I. Қарым-қатынас мәдениетін үйрену тобы тәсілі. (Мысалы: үлкен спорттағы адам жасы келгеннен соң азаматтық өмірге оралды) Бұл тренинг 3 кезеңнен тұрады. 1. Ритуалдық іс-әрекеттер:
а) Танысу ритуалы.
б) Топтық ән орындау (Әнұранды таңдап алу).
Оны күнделікті тренинг басталғанда және аяқталғанда орындау барлық қатынасушылардың эмоционалдық жағдайын көтеріп, тез қарым-қатынас жасауға жол ашады және топты нығайтады.
в) Ритуальдық сәлемдесу мен қоштасу. Сәлемдесу барысында бұрынғы күнде болған оқиғалар, ондағы қарым-қатынас барысын еске түсіріп оң-теріс жағы қысқаша талданады. Топтағы қарым-қатынас ережелері еске түсіріледі. Өз ойын айтуға, болған оқиғалар бағалауға үйрету үшін жүргізіледі.
2. Топтық шешім қабылдауға үйрету.
Әр кездесудің басында сол күні жүргізілетін жұмыс жоспары талданып, жоспарланған жұмыстардың барлық түрлерінің жүргізу реті және іс-әрекетің әркайсысына берілетін уақыт анықталады. Тренинг үшін пайдаланылатын ойындардың барлығы рольдік-сюжеттік, сондықтан кім кандай роль атқаратынын топтын өзі шешеді. Ойын аяқталғаннан соң қатынасушылардың әрқайсысының топтық тапсырманы орындауға қосқан үлесі талданады, өз міндетін орындағаны сапалық жағынан бағаланады (топтағылармен).
3. Топтың дербестігін қалыптастыру.
Бұл тәсіл психологтың топтан «шығып», клиенттерге барлық жоспарланған іс-шараларды өз бетімен ұйымдастыруға мүмкіндік беру үшін қолданылады. Ешкімнен кеңес сұрауға болмайды (балалар тобында олар өзі барлық мәселені үлкендерден көмек сұрамай шешуі керек). Барлық шешімдерді өздері қабылдауы керек. Бұл тәсілдің көмегімен клиенттен ашық жарқындығын тәрбиелеуге әсерін тигізеді, қабілеттілікті жетілдіреді.
Қарым-қатынас мәдениетін тәрбиелеу тобы 4-7 күн жұмыс жүргізеді.
ІІ-Эгоцентризмді бұзу тобы (дарашылдық, дүниенің негізі мен, басқаның бәрі менің түсінігім дейтін пәлсапалық көзкарас атынан алынған).
Эгоцентризм адамның мінезін икемсіз, сыйысымсыз ететін, ешкіммен санаспайтындыкка алып келетін мінез көрінісі. Эгоцентризмі жақсы қалыптасқан адамдармен жүргізілетін тренинг «Эгоцентризмді бұзу тобы» деген атпенен қолданылады. Бұл топпен жұмыс жүргізгенде бұрынғы келтірілген топтағы ритуалдық кезең сол бойынша сақталады. Эгоцентризмді бұзу тобының негізгі мақсаты – адамды дарашылдық сенімнен шығарып, басқалармен санасуға үйрету, баскаларды түсіну, аяу, жан ашу сезімін тереңдету. Ол үшін қатынасушылар ең бірінші ретте бір-бірін тыңдауды үйренуі керек. Бұл мәселені шешу үшін топты келесі жағдайлардын өткізу қажет:
а) Кешіккенге, келмегенге болған оқиғаны толық айтқызу (ассистент келмей қалады). Келмеген адамға жанашырлық білдірудің түрі.
б) Өз ойын, сезімін басқаларға айтып түсіндіру.
в) Басқалардың сөзін тындату және өз пікірін айткызу.
г) Басқалардың сезімін сыйлап, түсіну.
д) Әр адамның басынан өткен оқиғаларды талдау.
е) Эмоцианальдык жағдайды шылықтырып үрейленулігіне әсер тигізу.
ж) Эмоциональдың керісінше жауап беруге алып келетін жағдай жасау.
з) Клиенттің күшті жақтарын көрсетіп, оған эмоциональдық қолдау көрсету.
и) Өзін-өзі тұрақты ұстауға шамасы келетініне сенім білдіру, клиенттің оң қасиеттерін бағалау, мадақтау.
к) Мінез-құлқының нормативтік көрсеткіштеріне көңіл аудару.
ІІІ - Өз проблемаларын түсінуге үйрету тобы тәсілі.
Адам өз проблемаларына толық түсініп, оны талдап шығу жолын табуға шамасы келсе ол адам өзін қоршаған ортамен тепе-теңдікте болады және барлық уақытта өзін байсалды ұстауға болатындығына сенімі күшейеді. Бұл топ келесі кезектегі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады.
а) Шағылыстыру тәсілі адамның әлеуметтік ортадағы позициясы қате екенін, барлық құбылыстарға реакциясы ақиқатка сай еместігін көрсету және оның себебін түсіндіріп кабылдату. Бұл тәсілді қолдану нәтижесінде жаңа жолды іздеп, клиент өз болашағын және сол болашақ өмірдегі басқа және оның себебін түсіндіріп қабылдату. Бұл тәсілді қолдану нәтижесінде жаңа жолды іздеп, клиент өз болашағын және сол болашақ өмірдегі басқа адамдармен карым-қатынасының моделін жасауға кіріседі. Сонымен, бұл тәсілдің негізгі мақсаты – адам өз қателерін өз санасынан өткізіп, шағылыстырып шығарып жіберуі (айнадан шағылысқан сәуле тәрізді).
б) Өзінше талқылау (интерпретация) тәсілі. Бұл тәсілдің негізгі мақсаты- ыңғайсыз шытырман жағдайды туғызған себептерді психолог өзі талдап, клиентке түсіндіріп, оның мән мағынасына терең түсінуге жәрдем береді. Нәтижесінде шағымданушы өзінің алдында тұрған проблема түкке тұрмайтын күнделікті тұрмыстық мәселе екеніне, немесе оны өз күшімен реттеуге болатынын толық айқындап алады.
