Заем шартының мазмұны. ҚР АК заем пəнiн беру тəртiбiн реттейдi. Заем пəнiн беру мерзiмдерi, мөлшерi, жағдайлары шартта анықталады. Егер шартпен өзгеше көзделмесе, заем пəнi оны заемшыға беру немесе оның банкiлiк шотына ақша аударған сəтте берiлдi деп есептеледi. Заемшы заем алудан бас тартуға құқылы, бұл туралы ол заем берушiнi оны берудiң шартпен белгiленген мерзiмiне дейiн толығымен немесе iшiнара хабарландыруға тиiс. Заемшының бас тарту құқығына тiкелей заңнамада немесе шартта көрсету арқылы тыйым салыну мүмкiн. Тектiк белгiлермен анықталатын заттарды беру жөнiндегi заем берушiнiң мiндетiн анықтайтын азаматтық кодекстегi норма жаңа норма болып табылады.
Оларды беру сатып алусату шарттары бойынша заттарды сатушылармен беру жағдайы үшiн белгiленген, саны, сапасы, ыдысы мен буыптүйiлуi бойынша көзделген талаптарды сақтаумен жүзеге асырылуға тиiс.
Жалпы ереже бойынша заем нысанасы болады. Бұл орынды, өйткенi заемшы заем пəнiн өз меншiгiне алады жəне оған оның кездейсоқ жойылуының барлық қауiптерi жүктеледi. Сол себептi заемшы алған заем пəнiн өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы. Кейбiр жағдайларда заем берудiң ерекше жағдайларына байланысты, мысалы, егер заем ерекшелiк (заемшының қаражатқа деген аса қажеттiлiгiне байланысты т.с.с.) ретiнде берiлген болса, заем берушi қарызға алынған соманы қайтаруды шынайы түрде қамтамасыз ете алатын жағдайларды заемшының сақтауына мүдделi болуы мүмкiн. Аталған ұқсас себептердiң салдарынан заем оны нысаналы пайдалану шартымен берiлуi мүмкiн (ҚР АК 720б. 2т.).
Нысаналы заем берген заем берушi заемның нысаналы пайдаланылуын бақылауға құқық алады. Заемшыға заем берушiнiң осындай бақылауды жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мiндетi жүктеледi. Егер заемшы заем пəнiн нысаналы пайдалану жөнiндегi, сондайақ оған заем берушiнiң бақылау жасауын қамтамасыз ету жөнiндегi мiндетiн орындамаса, онда заем берушi шарттан бас тартуға жəне заем пəнiнiң берiлмеген бөлiгiн бермеуге құқылы. Сондайақол заемшыдан заем пəнiн жəне ол бойынша сыйақыны мерзiмiнен бұрын қайтаруды талапетуге құқылы.
Заемшыға заем пəнiн қайтару жəне сыйақы төлеу жөнiндегi өз мiндетiн орындаукды қамтамасыз ету мiндетi жүктелуi мүмкiн. Қамтамасыз ету тəсiлдерi басқа мiндеттемелердi орындауды қамтамасывз ету үшiн қолданылатын тəсiлдер сияқты. Түсiндiрiле алатын себептерге байланысты мiндеттеменi орындаудың кепiлпұл сияқты тəсiлi қолданыла алмайды, жалпы, ол реалды шарттар бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн қолданылуға жатпайды. Негiзiнен тəжiрибеде мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудiң кепiл сияқты тəсiлi қолданылады. Заем берушiге, сондайақ, заемның қамтамасыз етiлуiне бақылау жасау мүмкiндiгi де берiледi, егер заңды актiлермен немесе шартпен өзгеше белгiленбесе. Бақылау заемшының жалпы мiндеттемесiн орындауға қамтамасыз етудi қолдануға да жəне қамтамасыз етудiң тиiстi тəсiлiн қолдануға да жүзеге асырылуы мүмкiн.
Заемшы қарызды қайтару бойынша өз мiндетiн өзiнiң орындамау қаупiн сақтандыруға құқылы. Қазiргi кезеңде сақтандыру бiрқатар мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудiң тиiмдi тəсiлiне айналып отыр (жоғарыда рента төлеудi қамтамасыз ету үшiн сақтандыруды қолдану туралы айтылған болатын), алайда таза заңдық мағынада ол мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету тəсiлiне жатпайды.
Заемшы заем пəнiн қайтаруды жəне сыйақы төлеудi қамтамасыз ету жөнiндегi мiндетiн орындамаған кезде, сондайақ заем берушi жауап бермейтiн мəнжайлар бойынша қамтамасыз етудi жоғалтқан немесе оның шарттарын нашарлатқан жағдайда заем берушi шарттан бас тартуға құқылы.
Заем шартының негiзгi мазмұны: заемшының заем сомасын (тектiк белгiлермен анықталған заттарды) қайтару мiндетi жəне тиiсiнше заем берушiнiң оларды қайтаруды талап ету құқығы.
