4. Мемлекеттік қызметші және Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілеттілігі.
2014 жылдың тамыз айында атқарушы органдарды оңтайландыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) бірігуі арқылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Жаңа Агенттіктің практикалық қызметі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталды. Мемлекеттік органның жаңа міндеттері 2014 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің № 986 Жарлығымен бекітілген, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияда белгіленді. Қазақстан Республикасының қабылдаған қадамдары әр мемлекеттің алдына мемлекеттілікті нығайту міндетін қойған жаһандық тегеурінді талаптары мен қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне сәйкес болды. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев 2015 жылы 11 наурызда «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде, жалпы мемлекетті жаңғырту жөніндегі бес институттық реформаны ұсынды.
Осы негізде, ол «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспары (бұдан әрi – Жоспар) әзірленді. Мемлекет басшысының бірінші институционалдық реформасы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталған. Ол жоғарыда аталған реформаны жүзеге асыру үшін 15 нақты қадамды қамтиды: мемлекеттік қызметте кіру рәсімдерін жаңғырту, төменгі лауазымдарға кандидаттарды іріктеу және оларды құзыреттілік тәсіл негізінде одан әрі ілгерілетуді жүзеге асыру, мемлекеттік қызметке алғаш кіргендер үшін міндетті сынақ мерзімін енгізу. Сондай-ақ, Жоспарда еңбек нәтижелері бойынша мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу, лауазымдық жалақыға өңірлік түзету коэффициенттерін енгізу көзделген. Мемлекеттік қызметті жаңғырту шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуі үшін конкурстық іріктеуге көшу, меритократия қағидатын күшейту, тұрақты оқыту жүйесін құру, сондайақ жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерді кешендік аттестаттау жүргізу жұмыстарына ерекше назар аударылатын болады. Мемлекеттік қызметтің жаңа моделін институттандыру және мемлекеттік аппарат қалыптастыру бойынша барлық теориялық тәсілдер мен негіздер, сондай-ақ практикалық шаралар аталған Жоспар шеңберінде қабылдау көзделген, мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңда бекітіледі. Жоспар қазақстандық қоғамда оң қабылданды. Тек бірлескен ісшаралар векторы және қоғам мен мемлекеттің өзара түсіністігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес алаңын жасай алады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін мақсаттар мен іс-шаралар кешенді болуы керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жартылай шараларды, таңдамалы немесе азаматтардың жекелеген санаттарына төзбейді. Тек заң алдында азаматтардың теңдігінің конституциялық қағидаты толық іске асырылса, мемлекеттің мақсаттарына деген сенім арта түседі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметінің тиімділігін арттырудың маңызды бағыты болып табылады. Бұған мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың, монополия субъектілерінің қызметінің ашықтығын, айқындығын, қоғам алдындағы есептілігін арттыру, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін кеңейту септігін тигізуі тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-шараларын іске асыру аясында мына заңдар қабылданды: сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл туралы, мемлекеттік бақылау және аудит туралы, мемлекеттік сатып алу туралы, қоғамдық кеңестер туралы, ақпаратқа қол жетімділік туралы және т.б.
Енгізілген жаңашылдыққа сәйкес, 2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасының барлық азаматтары өз табысын ғана емес, сонымен қатар шығындарын да жариялаулары керек. Осылайша, Қазақстанда халықаралық тәжірибе мен ел дамуының ұлттық ерекшеліктерінің негізінде мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласында реформалар жүргізуде өз тәжірибесін жинақтады деп қорытынды жасауға болады. Орталық және жергілікті мемлекеттік басқару органдары жүйесінде функционалдық және құрылымдық өзгерістер өтті, мемлекеттік қызметтің жаңа моделі құрылды. Қоғамдық өмірдің әр түрлі бағыттары мен салаларында қойылған мақсатқа сәйкес, реформа кезеңді түрде жүзеге асты. Бұрын қойылған көптеген міндеттер орындалды немесе орындалуға жақын қалды десе де болады, олардың кейбіреулері мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметті жаңғыртуға бағытталған әкімшілік реформаның жаңа кезеңінде өзекті болып отыр.
ПІКІРТАЛАС ҮШІН СҰРАҚТАР
1. Әкімшілік реформаның ерекшелігі неде?
2. Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мемлекеттік қызметтің рөлі қандай?
3. Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу қалай атқарылады?
4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет қағидаттарын іске асыру мәселелері қандай?
Әдебиет
1. Байменов А. М. Государственная служба. Международный опыт. Казахстанская модель. - 2-е издание. - Астана: Академия государственного управления при Президенте Республики Казахстан, 2013.
2. Капаров С. Г. Совершенствование государственной службы в Казахстане. - Екатеринбург: Контекст-АП, 2005. 3. Федотова З. Л. Реформа системы государственного управления в Республике Казахстан: постепенность и последовательность этапов // Государственное управление и государственная служба. - 2010. - № 4. - с. 13-17. 4. Мемлекеттік қызмет туралы: Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі № 453-I Заңы // АҚЖ «Әділет» (23.12.2015).
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы: Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V Заңы // АҚЖ «Әділет» (23.12.2015).
6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы: Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шілдедегі № 267-I Заңы // АҚЖ «Әділет» (23.12.2015).
7. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы: Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V // АҚЖ «Әділет» (23.12.2015).
8. Әкімшілік рәсімдер туралы: Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы N 107 Заңы // АҚЖ «Әділет» (23.12.2015).
9. Нормативтік құқықтық актілер туралы: Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы № 213-I Заңы // АҚЖ «Әділет» (23.12.2015).
10. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы: Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 377-IV Заңы // АҚЖ «Әділет» (23.12.2015).
http://emirsaba.org
Достарыңызбен бөлісу: |