в) Түсіндіру, сенім мен иланушылықты қалыптастыру. Бұл тәсілді қолдану нәтижесінде адамдардың бір-бірін түсінуі және басқаларға жанашырлыпен қарау қалыптасуы қажет. Осы міндетті атқару үшін топтағы адамдардың бір-біріне деген адамгершілікпен, жанашырлықпен қарауы, барлық адамдарды өзіне жақын адамдай, жақын туысқанындай, бауырындай қабылдауы қалыптасуы қажет.
г) «Жанама әсер» тәсілін пайдаланудың негізгі міндеті осы тәсіл арқылы көмек көрсетуді талап етіп отырған адамға басқа адамдардың бірнеше сұрақ беруі арқылы (топтағылар) клиент өз мінез құлқының, мінез көрсетуінің себебін анықтауға жол ашу.
Осы аталған тәсілдер барлық тренинг топтарында кеңінен пайдаланылады. Психолог оларды іріктеп алу үшін топтағылардың өз проблемаларын талдауға және оның ерекшеліктерін түсінуге даяр екеніне толық көзі жеткен уақытта пайдаланады.
ІV-Жағымсыз (ұнамсыз) стереотиптерді бұзу тобы.
Ұнамды мінез құлықты калыптастыру, клиенті басқаларға ыңғайлы болуға үйрету ерекшелігі келесі екі көрініспен сипатталады: а) Жағымсыз мінез-құлыққа әрекеттік тосқауыл қою.
Психолог клиенттің жағымсыз мінез көрсетуіне тосқауыл қойып агрессия (баскыншылдық көрсетіп, басқалардың әрекетіне толық тиым салу) көріністерін басып тастауы. Бұл тәсіл клиенттің ермелігін, желікпелі қызулығын шақырып, барлық теріс мінезін толық аффект жағдайында көрсетуге мүмкіндік беруді талап етеді. Психолог бұл тәсілдің көмегімен клиентке өзінің барлық теріс эмоциясын шығаруға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда клиенттің психикасын жарақаттандырған оқиғаларды анықтап алуға мүмкіндік туады. Тосқауыл қою келесі іс-әрекет арқылы жүргізіледі: қолынан ұстап отырғызып қою, қағып жіберу, отырған жерінде мықтап ұстап орнынан тұрғызбау.
б) Жағымсыз мінезін сөз арқылы қоршауға алып клиентпен одақтасу. Клиентке қарым-қатынасының басқаларға өте ыңғайсыз жағдай туғызып отырғанын айқын көрсетіп, оның басқа позицияға тұруы қажет екенін, шыдамды, байсалды болуы қажет екенін көрсету. Өзін өзі мінез-құлқының сыйысымды, түсінгіштік көрсеткіштері арқылы қорғауы қажет және мүмкін екенін көрсету.
в) Ақиқатқа сай келетін мінез-құлық көрсетуге үйрету. Ойын арқылы балаға жайдары мінез көрсетіп, барлық жағдайларда ұнамды мінез сақтау тәжірибесін қалыптастырады.
Барлық тренинг топттарының іс-ірекеті бірнеше кезеңде немесе фазада жүреді:
I – бағдарлау кезеңі (2-3 кездесу барысында).
II – қайта құру кезеңі (4-7 кездесу барысында).
III – бекіту (жаңа меңгерген тәжірибені пысықтау) 2-3 рет.
I-кезеңде топтағылармен таныстыру тренингісі өткізіледі, танысу барысында олардың бір-бірінен ешқандай қысылмастан еркін қарым-қатынас жасауы ұйымдастырылады (балалар бір-бірімен танысып, кішкентайлар тобы болса олардың іс-әрекеттерін ұйымдастыруға арналған ойыншықтар және басқа қажетті материалдармен танысып, бір-бірімен ойнауын үлкендер ұйымдастыруы керек, ал үлкендерге салондық ойындар, шай-кофе брейк барысында ауа райы, базардағы бағалар т.с.с. ортақ тақырыптан бастап қызу әңгімелесуді ұйымдастыру). Сонымен қатар, бағдарлау кезеңінде мінез-құлық ерекшеліктерін зерттеп, коррекциялауды талап ететін қасиеттерді анықтау;
б) Баланың көңіл күйін көтеріп, өзін емін-еркін сезінетін жағдай туғызу. Әр қатынасушы өзін өзі өте қауіпсіз жағдайда сезінуі керек (кішкентайлар - ешкім мазақтамайтынына сенуі, үлкендер - ешкім сырын басқаларға айтпайтынына сенуі, барлығы - жіберген қателеріне жазаланбайтынына сенуі);
в) Топтың ішкі кайшылықтарын сыртқа шығаруға даярлау. Ол вербалды емес карым-қатынас түрлерін қолданып бір-біріне жақындатады (дене терапиясы, сәлемдесу рәсімі). Трениг барысында қолданылатын ермек ойындары, іскерлік және шығармашылық ойындары әр адамның өз өмірінде орындайтын рольдер репертуарын тиімді орындау жолдарын көрсететді. Бұл кезеңнің соңында топ қалыптасуы аяқталады, сондықтан топтағылардың бір-біріне эмоционалдық қатынасына қарай кішігірім топтар құруға болады.
ІІ-кезең – ренанструкциялық. Топтағылар бір-бірінен қысылмай, өздерін емін еркін сезіне бастайды. Осы кезде психологтың топтағы тактикасы өзгеріп, ол топтық тренингтің негізгі мақсатына негізделген және толық бағынышты болады. Ол баланың (топқа келген ересек адамның) мінез-құлқы сиымсыз екенін анық көрсетуге және клиенттің бұрынғы позициясының жалғандығын дәлелдеуге бағытталған. Сондықтан бұл кезеңдегі карым-қатынас барысында психолог клиентке оның өз мінез-құлқын өзгерту қажеттілігін жақсы түсінетіндей жағдай туғызады.