Заем пəнiн қайтару тəртiбi ҚР АК 722бабымен реттелген. Қайтару мерзiмi заем шартының мəндi жағдайларына жатпаса да оның өзiндiк маңызы бар, заем шарты барлық жағдайларда дерлiк шарт пəнiн беру мерзiмiн көрсете отырып жасалады, соған сəйкес қайтару мерзiмi де анықталады. Заем мерзiмi көрсетiлмей берiлген кезде немесе оның мерзiмiн анықтау мүмкiн болмайтын жағдайда ҚР Акң 722бабының 1тармағының ережесi қолданылады. 277баптың 2тармағына сəйкес орындалу мерзiмi талап ету сəтiмен анықталған мiндеттеменi орындау үшiн жетi күндiк жеңiлдiк мерзiм белгiленгенi белгiлi. Заем шарты үшiн осындай мерхiм отыз күндi құрайды, ол заем берушiнiң қарызы қайтару туралы талапты қойған сəтiнен бастап есептеледi. Бұл жеңiлдiк мерзiм орындалу мерзiмi талап ету сəтiмен анықталған шарттар бойынша заем пəнiн қайтару кезiнде ғана емес, сонымен қатар заем берушiнiң талап етуi бойынша заем пəнiн мерзiмiнен бұрын қайтарған жағдайларда да қолданылады (ҚР АК 223б.).
Сыйақы төлеу туралы шартсыз берiлген заем пəнi мерзiмiнен бұрын қайтарылуы мүмкiн. Егер шартпен сыйақы төлеу көзделсе, онда бұл жағдайда заем пəнiн қайтаруға заем берушiнiң алдын ала келiсiмi талап етiледi. Бұл ҚР АКң 282бабының 2тармағында белгiленген ереженiң əрекет етуiмен түсiндiрiледi. Соған сəйкес негiзгi қарызды өтеу мен сыйақы төлеу жөнiндегi мiндеттеме қатар туындаған жағдайда бiрiншi кезек сыйақы төлеуге берiледi. Əсiресе жоғарыда келтiрiлген жағдайда, заем пəнiн қайтару мерзiмi əлi туындаған жоқ, сондықтан заем берушi қосымша пайда таба алады, яғни заем пəнiн мерзiмiнен бұрын қайтару оның мүддесiне сай емес.
Заем пəнi оны заем берушiге берген немесе оның банктегi шотына тиiстi ақша аударылған кезде қайтарылды деп есептеледi. Заем пəнiн қайтару ерекше түрдегi (ерекше болатын себебi – əдеттегi баламалы мiндеттемедегi сияқты орындауды таңдау құқығы борышқорға емес несие берушiге берiледi)
баламалы мiндеттеменiң болуымен өзара байланысты. Ақша заеммы шарты бойынша заемшының мiндеттемесi тектiк белгiлермен анықталған заттарды беру жолымен орындалуы мүмкiн.
Егер заттар заемы шарты жасалса – борыш есебiн ақша берiлуi мүмкiн. Заттардың құны тараптардың келiсiмiмен анықталады (ҚР АКң 722б, 2т.). Шартпен заем пəнiн бөлшектеп (бөлiпбөлiп) қайтару көзделгенде борышқор заем пəнiнiң кезектi бөлiгiн қайтару үшiн белгiленген мерзiмдi бұзған жағдайда заем берушiде заем пəнiн тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап ету құқығы пайда болады.
Заемшының заем берушiге сыйақы төлеу жөнiндегi мiндетi туралы жоғарыда атап өткенбiз. Сыйақыны төлеу тəртiбi мен мерзiмi оның мөлшерi мен нысаны сияқты заем шартымен белгiленедi.
Егер сыйақыны төлеу тəртiбi мен мерзiмдерi шартпен белгiленбесе, онда ол ай сайын төленедi. Егер заемшы заем пəнiн қайтару бойынша мiндетiн орындауды кешiктiрсе, онда сыйақы кешiктiрiлген уақыт iшiнде есептелiп төленедi (заем пəнiн пайдаланған бүкiл кезеңге төленедi ҚР АК 718 б. 3т.).
Заем шартының жазбаша нысанда бекiтiлуi заем берушi заемшыға шарт бойынша талап етiлетiн орындауды iс жүзiнде бермейтiн жағдай қалыптасуы мүмкiн екенiне кепiлдiк бере алмайды. Осыған байланысты даулар сот тəжiрибесiнде жиi кездеседi. Əрине, заемшының мүддесiн қалай да қорғау қажет, сондықтан оған заем шартын оның валютасыздығы бойынша даулау құқығы берiлген. Бұл кейiнгi уақыттың тапқырлығы емес, өйткенi осындай даулау мүмкiндiгi рим құқығында да мойындалған. Заемшы заем шартын заем берушiден өзiнiң заем пəнiн iс жүзiнде алмағандығына немесе шартта көрсетiлгеннен аз мөлшерде алғандығына сүйене отырып даулауға құқылы. Дəлелдеу мiндетi бұл жағдайда заемшыға жүктеледi. Егер заңнамаға сəйкес заем мəмiлесiнiң жазбаша нысаны талап етiлсе жəне ол сақталмаса, онда оны куəгерлiк көрсетулер арқылы даулауға жол берiлмейдi. Бұған шарттың алдау, күш қолдану, қорқыту, тараптар өкiлдерiнiң қаскүнемдiк келiсiмi немесе ауыр мəнжайлар тоғысуының ықпалымен жасалған жағдайлар қосылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |