Қ.М.) өлеңдегі, жырлардағы қайбір жеке сөздер жорамалмен жаңылыс түзетіліп кеткен. Бұдан басқа кітаптың баспа қатесін түзетуші (корректор) нашарлау болған” [85, 109 б.].
Сол заманда Абай өлеңінің құнын жеткізіп айтушының бірі І. Жансүгіров.
Ілияс Жансүгіров 1922 жылы Ташкентте шыққан Абай кітабы туралы мақаласында кейінде абайтанудың іргелі салаларына арналған қадау-қадау мәселелерді қарастырды. Абай шығармаларының текстологиясы жөнін алғаш көтерген, сол заманның өзінде нақтылы дәлелдер келтіріп, қисынын ұсынған еді.
Абайдың 1922 жылғы басылымындағы жаңсақтықтардың сипаттамасын жасап, түп себеп, негізгі белгілерін ажыратып көрсетудің жолын салады.
“Ұя бұзар” – “ұят бұзар емес”, “құлқың” – “құлың” емес, т.б. осындай жаңсақ кетті деген 21 сөз келтіреді.
“Міне, бұлар жорамалмен кеткен жаңсақтықтар. Мұның ішінде кейбіреулерінің ұйқастық жағынан жақындығы бар болса да, мағына жағынан зор айырмалары бар. Мұны келесі басылатын кітаптарда ескеру керек” [85, 111 б.].
Ғ. Сағдидің Абайды тану үшін не қажетті саралап отырып айтқан мына бір ой ұшқыны кейінде Абай және Дулат төңірегінде біршама қарастырылып жүр. Қалған жағы күңгірт, көмескі күйде.
“б) Абайдың қазақ арасындағы ел ақындарымен қатысы болды ма, болған күнде олардың шығарған өлеңдеріне еліктеді ме? Еліктеген болса, олар қандай ақындар еді? Қандай типтегі кісілер еді?” [85, 135 б.].
Ғабдрахман Сағди алғаш рет Абай шығармаларының көлемі жөнін тексерген. Барлығы – 5313 жол шамасында өлең, тәржіма – 1700. Өзінікі – 3612 жол дейді.
Ғ. Сағдидің Абайдың дүниетаным, дінге қатысы, ақындық мектеп жөніндегі: “6) Абайға мұсылманшылдық дүниесіндегі сопылыққа әсер бермеген, Абай – мұндай сипатпен уланбаған кісі” [85, 143 б.] “8) Абайдың әдеби өмірінің әуелгі жартысында орыс әдебиетінің берген әсері сезілмейді. Абайдың өзінен өлең шығарушылық дәуірінде ешбір халықтың әдебиетіне әм ешбір адамға еліктегендігі білінбейді” деген пікірлері – назар аударарлық.
Ғ. Сағди Абайдың өлең өлшемін алғаш қарастырды. Абайда ескісі бар, жаңасы бар 8 түрлі өлшеу бар деді (“Ақжол”, 1923, №335, 356, 359, 363, 369, 370).
Ғ. Сағди Абай тілінің бір ерекшелігі одағай сөздерден жасалған етістіктерді көп қолдануы дейді. Әрі шеберлікпен өзі жасайды деді. М. Әуезов Т. Әлімқұлов т.б. Абайда орыс әдебиетшілері Пушкин, Лермонтов әсерімен етістік аз дейді. Бәлкім, бұл Абайдың аудармаға келгеннен кейінгі ерекшелігі.
Ғ. Сағди – Абайдың шығармашылық сырына, оның шығармаларының туу себебіне, жазылу тарихына, жазылу мерзіміне, текстологиялық мәселелеріне, өлең өлшемі, өлең құрылымына тереңнен зер салған алғашқы зерттеушінің бірі.
Ғабдрахман Сағди 1922 жылы “Ақ жол” газетінде жариялаған “Абай” зерттеуінде Абайдың кітабын шығаруда өлең өлшеуіне, жол айыруларына мұқият болуды алғаш ескертеді. Ғ. Сағди көрсеткен Абай өлеңіндегі өлшемдерді Абайдың кейінгі басылымдарындағы түзілуін қарастыруда да ескеріп отырғанның артықтығы болмас еді.
Ғ. Сағди абайтанудың бірнеше өзекті мәселесін алға тартып, күн тәртібіне қойды.
1. Туысы мен өмірі жайлы тереңірек зерттеу ақынның шығармашылық сырына алып барарын айтты.
2. Басылым жөнінде ұстанатын қағидаларға назар аударды. Түпнұсқаның құндылығы мәселесін көтерді.
3. Өлең өлшемі туралы деректер берді.
4. Қазақтың жазба әдеби тілінің мәселесіне қатысы бар Абайдың қазақ тілінің “Әдеби жақтан істелуіне” көп қызметі тиді дейді.
5. Абайдың дінге көзқарасы, сопылыққа қатысы, Алланы тану жолындағы шығармашылық мұрат, мұрасы жайлы қадау-қадау мәселелер айтты. Осы Абайдағы дін жайын “серъезно” сөз еткен алғашқы зерттеу десек артық емес.
6. Абайдың заманы, әлеуметтік жайлар мәселесін аса ащы, тым терең айтуында да концептуальдылық бар.
Абайтанудың басындағы көрегендікпен айтылған ойтүрткі, ойарна еңбектер абайтанудың ұзақ жылдар бойы негізгі зерттеу мәселелерінде негізгі ой желілері ұстаным болып отырғанымен, аталмады. Сол себепті де абайтану тарихын фактография деңгейінен (белгілі бір кезеңдерде қажет болған – Қ.М.) көтеріп, әр кезең, әр зерттеушінің таным, пайымын бүгінгі ғылыми айналымға қосып отыру парыз.
Абайтанудың басында тұрған А.Байтұрсыновтың Абай өлеңіндегі мін деп қарастырған шумақ ішіндегі бунақтардың, тармақтардың басында иә ортасында бірыңғай болып келмегендігіне байланысты пікірінен, Абайдың ән өлеңдерінің ерекшелігіне қатысты да, әнге арналмаған өлеңдеріндегі түр жаңалығын да ой зердесіне тартар “қызық” қисын бар. Қазақтың бар өлеңі бұрын әнге салып айтуға келе беретін. Енді Абай әнге салып айтуға келмейтін өзгеше өлең жасап отыр!
“Шумақ ішінде бунақтар тармақтардың басында иә ортасында бірыңғай болып келу тиіс. Мәселен, бір тармақтың басында үш буынды бунақ келсе, басқа тармақтарда да солай келу тиіс. Әйтпесе өлең өлеңдігінен айрылмағанмен, жорғағынан жаңылады, айтуға ауырлық келтіреді.
Бұл кемшіліктен қазақ ақындарының көбінің-ақ сөзі аман емес. Әсіресе Абай өлеңдерінде көбірек ұшырайды. Мұндай кемшілігі бар өлеңдерді де сол күйінде өзгертпей әнге қосуға болмайды” [12, 389 б.].
Қажым Жұмалиев 1948 жылы “Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі” тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Абай поэзиясының тілін әр сапада ең алғаш тереңнен зерделеген бұл монографиялық еңбек түрлі себептермен 1960 жылы жарық көргені белгілі.
Қазақ халқының өміріндегі көркем сөздің, өлең тілінің мәні мен орны жайлы, ауыз әдебиетінің тілдік құндылықтары жөнінде, Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі жайлы жан-жақты ғылыми негіздеме жасалған бұл еңбекте Қажым Жұмалиев ауыз әдебиеті үлгілерін тарата талдап, Абайдың алдындағы ақындық мектеп жайын қозғайды. Абай поэзиясы тілінің көркемдік сырына теориялық тұғырнама жасайды. Абайдың өлең шығармашылығындағы орыс, Батыс әдебиетінің ықпалына да кең тоқталады.
