“Үлгілі ауылындағы орта мектеп Ақдала бастауыш мектебімен» КММ
Бастауыш сынып мұғалімдерінің ӘБ отырысы
Бастауыш сынып оқушыларының танымдық іс-әрекеттерін белсендендірудің педагогикалық жағдайлары
Дайындаған: Молдабаева Салтанат
2014-2015 оқу жылы
МАЗМҰНЫ
Кіріспе
1. Оқушылардың танымдық белсенділігін қалыптастыру
1.1.Танымдық белсенділік және жеке тұлғалық қасиет
1.2. Сабақта оқушылардың танымдық іс-әрекетін
ұйымдастырудың формалары
1.3. Оқушылардың танымдық іс-әрекетін белсендендіру әдістері
2. Ойын технологиясы
2.1. Ойын - оқушы білімін меңгерту кұралы
2.2. Ойындарды пайдалану әдістемесі
2.3. Дидактикалық ойындардың түрлері
2.4. Ойын технологиясы арқылы оқушылардың шығармашылығын қалыптастыру
3.Тәжірибе бөлімі
3.1. Математика сабағында қолданылатын дидактикалық ойындар
4. Қорытынды
5. Ұсыныс
6. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
КІРІСПЕ
Еліміз егеменді мемлекет болғалы бері барлық салаларда ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Мұндай өзгерістерден білім беру саласы да тыс қалған жоқ. Қазіргі білім беру жүйесі әлемдік өркениеттің барлық талабына сай келетін, парасатты, білім мен біліктілігі жетілген мамандар дайындауды қажет етеді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің міндеті ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау екендігі айтылған.
Осы орайда егеменді еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар оқытудың әр түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, терең білімді, ізденімпаз, барлық іс-әрекеттерінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлға тәрбиелеу ісіне ерекше мән берілуде. Демек, мектептегі оқу үрдісі оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып, шығармашылық әрекетін дамытуына жол ашуы қажет.
Біздің мемлекетіміздің, мектебіміздің, тәрбиешілеріміздің және ата-аналарымыздың алдында әрбір оқушыны тек саналы қоғам мүшесі, тек дені сау және мықты адам етіп өсіру ғана емес, сондай-ақ міндетті түрде бастаған ісіне шығармашылықпен қарайтын, терең ойлайтын азамат етіп өсіру мәселесі тұр. Егер адам шығармашылықпен ойласа, егер айналадан өз-өзін жетілдіру мүмкіндіктерін көре білсе ғана белсенді өмірлік ұстанымы қалыптасады.
Оқу үрдісінде оқушылар бар білімді дайын күйінде алмастан, мұғалімнің бағыт-бағдар беруі арқылы оның басым бөлігін өз бетімен іздену тапсырмалары, танымдық қызметті белсенді ететін түрлі әдіс-тәсілдер, проблемалық ситуациялар арқылы алуы шарт.
Сондықтан қоғам дамуының қазіргі кезеңінде мектепте оқу процесіне жаңа технологиялар енгізілуде.
Технология (грек тілінен аударғанда techne - өнер, шеберлік, логия – ғылым) – бұл шикізаттар мен материалдарды алу, өңдеу әдістері мен тәсілдерінің жиынтығы.
Педагогикалық технология – қойылған мақсаттарға сәйкес білімді, дағдыны және қарым-қатынасты қалыптастыру мен бақылау, құрастыру амалдарының жиыны.
Педагогикалық технологиялар жайында айта отырып, мына жағдайларды анықтап алу қажет:
Оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттары, олардың психологиялық құрылымы;
Психологиялық материалдар, құрылымдар;
Осы мақсаттарға жетуге бағытталған амалдар жиыны;
Осы мақсаттарды таңдап алынған амалдар арқылы жүзеге асыратын оқушылардың психологиялық мінездемелері;
Оқу-тәрбие мәселелерін жүзеге асыру барысында оқушылардың басқа оқушылармен қарым-қатынас жасау процесіндегі психологиялық мінездемелер;
Анықталған амалдарды орындау барысында қолданылатын құралдар;
Оқыту мен тәрбиелеудің принциптері.
В.Ф.Шаталовтың сөзі бойынша, бүгінгі күні мұғалімнің қызметі білім көзі болу ғана емес, сондай-ақ таным үрдісін ұйымдастыру болып табылады. Мұғалім сыныпта оқып-білуге мүмкін болатын барлық жағдайды жасауы тиіс. Соңғы жылдардағы мектеп практикасы мен теориялық зерттеулер оқыту формасы ретіндегі ойын қызметі оқу процесін белсендендіруге ұмтылушы методиканың, дидактиканың, психология мен педагогиканың басты мәселелеріне толықтай жауап беретіндігін көрсетті. Ойын сәтінде пайда болатын шығармашыл ахуал, еркіндік, адам психикасының шығармашыл қорларын шығаруға әсерін тигізеді, алаңдаушылық сезімін жойып, тыныш көңіл күйді орнатып, тұлғалардың өзара қарым-қатынасын жеңілдетеді.