Бұл жағдайда адамның ішкі кернеуі төмендеп, басқаларды түсінуі, тілектестігі, жанашырлық белгісі анық байқалады. Көптеген сюжетті-рольді ойындар қолданылып қарым-қатынас мәдениетінде орын алған жаңа көріністер пысықталады. Коррекцияны ұйымдастырудың осы кезеңі ең қиын болып есептеледі. Өйткені коррекцияланушы психикасында өте күрделі өзгерістер пайда болады. Бұрынғы стереатиптер бұзылып, ішкі конфликтілер сыртқа шығады. Осы кезеңде клиенттің психологқа деген негативизмі, қарсы шығуы, агрессиясы көрініс беруі мүмкін.
Балалармен жүргізген топта ата-анасымен бірге шешілетін мәселелерді осы эмоционалдық шиеленіс күшейген кезде жүргізген тиімді (шешесімен қызы, әкесімен ұлы т.б. драматизация ойындары арқылы проблема тудырған жағдайларды рольдерін ауыстырып көрсетіп беру арқылы қалыптасқан қарым-қатынас стереотиптер жалған құндылықтарға негізделгенін көрсету арқылы жүреді). Әр қатынасушы өзінің отбасындағы немесе басқа конфликт тудырған ортадағы қарым-қатынас ерекшеліктеріне толық түсінуге жәрдем беретін мәліметтер жиналады. Бұл кезеңнің соңында қатынасушылардың жан дүниесіндегі бір-біріне қайшылас эмоциялар бәсеңдеп, баланың үлкендерге, оқытушыларға, психологқа деген көзқарастары оңтайлану жағына қарай өзгереді. Оларды сыйлау, қол ұшын беретін адамға деген сенім пайда болады. Коррекцияланушының мінез кұлқандағы оң көсеткіштерді тұрақты етуге, оларды пысықтауға психолог өте үлкен көңіл бөледі. Бала өзінің жаңа тәжірибесін өмірге алып шығып, барлық жағдайда сақтауға шамасы келетініне сенуі қажет.
Психологтың коррекциялық жұмысты жүргізу техникасы осы іс-шаралардың әр кезеңінде анықталған мақсаттарына сай жүргенде ғана ол осы функциясын толық атқарады.
1.2. Жеткіншек жас кезеңіндегілерге психологиялық кеңес беру мен психокоррекция жүргізудің қажеттілігі
Психологиялық кеңес беру мен психокоррекция жүргізу қажеттілігі барлық жас кезеңдерінде орын алады. Дегенмен жеткіншек жас кезеңінде мінез ерекшеліктері қалыптасып, оның өмірлік максатқа байланысты бола бастайтыны, өмірге деген көзқарасы және бағыттылығымен байланысты екендігі анықталған. Сондықтан психологиялық қызметтің осы бағыттағы жұмыстарының басым көпшілігі жеткіншек жас кезеңіндегілерге көмек көрсетумен байланысты ұйымдастырылады.
Адамның мінезінің қалыптасуына отбасы, қоршаған ортадағы жетекші салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, өзінің қарым-қатынас жасайтын кіші тобы, сынып оқушылары, жолдастар мен достар, оқыған кітап, көрген кино кейіпкерлері үлкен әсерін тигізеді. Өйткені адам басқаларға қарап, олардың тәжірибесін меңгеріп адам болады. Әсіресе жеткіншек жас кезеңіндегі ағзаның қайта құрылуы мінез ерекшеліктерінің қалыптасуына және мінез-құлық стереотиптерінің қалыптасып сол адамға тән қарым-қатынас ерекшелігі болып қалуына негіз болады.
Жеткіншектің ересектік белгілерді қабылдауда соларға теңелсем дейтін үлгілердің алуан түрлі болуына байланысты. Қалыптасатын өмірлік құндылықтардың мазмұны, жеткіншектің жеке басының қалыптасуының жалпы бағыты көбінесе белгілі бір үлгілерге бағдарлануға байланысты болады. Осы үлгіге негіз болатын ересектердің сыртқы келбетінің өзіне тән белгілері мен мінез-құлық мәнерлері, кейбір өздеріне тән ерекшеліктері болғандықтан балалармен салыстырғандағы артықшылық жағдайлары неғұрлым айқын көрінетін ересектіктің сыртқы белгілері жеткіншектер үшін тартымды болып көрінеді. Олар – темекі тарту, карта ойнау, шарап ішу, сөйлеу мәнері, киім мен шаш қоюдағы ересектерге тән мода сәндік, опа-далап, әсемдік заттар, қылымсу тәсілдері, дем алу, көңіл көтеру, ілтипат білдіру т.б. тәсілдерін басшылыққа алады. Сигарет ұстаған бала өзіне-өзі ересек болып көрінеді, төңірегіндегілерге де солай болып көрінемін деп ойлайды. Жеткіншек үшін ересек еркектің немесе әйелдің мұндай белгілерін қабылдау оның өзінің ересектігін көрсетудің өзінде сондай сенімді орнықтырудың амалы. Барлық ересектерге тән қасиеттерді балалармен еліктеу арқылы қабылданады. Мұның өзі ересектікке жетудің ең оңай тәсілі болып табылады, ал жеткіншек үшін оның өзінің ересектігін айналасындағыларға байқатқызатын маңызды әдісі. Сондықтан оның мұндай формасы өте кең тараған ерекше тұрақты болады және жеткіншектерде көбінесе бірінші кезекте орын алады да, оның жағымсыз екенін балаларға ұғындыру қиынға соғады.