Қажым Жұмалиев Абайдың өзінің алдындағы әдебиеттен жаңа сападағы өлең жасауын қазақ әдебиетінің даму заңдылықтарымен, өзіндік дара сипаттарымен сабақтастықта қарау арқылы Абайдың ақындық әлеміне бойлаудың ғылыми жөндерін қисындады. Абайды танудың, ашудың жалпылық ұғымнан нақтылы дәйектемелерге ұласуына өлшеусіз еңбек жасады.
Қ. Жұмлиев алғаш Абайдың метафора, синекдоха, метонимия, метафоралық эпитет арқылы сөйлемді жаңартқанын айтты. “Тұлпар міну” – “Талаптың тұлпарын міну”.
“Әйел адам гүлмен тең, дымды сүймек” – метафора.
“Боламын деп жүргенде болат сынып”, “Ауру жүрек ақырын соғады жай” – метонимия.
“Күнді уақыт итеріп
Көкжиектен асыра” – кейіптеу (олицетворение).
Қ. Жұмалиев Абайдың тіл тазалығына қосқан тарихи үлесін ақынның өз заманындағы, одан ілгерідегі қазақ тілінің жайымен сабақтастықта таратып ашты.
Қ. Жұмалиев Абайға шейінгі халық әдебиетінің тілі және Абай поэзиясы тілін сабақтастықта, салыстыра отырып зерттеуінде Абайдың өткеннен алғаны мен өзіндік қана өзгешелігін саралады. Абайдың сөз ұстарту әдісін теориялық жақтан тұғырлаудың басы болды. Абай тілінің ішкі заңдылықтарын ашты.
“Абайдың еңбектерінде ең алдымен, халық ауыз әдебиетінен пайдаланған сөз, сөйлемдер, мақал, мәтелдер көп кездеседі. Оларды Абайдың пайдалануы екі түрлі: біріншісін, халықта қалай айтылса, сол қалпында өзгертпей қолданады да, екіншісін, ел аузындағы түрінен өзгертіп, сөз, сөйлемдерін өзінше құрып, кейде жаңаша мазмұн береді. Кейде сол мазмұнның өзін қалдырып, сөз, сөйлемдерін басқаша етіп құрайды” [17, 158 б.].
Қ. Жұмалиевтің саралап көрсетуінде Абайдың тіл қазынасы, сөздік қоры ең алдымен халықтық әдеби мұрамен байланысты. Абайтануда Қ. Жұмалиевтің Абай өлеңдеріндегі жаңалық жайлы пікір, түйіні – орны бөлек байлам.
“Абай қазақ өлеңдеріне әр түрлі жаңалықтарды, бізше, үш түрлі жолмен кіргізгенге ұқсайды. Кейбір өлеңдерін әнге арнап жазған. Кейбір өлеңін қазақта бұрыннан бар өлеңдердің ізімен жаза келіп, аяғына жаңаша бунақ, буындар қосып жаңартқан, кейбір өлеңдерді басқа елдердің ақындарының өлең құрылысына еліктеп, сол әдіспен жаңа түр жасаған”.
Абайдың сөйлем құрылысына кіргізілген әр алуан жаңалығының бір бұтағы өлең сөйлемдердің ұйқастарында. Абайға шейінгі әдебиетімізде болмаған, Абай өлеңдерінде ғана кездесетін төмендегі тәрізді ұйқастар бар. Олардың жалпы бағыты бір болса да, құрылыстары әр келкі.
Жарқ етпес қара көңлім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да.
Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.
Бұл – бас бунағы 3 буын, ортасы 4, аяққы бунағы 4 буын қазақтың (а, а, б, а) болып келетін кәдімгі қара өлеңінің ұйқасы. Мұндағы жаңалық – әр жолының аяғын “да”-мен бітіруде. “Да” сөйлемге бітпеген түс беріп ішкі сезім дүниесін, аңсаған құмарлық, шын берілген жүрек толқынын жай, қалыптағы сөйлем құрылысын жанды, жайнақырақ етіп беретінге ұқсайды” [17, 188 б.].
Қ. Жұмалиев Абайдың қазақ әдеби тіліне ендірген жаңалығының бір бұтағы орыс тілі әдебиетімен сабақтас дейді. Жеке сөз емес, оборот, сөйлем құрылысында, орыс тіліндегі сөздердің үлгісімен қазақтың кейбір сөздеріне жаңаша мән беруінде.
Қ. Жұмалиев сонымен бірге Абайдың Шығыс әдебиетінен алғаны жайлы да нақты айтты.
“…Айтшы, айтшылап жалынар,
Ұққыш жансып шатынар.
Ұқпай жатып жалығар,
Ұйқылы-ояу бой күйез”.
“Жас баладай жеңсік қой,
Байлаулы емес ақыл, ой,
Ойлағаны айт пен той,
Ыржаң-қылжаң ит мінез”, –
деп келетін Абайдың “Білімдіден шыққан сөз” өлеңін Қ. Жұмалиев. “Бұл – Абайдың Шығыс әдебиетіне еліктеу сатысының бетін ашуда өте құнды, өте керекті өлеңнің бірі” – дейді.
“Білімдіден шыққан сөз” тілі жағынан болсын, құрылысы жағынан болсын шағатай әдебиетінің үлгілерін өз дегеніне әбден көндіріп алған кезі екенін көрсетеді”, – деп ұғындырады [17, 177 б.].
Сәбит Мұқановтың абайтанудағы көзқарас эволюциясы абайтанудың бар тарихымен сабақтасып жатыр.
1923 жылы “Еңбекші қазақ” газетінде Сәбит Мұқановтың әйгілі “Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер” мақаласы жарияланды.
“Абайтану тарихы” еңбегінде Мекемтас Мырзахметов Жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы Абайды тану жөндерін саралап отырып, былай деп жазды: “Қоғамды тапқа бөлу, таза пролетариат мәдениетін жасауға ұмтылу – тұрпайы социологиялық танымды тудырды. Осы себепті мұра мәселесіне әрі жаңаша түрде жауап беруге алғаш рет талпынғандар: Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров, Ғабдрахман Сағди, Сәкен Сейфуллин, Бейсембай Кенжебаев, т.б. болды. Бірақ бұлардың Абайға және оның әдеби мұрасына қатысы, оны тану, таныту, бағалау дәрежесі әр тұрғыдан болып, елеулі пікір қақтығысын тудырды” [124, 78 б.].
С. Мұқанов алғашқы Абайды байшыл, ұлтшыл деп бағалауынан кейінде Абай шығармашылығына ақындық алым, Абайдың қазақ әдебиеті тарихындағы ақиқат орны жөнінде абайтануға олжа салған терең зерттеулерге барды.
С. Мұқановтың 1939 жылы жазылған, кейінде қайта толықтырылып, 1939-40 жылдары бастырылған Абай шығармаларының 2 томдық толық жинағына Алғы сөз болған “Абай – халық ақыны” мақаласындағы Абайды халық ақыны, қазақ әдебиетінің классигі, жаңашыл, реалист, әдеби тілдің негізін салушы деп бағалаған ғылыми негіздемесі абайтанудың жаңа бағыт ұстанып, жаңа сапаға ойысқан кезеңінің басындағы құнды пайымдаулар болды.
Сәбит Мұқанов – абайтануда Абайдың 46-қара сөзіндегі қазақ тарихы мәселесіне алғаш аса ден қойып, дерек көздерін, тарихи дәйектемелерді сабақтастыра қарап саралаған ғалым.
Абайдың өлең сөздегі, қара сөздегі замана күйі жайлы тоқтамдарына орай өзі де кенже зерттелген қазақ тарихына қатысты ой-толғамдар айтып,
ХІХ ғасырдағы, Абай заманындағы қазақ тарихын экономикалық, әкімшілік билік, саяси-әлеуметтік жөндерден қисындаудың өзіндік негідемесін жасады. Осы орайда Сәбит Мұқановтың қазақ тарихына, әсіресе ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы тарихқа байланысты ұланғайыр зерделеулер жасаған ғалым, тарихшы-ғалымдардан да ілгері озып, қазақ тарихын әлеуметтік негізде арнайы жүйелеген зерттеуші болғандығын оның 1942 жылы жарық көрген “Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдебиет тарихының очерктері” еңбегі айқын көрсеткенін айтқан жөн.
