Адам ойланып тұрып қалады. Осы сәтте Жақсылық:
-Ей, адамзаттың баласы, сен әлсіздерге қорған болып, қол ұшыңды беру үшін жаратылғансың. Мына бейшара балапанды ұясына сала кет. Шарапаты тиеді,-дейді.
Адам тағы да шыдай алмай балапанды алып, теректің басына өрмелеп шығып, ұясына салып кетеді. Балапан шиқ-шиқ етіп, қанатын қағып, разы болады.
Адам демалып алмақшы болып отыра бергенде, аяғының астында бидайдың дәнін әрең сүйреп бара жатқан құмырсқаны көзі шалады. Құмырсқа дәннің о жақ, бұ жағына шығып, қозғауға ыңғайлы ретін таба алмай, ісі өнбей келеді екен. Адам әуелі Жамандықтың айтуымен құмырсқаны дәннен айырып тастағысы келіп оқталды да, шыр-пыр болған Жақсылықтың сөзіне құлақ түрді. Ол:
-Әй, адам-ау, қалай ғана адамдығыңнан айнып кетуге әзір тұрасың. Бұл құмырсқа өзінен үлкен дәнді сүйреп, машақаттанып келе жатқанда қол ұшыңды көрсетіп, жолына салып жіберудің орнына, оны қызықтап, ермек қылғың келгені қалай? Одан да еңбек етуді осы кіп-кішкене тіршілік иесінен үйренбейсің бе?- деп налыған екен.
Достарыңызбен бөлісу: |