Өзінің келбетін сәнді үлгілерге (модаға) ұқсас етіп шығаруға тырысу түріндегі өзін әдемі етіп көрсету қамын ойлау әсіресе қыз балаларда өте көп уақыт алуы мүмкін. Кейбір жеткіншектер 5 сыныптан бастап-ақ жолдастарының көмегімен сәнді болып жүрген билерді үйрене бастайды. Балалар үшін ұнату көріністері «балалық» түрде болмай, «ересектерге» ұқсас болғаны, кездесулер, дәстүрлі формаларда ілтипат белгілері болғаны, би билеп, шарап ішетін кештер өткізілгені маңызды бола бастайды. Мұндай жағдайларда жеткіншектер әуелде өздерін, көбінесе, ыңғайсыз сезінеді: айтатын сөздері де болмайды, өздерін қалай ұстауды да білмейді, алайда мінез-құлықтың, қарым-қатынастың, көңіл көтерудің белгілі бір формасын сақтаудың өздігінен алғанда бірінші дәрежелі маңызы болады. Тұтастай алғанда балалар көбінесе студенттерге қарап бағдарланады, кинодан, телевизордан, көшеде көргеніне еліктейді. Көпшілікке тараған нәрсе игеріледі («жұрттың бәрі осылай істейді», «бұл сән») және осыған сай үлгілер бағалау мен өзін-өзі бағалаудың өлшемдеріне айналады. Сәнге, биге, кездесулерге, кештерге әуестену дәрежесі әр түрлі болуы мүмкін. Мұның әсіресе 7-8 сыныптарда жеткіншектердің белгілі бір тобтары өмірінің маңызды мәніне айналуы әжептеуір жиі кездеседі. Алайда өзінің сырт келбетіне және басқа жынысқа зейін қоюы басқаша, ересектерге еліктемей де шығуы мүмкін.
Жеткіншектерде жоғары сыныптағылар немесе басқа балалар нақты үлгілер болатыны жиі кездеседі. Әдетте жеткіншектерді ересектер өмірінің азды-көпті тыйым салынған жақтарына баулитындар, оларға өздерінше «мұғалім», «үйретуші» болатындар нақ солар болады. Юристердің айтуы бойынша, жеткіншектердің қарым-қатынастарының негізі бос уақытты өткізу мәдениетінің төмендігі деген пікір, «көңілді, жеңіл» өмір стиліне еліктеу өте қауіпті болып шығады. Бұл орайда оқу жеткіншектің өмірінде әдетте маңызды орын алмайды, танымдық ынта жоғалады, сөйтіп өзіне сәйкес өмірлік құндылықтарымен қоса уақытты көңілді өткізу деген өзіне тән ерекше ниет бекиді. Уақытты бұлай өткізуге ақшаның қажет болуы право тәртібін бұзушылықтардың себебіне айналуы мүмкін. Қазіргі бар мәліметтерге қарағанда, жасы жетпей право тәртібін бұзушылардың көбінің бос уақытын өткізу мәдениеті төмен болады. Ересектіктің дамуындағы мұндай бағыт - өте-мөте жағымсыз бағыт.
Алайда ненің де болса өз бастауы бар, жағымсыз жайлардың да алғашқы түйіншектері жеткіншектік жақтың басында пайда болуы мүмкін. Ең кіші жеткіншектердің класын сырт пішінінің ересектігі айқын аңғарылатын балалардыц дүрліктіріп жүретіні жиі болады. Олардың ішінде есейіп кеткендер де көп болады. Мұндай балаларды кластастары қалғандарымен салыстырғанда ересектер деп түсінеді, нақ осы себептен де оларға барынша ықыластанады. Біреулері оларды жазғырса, енді біреулері оларға теңесуге әрекеттенеді, олармен әбден жақындасуға тырысады. Мұның өзі тәрбиешілер үшін тікелей дабыл болуы керек: ересектіктің мұндай жағымсыз көріністерін дереу әйгілеп, жеткіншектерде ересектіктің құндылық мазмұны туралы, шынайы сыйластық пен беделдің негіздері туралы дұрыс ұғым қалыптастыру қажет.
«Нағыз еркектің» қасиеттеріне теңесу жеткіншектердің дамуындағы енді бір бағыт. Жеткіншектер ер балалардың мұратқа сай келетін ер адамның - «нағыз еркектің» қасиеттерінің белгілі бір мазмұнына белсенді түрде бағдар алуымен байланысты. Мұның өзі, бір жағынан — күш, ерік, батылдық, ерлік, төзімділік; екінші жағынан — достыққа берілуі, достарына және жолдастарына адалдық көрсетуі. Жеткіншектердің М.Ридтің, Ф.Купердің, А.Дюманың, Ж.Верннің романдарына, Ұлы Отан соғысының каһармандары туралы шығармаларға, ақыр соңында ғажайып оқиғалы әдебиетке, қаһармандық және детективтік мазмұндағы кинофильмдерге жеткіншектердің ондаған жылдар бойы ықылас қоюының бәсеңдеуі әлдеқалай емес. Мұның себебі көбінесе мынада: мұндай шығармалардың қаһармандары «нағыз ердің» қасиеттерінің бүкіл жиынтығы немесе олардың мәнді бір бөлігі деп қабылдау, ата-бабалардың ерлігін көрсету. Мұндай қаһармандар қазіргі жастарды сүйсіндіріп таңдандырмайды, сондықтан олар еліктеудің және өзін-өзі тәрбиелеудің үлгілеріне айналмайды. Жеткіншектер әкесінің, ағасының, жақын танысының осындай қасиеттерін мақтан етеді, оларға ұқсауға тырысады, олардың қасиеттері туралы сүйсіне әңгімелейді, ал тарихи және әдеби кейіпкерлердің тәрбиелік мәні өте төмен болып кетті.