Ойындар интеллектуалды-пассивті балалардың оқу қызметіне оң әсерін тигізеді. Психолог Л.Н.Славинскаяның зерттеулері ойын үрдісінде интеллектуалды-пассивті бала қарапайым оқу жағдайында меңгере алмайтын көлемді оқу әрекетін орындауға қабілетті екендігін көрсетті. Психологтардың зерттеулері көрсеткендей егер, қандай да бір пәнге оқушылардың терең де тұрақты қызығушылығы қалыптасқан болса, онда оларға ешқандай рольдің де, жағдайдың да қажеті жоқ. Егер ондай қызығушылық болмаса және мұғалім оны оятқысы келсе, онда ойын мұғалімнің ең жақсы көмекшісі болуы мүмкін. Ойын процесінде пайда болатын қызығушылық – ол оқу процесіне емес, ойынға деген қызығушылық деп қорқудың қажеті жоқ. Қызығушылықтың дамуы қандай да бір заңдылыққа ие: құбылыстың сыртқы жағына деген қызығушылық олардың ішкі құрамына деген қызығушылыққа ұласады.
Танымдық белсенділік – оқушының оқуға, білуге деген ынта-ықыласының, құштарлығының ерекше көрінісі. Танымдық белсенділік проблемалық сұрақтың жауабын іздестіруде, өзінде жұмыс орындауда жүзге асады.
Оқушының өздігінен білім алуы өз еркімен жүйелі жұмыс істеуді талап етеді. өздігінен білім алуды оқушылардың күнделікті рухани қажетіне айналдыру мәселесіне мән берілмей келеді. Өздігінен білім алу әрекеттің мақсат-міндеттерін, мазмұнын, ұйымдастыру жолдарын оқушылардың өздері анықтап, іске асыруына байланысты. Ал, оларға кеңес, нұсқау, жалпы бағы беріп, басқарып отыру – мұғалімнің міндеті.
Ахмет Байтұрсынов оқушының өзіндік жұмысының маңызын бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алуы керектігін атап айтқан болатын. Жалпы білімге деген құштарлық – кез келген сыныптағы балаға тән қасиет. Күн сайын жаңа бір нәрсені білуге ұмтылу – бала үшін зор қуаныш, үлкен мерей.
1. ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
1.1.Танымдық белсенділік және жеке тұлғалық қасиет
Танымдық белсенділік деп оқушылардың жеке және жас ерекшеліктерін есепке ала отырып ұйымдастырылған таным үрдісінде пайда болатын, бекітілетін, дамитын жеке тұлғалық қасиет ретінде анықтауға болады.
Танымдық белсенділіктің көрсеткіштеріне тұрақтылық, оқу саналығы, шығармашылық қабілеттері, дәстүрден тыс оқу жағдайларындағы тәртібі, оқу міндеттерін шешудегі өз беттілігі, т.б. жатады.
Оқушылардың оқу үрдісіне кірісу деңгейі мен танымдық белсенділігінің байқалуы – нөлдік көрсеткіштен ең жоғарыға дейін өзгеретін динамикалық көрсеткіш. Белсенділігі әртүрлі деңгейдегі оқушылардың психологиялық және педагогикалық ерекшеліктерін талдап әрі олармен өзара оқу әрекетін ұйымдастыру стратегиясын анықтап көрелік. Оқытушының тактикалық әрекеті оқу-тәрбие үрдісінің міндеттерін күнделікті шешуге бағыттаса, стратегиясы оқу үрдісін оңтайландыруға бағытталады.
Олардың белсенділік деңгейлері:
Нөлдік деңгейдегі белсенділік. Бұл деңгейдегі оқушылар белсенділігі өте төмен, оқу жұмысына әрең кіріседі, жоғары бағалары жоқ, әуел баста оқуға ынтасы жоқ оқушылар.
Олар тез арада жұмысқа кірісе алмайды, алайда өз белсенділігін бірте-бірте көтеруге қабілетті.
Оқытушы бір қызметтен екінші түріне тез ауысуды қажет ететін тапсырмаларды ұсынбауы керек, олардан тез арада жауап беруді талап етпеу керек, жауап беріп жатқан кезде ойын бөлуге, тосыннан сұрақ қоюға болмайды.
Оқытушы олармен жақсы қарым-қатынаста болуы қажет. Бұл тактикалық кезең, ал стратегиялық жағынан қарасақ, оқытушы әртүрлі педагогикалық әрекеттер жасау арқылы оқушыларды нөлдік белсенділіктен жағдаяттық деңгейге көшіруі керек.
Жағдаяттық деңгейдегі белсенділік. Бұл деңгейдегі оқушылар көңіл-күй ықпалына тәуелді. Оларды сабақтың жаңашылдығы, сабақ беру әдіс-тәсілдерінің өзгешелігі қызықтырады. Сабақ кезінде мұндай оқушылар жұмыстың жаңа түріне оңай кіріседі, ал қиыншылық көрсе, сабаққа деген қызығушылығы күрт төмендеп кетеді.