Абай шығармаларының әлеуметтік астар-қатпарын ашуда да Сәбит Мұқанов тарихи шындыққа, ХІХ ғасырдағы Абайдың көзі көрген, жанын жеген қазақ тұрмысының шындығына жүгінеді.
“Олай болса, қанша “оқыңдар, ғалым болыңдар” дегенмен, оның бұл ақылын іске асыратын кісі, Абайдың ойынша, өзімен замандас қазақ арасында жоқ.
Бұлай “жоқ” болудың объектитік бір жағдайы барын Абай ешбір шығармасында айтпайды. Ол жағдай – Абай заманындағы қазақ елінің отарлық халі. Отарланып отырған қазақтың я басқа елдердің арасына білім таратайын, мектептер ашайын, оқытайын деген мақсатты патша үкіметі алдына қойған емес” [125, 106 б.].
Ахмет Жұбанов Абайдың ән мұрасын зерттеуімен абайтанудың өрісін ұзартты.
“Абай әндерінің өзгешелігі – мелодиялық, ырғақтық жақтарындағы жаңалықтарында, идеялық мазмұнының анықтығында”, – деп атап көрсетті ғалым.
А. Жұбанов атаған ырғақ, әуен, үн бұрынғы он бір, жеті-сегіз буынды өлеңдермен айтылатын қазақ әндеріне ұқсамады.
Абайдың әндерінің өзгешелігі Ахмет Жұбанов орыс романстарының табиғатымен сабақтастықта қарастырып, ХІХ ғасырдағы қазақ халқының музыкалық мәдениетіне орыс халқынан ауысқан жаңалықтардың өрісін ашты.
Зәки Ахметов Абайдағы Қоғам және Адам арақатынасы жайына, Абай шығармаларының негізгі ұстаным-мұраттарына да, Абай өлеңінің теориялық негіздемелерін қаншалықты ынтамен зерделесе, соншалықты жан-жақты, ауқымды ой алымдарымен келген ғалым.
Абайдың қазақ тарихындағы, қазақ әдебиетінің тарихындағы орнын ғалым мейлінше тұтас қамтып, абайтанудың өзекті арналарын айқын ғылыми талғаммен ажыратты.
“Қазақ поэзиясына көп жаңалық, соны қасиет әкелген Абайдың лирикалық поэзиясынан оның ақындық шеберлігінің баға жетпес құндылығы, айрықша өзіндік сипат-қасиеттері әсіресе мол көрінеді. Ол қазақ поэзиясының идеялық ауқымын, тақырыбын кеңейтті, әдебиетте жаңа жанрлық түрлер қалыптастырды. Халықтың сөйлеу тілінің, қазақтың ауызекі ақындық және ән творчествосының байлығын кең пайдалана отырып, ол өлең сөздің шеберлік құралдарын жетілдірді, өлеңдік өлшемнің интонациялық-ритмикалық байлығын терең ашып көрсетті, жаңа ырғақты, үйлесімді өлең үлгілерін енгізді, ақындық тілдің образдық-бейнелеу, стилистикалық мүмкіндіктерін орнықтырды. Қазақтың ақындық тілін, әдеби тілін ұстартып, шыңдап жетілдірді…” [121, 54 б.].
З. Ахметовтің “Абайдың ақындық әлемі” монографиясы (1995) [126] – оның ұзақ жылдар бойы өлең сөздің теориясын қисындаған ғылым жолында Абайдан бірде-бір сәт қол үзбегендігін және айғақтады.
Тұрсынбек Кәкішев Абайдың өлеңдегі образ жасау шеберлігінің тікелей сатиралық шығармалар табиғатынан туып, қалыптасқанын айқындайтын ойлар айтты. Жалпы Абайдың қазақ өлеңіне адамның жанды қалпын әкелгендігі де, оның сатиралық шығармаларының өзгешелік, шыншылдығы да абайтануда қозғалып жүргенімен, Т. Кәкішевтің Абай сатирасын зерттеуінде бұл жай табиғи түрде айқындалып, “өз-өзінен” ашылған. Расында да, Абайдың қазақ өлеңіне әкелген суреткерлік көп өзгешелігінің бір көрінісі – адамды өлеңде ашуы, ең әуелі, оның сатиралық шығармаларына борышты.
Ғалым Абай сатирасының құны мен мәнін басқаға байқала бермейтін арғы астарлары, беймәлім қырлары арқылы аша түсті.
“…“Адасқанның алды жөн, арты соқпақ”, “Сабырсыз, арсыз, еріншек”, “Көшекбайға”, “Мәз болады болысың”, “Бай сейілді”, “Көзінен басқа ойы жоқ”, “Бойы бұлғаң”, “Дүтбайға” және тағы басқа шығармалары ұлы ақынның қоғамдық кеселдермен қалай күрескендігін ғана емес, сонымен қатар өзінің озық жағымды идеалын қалай насихаттағандығын да көрсетеді” [127].
Т. Кәкішевтің абайтанудағы атап айтар еңбегі – оның қазақ әдеби сынының тарихын абайтану тарихымен сабақтастықта қарастырып келе жатқандығы.
Айқын Нұрқатов Абайдың эстетикалық ұстанымдарын, шығармашылық бағдарларын ақындық шеберлік аясында ашуында көркемдіктің, шын поэзияның жаратылыс-табиғатын негіз етті.
“Бұл – поэзия ма, музыка ма, жанды сурет пе? Бәрі де. Өйткені, небір абстракциялық сезімдер мен түйсіктерді ақиқат бейнелерге, көркем образ тіліне түсіру арқылы Абай жалпы творчество қайраткерінің басында, жан-жүрегінде болатын күйлерді, творчествоның азабы мен қуанышын ділмен сезінбек түгіл, көзбен көргендей, қолмен ұстағандай етіп елестете алған”, – деп, “Адамның кейбір кездері” өлеңін алға тарта отырып, ақын Абайдың ақындық жайлы туындысына көңіл көзін ашады.
А. Нұрқатов “Абайдың ақындық дәстүрі” (1966) монографиясында Абайдың ақындық дәстүрін, Абай эстетикасының қазақтың жазба әдебиетінің дамуындағы тарихи орнын теориялық жақтан негіздеуде абайтануды байыта түскен олжалы зерттеулер жасады [128].
Бақытжан Майтанов Абайдың өлең құрылымындағы өзгешеліктің өзгеше бір қисынына тартып, Абайдың ақындық алымының қырық қырлы екендігін және бір мойындатар гәпке бастайды: “... Жастықтың оты жалындап” атты жырда баяндаудың үш типі де қолданылады. Ол сезім мен байлам ырғағына сәйкес құбылады. 13 шумақтан тұратын шалыс ұйқасқа құрылған туынды “ол” түйіндегі сипаттаумен басталып, 5-шіден 9-шы шумаққа дейін “сен” тұлғасымен бітімделеді де, қайталай бейтарап тынысқа көшеді. Бірақ объекті мен субъектінің арасындағы ортақ жақындастық сақталады (“Жұрты құрғыр сенгішке тұра ма қулық Жалғамай?”). Соңғы екі шумақ лирикалық кейіпкердің атынан айтылады...” [146 25 б.].
Б. Майтановтың шағын зерттеуіндегі тосын қисындар, сөз жоқ, Абайдың ішін алып сөйлеудің таза ғылыми танымға суарылған үлгісі. Ғалым Абайдың “баяндау тынысындағы” (Б.М.) мол өзгешелікке бастайды. Бірқыдыру шығармаларының түбіне бойлап, жаңаша толғам тудырады.
Құлмат Өмірәлиев – Дулат пен Абайдың бірнеше өлеңі жасалу тәсілі, айтылу сарыны, тіпті көзқарас жөнінен өте жақын келетінін алғаш атап көрсеткен ғалым.