Балалардың арасында күштілігімен, батылдығымен, ептілігімен, спорттық іскерліктерімен көзге түсетін құрдасы да жеткіншекке үлгі болуы мүмкін. Мұндай балалар өте-мөте белгілі болады, ал мұның үстіне олар жақсы жолдас болса, олардың беделі өте жоғары болуы мүмкін. Қорқақтықтың көріністері үзілді-кесілді айыпталады. Өзінің батылдығын көрсету үшін жеткіншек шектен асқан істерге, ал кейде қоғамдық жағымсыз істерге де тәуекелге баруы мүмкін. Дене күші жоғары бағаланады. Кейде сыныпта немесе бір топ баланың ішінде барлық балалар кімнің күші кімнен асып түсетінін біледі, соны көрсету үшін сайыстарға да түседі. Жеткіншектер өздерінің дене күшінің өсуіне өте сергек қарайды. Олар күресіп, күш сынасқанды жақсы көреді. Күрестің алуан түрлері жұрттың алдында өтеді. Кейбір балалардың төбелесқойлығы көбіне біреуден өзінің күші басым екенін дәлелдеуге тырысумен байланысты. Жолдастары сыйлайтын болуы үшін жеткіншек өзі айтатын ерлік қасиеттерінің әр түрлі көріністеріне өзінің қатынасу шамасын едәуір асыра көрсетуі мүмкін.
Бұл тұрғыдан жоғары баға, алу жеткіншек үшін өте маңызды. Ол былай тұрсын, жолдастары өзін «әлсіз», «жасқаншақ», «қыз құрлы жоқ» деп ойламасын деп жеткіншек өзі дұрыс емес, әділетсіздік, қаталдық деп санайтын қылық жасауы немесе сондай коллективтік істерге қатынасуы мүмкін. Ол өзін де, жолдастарын да іштей айыптауы мүмкін, бірақ ашық наразылық айтуға көбіне батылы бармайды. Өздерінің қылмысты мақсаттарын жүзеге асыру үшін құқық тәртібін бұзушылар (жасы жетпегендері де, ересектері де) жеткіншек ер балалардың нақ осы «ер болып көрінсем» деген ниетін пайдаланады.
Ер балалардың бірсыпырасы 6 сыныптан бастап әр түрлі жаттығулар арқылы өздерінің күші мен ерік-жігерін дамыта бастайды. Өзін-өзі тәрбиелеу құралы спортпен шұғылдану болады. Жетінші, сегізінші кластағылар ер мінезді адамдардың спорты деп боксқа ерекше қызығады. Бірінші кезеңде жеткіншектердің өз қылықтарын билеуге ұмтылуы кейбір жағдайларда қорқынышын жеңуге, сондай-ақ бір нәрсені істегісі келмеуін жеңуге тырысуға ұласады. Біріншісі, әдетте, өзінің күшін, еркін, батылдығын әр түрлі амалдармен сынауға, бұл қасиеттерін дамыту үшін әр түрлі жаттығуларға ұласады (кейде олар денсаулығы мен өміріне қауіпті де болуы мүмкін), екіншісі – режим белгілеуден көрінеді. Әуелде болмай қалмайтын сәтсіздіктер жеткіншектің көңілін суытып, өзінің кемшіліктерін жою мүмкіндіктеріне сенімсіздік туғызуы мүмкін. Бұл уақытта жеткіншекке ересектің көмегі өте қажет; ол жеткіншекке нақты міндеттерді бөлуге, оларды орындаудың дұрыс амалдарын, кезеңдік іс-әрекеттерді тұрақты іс-әрекетке айналдыратын әдістерді табуға көмектесуі керек. 7-8 сыныптарда кейбір жеткіншектер өзін-өзі тәрбиелеудің осы неғұрлым жоғары сатысына өздігінен етеді. Сөйтіп, ол әр түрлі сипаттағы міндеттері күрделілене түскен күнделікті ұйымдастырылған іс-әрекетке айналады.
Жеткіншектік шақта ер балалардың көпшілігінде ерлік қасиеттері ересек адамды, жолдасын, өзін бағалаудың мәнді критерийі болады, жеке басының құнды қасиеттерінің өзіне тән ерекше категориясына айналады; осылар арқылы әдетте спортпен байланысты ынта мен ұнамды іс-әрекеттердің тұрақты тобы анықталады. Әр алуан жеткіншектерде басқалардың арасындағы бұл құндылықтардың алатын орны әр түрлі әрі көбіне өте маңызды болуы мүмкін. Алайда жеткіншектің (немесе жеткіншектер тобының) адамгершілік тәрбиесі жеткіліксіз болса, әлеуметтік-моральдық бағыттылығына қарамай күшке, ерік-жігерге, батылдыққа табыну келіп шығуы мүмкін. Жеткіншек ер балаларды тәрбиелеудің аса маңызды міндеті - оларда ерлік қасиеттер, бұл қасиеттердің адамгершілік мазмұны туралы дұрыс түсінік қалыптастыру.
Көптеген жеткіншек қыз балалардың атам заманнан ерлер қасиеттері деп саналатын жігерлілік, батылдық, қажырлылық, ұстамдылық т.б. қасиеттерге жеткісі келетінін атап айту керек. Ер балалар сияқты олар да өздерінде осындай қасиеттерді тәрбиелейді. Әйелге тән қасиеттер қазіргі жеткіншек қыздар мен бойжеткендер үшін әрқашан тартымды деуге болмайды. Мұның өзі әйелдің қоғам өмірі мен семьядағы жағдайының өзгеруіне байланысты. Қоғамдық мұратты бейнелердегі өзгеріс осыдан келіп шығады, ал бұлар өз кезегінде қыз балаларда ұнамды қасиеттер туралы түсініктің қалыптасуына ықпал жасайды. Қыз баланың мұрат тұтқан бейнесінің мазмұны оның алған тәрбиесі мен ортасының нақты ерекшеліктеріне де едәуір байланысты болады.
