – көне эпикалық жырлармен де, жазба әдебиетпен де байланыста туады деген пікірі үлкен зерттеуден туған түйін.
Ғалым шығыстан ауысқан қисса-хикаялармен қазақ өмірі туғызған дастандар арасындағы ұқсастық, айырмашылықты нақты ажыратқан. Махабатты дәріптеу, қиындықпен күрес, қайғылы аяқталуы, яғни жастардың махаббат еркіндігіне ұмтылуы, жауыздықты айыптау, адалдықты дәріптеу – ұқсастығы. Шығыс сюжетіндегі толып жатқан “хикаят” “жебеуші”, суретті көріп, түсінде көріп ғашық болу, маймыл патшалығы, ит басты адамдар, зәңгілер, алып құс, Сүлеймен пайғамбар, диюдің жаны салынған сандық, құмда дию мен пері соғысы, яғни мифтік аңыз элементтері – ғашықтық мазмұндағы нақты тарихи эпостарға тән емес.
Ғалымның мына бір түйіні де жанды. “Шығыс Түркістандағы қазақтардың да нақты тарихи эпостарының жыршылары мен жыр тыңдайтын ортасы болды. Әрі көп жырлардың бірнеше варианттары бар. Бірақ бұл жырлар – классикалық эпос та емес, жаңа жазба шығармалары да емес. Эпикалық дәстүрдің реализмі басым жаңа бір кезеңі” [53, 47 б.]. (Жазбаша десе ше – Қ.М.).
Әдебиеттану ғылымында кейінгі кезең зерттеулерінде ХІХ ғасырда,
ХХ ғасыр басында қазақ өмірінен туған жырларды түрге бөлу, жанрға жатқызу әрқилы. З.Сейітжанов ғашықтық дастандарды нақты тарихи эпосқа жатқызады; А. Қыраубайқызы аралық дастандар, – дейді, т.б. осы мәселені жүйелейтін уақыт жетті.
Ортағасырлық қиссалардың дәстүрлі үлгісін проф. Б. Кенжебаев жүйе, тұрақты желі, стиль жөнінен қарастырудан бастаған.
1914 жылы Қазанда Каримовтар баспасында шыққан “Қисас-Сұл Әнбиядағы” 79 қисса-хикаяны үш үлкен топқа бөліп жіктеді.
Бірінші: жер, көл, адамзат, хайуанат, жын-шайтан, періште, Адам ата, от, топырақ жайлы түсінік, мақала, әңгіме.
Екінші: әулие-әнбиялар, пайғамбарлар, солардың өмірбаяндары, іс-әрекеттері туралы қиссалар, ертектер, аңыздар.
Үшінші: шежіре – мұсылман жыл есебінің, һижраның алғашқы он жылы ішінде болған тарихи оқиғалар, календарь – жыл, ай, күн аттары, назым өлеңдер.
Кітаптың басында бағышталуы, ақырында қорытындысы бар. Екеуі де өлеңмен жазылған. Жинақтағы шығармалар Құраннан, Інжіл, Таураттан жиналған. Біразын автордың өзі шығарған [20, 19 б.].
А. Қыраубайқызы “Шығыстық қисса-дастандар” монографиясында қисса-дастан жанрының тұрақты желілерін бірнеше түрге бөледі. Балаға зарығу, мінсіз кейіпкер, патшаның тастанды баласы, аң асыраған бала, түс көру, Иранбақты іздеу, теңіз оқиғасы, жолдағы қауіп-қатер (аждаһа, дию т.б.), жазира арал, сарай салдырған қыз, бақ пен бағбан, сарайдағы патша әскерімен соғыс, т.б.
А. Қыраубайқызы орта ғасырлардағы, ХІХ ғасырдағы нәзира дәстүрінің туу, жандану үрдісін түрік оянушылығымен, қазақтың ұлттық оянушылығымен өте орынды сабақтастырды.