Оқушыларға қатысты педагогтің тактикасы олардың көңіл күй белсенділігін құптау керек. Бұл топ басқаларға қарағанда жауап жоспарын, алгоритмді, тірек сигналдарын пайдалана білуді қажет етеді.
Орындаушылық деңгейдегі белсенділік. Бұл деңгейдегі оқушылар үнемі үй тапсырмасын орындап келеді. Кез келген жұмысқа дайын тұрады. Оқытушы жаңа тақырыпты түсіндіруде осы оқушыларға сүйенеді. Олар тұрақтылықпен ерекшеленеді. Олардың білімдері берік. Дегенмен оқушыларды тірек, сүйеніш ретінде пайдалану педагогикалық қателік деп саналуы керек. Егер материал өте жеңіл болса, оқытушы үлгірімі төмен оқушыларға ғана көңіл бөлсе, бұл оқушылар сабақта іші пысып отырады. Сондықтан осы деңгейдегі оқушылардың танымдық белсенділіктерін арттыру өзекті мәселе болып саналады. Оларға проблемалық, ізденіс және эвристикалық жағдаяттар ұсынуға болады. Түрлі пікірталастарға, дебаттар, сот отырыстарына т.б. енгізуге болады.
Шығармашылық деңгейдегі белсенділік. Бұл деңгейдегі оқушыларға дәстүрден тыс шешімді қажет ететін ізденіс тапсырмаларын беру ұсынылады. Олар құбылыстың мәнін, олардың өзара байланысын түсінуге талпынады. Түрлі проблемалардың шешімінің жаңа жолдарын табуға тырысады.
Шығармашылық қабілетті әртүрлі оқушылар көрсете алатынын педагогтер ұмытпауы тиіс. Мұны ескере отырып оқытушы кез келген міндеттерді қабылдауында және интерпретациясындағы дәстүрден тыс қабілеттерін көрсету үшін жағдай жасауы керек.белсенділігі әртүрлі деңгейдегі оқушылары бар топпен сабақты қалай ұйымдастырып жүргізуге болатынына тоқталайық. Осындай сабақтың құрылымы үш негізгі моделді қарастырады:
өзара оқу әрекеттері іске асырылады: педагогтың оқушыларды әрбір жеке топпен біртіндеп жүргізілген жұмысы;
сабақ оқудың міндеттеріне байланысты сол немесе басқа топтың оқу қызметіне кірістіруді болжайтын мозаика түріндегі өзара әрекетте құрылуы мүмкін;
сабақ белсенді - рөлдік болуы мүмкін, өзара оқу әрекетінде басқаларды оқыту үшін басты рөл белсенділігі жоғары деңгейдегі оқушыларға беріледі.
Мұғалімдерге тағы бір кеңес. Оқушыға жаңа ойын, тапсырма, жаттығу, жағдаят ұсынбас бұрын, ең алдымен, өзіңізге- өзіңіз сынатып алыңыз. Сонда, бір жағынан, шарттың дұрыс- бұрыстығы көрінеді, екінші жағынан, бақылау жұмысының, берілген жағдайдың шығармашылық түзету жолы анықталады.
Кез келген педагогикалық технология оқушылардың белсенділігін арттыру құралдарына ие, кейбір технологияларда бұл құралдар басты идеяны және нәтиженің тиімділігінің негізін құрайды. Оларға перспективті оқыту (С.Лысенкова), ойын, проблемалық, деңгейлеп оқыту (Ж.Қараев), компьютерлік, жеке оқыту, жалпы білімдік іскелігін жетілдіру (А.Зайцев) технологияларын жатқызуға болады.
1.2. Сабақта оқушылардың танымдық іс-әрекетін
ұйымдастырудың формалары
Оқытуды ұйымдастыру формасы – оқыту процесінің міндеттерін іске асырудағы мұғалім мен оқушылардың іс–әрекеттерінің сыртқы көрінісі. Ұйымдастыру формасында оқытудың мақсаты, мазмұны мен әдістері бірыңғай жүзеге асады.
Қоғамның даму тарихында жас ұрпақты оқытудың ұйымдастыру тәсілдері де өзгеріп тұрады. Оқыту жұмысын ұйымдастырудың тарихында, оның негізінен үш түрлі формасы қалыптасқан: жеке –дара, топтық және сынып–сабақтық жүйе.
Жекелеп оқыту жүйесі көне орта ғасырларда пайдаланылды. Мұғалім жеке оқушының орындаған жаттығу жұмыстарын тексеріп, мәтінді оқытып тыңдайтын, қалай оқу керектігін көрсететін, үй тапсырмаларын орындау амалдарын түсіндіретін, музыкалық құралдармен пайдалануды үйрететін. Дене шынықтыру тәрбиесінен жарыс және бәсеке жұмыстарын ұйымдастыратын, жеке не бірнеше оқушымен әңгіме жүргізу әдістерін де қолданатын.
