1.2 Танымдық процестердің психологиялық мәні
Танымдық үдерістің бұл ерекше формалары тіл мен ойлау, сөйлеу секілді адамдық табиғаттың ең жоғарғы көрсеткіштерін құрауымен қоса, күнделікті өмірде туатын қажеттіліктерді де өтеуге бағытталады. Адамның танымдық әрекеті саналы, ғылыми дәйектелген шарттар қатарында өздігінен жүзеге асатын, адам болмысы итермелейтін рефлексті амалдардан да топталады.
В.И.Писаренконың «Когнитивтік лингвистика мен «когнитивтік» терминінің семантикасы туралы» атты мақаласындағы «Когнитивтік лингвистиканың пайда болуына әсер еткен когнитивтік ғылымның өзі де уақыт өте келе, әр түрлі мектептер мен ғылыми бағыттарға жіктелу негізінде дамып отыр, мысалы: когнитивтік психология, нейроғылым, антропология және т.б., сондықтан бір ғылым саласына қатыстылығынан туындаған когнитивтік терминнің ұғымдық ерекшеліктерін әр түрлі дәрежеде түсіндіруге болады» [21] деген пікірге назар аударсақ, таным категориясының негізгі белгілері когнитивтік ғылымның мақсатына сай толықтырылып дамып отырады да, оның жалпы ұғымдық сипаттамасы жекеленген танымдық ғылыми бағыттардан, олардың бірліктері мен заңдылықтарынан сұрыпталады. Жаңа пәлсапалық энциклопедияда когнитивтік ғылымға «теоретика-информациялық модельдерді қолдану негізінде сана мен жоғары ойлау процестерін зерттейтін жүйе» деп анықтама берілген [22; 264-б.]. Когнитивтік терминдердің қысқаша сөздігінде ол адамның ақыл-ойымен шұғылданатын әрі оның ментальды жағдайымен тығыз байланыста қарастырылатын, негізгі нысана ретінде когниция мен оның құрылым-үрдістерін қамтитын, ең бастысы, хабар мен оны өңдеу амалдарын зерделейтін ғылым саласы ретінде танылып отыр. Осыған орай, танымдық ғылымның негізі «әрі білім, әрі таным, әрі хабар, әрі адамзат ақыл-ойы мен санасы, әрі оларға сәйкес анықталатын және барлығының биологиялық негізін құрайтын адамзат миы» [23; 58-б.] тұрғысынан айқындалып, күрделі танымдық процестердің тоғысын құрайтын ғылыми жүйе ретінде зерттеліп келеді. Қазіргі ғылымның негізгі екі ерекшелігін өзектей отырып, ғалымдар антропологиялық және пәнаралық даму нәтижесінде жалпы танымдық ғылымға тән негізгі белгілер қатарында төмендегідей мәселелерге көңіл бөлуде:
ғылымның пәнаралық негізде қалыптасуы;
таным көзі ретінде білім мен ілім негіздерінің дамытылуы;
когнитивтік құрылымдардың өзектелуі;
білімді қалыптастыратын мәдени және әлеуметтік факторлардың
екінші кезекке қойылуы;
таным негіздерін тіл арқылы, оның құрылымдық әрі мағыналық
ерекшеліктерін салыстыра бақылау арқылы дәйектеу;
компьютерлі метафора ұстанымдарын қолдану,
яғни бастапқы кезде адамның миын компьютерге ұқсас құбылыс деп түсіндіру («hardware» компьютерлік метафора аппараты негізінде) үстем болса; кейін адам санасында компьютерлік бағдарламаларға ұқсас құрылымдар орналасқан, оған жады қызметі дәлел болады деген тұжырымдардың айтылуы да орын алған.