Қисса-дастанның жанрлық сипат, көркемдік ерекшеліктері замана көшінде өзгеріп түрленуі, әрине, заңды. Бұл өзгерістер ХІХ ғасырдағы туындыларда айқын. Ғалым А. Қыраубайқызы дәстүрлі қисса жанрының қазақ әдебиетіне Европа үлгісі ықпалын тигізе бастаған тұстағы сипатын былай саралайды.
1. Ертегілік, мифтік сипаты көмескіленеді.
2. Қазақ өмір тіршілігі көбірек енді. Қазақи ұғымға сай суреттеушілік пайда болды.
3. Өмір шындығына жақындата жырланды.
4. Оқиғалар жүйесі тиянақталып, қосалқы кірістірулер алынып тасталды.
5. Тұрақты желілер сақтала бермейтін болды [57, 128 б.].
Қисса-дастан ХІХ ғасырда тек нәзира дәстүрінде жырланған шығарма емес, қиссалық қисындарды сіңіріп, негіз ете отырып жазылған, дәуірдің көкейтесті күйі, жаңа бетбұрыс, беталысы бағдарланған шығармалар.
Осы жөнінде де түйінді, жаңа бір ізденіс, зерттеулерге бастайтын ой ұшығын профессор А. Қыраубайқызының, З. Сейітжанұлының аталған еңбектерінен табамыз.
М. Әуезов Абайдың поэмаларын Еуропа әдебиетіндегі Шығыс сюжетіне жазылған шығармалармен үндестікте қарастырды. Сол тұрғыда, ХІХ ғасырдағы жазбаша, жазба әдебиетке дәстүрлі үш арнаның да ықпалы болғаны даусыз. Халық ауыз әдебиетінің өзінде Шығыс ықпалы аз емес.
ХІХ ғасыр әдебиетіндегі қисса-дастандардың шығу төркінін, туу себептерін, көркемдік сипатын (сөз қолданыс, өлең түрі, желілік құрылым, т.б.) әлі де әрі қарай таратып, нақтылы зерттеулер қажеттігі даусыз.
Бұл нәзирагөйлік дәстүрдің қайта жандануының бір ұшы, отаршылдық саясатта жатқанын, исламның ғылыми негіздерін қараңғы елге жеткізу, ұғындыру мақсатын ұстағанын – қисса-дастандардың жандануына ХІХ ғасырдағы қазақ елінің әлеуметтік тұрмыс-күйі, саяси ахуал, тарихи жағдайының себепкер болғанын есте ұстай отырып, ХІХ ғасырда туған қисса-дастанның жанрлық сипатын жан-жақты ғылыми негіздеу жалғасын табуы керек.
ХІХ ғасырдағы қиссалар кеңестік кезеңде кітаби ақындар шығармашылығын қарастыруға орай айтылды, арнайы зерттеу нысанына қайтадан айналғаны Р. Бердібай, Ө. Күмісбаев, З. Сейітжанов, Б. Әзібаева,
А. Қыраубайқызы, Т. Тебегенов, С. Дәрібайұлы, Н. Мәтбек, Э. Қансейітова,
Г. Асқарова, Е. Карбөзов еңбектерінде.
Ғалымдар Ө. Күмісбаев, А. Қыраубайқызы атап айтқандай, ХІХ ғасырда нәзира дәстүрінде жазылған қиссаларды ортағасырлық негіздерімен салыстыра қарастыру, бұл жанрдың жасау тарихын, көркемдік табиғат туысын аша түспек. Сонымен бірге қисса-дастанның ауыз әдебиетімен, қазақ поэзиясындағы эпикалық дәстүрмен байланысын қарастыру да оның табиғатын танудағы ілгері қадам болмақ. Бұл мәселе – арнайы зерттеу нысаны.