Ересектермен қатар және теңдей еңбекке қатынасу, оларға үлкендер тарапынан көп сенім білдірілген жағдайда жеткіншекте жауапкершілік, дербестік, оңтайлылық сезімін, әр түрлі істер мен міндеттерді орындауда, басқалар туралы ойлап, қамқорлық жасау, сезімталдық пен ілтипаттылық қасиеттерін қалыптастырады. Бұл қасиеттердің қалыптасуына қолайлы жағдайлар жеткіншектерді ересек адамның көмекшісі әрі тірегі позициясында болғанда жасалады. Жақын адамдардың игілігі, олардың қамын ойлау жеткіншек үшін ерекше маңызды болып, өмірлік қазына сипатын алады. Мұның өзі адамгершілік сенімдердің, жеке мінез-құлықтың, болашаққа жоспар құрудың ерте бастан қалыптасуына қолайлы жағдай жасайды.
Болашаққа арналған жоспарлар туралы ойлағанда жақындарының қамын ойлау көп орын алады. Көптеген жеткіншек ер балалардың ересектердің әр түрлі іскерліктерін - ағаш және темір ұсталығын меңгеруге, станокта жұмыс істеуге, автомашина, мотоцикл, трактор жүргізуге, фотосурет түсіруге, мылтық атып, аң аулауға, компаспен бағдарлануға т.б. іс-әрекеттерді үлкендердей орындауға ұмтылатынын атап айту керек. Қыз балалар да олардан қалыспай, тек әйелдер іскерліктерін ғана меңгерумен шектелмейді.
Жеткіншектік шақтың басы осындай іскерліктерді үйретуге ең қолайлы уақыт. Бұл үшін жеткіншекті қолғанат ретінде ересектердің тиісті кәсіптерінде пайдаланылуы қажет. Жеткіншектердің өздері де осыған ұмтылады және сабақ пен үйретудің мазмұны неғұрлым байыпты болса, жеткіншектер жұмысқа соғұрлым ынталана кіріседі. Ересектердің өзіне сенім көрсеткенін жеткіншек ұнатады, оны ақтауға тырысады. Пәндер мен еңбек сабақтарындағы жұмыс балалар үшін жаңалық неғұрлым көп болса, ілгерілеушілік болса, олар өз еңбегінің нәтижесін, оның қоғамға пайдалылығын айқын көрсе, солғұрлым ол жұмыс жеткіншектерге тартымды болады.
Балалар үшін ересектердің өздері маңызды әрі қызықты деп санайтын істер мен іс-әрекеттерге қатынасу неғұрлым тартымды. Кішкентай жеткіншектер ересектің көмекшісі роліне әбден риза, ал неғұрлым естияр болған сайын ол уақытша болса да, жұмыстың қай учаскесінде болса да ересектің орнын толық ауыстырып, әйтеуір мүлдем дербес іс-әрекет жасауға ерекше қуанышты болады. Бұл жеткіншекті жаңа жетістіктерге ұмтылдырады. Ересектермен іскерлік ынтымақ ересектіктің көрінуінің игілікті формасы үшін жағдай жасайды. Мұндай ынтымақ әрбір жеткіншектің өмірінің маңызды әрі ұнамды мазмұны бола алады және болуға тиіс те. Жеткіншек өзіне ересектердің сенім білдіргенін сезініп, өз еңбегінің пайдалылығын көрсе, іскерлік көрсетіп, ынтымақ болады. Тәрбиешілер жеткіншектің үлкендерге көмекшісі позициясын белсене қалыптастырып, оны барынша қолдап, нығайтып отыруы керек. Мұндай позицияның болуы жеткіншекте шын мәніндегі әлеуметтік-моральдық ересектіктің және жеке адамның көптеген құнды адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы үшін өте маңызды.
Танымдық – іс-әрекетте ересектіктің дамуы ерекше орын алады. Ересектіктің дамуындағы маңызды бағыт мазмұнды мүдделердің дамуымен және болашаққа жоспарлар жасаумен байланысты. Ол жеткіншектің бір нәрсені шын мәнінде танып-білуге ұмтылуынан барып өседі. Мұның өзі мазмұны мектеп программасының шеңберінен асып түсетін танымдық іс-әрекеттің дамуына себепші болады. Мұндай іс-әрекеттің ғылымға, техникаға, өнерге, білімнің бір не бірнеше саласына катысты болуы мүмкін және кәсіптік ниеттермен әрдайым байланысы бола бермейді. Әуестену құштарлық сипатта болып, ондайда бірқатар уақыт (бос уақыт қана емес, сабақ даярлауға қажетті уақыттың да) сол өзіне ұнамды іспен шұғылдануға кетеді. Қайсыбір іске ынталы жеткіншек өте белсенді болады: қажетті кітаптарды, материалдарды, аспаптарды іздестіріп, әр түрлі тәсілдермен игереді. Жеткіншектер үнемі кітапханаға, көрмелер мен музейлерге барып, экспозицияның белгілі бір бөлігін егжей-тегжейлі зерттей бастайды. Мүдделердің үйлесуі негізінде жолдастарымен қарым-қатынас орнайды. Балалар әр түрлі мәселелерді талқылайды, кітаптармен, материалдармен алмасады, әр түрлі қиыншылықтарда ақыл-кеңеспен және іспен жәрдемдеседі. Ықыластанған білімді табу немесе сәтсіздіктің себебін анықтау үшін жеткіншек кітаптар мен анықтамаларды қарайды. Мұның өзі ынта-ықылас пен нәтижелі іс-әрекеттің дамуындағы өте маңызды қадам: жаңа білімдерді қажетсіну дербес, яғни өздігінен білім алу арқылы қанағаттандырылады. Жеткіншектің дербес іс-әрекетінде кейде шығармашылық элементтері болады, оны жаңа нәрсе жасау процесі және жалпы алғанда танымдық процестің өзі әуестендіреді. Бұл орайда интеллектілік даму жеделдеп, білім терең сипатта әрі көлемді болады.
Танымдық мүдделердің басым бағыттылығы нақ осы жеткіншектік шақта қалыптасады. Әрбір сыныпта білімнің әр түрлі салаларынан өз мамандары болады, сыныптастары одан ақыл-кеңес алады, бір ғылыми мәселе бойынша дау туа қалса, соның төрелігіне жүгінеді. Мұндай жеткіншектердің едәуір көп білім алуы — дербес жұмыс істеуінің нәтижесі. Олар білімге және таным процесіне өздері үшін маңызды әрі қажетті деп қарайды. Бесінші сыныптағылардың кейбіреулерінде өздігінен білім алу элементтері анық көрініс берген болады. Әдетте бұлар ұлының не қызының танымдық мүдделерін дамытуға және мазмұнды іс-әрекетіне көп көңіл бөлетін ата-аналардын, балалары болады.
Осы және бұл жерде айтылмаған көптеген ерекшеліктерге байланысты жеткіншектік кезең аса айқын, қиын, және өзгерісі көп қауіпті кезең. Бұл кезеңнің қиындығы баланың денсаулығына бұрын қалыптасып қалауымен байланысты. Егер жеткіншектің денсаулығына қатынас бірыңғай, барабар болмаса, ол өтпелі кезеңде жағдай асқынып кетеді. Ағзаның маңызды жүйелерінің қайта құрылуы жеткіншектің өзіне де елеусіз өтпейді, әр жеткіншек жаңа және ылғи сүйкімді бола бермейтін өзгерістерге дайын емес. Көбінесе бұл бас айналу, әлсіреу жүрек ауруы арқылы білінеді т.б. Жеткіншек балалардың көңіл-күйі жиі құбылып тұрады, эмоциялық әлемі жиі өзгереді. Балалардың белгілі бір тобы тез шаршағыш, ашуланшақ, көңілсіз болады. Жеткіншектердің психикасы аса тұрақсыз болады, бірақ жас ерекшелігінің заңдылығы сондай, онда кісіаралық қатынастар сонша жаңа қиындықтарды қосады. Әсіресе, жеткіншектік кезеңдегі мектеп неврозы себепсіз агрессиялықтан, мектепке баруға қорқудан, сабаққа қатынасудан, тақтаға шығып жауап беруге бас тартудан көрінеді яғни дезадаптивті мінез-құлықтан көрінеді. Мектеп мазасыздығы да осы жас кезеңінде жиі байқалады, мұның себептері көп жеке басының отбасында дұрыс тәрбиеленуінен т.б. себептермен байланысты.
Дезадаптациялық процестер, акцентуация көрінісі баланың жеке басының неврозды жүйкесі мен психикасының бұзылуынан деп сипаттауға болады, оның себебі, мұғалім мен оқушы қатынасындағы қарым-қатынастың бүзылуына алып келеді. Бұл педагогтың өзін дұрыс ұстамауынан немесе оқушыға байқамай ауыр сөз айтуынан т.б. сондай себептерден болуы мүмкін. Әдетте мұғалімдердің байқаусыз айтқан, не әдепсіз айтылған сөзден оқушылардың жүйкесінің бұзылуына себепші болатынын сезбейді. Мұндай көңіл-күйінің бұзылуына бұрын ауыр сөзді естіген балалар тап болады. Олардың отбасындағы негативтік тәжірибесі баланың дезадаптациялық қылықтарына негіз болады.
Акцентуация, агрессия, дидоктогенді невроздар баланың тұлғалық қалыптасуына теріс әсерін тигізеді. Оқушының мотивтік сферасының бұзылуына алып келеді. Білуге тырысушылық мотиві оқу ісінде басты болудан қалады. Құндылықтарды бағалау, өзін-өзі бағалауы өзгереді. Оқушыны қатты шаршату, көп тапсырма беруде невротикалық бұзылуы мүмкін. Невроз – тұлғалық дамудың ауруы. Бір патогендік жағдай невротикалық бұзылуға алып келмейді. Мектеп неврозының көріну шеңбері тым кең. Бірақ олардың невротикалық жағдайға апаратын себептерінің бастылары, мазасыздану, әуреге түсу және баланың жанының жарақаттануы. Бақылау нәтижелері көрсеткендей, егер оқушыларға невротикалық реакцияларының алғашқы белгілері кезінде назар аударса, адаптациялық бөгеттерді тұрақты етуге ол кісінің психогендік дамуын тоқтатуға болады. Осы проблемаларды шешуге психологиялық көмек көрсету, психопрофилактика, психокоррекция жасау және басқа көмектесетін шаралар қажет. Оның ішінде баланың дамуына ерте диагностика жүргізу, оның мүмкіндіктерін ескерту және ата-аналармен, мұғалімдермен психологиялық қызмет шеңберінде жұмыс істеу қажет.
Жеткіншек жас кезеңінде балалар санасында үлкендік сезімнің нығайуымен байланысты жаңа праволарға ие болмақшылық тілегі ересектермен қарым-қатынастың барлық салаларын қамтиды. Жеткіншектер бұрын ынталана орындап жүрген талаптар қойылғанда оған қарсық мінез көрсете бастайды: өзінің дербестігін тежегенге және жалпы алғанда «кішкентай бала секілді» қамқорлық жасап, бағып-қаққанға, жүріп-тұрғанын бақылағанға, баладан үлкендердің тілін алуды және ешқандай сынамай орындауды талап етіп, орындалмаған нәрселерге жазалағанға, кіммен жолдас-жора болуын таңдауына, оның барлық мүдделерімен, көзқарасымен, пікірімен санаспағанға, ретсіз кеңес бергенге т.с.с. қамқорлықтар түріне ол ренжіп, қарсылық көрсетеді. Жеткіншекте өзінің қадір-қасиетін анық сезіну арқасында ол өзін кемсітуге, дербестікке деген правосынан айыруға болмайтын адаммын деп ұғынады. Ересектермен қарым-қатынастың балалық кезде болған типтері (баланың ересектермен қатынасындағы тең правосыздық жағдайын бейнелейтін) жеткіншек үшін енді қолайсыз, оның өзінің ересектік дәрежесі туралы түсінігіне сәйкес келмейтін болады. Осы жағдай ересектердің жеткіншекке қатынасты праволарын шектейді де, өз праволарын ұлғайтады, өзінің жеке басы мен адамдық қадір-қасиетін құрметтейді, сенім білдіріп, дербестік берілуін, яғни ересектермен айқын тең праволылықты талап етіп, оларға мұны мойындаттыруға тырысады.