Бұрын қазақ еліндегі молдалардың балаларды оқытуы да осы орта ғасырлық оқу жүйесіне өте ұқсас еді. Әр жастағы балалар молданың алдында жүгініп отырып, әр кітаптан оқыған.
Жаңа дәуірде Англияда оқытудың “белл – ланкастер” жүйесі тарады.”Сатылы” немесе “өзара оқыту” түрінің ерекшелігі: бір оқу жылында жас шамалары, білім дәрежелері әртүрлі, құрамы тұрақты емес оқушыларды жылдың қай мезгілінде болмасын оқуға қабылдап отырған. 200–300 немесе 600–ден астам оқушыны мұғалім сатылып оқытуды ұйымдастырған, түске дейін ересектерді оқытса, түстен кейін олар өз кезегінде жасы кіші оқушыларға өздерінің мұғалімнен алған білімдерін үйретіп отырған.
Америка Құрама Штаттарында XX ғ. Басында “дальтон – жоспар” оқу формасы тұңғыш рет қолданылды. Бұл жүйенің ерекшелігі, оқу жеке дара, әрбір оқушыны өз күшімен, белгілі бір бағдарламаларды бөлшектеп оқытуды ұсынды. Мұндай оқытуды ұйымдастыруда мұғалімнің басшылық рөлі төмен болды.
Кеңес мектебінің алғашқы жылдарында оқу ісінде балалардың бірлесіп атқаратын жұмысы ретінде бригадалық - зертханалық әдіс жүйесі ұсынылды. Бұл әдіс бойынша, оқу сыныптары 3–4 топқа бөлінеді. Әр топты басқаратын бригадирлер (жақсы оқитындары және ұйымдастыруға қабілетті балалар) белгіленді. Бригадирлер өз тобындағы оқушылардың орындаған тапсырмаларын жинақтап, мұғалімге бригада мұғалімге бригада атынан жауап берді. Бригадирдің жауабына қарай,бригадаға оқушылар білімінің бағасы қойылды. Мұндай жағдайда оқушының жеке басының ерекшелігімен санасушылық болмады. Мұғалім тек консультант есебінде ғана жұмыс атқарды.
Оқытудың кең таралған сынып–сабақ жүйесінің негізін қалаған Ян Амос Коменский болды. Ол өзінен бұрын өткен және ағымдағы педогогикалық тәжірибелерді зерттеп, оқу ісін жүйелі ұйымдастыруды ұсынды.
Оқушыларды сыныпқа жас шамалары мен таным қабілеттері бойынша топтастыру.
Сыныптағы оқушылар құрамының әркезде тұрақты болуы.
Жеке пәндерді тұрақты оқу кестелері арқылы алмакезек оқыту.
Оқытуды оқу жоспарына, оқу бағдарлмалары және оқулықтарға негіздеу.
Оқытуды жылдың тұрақты бір мезгілінде бастап , аяқтау.
Оқытуды ұйымдастыру тек мұғалімнің басшылығымен жүргізілуі.
Қорыта айтқанда, мұғалім бір мезгілде жас шамалары бірдей, құрамы әркезде тұрақты оқушылар тобымен жұмыс істейді.
Неміс педагогы И.Ф.Гербарт сабақтың негізгі төрт кезеңін ұсынады. Мұғалімнің оқу материалын мазмұндау кезеңі, жаңа материалды өткен материалмен байланыстыру кезеңі, сабақты жаттығу әдісімен жүргізу кезеңі және қысқаша қорытынды жасау кезеңі.
Сынып – сабақ формасы оқыту жұмысын ұйымдастырудың негізгі формасы ретінде күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Себебі, ол алдымен мұғалімге оқытатын пәннің мазмұнын жүйелі түрде баяндауына мүмкіндік береді. Сондай–ақ, сабақ баланың оқу әрекетінің сыныптан тыс және үйдегі түрлеріне де бағыт–бағдар беріп, жетекшілік рөлін атқарады.
Сабақ – оқыту жұмысын ұйымдастырудың басты формасы болғандықтан, ендігі жерде оның атқаратын қызметі мен оқыту процесінде алатын орны ерекше болды. Сабақта оқушыларға білім берумен қатар, олардың рухани – адамгершілік қасиеттері мен ақыл–ой қабілеттерін дамыту мақсаттары көзделеді.
Сабақ – күрделі психологиялық және дидактикалық процесс, онда оқушылармен педагогикалық қарым–қатынас жасау және тәрбиелеу міндеттері іске асырылды.
