ҚОРЫТЫНДЫ
Сайын Мұратбековтың қай туындысын алып қарасақ та, бірінен-бірі асып, оқырман жүрегін бірден жаулап алады. Оның шығармалары оқиға желісінің шынайылығымен, тілінің көркем де өрнектілігімен, кейіпкерлердегі адамгершілік қасиеттерінің биіктігімен дараланып тұрады. Сайын Мұратбеков жасаған адам образдарының жүйесінде қазақ әдебиетінде бұрын көрініс таппаған өмір құбылыстарын көтеріп тұрған болмысы бөлек типтік тұлғалар тобы көптеп кездеседі. Ол кейбір кейіпкерлерінің қуанған, бақыттан басы айналған шақтарының шындығын көрсете отырып, Сайын олардың шаттығын да мұңмен, кейде тіпті қайғылы бейнемен астастырып суреттейді. Сайын Мұратбековтің кейіпкерлерінің көпшілігінің өмірі осылайша бір қайғы, бір қуанышқа, бір үміт, бір өкінішке толып, күрделі, қиын болмысы арқылы оқырманға ерекше әсер қалдырады. Мұның өзі, бір жағынан, қаламгердің көркемдік әлемінінің ажарын айқындап көрсететін болса, екіншіден, әдеби шығарманы керкемдік-эстетикалық, стильдік тұрғыда байытып, оның даралық сипатын аша түседі. «Жабайы алма» соғыс жылдарындағы ауыртпалықтары мен қиындықтар, сол қиын жылдардағы ауыл өмірі,еңбек адамдарының төзімділігі мен бір-біріне деген шынайы достық қарым-қатынастары шебер суреттелген шығарма. Бұл шығарма бүгінгі кезең шындығымен астарласып жатқанымен құнды деуге болады. Балалық шаққа саяхаты, жабайы алма жеп аштықты басқаны, ауылдың тұрмыс-тіршілігі адамға ой салары сөзсіз. Басында оқып бастағанда жай ғана балалықтан бақ аралап, алма жеп жүр ғой деп қызыға оқисың, ары қарай көптеген сезім билеп әкетеді. Бұл - өмір бойы бір-бірін жеңе алмай келе жатқан махаббат пен зұлымдық, мейрімділік пен жауыздық, адалдық пен надандық. Қорқыныш пен өкініш, сағыныш пен үміт қатар жүргенде, қазіргі өмір оның қасында бақытты да қызыққа толы өмір ғой! Әр адамның жан дүниесін толғандыру үшін, өмірде бір жайттар, оқиғалар болады деп ойлаймын. Сол шынайы оқиғаға арқа сүйеп, Көкінайдың образы арқылы сол кездегі сұрапыл соғыстың қатыгездігін аңғаруға болады. Жануар болса да өз иесіне, өзінің мекеніне адал екенін, сол адалдық, сол сезім кейбір адамдардың бойында табыла бермейтіні анық берілген. С.Мұратбековтың «Жабайы алма» повесі «Тау бөктері тұтасқан жабайы алма болатын. Соғыс жылдары біз, жас балалар, қалың бөргезге қол-аяғымызды қызыл ала жоса ғып жырғызып, ұзақты күнге алмадан таңдап, сол бөктерде тентіреп жүруші едік» деген жолдарданың өзі мені бірден терең ойға, оқиғаның желісіне еріксіз сүңгітіп әкетті. Ал сөз байласқан екі ғашық Тоқтар мен Нәзираның бір-біріне деген ыстық, пәк махаббатын жарқ етіп,ағып түскен жұлдыздай десе де болады.Сүйгені соғысқа,жауға аттанып, арада бірнеше уақыт өткенде қара қағаз да келіп үлгереді.Сол сәтте, «әттеген-ай,неге ғана бұларға тағдыр қосылуды жазбаған екен»деп, тамағына кеп тірелген өксікті де байқамай қаласың. Бұл тек қана сүйгенінен айырылған Нәзираның зары емес,бұл сол заманның,сұм соғыстың кесірінен екінің бірінің басына түскен қасірет,қайғы еді.Әкеден айырылған бала, ұлынан айырылған ана,жардан айырылған жесір, сүйгенінен айырылған қалыңдық, бұғанасы қатпай ауыр еңбекке араласа бастаған жасөспірім бүлдіршін мен еңкейгеніне қарамай еңбекке жұмылған шал-кемпір – бәрі бәрі бұл шығармада суреттелген. Жазушының құдіреттілігі, қиялға берілмей,повесті тұтас бір дәуірдің немесе кезеңнің тыныс – тіршілігін, өмірін, қаз-қалпында осы бір туындысына сыйғыза білуінде.
Достарыңызбен бөлісу: |