(Ұ) Өзекті мәселелер.
Жұмбақтарды шешу арқылы маусымдық өзгерістер туралы түсінік беру.
Аяз қысып, өрнек сызып,
Терезені торлайды.
Қарға омбығып,
Бет домбығып,
Сырғанап жастар ойнайды.
Бөбектерім, айтыңдаршы
Бұл қай кезде болады? (Қыс).
Қар, мұз еріп, су көбейіп,
Сай-салаға толады.
Бүршік жарып, жарық ашып,
Гүл бәйшешек басады.
Бөбектерім, айтыңдаршы
Бұл қай кезде болады? (Көктем).
Өрік, алма,
Жидек жүзім піседі.
Қауын-қарбыз,
Қияр, сәбіз дүкендерге түседі.
Астық пісіп, орақ түсіп,
Қырман дәнге толады.
Бөбектерім, айтыңдаршы
Бұл қай кезде болады? (Жаз)
Бұлттар төніп, жерге төгіліп,
Дымқыл тұман басады.
Шөп сарғайып, өңі тайып,
Дала нұры қашады.
Ойнай алмай,
Денең мұздап тоңады.
Бөбектерім, айтыңдаршы
Бұл қай кезде болады? (Күз)
Балалар, қандай жыл маусымдарын білесіңдер?
Жылдың төрт мезгілі бар: қыс, көктем, жаз, күз.
Маусымдық өзгерістерге анықтама беріп көрейікші.
Маусымдық өзгерістер – әр жыл мезгілінде өзіне тән табиғат құбылыстары мен өзгерістері.
Ертегі: «Жыл атайдың төрт баласы»
Ерте, ерте, ертеде Жыл атай өмір сүріпті. Ол бүкіл табиғат құбылыстарының иесі болыпты. Табиғаттың әрбір мүшесі Жыл атайдың құзырында екен. Жыл атайдың мінездері әртүрлі төрт баласы болыпты. Бірінші баласының аты – Қыс екен. Оның мінезі өте қатал, ашушаң болған екен. Мінезінің қатты болғанымен, көңілі пәк, ниеті түзу екен. Бірақ ашуланса, бүкіл әлемді өзінің суық ызғарымен тоңдырып тастайтын көрінеді.
Ал үлкен баласынан кейінгі баласының аты – Көктем екен. Көктем өте көңілді, жайдары, жан-жағына шуағын, нұрын төгіп жүреді екен. Қыс ағасының ашуланған кезінде осы Көктем ашуын басып, сабырға келтіріп отыратын көрінеді. Көктемнің ерекшелігі бүкіл тіршілік иелеріне мейірлене қарап, жан бітіреді екен. Сондықтан оны жануарлар мен өсімдіктер патшалығы ерекше құрметтейді екен. Бірақ Көктем кейде мұңайып та қалады екен. Осындай мұңайған сәтте көмекке келетін үшінші баласы Жаз екен. Жаз Жыл атайдың барлық балаларының ішінде ең жайдары, ең мейірімдісі екен. Жаз бүкіл жер бетіне өзінің ыстық шуағын төгіп, жеміс-жидектердің пісуіне септігін тигізеді екен. Жазға бүкіл гүлдер патшалығы бағынатын көрінеді. Бүкіл жәндіктер мен жануарлар да оған дән риза. Жыл атайдың ең кенже баласы – Күз екен. Күз үнемі мұңайып, томсырайып жүреді екен. Бірақ кейде қуанышты сәттері де болады. Томаға тұйық мінезіне қарамастан, Күз өте жомарт, қолы ашық екен. Әсіресе, оған Адамдар патшалығы дән риза. Өйткені астықпен, жеміс-жидектермен, көкөністермен қамтамасыз ететін осы Күз екен.
Жыл атай әр баласының мінездерінің ерекшеліктеріне қарамастан, оларды өте жақсы көріпті.
– Ертегі не жайында айтылған?
– Жыл атайдың қанша баласы бар екен?
– Ертегіде қандай мезгілдер туралы айтылған? (Ұ) «Маусымдық өзгерістер» тақырыбында сурет бойынша әңгімелеу (1-тапсырма)
– Балалар, суреттен нені байқадыңдар?
– Қай мезгілді көріп отырсыңдар?
– Қыс мезгілінде қандай өзгерістер болады?
– Жаз мезгілінің басқа мезгілдерден айырмашылығы қандай?
– Күз мезгілінде ағаштардың жапырақтары неге сары түске енеді деп ойлайсыңдар?
– Көктем мезгілінде алғаш жер бетіне шығатын қандай гүл?
(Ұ) «Байқағыштық» деген жаңа ұғым бойынша жұмыс.
Маусымдық өзгерістерді бақылату.
Серуенде аулаға шығып табиғат құбылыстарына бақылау жасау.
Бақылау: «Маусымдық өзгерістерді бақылау» Қазір жылдың қай мезгілі?
Күзде ауа райы қандай болады?
Қыс мезгілінің басқа мезгілдерден айырмашылығы неде?
Жазда қандай маусымдық өзгерістер болады? Көктемде алғаш қандай гүл жарып шығады?
Әр жыл мезгіліндегі жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігі қандай?
Жақын маңдағы саябаққа баруға ұсыныс тастаңыз. Осы сұрақтарға жауап іздеу.
Байқағыш адамның қасиеттері бірге қалыптасады және карточкалар көмегімен белгіленеді:
• нысандардың, құбылыстардың ерекшеліктерінің барлығын байқау ептілігі;
• елеусіз заттардың өзін байқау шеберлігі;
• арнайы аспаптарды қолдана білу іскерлігі;
• сұрақтарды қоя білуі;
• бақылау қорытындылары бойынша жазбаларды жүргізе білуі;
• бақылаулар бойынша қорытындылар жасай білуі.
(Ұ) Өзекті мәселелер.
Жаз мезгілінде адамдар қалай киінеді?
Қыста ауа райы неге суық болады?
Астық пен жеміс-жидектің толық пісіп-жетілетін кезі қай мезгіл?
Өрік пен құлпынай жемісі қай кезде піседі?
ҚОРЫТЫНДЫ:
Маусымдық өзгерістердің жанды табиғатқа тигізер ықпалы зор. Көктемде жан-жануарлар мен өсімдіктер тіріліп, тіршілік басталады.
Жануарлардың кейбір түрі жаз, күз мезгілдерінде азықтарын жинап, қыста қысқы ұйқыға кетеді. Адамдар да әр маусымдық өзгерістерге байланысты киім киеді. Көктемде жерді жыртып, дәнді-дақылдар мен көкөністерді, жемістерді отырғызып, жазда күтіп-баптап, күзде жинап алады. Әр маусымдық өзгерістердің өзіндік ерекшеліктері бар.
(Ө) «МЕН БАҚЫЛАП ҮЙРЕНЕМІН» практикалық жұмысы.
Бақылау нәтижелері бойынша бірлескен қорытынды шығарылады: Маусымдық өзгерістердің – жанды табиғат иелеріне тигізер ықпалы зор.
(Ұ) Өзекті мәселе.
«Маусымдық өзгеріс» дегенді ғылыми тұрғыдан қалай түсіндіресіңдер?
(Ұ, Ө) Әліппе-дәптермен жұмыс жүргізуге болады (2-3-тапсырмалар)
|