1.3. Оқушылардың танымдық іс-әрекетін белсендендіру әдістері
Бүгінгі таңда оқушылардың үзіліссіз білім алу міндеттерін жетілдіруге сай мектеп мұғалімдерінен олардың ойлау қабілеттерін дамыту, сонымен қатар өзіндік жұмыстарына қатысты іскерліктері мен дағдысын тәрбиелеу талап етілуде. Ол үшін өзіндік жұмыс оқушылардың тек үй жұмысын орындау барысында ғана емес, оқыту процесінің өн бойында өз орнын табуы тиіс. Оқушылардың әртүрлі өзіндік жұмыстары негізінде сабақтың нәтижесін және таным қабілеттерінің белсенділігін арттыруға болады.
Оқушылардың таным белсенділігі –оқуға қажетті білім мен дағдыны меңгеру және оларды өмірде, практикада пайдалана білуге, үйренуге оқушының істейтін саналы әрекеті.
Өзіндік жұмысты ұйымдастырудың шарттары мыналар:
мұғалімнің нақты тапсырмалар (нұсқаулар) беруі;
жұмысты орындаудың және аяқтаудың уақытын белгілеуі;
мұғалімнің басқаруымен оқушылардың дербестігінің мөлшері, олардың жұмысты өз еркімен және қалауымен істеуі;
оған әсер ететін мотивтер т.б.
Оқушылардың өзіндік жұмысы міндетті түрде мұғалімнің басшылығын, сонымен қатар оқушылардың дербестігін, олардың қызығып өз ықыласымен жасайтын әрекетін де керек етеді. Осыған байланысты кейбір педагогтар мен психологтар (Р.Г.Лемберг, М.Н.Скаткин, В.А.Занков т.б.) оқушылардың өзіндік жұмыстарының ерекшелігі – олардың ықыласы және өз еркімен әрекет жасауына байланысты деп санайды.
Алдынғы қатарлы мектептердің іс тәжірибелеріне көңіл бөлсек, оқушылардың өзіндік жұмыстарының сан алуан түрі бар екенін байқаймыз. Мәселен, оқушылардың сабақ үстінде меңгерген оқу материалдарын пысықтау үшін оқулық не басқа құралдар бойынша жұмыс істеуі, көркем әдебиеттерін, ғылыми және техникалық әдебиеттерді пайдалануы; жаттығу жұмыстарын жазба түрде орындауы, графикалық жаттығу жұмыстарын жүргізуі, түрлі практикалық немесе лабораториялық бақылау жұмыстарын өткізуі (репродукциялы жұмыстар), шығармашылық дағдыларын дамыту мақсатында баяндама, реферат, шығармалар, пікір жазуы және көрнекі құралдар, модельдер, конструкциялық т.б. жұмыс түрлерін жатқызуға болады.
2. ОЙЫН ТЕХНОЛОГИЯСЫ
2.1. Ойын - оқушы білімін меңгерту кұралы
Іс-әрекеттің айрықша түрлерінің бірі ойын болып табылады. Ойын оқу әрекетіне тән бірқатар қасиеттерге ие екендігі белгілі. Мұны мектеп оқушыларының білімі мен дағдыларын қалыптастыруға бағыттауына мақсатталуы айқын көрсетеді. Сонымен қатар ойын оқушыларға қозғау салуға, оларға түрткі болуға да бағытталған. Ол төмендегідей бірқатар қайталанбас қасиеттерге ие: балалар мен жасөспірім жеткіншектер үшін оның оңайлығы мен игерімділігі, демократиялылығы («ойын барлығын да қабылдайды»), игерілуі тиіс шынайы ақиқаттың барынша әралуан қырларын модельдеуге мүмкіндік беретін ойындық құралдардың бейімділігі, ең бастысы–балалар үшін ойынның тартымдылығы. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала бола ма?»-деп айтқандай, бала өмірінде ойын ерекше орын алады. Баланың өмірі, қоршаған ортаны танып, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады. Олар ойын ойнау барысында өздерін еркін сезінеді. Іздемпаздық, тапқырлық әрекеті (сезіну, қабылдау, ойлау, зейін қою, ерік арқылы) байқалады.
Ойындарды мақсатты пайдалану мәселесі қандай да бір деңгейде бастауыш оқушыларына тәрбие беру теориясы мен оқыту тәжірибесінде шешімін тапқан. Педагогикалық ғылымның аталған саласына Л.А.Венгер, В.В.Давыдов, А.В.Запорожец, Н.Н.Подьяков, А.П.Усова, Д.Б.Эльконин және тағы да басқа ғалымдар өздерінің елеулі үлестерін қосты.