ХІХ ғасыр әдебиетіндегі қисса-дастандар ауызша әдебиет пен жазба әдебиеттің аралық туындысы. Ол халықтың бай ауыз әдебиетінің көркемдік алымдарынан да ауыз тиген, ортағасырлық Шығыс әдебиетінің жазба дәстүрін де мол сіңірген, ауыз әдебиетінен жазбаға өтер “өтпелі дәуірдің” (М. Әуезов) көркемдік құбылыстарын пайдаланған, жаңа жазба әдебиет үлгісіне де құлаш ұрған күрделі көркемдік әлем. Таза дін, дүниетаным аясында да, ғашықтық қызық-құмарлық төңірегінде де, түрлі тұрмыс тауқыметінің екпінінде де, адамның ұшқыр қиял, алыс арман, аңсағанына ұмтылысы негізінде де жырланған ұланғайыр шығармашылық теңізінің таза жанрлық, стильдік, түр, тек жөнінен зерттелуі – қазақ әдебиеттану ғылымының бүгінгі еншісі. Сонымен бірге, сол бай мұраны туғызушы жеке тұлғалардың, әдебиет тарихында көбіне “кітаби ақындар” аталған жыр сүлейлерінің ғұмырбаян деректерін толықтыра түсу, шығармашылық мұрасын тереңнен арнайы қарастыру да ғылым міндеті.
“Абай заманында араб, парсы, түркі әдебиетіндегі тақырып тек сюжеттік желіні негізге алып, нәзирагөйлік дәстүрімен немесе аудару жолымен қисса-дастандар жазған 140-тан астам белгілі “кітапшыл ақындар” тобының дүниеге келуі әдебиет тарихында елеусіз қалар жай құбылыс емес-ті. Мысалы, Абаймен дәуірлес Майлы, Мәделі, Ораз, Ақылбек, Сәді (Шәді – Қ.М.), Мәулекей, Мақыш, Әріп, Ақық, т.б. жазған қисса-дастандар негізінен ХІХ ғасыр ішінде жарық көрді” [29, 148 б.].
ХІХ ғасыр әдебиетінің фактісі ретінде нәзирагөйлік, шығыс қиссалары алғаш рет арнайы, бөлек қарастырылды. Ілгеріде қиссалар негізінен, ХІХ ғасыр аталғанымен, ХХ ғасыр басының әдеби құбылысы ретінде қарастырылды. Себебі оқулықтарда, әсіресе жоғары мектеп бағдарламалары мен оқулықтарында ол ХХ ғасыр басындағы әдебиетінің материалы ретінде беріліп жүр. Әдебиет тарихындағы олжалы қоржынды әсіресе ХІХ ғасырдың еншісі есебінде де бөліп көрсету қажет. 1801 жылдардан бастап І ғасыр бойы жазылып, жарияланып отырған әдеби мұра. ХІХ ғасыр әдебиетінің еншісі.
Қазірде ортағасырлық нәзира тудырған, арғы арналары біздің дәуірімізге шейінгі мифтерден, кейінгі “Құран” желілерінен, “Мың бір түн”, “Тотынама”, “Шахнама” желілерінен тараған қисса-дастандардың ХІХ ғасырда қайта басылуын арғы түпнұсқамен салыстыра қарау, текстологиялық тазалау жасау – бір мәселе. Келесі мәселе – ортағасыр туындысын ХІХ ғасырда нәзира дәстүрінде жаңғыртудың үлгілерін кітап болып тасқа басылған қиссалар арқылы саралау, ажырату. Яғни, нәзира жанрының бар болмысын ашу. Үшінші мәселе нәзира ықпалымен туған төл әдеби мұраның тегін анықтау. Яғни, шығармадағы 1) Шығыс әдебиетінің әсері; 2) Халық ауыз әдебиетінің әсері;
3) Сол ХІХ ғасырда қазақ көркем сөзіне, атап айтқанда, қисса-дастанға орыс, Еуропа әдебиеті тигізген әсер.
Сөз жоқ, қисса-дастандар күні бүгін жан-жақты қарастырылып зерттеліп отыр. Алайда ХІХ ғасырдағы қисса-дастандардың жаратылысы біртұтас емес; олардың әлі де жанрлық сипатын ажыратып, жан-жақты ғылыми сипаттамасын жасауды жалғастыру қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |