Диплом жұмысының құрылымы. Жалпы жұмыс кіріспеден, негізгі бөлім мен қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Әр ұлттың тарихында өмірімен де, еңбегімен де туған халқының ілтипатына бөленіп, оның сүйіктісіне айналатын ұлдары болады. Осындай азаматтардың қатарына қазақ әдебиеті тарихында Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сияқты ұлы тұлғаларды жатқызамыз. Олардың жазушылық өнерін қазақ халқы ғана емес, бүкіл әлем мойындап, шығармалары көптеген шет тілдерде басылды.
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің абыройын асырып, мәртебесін биіктеткен классиктердің бірі, көркем сөздің ұстасы, тапқырлық пен шешендіктің нұсқасы, дарқан дарын, академик- жазушы Социалистік Еңбек Ері Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов.
Ұлы сөз зергері, халқымыздың алыптар тобындағы ақиықтарның бірі – Ғ. Мүсірепов туралы ұлы тұлғалардың, ақын – жазушылардың, сыншылардың, ғалымдардың тума-туысқандарының ой-пікірлеріне, естеліктеріне сүйене отырып, диплом жұмысымды бастауға бет бұрдым.
Қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 1902 жылы 22 науырызда Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында туылған. /4.363/
«Мен ескіше жыл басы деп есептелетін «Наурыз күні» киіз үйде туыппын. Қазақ даласының ең суық жағын жайлайтын біздің елдердің бірсыпырасы ХХ ғасырдың бас кезінде де қыс айларын киіз үйде өткізеді екен.
Ол күні жерде сілкінбеген, күн түгіл ай да тұтылмаған: есте қаларлық боран да болмаған, ең алды қалжа сүйегіне иттер де таласа алмаған менсіз де үбірлі-шүбірлі бір қара үйде тағы бір бала туа салған да, басқа балаларының атына ұйқастыра ат берілген»,-деп жазады Мүсірепов өзінің автобиографиялық әңгімесінде.
Оның азанмен қойған аты – Ғабде-әл Ғабит. Бұл арабша–«құлдың құлы» деген сөз. Ғабиттің бір кезде, кейбір жазуларына осылай қол қойып жүрген шағы болды.
Ғабит документтерінде «1902 жылы туған» болып жүреді. Отызыншы жылдардың аржағында, оның документтерінде «1900» цифрі болатын. Осы «қайшылықтың» себебі неде?...
...Санаған шағымызда, Ғабиттің де сөзінің жаны бар болып шықты: мен туған жылдың «сиыры» - 1900жыл болар деп жүрсем, анық бір мәліметте 1901 жыл екен. Қазақша жыл наурыз айымен – яғни, марттың жиырма екісінен басталады.Сонда, егер мен 1901жылдың апрелінде тусам, (бұл жасымды Ғабитша дұрыстауға тырысқан жоқпын, себебі – бір жас жасарғанда қайда барам?!), сиыр жылының аяғында туған Ғабит, әрине 1902 жылы туған болады. /2.11-12/
Сауатын ауыл молдасынан ашқан ол он төрт жасында Обағандағы екі класстық орыс мектебіне оқуға түседі. Осы мектепте оған белгілі педагог, жазушы Бекет Өтетілеуов орыс тілі мен әдебиетінен дәріс береді. Болашақ жазушының әдебиеттің жолына түсуіне бұл жағдай айтарлықтай ықпал жасайды. Бұл турасында жазушы кейіннен «Бекет менің қыссаға құмарлығымды білгенен кейін, мені әдебиетке тарта бастады»-деп жазды. /4.363/
Екі кластық орыс мектебін бітірген соң, ол Бекет Өтетілеуовтің тікелей көмегімен Пресногорьковтағы жоғары бастауыш мектепте білімін жалғастырады. Осында жүргенде орыс, батыс әдебиетіне зер сала танысады. Көркем әдебиетке деген құштарлығы арта түседі. Ғ.Мүсірепов жоғарғы бастауыш мектепті 1921 жылы бітіреді.
Төңкерістен кейінгі қазақ даласындағы әлуметтік өмір дүмпулі болатын. Ғабит те ел ішіндегі саяси науқандарға араласып кетеді, мектепті бірге бітірген жиырма шақты бала. «Ақмола облысының оңтүстік партизандарының группасы» деген отрядқа келіп қосылып, ақ қазақтарға қарсы күреседі. Сонан кейін ауылда әскери комиссар, аудандық милиция бастығының орынбасары қызметтерін атқарады. Сол кезде елге танымал болып қалған. С. Мұқановпен кездесіп, оның кеңесімен Орынбордағы жұмысшылар факультетіне (рабфак) оқуға түседі. Рабфакта оқыған кезде (1923-1926) ол әдебиетке бет бұрғандай болды. Алғашқы әңгімесі қабырға газетінде жарияланды. /4.363/
Бұл жөнінде Ғ. Мүсірепов: «Мен сол кездегі Орынбор рабфагін кейбір жағынан жоғары дәрежелі мектептермен теңесе алады – ау деп ойлаймын. Әсіресе, әдебиет, тарих жағынан көп нәрселерді түбірлеп оқытушы еді. Қалайда он тоғызыншы ғасырдағы орыс классиктерін мен сол рабфакта ұғынып жатқандаймын. Әсіресе, Гоголь, Чехов, Горький бағыты »,-дейді.
Рабфакты бітірер кезде жазу талабы менде де ояна бастады. Қабырға газетіне бірінші рет ұзақ әнгіме жаздым ( кейін ол «Тулаған толқында» деген повеске айналып, менің бірінші басылып шыққан еңбегім болды»,-деп жазады.
1925 жылы «Едіге» деген қысқа әңгімесі «Еңбекші қазақ» газеті бетінде жарық көрді. Жұмысшылар факультетін бітіріп, «...Бірақ рабфакты бітіріп шыққаннан кейін де әдебиетке ауысуға табаным тұрақтай алмай, Омбыдағы ауылшаруашылық институтына барып түстім. Ол кезде оны академия деп атайтын. Әдебиетке алабұрту сонда басталды. Есеп үстінде отырып та, тәжірибе станциясында аудармалы егін салысып жүріп те ой алаңынан құтыла алмай қойдым. Өзгелер ауылшаруашылық үйірмелеріне кеткенде мен әдебиет үйірмесіне жазылдым. Жеті студент ортадан жалдап, өзін Белинскийдің шәкіртімін деп санайтын қартаң бір педагогтан қыс бойы оқыдық», -деп жазды ол.
1927-1928 жылдары Шортандыдағы (Шучинск) орман шаруашылығы техникумында оқытушылық қызметін атқарады.Осы кездерден бастап көркем шығармашылықпен белсенді түрде айналыса бастайды. Ол 1928-1938 жылдар аралығында кеңес, партия, баспа орындарында әртүрлі қызметтер атқарады. «Қазақстан» баспасының директоры, Қазақ АССР Оқу халық комиссариатының өнер секторының меңгерушісі (1933), «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің бас редакторы (1934-1935) БК (б) П Қазақстан Өлкелік Комитетінің баспасөз бөлімі менгерушісінің орынбасары (1936); Қазақстан Орталық партия Комитетінің саяси –ағарту бөлімінің меңгерушісі (1937).
Ғ. Мүсірепов 1938 жылдан 1955жылға дейін бірыңғай жазушылық жұмыспен шұғылданды 1955-1966жылдарда «Ара» журналының бас редакторы, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы болды. 1966жылдан өмірінің соңына дейін тек шығармашылықпен шұғылданды. Социалистік Еңбек Ері Ғ. Мүсірепов Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі, ССРО және Қазақ ССР Жоғарғы Саветтерінің депутаты, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, ССРО және Қазақстан Жазушылар одақтары басқармаларының хатшысы, Азия-Африка елдерімен достық –ынтымақ жөніндегі кеңестік Комитеттің және Еуропа мәдениеті қоғамы атқару комитетінің, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің мүшесі ретінде қыруар қоғамдық жұмыстар атқарды. Ол қазақ әдебиетін дамытуға сіңірген еңбегі үшін көптеген ордендермен, медальдармен марапатталып, әдеби, ғылыми сыйлықтардың иегері аталды.
Ғ. Мүсіреповтің тырнақалды туындыларында төңкерістен кейінгі қазақ даласында болып жатқан саяси-әлеуметтік оқиғалар көрініс тапқан. Алдында әңгіме болып жазылып, кейіннен (1928) повеске айналып жарық көрген «Тулаған толқында» жиырмасыншы жылдардағы ел өмірінде орын алған саяси күрес, оның жекелеген адамдардың тағдырына тікелей әсері суреттеледі. /4.364/
«Тулаған толқында» повесінің оқиғалық негізі азамат соғысы жылдарының тұсында болады. Мұнда негізінен алғанда екі жастың өмір шырғалаңына ұшырап, көп сергелдеңге түскені, азаттық бақыт үшін күрес жолына шыққаны баяндалған. Балықшы жігіт Біржан мен ауыл кедейінің қызы Шәйзаның ескі тұрмыс, ескі салт – сана тұтқынынан шығып, жаңа өмірге аяқ басуы айтылады мұнд. Бірақ ол кезде жастардың сүйгеніне қосылуы, көңіл қалауымен жүруі өте қиын мәселе. Қолында малы, аузында сөзі бар, айналасына әкімшілігі жүріп тұрған бай –шонжарлар озбырлықтың қандай түрінен де тартынбаған кез. Бірін –бірі сүйетін Біржан мен Шәйзаның арасына да осындай жыртқыштың бірі Оспан болыс килігеді. Өзінің қартайып, жер таянғандығына қарамастан, Оспан болыс қалай да Шәйзаны қолға түсіруді көздейді. Бұл кешегі теңсіздік жайлаған заманның ақиқатты көрінісі. Үстем тап өкілі атаулы әйел теңдігі дегенді ойына алып та көрмеген. Қалың мал төлесе , барлық дау шешіледі дейтін заман. /3.17/
Жалпы алғанда Ғ. Мүсіреповтің «Тулаған толқында»повесі ХХ ғасыр басындағы С. Көбеевтің «Қалың мал», М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» сияқты шығармаларымен тақырыптас, яғни бұл туындылардың көтерген мәселесі - әйел тағдыры, әйел теңсіздігі.
«Қос шалқар» (1928), «Көк үйдегі көршілер» (1929), «Бір адым кейін, бір адым ілгері» (1932), «Талпақ танау» (1934) сияқты әңгімелерінде төңкерістен соң қазақ даласында болған саяси өзгерістер – байларды тәркілеу, халықты ұжымдастыру суреттеледі.
«Қос шалқар» әңгімесінде осы аттас көлдің жағасында өмір сүріп жатқан елдің тұмыс-тіршілігіне жаңа заман әкелген жаңалықтар әсерлі бейнеленеді. Әңгіменің сюжеті қарапайым да шебер құрылған: автор «Қос шалқарда» үш рет болған. Әр жолы болғанында көргендерін көркем баяндау арқылы бұл өңірде болып жатқан өзгерістерді шынайы бейнелей алған. «Қос шалқар» бұрын Қасым байдың иелігінде болып келсе, соңғы келгенінде халықтың меншігіне айналған. Еңбекші жұрт ұжымдасып, шаруашылық құрған. Бірігіп еткен еңбек алғашқы жемістерін де бере бастаған. Елдің еңсесі көтеріліп, ертеңгі күнге деген сенімі арта түскендей.
«Алғашқы адымдарда» колхоз құрылысының қазақ шаруаларының тіршілігіне, психологиясына әкелген өзгерістері көрініс тапқан.
«Талпақ танау» (1933)- Ғ.Мүсіреповтің ғана емес, отызыншы жылдарындағы қазақ әңгіме жанрының айтулы табыстарының бірі. Колхоз болып ұжымдасқан шаруалардың дәстүрлі кәсіптерімен бірге оның жаңа түрлерін де игере бастағаны, шаруашылықтағы жаңалықтардың ауыл кедейлерінің психологиясына айтарлықтай өзгерістер әкелгені шебер суреттеледі. /4.365-366/
Осы жоғарыда айтылған «Қос шалқар» мен «Талпақ танау» сияқты әңгімелерін жаңа қоғамның, жаңа өмірдің ықпалы арқасында адамдардың тағдырындағы, ой-санасындағы елеулі өзгерістер айқын суреттелген.
Осы он жылдың ішінде (1928-1938) оның қаламынан: «Қос шалқар», «Талпақ танау», «Көк үйдегі көршілер», «Күсен» және т.б. әңгімелер; «Тулаған толқында», «Алғашқы адым» повестері; «Ана» циклындағы қысқа новеллалар; «Әдебиет айтысына», «Мен қалай жаза бастадым», «Мұхтардың хаты туралы», «Қазақстан» баспасының айы», «ҚазАППтың бүгінгі міндеттері», «ҚазАПП жаңа дәуірде», «Социалистік құрылыс дәуірі–түрі ұлттық мазмұны пролетариаттық көркем әдебиеттің өркендейтін дәуірі» және т.б. сын мақалалар туды.
1934 жылы Ғ. Мүсіреповтің «Қыз жібек» драмасы бойынша қазақтың мемлекеттік музика театрында (Қазір Абай атындағы опера және балет театры С.Ж.) спектакль қойылды. 1935 жылы жеке кітап болып шыққан драма кейіннен либреттоға айналдырылып, 1956 жылы жазушының таңдамалы шығармалар жинағының үшінші томынан орын алды.
Ғ. Мүсірепов 1936 жылы Бейімбет Майлинмен Всеволод Ивановпен бірлесіп «Аманкелді» киносценарийін жазды. Қазақтың тұңғыш көркем фильмі экранға 1938 жылы шығып, көрермендер тарапынан жоғары баға алды.
Ол 1938-1955 жылдар аралығында бірыңғай творчестволық жұмыспен шұғылданды.
Осы он жеті жылдың ішінде оның қаламынан: - «Қозы көрпеш Баян сұлу» (1939)
мен «Ақан сері-ақтоқты» (1942) атты классикалық трагедиялары мен «Амангелді» (1950) қыссасы; «Ер ана» (1942), «Ана кесімі айнымайды» (1942), «Ақлима»(1944) және т.б. әңгіме – новеллалары; «Қазақ батыры» повесі (1945), кейіннен «Қазақ солдаты» романы (1950) және «Оянған өлке» романдары (1953), М. Горький туралы (1943,1948,1950) үш мақала, «Өсер әдебиет пен өсірер сын керек», «Абай» (М.Әуезов пен Л.Соболевтің осы аттас трагедиясы туралы – С.Ж..) «Абай» романы туралы», «Айтыс қатарға қосылды», «Халық таныған жазушы» (С.Мұқанов туралы-С.Ж..), «Абай – қазақ операсының жаңа белі», «Алып ақын атамыз» (Жамбыл жөнінде – С.Ж..), «Майданнан соққан жаңа леп» (Қасым Аманжоловтың «Абдолла» деген поэмасы, Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» өлеңі туралы –С.Ж.. )...және т.б. көркем сын, өнер туралы мақалалары, әр алуан аудармалары мен очерктері шықты.
Белгілі жазушы өзінің 50 жасқа толуын «Оянған өлке» романын бітірумен қарсы алды... /1.14-16/
Ғ. Мүсірепов 1955-1966 жылдар аралығында «Автобиографиялық әңгіме»(1956), «Сөз жоқ, соның іздері» (1962), «Өмір жорығы» (1963), «Айгүл қойшының бір күні» (1964), «Тимка-Димка» (1965) және т.б. әңгіме– новеллалар, «Кездеспей кеткен бір бейне» поэмасы (1966ж); «Әдебиет тілі жайында», «Кино өнерінің келелі мәселелері», «Күресте туған ынтымақ», «Қос жұлдыз», «Айнымас көңіл , ажырамас құшақ», «Ұлы белес», «Тың түбірлі тақырып», «Азия-Африка жазушыларының қозғалысы жаңа белесте», «Мұхтар Әуезов туралы сөз», «Дос жүректен мың да бір сәлем!», «Италия сапарынан» және тағы басқа әдеби-көркем сын мақалалары, публицистикалық мақалалар жазды.
Ғ. Мүсірепов 1968 жылы қазақ кеңес әдебиеті мен филологиясын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақ ССР Ғылым академиясының академігі болып сайланды.
Республика жұртшылығы 1962 жылы көрнекті жазушының 60 жасқа толуын кеңінен атап өтті.
Ол 1966-1985 жылдар аралығында біріңғай творчестволық жұмыспен шұғылданды.
1968 жылы Ғабит Мүсіреповке «Кездеспей кеткен бір бейне» атты поэмасы үшін Қазақ ССР-ның Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді.
Соңғы жиырма жылға жуық уақыт көлемінде оның қаламынан: «Ұлпан»(1975), «Жат қолында» (1984) романдары, «Қыз жібек» киносценариі (1968), «Ақан сері-Ақтоқты» либреттосы (1979); «Болашаққа аманат» пьесасы (1981), «Қыран жыры» (1967), «Жапон балладасы» новеллалар циклы (1967), «Жиырма төрт сағатта» (1970), «Боранды түнде» (1972), «Екі әйел-екі дүние» (1977), «Қарлы Жаңбыр астында» (1980), және т.б. әңгіме – новеллалары; «Асқындырып алмайық, достар» (Көркем тіл туралы-С. Ж..), «Аға сөзі», «Жауаптылық сезімі», «Жұлдыз көпір жайында» (Ш.Мұртазаевтың «Жұлдыз көпір» романы туралы-С. Ж.)«Талмай ізденіңдер», «Биік мұрат», «Ұлы міндет», «Очерк көркем шығармадай болсын», «Авгейдің ат қорасынан бастайық» (Көркем тіл жөнінде – С.Ж..). «Дәстүр мен жаңашылдық», «Ұлт әдебиеттерінің ынтымағы - ұлы күш», «Феномен - Феникс» (Жамбыл жөнінде-С.Ж..) тағы сол сияқты А.Сүлейменовтің кітабы, СССР халық артисті Күләш Байсейітова, З.Қабдолов, І.Омаров, М.Әуезов туралы көптеген сын мақалалары мен эсселері, очерктері жарық көрген еді.
1971 жылы еліміздің экрандарына «Қыз жібек» атты екі сериялы көркем фильм шықты. Сценарийін Ғ. Мүсірепов жазған бұл лента қазақ кино өнерінің алтын қорына қосылған үздік туынды болып табылады.
Республика жұртшылығы 1972 жылы классик жазушының 70 жасқа толуын кеңінен атап өтті.
Ғ. Мүсіреповке 1974 жылы кеңес әдебиетін дамытуға сіңірген зор еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Қазақ ССР Ғылым академиясының Президиумы 1977 жылы академик Ғабит Мүсіреповке филология ғылымын дамытуға сіңірген зор еңбегі үшін Қазақ ССР ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлығын беруге шешім қабылдады.
Республика жұртшылығы 1982 жылы ұлы суреткердің 80 жасқа толуын кеңінен атап өтті.
1984 жылы «Жат қолында» романы шықты. Бұл әйгілі «Оянған өлке» романының екінші кітабы еді. Отыз жылдан соңғы қауышу сәтті аяқталды. Шығарманы оқырман қауым жылы қабылдады, әдеби-көркем сын жоғары бағалады. Дәл осы жылы Ғ. Мүсіреповке Қазақ ССР Халық жазушысы деген атақ берілді.
Ұлы қаламгер Ғабит Мүсірепов өзінің бүкіл творчестволық ғұмырында, өмірінің соңғы күндеріне дейін СССР және Қазақстан Жазушылар одақтары басқармаларының секретары болды. /1.18-20/
Ғабит Мүсірепов өз кезеңіндегі әдебиеттің дамуына сіңірген орасан зор еңбегінің арқасында бір қатар орден, медальдармен марапатталды. Атап айтсақ, үш рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы (Қазан төңкерісі), Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен, СССР медальдарымен марапатталды.
Өзінің бүкіл жарқын өмірі мен қайталанбас шығармашылығын туған халқы мен ұлтының мақсат мүдделеріне адал қызмет етуге арнаған, аянбай еңбек еткен қаламгер Ғабит Мүсірепов 1985 жылы 31 желтоқсанда 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Бірақ оның артында қыруар мұра қалды. Кейінгі ұрпақтардың, талай-талай келетін буындардың еншісіне қалған саф асылдай мұраның идеялық– көркемдік биік қасиеттері жылдар өткен сайын өзгеше бір қырынан ашыла беретініне, адамды және адамзат баласын ізгілікке, сұлулыққа, шындыққа тәрбиелей беретін мәңгілік құдіретін жарқырата түсетініне күмән жоқ.. Сондықтан болар, «Мүсірепов болса қашанда таңдануға лайық тұлға!» - деген көрнекті суреткер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің пікірін сүйсіне қайталай бергің келеді.../1. 22-23/
Ғабит Мүсірепов шығармаларының тақырыптарын салыстыра келе, мынандай қорытынды шығаруға болады: көрнекті қаламгер Ғ. Мүсірепов қазақ әдебиетіндегі жазушылар арасындағы ана тақырыбын ең мол, ең өнімді, ең сұлу жырлаушылардың бірі. Оның ана тақырыбында жазылған әңгімелерінің қатарына «Адамның анасы», «Өлімді жеңген ана», «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы», соғыс кезінде жазылған «Ер ана», «Ақлима» тәрізді новеллаларын, кейініректе жазылған «Екі дүние, екі әйел», «Ана жыры», «Атақты әнші Майра » әңгімелерін жатқызамыз.
Көрнекті жазушы Ғ. Мүсіреповтің ана туралы әңгімелері қазақ әдебиетін тақырыптық жағынан байытқан, жазу мәнері жағынан өзгеше өрнек әкелген бағалы шығармалар.
Жазушының ана тақырыбына арнайы жазған шығармаларының ішіндегі көлемдісі де, көрнектісі де –«Ұлпан» повесі. Шығарманың көлеміне, қамтылған оқиғалардың ауқымына қарай, қай бір зерттеушілер роман деп те атап жүр. «Ұлпан» он тоғызыншы ғасырдағы қазақ әйелінің трагедиялы тағдырына арналған. Повесть өмірде болған тарихи шындыққа негізделген. /4. 371/
Сонымен, сөз соңында айтарымыз, қазақ халқының көрнекті жазушысы әрі сыншысы «Өзін де, өзгені де қайталамаған» ұлы суреткері Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповке қазақ әдебиеті тарихында өшпестей із қалдырған шығармалары үшін, өз кезеңінің әдебиетін дамыту үшін, дүние жүзілік деңгейге көтеру үшін аянбай сіңірген еңбектері үшін үлкен алғыс!
Ғабит Мүсіреповтің «өлмейтуғын артына сөз қалдырған» алыптардың бірі екеніне күмәніміз жоқ. Осы арада Зейнолла Қабдоловтың «Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ. Мүсіреповпен мақтану керек» деген пікірі қаншалықты әділ айтылғаны еске түскенде, көңіліміз тағы бір есе көтерілері сөзсіз...
Кеңес одағының құрамында болып, Қазақстан 1941-1945жылдардағы фашистік Германиямен оның одақтастарына қарсы соғысқа қатнасты. Бұл соғыс жалпы одақ үшін де, оған бодан болған халықтар үшін де ауыр кезең болды. Большевиктер өзінің тәуелсіздігінен арйрылып қалмас үшін өзіне қарасты барлық халықтарды соғыстың апатына салды. Соның бірі боп соғысқа қазақтар да қатысты. Қазақстан да тұтастай соғыс мүддесіне қызмет етті. Кеңес одағының Еуропалық бөлігінен көптеген зауыттар мен оқу орындары, соғысқа жарамайтын халық Қазақстанға көшірілді. Оның үстіне өкімет сенімсіздік көрсеткен біраз халықтар (шешен, неміс,кавказдағы мұсылмандар, т.б.) жер аударылып осында келді. Бұлардың барлығы елдегі жағдайды ауырлатып, халықтың күн көрісіне әсер етті. Ерлер майданға кетіп, жұмыстың ауыртпашылығын әйелдер мен жас балалар көтерді...
Бейбіт құрылыс ісі тоқтап, елдің бүкіл экономикасы соғыс қажетіне ыңғайланып қайта құрылды. Соғыс кезіндегі қазақ әдебиетінің мазмұнын да осы жағдайлар белгіледі. Әдебиет өзінің негізгі жұмысын халықтың отанға берілгендігін бірлігін, ерлік пен тылдағы жанқиярлық еңбегін танытарлық үгітке құрды, партияның саяси үгітшісі болды. Фашизмның басқыншы саясаты мен жауыздығын әшкерелеу, халықты оған өшпенділікке, кек алуға шақыру қажеттілігі туды. Сонымен бірге әдебиет алдына майдандағы жауынгерлер мен елдегі еңбек ерлерінің ұнамды бейнелерін жасау, оларды көпке үлгі етіп көрсету міндеттері қойылды. Бұлар, әрине, әдебиеттің кейінгі көркемдік бағытына бірсыпыра нұқсан келтірді. Қаламгерлердің көбі бұрыннан жазып жүрген, әбден зерттеп білген, етене тақырыптарын тоқтатып, төтен талапқа құлақ асуға мәжбүр болды. Соған қарамастан, қазақ әдебиеті қоғам мен дәуір талаптарынан шығуға ұмытылып осы жолда жаңа көркемдік ізденістерге барды./6. 67/.
Қазақ романы белді де беделді жанрға айналды. Әдебиетіміздің қолы жеткен биігі, қуантар жемісі ең алдымен осы жанрмен өлшенеді. Бірақ мұндай табысқа жету жолы, әрине, даңғыл да, оңай болған жоқ, біз талай тар жол, тайғақ кешулерден өттік.
Өркен жайған қазақ халқы өзінің ұлттық келбеті мен тарихын дұрыс түсініп, басқа елдерге де жария еткісі келді, кешегісі мен бүгінгісіне жаңа дәуірдің биігінны көз жібере сана сарабына салып, өзіне-өзі есеп бергісі келді. Қол жеткен тарихи табыстар, ұлы жігер, ұлы қаркын эпикалық полотнолар жасауды талап етті. Демек, «Абай Жолы», «Ботакөздер» — ұлы дәуірдің шабытты қарқынына, өркені өскен халыққа лайық еді. Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабидендер уақыт талабын орындады. Замайымыздың қаһармандық тұлғасын, тарихи белестерді бейнелейтін эпикалық романдар — қазақ әдебиетінің ірі табысы.
Үлкен жанр тарихын саралағанда, қызғылықты тағы бір жағдайға тап боласың: әрбір кесек дарын иесі, өзіне ғана тән роман типін жасайды: басқаға мүлде ұқсамайтын өзіндік даралық қасиеті бар стиль құрайды. Мәселен, XX ғасыр прозасының көрнекті өкілдері: Мұхтар Әуезовты, Михаил Шолоховты, Эрнест Хэмингуэйді алып қараңыз, бір-біріне соншалықты ұқсамайды, бірақ бір-біріне соншалық жақын, даналығы жақын!
Әскери роман — әдебиетіміздің маңызды, мәнді саласы. Оның өресі жалпы әдебиет өресіне байланысты. 1941—1970 жылдардағы творчестволық тәжірибе бұған айғақ: әскери роман жалпы әдеби процеспен бірге дамып, өсіп келеді. Әскери әдебиет қазір бай. Жалынды жыр мен асқақ ән, роман мен повесть, новелла мен әнгіме, пьеса мен естелік —бәрі бүгінгі таңда бар. Романтикалық жалын, лирикалық тебіреніс, ауыр арпалысқа ден қою, документтік дәлдік... бұл жазылу формасындағы байлық. Қай форма, қаңдай түрде жазылса да, өнер туындысы тамыр тартатын құнар—шындық. Творчестволық процесс те соны растайды: календарь беттері жа-былған сайын шындық шыңырауына бойлап, халықтық тұлға жасау биігіне көтеріліп келеміз.
Көп ұлтты кеңес әдебиетінің қуатты отрядының бірі — қазақтың сөз өнері де құнарлы шығар-маларды миллиондаған оқушыға ұсынды. Қазақ әскери әдебиетінің көптеген өз проблемасы мен өз тарихы бар. Ұлы Жеңіске, жас қауымды тәрбиелеуге, көркем сөзді дамытуға қосқан өз үлесі бар. Өз даму тенденциясы бар.
Қанды майдан жылдары Ұлы Жеңіске ат салыспаған қазақ қаламгері болған емес. Ән мен жырда, хисса мен поэмада, әңгіме мен очеркте, пьеса мен мақалада кеңес жауынгерінің қайсарлығы паш етілді, көкірекке жеңіске деген сенім сезімі төгілді.
Соғыс жылдары көркем шығарма көп жазылып, бұла шындық бейнеленеді. Жалынды жылдар бейнесі, аға буын, жас буыннын жан тебіренісі, ізгі арманы, ой-сезімі, қаһармандығы - бәрін, бәрін үңілген адам сол кездегі көркем әдебиеттен табады.
Әскери прозаны екі үлкен топқа бөлуге болар еді. Бірінші топқа, көбінесе, соғыс кезінде, немесе, соғыс аяқталысымен іле-шала жазылған шығармалардың көпшілігі жатады. Бұлар — жалынды, жарқын туындылар, асқақ, ағынды шығармалар. Кеңес халқының жан сұлу-лығы, ерлігі мен елдігі — бұлар көктеген топырақ . Біздің жауынгерлердің қаһармандығы мен рухани асқарлығы мадақталып, фашистердің айуандығы мен азғындығы әшкереленді оларда. Объекті қаншалықты киын болғанымен кеңес адамының жарқын образы, патриоттық ісінен асқақ, арынды леп еседі. Ерлікке шақырып, шапқыншыларға деген өшпенділік өртін тұтатады. Баубек БұлқышеВ, Қасым Қайсенов әңгіме, очерк, повестері, Ә. Сәрсенбаевтың «Офицер күнделігі» т. б.— міне, осындай туындылар.
Екінші топқа, мәңгі есте қалар Жеңіс күнінен бірнеше жылдар кейін жазылған шығармалардың көбі жатады. Отан соғысы, әсіресе, оның алғашқы кезеңі — қиын, ауыр кезеңі бұл шығармаларда ден қоя суреттеледі. Адам баласының барлық рухани күшінің қатыгез сыны болған соғыс ауыртпашылығын көрсету, ұрысқа қатысқан жауынгерлердің терең толғанысына барлау жасау, соғыс әкелген ауыр қайғы, аққан жас, төгілген қан, құр-бан болған жандар — қысқасы, «окоп шындығын» бейнелеу — міне, бұл кітаптар объектісі. Ауыр азап арасынан адам баласының рухани асқарлығы көзге ұра айқындалады.
Бізде тек белгі бере бастаған бұл тенденцияға орыс әдебиетінде М. Шолохов, К.Симонов, В.Некрасов, Ю.Бондарев, Г.Бакланов шығармалары—нақты мысал. Әскери шығарманың бұл тенденциясы— реализм дәстүрінің тереңдей түсуі, жаңа талап жемісі.
Ұлы Отан соғысын суреттеуде айтарлықтай еңбек сіңіріп жүрген жазушының бірі — халқымыздың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлы. «Москва үшін шайқас», «Жонарқа», «Бір түннің оқиғасы», «Ұстаз» сияқты әңгіме, повестерде атақты қолбасшы, соғыс шындығының талай жайларын суреттегең.
Отан соғысының ең бір қиын-қыстау шағына — Москва түбіндегі шайқасқа арналған Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндері» — қазақ әскери прозасының табысы. Москва... 1941 жыл... адам нервісі, халық қайрат-жігері, сенім-нанымы қатаң сынның қыл үстінде тұрған шақ. Жара ауыр, шығын көп... Кеңес адамдары, солдат пен офицерлер бұл сыннан да абыроймен өтті.
«Қаһарлы күндерде» осынау қысталаң кезеңнің киындығы суреттелген. Роман беттерінен арпалыс тудырған ауыр сезім мен соғыстың қиын келбетін, сұрапат сиқын көреміз.
Сол сияқты Әбдіжәміл Нүрпейісовтың «Күткен күні», С. Бақбергеновтің «Қарға тамған қаны», Ж. Жұмаханов повестері соғысты реалистік позициядан бейнелеген.
Ақиқат шындықты жазған Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Әди Шәріпов, Қасым Қайсенов, Тоқтағали Жанкелдин шығармаларын тебірене оқисыз. Ол кітаптардан өрт ішінде болған абзал ағаның көңіл қошын, жан тербелісін көресіз, қарулас дос, жолдасына деген ыстық ықыласына куә боласыз. Жеке автор ғана емес, қаһарман ұрпақтың көңіл–күйіне бойлағандай әсер аласыз.
Қазақтың алғашқы күрделі әскери шығармасы-«Қазақ солдаты» романының халық ықыласына бөленгелі ширек ғасыр болды. Бұл шығарманы, әсіресе, жас ұрпақ сүйсініп оқиды, жас әдеби қауым ықпал-әсер алады. Романды бастап беретін алғашқы жолдар ауыздан қалмай айтылатын қанатты тіркеске айпалды:
«Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам... Зытып келе жатқаным — қашьп келемін, артыма карай беретінім — қорқып келемін». Ғабитке тән сүйкімділікпен жазылған бұл сөздерді қайсымыз сүйсініп айтпадық? Ана тілінің әсемділігіне қайсымыз қуанбадық?
«Қазақ солдаты» — Ғабит Мүсіреповтың, одан қалса, қазақ әдебиетінің кең тараған белгілі шығармасының бірі. Қазак, әдебиеті әлемдік аренаға Ұлы Отан соғысынан кейін шықса, «Қазақ солдаты» шет елге барған алғашқы полпредтің бірі, Қайырғали туралы хикая Болгария, Польша, Румыния, Чехословакия, Франция, Бельгияға барып, жаны жақып дос тапты, халқымыздың қаһармандық тұлғасын, таза жүрегін танытты.
«Қазақ солдаты» романы туған топырағында да жақсы бағасын алды. В. Закруткин, 3. Кедрина, М. Қаратаев, Е. Исмаилов, Т. Нұртазин, Т. Ахтанов, Е. Лизунова сияқты белгілісьшшы, жазушылар қазақтың алғашқы әскери романын кеңес әдебиетінің кең ағымында қарап, үздік көркемдік құбылыс деп көрсеткен. Мысалы, сыншы И. Арамилев: «Совет әдебиетінің елеулі қүбылысы «Қазақ солдаты» В. Некрасов, О. Гончар, М.Бубеннов,А. Первенцов шығармаларымен қатар шығып, қанаттас тақырып игергенмен өзіндік өзгешелігі бар, өмір автордың өз позициясы биігінен қорытылған»,— деп атап көрсетті.
Сонымен бірге, образ, идея, тақырып сияқты романның келелі компонентін талдаған сыншылар, оның композиция мен сюжетіне— автордың өмір қүбылысын игеру тәсіліне екі түрлі қайшы пікір айтты. Е. Лизунова («Казахстанская правда», 1949, 19 октябрь), В. Закруткин («Литературная газета», 1950, 31 август) бас қаһарманның балалық, жастық шағы суреттелетін бірінші бөлім артық деген ой тастады. Осы тұжырымды сынаған М. Бекбергенов «Сөз зергері» деген кітабында былай дейді: «Бұл пікірмен келісуге болмайды. Өйткені,. жазушы бас қаһарманның, сол балалық кезін жан-жақты кең қамтып суреттеу арқылы, жалпы қазақ елінің даму тарихына тән болған маңызды кезеңді көрсетеді.» (1967, 49).
Зерттеушінін. пікірін қуаттай отырып, белгілі жазушы В. Закруткин, сыншылар Е. Лизунова тұжырымдарында ойланарлық логика бар екендігін ашып алған жөн.
Соғысқа арналған алғашқы қазақ романы — «Қазақ солдаты» тастаған ширек ғасырлық із — аз уақыт емес! Өмірде де, өнер де айтарлықтай жаңалық, өзгерістер орын теуіп, жүздеген роман-повестер жазылды. Әйтсе де, «Қазақ солдаты» уақыттың темір үзер тегеуірініне төтеп беріп, рухани қазынамызға айналған мүлік болды десек — бұл да шьндық.
Бүгінгі әскери жазушылар кейіпкердің кешегі күндерін де, балалық шақтарын да кең түрде ежіктеп жатпайды—кей сәттерде ғана әртүрлі шегініс, толғаныстар арқылы елес берумен шектеліп жүр. Соғыстың серіпелі суреті — шығарма төрінде.
«Қазақ солдатын» Ғабит Мүсірепов қазір бастаса қа-лай жазарын кім білсін, бірақ сонау 1945 жылдары қаламгер қалыптасқан классикалық дәстүр-үлгіге көз тіккені сөзсіз. Ары қараса Бальзак, Стендаль, Флобер, Толстой, Горький, бері қараса қазақ халқының жыры, «Абай жолы»... Кейіпкердің жастық шағы, ұзақ жылғы тіршілігі суреттелді ме, жоқ, болмаса ғұмырының аз уақыты қамтылды ма — бұл принцип, әрине, шығарма сапасына шешуші себеп болмаса керек. Әйтсе де, соңғы жылдары қысқа мерзімді қамтып, шымырлата жазу кең өріс алғаны да шындық.
«Қазақ солдатының» композициясы мен сюжетінде М. Горькийдің белгілі трилогиясы, С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» сияқты шығармалармен жақындғы бар.
Сөйтіп, В. Закруткин, Е. Лизуновалар сөз болып отырған романның алғашқы бөлімін қабылдай қоймаса, енді бір сьшшылар керісінше, Қайроштың , жастык, шағын өте-мөте ұнатқан. Мысалы, белглі француз ақыны Пьер Филибер мен кезінде атақты Жолио Кюри редактор болған «Пансэ» журналы «Қазақ солдаты» романының бірінші білімі тамаша суреттерімен, шығысқа тән әдемі юморымен оқушыға ерекше әсер етеді» деп жазған./16. 18-19./
Жауынгерлік тақырыбы қазақ әдебиетіне бұрыннан да жат емес еді. Қаһармандық эпос пен әрқилы жаулаушылық кезінде туған халықтық лириканың үлгілері де болған.Бірақ мынандай төтен соғысты қазақ халқы басынан кешірмегенді. Сондықтан жаңа дүние жүзілік соғыс жағдайында әдебиетті дамыту оған жаңа мазмұн, жаңа сапа беру бағытында жүруі керек болды. /6. 67-68/
Ұлы Отан Соғысы тақырыбына яғни әскери тақырыпқа арналып көптеген көркем шығармалар жазыла бастады. Соғыстан кейін де бұл тақырыпта көркем туындылар көп жазылды.
Бұл тақырыпта ақындар тарихи адамдар ерлігін нақты суреттеп, оларды характер-тип есебінде даралауға тырысты. Бұған мысал ретінде А.Тоқмағанбетовтің «Алтайдың ақиығы», «Мерген қыз», Ғ.Ормановтың «Полковник», «Мәлік», Ә.Тәжібаевтың «Сырласу», «Баласы», «Анасы», Қ.Аманжоловтың «Мартбек», Д.Әбілевтің «Қазақ қызы», Қ.Әбдіқадыровтың «Қазақ батыры Нүркен Әбдіров» деген сияқты өлеңдерін атап көрсетуімізге болады.
Сонымен қатар Отан соғысының ерлік оқиғалары эпикалық поэзияда да айқын көрініс тапты. Мысалы, Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз», Қ.Бекхожиннің «Жиырма сегіз», Д.Әбілевтің «Майданбек», М.Хәкімжанованың «Мәншүк», Қ.Сатыбалдиннің «Әлия», І.Есемберлиннің «Сұлтан» поэмалары және т.б.
Соғыс жылдарында поэзиямен қатар прозаның үлкен үлгілерінде де соғыс тақырыбына арнап, одақ жауынгелерінің әскери майдандағы ерлігі, қазақ халқының тылдағы жанқиярлық еңбегі , өмірі кеңінен суреттелді. Мысалы, Ғ. Мүсіреповтің «Қазақ батыры» повесі, Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ», Ә.Әбішевтің «Жас түлектер», Ғ.Сылановтың «Жанартау» атты романдары...
Ұлы Отан соғысы тақрыбына арналған күрделі шығармаладың бірі – Ғ. Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы.Бұл роман қазақ совет әдебиетінде совет халқының неміс–фашист басқыншыларына қарсы қаһармандық күресін көрсетуді мақсат еткен тұңғыш көлемді шығарма болып табылады. /3. 54/
Соғыс тақырыбына арналып жазылған көркем шығармалардың ішінде ұлы суреткер Ғ. Мүсіреповтің 1945 жылы, соғыстың соңғы жылы «Қазақтың біріккен мемлекет баспасынан» шыққан «Қазақ батыры» деп аталған повесінің орны ерекше.
Бұл повесть өзінің көркемдік сапасы жағынан болса да әскери шындықты мол қамти, оны жинақтай баяндауы жағынан болса да, Отан соғысының майданында ерлік көрсетіп жүрген жауынгерлердің іс-әрекет, мінез-құлықтарын көркем бейнелеуі жағынан да қазақ прозасына қосылған соны құбылыс еді. Кейіннен романға айналған бұл шығарма оқырман назарын осындай жаңашылдығымен аударған болатын. /3. 54/
1985 жылы (өзбек аудармашысы Носир Фозиловтың еркін аудармасы) «Қазақ солдаты»ның өзбекше нұсқасы Ташкентте баспадан шықты. Бұл кітаптың соңындағы Ғ. Мүсірепов туралы пікірдің авторы профессор О.Шарафиддинов: «Уруш йилларида хам Ғабит Мусрепов аввалгидай ёрқин, кучли шахслар характерини татқиқ этишда давом қилади. Бунинг оқибатида у Совет Иттифоқи қахрамони Қайирғали Смағуловнинг хает йулини ва жангавор фаолиятини урганади ва уни прототип қилиб олиб «Қозоқ ботири» деган қисса яратади. Кейинчалик бу қиссани тубдан қайта ишлайди ва «Қозоқ солдати» романи майдонга келади » деп жазды.
«Қазақ батыры» повестының кезінде жұртшылық көрсеткен бірсыпыра кемшіліктері «Қазақ солдаты» романында тузетілгені белгілі. Повесть пен романның арасында бірсыпыра сапалық айырмашылықтар ұшырасады. Соларды жинақтап, түйіндеп айтқанда, төмендегілерді көрген болар едік. Мұндай салыстыру жазушының шығармасының соңғы вариантының алғашқыдан қаншалық өзгергенін, творчествалық ізденісін түсіну үшін қажет.
«Қазақ батырының» бойындағы бір олқылық – қаһармандардың іс-әрекетіне жеткілікті дәлелдеме жасалмағандығында, қайсыбір жағдайда суреттеулердің нанымсыздық тудыратында еді. Бұл көркем шығарма үшін анау-мынау кемшілік емес. Шығарманың оқушыны сендіруі үшін кейіпкерлердің әрбір әрекеті табиғи, шыншыл баяндалуға тиіс. Көркем шығарма объективтік өмірдің анық суретін түсіргенде ғана танытқыштық тәрбиешілік мәнге ие болмақ.
Ғ. Мүсіреповтің «Қазақ батыры» повесінде жасанды жағдаятқа құрылған іс -әрекеттер аз кездеспейтін. Солардың бәрі қосылып келгенде, шығарманың шыншылдық қуатын кемітетін еді. Мәселен, совет жауынгерлері майдан шебінде мына сияқтанған нанымсыз әрекеттер үстінде көрінеді:
«Біз беске бөлініп, бес күзетшінің аяғының астынан жорғалап өтіп, қалаға кіріп кеткенде, өріп жүрген көп күзетшінің бір де бірі сезген жоқ» /8. 35/.
«Гүрің –гүрің сөйлеген дыбыс жақындап еді, серейген үш неміс екен. Бас салып үндерін шығармай байлап алдық» /8. 39/.
«Біз неміс солдатынша киініп алып еркінше араладық..
Неміс солдаттары тамақ ішуге кіріскенде, біз де қарнымыз ашқанын білдік. Ушаковты неміс лейтенанты етіп, өзім жабайы солдаты болып, тамақ алып жатқан кезекке мен де тұра қалдым. Неміс солдаттары сүйекке таласатын иттей, біріне-бірі ар-ұр,баж-бұж сөйлесіп , арсылдасып тұр. Біреуімен ұрсысып қалам ба деп,менде зәре жоқ, Бірақ өзара келісіміміз бойынша тісім ауырған болып тұра бердім. Менің кезегім келгенде мен бір қате жасадым –ау деймін, аспазшы маған қарап бірдеме деп қалды...
Уәде бойынша сап ете түскен «офицер» Ушаков – швейген, шветцер!»- деді.Ол – оттамай жөнелт! – деген сөз еді... Тамақтанып алып штабқа қайттық» /8. 45/
«Төбеге қарай жер баспалдақпен үш неміс офицері шығып барады. Алдымда екі миномет атып тұр. Тырмысып тоқтай қалып , ақ шапанды сыпырып тастап, иығын жарқыраған неміс офицері болып, үш офицердің артынан аяғымды саспай басып мен көтеріле бердім.
Мен төбеге шыққанда менің ізімнен төбеден ойға қарай құлай берген қуғыншымды да көрдім. Ақ шапанды қайта кие салып, оның көтерілген ізімен мен де кейін қарай сызып бердім» /8. 65/
Бұл суреттемелерде жеңілдік, жадағайлық жасандылық бар екендігі әр кімгеде аян болса керек.
«Қазақ батыры» повесіндегі кемшіліктердің бір саласы жазушының сөз қолдануындағы кейбір дәлсіздіктерге де байланысты болатын. Әдетте көркем сөздің бүгесі мен шігесін жақсы білетін жазушы кейде дыбыс қуалап, сөздердің дәл мағыналы болу жағына көңілді азырақ бөліп кетеді. Мәселен, «әр пулемет өзінше күйсейді», «шәуілдеп кетті», «жас балаша шаптырып тұр», «байлаудағы төбеттей...», «бір арс етті», «бөшкедей қаңғырлай бастады», «құтырған бурадай күркілдей бастады» деп келетін оралымдар сонша сәтті деуге келмейді. Немесе «біз де тепедік», «құйын соққандай етті», «астан-кестенін шығарды», «өршелене бастады» деген тіркестерді де нағыз суреткерлік шеберлік деп айту қиын. Ғ. Мүсірепов тамаша публицист жазушы екені белгілі.Көбінесе оның сөйлемдері де ойлы, үйлесімді келеді. Сөз ұйқастары да шешен төгіліп отырады. Бірақ кей-кейде сол шешендік көркемдік дәлдікке апара бермейді.
Повестің композициялық бітіміне, идеялық анықтығына нұқсан келтірген кемшіліктің бірі – негізгі сюжеттік, тартыстық желіге қатысы шамалы, бас идеяны күшейтпейтін қосалқы, жанама оқиғалардың кездеспейтіндігінде еді. Мәселен, Жиренше шешеннің айтқан әңгімесі дейтін бір алуан әңгімелердің повеске қатысы шамалы болатын.Яки болмаса балалар үйіне Шегендерді ұстап апармақ болған милиционердің әуре–сарсаңын ұзақ уақыт тәптіштей суреттей беру де онша қажет емес еді. Майдан өмірінің көріністерін бейнелегенде де қажеттігі шамалы эпизодттар кездесетін. /3. 55-56/
1945 жылы жарияланған «Қазақ батыры» повесі 95 беттен 28 қысқа-қысқа бөлімдерден тұратын көркем шығарма.Повестің бас қаһарманы – Қайырғали Смағұлов. Сонымен қатар повесте анасы, ағасы Досқали, Шеген, Бораш, ауылда сүйген – сары қызы, капитан Мирошник, Самед Абдуллаев, Ушаков, Ильев, Вася, Толстов, Мельник, майор Ковешников т.б. кийіпкерлер бар.
Ал бұл «Қазақ батыры» повесінің 1950 жылы «Қазақ солдаты» деген атпен роман болып басылып шыққан нұсқасы шамамен 300 беттен тұрады. Роман үлкен-үлкен үш бөлімнен, ал бұл бөлімдердің өзі бірнеше тараулардан тұрады. Романның бірінші бөлімі он тараудан, екінші бөлімі он үш тараудан, үшінші бөлімі он бір тараудан тұрады. Романда повестен өзгешерек бас кейіпкер – Қайырғали (Қайрош, Костя, Константин) Сарталиев.Повесте Қайроштың балалық кезінен сүйген қызы – сары қыз деп аты аталмаса, романда – Ақбота (шын есімі Тана) болып келеді. Повесте ағасы – Досқали болса, романда – Айдынғали, повесте – колхоз бастығы десе, романда – «басқарма» немесе «қарамұрт» (шын есімі Ашығали)...
Мұндай ерекшеліктермен қатар романда оқиға желісінің кеңдігіне қарай, ауқымына қарай көптеген кейіпкерлер қосылған. Мысалы, бірінші атап өткен Ақбота бейнесі балалар үйінің бастығы - Құдайберді Қозыбағаров, бухгалтері – Лазарь Монсеевич, бас хозяйкесі Мария Викторовна, облыстық оқу бөлімінің бастығы – Рахим Теміралиевич, шаштараздағы кассирша – Катюша, шаш алушы – Саша Мухин, милиционер – Жәнібек ағай, шекарашы – Николай Шуруп, комсомол жұмысын басқарушы – Ералин, лейтенант Березин, комиссар Сомов, командир Баранов, лейтенант Алексей Горькин, полковник Орехов, майор Русаков, радиошы Женко, Сергей Астахов, Семен Зониннің сүйген қызы – Нина, маршал Семен Михаилович Буденный, оңтүстік жігіті - Әбен, обком мүшесі – Күләй Даниялова (Гуля) деген сияқты көптеген кейіпкерлерді атап өтуге болады. Бұл кейіпкерлердің барлығы оқиға желісінде бастан-аяқ қатыспайды, оқиғалардың дамуы барысында қатысып жатқан кейіпкерлердің көбі шығып, жаңа кейіпкерлер еніп отырады.
Романның тағы бір ерекшелігі мұнда Қайрош пен Ақбота қайта табысады. Повеске қарағанда романда оқиғалар қайта суреттеліп ұзақ әңгімеленеді. Романның негізгі оқиғасы повестегідей. Бірақ жазушы повестегі кейбір артық жерлерін шығарып тастап романда жаңалықтарды көп қосып повесті толықтыра түскен.
Ғ. Мүсіреповтің жазушылық жолында «Қазақ батыры»жаңа бір белес болып табылса, осы шығарманың «Қазақ солдаты» деген атпен толыға өзгерген күйі тағы бір белес жасады. Бұл екі нұсқа жазушының шеберлік сатысындағы бірінен кейін бірі келген қатар екі басқышты аңғартады. /5. 355/
Сөз зергері Ғ. Мүсірепов «Қазақ солдаты» романында біз жоғарыда атап өткен «Қазақ батыр» повесіндегі кемшіліктер мен олқылықтарды болдырмауға тырысты.
Романда повеспен салыстырғанда көркемдік жетістіктер бар. Бұрынғы кейбір басы артық эпизодтар мүлде алынып тасталған, оның есесіне характерлерді толықтыруға септігі тиетін суреттемелерді енгізген. Жаңадан қосылған оқиғалардың бірі–Севастополь маңында болған бір соғыстың жайы. Осы соғыста совет әскерлері де, жау жағы да бірін-бірі жеңе алмай көп арпалысады. Соғыстың бір толас тұсында Қайрош Сарталиевтың қарауындағы жауынгерлер өзара қызғылықты әңгімелер айтады. Осы тұста олардың мінез- құлқы, арман мақсаты ашыла түседі.
«Қазақ солдаты» романында кейіпкерлерді психологиялық мінездеу толыға тереңдей түскен. Әр қаһарманның өткен-кеткенінен хабардар болып қана қоймаймыз, олардың нақтылы жанды бейнесі әрдайым көз алдымызда тұрады. Мәселен, Володия Толстовтың көңіл – күйі мынандай бір оқиға тұсында айқын көрінеді. Новороссийскіні жаудан азат еткенде, Володя Толстов қаланың шет жағындағы өзінің үйін көрммекке барып, тас-талқан болып қираған тас үйінің орнын ғана көреді. Ол өзінің ет жақындарының өлі тірісін де білмейді. Сағынып көрген үйінің мына түрін көргенде, Володя қатты мұңға батады. Қаһарманның осы тұстағы көңіл күйі өте сәтті суреттелген.
Ғ. Мүсірепов романында оқиғаларды екшеп, іріктей түскен. Олардың ішінен характерлердің ішінен мінез ерекшелігін танытатын түйін, ситуацияларды таңдай білген.Қайырғалидың да, Вася Гришиннің де, Самед Абдуллаевтың да, Петр тұлғаларын танытарлық психологиялық сәттер мол. Кейіпкерлердің іс-әрекетін сырттай суреттеп қоймай, олардың ой-толғанысын, ішкі жан– дүниесін бере білуі де – суреткерлік табыс. Қайырғалидың қалтасына анасының хатын салып жүріп, сағынышпен қайта-қайта оқитындығы да өз орнында қажетті деталь болып табылады. Ол майданда жүргенде бір сәт те өзінің елін, туған шешесін есінен шығармайды. Қаһарманның даралық бейнесі адамдық келбеті осы сияқты әр қырынан, әр жағдайда көрінуі арқасында толысып шығады.
Шығарма кейіпкерлерінің басына тән ерекшеліктер белгілі оқиғалар үстінде анықталады. Романда тек қана Қайырғали мен Ақботаның, Шеген мен Қайырғалидың арасындағы қатынастар ғана емес, бұдан басқа да көптеген сюжеттік желілер тартылып отырады.Бір мезгіл Семен Зонин мен Нинаның арасындағы жайлар сөз болады.Сондай-ақ Василий Гришин, Володя Толстов, Мирошник, Самед Абдуллаев сияқты кейіпкерлердің бастарында да түрлі-түрлі қызғылықты жайттар кездесіп отырады.Сонымен «Қазақ солдаты» романының оқиғалық жағы да характерлерін мінездеу жағы да саралана , нақтылана түскен.
«Қазақ солдаты» романының композициялық құрылысы өзгеше шебер сомдалған.Мұнда негізгі мәселе –кеңес заманында туып-өскен адамның өсу, жетілу жолы басты әңгіме болып баяндалады.Майдандағы ерліктері үстінде ол жас адамның мінездік, азаматтық қалыптасуы арта береді.Романда көлденең бұрып әкететін, негізгі идеядан жырақтататын қосалқы желілі әңгіме жоқтың қасы. Барлық оқиға, сурет бояулары белгілі нысанға тиіп жатыр.Өмірдің объективтік ағысы да, геройлардың өсу жолы да табиғи үйлесімді өрбиді.
Ғ .Мүсірепов өзінің повесінде Қайырғалиды көбінше барлаушы ретінде көрсеткені мәлім. Оның көптеген іс-әрекеттері бірін-бірі қайталағандай сезілетіні де осыған байланысты еді. Шығарманың жаңа нұсқасында ондай қайталаулар кездеспейді.Тіпті бұл екі шығарманың аяқталу тұсы да бір-біріне ұқсамайды.Шығарманың алғашқы нұсқасында Қайырғали басқарған бір топ жауынгерлердің Керчь бұғазында адам таңқалғандай ерлік көрсетіп, Совет Одағының Батыры атағын алғаннан кейінгі істері де айтыла беретін. Ал романның аяқталуы басқаш.
Ғ. Мүсірепов романының жоғары көркемдік сапаға ие болуына шығарманың алғашқы нұсқасына айтылған сындардың да ықпалы тигені анық.1946 жығы бір мақаласымен белгілі сыншы – ғалым Е. Исмайылов повестің көптеген жетістігі мен кемшілігін алдымен атап көрсетушілердің қатарында болды.
Негізінен қайтадан жазылған «Қазақ солдаты»романы жарыққа шыққанға дейін біздің ұлттық әдебиетімізде бұл тұрғылас ірі туынды туған жоқ еді. Майдан өмірін кең қамтып суреттейтін көлемді романдар мен повестер (Ә.Нұрпейісовтің «Курляндия», Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Қ.Исабаевтың романдары, Ә.Әбишевтің «Саржан», С.Бақбергеновтің «Талғат»повестері, Б.Момышұлының офицерлік жазбалары т.б.) соғыстан кейінгі , бертінгі жылдарда туған туындылар. /3. 57-58/
Сонымен Ғ. Мүсіреповтің «Қазақ солдаты » романы қазақ халқы әдебиетінің ғана емес, бүкіл кеңес әдебиетінің табысы болып саналды және қалың оқырмандарды қуантқан құнды көркем еңбек болды. Бұл тұралы О.Шарафиддинов былай дейді: «Қозоқ солдати»-қозоқ адабиетида Улуғ Ватан уруши мавзусида езилган биринчи йирик эпик асардир. Юксак ғоявий-бадиий фазилатларга эга болган бу роман уша йилларда бутун совет адабиетида сезиларли ходиса болди ва қисқа муддатта купгина қардош халқлар тилларига таржима қилинди, чет элларда босилди».
Шынымен де, «Қазақ солдаты» романы аз уақыттың ішінде шет елдерде өз оқырмандарын тапты яғни бұл кітап ұлттық әдебиеттің шет елге тұңғыш ұшқан «Қарлығашы» қатарына жатады. Романның туңғыш рет 1950 жылы Алматыда Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жеке кітап болып шыққаны бәрімізге белгілі. Бұдан кейін роман бір неше рет басылды.
«Қазақ солдаты» орыс тіліне аударылып, сан рет басылып шықты. Роман алғаш рет 1949 жылы орысша жарық көрген еді.
«Қазақ солдаты»романы КСРО халықтары тілдеріне аударылды. Роман 1956 жылы ұйғыр тіліне, 1960 жылы қырғыз тіліне, 1962 жылы өзбек тіліне аударылып, кітап болып басылып шықты.
«Қазақ солдаты» романы шетел тілдеріне де аударылды. Роман 1951 жылы болгар, поляк тілдеріне, 1952 жылы румын, словяк, чех халықтарының тілдерінде жеке кітап болып шықты.
Шет елдің сыншы, жазушылары романды әдебиет жетістігі деп жоғары бағалады. Мысалы, Париждегі «Эроп» журналы Бельгияда шығатын газет (роман Франция мен Бельгияда 1958 жылы жарияланған) қазақ даласында осындай тамаша шығарманың жазылу себебі еліндегі мәдени-қоғамдық өзгерістің жемісі деп көрсетті.
Ұлы суреткер Ғ. Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы ұлттық әдебиетте бұрын бейнеленбеген күрделі құбылыс–соғысты кең көлемде суреттеген шығарма.
Демек, Тәкен Әлімқұловтың «Ғ. Мүсірепов өзін де, өзгені де қайталамайды» деген пікірі өте әділ айтылған.
Сұрапыл соғыс бітпей жатып соғыс тақырыбында қалам тарту жазушының азаматтық борышын орындауы еді .Бұл романда суреттелген тарихи шындық, бас кейіпкердің басынан кешкеноқиға мен соғыс суреті (Керчьтегі т.б.) кейбір кейіпкердің негізі болғаны шығарманың шыншыл сипатын айқындай түседі.
Көрнекті жазушы Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» романы қазақ әдебиетіндегі әскери тақырыпқа жазылған алғашқы шығармалардың бірі екендігі белгілі.
Шығарманың бас кейіпкері өмірде болған Адам .Ол – Керчь, майданындағы көзге түскен барлаушы, Қайрош Сарталиевтің прототипі Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов.
Жазушы Қайырғалиды батыр деп айтады. Бірақ соның өзінде тарихи шындықтан аспаған.Ол ел басына қатерлі шақта жанын аямай батыр атанған,халықтың өз ішінен шыққан азамат./12.64./
Қазақ әдебиетіндегі озық туындылардың бірі «Қазақ солдаты» романының жазылуына себеп болған оқиғалар қандай, жазушы мен батыр қалай кездесті, жазушы ізденісі қалай, қай салада жүрді, Ұлы Отан соғысы тақырыбына көлемді шығарма жазар алдында қаламгер өзіне қандай шығармашылық мақсат қойды деген және Ғ. Мүсірепов болашақ шығармасына қатысты жинақтаған шекізаты, суреткерлік тәжірибесі, жазушы шеберханасының құпия сырлары туралы көкейімізде жүрген сұрауларға біз филология ғылымының кандидаты Амантай Ақайұлы мен филология ғылымының докторы, профессор Қадыр Жүсіптің мақалаларынан жауап ала аламыз.
Жазушының өз шығармасының шынайы шыншылдығына ерекше мән бергеніне бас қаһарман Қайырғали Смағұловтың уәдесі күә.(«-Әуелі келісіп алайық; сіз ешнәрсені жасырмайсыз, мен ешнәрсе қоспаймын. –Жоқ, сіз ешнәрсе қоспаңыз, мен ешнәрсені жасырмаймын... Уәдеміз осы болды...»)
«Қазақ солдаты» романы жазушы Ғабит Мүсіреповтің ой-жоспарымен де, жазылу тарихымен де қызғылықты жайларға толы көркем туынды. Осы романды жазу барысында қаламгер түрлі шығармашылық көңіл-күйді бастан өткізген. Автор бұл шығарманы жазуда көп ізденген, ұзақ уақыт екшелген, сұрыпталған очерк, повестің жемісі «Қазақ солдатының» ойға оралуынан көңілде пісіп-жетіліп, жазылып бітуіне дейін өзіндік ерекшелігі, өзгеше тосын сыры бар Бұл шығарма суреткердің соғыс шындығын, Қ. Смағұлов өмірін жан-жақты зерттеп, терең білгенін мейлінше айқын көрсетеді/12.65./.
Қайырғали Смағұловтың қалайша кітап кейіпкері болғанын білу үшін филология ғылымының докторы, профессор Қадыр Жүсіптің «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Қ. Смағұлов: «Мен қалай кітап кейіпкері болдым» атты мақаласынан үзінді беруді жөн көрдім: «Кеңес Одағының Батыры Қайырғали(Константин) Смағұлов – жерлесім.Атырау облысының Қайыршақты ауылында туған. Батыр ағамен талай кездестім. Қайрекең сондай қарапайым адам еді. Үлкен – кіші демей, бала демей ашылып, шүйіркелісе кететін. Жауға сонша қатал болған адам, досқа жаны нәзік болатын.Бүгінде сол ардақты аға арамызда жоқ. О дүниелік болғалы да біршама уақыт өтті. Мен батыр ағамен пікірлескен сәтімді әрқашан еске алып, ұмытпай, шәкірттеріме әңгімелеп беретін едім. Сөз зергері Ғабиттің ғасырлық тойында сол сәтті қағазға түсіруді жөн көрдім. Болған сөзді болған күйінде баяндайын.
-Аға сіз Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романының бас кейіпкері Қайроштың прототипі қалай болдыңыз? Ғабит аға дәл сізді неге қалады? Прототип жасау үшін қазақтың басқа да батырлары немесе солдаттары жетпейтін бе еді? Ұлы жазушының көзі неге сізге түсті?-дедім бірде мен оған.
-1943 жылдың күз айларында Новороссийск қаласын алғанбыз. Содан кейінгі Элтиген биіктігіндегі шайқас, Керчь түбіндегі майдан мені Совет Одағының Батыры деген атаққа ие етті .Әсіресе, Керчь түбіндегі жау орталығын алуда ерлік істері үшін ротаның барлық адамдары орден – медальдарға ие болд . Рота ішіндегі он адамға батыр атағы берілгенеді, олар мыналар болатын: капитар Андрей Мирошник, лейтенант Анатолий Кокорин, лейтенант Николай Топольников, старшина Иван Тулев, старшина Павел Поправка, сержант Қайырғали (Константин) Смағұлов, кіші сержант Василий Толстов, старшина Василий Фурсов, старшина Самед Абдуллаев, қатардағы солдат Владимир Эсебуа.
Майдандағы аяқ-қолымнан алған жарақаттарымды емдетіп, госпитальдан аман-есен шыққаннан кейін бұйрық бойынша Батыр атағын алған адамдар майданға жіберілмей, бір ай демалыс беріліп, елдеріне аттандырылуы тиіс болғандықтан,мен де Алматыға жол тарттым. Бір айлық демалыстың мақсаты - туған жерлеріне барған Батыр елде кездесулер өткізіп, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге ат салысады...»
Сонымен қатар ол Алматыға келіп түскенде кім күтіп алғанын және ертесіне жас жігіт республика Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Жұмабай Шаяхметовке жолықтырғанын, үлкен залда жазушы, журналист және қарапайым халықпен ашық кездесуде болғанын, қойылған сұрақтарға қалай жауап бергенін , қандай күйде болғанын айтады. Кездесу біткеннен кейін Ж. Шаяхметов оны Ғабит Мүсіреповпен таныстырады. Сосын Ғ. Мүсірепов Қ. Смағұловты қонаққа шақырады .Ол туралы Қ. Смағұлов:
«Ғабит аға мәшине есігін өзі ашып, мені алдыңғы жағына отырғызды да , өзі артқы орындыққа жайғасты. «Қайырғали, сен менің нахоткамсың, менің бүгінгі зор табысым, тақырыбымның басысың, мұндай табысты күнім сирек»-, деді ол. Мәшине ішінде айтқан осы сөзі құлағымда мәңгі ызыңдап тұр...
Тамақтанып болған соң, Ғабең жеңгейге шайды соңынан ішетінімізді ескертті де , жұмыс бөлмесіне келіп, әңгіме-дүкен құрдық . Ой, жайсаң адам-ау өзі де!....
Асықпай қағаз-қаламын алды да маған сұраулар бере бастады. Шабыт құшағында отырған маған да сол керек еді. Туған ағаммен сырласып отырғандай шешіле сөйледім .
Тіпті шешен болып кеттім. Көңіл түкпірінде, ой - қалтарысында тығылып қалғандарды шығардым. Ғабең, менің жаңа қырларымды ашқанда терең сырлы ой көзімен үңіле қарады. Менің балалық, жастық, шәкірттік, солдаттық, майдан сырларын көз алдына елестетіп, менімен бірге жүргендей болды ма дедім. Сәл қашықтау отыр еді, жаныма жақындай түсті. /14.2./
Ғ.Мүсіреповтің шығармашылық тәжірибесіне зер салсак, болашақ шығармасына қажетті өмір материалдарын іздестіру мен жинау жолы түрліше екенін байқар едік. Жазушы «Қазақ батыры» повесін, «Қазақ солдаты» романын жазу барысында өз кейіпкерін Атырауға (Гурьевке) іздеп барып, Қайырғалимен кездесіп, кейін Алматыға шақырып алып әңгімелескен. Өзін толғандырған, көңілін мазалаған сұрақтарына жауап алған. Қайырғалидың айтқан әрбір әңгімесін зердесіне тоқып кейіпкерінің ойлау, сөйлеу мәнерін, азаматтық болмысын, мінез-ерекшелігін жан-жақты зерттеп, естіген әңгімесін ойда, көңілде, шығармашылық жұысында қорытып, әбден жетілдіріп барып, шығарма желісін содан кейін анықтаған. Сөйтіп, романды жазу барысында кейіпкерлерін қайтадан сомдады, шығарма оқиғасын нақты өмірлік шындыққа құрып, кейбір нанымсыз тұстарын көркемдік шындық шеңберінде ойша жалғады. Өмірде көп сөйлемейтін бір тоға Қайырғалидың мінез-қасиетін байқағаннан кейін оның мейлінше еркін сөйлеуіне жағдай туғызып, көлденең сұрақ қойып та отырған. Осы айтылған жайларға қарағанда, Ғ. Мүсірепов өзіне қажетгі өмірлік материалдарды осылайша жинастырып кәдесіне жаратқан.
Ғабит Мүсірепов Қайырғали айтқан естелік әңгімелердің бәрін бірдей шығармада пайдаланбаған. Жазушы естіп-білгендерін сол күйінде қағазға түсіре салмай, көркемдік талап тұрғысынан өткізіп, содан кейін таңдап алған. Материалдарды терең де мұқият зерттеген ол өзінің суреткерлік шеберлігінде олардың логикалық жағынан керекті деп тапқан мәліметтерді ғана пайдаланғаны байқалады. Романдағы оқиғалардың басым көпшілігі Қайырғалидың өз өмірінен алынып, суреттелген. Жаңа шығармасын жазу тұсындағы іздену жұмысының бір қырын автор былайша көрсетеді: «Менің жазудан гөрі ізденуге, әлденелердің себебін ашуға, оқиға түйіншектерінің табиғи құбылыстарының шешімін жорамалдауға уақытым көбірек кетеді. Мысалы: «Қазақ солдатын» жазудан бұрын Шолоховтық «Олар Отан үшін алысты» деген романын аудара бастадым.. Эренбургтың, Полевойдың, Ванда Василевскаяның, Б. Бұлқышевтің , тағы басқа авторлардың соңғы соғыс кезінде жазғандарын аудардым. Бауыржан Момышұлының он күндік лекциясын тыңдадым. Мәлікпен бір жеті кездестім. «Қазақ солдатының» бас геройы — Қайрош Сарталиевпен екі жеті отырдым. (Ғ.Мүсірепов. Әдебиет кәсіп емес— өнер, 1987,35-бет.).
Осының бәрі жазушы Мүсіреповтің жазу дағдысы мен шығармашылық шеберханасы туралы сыр айтады.
«Қазақ солдаты» романын жазамын деген ой-жоспар жазушыда бұрын болмаған. Ал мұның өзі тақырып табиғатынан, арнайы нұсқау тапсырма, кездесу әсерінен туындаған. Арнайы нұсқау тапсырма әсері дегенде айтарымыз мынау: «Батыр атағын алғаннан кейін Қайырғали туған жерге демалысқа келеді. Оны Алматы қаласында бір топ үкімет басшылары қарсы алады. Олардың ішінде сол кездегі үкімет басшыларының бірі Ж.. Шаяхметов, Т. Тәжібаев, Ғ. Мүсірепов болады. Кездесу барысында Ж.. Шаяхметов Ғабит Мүсіреповке Қайырғали Смағүұлов туралы шығарма жазуды тапсырады.
Сонымен бірге қаламгерге бұл идеяның тууына әсер еткен жағдайлардың ең бастыларының бірі сол тұстағы газет материалдары еді.
Атап айтқанда, 1944 жылғы 1 сәуірде Атырау (Гурьев) облыстық «Социалды қүрылыс» газетінде «Ер есімін ел сақтар, ел сенімін ер ақтар» деген айдармен Кеқес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов туралы көлемді материал жарияланған. Бұл материалдарда жергілікті авторлар Б. Қорқытовтың «Үстем болсын мерейің» және Ж.. Оспановтың «Батырға» деген өлеңдерімен бірге газеттің меншікті тілшісі О. Әжіғалиевтің «Батырдың туған жерінде» деген очеркі басылған. Айтылған материалдарда Қайырғалидың ерлік, адамгершілік қасиеттері баяндалады. Осыдан былайғы «Социалды құрылыс» газетінің 5—7—8 сәуірдегі сандарында Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың қаласында жерлестерімен болған ресми кездесулері жайлы материалдар үзбей жарияланып тұрған.
Ал осы «Социалды құрылыс» газетінің 9-сәуірдегі санында Қайырғалидың суретімен бірге КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 17 қарашадағы Указы жарияланған.
1944 жылғы 9 сәуірдегі санында «Казахстанская правда» газеті де топтама материал берген екен.
Газет беттершіндегі осынау бір батыр адам туралы жазылған сан алуан материалдар жазушы Ғабит Мүсіреповті қатты қызықтырады. Жазушы шығармашылығындағы соғыс тақырыбы, Қ. Смағүлов ерлігі туралы деректер осылай бастау алған. Ал шын бетбұрыс Қайырғалидың елге демалысқа келген кездесуімен басталады. Жазушы Гурьевке іздеп барып Қайырғалимен үш күн әңгімелеседі. Кейін соғыс аяқталғаннан кейін де бінеше рет кездесіп дидарласады. / 12. 65-67/
...Бір ай демалысым бітіп , майданға қайта аттандым.
Майданнан аман- есен оралғанша Ғабит ағаны көрген жоқпын менің майданнан аман келген хабарымды естіген соң, 1945 жылы шыққан «Қазақ батыры» деген шағын кітапты маған сәлемдеме ретінде беріп жіберген екен. Ол кітап баспадан шығысымен республикаға таралып, біздің облыста да даңқы жер жарыпты..
...Кітап дүниеге келгенде астанаға жеттім, ұлан-ғайыр той болды. Бір оңаша қалған сәтте Ғабең: «Қайырғали, сен енді менің әдебиеттегі де, өмірдегі де ұлымсың »,- демесі бар ма?!...
Ғабит- аға, мен – іні. Ғабит – қазақтың ұлы жазушысы, мен - әдеби перзенті. Ғабит аға мәңгі тірі! Аруағыңнан айналайын–ай, ешқашан өлмейді ғой, өлмейді!... /14.2/
Өзі танысқан даңқты батыр адамның ерлік істерін басқалар да білсін, оқысын деген ниетпен осы шығарманы жазуды алдына мақсат етіп қояды.
Осылайша көрнекті сөз зергері Қайырғали өміріндегі шындықтың бәрін түгел айтпаса да, ең керекті-ау, қажетті дегендерін оқырман алдына жайып салған.
«Қазақ солдаты» романының басты кейіпкері Қайрош Сарталиев десек, оның негізінде нақтылы өмір шындығы жатыр. Өйткені Қайроштың прототипі — Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағүлов.
Қайырғали 1919 жылғы 24 ақпанда Гурьев облысының Қайыршақты 24 ауыл кеңесінде, қазіргі «Теңдік» колхозында дүниеге келген. Анасы 14 құрсақ көтерген екен. Соның қазіргі көзі тірісі осы — Қайырғали. Армия қатарына 1939 жылы алынады. Солдаттық өмір жолын Самара (Куйбышев) қаласында бастап, фин соғысына қатысып, 1941 жылы майдандық жолын Ростов қаласында жалғастырып, Кавказ, Новороссийск, Керчьті азат етуге қатысқан. 1943 жылы 17 қарашада Батыр атағын алған. Қазір Атырау қаласында тұрады.
Ғ. Мүсірепов өмірдегі Қайырғалиды повеске, романға сол күйінде көшіре салмаған. Өмірдегі Қайырғали мен шығармадағы Қайырғали арасында ұқсастыкпен қатар айырмашылықтар да баршылық.. Ал повестегі Қайрош пен романдағы Қайрош арасында да өзгешелік, бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктері айқын аңғарылады. Қаламгер алғашқы шығармасында ашылмаған Қайрош мүмкіндігін романда әр қырынан аша, толықтыра түскен. Сондай-ақ повестен белгілі образдың бұрынғы қасиет ерекшеліктерімен шектеліп, қанағаттанып қалмай, сол образ логикасына орайлас көріністер қосқан. Автор романда Қайрошты типтендіріп, біртұтас тұлға жасауға көп көңіл бөлген. Қайрошты жазушы өмірдегі қалыпты, көзтаныс жағдайдан бөліп алып, идеясына орай, тосын жағдайға қойып суреттейді. Кейіпкерлерін керемет ғажайып жағдайларға кезіктіреді. Солай болғанмен де автор дәстүрлі повестегі жолдан шығып кете алмаған. Көне сүрлеу мен жаңа іс қатар жүріп отырады. Кейінгі жөндеуінде автор қосымша детальдар мен көріністер арқылы Қайрошты шынайы көрсетпек болған. Жазушы романда Қайрошты бірден батыр боп туғандай етіп көрсетпеген, қайта сол уақыттың өзінде ержүрек болып қалыптасуын табиғи уақытқа сай берген.
Романдағы Қайырғалидың толғаныстары оқырманды енжар қалдырмайды, өзімен бірге қиялдауға, армандауға жетелейді. Жазушы Қайрошты әртүрлі сүрлеулі жолға салып, өмір сабақтарынан суғарып, оқушы алдына шыңдалған бейне ретінде әкеледі. Қайроштың өсу эволюциясы, өміршең бейнесі — соның айғағы.
«Қазақ солдатының» жазылу тарихы туралы жазушы Ғабит Мүсіреповпен 1982 жылы ҚазПИ-дің филология факультетінің студенті Жанбибі Дүйсенбаева (қазір Манғыстау облысында тұрады) кездесіп, әңгімесін қағазға жазып алған болатын. Жазушыға мынадай сұрақтар қойылған екен.
Сұрақ : — Сіз Қайрош бейнесін жасағанда өмірде болған толық деректерді пайдаландыңыз ба?
Жазушы: — Қайырғалиды Гурьевтен екі рет шақыртып алып, өзінің кісілік ойлау сезімін, сөз байлығын бағдарлап тексердім. Соғыста болған жағдайларды ғана алдым. Мен Қайрошты интеллигент адам ретінде алмадым. Ұлттық типте қарапайым адамдар арасынан шыққан жауынгер бейнесін жасадым. Қарапайым адам — мен үшін өте қымбат адам. Интеллигент болса, Қайроштан гөрі басқашалау болар еді. Жалпы Қайроштың басында болмаса да басқалардың басында болған бірқатар жайттар алынды.
Сұрақ.: — Шеген өмірде болған ба? Прототипі бар ма?
Жазушы: — Шеген өмірде болмаған. Екінші бала Бораш та болған жоқ, Бірақ сол кездегі балалардың типі. Жетім балалар үйінде өскен балалардың өмірін беру мені соған қарай итермеледі,—деген пікірді айтса, ал Қайырғали: « Шеген де, Борашта өмірде болған, «Нефтяник» клубында болған концертті үшеуіміз бірге көргенбіз, соғысқа екеуі де барды. Ал олардың соғыстағы өмірлері маған белгісіз», — деген еді өзімен кездескенімде. Бұл арада осындай екі түрлі пікір қайшылығы да бар екендігін айтуымыз қажет.
Қорыта келгенде, «Қазақ солдаты»—жазушы Ғабит Мүсіреповтің өз кейіпкерін көзімен көріп, тікелей араласқан шындықтан өрбіп, ой елегінен өтіп, көңілде ұзақ уақыт қорытылған, шын толғаныспен жазылған көркем шығарма. /12. 67-68/.
Қазақтың кеңестік дәуірдегі әдебиетінің іргетасын қалауда өзіндік орны бар жазушы Ғ.Мүсіреповтің кешегі Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазған күрделі еңбегі—«Қазақ солдаты» романы. Бұл туынды Қайырғали Сарталиевтің өмір кезеңдерін суреттеу арқылы оқушысын Отан тарихының соғысқа дейінгі және соғыс кезеңіндегі өмір ақиқатымен табыстырады.
Кешіп өткен әр оқиға—Қайрош санасының әр сатысындай, әр жанмен танысу, жақындасу, достасу — өз алдына бір мектеп, адам тану, өмір тану мектебі, өсу мектебі. Тіпті кітапта болар-болмас қана орын алатын облыстық оқу орнының меңгерушісімен жүздесу, өзінше бір мектеп: жаманнан безініп, жақсыға талпыну мектебі. Мұндай «мектептер» Қайрош жолында қаншама көп кездесті десеңізші! Қайрошты азамат, интернационалист етіп тәрбиелеген осы мектеп, осы орта.
«Осы мектептерді» Пьер Филибер «жас жанның асыл жүрегіне саяхат» деп өте ұтымды бағалапты.
Сөйтіп, жазушы сезімтал жае геройынын, көңіл-күйін барлай, қадағалай аша отырып, оның дүние танымыныц өскендігін, уақыттың атмооферасын танытады. Сөйтіп, уақыт пен адам бейнесі эпизод, новелла арқылы «Қазақ солдатының» өн бойымда қос өрімделіп қатар тартылады. Бұл — автордың негізгі көркемдік әдісі.
Қайрош өмірінің он үш жылын қамтитын романның бірінші бөлімі, шекараны суреттейтін екінші бөлімінің алғашқы тараулары негізгі оқиға — соғыс алдындағы жағдайды баяндайтын кең түрдегі экспозицияда, ал не бәрі үш жылды қамтитын екінші, үшінші бөлімдердегі қатер-лі шайқастар, қаһарманның ерлігі мен сезімдері, етігімен су кешкен жалынды жауынгерлер қимылы Ұлы Отан соғысынын, бір жанды панорамасы.
Әдебиет тану ғылымы роман композициясының үш негізгі түрін белгілейді: сюжеттік жүйе алма-кезек ауысып, қатар тартылған параллелді, жарыспалы композиция; айналмалы (кольцевая) композиция және біртіндеп өрбіп, сатқыштап көтеріліп, тура дамитын (ступеньчатая) композиция. Бұлар өз ара араласып, қосылып композицияның басқа да түрлерін жасауы ықтимал, творчестволық практикада кездесе беретін құбылыс.
«Қазақ солдаты»— сатылы композициялы роман. Оның архитектоникасы, мысалы «Оянған өлке» күмбезіндей кіріс-шығыс, қалтарыс-қабаты, сатқыш-сатылары мол, күрделі емес.
Орталық қаһарман Қайырғали Сарталиевтің прототипі — Советтер Одағының Батыры Қайырғали Ысмағұлов та, романның бел-белестері — оның басынан кешкен тіршілік сатыларын негізінен қайталайтыны әдеби жұртшылыққа аян. Ал қашанда прототип — дайын тип-образ емес, өмір құбылысы қиялда екшеліп, жанданып шықпай, дәл сол күйінде өнер туындысына дайын сұлба бола бермейді, мықтағанда нысана.
Ысмағүлов анкетасы жазушы қиялынан өткен соң, Қайрош Сарталиев — сүйікті герой, жас қауым өкіліне айналған. Бірінен кейін бірі жазылып, ширатыла түскен очерк-повесть-роман — осы күрделі жолдағы қадау-қадау еңбектер. Жазушы Қайырғали Ысмағұлов өмірін романға өзек еткенде, жас жауынгер характерін типтендіруге ерекше көңіл бөлген. Дос-жолдастарын таңдап алу, өмір өткелдерін сүрыптау, Ана, Ақбота, Шеген тұлғасын типтендіру — қысқасы, романдағы герой, оқиға, картина — бәрі, бәрі саралауға түсіп, көркем образ — тип жасау биігінен сүзіліп шыққан. Өмір көріністерінің өнер құбылысына айналу процесінен кейін ғаиа оқиға шеңбері кеңіп, Қайрош Сарталиев қаһармандык тұлғаға айналған.
Сөйтіп, Қайрақтыдан қашқан қара табан бала нардың жүгін көтерген көркем образ биігіне көтеріліп, төңірегіне Отанымыздың бұрыш-бұрышынан келген ондаған жандар топталып, ұлы майданда өрт кешіп, өлмес ерлік жасаған. Сөйтіп, тарих жүгін елімен бірге көтерген Қайрош тағдыры — көптің тағдыры, ұрпақ тағдырына айналған. Бұл — роман идеясы.
Эпизод-новелла, оқиға картинаның баршасын осы турғыдан сараласақ қана роман маңызы толық ашылмақ. Мыңдаған адам тар көпірден өте алмай, бомба астында қалып жатқан сәттегі құбқан өгіз жеккен кемпірдің ұтамдылығын, шыдамдылығын еске түсіріңіздер. Бұл бір жай эпизод сияқты. Барлаушы Ысмағұловпен дәл мұндай оқиға ба, болмады ма, болмады ма — мәселе онда емес. Мәселе — эпизодтағы кемпір бейнесі халықтың кең пейілін елестетуінде, елдің кәрі-жасы бар жауынгерлерге деген көңіл күйінде. Бомбалаудаи кейін кемпірмеп кездескен Қайрош та осы ойды түйеді:
«Кемпір байғұстың тірі қалғанына қатты қуанып кеттім. Барлық кәрі аналар сияқты елеусіз ғана жүріп, ел үшін мұңайып, көп үшін қайғырып жүрген кемпір кімге болса да құрметті... Бұл бір өзім дегенді ұмытып кеткен адам. Мүмкін, ол мыңдаған адамның көңіліп жұбатып, жарасыма ем айтып келген шығар. Бізге де сол бір-екі ауыз жылы сөзін айтуға келіп отыр» /9.144/.
Кемпір мен барлаушылар соңғы рет былай кездеседі:...«Машинаның. біріне мініп әлі бір қыр аспаған кемпірді қуып жеттік. Өгіздерін ақырын ғана жайқап, кетіп бара жатыр... Бәрімізді бір-бір сүйіп, кемпір қала берді...
— Жолдарың оңғарылсын, қарақтарым, бақытты болыңдар бәрің де. Кәмпір басында біреуің аянған жоқсыңдар. Мен ылғи қәндай батыр жігіттер деп, қуанып карап отырдым,— деді» /9.150 /
Міне, кішкентай бір деталь, кішкентай бір сурет. Егер осы сурет романда жоқ болса, біраз нәрсе жетпей тұрғандай сезінер едік...
Ленинград жағдайы Айдынғалидың хатынан көрінеді, ел, тылдың жай-жапсарын Ана, Ақбота, Гуля хаттары арқылы біліп жатамыз. Гурьевке, шекараға, соғысқа негізгі қаһарман тікелей барып, тынысты суреттер жасалған, Ростов үшін соғыс, Кавказ үшін соғыс, Новороссийск тіүбіидегі шайқас, Керчьтегі күрес—бұлар тікелей және кең суреттелген. Сөйтіп, жазушы түрлі-түсті көркемдік тәісілдер қолданған.
Сондай соғыс сырып ашатын оқиға-детальдарға — жаралы матрос пен жаралы жауынгер, Семеп, Самед өлімі жатады...
Ана, Шеген, Ақбота, майдандас достарын былай қой ғанда, тіпті роман сюжетінде тиянақты орын алмай, жол-жөнекей қалып қоятын оқиғалар мен кейіпкерлер Қайрош көңілін бір-бір толқытып із қалдырған; осы сияқты сюжеттік бұлақ, ағымдар жас кейіпкердің, сезім дүниесін, өмір белдерін нанымды, әсерлі бейнелеуде қисынымен келіп, ұтқыр қиысқан. Герой эволюциясы — сюжет белестері. Ал Шеген де, Бораш та, Николай Шуруп та, Самед те, Петр де, Семен де, Вася да Қайрошпен тағдырлас. Біз барша тіршілікті осы замандастардың бірі—Қайрош Сарталиевтің сезім айнасымен қабылдаймыз. Орталық қаһарманның бізден жасырып қалған сыры, бүгіп қалған сөзі жоқ. Лирикалық тебіреніс, ішкі монолог, ашу-ыза, күлкі-наз, батырлық, неше түрлі соғыс суреттері Қайрош замандасының тұлғасын аян еткен. Бұл қорытындыға дәлел романның кез келген бетінен табылады:
«Қолыма төс қалтамда жүретін, шешемнен келгеи соңғы хат ілікті. Хатта не жазылғанын жатқа білсем де, қайта оқи бастадым.
Шешем қатты сағынып жүрген сияқты. Шешемнің хаты бесіктей тербетіп әлдеқайда туған елге алып кетеді. Ояу отырып түс көргендей болам. Оралдағы балалар үйінде, төсегімнің бас жағына келіп тұрған шешемді көрем. Жүзінде бар ананың қуаныш нұры, көзінде қуаныш жасы, буылтық саусақтарымен басымды бір сипап қойып, енді маңдайымнан сүюге еңкейіп келе жатыр... Шешенің ыстық дем алысы, шешенің таныс исі. Әуелі маңдайымнан сүйеді, одан кейін маңдайың ба, көзің бе, бетің бе, мұрның ба, бәрібір, құмары қанғанша сүйе береді, сүйе береді» /9.142—143/..
Сөйтіп, романның, ішкі бітімі, образ жүйесі, қисын-логикасы — бас кейіпкердің өмір белестерін белгілеумен бітпейді, сонымен бірге, Қайрош замандастарының қаһармандық тұлғасын жасаудан туған ерекшелік
Қайырғали — жаңа өмірден өз орнын іздеп, халыққа қызмет етемін деп, асқақ арманға құлаш ұрған жас. Жаны да, ары да таза. Өсу жолдарын барлық бел-белестерімен бейнелей отырып, жазушы жаңа адамның қалыптасу, өсу процесін көрсетеді. Қайрош өмірі жеңіл болған жоқ: жоқтықты да көреді, жетімдік ызғары да батады. Бірақ, Отан саясына алады, ана орнына ана болып, тәрбиелейді, білім береді. Көптің бірі Қайрош өмірдің талай таукыметін өткеріп, акырында Отанын жанындай жақсы көрген патриот болып қалыптасады. Қайрош тағдыр-талайы — бірдің емес, көптің өмірлік жолы. Өркені өскен Қайрош пен оның, достарының ерлікке толы өмірі — біздің қоғамның ұлылығын паш етеді. Жеке адамның тіршілігі қаншалықты ауыр болса да, Отан-ана оларга әр уақытта демеу, алып жүрегінің нұрына бөлейді. Ауыр өткелдерден өткен Қайрош рухани жарқын: мейлі ол мал бақсын, балалар үйінде болсын, шаштаразыда жұмыс істесін, әскер қатарында болсын — ізгі мақсат оны қол бұлғап шақырып тұрғандай. Сондықтан да, қиыншылық-тардан мұқалмай, жасымай өседі. Қайрош өмірінін, сыр-сипатын жазушы тереңнен ашады. Жай өмір, қатардағы адам, бірақ ол соншалықты рухани өрелі; не сүйеніші, не сүйенері жоқ өмірден орын таппай сандалған Хемингуэй, Ремарк қаһармандарымен салыстырғанда, Қайроштар бейнесі біздің қоғамның қаншалықты жарқын екендігін байқатады. Қайырғалидың өмірлік сатылары көркейген халқының тағдырымен іштей астасқан. Қайрош бойынан автор адамгершілік мол қасиет табады. Адалдық, табандылық, достыққа беріктік, қиындыққа мойымау, биік мақсатқа құштарлық—Қайрош және оның достарының ізгі қасиеті. Қайырғали образы тарихи ұлы уақиғалар мен рухтас жандар арасында ашылады. Ұлы Отан соғысында оның азаматтығы анықталса, Ақботаға адалдығы, анасына деген мейірімі, достарына деген тазалығы орталық қаһарманның адамгершілігіне куә. Әр қырынан әр жағдайда көрінетін Қайрош бейнесі осы адамгершілік, ізгі қасиетімен тұтас. Туған елін, өскен жерін — байтақ Отанын шексіз сүйетін жас патриот жақсылықты да, жамандықты да мораль биігінен бағалайды. Адам арына дақ салар мінез-құлықты ол қабылдамайды, жағымпаздық, тоғышарлыққа жиіркене, жек көре қарап, адалдық үшін күреседі. Сондықтан да, шаштараздың тоғышарлығынан бастап фашизмнің жауыздығына дейін — арамзалықтың барша түрі оны қатты жиіркендіреді, күреске шығарады. Әскери мектептің ауырлығын біле тұра сұранып, Қайрош кетеді. Бораш әнші болуға талаптанады. Шеген — ұшқыш, Сергей Астахов — суретші болмақ. Сөйтіп, біреулері болып жатыр, біреулері болам деп талпынуда. Олар білімге, өнерге мансап үшін емес, елі үшін қол созады, тер төгеді. Қайроштар мейлінше кішіпейіл. «Батыр болып жұртты таң қалдырсам-ау!»— деп аңсаған ешқайсысы жоқ. Ал Отан үшін күресте шетінен айбынды батыр, қаһарлы қаһармандар.
Басқа кейіпкерлер бас қаһарман Қайырғалидың өсу белдерін белгілейді. Жоғарыда айтқандай, Қайрош өмірінің әрбір тұсына орай кітап беттеріндеМүрсейіт милиционер Мариям апай, детдом мен облыстық оқу бөлімінің басшылары әр қыры, әр бояумен көрініп, оқиға желісінен қалып қойып отырады. Бораш, Айдынғали, Гуля дәрігер жанамаланып суреттелсе де, басты кейіпкер бейнесін ашуда маңызды роль атқарған. Шеген, Бораш,Семен, Петр сияқты тағдырлас достары Қайрош бейнесін толтырып, толықтырып отырады. Қайроштың арман-тілегін жетелеп отыратын өте тартымды бейне — Шеген. Шеген — романтикалық асқақтықпен суғарылған сүйкімді образ. Әркез Қайрош көкірегіне арман сеуіп, қиялын оятатын аға жолдасы Шегеннің орны айрықша. Оның өмірінен Қайрош өз келешегін көреді: Шегенге ұқсап, Шегенше жүруге талпынады. Ер жігіт Шеген тілі лепті: «Ой, қорқақтап, төмен тартса, сезім күліп, жоғары өрлейді, биікке ұмтылады.»
Халықтар достығы ауыр сынға төтеп берді. Сұрапыл соғыс бұрынғыдан да жақындасдастыра, ымтымақтастыра түсті — Ұлы достық әбден шынықты. Кавказдың өр кеу-десінен құлап аққан асау Теректің жағасында дем алып отырған солдаттар жартасқа Пушкин, Лермонтов, Абай аттарын қатар жазады. Бұл тартымды суреттен бүгінгіжарастықтың, татулықтың тарихи топырағын көрген дейміз.
Сандаған оқиға-эпизодтарда жазушы осы идеяның не бір қыл пернесін шертеді. Үйі орнында қирап жатқан қызыл кірпіштерді көріп, Володя Толстов қалай тебіренсе, Қайрош та солай тебіренеді. Жат жандарда мұндай іш тұтастық болмаса керек!
Семен Зонин, Петр Ушаков, Самедтер келешек жеңіске шексіз сенеді. Герман фашистерінің, күлі аспаннан келе күйрейтініне күмән келтірмейді. Бұл — өз күшіне, Отан қуатына өз ісімен арының ақтығына сенуден туған сезім.
Майдан шебінде, әсіресе, Қайырғали образы толысып, жан-жақты ашылған. Майдандас достарымен бірге ол ылғи соғыс өртінің ішінде, толғаныс-тебіренісі де молырақ — басқа достарының көп сыры Қайырғали арқылы оқушыға аян. Бірақ әрқайсысының өз ерекшелігі, өз мінез— қасиеті бар. Ревякин — шебер, саяси жетекші, ақылды азамат; Мирошник — батыл да батыр, өжет те тапқыр командир; Володя Толстов адал дос, сезімтал жолдас, ысылған жауынгер; Петр Ушаков кешегі еңбек адамы, бүгін сұсты барлаушы. Вася Гришин сезімтал, арманшыл. Дүлей соғыс арасында жүріп, ол жарқын келешекті армандайды, достарын да сол ізгі келешекке шақырады. Жаралы Қайрошқа ол: «Сен тура Қарағандыға тарт!... Біз Одерге жетіп қалсақ, ар жағы екі аттам... қуып әуре болғанша, Қарағандыда күт!.. Мен соғыс біткен күні билетті Қарағандыға деп алам» /9.310/. Бұл жеңіске күмәнсіз сенудің көрінісі болса керек.
Кең планда суреттелген халықтар достығы романның жетекші идеясының бірі–композициялық сюжеттік шешімін жақсы тапқан. Қазақстандық Қайырғали, Волга бойынан келген Семен, өзбекстандық Самед, Вася Гришин мен Қарағанды тұрғыны Гуля, көпірде кез-десетін Орал кемпірі мен украиндық Мирошник — кең байтақ Отанымыздың бұрыш-бұрышынан келгеин майдандас жауынгерлер, бейне бір атаның баласындай тату-тәтті дос, бауырмал туыс. Соғыс азабын көп жеңілдететін, келешекке сеніммен көз жібертетін де осы достық. Қайрош бөлімшесі де, дәл сондай. Мұны өздері де біледі. «Жаудың бірлігі — күшінде болса, біздің күшіміз — бірлікте»,- деп толғанады Қайрош.
Әр ұлттан құрылған, бірақ жұдырықтай түйілген қаһармандар құрамы — кең-байтак ел келбеті, Ұлы Отанымыздың болаттай берік бітімі. Күнделікті әскери өмірдің, жолдастық қарым-қатынастың, майданда үздіксіз төніп тұратын қатердің, қуаныш-қайғының, азғантай тыныс сәттердің бәрінде де достық сезім, жас жандар көңіл қошы жатыр. Мұндай интернационалдық ынтымақ, шын достық, адамгершілік атмосфера — тек біздің елімізде орын теуіп, біздің әдебиетіміз суреттеп жүрген асыл қасиет.
«Қазақ солдаты»— сәулесі мол шығарма. Абзал азаматтармен бірге сіз көктем гүлін аралайсыз, адам, әлем әсемдігіне қайран қаласыз. Жаныңда жүрген жан досыңның көңіл қошы, мөлдір жүрегі сізді тазалық, адамгершілік атмосферасына жетелеп әкеледі. Қайрош пен Ақ-бота, Шеген мен Бораш сынды жандар кеудеңізде көктем гүлін жарқыратады.
Қаталсоғыс Қайроштарды от – жалынға аямай-ақ салып жіберді. Қос салалы өмір алқабьшан туған екі түрлі көңіл күйі «Қазақ солдаты» романындағы бір арнадан шыққан тұтас, бірақ айқын сезілетін стильдік қос ағынды тудырған.
Әскери шындықты суреттеу үшін өктем команда, қысқа бұйрық, арнаулы терминдер кеңінен қолданылған. Ғасырлар бойы қалыптасқан қанатты сөздер, уытты тіркестер, мақал-мәтелдер де аз емес романда. Қазақтың бедерлі, бай тілі алапат суретті соғыс көріністерін бейнелеуге әбден жараған. Тіпті, әскери терминдер мен атаулар қосылып ана тілдің тағы бір қырын, зор мүмкін-шілігін көрсеткен.
«Гүрс еткен қара бұйра жалын көпірдің темір төсегі мен тақтайларын жұлып алып, аспанға атып жіберді. ұшқан тастар мен тақтайлар қайтадан құлап суға түскенше, не болғанын анықтай алғанымыз жоқ. Жанар таудан атқан қара түтін сейілгеннен кейін қарасақ, көпірден қалған бір белгі жоқ. Екі жартасқа ұсап, суға шоқия құлаған екі танкі көрінеді. Суды күмп-күмп жұтып, лықсып-лоқсып қалып, айналасын ойран ботқа қылып, қор-қор етеді. Жарқ етіп, жағаға шапшыған су, сарылдап қайтадан өзенге құлап жатыр. Лықсып қап, кейін серпіген ауыр қара толқындар өзен бетін жайқай жүйткіп, тағы ілгері кетті... Біріне бірі соқтыға екі үлкен танк суға шөккен қоспақ жартасқа ұсап, үнсіз қатып қалыпты».
Немесе: «Дүние тұтас тулағандай астан-кестен... ақ бұршақтар төгіп тұр. Дүниедегі бар үн біздің төбемізде... Аспан, біресе жарылғандай, біресе құлап түскендей...»
Романның тіл кестесі құбылып, өзгеріп отырады. Ол — ситуацияға байланысты. Мысалы, балалық шақпен бірге шешек атқан Қайрош, Шегендер тілі азамат болған шақта аясын кеңітіп, көп күрделенген. Табиғат, майдан көріністері, жауынгердің жан толғаныстары өзара тұтаса келіп, тұлғалы картиналар жасайды.
Кеңес жауынгерлерінің ер жүрегінен туатын ойнақы юмор, ойын-күлкі қанша ма?!
«Жұмыстағы адамнан көрі, қолы бос адамның уақыты аз болады».
Немесе: «Шекесі шығыңқы домалақ бастар, бүйірі солыңқы ұзын бастар, қуық шеке сопақ бастар, қыжыр-қыжыр қыртысты бастар, кере қарыс ойлы маңдайлар, тайқия біткен сорлы маңдайлар, өнерге біткен ашық маңдайлар, өнерсіз, еті қалың маңдайлар екі жыл бойы алдымнан кеткен жоқ /9.60/.
Петр, Самед — барлық жауынгерлер қалжыңға жақын жүреді.
— Жайлы төсекке көптен бері жатқаным осы болар,— дейді Самед, тас еденнен тұрып жатып — Қожа Насреддин жолдас: «Ұйқың қанса жұмысың да озық болар» деген екен.
Романдағы ойын-күлкіден ондаған мысал келтіріп, ұзақ талдауға болады.
Бедерлі теңеу, бейнелі метафора, ұтымды метонимия көп жағдайда образды жандандырып, тірілтіп жібереді.
«Айдастың күсті қолдары қаламға қайдан үйір болған, әрбір әрпі көлбей көсіліп, әрбір сөзі түйе керуеніндей созыльш, бір жолға әрең сиып тұр». «Майдан етегін батысқа қарай желпіп жіберген». «Теңіз жағасын қазір түгел оқпен тінтіп, отпен аластап шығады». «Өлген түйенің сүйегіндей сорайып, құлаған самолеттер... жатыр...»
Халық қазынасынан:
«Ашса алақаньнда, жұмса жұдырығында», «Нар тәуекелге бел байлап», «Елегізер жел де жоқ, елең етер үнде жоқ». «Бұл жаста теруіңнен көруің көп», «Құс баласы аспанға қарайды, мал баласы жерге қарайды», «Батыр түсінде жау көреді, балықшы түсінде ау көреді», т.б.
Біз Қайрош арқылы өмірдің ащы-тұщы кезеңдерін танып, кейде онымеи бірге қуанып, кейде онымен бірге қамығамыз. Сол бір шақтың күмәнсіз кепіліндей көңілге алуан түрлі ой түйеміз. Қайроштың ер жетіп өсу кезеңдерін, азаматтық істері мен ерлік әрекеттерін танимыз. Әрі осы арқылы қарапайым адамдардың - бүгінгі ардагер аға буынның - өмір жолын көз алдымызға келтіреміз./16.20-21/
Романның басында әкеден қалған шапанды киіп, ағадан қалған таяқты қолына алып, өзенге қарай беттеген бақташы бала арман сағымын қуып, сиыршының таяғын әліптің таяғына айырбастау ниетімен артына қарай-қарай зыта береді. Көз алдына ертеңі бұлдыр елестегенімен, өр талап оны ілгері жетелейді.
Сөйтіп, жеңсігі басылып, желігі бітпеген он жасар ойын баласы Қайрошымыз өзі сияқты Шеген мен Борашқа ұшырасып, балалар үйінен өз орнын тапты.
Жазушы Қайроштың осы тұстағы балалық қиялын, арман-мүддесін соншалық шебер жазған. Оның ісіне, әрекетіне еріксіз иланып, «шіркін балалық-ай» деп, өз басымыздан өткен балалық шағымызға да көз тастап, салыстыра қараймыз.
Романда суреттелгендей, шалыс басқан іалдуарлық кейін қалып, ұмыт болып, өмір ұрланып өте берді. Қайрош алаңсыз өсе берді. Қызмет атқарып іс орындайтын, елегізитін, ізденер шакқа жетті. Оңы мен солын аңғара бастаған бала жігіт өмірдегі орнын белгілеуге асықты. Сөйтіп, еңбек жолы шаштараз мекемесінен бастауға тура келеді. Бірақ бұл кәсіп оны қанағаттандыра алмады. Әр тарапты ойға батып, толқу үстінде жүргенінде Шегеннен хат келді «Мен өмірді әр күнде бір тиыннан жиғаннан гөрі әрбір минутында толық өмір сүргім келед», - деген досының сөзі көңіліне ұялай қалды. Шегеннің осы сөзі қамшы болды да, Қайроштың жастық жігер талпынысына кілт өзгеріс енді.
«Қазақстан» кемесімен Оралдан Гурьевке қайта оралған сапары- Қайроштың есею шағы. Ол басқа түгіл өз үйі, ошақ басындағы тұрмыс өзгерісіне мән беріп, адамдар арасындағы қарым-қатынас қалпына үңіле қарайды. «Ауыл әйелдері өз өмірінің ермегі отын-су, құрт-ірімшік маңынан көп ұзамаушы еді, жұмысшы әйелдер «біздің заводтағы әйелдер», «біздің завод үш сменада»- деп сөйлеседі», - дейді. Қайроштың бұл сөздерге мән беруі оның жан - жағынан ғана емес, сана жағынан да өскендігін, өмір қалтарысына көңіл қоюын танытады. Ол әр мәселе жөнінде ойланып, өмір жаңалығына қуана қарайды. Өзіндік пікір толғаныстарынан оның ішкі сыры ашылып, азаматтық талпынысы айқындала түседі.
Қайроштың азаматтық міндетін атқаруға ұқыптылығы, іскерлігі, саналылығы романның екінші бөлімінен бастап терең ашылады. Шекара күзеті, жаңа достар, Ақботаға деген сағыныш, болашақ туралы арман, көрші ел туралы толғаныс Қайроштың адал да ақ көңілін, әрі өсу жолын танытады.
Ол — істің, еңбектің адамы. Қолынан қайрат келсе, оны еліне арнауға дайын екені, әзір екені көпір күзету кезіндегі ширығуынан, жаралы жауынгерлерге деген қамқорлығынан, кейін шегінген жұртты тәртіпке келтіруінен ерекше байқалады. Қиындықтың қандайына болса да төзе алатын көнбістік қажырлылық—онымен біте қайнасқан қасиет. «Біздің тамақ жеуге қолымыз босайтын уақыт—жау самолеттері бомбаның астына алып, окопқа апарып еріксіз жаткызған кез»,- дейді ол. Өмір мен өлім белдескен шақтағы, қауырт істегі, тығыз-таяндағы осы іс-әрекеттерінен-ақ оның кім екені, кім боп калыптасып келе жатқаны көріне түседі.
Бүкіл Еуропаны еркінси таптап, тойтарыс көрмей аптыға келген жау ойына келгенін істеді. Сиыр мен шошқа түгіл, үйрек пен тауықты автоматпен атты. Пісіп тұрган алманы үзіп алмай, ағашын кесіп кұлатып алып жеді. Осыншама жауыздық пен озбырлық Қайроштардың зығырданын қайнатты. Кегі мен намысын қоздырды. Сондықтан жаудың менменсіген көкірегін басып, ербеңдей қашу мен мүләйімсіп телмірудің қандай екенін үйретуіне тура келді. Шегінген кезде артта, шабуыл кезінде үнемі алда болатын Қайрош тобының ұраны: «Өлмеу үшін жауды өлтіру керек, жеңу керек. Керек болса, жеңу үшін өлу керек!» Бұл — намысын кекке суарған, нағыз жауынгердің аузынан шығар сөз. Отан үшін қасық қанын қияр нағыз ерлердің сөзі.
Барлаушылық - тапқырлық пен батылдықты, айлакерлік пен көрегендікті талап етеді. Қайрош — бұл талапты өтей алар, соған сай жауынгер. Оның кескілескен ұрыс кезіндегі ерліктері және басынан кешкен қиындықтары соншалық дәл берілген: «Дәрінің ащы иісіне өліктің борсыған, сасыған иістері араласып, дем алғызбай келеді... Амал жоқ, сол сасық өліктердің бірінен-біріне жеткенше жан таласа ұмтыласың. Мұрныңды жеңіңмен басып, сол өліктің бауырына тығыласың. Алақаның әлсін-әлсін қанға тиеді. Тізеңнен өткен қанды денең сезіп, тітіркеніп қояды».
Бұдан ауыр, бұдан артық қандай қиындық болмақ?!
Адамгершілік пен достықтың, ізгілік пен бауырмалдықтың небір тамаша үлгісін Қайрош бейнесінен табамыз. Барлау кезіндегі «түнгі айқасты, біздің жеңісті көріп өлем»- деген жаралы жауынгерлерге оның жасаған қамқорлығы, өз басындағы қатерге қарамастан, теңіз түбіне бірге түскен досы Володяны құтқарғысы келіп қарманғаны—кімді болса да таңдандыратын шынайы адамгершілік пен ерлік.
Оқтан боран, оттан шымылдық құрып қоятын жауға тек өжет те ер, батыл да қайратты жауынгер ғана қарсы тұра алады. Қайрош пен оны жолдастарының бойында сол қасиеттсрдің бәрі де бар. Василий Гришин, Владимир Толстов, Қайрош Сарталиевтер—нағыз отты да уытты жауынгерлер. Олардың елім деп егілген ет жүрегі, бауырмал құшағы дарқан. Олар өздерінің шынайы таза, уыз сезімін сол сұрапыл майдан шайқасына апарып салып, шындап жорық сапарында ерлік, азаматтық қуат алды.