Таным адам әрекетінің, тұрмыс-тіршілігінің әр алуан кезеңдерімен айқындалып пайымдалатындықтан, оның табиғатын түсіну әр түрлі ғылыми деректерді сабақтастыруға, олардың антропологиялық өзгешеліктерін сипаттауға негізделеді. Адам белгілі бір психо-физиологиялық ерекшеліктер жиынтығы бола тұра, жаратылыс табиғатынан ойлы, пәлсапалы мүмкіндіктер орталығы, сан қилы маңызды әрекеттер тоғысы деп танылады . Адам өздігінен емес, қоғамдық бірлікте және қалыптасқан әлеуметтік-мәдени шарттарға сүйене дамып келе жатқандықтан, оның танымдық әрекетін пәлсапалық негізге, психологиялық сұрыптауға, әлеуметтік дамуға, ұлттық-мәдени өркендеуге сүйене қарастыру керектігі даусыз. Адамзат ақыл-ойының күрделі табиғатына негізделген аталмыш ғылымның бастауы жайлы әр түрлі пікір-тұжырымдардың орын алуы да содан болар. Ғалымдардың бір тобы ғылым бастауын когнитивтік психология мен лингвистика құрады десе, келесілері олардың санатына бірде пәлсапаны, бірде тіл білімін не болмаса антропология мен нейроғылымдарды жатқызғанды дұрыс деп есептеді [24; 216-б.]. Демек, «Когнитивистер пәнаралық байланыстан жырақ кете алмайды, бұл заңдылық оның тарихи тамырында жатыр. Тек психологияның, лингвистиканың, антропология мен философияның, компьютерологияның көмегімен ғана ақыл-ой табиғатын, тәжірибе пайымын, концептуалды жүйе негіздерін анықтауға болады...» [25; 23-б.],- деп аталып көрсетілгендей, қазіргі ғылыми бағыттардың ішінде когнитивтік философияның, когнитивтік психологияның, когнитивтік әлеуметтанудың, когнитивтік мәдениеттану сияқты салалардың қалыптасып дәйектелуі де соның үйлесімді жалғасын құрап келеді.
«Адамзаттың ақыл-санасы, ойлау жүйесінің заңдылықтары, білімнің қайнар көздері мен оны меңгерілу жолдары, сол сияқты ми, психика, ментальды жағдайлар мен актілер – барлығы ерте кезден пәлсапа мен логика, психология мен биология шеңберінде зерттеліп келгендіктен» [26; 61-б.], танымдық ғылымның жетістіктерін бір ғана бағытта сұрыпталатын тұжырымдар емес, олардың тоғысқан табиғаты, шебер ұштасқан жүйесі құрайды. «Таным» құбылысының ұғымдық аясы түрлі ғылыми түсініктемелердің бірлігінен жинақталып, маңызды мақсат-міндеттердің шешілуіне мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінгі күні ғылым пәлсапасының аясы кеңейген сайын пәнаралық сабөлшемдері дәстүрлі пәлсапалық талдаулардың әдістемелік негіздерін жаңа бағытта ақтастықтың ұстанымдарын жан-жақты дамыту күннен күнге өзектеліп отырғандықтан [27; 3-б.], танымның пәлсапалық негіздерін айқындау да когнитивтік ғылымның аса құнды дереккөздерінің бірін дәлелдеуге мүмкіндік берді. «Таным – дүниені, өмірді танып-білу қабілеттілігі» деп [28; 135-б.] қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде көрсетілгендей, пәлсапа аясында сөз болатын танымның да өзгешелігі «сана», «қабылдау», «қабілет» ұғымдарымен байланыстырылады. Пәлсапалық сана когнитивтік зерттеулердің маңызды бірлігі бола тұра, табиғатының күрделілігіне орай, сан алуан ғылыми қағидаларға ортақтығымен ерекшеленеді, сондықтан әрі пәлсапа, әрі психология нысанын құраған бұл ұғымның анықтамалары да, функционалдық сипаттамалары да біркелкі емес. ХІХ ғасырда ғалымдардың бір қатары сананы зерттеу, оның болмысын нақтылау мүмкін емес деп келсе (биолог Т.Гексли), келесі біреулері оның тек жекеленген құбылыстары мен құрылымдарын ғана тануға болады деген көзқарасты ұстанды (В.Вундт). Кейінірек еуропалық пәлсапада сана білім көзі, бағыт, көзқарас, көңіл, өзін-өзі тану сынды ұғымдар негізінде түсіндірілді. Бүгінгі күні философтар сананы когнитивтік теориялар негізінде, жасанды интеллект мәселелерімен ұштастыра талдап зерттеуді мақсат етуде. Осыған орай, сана қызметі бірде адамның танымдық мүмкіндіктері шеңберімен шектелсе, бірде оның аясы нейрофизиологиядан мәдениеттануға дейін кеңейтіліп, ғылыми тұжырымдар тізбегінде оған таным құралы, материямен сәйкестік құрайтын құрылым, саналы не болмаса рефлексті әрекеттер сабақтастығы деп анықтама беріліп жүр.
сурет 1. Танымдық әрекеттің құрамды бөліктері
Адамның анатомиялық жаратылысынан бастау алатын таным, ең алдымен, табиғи жүйенің бір бөлшегі, ішкі физиологиялық тәртіптің жемісі деп қарастырылары анық. Өзге салаларға қарағанда, әлде-қайда бұрын дүниеге келген когнтивтік психология да танымның антропологиялық негіздерін дәл анықтауға көмектеседі. Танымдық процестер психологиясын адамның ментальды дамуымен сабақтастырған аталмыш ғылым алғашында теориялық бағыттардың бірі ретінде қалыптасса, кейін ол «когнитивтік төңкерілістің» алғышартын құрады, себебі «Жалпы психология» курсында «психика - объективті әлемнің субъективті қабылдауда көрініс табуы» [29],-деп түсіндіріліп келеді. Осыған орай, психологиялық әдістер де, бір жағынан, аналитикалық зерттеулерге сүйенсе, екінші жағынан, синтетикалық ізденістердің жүзеге асуын қадағалайды. Алғашында өмірдің әр түрлі кезеңдеріне, адамның әрекет ету өзгешеліктеріне қатысты айқындалатын психика элементтерін танып білу көзделетін болса, келесі зерттеулер алуан түрлі психикалық көріністерді сұрыптау негізінде жалпы адамзатқа тән ортақ белгілерді дәйектеуге бағытталды. Осыған орай, адам психологиясын таныммен байланыстыру қажеттігі туды. «Когнитивтік психология» деген терминді 1967 ж. ғылыми айналымға ұсынған У.Найссер оны бихевиористік теорияға қарсы дамыған бағыт деп сипаттады. Адамның ішкі психикалық өзгешеліктерін зерттеу кезінде байқалған қарама-қайшылықтар әр теориялық тұжырымның өзіндік ұстанымдары мен қағидаларын сұрыптады. Психологияның танымдық бағыты субъектілердің қабылдау, ойлау, тану, пайымдау, түсіну әрекеттерін жан-жақты талдау негізінде адамның ішкі, көзге көріне бермейтін әрі нақты механизмдер мен процестер арқылы емес, сана, жады қызметтерінің көмегімен бақыланатын мәселелерді шешуге бағытталды. Сол себепті Р.Л.Солсо танымдық психологияның ғылыми-теориялық принциптерін жалпы психологияның 10 негізгі саласы мен олардың тұжырымдары құрайды деп есептеді. Олардың қатарында ғалым қабылдау, бейне-образдарды тану, көңіл-бөлу, жады қызметі, елестету, даму, ойлау мен мүмкіндіктерді шешу, адамның ақыл-парасаты мен жасанды интеллект, тілдік функциялар сияқты құбылыстардың психологиялық белгілерін атап өтті [30; 496-б.]. Бастапқы кезде психологтар танымдық әрекетті ойлау жүйесінің бір бөлігі деп қана бағаласа, кейін зерттеушілер оны функционалды-прагматикалық, аккумулятивті және қатысымдық қызметтері ерекше, адамзат тірішілігіне аса қажет фактор ретінде саралады. Сөйтіп, психология ғылымының нысанын құраған көптеген мәселелерді жаңа қырынан талдауға әрі адам табиғатының ішкі мүмкіндіктерін тың сипатта түсіндіруге жағдай жасалды. Мәселен, бала психологиясының өзіндік проблемаларын зерттеген ғалымдар 60-жылдарда оның тек ойлау жүйесінің қызметіне және азды-көпті жекеленген заттарды тану әрекетіне назар аударды. Когнитивтік психологияның қалыптасуы баланың ақыл-санасының дамуына ықпал етер факторларды жан-жақты таразылауға мүмкіндік берді, себебі бұдан былай «адам - ерекше танымдық жүйенің иесі» ретінде айқындалып, хабар алу, оны өңдеу, жадыда сақтау мәселелерінің барлығы дерлік психотанымдық негізде талдана бастады. Нәтижесінде алғашқы проблемалар жігі бала санасында көрініс табатын бейнелі образдарға сипаттама берумен шектелсе, уақыт өте келе, олардың қатарына баланың хабарды меңгеруі, оған өзіндік қарым-қатынасын байқатуы секілді мәселелер қосылып, негізгі танымдық ұғымдарға мән беру көзделді. Қабылдау, елестету, пайымдау, сезу, сезімін білдіру - барлығы когнитивтік теорияның маңызды проблемаларына айналды.