Бастауыш мектеп тәжірибесінде ұлттық және дидактикалық мазмұнды ойын есептерін барынша біржақты түсіну және мұғалімдер мен оқушылар тарапынан оған деген әралуан қарым-қатынасты байқауға болады. Көптеген мұғалімдер мен әдіскерлер, мұндай ойынмен «қызықты» сипатта берілген тапсырмалар мен жаттығуларды ғана байланыстырады. Олар рольдік және басқа да ойындарды сабақтарда қолданудың орынсыздығы мен мақсатқа сай келмейтіндігі туралы айтады. Сондай-ақ қазіргі кезде көбінесе, ойынды екінші қатарға шығару байқалады. Ойын игерілген білімдер мен дағдыларды бекітуге арналған құрал ретінде ғана мойындалды. 1 және 2 сынып арифметика курсына арналған ойындар жүйесін жасап шығарған әдіскер Н.В. Огаркова да осындай ой-тұжырымға келген. Кейбір зерттеулер мен әдістемелік әдебиеттерде оқыту үрдісіндегі ойындарды пайдалану ерекшеліктерін айқындайтын ойын мен оқу іс-әрекеттерінің өзара байланысы жеткілікті айқындалмағаны еместігі байқалады.
Ойын балалардың негізгі іс-әрекеті ретінде психологиялық, aнатомиялық, физиологиялық, педагогикалық маңызы зор қызметтер атқарады. Ойын баланың даму құралы, таным көзі тәрбиелік дамытушылық мәнге ие бола отырып, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Ойынның тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А.С.Макаренко былай деп жазды: «Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың, қызметтің қандай маңызы бар. Бала ойында қандай болса, өскен соң жұмыста да көп жағынан сондай болады».
Ойынды адамзат іс-әрекетінің арнайы формасы ретінде дамытудағы тарихи аспектті Е.А.Покровский, Р.И.Жуковская, Р.И.Меджерицкая, В.Г.Яковлева ғалымдардың зерттеулерінде сипатталды.
1980-1985 жылдардан бастап, ұлттық және дидактикалық мазмұнды ойын есептерінің мазмұны мен қызметін айқындау, нақтылау бағытында бірқатар іс-әрекеттер жасала бастады. Кіші мектеп жасындағы балаларды оқытуда ойынды пайдалануға байланысты М.И.Моро, А.М.Пышкало, В.Н.Рудницкая, Л.И.Смагина, Н.А.Янковская тарапынан жекелеген әдістемелік ұсынылымдар жасалды.
2.2. Ойындарды пайдалану әдістемесі
«Ойын» ұғымына түсінік берсек - бұл адамның мінез-құлқын өзі басқарумен анықталатын қоғамдық тәжірибені қалыптастыруға арналған жағдаяттар негізіндегі іс-әрекеттің бір түрі. Адамзат тәжірибесінде ойын әрекеті мыныдай қызметтерді атқарады:
-ойын-сауық;
-коммуникативтік немесе қарым-қатынастық:
-диагностикалық (ойын барысында өзін-өзі тану);
-коррекциялық (өзін-өзі түзету);
-әлеуметтендіру
Әлде де болса ойынның адамның дамуына, қалыптасуына, тәрбиесіне байланысты функциялары анықталуда.
Ойын-адам өміртанымының алғашқы қадамы. Сондықтан ойын арқылы балалар өмірден көптеген мәліметтер алып, білімін жетілдіреді.
1-сурет. Ойын-оқудың маңызды бір түрі
Ойын - бір қарағанда қарапайым құбылыс не әрекет іспетті. Ол міндетті түрде ұжымдық әрекет. Ойынның ережелері ойнаушылардың қисынды ой қабілетінің дамуы, бір-біріне деген сыйластық қажеттіліктерімен санасуы әр ойыншының жеке әрекеттерінен туындайды. Ойынның басты шарты жеңіске жету болса, әр ойыншы өз қарсыласының мүмкіндігімен санасып, бір-біріне деген сенімін арттырады.
Ойынның да өзіне тән мотивтері болады. Мысалы, мазмұндық, рөлдік ойындар баланың зейінін, есін, ойлауын, қиялын қалыптастыруда зор маңыз атқарады. Ойын әсері арқылы бала өз қасиетін қалай қанағаттандыра алатынын, қандай қабілеті бар екенін байқап көреді. Ал, ақыл-ой ойындарында белгілі бір ережелерді сақтап ойнайды. Ол ойындар баланың тапқырлығын, байқағыштығын, зейінділігін артырумен қатар, ерік сезім түрлерін де дамытады.
Бастауыш сынып оқушыларының негізгі әрекеті-оқу, қарым-қатынас, ойын және еңбек болса, бұлардың әрқайсысы негізгі функцияларды атқарып, баланы дамытады. Оқу-білім алу мен білік дағдыны қалыптастырса, қарым-қатынас-бұл балалардың бірін-бірі дұрыс қабылдап, сонымен қатар жаңалық алмасуын арттырады. Ал ойын-баланың дамуын арттырады.