Қ. Өмірәлиев Дулаттың “өзгеше лирикалық” өлеңі ауызша әдебиет үлгісіндегі ұйқас үшін, ойға баспалдақ үшін көмек етер жанама жол, жанама сөзден таза екендігін айтты. Бұл енді – жазба әдебиеттің сапасы.
“Болыс болдым, мінекиде” Абай да, “Сөзім барда, көзім жоқта” Дулат та “ел жақсысының” сипатын көбіне бір көзбен “көріп”, бір жүрекпен сипаттайды.
Қ. Өмірәлиев Дулаттың “Қылжаң, қалжаң туысқан” өлеңінің Абайдың “Келдік талай жерге енді” өлеңін еске түсіретінін айтып, сол өлеңді Әуезовтің өлең өзгеше жалғыз ұйқаспен берілген, түр өзгешелігіндегі тағы бір жаңалық – тұрақты шумақтың жоқтығы деп көрсеткенін келтіреді.
Абай поэзиясының тілін ұзақ жылдар бойы үзбей қарастырып келе жатқан ғалым Рәбиға Сыздық кейінгі кезеңде “Дулатты танып болдық па?” мәселесін көтеріп, “Абай және Дулат” тақырыбын ғылыми негіздеудің қисындарын ілгері оздырып отыр [129].
Бұл жөнде Тұрсынжан Шапайдың [130], Амантай Шәріп [42], Қайрат Раевтың [131] зерттеулері мәселені әрі қарай ғылым нысанына айналдырып отырғанын да айтуға болады.
Р. Сыздық Абайдың сөз өрнегін тек тілдік фактор есебінде ғана қасаң қарастырмайды.
Ақындықтың стихиясына, алай-дүлей ақ боранына орап отырып, Абай алымының бар мазмұнын, барша мәнін әлеуметтік негізде де, әдеби даму заңдылықтары жөнінен де асқан сезімталдық, ғылыми көрегендікпен нақты байыптайды. Абайдың ақындығын түйіндеп сөйлеу ауқымына да жол ашып, айқын түйіндер жасайды.
Абай поэзиясының тілі көркемдігі мен әсерлілігі жағынан шырқау биікке – классикалық жазба поэзияның сөз үлгісіне қалайша көтерілді деген сауалдың жауабына ғалым жан-жақты талдау, ұтымды ұсыныс арқылы тартады.
Атап айтар бір жай: ғалым Абайдың тіл кестесін Абайдағы өлең өру әдісімен біртұтастықта қарастыра отырып, ақын өлең құрылымында, өлең жасауда қаншалықты жаңашылдыққа барғанымен, қазақ халқының өзіне шейінгі аса қуатты поэтикалық дүниесіне, өлең жасаудың заңдылықтарына, өлең сөздің хас белгілеріне мойын бұрмай кете алған жоқ. Поэтикалық нормалардан аттап кете алған жоқ деп, Абай қаншалықты түршілдікке барғанымен, өлеңінің барлығы өлеңді аяққы ұйқасқа құру шартынан шықты, Абай жасаған құлақ естімеген көріктеу құралдарының да негізгі жасалу амалдары бұрыннан бар болатын дейді.
Біздіңше, ғалым Абайдың қазақтың ауызша тараған көркем сөзін ұлттық жазба дүние дәрежесіне жеткізудегі ұсталығының негізгі көрігі, басты қаруы дәстүрлі, халықтық көркемдік үрдістерде жатқандығын баса айтпақ.
Р. Сыздық көркем әдебиет үлгілерін туғызуда белгілі бір алуан түрлі заңдылықтардан бөлек жеке тәртіптер, әр ақынның өзі бейім, екпінді тәсілдері, әр поэтикалық мектеп, әр кезең, әрбір ұлы суреткер енгізер жаңалық тұратынын, сол орайда Абайдың үлесіне қазақ өлеңін жаңа сапаға көтерудің тарихи миссия-міндеті тигенін, сол орайда Абай қазақтың поэтикалық тілінің дәстүрлі нормаларын жетілдіріп, түрлендіріп, кеңейтіп, жүйеге айналдырғанын, сонымен қатар қазақ бұрын естімеген өлең мақамын, өлең құрылымын әкеліп, қазақтың ауызша тараған көркем сөзін ұлттық жазба әдебиетке жеткізгенін айтты.
Абайдың заманалық ақындық алымының басты сипаттарын ғалым былайша жіктейді:
1. Абай поэтикалық көп ойды аз сөзбен берді.
2. Көркем шығарма тілінің “текст түзу” деген шарты Абайда тұңғыш рет айқын көрінді.
3. Суретті нақты, бадырайта көрсетті. “Поэзия тілін өмірге, адамның өзіне, оның айналасына жақындатты”.
4. Сөз мағынасын құбылтудың сәтті үлгілерін көрсетті.
5. Фразеология саласында төңкеріс жасады.
6. Қазақ өлеңінің архитектоникасында (құрылымында) бұдан да үлкен “төңкеріс” жасады: мүлде тың өлшемдер мен ырғақтар әкелді, бұрын жоқ шумақ түрлерін ұсынды, шумақ пен шоғырдың құрылымын құбылтты: атақты “Сегізақтан” бастап алты тармақты шумақтан тұратын өлең – “алтыаяқтардың” неше түрін, жеті, тоғыз, он төрт “аяқты” өлең құрылымын дүниеге келтірді. Бұл құрылымдар қазақ өлеңінің синтаксисіне, интонациясына жаңалықтар әкелді: қазақ өлеңі жазба поэзия статусына көтерілді. Жазба поэзияға тән “өлең тасымалы”, ауыз-екі сөйлеу интонациясы дегендерді көрсетті.
7. Қазақ өлеңінің үнін, дыбыстық әуенін құбылтып, музыкалылығын күшейтті. Алитерация, ассонанс, анафора, эпифора сияқты дыбыстық үйлесімдермен бірге, түбірлес сөздерді қатар келтіру, ішкі ұйқастарды жиірек қолдану сияқты шеберлік үлгісін көрсетті.
8. Абай жаңалығы қазақ тілінің поэзиясында жалғасын тапты.
Жалпы, Рәбиға Сыздықтың бұл түйіндері Абай ақындығы айналасында бір ғасырдан бері қозғалып жүрген тарау-тарау теориялық негіздемелердің тілге сүйенген тым айқын, тым ауқымды, анық тұжырымдары.
Осы түйіндерге Абайдың бүкіл ақындық әлемі сыйып жатқандай. Арғы-бергідегі Абай тілі, Абайдың өлең құрылысы, өлең құру заңдылықтары, сөз табудағы әдіс-тәсілі жайлы теориялық негіздемелердің және бір жиынтық жүйесі, шымыр да жұмыр бітімі десе болар.
Абай өлеңінің – жаны бар жаратылыстай болып туған шын ұлы поэзияның бар тынысын, бар дірілін, тірі қалыбын тап басып табу, айнымай тану.
Р. Сыздық зерттеулерінде қазақтың жаңа жазба әдебиеті, қазақтың ұлттық жазба әдеби тілі деген мәселелердегі Абайдың тарихи тұлғасы бар асылымен тағы бір жарқырап көтеріледі, биіктей түседі. Дара қалпы, ақындық даңқы алды-артыңды орайды.
Р. Сыздық абайтануда әр кезеңде әр қырынан, әр қилы дәрежеде қозғалып отырған Абайдың тілі мәселесін іргелі монографиялық зерттеуге ұластырды. Тіл білімі ғылымының негізгі ұстанымдары, тілдің жаратылыс заңдылықтары, тілдің дыбысы, тынысы, “тіршілік әрекеті” тұтас қамтылған ауқымды зерттеуге айналдырды.
Абайдың ақындық қуатын дәл осылайша “іштен шалып”, құпиясын ашу бақыты бұйырған азғана алымды ғалымның бірі – Р. Сыздық.
Р. Сыздықтың Абай тілін ашуы – тастай таным.
Ғ. Есімнің “Хакім Абай” зерттеуінің абайтанудағы ілгерідегі еңбектерден бір өзгешелігі – ғалымның қазақ әдебиеттану ғылымының, мәдениеттану мен философия ғылымының қазіргі кезеңдегі жетістіктері мен көкейкесті мәселелерін негіз ете отырып ой толғауында болса керек. Ендігі кезеңде “абайтанудағы ақтаңдақтар” аталып отырған өткен дәуірдің абайтанудағы ала-құлалық, олқылық жайлары бүтіндене түсіп отырған ендігі тұста ғалымның Абайға бұлайша енуі, келуі заңдылық болар.
Ғ. Есім – Абай ақындығының жаратылыстан дарыған дара бастауы өз алдына, әдеби дәстүр, әдеби мектеп төңірегіндегі мәселелерінде ендігі тұста ара-тұра сөз болып, қозғалып қойып жүрген бірнеше ұстанымды мәселені алғаш қозғап, көтерген зерттеушінің бірі. Оның ой-тұжырымдары абайтану көкжиегін көтере түсер, қайсыбір тұста әдеби дау, айтысқа, тартысқа тартар құнды, ойтүрткі пайымдаулар.
Ғарифолла Есім еңбегінде ХІХ ғасырдағы жазба әдебиет мәселесіне жаңа бір қырынан ой көзімен үңілу бар. Қазақ халқының ауыз әдебиетін зерттеуші көне түркі жазба мәдениетінің заңды мұрагері дейді. Бұл – ендігі таным-пайым, әдебиеттанудың ендігі өріс деңгейіндегі қисынды зерделеу.
Мекемтас Мырзахметов өзінің “Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары” монографиясында (1982) Әуезов алған биіктерге, үңілген тереңдерге өз тереңін қоса-қабат ұштастырып, ойға ой жалғып, кеңінен қамтып, Әуезовтің өзі көзі тірісінде барынша ашып-шаша алмаған құнды ғылыми негіздемелерін айғақтауды мақсат тұтты [29].
М. Мырзахметов М. Әуезовтің қилы кезеңде бүркемелеп отырып ретін тауып, қисынын келтіріп айтқанын дәлел-дәйекпен ашып, әр жылдары әр қилы зерттеулеріндегі таралып жатқан ой-тұжырымдарын мынадай жүйеде көрсетеді:
1. Абайдың ақындық кітапханасының көлемі мен жайы. 2. Абай және Шығыс классиктері. 3. Абайдың исламиятқа қатысы. 4. Абай және мораль философиясы.
М. Әуезов тұжырымдарында кездейсоқ пікір, негізсіз сөз болмайтынын атап көрсететін ғалым Абай кітапханасындағы Шығыс қисса-дастандарының орнын, нәзира дәстүрін М. Әуезовтің қолжазба қорындағы осы мәселеге қатысты түйін-байламдарын негіз ете отырып сөз етуімен абайтанудағы, қазақ әдебиеттану ғылымындағы аса бір көкейтесті мәселенің көкжиегін көтерді.
М. Мырзахметов абайтанудағы “ақтаңдақтарды” сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында түгендей бастады. Сонан беріде “Абайтану” (1988) [132] библиографиялық көрсеткіші, “Абайтану тарихы” (1995) [124] кітабы, т.б. абайтану өрісін ашар зерттеу еңбектері жарияланып келеді.
“Абай шығармашылығының зерттелуі. Абайтану” атты бұл тарауда біз жалпы абайтанудың тұтас тарихын М. Мырзахметовтің “Абайтану тарихы” еңбегінде айтылған, қамтылған мәселелерді есте ұстай отырып, абайтанудағы қайсыбір мәселелерге өзіндік көзқарас тұрғысынан және бір айналып соғуды мақсат тұттық.
Бұл бөлімде қарастырылған абайтану мәселелеріне қатысты ескерте кетер бір жай: мәселе қозғауда, абайтанудағы еңбектерді қарастыруда оларға жазылу кезеңі, мерзіміне қарай бірізділікпен келуді, сонымен бірге абайтанудың арғы-бергісін түгендеп атап шығуды көздемедік. Және де абайтанудағы қайсыбір түйінді мәселелерді Абай шығармашылығы негізінде жеке тарауларда мүмкіндігінше кеңіте, арнайы қарастырғандықтан да қайталауға бармас үшін осы жөнді ұстандық.
Абайдың тіл өнері, сөз өрнегі жайлы абайтануда іргелі-іргелі зерттеулер жасалды. Белгілі әдебиетші Тәкен Әлімқұлов “Қазақ тілі қарындасшыл тіл, қабылдампаз тіл” дейді. “Әдебиетте Абай, Сұлтанмахмұттар айрықша тіл байытқан” дейді.
Абайдың тіл байыту, сөз жасау, ой сөзін құрау шеберлігі абайтануда жан-жақты қарастырылып келеді.
ХІХ ғасырдағы, Абай өмір сүрген кезеңдегі, сөз өнері сан-салалы, түрлі үлгі, стильдегі аса бай мұра.
Құлмат Өмірәлиев ХІХ ғасырдағы ақындар құрамын былай жіктейді: бірінші би ақындар – олар байырғы дәстүрмен, үлгімен тақпақ сөздер, мақалды сөздер жасайды; екінші, сарай ақындары болды, олар мақтау жырлар жаратты; үшінші, айтыс ақындары болды, олар мақтау өлеңдер мен айтыс өлеңдерді шығарды; төртінші, шығыс әдебиетіндегі ғашықтар жайлы сюжеттерді (діни қиссаларды) қайта жаңғыртып жазатын кәсіпқой ақындар болды, олар жыр, өлең үлгісіндегі ғашықтық дастандарды туғызды; бесінші, дін ислам өкілдері жайлы шығармалардан сюжет алып, өлең үлгісінде қисса жазатын молда ақындар болды; алтыншы, әрі айтысқа түсетін, әрі ауызша да, жазба түрде де толғау жыр шығаратын ақындардың жаңа тобы көрінді.
Дулат – соңғы алтыншы топқа жататын, бірақ олардан көп бөлектігі бар ақын [31, 81 б.].
Әрине, бұл жүйелеу ХІХ ғасыр әдебиетін жасаушылардың бар ерекшелігін қамтып, тұтас сипаттама береді деуге біржола келісе қоймағанымызбен, ХІХ ғасырдағы ақындықтың негізгі мазмұнын ғалым біршама қамтыған, танытқан.
Абай және ХІХ ғасырдағы әдебиет, жазба тіл, жазба әдебиет, жаңа жазба әдебиет негізінде әлі де болса жинақтап, жүйелеп айтуды күтетін мәселелер аз емес.
ХІХ ғасырда қазақта жазба тіл болды. Жазбаша әдебиет те болды.
Жалпы, осы төңіректе әдебиеттанушы, филолог ғалымдардың әр кездерде айтылған түрлі пікірлерін салыстыра қарау арқылы белгілі бір жүйеге түскен түйін жасауға болады.
“Әдебиет танытқышта” “Ауыз әдебиет”, “Жазу әдебиет” деген бөлімдер де бар. Ахмет Байтұрсынов мұнда ХІХ ғасырда жазу әдебиет шыққан тұста ауыз әдебиеттің құрып кетпей, қатар жасаған себептерін айтып, түрлеріне теориялық анықтама береді. Жазу әдебиет дінге қызмет етті дейді. "Кітаби" тілде, ноғай тілінде жазылды дейді.
Ахмет Байтұрсынов “Ауыз әдебиеті” үлгілерінің құнын, мәнін, өзіндігін көркемдік сипатын даралап, алғаш елеп-екшеген еңбектің басында тұрған зерттеуші. “Қазақ” газетінде жарияланған материал деректі, т.б. әдебиет нұсқалары жайлы мәліметтерді саралап, жинақтап сөйлегені байқалады.
Ахмет Байтұрсынов өзінің қазақ әдебиетін теориялық тұрғыдан жүйелеп, негіздеген зерттеуінде әсіресе ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті материалына сүйеніп отырғанын байқаймыз.