Қабылдау. Қабылдау – психологияның, когнитивтік психология мен танымдық ғылымның негізгі ұғымдарының бірі. Өзінің табиғи ерекшелігіне орай аталмыш термин пәлсапада да, физиологияда да, нейроғылымдарда да дәстүрлі зерттеулер нысанын құрағандықтан, қабылдау шеңберіне адамның болып жатқан оқиға-құбылыстарға қатысымен қатар, оның қоршаған әлемді бейнелеу, даралап жалпылау әрекеттері де енді. Жекеленген сенсорды процестермен бірге, қабылдауға адамның біріктіру, алған деректерді саралау, шынайы болмыстан белгілі бір сапалық өзгешеліктерді бөліп көрсету, соның негізінде олардың тұтасқан бейнесін жасау әрекеттері де жатқызылды. Сөйтіп, хабарларды өңдеу, оларды әр түрлі материалдық сигналдар мен стимулдар тұрғысынан бағалау ұстанымдары қалыптасып, қабылдаудың өзіндік белгілері айқындалды. Кезінде Аристотель сенсорды қабылдаудың басты амалдары қатарында жекеленген сезім ағзаларының қабілеттері мен қызметтеріне назар аударған болатын. Осы мақсатта ойшыл ғұлама көру, есту, сезу, иіс сезу процестерінің жүзеге асу ерекшеліктерін ескеріп, қабылдауды солардың механизмі, яғни функционалдық белгісі деп таныды [31; 17-б.]. Осыған орай, когнитивтік ғылымда қабылдау тек қоршаған әлемді еш әрекетсіз тану емес, онымен үздіксіз байланыста болу, оның негізгі заңдылықтарына бейімделу, келіп түскен хабарлар тізбегінен өзіңе қажет мәліметті бөліп алу қабілетіне ие болу негіздері деп зерттеліп келеді. Қабылдау адамның өз ақыл-ойына сәйкес қоршаған дүниені танып-білуге, оны сезімдерінің қайнар көзі ретінде бағалауға мүмкіндік береді, сол себепті оның табиғатын зерделеу барысында физикалық және нейрофизиологиялық аспектілермен қатар, танымдық негіздер де маңызды роль атқарады. Демек, когнитивті тұрғыдан қабылдаудың ойлаумен байланысы, ментальды көзқарастармен сабақтастығы, білім мен оны жинау тәсілдерімен ұштасу ерекшелігі және т.б. проблемалар ескерілу керек немесе ғалым Б.Сағындықұлы атап көрсеткендей, «Кез келген затты немесе құбылысты қабылдау адамда бұрыннан бар тәжірибе, білім негізінде жүзеге асады» [32; 5-б.].
Зейін. Зейін хабарды өңдеу барысында айқын байқалатын әрі сол хабарға не болмаса объектіге, яки процеске назар аударуға мүмкіндік беретін танымдық қабілеттердің бірі болып табылады. Аталмыш нысананы саралап қарастыру мақсатында бөліп талдау, сипаттау, жіктеу амалдары қолданыла келе, адам ойында көрініс табатын шынайы болмысты саралау, оның белгілі бір ерекшелігін шектеп айқындау, зейіннің негізгі түйінін хабардың құрамды бөлігі немесе бөлшегі арқылы дәйектеу мәселелерінің барлығы дерлік адам миында қалыптасып, жүзеге асатын білімнің белсенділігін арттыруға, сырттан келіп түсетін хабарлар жүйесін реттеп отыруға жағдай жасайды. Адамзат болмысына қатысты, яғни оның табиғатына тәуелді деңгейде өңдеуден өтіп отыратын хабарлар желісі жеке тұлғалардың еркі мен эмоциясына, тәжірибесіне, жадыда сақталатын мезеттік және мәңгілік деректер тізбегіне орайласа айғақталатындықтан, адамның зейіні де бір саладан екінші салаға оңай ауыса келе, танымдық процестердің жеделдігін, бір бағытқа бағыныштылығын қамтамасыз етуге үлес қосады. Зейін адамға келіп түскен мәліметтердің ішінен өзіне керектісін, маңыздысын және қызықтысын бөліп зерделеуге мүмкіндік береді, сондықтан объективті фактордың негізінде белгілі бір хабарды таңдап алу әр субъектінің жеке тәжірибесіне, түсіну, пайымдау әрекетіне қатысты сұрыпталады[33;4-7].
Ес. Ес hам еске түсіру.Суреттеулерді жанның жоғалтпай сақтай білуі ес деп аталады.Ал енді,сақталып тұрған суреттеулерді бұрынғы түрі,бұрынғы ретімен жанның тіріліп алып келе білуі еске түсіру деп аталады.
Әр адамның есі әр түрлі.Кейбіреулр тез алып,яғни тез жаттап алып,тез ұмытады.Кейбіреулер шабан алады,бірақ тез ұмытады.Кейбіреулер шабан алады,бірақ тез ұмытпайды.Кейбіреулер тез алады,сонда да ұмытпайды.Адамның білімді болуына,әрине,естің осы төртінші түрі пайдалы.
Адамның есі тағы төмендегі түрлерге бөлінеді:
1)көру есі.Көру есі күшті адам нәрсенің сыртқы түрін есінде ұстап қалады.Мысалы,таныс адамдарының пішіні есіндеболады,аты,фамилиясы есінде болмайды.Яки бір шәкірт бір фәннің бір жерінен жауап беріп тұрғанда,сол фән кітабының айтып тұрған сөздер жазылған бетін көргендей болады.
2)есту есі.Есту есі күшті адам заттың дыбысын есінде ұстампаз болады.Мысалы,кейбір адам таныс адамдарының аты,фамилиясы,пішінін де ұмытып қалып,жалғыз даусын ғана есінде ұстайтын болады.Яки кейбір шәкірт сабақты өзі оқығаннан да мұғалімнің сөйлегенін тыңдағанда тез жаттап алатын болады.
3)қозғалу есі,яки мотор есі.Қозғалу есі күшті адам заттың қозғалуын есінде ұстайтын болады.Мысалы, кейбір адам таныстарының жүріс-тұрысын ұмытпайтын болады.Адамда осы ес түрлерінің біреуінің күшті болуы көбінесе тұқым қуалайды.Мысалы,әнщі,домбырашы,өлеңшінің баласында есту есі күшті болады.Және бір адам көңіл қойған нәрселеріне есті болып,көңіл қоймағандарына ессіз болуға мүмкін.Мысалы,өлеңді тез жаттампаз болады.Атақты жаратылыс ғылымы Линней өсімдік аттарын жаттауға шебер болған да,шет тілдерді үйренуге тым-ақ топас болыпты.
Адам өмірі үшін естің керектігі.Ес өмір үшін аса керек.Ес болмаса,бүгін жаттағанын бүгін ұмытып тұрса,өмірінде адамның білімі артпас еді.Адам адам да болмас еді.Ес болса ғана адам білімді бола алады,ес болса ғана адам дұрыс ойлай алады.Ес неғұрлым мол,бай болса,ой да терең болады.Терең ойлы адамдардың аса есті болғандығы бізге тарихтан белгілі.Балада ес болмаса,оған ешбір нәрсе үйретуге мүмкін емес.Сондықтан тәрбиеші баланың есті болуына аса көп күш жұмсау керек[34].
Достарыңызбен бөлісу: |