Жеткіншектің қарсылығы мен бағынбауының әр түрлі формалары кездеседі - көбінесе олар ересектермен қарым-қатынастардың бұрынғы типін жаңа деңгейде, ересектердің қарым-қатынастарына тән типіне өзгерту амалдарын пайдаланады. Жеткіншектің ересек сезімі өзінің төңірегіндегілердің оны үлкен деп мойындауын қажетсінуінің пайда болуына байланысты ересек пен жеткіншектің бір-бірімен қарым-қатынастарындағы праволарының мүлдем жаңа проблемасын туғызады. Жеткіншектік кезеңнің маңыздылығы мен ерекше орын айқындайтын жай сол, нақ осы уақытта ересек адам мен баланың қарым-қатынасының балалық шаққа тән типінен ересек адамдардың қарым-қатынасына тән, саналық тұрғыдан жаңа типіне өту жүзеге асады. Бұл өту жеткіншек пен ересектің әлеуметтік өзара іс-әрекетінің жаңа тәсілдерін қалыптасу процесі ретінде болады. Ескі тәсілдерді жаңалары біртіндеп ығыстырады, бірақ олар қатарласып та жүреді. Мұның өзі ересектерге де, жеткіншекке де көп қиындық келтіреді. Ересектермен қарым-қатынастың жаңа нормалары — жеткіншектің қалыптасып келе жатқан этикалық дүниетанымының маңызды мазмұны болып орын алады.
Егер ересектің өзі инициатива білдірсе, немесе жеткіншектің талаптарын ескеріп, оған деген қарым-қатынасын қайта құрса, қарым-қатынастардың жаңа типіне өтудің сәтті формасы орын алуы мүмкін. Мұның шарты – ересек адамның жеткіншекке әлі бала деп қарамауы болмақ. Алайда бірқатар мәнді жағдайлар бұрынғы қарым-қатынастардың сақталуына қолайлы болады, атап айтқанда, бұл жағдайлар мыналар:
1) жеткіншектің жасы өсіп, жыныстық жетілуіне қарамастан оның қоғамдағы жағдайының өзгермеуі, ол мектеп оқушысы, әлі де сол қалпында қала бермек;
2) жеткіншектің материалдық жағынан ата-анасына немесе олардың орнындағыларға толық тәуелділігі, ата-анасының мұғалімдермен қатар қатал тәрбиешілер ролін атқаруы;
3) үлкендердің баланы багыттап және тексеріп отыру, бақылау әдетінен шықпағандығы (қажеттігін ұғынған күнде де, бұл дағдыны бұзу қиын);
4) жеткіншектің бет-әлпеті мен мінез-құлқында балалық белгілердің сақталып, оның өздігінен іс-әрекет жасай алмайтындығы.
Осының бәрі жеткіншектердің неше түрлі мінез көрсетуіне, тіл алуына кедергі жасайды. Өйткені жеткіншектер өздерінің праволары мен дербестігін ұлғайту қажеттігін іске асыру жолдарын іздеп, оны өздерінше ақтайды. Алайда ересек адамның мұндай көзқарасы жеткіншектің талаптарына қарсы келіп қана қоймайды, балалықтан ересектікке өтетін осы шақта балаларды тәрбиелеу міндетіне де қарсы келеді. Жеткіншектің әлеуметтік есеюін дамыту, болашақ дербес өмірге даярлау – қоғамдық тұрғыдан өте қажетті проблема. Мұның өзі күрделі процесс, ол уақытты талап етеді және жеткіншек ересектерге арналған нормалар мен талаптар жүйесінде өмір сүре бастаса ғана оны жүзеге асыру мүмкін болады. Тек осындай жағдайда ғана жеткіншек ересектерше іс-әрекет етуге, ойлауға, алуан түрлі міндеттерді орындауға, адамдармен қарым-қатынас жасауға үйрене алады. Нақ осы себептен де жеткіншекті тәрбиелеу міндеті ересектермен қарым-қатынастардың бұрынғы типін жаңамен ауыстыруды талап етеді.
Бұл талаптар орындалмауымен байланысты жеткіншектерде мінез акцентуациясының көптеген түрлері орын алады. Мінездің акцентуациясы дегеніміз мінездің жеке көріністерінің күшейтіп, норманың шегіне шығу нәтижесі. Адамға мінездеме бергенде оның не істегенін ғана айтып қоймай жұмысының сапасын, басқа адамдармен қарым-қатынасын ерекше көрсетеді. (қалай орындағаны үлкен роль атқарады). Біреулер жалқау, ұяң, бірақ сиысымды, көпшілікті сыйлайды, ізеттілік көрсетеді. Ал біреулер іскер, қатал, тілектестік білдіреді, бірақ жұмысты сапалы орындауды талап етеді. Үшіншілер аз нәрсені шала істеп оны жұртқа түгел мәліметтеп шығады, басқалардың табысын көре алмайды, ашушаң, ызақор, сыйымсыз болады.
Қорытынды. Жеткіншек кезеңінің осы ерекшеліктеріне байланысты психологиялық кеңес беру және психокоррекция ұйымдастырылады. Олар келесі мақсаттарын толық орындаудың маңызы өте үлкен: I-кезеңде психолог зерттелінушілердің проблемасын толық диагностикалауы және коррекциялық топтарды құруы; II-кезеңде әр клиентке жаңа тәжірибені үйретіп, оның дербестігін, шығармашылық қасиеттерін көрсетуге мүмкіндік береді; III-кезеңде клиенттің коррекция барысында меңгерген жаңа тәжірибесін өз бетімен көрсетуге, өз күшіне сенуін, өзін-өзі сыйлауын пысықтауға жәрдем береді.
Достарыңызбен бөлісу: |