“Жазу әдебиет” дейтін ұғымның өзінде А. Байтұрсынов ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің айырым белгілерін анықтап айтады.
“Қазаққа жазу дінмен бірге келген… Молдалардан шыққан жазу әдебиет дінге қызмет қылса да, тілге қызмет қылмаған…
Тіл ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту орнына, тілді бұзған, аздырған; қазақтың тұтынған тілімен жазбай шығарушылар: “кітаби тіл”, “әдеби тіл” деп, ноғай тілімен, сарт тілімен жазған”.
Діндар дәуірдегі қисса, хикаят, мысал, насихат, мінажат, мақтау, даттау, айтыс, толғау терменің бәрінің мәні шариғатты ұғындыру, дін әсерімен туған шығармалар.
“… Европа әдебиетінен тұқым алып, қазақ әдебиетінің сүйегін асылдандырып, тұлғасын түзеушілер шыға бастаған. Қазақ әдебиетінің асылдануына әсіресе әсері күшті болған Абай сөздері.
Абаймен қатар басқалар да шыққанмен, олар асыл сөздің жаңа сипатын Абайдай айқын көзге түсерлік етіп көрсете алған жоқ. сондықтан қазақ әдебиетінің сындар дәуірі Абай сөздерінен басталады” [72, 446 б.].
Жазу әдебиеттің діндар, ділмар, сындар дәуірлерінде әдебиеттің дәстүрлі үлгілері де қатар жасады. Әдебиетіміздің даму ерекшелігі, даму заңдылығы бұл тұста да айқын көрініп отырды. Мәселен, айтыс ауыз әдебиетінде де бар еді жазу әдебиетінде де болды, толғау да солай.
Габдрахман Сағди 1923 жылы Абайдың қазақтың жазба әдеби тіліне ықпалын “Әдеби тіл” деген ұғымды қозғап отырып, алғаш атап айтты.
“Абай – қазақ тілінің кең, әдемі бір әдебиет тілі болуға лайықты екенін ашық көрсетіп кеткен ірі ақын” [85, 144 б.].
Жазба әдебиет пен, ауызшаның аражігін айыру оңай еместігін, мұның үлкен мәселе екендігін, әрі Абайдың қазақтың жаңа жазба әдебиетінің басында бір өзі ғана болмағандығын Мұхтар Әуезов әр жылдардағы зерттеулерінде түпкілікті ғылыми мәселе есебінде назарда ұстап отырғандығын, құлаққағыс етіп отырғандығын айтқан жөн.
“Біз ХІХ ғасырдың басы мен орта кезінде жасаған Махамбет, Нысамбай, Мұрат сияқты ақындардың шығармаларын ақынның өзіне тән стиль ерекшеліктерін айырып тексергенде, олардың қай өлеңі жазылып айтылған, қайсысы ауызша жырланған деген сұрақтарға нақтылап, деректі жауап бере алмаймыз. Өйткені олардың жазғаны мен ауызша шығарғанының стильдік ерекшелігін айыру оңай емес” [119, 92 б.].
Мұхтар Әуезов бұл мәселенің жөніне ХХ ғасырдың бас кезінде назар салған еді. 1922 жылғы “Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі”, 1923 жылғы жазылған “Абай – әдебиеттің басшысы” зерттеуінде Абай тұсындағы жазба әдебиет жайын нақты, анық, үзілді-кесілді айтуында көп астар бар.
Қазақ әдебиеті тарихында жазба әдебиет пен ауыз әдебиеті, ауызша әдебиет пен жазбаша әдебиет деген мәселе болғандығын арнайы сөз еткен жеке еңбек болмағанымен, біздіңше, мәселені дәл осылай қойып қарастыруға негіз бар. Қазақ әдебиеті тарихын зерттеушілердің, әдебиеттанушы ғалымдардың әр жылдардағы, әр қилы жағдайдағы пікірлерін белгілі бір деңгейде, мүмкіндігінше арнайы қарастырып тауып, қорытындылауға ұмтылу нәтижесінде осы пікір туғанын айтпақпыз. Атап айтқанда А. Байтұрсынов,
М. Әуезов, Қ. Жұбанов, Қ. Жұмалиев, Ғ. Сағди, І. Жансүгіров, Р. Сыздықова,
Қ. Өмірәлиев, т.б. зерттеуші ғалымдар еңбектерінде осы мәселе кең қамтылып, зерттелмегенімен, әрдайым қозғалып, сөз болып отырған.
“… Бұл күнге шейін қазақтың жазба әдебиеті жайынан сөз жазушылардың көбі біздің жазба әдебиетіміздің басы Абайдан басталады деп есептейді. Бұл пікір суретті художественная литература ретінде қарағанда дұрыс болса да, әдебиет тарихының ретімен қарасақ, үлкен адасқандық болады”.
Мұхтар Әуезовтің жазба әдебиет жайын нақты, анық, үзілді-кесілді айтуында көп астар бар.
“Қазақта жазба әдебиет Абайдан көп бұрын басталған. бұл есепке, көбінесе, дін мақсұтымен жазылған қиссаларды кіргізбесек те, айтыс өлеңдерді кіргізбеуге болмайды.
Наурызбай мен Тілеуқабақтың қызының айтысуы, Біржан мен Сараның айтысуы, бір жағынан, ауызша әдебиетке кірсе, бір жағынан, жартылап келіп жазба әдебиетіне кіреді” [85, 109 б.].
А. Белослюдов: “Жазба әдебиеттің негізін салушы есімі Мәшһүр деген атпен белгілі болған Жүсіп Көпеев, соңыра Абай Құнанбаев болды.
…Мәшһүр Жүсіп өлеңді жазып шығарды, мұның өзі қазақ әдебиетінің тарихында халықтық сипаттағы жаңа бағыттың дамуына зор түрткі жасады”, – деп жазды [85,50 б.]. (Бұл жерде сөз ХІХ ғасырдағы жаңа жазба әдебиет туралы болып отыр – жазбаша емес – Қ.М.).
Нұқ Рамазанов “Абай Құнанбаев” мақаласында: “Абай поэзиясы қазақ әдебиетіне терең әсер етіп, оның болашақ жазу бағытын анықтады”, – дейді [85, 51 б.].
Сол болашақ жазу бағыттың бір мәні Абайдың жаңа сөз жасау, сөз тіркесін құру, сөз қолданыс жолында жатыр. Абайдың сөзжасамы, тілдіқ қолданыстары туралы қазақ тілтану, әдебиеттану ғылымының зерттеу нәтижелері негізінде қыруар дәйек, дерекпен ой өрбітуге бүгінде мүмкіншілік мол.
1923 жылы Ташкентте “Ақ жол” газетінің бірнеше нөмірінде башқұрт ғалымы Ғабдрахман Сағдидің “Абай” атты мақаласы басылды. Осында Абай шығармашылығын алғашқылардың бірі болып текстологиялық жақтан, өлең құрылысы, тілдік тұрғыдан, жазылу мерзімі жөнінен қарастырып, Абайдың орыс тілінен аудармалары туралы түбегейлі ойлар айтты.
“Абайдың тілі һәм өлшеулері” атты тақырыпта айтқан қайсібір тұжырымдары абайтанудың басындағы құнда ғылыми пайымдаулар еді.
Ғ. Сағди Абай аудармаларының түпнұсқа дәрежесінде жетуін, сонымен бірге қазақша болып шыққандығын Абайдың әдіскерлігі, озат шеберлігі есебінде бағалайды, ақын өз халқының тілінің жемісі болмақ, Абай да қазақ тілінің жемісі дейді.
Қ. Жұмалиев Абай поэзиясының тілін арнайы монографиялық зерттеу нысаны етіп, алғаш кең көлемде қарастырды.
Абай шығармашылығының көп төркінін ғалым ақынның тіл қолданыс әдіс, әдебінен іздеп тапты.
