1. Тропосфера. Атмосфераның ең астыңғы, орташа температурасы биiктiк бойынша төмендейтiн қабатын тропосфера дейдi. Оның жоғарғы шекарасының биiктiгi ендiк пен жыл маусымы бойынша және де атмосфера айналымы бойынша өзгермелi келедi. Тропосфераның биiктiгi экватор маңында 16–18 км, қоңыржай белдеулерде 10–12 км, полюстарда 8–9 км құрайды. Тропосфераның жоғарғы шекарасының биiктiгi қыста төмендесе, жазда бiршама көтерiлiп отырады, сонымен қатар жоғарғы қысым облысының үстiнде төмендеп, төменгi қысым облысының үстiнде көтерiледi. Тропосферада ауа горизонтальдi және вертикальдi бағыттарда қозғалады және үнемi араласып тұрады. Осы қабатта су буының негiзгi бөлiгi орналасады, бұлттар құрылады, жауын-шашын жауады, әртүрлi метеорологиялық құбылыстар байқалады. Тропосферада әр 100 метр биiктiк сайын температура орташа алғанда 0,650С-ға төмендейдi. Орташа жылдық температура жер бетiнен тропосфераның жоғарғы шекарасына дейiн экватор маңында плюс 260С-дан минус 750С-ға дейiн, қоңыржай белдеулерде плюс 30С-дан минус 550С-ға дейiн, Солтүстiк полюста минус 230С-дан қыста минус 600С-ға, жазда минус 480С-ға дейiн төмендейдi. Тропосфераның жоғарғы шекарасында ауа қысымы жер бетiндегiден 3–10 есе төмен болады. Тропосфераның жермен жанасып жататын ең төменгi жiңiшке 50–100 м биiктiкке дейiнгi қабатын жерге жақын ауа қабаты деп атайды. Бұл қабатқа жер бетiнiң әсерi өте зор, яғни онда температураның тәулiктiк тербелiсi айқын байқалады. Температура күндiз биiктiк бойынша өте жылдам төмендейдi, түнде кейде керiсiнше өседi. Бұл қабатта желдiң жылдамдығы да биiктiк бойынша қатты өседi. Ал жер бетiнен 1000–1500 метр биiктiкке дейiнгi ауа қабаты планетарлық шекаралық қабат немесе үйкелiс қабаты деп аталады. Бұл қабаттағы ауа қозғалысына жер бетiнiң үйкелiстiк кедергiсi байқалады. Үйкелiс қабаты метеорологиялық өлшемдердiң тәулiктiк тербелiсiнiң байқалуымен сипатталады. Үйкелiс қабатынан жоғары, жер бетiнiң әсерi болмайтын атмосфераны еркiн атмосфера деп атайды.
Тропосфераның жоғарғы шекарасында, тропопаузаның астында болатын жылдамдығы өте жоғары (150–300 км/сағ) жiңiшке ауа ағындары – жылғалы ағындар деп аталады. Тропосфера мен стратосфераның арасындағы тропопаузаның қалыңдығы 1–2 км құрайды және онда температура биiктiк бойынша тұрақты болады немесе аздап өседi.
Достарыңызбен бөлісу: |