Туған халқының атын ұран етіп шабуылға шыққан кезі, бұлардың ел атағын шығаратын ер екенін бұрынғыдан гөрі таныта түседі. «Жаудың бірлігі күшінде болса, біздің күшіміз – бірлікте», деп қарайтын Қайрош та, оның майдандас достары да өздерінің кім үшін, не үшін соғысып жүргенін саналылықпен ұғатын жандар. Бұл олардың әрбір қимылы мен іс-әрекеттерінен аңғарылады. Әсіресе, романдағы Егор өлімі мұның кепіліндей көрінеді.
Қорыта айтқанда, романдағы Қайрош бейнесі нағыз ержүрек жауынгер тұлғасы. Оның бойынан ізгілік пен достықтың, қарапайымдылық пен іскерліктің, ерлік пен өжеттіктің, қайырымдылық пен сабырлылықтың небір тамаша қырларын көре аламыз. Біздің бақытымыз үшін кеудесін оққа төсеп, осы атау қан майданда арпалысқан аға ұрпақтың өмір жолын Қайрош бейнесінен танимыз. Ол бізге осындай патриоттық, адамгершілік өнегесімен үлгі.
Шығармада кеңестік кезеңдегі ұжымдық шаруашылықтар құрылысының алғашқы жылдарындағы ел өмірі, Ұлы Отан соғысы кезіндегі бұрынғы Кеңес Одағы халықтарының неміс фашистеріне қарсы күресіндегі берік ынтымағы туысқандық достығы, ерлік әрекеттері- қайыспас қайраты суреттеледі. Туындының бас кейіпкері - Қайрош. Оның мінезі, дүниеге көзқарасы шығарманың сюжеттік желісінде дараланып көрсетіледі. Қайроштың әрбір аяқ алысы, жүрісі, тұрысы, сөйлеген сөзі оның характерін айқындай түседі.
Роман Қарамұрт «басқарманың» қаһарынан қорқып, ауылдың сексен жеті сиырын айдалаға тастай қашқан бас кейіпкердің қалаға келуінен басталады. Онда ол өзі секілді панасыздарға қосылады. Бұл Қайроштың үлкен өмірге аяқ басқаны секілді. Сонан өмір ағыны оны өзінің әр арнасына салады. Жетім балалардың әрбір қимылы, сөзі, ой-арманы табиғи бейнеленеді.
Шынайы шындықты, өмір қүбылыстарын қаз-қалпында оқырманның көз алдына бейнелі түрде көркем етіп елестету—кез келген суреткердің шығармаларындағы басты қасиет.
Мәселен, романдағы жоқтықтың зардабын тартқан жетім балалар халін көргенде, оқушыда оларга деген аяныш сезімі пайда болады. Бораштың кім екеніи білмейтін, оны әлі көрмеген Қайроштан Бораштың сынған аяғының жайын сұраған базардағы айран сатушы кемпірге ол әдейі "жазылған" деп жауап береді. Қайроштың ондағы ойы — кемпірдің көңілін өзіне аудару, шапқат-мейірін түсіру сонан не болса да қарынды бір тойғызу.
Ол дәл сол жерде аяғыш кемпірдің көңілі нені қалап тұрса, соған байланысты бір түнге жетерлік жақсы әңгіме тауып айтуга әзір. Бораштың аяғын он рет сындырып, жиырма рет есебін тауып жазып алатын ойы және бар. Кім екенін танымайтын баланың бір дерегі қолына іліксе өтірікті айдамақ.
Қайрош жігерсіз ынжық та, ұялшақ ұяң да емес. Өзінің тұрмыс жағдайының нашарлығын уайымдап қайғыруды да білмейтін, болашағына үлкен үміт, зор сенім арта қарайтын қайсар да өжет, ар-намысты бала. Ол сотдай-ақ сергек, оңы мен солын аңғара біледі. Жақсы мен жаманға пайымы жетеді. Қарамұрт «басқарманың» қамайтын сарайы оның әрқашан жадында. Егер сол сарайға Қарамұрт оны Ақботамен бірге он жыл қамаса ғой, тіпті керемет болар еді деп ойлайды. Қайроштың ойынша Ақбота да «тәуір» көретін сияқты оны. Бірақ кейде бір жақ ұртынан шымшып алады, кейде темірдей тиетін қос жұдырықпен түйіп те қалады, кейде құлағынап ұстап алып «Ендігәрі тиемісің, ә?» деп киіз үйді бір айналдырып қоя да береді. Сонда да Қайрошқа Ақбота іштей теріс көрмейтіндей сезіліп, оның бәрін бейне бір шынайы достықтың белгісі секілді ризалықпен қабылдайды.
Осы суреттеудегі бала қиялы оның ойына да, бойына да лайықты. Автор жас кейіпкер характерін ерекше шеберлікпен даралайды. Бұл—нағыз суреткерліктің дәлелі.
«Қазақ солдаты» романында жазушы кейіпкерлер характерін қалыптастыруда портрет, мінездеу, пейзаж, авторлық түсініктеме, лирикалық шегініс, диалог, монолог секілді көркемдік элементтерді пайдаланады. Ондағы әрбір деталь, әрбір жанды көрініс өзіне тән идеялық кызмет атқарып, тұтас бір композиция құрайды. Мысалы, мына көріністе автор балалардың ой-өрісін, бітім-пішінін, мінездерін ашады:
«Екі ақсақ, бір желаяқ - үш боздақ енді базарға қарай бет алдық.
Құдай тағала қарын қамы дегенді жаратпаса да болады екен... Амал қайсы... кейде өнеріңді соған да жұмсайсың! — деді Шеген.
«Зәурешті» айтайын ба, «Айнамкөзді» айтайынба? — деді Бораш, базар шеті көріне берген кезде.Шеген басын шайқап:
Костя білмейді ғой. Қоя тұр. Әдемі әндерді кез келген күнге қор кыла береміз бе? — деді. Балаға білмейсің дегеннен ауыр тиетін сөз бар ма, мен дереу:
Неге білмеймін! «Зәурешті» зарлатып жіберемін дедім», - дейді Қайрош...» /9. 23/
Бұл диалогтың балалар психологиясын айқындай түсу үшін пайдаланылғаны бізге белгілі.
Күнделікті ауыл тұрмысы, өзі өскен еңбекші халық ортасы, айлналасы Қайрошты әбден шынықтырады. Оның өміріндегі бет-бұрыс балалар үйіне түсуінен басталады. Ондағы өткізген бес жылда алған білімі Қайроштың өзі айтқандай «кеудесін кернеп бара жатқандай» болады. Содан ол өз шамасына қарай жұмыс, қызмет іздей бастайды. Бір кезде Шеген балалық дәуірден өткенін білдіріп оған түйе қоңызын сыйласа, енді өзі де дәл солайша етіп балалар арасынан шығып үлкендер тобын іздейді. Өзін-өзі: «Осы күнге дейін бағында жүре беретін қашанғы бала бола бересің?» - деп қайрайды. Сонда жасы небары он бесте ғана. Кәмелетке толмағандығын білдіргісі келмегендей бір жас қосып айтып, жазғы демалыс кезінде халыққа пайдалы еңбек етуге, еңбектенуге бел буады. Қайрошпен облыстық оқу бөлімінің бастығы Рахым Темірәлиевичтің қабылдауьна жұмыс сұрап барғанында да жақынырақ таныса түсеміз:
«- Қайдан келдің? - деді сол қабағының құйрығын қозғап.
Осындағы балалар коммунасынан.
Імм, жасың нешеде?
Он алтыда... - дедім олқы көрінбес үшін бір
жас қосыңқырап.
Бұрын кім болып едің?
- Бала болдым... - дедім сұрау мағынасына түсінкіремей». /9.53/.
Диалогты оқып отырғанда кейіпкер-баланың, қимыл-әрекетіне, аңқаулығына аяушылық білдірсек, алғырлығына риза боламыз. Жас кейшкердің қоғамға пайдалы еңбекке құштарлығын, өздігінен дербес тұрмыс кешуге, өзін-өзі басқаруга икемделуін, сонымен қабат тоғышар бастықтың менменси сөйлеген маңғаздығын, бюрократтығын, қарадүрсін мінезін, юморлық келбетін көреміз.
Мына диалогтан кеңес жауынгерлерінің ішкі жан дүниесін, моральдық-этикалық қасиеттерін аңғарамыз:
«Біз... сақал-шашты қырау басқан кезде де «Петя, Костя» десіп жүретін жолдастармыз.
Костя, қалай ойлайсың, біз Берлин көшесіне де өзге бөлімдерден бұрын кірер ме екенбіз?...
Неге бұрын кірмейміз, бұрын кіреміз, әрине!» /9.344/
Мәшһүр жазушы өмірдің иірім құбылыстарын анық көреді де, көргенін көрсете де біледі, тағдырдың талқысын тани да, танығанын таныта да біледі. Асылы, жақсы шығарма осындайда ғана дүниеге келмек. Бұл орайда ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің мына сөзін айта кеткен жөн:
«Жазушы қаламынан туған барлық асыл бұйым атаулыны алсақ, әр кітаптың тамыр-төркіні, ең алдымен жазушының өзінің жанынан терең орын алған күйлерден туады. Адам тағдыры мен тартысының барлық шақтарына өзінің ішкі-сыртқы болмысымен нақтылы түгел шомған жазушының коңілінен ғана көңілдегідей тұлға туады. Жүрек қанымен жазылғандай әдебиет шығармасы өзі де сүйген, өзі де жиренген жаннан шығады. Бірде достасып, бірде алысқан., кейде қуанып, күліп мәз-мереке көргеп немесе ащы күйік, ыстық жас төгіп өкінген, жеңілу мен ұтылу жазасын шеккен, болмаса жеңіс, табыс пен қуаныш, шаттық тапқан — қысқасы, бар тынысы балқыған жазушылық жүректен ғана шын шығарма туады»
Бұл ретте әрбір кемел жазушының, сарабдал суреткердің әдебиетке өз тақырыбын, оны ашудағы өзіндік машық-мәнерін, өз қолтаңбасын әкелетінін ескерген орынды. Тақырып таңдау да қаламгерлік өмірде әр түрлі жолмен келеді. Кейде болашақ туындының өзегеше үнемі ізденіс үстінде, күнделікті өмірге зер сала жүріп тапсаң, кейде өз басыңнан өткен әр қилы оқиғалар жүйесі тыным таптырмай қолыңа еріксіз қалам алдыратыны белгілі.
Романда шығарманың рухани-әлеуметтік мұрат-мақсатын, эстетикалық табиғатын айқындаудағы жазушының көркемдік тәсілдерді қолдану шеберлігін молынан кездестіреміз.
Мәселен, романдағы Қайроштың балалар үйіне түкендсгі аға тәрбиеші Мария Викторовнамен алғашқы диалогын алайық:
- Мен жақсы шеше... балаларым көп. Ойнайсың... оқисың, - дейді, әр сөзді әрең икемдеп қазақша сөйлеп.
Неше балаңыз бар? - дедім.
Қазір елу...
Мен шын-ақ шошып кеттім. Бір адамның елу баласы болады дегенді естіген емес едім.
Сентябрьде сексен болады... - деді әйел. Мен:
Бір айдың ішінде отыз бала табасыз ба? —деп сұрай жаздап тұрып қалдым. Кескінімде айран-астан таң қалғандық болу керек, әйел күліп жіберіп:
- Бәрі де өзіңдей... Жетім балалар, - деді.
Жетім балалар үйінде отырғаным енді ғана есіме түсіп, ұялып қалдым» /9. 34/
Жазушы осы диалог арқылы Қайроштың бала мінезін аңғартқан. Балалар үйіне түскені айтпақшы «енді есіне түсіп отыр» оның. Ол өзін жетімдерге жасалған жақсы жағдайды көзімен көріп таңырқай қалған. Ауылда тұрмыс тауқыметін тартқан, кез-келген бұрышқа аунай кетіп үйренген жетім бала ғүмырында бірінші рет «аппақ таза бөлмеде сырланған көк кереуеттегі ақ төсенішті» көргенде ондай тазалыққа қалай жақындаудың ретін таба алмай қатты қысылады.
Оны әйелдер ұялғанына қарамай, үсті-басын сабынмен көпіртіп тұрып шомылдырған. «Енді таза боласың, ақылды боласың» дескен. «Сол ақылды, таза болатын балаңыз ақ төсенішке аяғын салуға бата алмай, кереуеттің шетінде ғана отыр. Мұндайдың жайын Шеген білер еді, ол қасында жоқ...
Ал, айналай, жат юкта! — деп, толық әйел шығып кетті. Мана ол маған өрескел жуан көрінген енді толық қана көрініп қалды.» /29. 34/
Қайрошқа алғаш көрінгендегі «баланың азық-түлігін жалғыз жеп семіргендей», «отырған орындығын ойбайлата» оған қарай әрең бұрылған өрескел жуан әйел мынадай жақсы істерінен соң, адамгершілік жасағаннан кейін жай ғана «толық» болып көрінуі заңды. Жазушы осы эпизодтағы сол бір-ақ сөйлем арқылы кейіпкер характерінің дамуын бағып отырған оқырманына ым қаққандай әсер етіп өтеді.
Автор кейіпкер характерін іс-әрекет үстінде түрліше жағдайларда сомдайды. Қаһарман бейнесі сюжет дамуы барысында ширай түседі. Суреткер тарихи, өмірде болған адамның басынан кешкен оқиғалары негізінде Қайрош образын типтендіреді. «Өмірде болған шын Қайырғалидың бойына басқа да Қайырғалилардың» белгі-бейнелерін, сыр-сипаттарын жинақтайды. «Жеке адам мен адамдар тобы... — адамдарды бұлай бейнелеу белгілі бір идеяны білдіретін көптік, жинақтық мағынаны танытады»,- дейді В.Г.Белинский.
Романда жазушы образ жасау мақсатында пайдаланған көркемдік қүралдардың ендігі бірі—монолог. Мұнда да диалогтағы секілді кейіпкердің мінез-қүлқы, танымы, рухани дүниесі көрінеді. Бұл да кейіпкердің өзіндік болмысын, характерін танытады.
Жазушы шығармада бас кейіпкермен байланыстыра отырып, өзге де ұнамды кейіпкерлердің характерлерін жасайды. Мәселен, Шеген мен Бораш және кеңес жауынгерлерінің ұжымдық бейнесін алайық..
«Шеген сұлу, сұңғақ денелі, бұлшық еттері болаттай иірілетін, күнге күйген тобылғы торы екі қақпақ жауырынды, қыздай қыпша бел, кеудесі шалқақ біткен бәйге атындай жарау, өте оңтайлы бала екен. Келте мұрын, аз ғана ауызы үлкенірек, қоңыр көздеу болғанмен, маған ол өте сымбатты көрінді.Табаны жалпақ та, тайпақ та емес, аяғының үсті биік, бар денесі шақпақтай. Әлде ақсиған тістері ме, әлде ақкөңілділігі ме, әлде қабағына қақ тұрмайтын ойнақылығы ма, әйтеуір Шеген мені біржола тартып әкетті» /9.21./ - дейді Қайрош досының кескін-келбетін сипаттап.
Шеген жайлы пікірді жазушы шығарма оқиғасының даму барысыда ширатып, оқушысын оған қызықтыра түседі. Оны қаламгер кейде Бораш мен Қайроштың өзара әңгімелері арқылы да дамытады.:
«- Мен де керемет жүйрікпін! — дедім мақтанғым келіп кетіп.
- Ойбой... Шегендей емес шығарсың! Шеген қайда ол!.. Ол ағып бара жатқан машинаны қуып жетіп асылып кете береді! Біреу көріп қалса, қарғып түсіп кете беруі де түк емес. Ол әшейін желаяқ! — деді Бораш масаттана сөйлеп.
- Е, сен қалай қаштың «дегдом» қуғанда?
- Шеген мені көпірдің үстінен өзенге тастап жіберді де, судан басыңды ғана шығарып шомылған баалалардың ішінде отыра бер, басқа баланың басынан сенің басың кем емес, тани алмайды, - деп, өзі көпірдің үстімен тартып отырды» /9.22./
Диалогган тек Шеген ғана емес, Бораш пен Қайроштың да ой-орамымен, қиялымен танысамыз. Балалардың мінез-құлқында, іс-қимылында ешқандай жасандылық жоқ. Бәрі табиғи қалпында жеңіл тілмен нанымды бейнеленеді. Юмор (Юмор - өмірдегі кісі күлерлік құбылыстардың өнердегі сәулесі./17.134.) жазушының барлық шығармашылығына тән қасиет. Ол образ жасауда, кейіпкер портретін, сөйлеген сөзін, қимыл-әрекет, мінез-құлқын суреттеуде юморды шебер қиыстырады. Әсіресе, автор мұны ұнамсыз кейіпкерлердің жағымсыз бейнелерін кескіндеуде тамаша пайдаланады:
«Дүкеншінің өз «мордасы» да келісіп тұрған жоқ. Шын кекесінге кетіссек мен де біраз нәрсені тауып айта аламын. Шіріген картоптай сабалақ тарғыл мұрынды, жайын ауыз, маңдайы екі-ақ елі, екі білегі жүн-жүн...Ағы мен қарасы қай жерден қосылып, қай тұстан айырылатыны байқалмайтын шұңғыл қара көзді. Сақалының әрбір талы айғырдың қылындай болуы керек, қырған жалпақ иегі қап-қара екен»/9.14./
Автор мұны бас кейіпкер — жас баланың көзімен көріп, ойымен ойлатып, өзіне баяндатқызады. Жазушы дүкеншінің, облыстық оқу бөлім меңгерушісінің, шаштаразда жұмыс істейтін шаш алушылар секілді т.б. жағымсыз кейіпкерлердің қулық-сұмдықтарын, зымияндық зиянкестіктерін оқушысын жирендіре сынай отырып, қоғам мүлкіне ұқыптылық, еңбекке құштарлық, халық игілігі үшін адал, өнімді еңбек етуге үндейтіні шәкірттің, санасынан берік орын алуы қажет?
«Қазақ солдаты» романында қиян-кескі қан майдандағы сапырылысқан сұрапыл шайқастар асқан суреткерлікпен бейнеленген. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы бұрынғы Кеңес Одағының барлық халықтарының фашистік басқыншыларға қарсы «бір жеңінен қол, бір жағадан бас шығарып» табан тіресе күрескен күресі, әрбір кеңес азаматының өз Отанына шексіз сүйіспеншілігі, олардың жанқиярлық ерлік ітері Қайрош бейнесімен байланыстырыла нанымды суреттеледі. Отанымызға қауіп төнген қатерлі кезеңнің қысылтаяң күндеріндегі жауынгерлеріміздің табандылығы, бір-біріне бауырмалдығы өте әсерлі. Оны жазушы шығарма оқиғасының даму барысында тартымды эпизодтар арқылы көрсетеді. Мұны біз мына көріністен байқаймыз:
Жаумен шайқаста Қайроштың майдандас жолдастарының бірі— Семенді неміс офицері тапаншамен өкпе тұсынан екі рет атып қалады. Шалқасынан түскен бойы қозғалуға шамасы келмей жатқанын көрген жолдастары оны көтеріп өзен қарының астына алып келеді. Сонда: "Бірнеше жауынгер су сауытын жұлып алып Семенге ұсынды. Семен бәрімізге риза көзімен бір қарап, ең жақынырақ ұсынған Петяның құтысына қолын созды. Үлкен саусақтары аз ғана салмағы бар құтыны алуга көп күш жинап, әрең икемделіп келе жатыр. Ақыры ала алмады... алып күштің соңғы көтере алмаган нәрсесі осы қалайы құты болды. Үлкен дене бір ышқынып қалды да, танауын қусырып, көзін жоғары тартып әкетті.
Сема, Сема, бауырым! Досым! — деген дауыстарға жауап қайтқан жоқ... Осыдан кейін бауырмал Семенді, алып Семенді мен көре алғаным жоқ.. Маған күні бүгінге дейін Семен сол қызыл жалаудың астында жатқан күйінде ғана елестейді.
Өңімде де, түсімде де сол!.. Мен оны Москваны қорғаған құрбандардың тізіміне қосамын...» /9.202./ - дейді Қайырғали
Романда біздің ұлы жеңісіміздің өзі кеңес адамдарының бір-біріне деген ыстық ықылас, бауырмалдығы мен „қуатты достығының арқасында келгені дәлелденеді.
-Шығарманың басында аталып, соңына дейін Қайроштың ойында, жүрегінде жүретін бейне -Ақбота бейнесі. Біз шығарма ең алғаш басталғандағы танысатын бейне де - осы Ақбота образы. Қайрош — жаңа заманның саналы азаматы. Ол қысылтаяңда жол табатын, ажал қаупі төнген қиын-қыстау шақтарда еңсесі түсіп езілмейтін, қайғы-мұңға берілмейтін жауынгер. Сонымен қатар ол ең бірінші - Отанына адал, екінші - достарына адал, үшінші - сүйген қызы Ақботаға адал. Ол осы үшеуін де шексіз сүйеді. Соларға адал қызмет етеді. Ақботамен шығармада бірге жүріп, бірге өмір сүрмейді. Бірақ баланың жүрегінен үлкен орын алған Ақбота шығарманың соңына дейін оның сезімі арқылы баяндалып, онымен хат арқылы тілдесіп отырады.
«Ақбота әдемі-ақ келіншек болыпты. Жасында дөңгелек жүзді, жұмсақ мұрындылау, арықтау, аласалау еді, қазір ашаң жүзді, қыр мұрынды, бойшаң болуға бет алыпты. Балғын дене иіліп-бүгіліп дөңгеленіп тұр. Толқындап келіп оң иығынан алдына түскен қолаң шаш аппақ жұмыр мойны мен мінсіз тізілген тістеріне ерекше бір ажар береді» /9.79./ Осындай суреттеуден біз Ақботаның портретін көз алдымызға елестете аламыз.
Одан кейінгі Қайрош қалаға келген соң кездескен, адал досы, үлгі тұтар адамы,
қамқор ағасы ретінде суреттелетін образ – Шеген бейнесі. Ауылдан қашып шығып қалаға алғаш келгенде өзіне жол сілтеген, қамқор болған адамдар - Шеген мен Бораш. Үшеуі дос болып жүріп өздерінің алдына үш шарт қояды. Ол қандай шарт?
Бірінші - алтын жатса да алмаймыз.
Екінші- өтірік айтпаймыз.
Үшінші- бірге қуанып, бірге мұңаямыз.
Біз бұдан Шегеннің бұзақы, тәртіпсіз бала емес, саналы, ақылды, тәртіпті
бала болғандығын көре аламыз. Ол жетімдер үйінен оқуды жек көргені үшін қашқан жоқ, еркіндікті аңсап, тезірек есейгісі келгендігінен қашады. Бірақ кейіннен ол ойын ақылға жендіріп, балалар үйіне өзі келеді. Шеген — Қайроштың бүкіл өмірінде бас иетін,
ақылшы тұтқан, ең қадірлі адамы, қамқоршы ағасы.Одан кейінгі соғыс басталган соң суреттелетін образдар - Володя Толстов, Петр Ушаков, Семен Зонин, Василий Гришин, Самед Абдуллаев т.б.
Владимир Толстов — ақыл-парасаты мол, байсалды мінезді жауынгер. Ақжарқын көңілді, адал дос. Бастарына талай қатер төнген кездерде, қиындық туған сын сағаттарда В.Толстов ешқандай да жасымайды, өзінің табандылығымен, ер қайратымен көзге түсіп отырады. Ол сын сағаттарда, кенет жағдайларда жол тапқыш.
Шығармада үнемі Қайроштың жанынан табылатын. Толстовпен қатарласа суреттеліп отыратын келесі бір образ-одессалық жігіт Василий Гришин бейнесі. Толстовқа қарағанда бұл қызуқанды. Оның жауға деген ашу-ызасы, өшпенділігі жалын атып көрінеді. Ол Қайрошпен бірге жараланып, Қарағанды госпиталінде бірге емделеді. Одан кейінгі қарым-қатынасы да үзілмейді. Қарағандыда жүргенде, Гришин қазақ даласының байлығына қызығатынын, соғыс аяқталған соң Қарағандыға келмек ойы бар екендігін айтады. Сол арқылы жазушы ұлттық рухымызды, ұлан-ғайыр даламыздың мол байлығын басқа ұлт өкілдерінің пікірлері арқылы әспеттейді.
Романда өзіндік ерекшеліктерімен дараланып отыратын тұлғаның бірі — Петр Ушаков образы. Оның біз шығармадағы ержүрек мінезін әр түрлі іс-ерекетінен, ерлік істерінен көре аламыз. Ол — өте байсалды, батыл жігіт. Қандай қиын жұмыс болса да алдыңғы қатарда Петр жүреді. Оның батырлығы қорғанда қалып, мыңдаған немістермен соғысып, кескілескен шайқаста анық байқалады.Ол жаулардың оғының арасында жалғыз қалады, тұтқынға түсу қаупі төнеді. Бірақ батыр, ержүрек тұлға жау қоршауынан құтылады.
Шығармаға ерекше леп беретін бейне - көңілді, әзілкеш жігіт Самед Абдуллаевтың бейнесі. Ол өте көркем суреттелген. Самед әр түрлі қиын жағдай кезінде алдыңғы шепте жүргенімен қоймай, жауынгер достарының көңіліне қылау түскенде, өзінің жеңіл қалжыңымен, астарлы әзілімен, оларға көп серпіліс әкеледі, жігер береді.
Профессор Шарафиддинов бұл образ арқылы Ғ.Мүсірепов соғыс жылдарында халықтар достығының қандай дәрежеде болғанын және қандай мақсатта романға бұл образды ендіргені туралы былай дейді:
«Романдаги асосий ғоявий йуналишлардан бирини халқлар дустлигини улуғлаш ташкил қилада. Асарда турли миллат вакиллари харакат қилади. Булар орасида рус майори Русаков, лейтенант Мирошник, оддий жангчи Василий Гришин кабилар бор.
Ғабит Мусрепов романда қозоқ ва узбек халқлари уртасидаги бузилмас дустликни тасвирлашга хам алохида эътибор берган ва шу мақсадда асарга узбек жангчиси Самад Абдуллаев образини киритган. Бу образ хақида таникли қозоқ ёзувчиси Т. Ахтанов шундай ёзади: «Ёш жангчи Самад асар воқеаларига романнинг сунгги — учинчи кисмида келиб қушилса-да, унда катта урин тутади. Ёзувчи уни суронли жанглар ичида тасвирлар. экан, унинг қайноқ ғайратини, юксак қақрамонлигини, дустларига садоқатини, хаётни севишини, самимиятини очиб беради. Узида узбек халқииинг узига хос миллий хислатларини мужассам этган Самад образи романга алохида енгиллик бахш этади, унинг рангларини бойитади. /15.346/
Сонымен қатар командирлер бейнелері де өте тамаша суреттеледі. Шығармадағы Андрей Мирошник, Петр Ревякин сияқты жауынгерлердің бағыт беруші, басшылық орны ерекше.
Осы кейіпкерлердің бәріне ортақ белгілер,игі қасиеттер: отансүйгіштік, еліне адал қызмет ету, қасық қаны қалғанша халқын қорғау, жауларды құрту, елін азат ету еді. Олардың барлығы да фашизмге, адамгершілікке жат қоғамға қарсы күрескен ержүрек батырлар және адал достар.
Жауынгерлердің ерлігі, мінезі әр түрлі оқиғалар тұсында да көрініп отырады. Бұл әсіресе, қысылтаяң шақтарда айқын көрінеді. Айталық, жау қоршауында, қорған ішінде 13 адам ғана қалып, олар көптеген ерлік көрсетті. Шайқаста күні бойы шаршап, шөлдеген жауынгер достарына су әкелмекші болып Егор түнде сайтабандағы бұлақ басына кетеді. Егор сырт көзге аңқау, қарапайым көрінгенімен, балалық шағы орман ішінде өткендіктен, жер бетінің ой-шұңқырына зерек, ұқыпты жан болатын. Кеткеніне екі сағаттан асқан Егордың өмірі үшін оның қарулас достары — Самед, Вася, Петр, Володя қауіптене бастайды. Олар осылай қобалжып тұрғанда сырттан үздіксіз атылған пулемет дауысы естіледі. Борап тұрған оқ астында Егор шелегін тастамай жүгіріп келе жатып, оқ тиіп құлайды. Жараланған Егор орға сүйретіліп әрең жетеді де, шелегін төмен тастап үлгереді. Содан кейін орға асылып барып, өзі мерт болады. Үсті-басын оқ тесіп өтсе де, орға әуелі өзі түспей, шелекті.түсіруі - қалжыраған жолдастары бір тамшыдан болса да су жұтсын дегені еді. Бұдан өз өміріне қауіп төнген сын сағатта да жолдастық рухты жоғары қоя білген қарапайым солдаттың көзсіз ерлігін көруге болады.
Осы тұста Егор образы мен Шәкір образын салыстыруға болады.
Жазушы Қалмұқан Исабайдың 2005 жылы шыққан «Алғы шепте» деп аталатын кітабына енген «Егіз » әңгімесінің басты кейіпкері Шәкір образы. Бұл әңгімеде де Қалмұқан Исабай Шәкір образы арқылы көзсіз ерлікті суреттейді.Батыс жақтағы жылтыр төбелі үлкен тауда дұшпан жатыр. Шәкірлердің ротасы осы таудың арт жағынан шығып, ту сыртынан соққы беруі керек. Солдаттар кендір жіппен он-оннан байланысып алған. Олар құзға жабысып жүріп, шыңға қарай жылжып баруда.Он жігіттің соңындағы Шәкір кенет құлайды. «Тізбек тоқтады. Үн жоқ.. Құлаған да үнсіз.Тұрғандар да үнсіз...Шәкір төменде өзенге еңкейе біткен құздан табан тірер тұрақ таба алмай жанталасып жатыр.Ол асылған жіп барған сайын домбыра ішегіндей созылып барады.» /23. 8/ Егер осы қалыпта тұра берсе, Шәкірдің алдындағы солдаттарда құлауы сөзсіз. Сол уақытта осы қауіпті сезген Шәкір арқанды қиып жібереді.
Самед Абдуллаев бейнесі өте тартымды шыққан. Ол әрқашан көңілді жүреді достарының көңілін қалжың арқылы көтеріп, қиындықты ұмытуға көп көмектеседі. Бірақ ол ең соңында ерлікпен қаза болады. Ең соңғы ауыр шайқаста он үш жауынгерден үшеуі ғана аман қалады. Бірақ халқы олардың ерліктерін ұмытқан жоқ. Осы жауынгерлердің еңбегін бағалап, оларға «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.
Әдебиет - тіл байлығының алтын қамбасы. Ғабең осы ұлттық рухани байлықты барынша таза ұстауға мән беріп отырған. Тілдің қалыпты өмір сүруі үшін әрбір сөз өз мағынасында ғана қолданылып,сөйлем тіл заңдылықтарына орай кұралып, ішкі ырғақ сақталуы керек. «Сөзді қалай болса солай пайдалана берсең, сөздің жүзі мұқалып, ұшы майырылады да, айтайын дегенің құлаққа қонбайды. Абай айтқандай, көңілдегі көрікті ойдың айтуы келіспесе түкке тұрмай қалады. Кейбір ғалым бастары толы ми, ми толы, ақыл әттең сол ақылды айта алар тіл жоқ!»-дейді. Ғабең.
Өнерді қасиетті деп танып, оған үлкен жауапкершілікпен қараған қаламгер шыңыраудан су шығарғандай жүрек түкпіріндегі сезім толқындарын шым-шымдап тартып шығарып, ақ қағазға түсіріп отыр. Шыңыраудан су шығару қаншалықты қиын болса, жүрекпен жазу да сондай қиын. Ғабең өз басында болған жағдайды айта отырып, басқа қаламгерлерді де жазушылыққа асқан жауапкершілікпен келуді ескертеді. Күніне 5-10 бет жазатын жазғыштарға мен бүгін 1-бет қана жаздым, екінші бетте ойдағы 4-5 сөзді таба алмадым. Осы сөзді Ғабеңиен басқа біреу айтса, оның қаламгерлік қабілетіне күмән келтірген болар едік. Ал, Ғәбеңнің дуалы аузымен айтқан кезде үлкен мәнге ие болған. Жазу қолынан келетін кім көрінгеннің әдебиетпен айналысуға бола бермейтінін, оның тек бойында дарыны бар жанкештілерге ғана есігі ашылуы мүмкіндігін ескертіп отыр.
Ғабең әдеби тілдің нормасын қатаң сақтауды қалаған. Ол ауызекі тілде, жергілікті жерлерде қолданылатын сөздерді көркем шығармаға орынды, орынсыз тықпалауды қаламайды. «Барғам», «жазғам», «айтқам» дегендерді сөйлескенде де, жазғанда да, «Барғанмын,айтқанмын, жазғанмын» дейтін болайық»- дейді.
Тілдің ұлт өмірінде алатын орны көркем әдебиеттің ұлт тілін дамытудағы ерекше рөлі жайлы аса құнарлы пікірлер айтты.Әдебиет көркем тілден басталады десек, көркем шығарманы тілдік тұрғыдан талдаудың тамаша үлгісін көрсетті. Тіл шеберлігін өзгелерден талап етіп қоймай, өзі үлгі көрсетіп қазақ сөз өнерінің ұзақ туындыларын кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Ғ. Мүсірепов шын мәніндегі сөз зергері. /13. 3/
Академик В.В.Виноградов көркем шығарманың тілі туралы еңбегінде: «Әдеби шығарманың тіл ерекшеліктерін оқып-үйрену әдебиеттің, сондай-ақ кез-келген жеке жазушының тілі мен стилін зерттеудің келелі міндеттерімен тығыз байланысты», - дейді.
Тілдік ерекшеліктерді талдауда жазушының жекелеген сөз қолданыстарына, сөйлем құрылымы мен контексіне, түрлі бейнелеу тәсілдері мен автордың өзіне тән баяндау мәнеріне назар аударылады. Сонымен қатар суреткердің жазу машығының, тіл байлығының шығармадағы образдар характерін сомдауда, сюжет пен композиция құруда қандай көркемдік қызмет атқаратынын, ол туындының жалпы идеялық-көркемдік мәнінің ашылуына қалай әсер ететінін байқату да көзделеді. Жазушы өзінің сексен жасқа толған торқалы тойы өткеннен соң, «Қазақ әдебиеті» газетінің сол кездегі қызметкері, белгілі әдебиет сыншысы Сайлаубек Жұмабековке берген сұхбатында көркем тіл мәселелеріне байланысты терең ойлы, ерекше маңызды пікірлер айтады. Әдебиеттің ең басты құралы - тіл екендігіне, оның тазалығын сақтауға жалпы жұртшылық, әсіресе қаламгерлер қауымының назарын аударады: «Біздер тілдегі бір норманы сақтауға ұмтылуымыз керек. Бұл тұрғыдан біздің мектебіміз Абай, Махамбет, Алтынсарин тілдері болу керек. Қалай десек те, қазақ тілінің нормасын Абай мықтап жасап кеткен. Біздің қара сөзбен айтып жеткізе алмайтынымызды Абай өлеңмен-ақ айта алатын болған. Абайдың ұлылығы да осынысында ғой. Қазір бізде тілді араб, парсы сөздерімен шұбарлан-
дыру өз алдына, қазақтың сөйлемін, тілінің заңдылығын сақтамай орысша құрып, жазып жатамыз. Мысал дегендерден аяқ алып жүргісіз. Әсіресе, жастарымыздың дүниелерінде бұл керемет көп кездеседі. Енді бірсыпыра жастар бар, олардың тілдері қазақы, барынша жатық.. Бұлар қазақтың тілін біледі және соны өсірем, байытамын деп ойлайтын қаламгерлер. Мен қазір екеуіне де фамилиялар мен фактілер келтірер едім, мұным бірақ келте қайырылмайтындықтан, әрі педагогикалық әдеп сақтап, әдейіайтпай отырмын. Бәріміз болып қолға алатын мәселе - тіл мәсслесі, тіл проблемасы. Жоғарыдағыдай өрескелдіктермен ешқандай аяусыз, қатал күресу керек» - дейді Ғабең «Дәуір үні- суреткер сыры» сұхбатында.
Стильдік ерекшеліктерге тілдік сөз қолданыстарымен қатар жазушы шығармашылығының тақырыптық ерекшеліктерін, характерлердің тұтастығын, бейнелеу тәсілдерінің ұқсастығын жатқызуға болады. Мәселен, біз шығармасын талдап отырған көрнекті жазушымыз Ғ. Мүсірепов стилі дегенімізде, ойға бірден оның шығармаларындағы жалынды патриотизм мен жасампаз интернационализм, өршіл романтика, жеңіл әжуа мен ащы кекесін оралады. Бұл аталғандар «Қазақ солдаты» романында синтаксистік қайталаулар, бірыңғай мүшелер, лексикалық және дыбыстық қайталаулар, инверсия, т.б. тілдік құралдар арқылы көрінеді. Ал синтаксистік, лексикалық қайталаулар-Ғ. Мүсірепов шығармалары стилінің поэтикалық құрылымын, оның ырғақтылық әуенін байқататын пәрменді тәсіл. Мұны жазушы романының алғашқы сөйлемдерінен-ақ аңғартамыз.
«... Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам... Зытып келе жатқаным - қашып келемін, артыма қарай беретінім - қорқып келем...» /9.3/
«есебінен сиырлар да жаңылмайды, мен де жаңылмаймын: тарғыл аласы он жеті, қызыл шұбары он үш, қарасы тоғыз, құбақаны бесеу деген секілді, түр-түрімен есептеліп қойылған...» /9. 9./
«Жайықпен бірге бұрандап, қалбандап мен де келем, қалбаландап қасымнан қалмай көлеңкем де келеді...» /9. 10/
«...Зытып келеді екем, зытып келеді екем... қуғыншы мені қуып келеді екен, қуып келеді екен... Менің қуғыншым сары маса ғой, буып келеді екен, буып келеді екен…» /9. 12/
«Ағатай да айтылып жатыр, әкетай да айтылып жатыр...» /9. 93./
Мұнда автор етістіктерді қайталау арқылы жанды сурет жасап, оқиғаны даму үстінде әсерлі жеткізеді.
Суреткер шығармасындағы ойды, сөйлемді афоризм, шешендік көркем сөзге құруға шебер. Мәселен, «Елегізер жел де жоқ, елең етер үн де жоқ» . /9. 3./
«Жалғыздық жасқаншақ та етеді, жаужүрек те етеді» /9. 18/
«Басым оңай иілмейді, тізем оңай бүгілмейді» /9. 62/
«Қыран биігі шексіз, адам биігі одан да жоғары өрлейді», «Ой қорқақтап төмен тартады, сезім күліп жоғары өрлейді» /9. 70./
«Көзіңнің елі көрмегені көп, көңіліңнің әлі тоқымағаны көп» /9.81/
«Жапырақ көгермей солды, жастық гүлденбей өлді» /9.98/
«Адам артына қарап ойланады, алдына қарап өседі», «Көңілім наразы, жүрегім төмен тартқандай болды» /9. 114/
«Жарыста екі аттың біреуі-ақ озады, айқаста екі жақтың біреуі-ақ жеңеді», «Көз — іліккенін, қол — сермегенін құтқарар емес» /9.204/
«Бойдағы күштен ойдағы күшке салмақ ауыр түседі», «Шабуыл — жеңіс емес те, шегіну — жеңіліс емес» /9.239/
«Соғыста асықсаң да зиян, кешіксең де зияи» /9.246/
Жазушының сөз сойлету мәнеріне тоқталғанда, айрықша мән беретін нәрсе — оның кейіпкерлерді жас ерекшеліктеріне орай сөйлете білу өнері екенін ұмытпаған жөн. Бүған, айталық, Қайроштың бала кезіндегі ой орамы мен азамат қатарына қосылғандағы сөз саптасын салыстыра қарасақ көз жеткізе аламыз:
«...Сүйретіле басып, дүкеншінің қасына жақындап, орысша дұрыс білемін-ау деген жалғыз ауыз сөзімді айттым:
Іздрәсти... - дедім,ең әдепті үнмен. Ол маған:
Пошел! — деп жауап қайтарды. Мен түсінбейтін тағы бірнеше сөз қосты. Кескініне қараймын да «онша жақсы сөз айтып тұрған жоқ-ау» деп ойлаймын...» /9.13/ Немесе: «...Біз әр кезде солдатпыз. Соғыс бітіп автомат мойныңнан түскеннен кейін де солдатпыз. «Қайрақты» совхозында ерте тұрып, кеш жатып жүрген шешем де солдат, еңбек солдаты. Қазір майданда жүрміз демесек, біз де сол еңбектің солдатымыз. Артық жасайтын әрбір күн бізге сол үшін ғана керек...» /9.326/.
Шығармада өзге қаһармандардың да әрқайсысының өздеріне лайықты сөз сөйлеу өрнегі бар. Әр кейіпкердің сөзі оның характерін айқындауға қызмет етіп тұрғанын оқушыларға білдіру қажет. Өйткені «Сөйлеу стилі дегеніміз сейлеушінің мінез-құлқын байқататын құрал. Сөз сөйлеу стилінде адамның әлеуметтік талғам-тұшымы мен мәдени өресі байқалады».
Романдағы автордың сөз қолдану шеберлігін талдағанда, теңеу, эпитет, метафора, метонимия секілді тілдік көркемдегіш құралдарды жазушының пайдалану әдісіне ерекше назар аударылады.
Айталық, Ғ. Мүсірепов теңеулері жай ғана жеңіл теңеулер емес, «тайға таңба басқанда» анық, дәл, айқын баламалар, ойға құрылған суреттер. Автор қандай мәселені суреттемесін, мейлі табиғат құбылысы болсын, әлде адам ойының бұрылыс-қалтарысы болсын, болмаса сұрапыл соғыстың жойқын суреті болсын, теңеу қолданғанда ол әрқашан биік талғампаздық пен асқан дәлдікті орайды ұштастыруды нысана етеді. Мысалы, «Киіктей орғып, балықтай бұлт етіп, ұстатпай қашып жүрген Шеген...», Қара ала әтештей кердеңдей басып жүрген дүкенші...», «мас өгіздей, нас шошқадай басы жеткен жерді артымен ластап келе жатқан жау...», «Үрлеген қозы қуықтай ғана шышы...», «Түтілген ақ мақтадай құшақ-құшақ ақ түтіндер....», «Қабат-қабат биік үйлер темірдей балқып, қағаздай жұқарып барып, құздай қопарыла құлайды» т.т.с.с.
Шығарманың көркемдік сапасының жоғары болуына, автордың өмірлік материалдарды, тілдік формаларды молынан пайдалануына оқиғалардың бірінші жақта - Қайрош атынан баяндалуының көп септігі тиген.. Өйткені шығарманың баяндалуы сырт қарағанда бас кейіпкердің айтып отырған әңгімесі сияқтанғанмен, мұнда жазушы бірінші жақтан кейіпкерлерді сөйлету арқылы ауызекі сөйлеу тілінің ғаламат мүмкіндіктерін пайдалана алған.
Бұл туралы жазушышың шығармашылығын зерттеп жүрген әдебиетші-ғалымдардың бірі - профессор Н. Ғабдуллин мынадай пікір айтады: «Роман бірінші жақтан жазылған, айналада болып жатқан құбылыстар, өмір-тіршілік әрекеттері, майдан суреттері бас кейіпкердің көзқарасы тұрғысынан бағыт алып отырады. Сондықтан мұнда лирикалық шегіністер, публицистикалық лептер көбірек болуында қисын бар. Бұл тұрғыдан қарағанда да романның жазылу мәнерінен Ғ. Мүсіреповтің өзіне ғана тән стиль ерекшелігін анықтаймыз».
"Қазақ солдаты" романының көркемдік құны жайлы әңгімелегенде назар аударатын мәселелердің бірі— морлық баяндаулар. Суреткер шығармада өмірдің сан алуан құбылыстарын қандай әсем бейнелесе, келеңсіз көріністерді, ыңғайсыз жағдайларды соншалықты қатты сынайды, әжуа етеді. Мысалы: «Қалада өткен үш күннің ішінде мың түрлі олақтығым барын байқадым. Аяқ бассам-ақ болғаны, қаланың бір дәстүріне мұрымдығым іліге кетеді... Жұрт орнына жайғасып болып, шымылдық етегін түре берген кезде, қоршаудың басына біз де қонып қалып едік... Сақ отырайық деп келіссек те, ән басталған кезде оны бәріміз де ұмытып кетіппіз» /9.30/.
Жатар орын, киер киім, ішер асқа жарымай жүрген панасыздардың өнерге, өмірге деген құштарлығын осыдан аңғарамыз.
Ал терең ұғыну процесіндегі адамның өзін-өзі ұмытуы — бала психологиясына да, тіпті ересектердің ойлау жүйесіне де тән қасиет. Оның үстіне қаладағы тақтаймен қоршалған «жазғы театрға» келіп атақты Сарытау операсы өнер көрсетіп жатса, әсіресе, ауылдан келген жас жеткіншек үшін одан артық қызық бар ма?! Әрине мұндайда «даланың ән құмарлығы ұстап береді» /9.30/.
Юморлық сурсттеулерді Қайроштың соғысқа қатысқан тұстарынан, ондағы кейбір құбылыстарға берген анықтамаларынан көптеп мысалға келтіре аламыз. Мәселен, соғыстың қызыған кезі. Кеңес жауынгерлері шегініп келеді. Өзеннен өтетін көпірді қарауылдап және шегінген әскерлердің қайсысын бұрын, қайсысын кейін өткізу Қайрош бөліміне тапсырылады. Лықсып келе жатқан әскерлерде тәртіп жоқ, көпір аузында береке жоқ, жөнсіз қатарласып келіп кептелулер болып жатыр. Осыны байқаған Қайрош сол көріністі «Орынбордың жәрмеңкесі болайын деп тұр» /9.213/ - деп теңейді.
Туған елі, сүйікті Қазақстаны туралы патриоттық сезімін ол осы тұста былай білдіреді: «Менің үйімнің үлкендігі сондай, Қарағанды мен Гурьевтің ортасына екі Франция, он шақты Щвейцария, он бес шақты Бельгия сыйып кетер еді. Люксембург сияқты «Ұлы мемлекет» үшін біздің екі колхоздың жайлауы емін-еркін жетіп жатыр... Гурьев пен Қарағандының арасынан гөрі Лондон мен Берлиннің арасы көп жақын...» /9.213/.
Шығармадағы жеңіл әзілді кеңес жауынгерлерінің жоғары патриоттық рухын көрсететін, жауды жеңуге деген олардың нық сенімдерінің айғағы ретінде түсіндіреміз. Бұған, мәселен, Самедке байланысты баяндаулардан көп дәлелдер келтіруге болады.
Әйгілі жазушының шығармаларындағы юмор мен сатираны әңгімелегенде, ойға көрнекті қазақ ақыны, филология ғылымдарының докторы Ә. Тәжібаевтың: "Юмор—Ғабең талантындағы ірі қасиеттердің бірі. Жаңа ғана өксіткен оқушысын ол лезде көңілдендіре алады. Ал ызаланған тұста патетикасы мен сатирасы қоса сілтенеді",-деген пікірі оралады. .
Романда диалект(грекше dialektos–оқшау тіл./17.217.) сөздер кездеседі:
«...Сондықтан біреуінің екі күрең қасқа сиыры мен екі күрең қасқа торпағына, енді бірінің тарғыл ала сиыры мен қоңыр сиырына ерекше құрметпен қараймын"/9.7/ " -Өй, қасқаның жатысын!-деген дауысынан оянып кетсем, қасымда Шеген тұр екен» /9.37/
«Мінезім кіді, өзім ұнамсыз көріндім білем» /9.57/
«Бұл өмірдің оңай есебі, жайлы есеп екенін біле тұра, ойым осылай қарай қыңыратқи береді» /9.64/
«Қолына жұқа тері биялай, басына жеңіл жалбағай киген, құлағының іші мен танауының сайларына шаң тұрып қалған Айдаш қасыма келді» /9.83/
Романда архаизм (грекше archaios – ежелгі, көне; бүгінде ескіріп, әдеттегі қолданудан шығып бара жатқан, әсіресе ауызекі сөйлеулерде көп айтыла бермейтін көне сөзде./17.212./ )сөздер де кездеседі:
«- Мен де содан қорқам, шаһизадам...» /9.60/
«Мүгедектердің қасынан желдей есіп өтіп, тоқтаусыз зарлап, «аллаһулаған» диуаналар келеді бір кезде. «Жаһаннам дүниесінен» қашып біздің елге өткісі келгендер де бар» /9.101/
Эпитеттер (грекше epitheton – қосымша;заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз. /17.224./)де кездеседі:
«Жалпақ өзенді белінен бастыра салған ұзын көпірге таянғанда, жылысып жағаға жақындап, әрең деп қырға шықтым» /9.11-12/
«Жалба-жұлба сұрша бұлттар төмен жүр»/9.41/.
«Жарқын жазбен амалсыз қоштасқан жұрт, енді күзге орайлас сұр киініп, адам реңі де қуаң тарта бастады» /9.42/.
«Қияқты қара мұрт, қалың қара сақал, ақ кіре бастаған бұрыл самай, бұрын бір көрген адамның түсін жасырып тұрған секілді» /9.77/.
«Балғын жас денесі жұмырланып, әр мүше өзінің табиғи көркемдігін тауып, үзіліп тұрған кезі екен» /9.78/.
"Өкірген, ұлыған, гүрілдеген соғыс үні үстімізге келіп қалыпты" /9.152/.
Ғ.Мүсірепов «Қазақ солдаты» романында, әсіресе, теңеулерді (орысша сравнение; мұнда суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді./17.226./) өте көп қолданған:
«Жуан-жуан ту құйрықтан жасап жапсырғандай едірейген қара мұрты сол бір жылдарда бүйідей түксиіп, кәр төгіп кетіп еді» /9.4/.
«Қара ала әтештей кердең басқанмен әлі ешнәрсе сата қоймағандықтан оның жүзіне де әлі рең кірген жоқ» /9.15/.
«Жапырақтай сарғайып кеткен жас қана жаралы қыз ауыр ыңырсып, қасымдағы бір шұңқырда жатыр» /9.139/.
«Екі пулеметтен түйдек ағытылған оқтар жолындағы шырпы бастарын қайшыдай қырқып, әр қайыңға барып сонадай соғылып жатыр. Лезде-ақ қайыңның бар жапырағын шегірткедей жалмап, сыпырып түсірді. Жаңа ғана жас әйелдей төгіліп, жайқалып тұрған сұлу ақ қайың лезде жапырағынан айырылып, саусақ сүйектері сыдыған кемпірдей болып қалды» /9.167/.
«Қабат-қабат биік үйлер темірдей балқып, қағаздай жұқарып барып, құздай қопарыла құлайды» /9.274/
Көрнекті жазушы шығармасында метафораны(грекше metaphora-көшізу; сөз мәнін өңдендіре өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай түсу үшін, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау; сөйтіп суреттеліп отырған заттың не құбылыстың мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту./17.230./ да өте орынды қолданған:
«Тегі, оның сүйері — уайымсыз еркіндік...» /9.21/
«Бірақ, бізге қымбат — жауға арзан, оның құмары да біздің қымбатымыз бен қимасымыз болып келе жатыр» /9.139/.
«Сенің бірінші жауың - үрей" деп жазыпты» /9.180/
Шығармада троптардың (метонимия, синеқдоха, гипербола, кейіптеу) түрлері де кездеседі:
«Қаралы қала үнсіз мүлгіп, кекке шақырады» /9.192/.
«Тебе дір қағады» /9.339/
«Енді артымнан сол құдірет қаракөк атқа мініп алып, көсіліп қуып келе жатқан сияқтанады» /9.5/.
«-Қане, қырғилар, кеттік! - деп, Шеген қаздандай басып, Жайыққа қарай тартты» /9.25/
«Ағаш басынан мысықтай жылжып, сып етіп, Сергей де түсе қалды, шұбар жыланның басы да.сып беріп ініне кіріп кетті» /9.167/.
«Ұзын бір ақ кірпікті алқымынан алған бойы астына сала Семен де құлады» /9.201/
«Енді тек қылт еткен темір қалпақты аңдыдық» /9.201/
«Бесті шыбындар терезені тепкілеп, қиратып барады екен» /9.37/.
«Секундты сегіз боліп санап біз отырмыз».
«Кәрі Каспийдің ауыр теңселіп, жардай биік толқындары теңіз жағасын арсылдай ұрып, долданып жатқан бір кезі болу керек». /9.11/.
«Екі көз, құлақ-мұрныма үймелеп алып, жасап жатқан базардың қалың қара шыбындары екен» /9.12/.
«Күркілдеп, қырылдап, ауыр дем алып, біздің ғасырдың алыптары алдымызда тұр» /9.164/.
«Қазбек пен Каспийдей екі қарттың ерке қызы Терек тастан-тасқа секіріп, тулап жатт» /9.269/.
Романда жер-су аттары, әскери терминдер және қару-жарақ атаулары көптеп қолданылған.Мәселен, Жайық, Қарағанды, Гурьев, Ростов, Новороссийск, Керчь, Берлин, Каспий, Терек, Сталинград, Кавказ, Орал; рота, взвод, маршал, офицер, лейтенант, трибунал, капитан,комиссар, сержант; танк, мина, пулемет, миномет, снаряд, бомба, мылтық, автомат т.с.с.
«Қазақ солдаты» романының тіл көркемдігі хақында әдіскер-ғалым, педагог ғылымының докторы, профессор С. Қалиев мынадай қүнды пікірлер айтады: «Жазушының пейзаж суреттеудегі шеберлігі сөз болғанда, көңіл бөлетін басты мөселенің бірі — табиғат бейнесін бас кейіпкерлердің күйініш-сүйінішімен, тағдыр-тіршілік тынысымен байланыстыра, оқиға өрісінің ішкі мазмұнын ашуға көмекші құрал етуі».
Мұны шекарадағы қарама-қарсы мемлекеттер бейнесін суреттер алдындағы таңның бейнесінен аңғарамыз:
«Біздің жақтан қызара бөртіп таң атып келе жатыр. Тау ауасы көгілдір тартып таң белестеген сайын, аспан да тазара бастады. Таңертеңгі тау салқыны айналасына ақырын ғана леп береді. Аспан ашық көкке боялып, әр жерінде түтілген мақтадай, жеңіл ақ бұлттар ғана қалды. Күн белгісі берілгенде, жеңіл ақ бұлттар қызғылт тартып, жымия бастағандай» /9.102/.
Үзіндіден жазушы табиғат суретін көркейіп келе жатқан еліміздің әсем келбетімен қабыстыра бейнелегені танытылады, Романдағы «Жазғы түн өлі даланы күзетіп жалғыз қалғандай. Егін маңайында ән де жоқ. Бақша арасында күлкі де жоқ, иесіз қалған поселкелерде үн де жоқ. Қалың түскен шақта жосылып жататын із де жоқ. Әні мен сәнінен айырылып, жас жесірдей мұңайған жазғы түннің өзі ғана қалыпты» /9.158 -159/.
«Таңертеңгі күн сәулесі тау қойнына ұрланып қана, ұялып қана кіріп келе жатты. Суық түксиген қоңыр құздардың бойы жадырап, қабағы да жылына бастады. Күн сәулесі әуелі алып жоталардың бүйіріне түсіп еді, енді кәрінің жөнын сипай, кеудесіне қарай өрледі» /9.269/ деген секілді пейзаждар дәл сол кездегі табиғи жағдайды айқындай отырып, кейіпкерлер мінездерінің, туындының идеялық-тәрбиелік мәнінің ашыла түсуіне әсер етіп тұрғанын шәкірттерге байқату қиын емес. Пейзаж кейіпкер бейнесін қалыптастыруға, оның күйініш-сүйінішін, тыныс-тіршілігін, өсу динамикасын көрсетуге көп септігін тигізеді.
Көркемдік элементтердің енді бірі — портрет. Жазушы романда кейіпкердің сыртқы келбетін кескіндей, оның ішкі жан сезімін, өзгеріс иірімдерін, толғаныстарын беріп, ұтымды психологиялық портреттер жасаған: «Бораш бір аққұба ғана қағылез, қыз мінезді бала екен. Көздері де жаңа туған бұзаудың көзіндей, бар дүниеге таңдана қарайтын сияқты. Қуануы да, ренжіп қалуы да оп-оңай. Мөлдір қара көзінен көңілінің түбі көрініп тұрғандай» /9.20/.
«Қаракөл жағалы қынама қара пальто киген, басында да сыпайы сәнмен киген қара бұйра берік. Аз ғана сопағырақ жүзді, қара торы әйел суықтан азырақ қызарыңқы тартқан. Қара көздерінен түрлі ойдың ұшқындары аңдалып қалады. Кейде бізге арналған жылылық оты көрінсе, кейде бір мұң пердесі, жүрегіндегі тынышсыздық байқалады» /9.215/.
Келтірілген портреттерден шығарма кейіпкерлерінің психологиялық бейнелерін танытамыз. Мұндай мысалдар арқылы оқушы автордың шебер психолог-жазушы екенін үғынады.
Жазушының: «Аспан қандай ашық болса, жігіттердің жүзінде де ешбір көңілсіздік көлеңкесі жоқ...» /9.115/
«Төменде бал тасыған аралар, таудың ірі инеліктері өріп жүр. Аспанда лек-лек самолеттер өтіп барады...» /9.117/
«Киімдерден шұрылдап суық су ақса, көзіңнен тамған тамшылар ыстық-ақ еді...» /9.316/ деген сөйлемдерінен кейіпкерлердің қимыл-әрекеті мен табиғат құбылыстарын қатар қоя салыстыра суреттеу үлгісін танытуға болады. Бұл мысалдарда да табиғат суреті мен кейікерлер қимылы қабыса астарласып, образдар жүйесін, характерлер дүниесін жасауға септігін тигізетінін көрсетеді.
Романда халық даналығының үздігі – мақал–мәтелдер көп қолданылған. «'Әліпті таяқ деп білмеу» /9.3/,
«Жаман дос—көлеңке» /9.8/,
«Бақташы байымайды» /9.9/,
«Батыр түсінде жау көреді, балықшы түсінде ау көреді» 9.12/,
«Сырты сопы молдадан іші таза қара қазақ артық» /9.14/,
«Бетің қисық болса айнаға өкпелеме» /9.17/,
«Өлімнен ұят күшті» /9.32/,
«Қарға баласын "аппағым" деп сүйеді» /9.39/,
«Оғап молда оқымаса да жаназа шығара алады» /9.51/,
«Бала, баланың ісі шала» /9.51/,
«Жұмыстағы адамнан гөрі қолы бос адамның уақыты аз болады» /9.58/,
«Қыры кеткенге қырын келеді» /9.237/,
«Құс баласы аспанға қарайды, мал баласы жерге қарайды"» /9.61/,
«Бел астындағыға бесіктегі бала да шыдайды» /9.363/...
Сондай-ақ шығармадағы халық әндерінің жыр жолдарына, ел аузында жиі айтылатын әзіл-оспақ, аңыз әңгімелерге де көңіл сарайының төрінен орын берген жөн. Мұнда бұлар да тиісінше идеялық-көркемдік жүк арқалап тұр. Кейде автор аңыз әңгімелердің сол кезеңге сай формаларын да сәтті қолданады. Мәселен, Қожанасырға байланысты әңгімелерді алайық:
«...Қожа Насреддин Отан соғысының барлық майдандарына барып, солдаттарға фашизмді түсіндіріп жүреді. Тегеран конференциясына қатынасып, Черчилльге екінші майдан ашу жайында құйтырқы сұраулар береді:
Қалай ойлайсыз,-дейді Қожа Насреддин Черчилльге, - екінші майдан неліктен созылып кетті?
Уақыты жетпей жатыр... - дейді Черчилль оған.
Мен уақыты өтіп кеткен шығар деп ем... – деп Қожанасыр жүре береді...» /9.298/.
Бұл - Ұлы Отан соғысы кезіндегі халықтық үлгіде жасалған аңыз-әңгімелердің жаңаша нұсқалары екенін шәкірттерге ұғындыру қиынға соқпайды.
Қысқасы, ұлы суреткердің өз сөзімен айтқанда: «Әрбір сөз өзінің көркемдік күшімен де, мағыналық тереңдігімен де, жасалу шеберлігімен де халық талабына сай болса ғана қасиетті болмақ».
Қорытынды
Әр ұлттың тарихында өмірімен де, еңбегімен де туған халқының ілтипатына бөленіп, оның сүйіктісіне айналатын ұлдары болады. Осындай азаматтардың қатарына қазақ әдебиеті тарихында Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сияқты ұлы тұлғаларды жатқызамыз. Олардың жазушылық өнерін қазақ халқы ғана емес, бүкіл әлем мойындап, шығармалары көптеген шет тілдерде басылды.
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің абыройын асырып, мәртебесін биіктеткен классиктердің бірі, көркем сөздің ұстасы, тапқырлық пен шешендіктің нұсқасы, дарқан дарын, академик-жазушы Социалистік Еңбек Ері Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов.
Ғабит Мүсірепов - өз дәуірінің рухани –мәдени бел-белестерінде өшпес белгі қалдырған, әдебиетіміздің биік тұлғасы тұғырына көтерілген ұлы суреткер, ұлағатты ұстаз, ірі қоғам қайраткері, өзі айтқан әдебиетіміздің «алыптар тобының» аса көрнекті өкілі.Оның есімі туған халқының болмыс–бітімімен, рухани әлемімен тығыз байланысты. Халқы барда кемеңгер суреткердің бүкіл өмір тарихы, шығармашылық өсу жолы, күллі әдеби–мәдени мұралары мәңгі жасай бермек. Жазушының қаламынан шыққан көркемдік қуаты жоғары туындылары әлі талай жүректерге жол тауып, талай түлектерді адамгершілік игі қасиеттерге баулитыны анық. Себебі күн санап уақыт өткен сайын данышпан қаламгердің дара тұлғасы биіктеп асқақтай түседі ді, оның өмірі мен шығармашылығындағы сан алуан құпия сырлар одан әрі айқындала түседі.
Ғабит Мүсіреповтің тұла бойының, кемеңгер ойының, өміршең шығармашылығының танымдық та, тәрбиелік те қадір – қасиеті ерекше. Өйткені көрнекті жазушы шығармашылық жұмыста, жазу өнерінде өзіне де, өзгеге де, алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі буын інілерге де биік талап қоя білген қаламгер.
«Ол ана тілінің таза болуына, сөздердің өз орнына қаланып, дұрыс қолданылуына, қорының молая беруіне баса назар аударатын. Ол өзінің өткен жылғы соңғы бір баяндамасын тіл мәселесіне арнаған еді. Тіл болмаса халық болмайтынын жас ұрпақтың жадына мықтап құйған еді. Оның маржандай тізілген жазуынан сөз меруерттері шашылып жатқандай болатын. Ол әр сөздің сырын, нұрын, дәмін, әнін тамыршыдай тамаша білетін. Ол керемет стилист еді. Стиль адам дейтін болсақ, оның стилінен өзінің сұлу жаны жарқырап нұрын шашып тұрғандай»-, дейді Сырбай Мәуленов.
Ғабит Мүсіревтің «Қазақ солдаты» романының тілі,стилі, сөз қолданысы ерекше. Романда көркемдегіш құралдардың және троптың барлық түрлері қолданылған. Анықтап айтсақ, портрет, пейзаж, диолог, монолог, юмор, синтаксистік қайталаулар, метафора, метонимия, синекдоха, кейіптеу, гипербола, литота, теңеу сияқты троптың түрлерін және архаизм сөздер, диалект (жергілікті сөздер) сөздерді, афоризмдерді, мақал–мәтелдерді көп, әрі өте орынды пайдаланған.
Көрнекті суреткер Тахауи Ахтанов өзінің «Талант мөлдірлігі» атты мақаласында: «қазақ сөз зергерлерінің ішінде Мүсіреповтің қайталанбас жазушылық қолтаңбасы ерекше. Стилінің әсемдігі, дәлдігі, тілінің нәрлілігі, нәзік юморы мен аса байқампаздығы – бүкіл бір ұрпаққа үлгі» деген пікіріне сүйенсек, ұлы суреткердің көркем шығармаларының қазақ халқының әдебиеті тарихында алатын орны биік.
Сонымен, мен диплом жұмысымның қорытынды сөзін жазушы Тұманбай Молдағалиевтің мына пікірімен аяқтағым келіп отыр:
«Қазақ әдебиетінің аспаны кең . Бірақ жарқырап көрінетін жұлдыздарға сол аспан толып тұр деп айтуға батылың бармайды. Жамбыл, Сәкен жұлдызы, Ілияс, Бейімбет жұлдызы, Ғабит жұлдызы бізге алыстан көрінеді, алыстан көрінсе де жанып, жарқырап көрінеді. Осы жұлдыздардың ең жарығы, ең биігі – Жәкеңдікі десек, ең сұлуы, ең нәзігі, меруерттей жалтырап көрінетіні – Ғабит жұлдызы дер едім».
Достарыңызбен бөлісу: |