Абайға дейінгі ауыз әдебиетінің қолтумалылығы, байырғылығы жайлы Қ.Жұмалиев пікірі ауыз әдебиетінің өрешеліктерін айқындау жөнінде бұрын-соңды назарға ілікпеген басты сипатты танудың, танытудың үздік үлгісі болды.
“Ауыз әдебиеті, ХVІІІ ғасырдың аяғы, ХІХ ғасырдың басындағы тарихи әдебиетіміздің өзіне тән ерекшелік, және бір қасиеті, жалпы құрылысы жағынан болсын, не тілі жағынан болсын, өзінше даралық, байырғылығы болатын. Бұл қалпы, Абайға шейін әбден тамыры тереңдеп, бекіп алған еді.
Қазақтың салт жырлары, мақал, мәтел, нақыл сөздері өз тілінде, қазақтың өз ұғымының шеңберінде ғана көркем, құнды. Басқа тілге аударылғанда көпшілікгінің не көркемділігі қалып қойып, не мағынасы жетпей, іші бар да сырты жоқ, не сырты бар да іші жоқ болып шығатындығының негізгі себебі – осы байырғы қолтумалығында еді” [17, 151 б.].
Бұл жерде ғалым қазақ әдебиетінің өзге халықтардың көркемдік өлшемінен, таным таразысынан асып-төгіліп жататын өзгеше даралық, қайталанбас қолтумалық қалпын айқын сипаттаған. Ауыз әдебиетіндегі түршілдік жайлы байламдары да қазақ әдебиетінің қолтумалығын айқындай түсер түйіндер. Ғалым ауыз әдебиетінің ескі заманнан келе жатқан деп өзі атаған өлеңнің ырғағын, шумағын толтыру үшін ойға қатысы жоқ сөз, не сөйлем, я жолдар кіргізіп отырушылығы болатын, бұл әдеттен Абай алдындағы тарихи әдебиет те түгелдей арыла алмады деуі – ол әдебиеттің мінін көрсетіп, құнын түсіру мақсатында емес, Абай ақындығының алымын айқындай түсу жөніндегі таным. Аталған әдет қара өлеңде де, қайым өлеңде де, айтыста да барлық Абайдан бұрынғы әдебиетте кездесетін дей отырып, Абайдың одан бірінші рет арылған ақын екендігін айтады.
“Ондай мағынаға қатысы жоқ сөздерден бірінші рет түгел арылған ақын – Абай. Айтайын деген ойына қатысы, байланысы жоқ, не буын санын толтыру үшін, не шумақтың жолын сыңар аяқ қалдырмау үшін қолданылатын сөз, не сөйлем Абай өлеңдерінде мүлде кездеспейді. Абайдың сөз міскері, үлкен стилист, классиктігінің бір тамыры, міне, осында деуге болады.
Неге десеңіз, шын мәніндегі көркем шығарма өмірдің құр ғана сыртқы бейнесі емес, суретті сөз арқылы берілген ішкі мазмұны. Ол мазмұнды айқын ашық, жинақы, жанды етіп беру үшін әр сөз дәлдігі, анықтылығы, орынды, мағыналылығы жағынан таңдалынып алынуы керек. Сонда ғана ол шын мәнінде әдеби тіл бола алады. Қай елдің классик жазушыларын алсақ та, осы әдісті қолданады. Қай себептермен болсын мейлі, өз халқының тілінің рухына дәл келмейтін кездейсоқ сөздерге жол бермей, оларға қарсы күрес ашу арқылы, дәлдігі, анықтығы жағынан құнды сөздерді жалпы тіл қорына кіргізу арқылы әдебиет тілін жасайды. Бұл – дүниежүзіндегі классик әдебиетінің бәріне тән қағида. Қазақ жағдайында Абай да осы қағиданы берік ұстаған, шын мәніндегі классик” [17, 151 б.].
Қ. Жұмалиев Абай сөздіктерінің әртүрлі салалары: ана тілі, араб, парсы, орыс тілі деп бөледі. Ол тілдердің байлығын қандай әдіс, тәсілге жүгіндіріп, өлең сөзін жасады дегенде, Қ. Жұмалиев Абайдың сөз қолданыстағы ақындық сырын қапысыз танытады.
Абай өлеңде сөзді тура мағынасында да қолданады. Абай халықтың мақал-мәтелдерін сол қалпында, ішінара өзгертіп те көп пайдаланады. Абай сөздің ауыспалы мағынасын жасауда шексіз шығармашылық алым көрсетті. Абай шет тіл сөздерін ұқсатудың үздік үрдісін қалыптастырды.
Абай тілін зерттеушілер Абай өлеңдеріндегі өзінің тура мағынасында қолданылатын сөздер мен ауыспалы мағыналы сөздерді жан-жақты қарастырды.
Абай өлеңдерінде көп сөзділіктің жоқтығын, аз сөзбен көп мағына беру тәсілін әріде А.Байтұрсынұлы атап айтты. Кейінде Абай поэзиясының бұл сипаты кең қарастырылды. Абайдың ақындық стилін айқындап тұрған өзгешелігі екендігі есебінде жан-жақты зерттеу нысаны болды.
“Ұлы ақын айтайын деген ой пікірлерін, дәл, еркін, айқын айту үшін қазақ халқының негізгі сөз қорын түгел пайдалану үстіне ескі, диалект сөздерді де, шет сөздерді де қолданады. Бірақ оларды өзінен бұрынғы өз тұсындағы кейбір ақындар сияқты сән үшін, өзінің шет тілді білетінін аңғарту үшін қажетсіз, жарамсыз, орынсыз қолданып, сөзді шұбарлап, бұзып жібермейді, зәру қажет болғанда – ой сұранысына орай ғана қолданады, әбден біліп орынды жарасымды етіп келтіреді. Мұны оның орыс тілінен алған текст арасында кірістірген сөздерінен айқын көруге болады” [9, б.].
Қ. Жұмалиев Абайда орыс тілінен алынған елу шақты сөз барын айтқаны белгілі. Сол сөздер Абай өлеңдерінде қалай қолданылғанына назар аударсақ, Абай орыс тілінен виноват, коренной, счет, помочь, ладонь, нуль, прощение, судья, съезд, закон, чин, доктор, пьяница, такт, бутылка, рюмка, станок, химия, лавка, барабан, самородный, уголовный, дознание, образование, назначение, минута, сила, единица, интернат, форма, альбом, монастырь, гулять, визит, каталажка, т.б. сөздер қолданылады.
Көгалды қуып гөйлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алған…
Единица жақсысы
Ерген елі бейне нөл…
Самородный сары алтын
Саудасыз берсең алмайды…
Алыс болса іздеп тап
Кореннойға кіруге…
Бұл өлең жолдарында Абайдың орыс тілінен алған сөздері қазақтың төл сөзіндей естіліп, өлеңнің ішіне еніп, өлеңді жасауға, жаратуға қазақтың өз сөзіндей ықпал етіп тұр.
“Абай” журналының 1918 жылғы екінші санында “Екеу” деген бүркеншік атпен басылым көрген “Абайдың өнері һәм қызметі” атты Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтің мақаласында да Абайдың жазба тілге қатысы, Абай тілі мәселелері де қозғалғандығы белгілі. Осындағы Абайдың орыс тілі арқылы қазақ тіліне тың айшық, жаңа оралым қосуы оның аудармашылық шеберлігінде де жатқан үлкен көркемдік алым екендігі айтылды. “…Абай керемет переводшы болған. Переводқа шеберлігі мынадан білінеді: кейбір орыс өлеңдерін қазақ тіліне аударғандары өзінің тың өлеңдерінен артық деуге болады. Орыстың әдеби болған толғаулары, ырғақты, нақысты бай тілмен жазылған сөздерін қазақтың кедей, дөкір тілімен ұғымды, мағыналы, терең, тілге жеңіл келтіріп перевод етуі мейлінше ұсталығы” [85, б.].
Абайдың кей тұста ақындық кең еркіндікке барып, кей аудармашы орыс тіліндегі нұсқасынан да асырып, түрлеп жіберіп отырғандығы атап айтылады.
Қазақ әдебиетіне Абай кіргізген жаңалық көп дейді М. Әуезов келесі,
“Абай – әдебиеттің басшысы” атты мақаласында. Абай – қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы… Қазақтың тіліне Абайдың сіңірген еңбегінің арқасында бұл тілдің барлық байлығы, оралымдылығы, өрнектілігі табылған… Абайдың барлық өлеңі – қазақтың сол күшті тілінің ішінен туған асыл құрыш…
Сол суретті сұлу тілдерді Абай қалай жасап, қалай жаратты дегенді кең қамтып зерттеген Қажым Жұмалиев Абайдағы тура мағынасындағы сөздер жайлы мынадай байламдарға барады. а) Абайдағы архаизмдер. Абайда архаизм анағұрлым аз. Және Абай өмір сүрген кезеңде олар әлі архаизм емес. Мәселен шидем, шекпен, дәндәку, шақпақ, т.б. б) Диалект. Диалект Абайда өте аз.
в) Шет сөз. Абай сөзінде шағатайшылау, парсышылаудың үстіне татаршалау келіп қосылған. Абай араб-парсыдан шығу тегі солардан болғанымен, қазаққа сіңіп кеткен сөздерді қолданады. Алла, хақ, халық, уақыт, құдай, рахат, т.б. Екіншіден, термин, атау сөздерді қолданды. Абай кезінде шағатайшылау, парсышылаудың үстіне татаршылау келіп қосылды. Абай араб, парсы, шағатай әдебиеттерін де, діни оқуын де көп білген, ислам дінінің қазақ даласында дәуірлеген кезінде өлең-шығармалар жазған ақындар көп деуге болады. Абайдың өлеңдерінде шет сөз мүлде кездеспей, таза қазақша неге болмайды десек, қателескен болар едік. Өйткені, тілдің жалпы даму заңы мұны көтермейді, ол бір.
Екінші: ол дәуірде кейбір шет сөздің кіруі табиғи заңды еді. Міне, осылай қарасақ қана Абайдың шет тілдерді қолдану мәселелерін дұрыс түсінуге болады. Абай өлеңдерінде араб, парсы сөздері үш түрлі деуге болады.
Біріншісі: шығу тегі араб, парсы тіл болса да, қазаққа әбден сіңіп, қолбала болып кеткен сөздер.
Екіншісі: әр алуан термин, атау сөздер болады. Абайдың араб, парсы сөздерін бұл екі түрлі жолмен қолданудың екеуі де заңды. Өйткені, тілдің тазалығы үшін күрес, – шет тілдерден мүлде сөз алмау емес. Керексіз сөзді алмау, өз тілін орынсыз шұбарлауға қарсы күрес. Абай оны дұрыс ұға да түсіне де білді. Сондықтан, ол қазақтың бәріне түсінікті, бұрын шет тілден келсе де, халықтың өз сөзі, ана тіліндей болып кеткен сөздерді сол қалпы қолданды.
Абайдың сөздік қорының бір бұтағы орыс тілі. Абай қанша “батысшыл”, орыстың мәдениетін, әдебиетін қанша қатты сүйген ақын десек те, орыс тілін орынсыз қолданып, өз тілін шұбарлаған жоқ. Абай орысша жеке сөздерді алады да, сол күйі қолданады, не оған қазақтың жалғау, жұрнағын қосып, өзінің әуелгі мағынасының айналасында өлең сөйлемінің бір мүшесі етіп қолданады.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы…
Бұл іске кім виноват
Я Семейдің қаласы.
Қ. Жұмалиев Абайдың кезінде М. Әуезов пен Ж. Аймауытов, Ғ. Сағди айрықша атап айтқан Абайдың өлең тілін жасаудағы бір шеберлік сыры – аудармашылықтағы қолданыс-тәсілдерге айрықша назар аудартады.
Оның айтуында Абайда орыс тілінен енген сөз аз болғанымен, Абайдың орыс әдебиетінен алған үлгісі оның еңбектерінің басқа жағында. Абай өзіне шейінгі ақындардың ешқайсысында болмаған жаңаша сөз, жаңаша сөйлем құрылыстарын көп кіргізген ақын…
Қ. Жұмалиев жаңаша сөз, сөйлем үлгісін жасап, оны әдебиетке енгізу жағын зерттегенде оның терең тамыры орыс әдебиеті, орыс тілінің негізінде жатқандығын көреміз деді.
Бұл жаңа сөз, жаңа сөйлемдер – Абай тілінің елеулі бір бөлігі. Абайдың қазақ әдеби тілін жаңғыртып, жасаудағы, байытудағы зор еңбегінің бірі – осы жаңа сөз, жаңаша сөйлем құрылыстарын енгізу.
Бұл жөнінен Абайдың қазақта ешбір теңдесі жоқ. Оның алдындағы ақындарда, замандастары да бұрынғы қолданылып жүрген сөз, не байырғы сөйлем құрылыстарынан әрі бара алған емес.
Халықтың бай тілінен қолданылмай жүрген сөздерді теріп, әдебиетке кіргізіп, халық тілі ету, кейбір сөздерге жаңаша мән беру, сөздердің сөйлемдегі орындарын ауыстырып, дағдылы қалпынан өзгеше етіп құру, жаңадан сөз енгізу жайлы Абайға шейінгі, Абайдың тұстас ақындарынан да пәлен бар деп айта қою қиын деген түйін – Абайдың әдебиет тарихындағы өзгеше орнын даралап берген ғылыми таным. Әрине, қазірде Абайдың алдындағы әдеби мектеп жайлы таным-пайым кеңейе түсіп отыр. Соның өзінде де Абайдың аласармайтын өз асқары дара күйде қала бермек.
Жалпы, сөз тудыру, жаңа сөз жасау, жаңа оралымға бару кез-келген дарынның пешенесіне бұйырған енші емес екендігі белгілі. Бұл үшін әртүрлі жағдай керек дейді академик Қ. Жұмалиев. Ақынның асқан талантты болуы, өз елінің де, басқа елдердің де мәдениетін, әдебиетін кеңінен шолған оқымысты адам болып және өз кезіндегі тілдің даму процесін бақылап отырарлық қабілетінің болуымен қатар, әлеумет өмірінде де әр түрлі өзгерістер болуы керек. Әлеумет өмірінде болған өзгеріс, жаңалықтар, өзімен бірге жаңа сөз, жаңа сөйлем, жаңаша сөз құруларды ала келетіні сөзсіз. Демек, бұл жағдайлардың бәрі де Абайда болды… Сонымен бірге қолданыста бар сөздердің алдына жаңа теңеу, жаңа эпитет қосып жаңа образ жасау, жаңа көркемдік мән беру тәсілін Абай көп қолданған. Қалыптағы, белгілі сөздердің орнын ауыстырып қолдану арқылы да Абай сөз әсерін күшейтті.
Қ. Жұмалиевтің көрсетуінде мына сөздер, сөз тіркестері Абайға шейінгі әдебиетте де, кейін де болмаған жаңа сөздер. Мәселен “құбылға” сөзінің түбірі – құбылу, “өнімдеп” сөздің түбірі – өнім т.б.
Абай көп сөздің алдына жаңа эпитет, теңеу қосып – тіл байытудағы шексіз мүмкіндіктерді еркін пайдаланады. “Ой тәңір-ай, шыл кер өсек”, “Жел қорығыш желкек шал Желіп жүріп боздайды”, “Толқынын жүрегінің хаттай таныр”: сөз құбылту тәсілінің бар мүмкіндігін ашып, өлең тілін құнарландырып, құлпыртудың шексіз шеберлік үлгісін жасады.
Талаптың мініп тұлпарын,
Тас қияға өрледің…
Жүректегі жалынды көзден жас қып…
Әйел адам гүлмен тең, сүймек…
Құйрықты жұлдыз секілді…
Достарыңызбен бөлісу: |