Ойынның нақты мақсаттарына қарай пайдалану әдістемесінің мынадай компоненттері қарастырылады: ойын мазмұны, ойынды ұйымдастыру формалары, ойын түрлері, ойындық құралдар, сондай-ақ аталған бөліктер арасындағы барлық өзара байланыстар. Ойынды пайдалану әдістемесінің құрылымын блок-сызба түрінде көрсетуге болады. (2-сурет)
2-сурет. Ойындарды пайдалану әдістемесінің құрылымы
Ойынның қолданбалы жағын зерттеген әдіскерлердің дидактикалық ойындарға деген қызығушылық барынша өсе түсуде. Г.А.Кулагина зерттеу үдерісінде ойындағы таным дәстүрлі оқытуға ұқсамайтын айрықша түрдегі өзіндік формаға ие болатындығын анықтады: бұл жерде қиялдау мен жауапты өз бетінше іздестіру, бұрыннан белгілі дәйектер мен құбылыстарға жаңаша көзқараспен қарау, білімді толықтыру мен кеңейту, байланыстарды орнату, жекелеген құбылыстар арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды табу сияқтылардың барлығын кездестіретін болады. Ойын қарқыны мектеп оқушыларын жылдам және шапшаң түрде ойлана білуге үйретеді. Олардың тілдік жадыларының даярлықтарын жаттықтырады, сөйлеу қарқынын дамытуға мүмкіндік береді. Сабақта ойнай отырып оқушылар өздерінің ойларын жеткізуге машықтанады, осының арқасында олардың сөйлеу тілдері бірте-бірте автоматтандырылады. (К.А.Родкин). Демек, ойын сөйлеу шеберліктерін дамытудың нәтижелі құралдарының бірі болып табылады. Осылайша дидактикалық ойындар мен оны оқу үдерісінде пайдалануға қатысты соңғы зерттеулердің барлығын талдап, қорытындылай отырып төмендегілерді айтуға болады:
а) Дидактикалық ойындар ойлау, ерік, жады, назар, сөйлеу, моторика сияқты психикалық үрдістерді жандандырады. (Г.А.Ляпина, М.В.Стронин және т.б.);
б) Сабақтағы ойын жағдайларында мектеп оқушысы іс-әрекеттің үрдістік жағынан терең қанағаттану сезімінде болады және бұл оқудың тұлғалық мәнінің ұлғаюына мүмкіндік береді. (Е.Енгабаева, А.А.Баранов, Г.А.Ляпина);
в) Дидактикалық ойындардың жемісті сәтілігі мектеп оқушыларының ойын үдерісіне қызығушылығымен, ойынға қатысушылардың өз білімдерін шығармашылық пен пайдалануға ұмтылысымен байланысты. (Ю.П.Азаров, О.С.Кель, В.Н.Терский);
г) Дидактикалық ойындар таным іс-әрекетін жандандыру құралы ғана болып табылмайды, ол эстетикалық және мінез-құлықтықты тәрбиелеуге мүмкіндік береді. (А.А.Баранов, В.И.Иванова).
Әдебиеттерді шолу мен тәжірибелік сараптамалық жұмыстар дидактикалық ойындардың барынша әралуандығын айқындады.
Жекелеген дидактикалық ойындардың өзіне тән ерекшелігі оқу тапсырмаларына барынша назар аудару, және мектеп оқушыларын зерттеу элементтеріне ие іс-әрекетке тарту болып табылады. Мұндай тапсырмаларды орындау үрдісінде оқушылар бірқатар логикалық операцияларды жүргізеді, танымдық іс-әрекеттің аралық кезеңдерін шешу жүйелілігін белгілейді. Мұндай дидактикалық ойындар ізденгіштік деп аталады.
Ізденгіштік дидактикалық ойындар репродуктивті және жартылай ізденгіштік дидактикалық ойындардан, тұрады. Мұндай тапсырмалар жеткіншекті шығармашылыққа даярлайды.
Жекелеген дидактикалық ойындар мектеп оқушысын дербестікке баули отырып оны шығармашылық жұмысқа итермелейді. Себеп-салдарлық байланыстар мен тәуелділіктерді айқындау кезінде мектеп оқушысы өзінің танымдық іс-әрекетінің мазмұнына тереңдей отырып, зерттелуші құбылыстың бірқатар қырларын дербес ашу мүмкіндігіне ие болады. Мұндай дидактикалық ойындарды біз шығармашылық ойындар деп атадық. Бірқатар шығармашылық-дидактикалық ойындар мектеп оқушысының суырып салмалылығын іске қосады. Мұндай ойындарды біз рольдік элементтері бар шығармашылық ойындар деп атадық. Тәжірибе нәтижелері шығармашылық ойындарды сабақ-мерекелерде сабақ-жарыс, сабақ-суырып салушылық, сабақ-саяхат тәрізді белгілі пәннің оқу материалдарынан тұратын үш түрінде пайдаланудың барынша мақсатқа сәйкес екендігін көрсетеді. Түрткі ретіндегі қызметті дидактикалық ойындар орындайды. Ойын ситуацияларының эмоциональдылығы барлық мектеп оқушыларының белсенді қатысуына түрткі болады.
Сабақтағы ойын ситуациялары балаларды тежелушіліктен құтқарады, бір-біріне сенімділік және іскерлік атмосферасында белгіленген жұмысты жүргізуге ұмтылады.
Мектеп оқушыларының іс-әрекеттерінің сипаты бойынша дидактикалық ойындарды топтастыра отырып біз шартты түрде репродуктивті, жартылай-ізденгіштік, ізденгіштік ролдік элементтері бар шығармашылық және ролдік элементтері жоқ шығармашылық дидактикалық ойындарды бөліп қарастырамыз. Ойын ситуацияларында қажетті шеберліктер мен дағдыларды қалыптастыру мақсатында мектеп оқушыларының білімін жаңғыртатын дидактикалық ойындар қысқа мерзімділігімен ерекшеленеді. Іс-әрекеттің процессуалдық жағы мұғалім арқылы бағытталады және бақыланады. Дидактикалық ойындарды сабақтың әралуан буындарына енгізу:
Оқу материалын меңгеруге даярлық кезінде қолданылатын дидактикалық ойындар жаңа материалды қабылдау үрдісіндегі белсенділікті жоғарылатуды мақсат етеді.
Жаңа материалды бекіту, мақсатында енгізілген дидактикалық ойындар жаңа нәрсені түсінуді нақтыландырады және үй тапсырмасын орындау кезінде неге назар аудару қажеттігін көрсетеді. Бұл жағдайда дидактикалық ойындар мектеп оқушыларының жартылай меңгерген оқу-материалдарына негізделеді.
Қайталау кезінде дидактикалық ойындардың барлық түрлері пайдаланылады. Ойындар мектеп оқушыларын бұрыннан бар білімдерді жаңа ситуацияларда қолдануға итермелейді. Дидактикалық ойындар арқылы мектеп оқушысының танымдық іс-әрекетін жандандыру үшін басты шарт- жалпы білім беретін мектептердегі бағдарламалық талаптарға негізделген, бірте-бірте күрделеніп отыратын дидактикалық ойындарды оқу үрдісіне мақсатқа бағытталған түрде енгізу болып табылады.
Дидактикалық ойын мектеп оқушыларының белсенділігін арттырып, қиын оқу материалдарын меңгеруді жеңілдетуі және көлемі бойынша үлкен оқу материалдарды есте сақтауға мүмкіндік беруі тиіс.
3-сурет. Дидактикалық ойындардың оқу тапсырмаларын шешу үрдісіндегі мектеп оқушыларының іс-әрекеттерінің сипаты
Оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттыру үшін мыналарды жүзеге асыру қажет:
1. Жағдайға қарай шығармашылық белсенділікті іске қосу;
2. Төмендегідей шығармашылық белсенділіктің жүйелі циклдарын іске қосудың алғышарттары ретінде шығармашылық жағдайларын жүзеге асыру:
а) шығармашылықтың Мен–субъектісінің рольдік образын игеру;
б) шығармашылықтың жетекші ішкі орындаушы механизмдерін игеру;
в) шығармашылықтың әралуан түрлерін игеру;
г) ойын ұжымының шығармашылық бағытталушылығын дамыту;
д) ойын арқылы шығармашылық нәтижені елеулі түрде сезінетін жағдайларды қарастыру.
Белсенділікті дамыту үрдісіне ықпал етуі тұрғысынан келесі ойын типтері мен ойындық формаларды айқындауға болады:
а) оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамытатын ойын формалары (шығармашылық белсенділікті дамытудың жалпы немесе спецификалы емес шығармашылық ойындық құралдары).
б) тұлғаның жекелеген қасиеттерін және шығармашылық белсенділікті құрайтын іс-әрекетті дамытушы ойындар. Бұл тип интеллектуалды–дамытушы, танымдық және көркемдік сияқты бірқатар қозғалыс ойындарынан да тұрады.
в) ерекше шығармашылық ойындар.
г) арнайы шығармашылық ойындар.
Ойынды шығармашылық деп ажырату мүмкіндігі бәрінен бұрын ойын мақсатының арнайы шығармашылық сипатымен анықталады.
Шығармашылықтың төмендегідей негізгі деңгейлерін анықтауға болады:
- ойынды таңдау шығармашылығы (тұлғааралық өзара әрекеттестіктермен байланысты міндеттерге жауап беретін және жеткіншектердің маңызды мұқтаждықтарын қанағаттандыратын, оның үстіне заттық-ойындық ортаның нақты жағдайларында мүмкін ойындар мен ойындық формаларды іздеудегі оның мәні);
- ойынды жоспарлау және ұйымдастыру шығармашылығы;
- ойынның түрін өзгерту шығармашылығы;
- ойынды құру шығармашылығы. Бұл жағдайда да негізінен екі негізгі форма қарастырылады: аналогия немесе үлгі бойынша ойынды құру; элементтерден ойынның барлық объектілі және кеңістіктік–мезгілдік құрылымын жасау. Соңғы деңгей жеткіншектердің дербес ойындық іс-әрекетінде сирек көрініс береді (педагогикалық тәжірибеде де), қарапайым формада жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |