1919ж. аяғынан — 1920ж. басы аралығында Қазақ кеңес автономиясын құру ісіне дайындық жүріп жатты. 1920ж. қаңтар айының басында Ақтөбеде Түркістан мен Сібірдің қазақ аудандарының депутаттарының қатынасуымен бірінші өлкелік кеңестік конференция өткізілді. 1920ж. тамыз айының басында Халық Комиссариатының ұлттар ісі жанында Қазревком, Сібірревком мен ТүрОАК өкілдерінің қатысуымен өткен отырыста қаралған негізгі мәселе Ақмола мен Семей облыстарын Қазақстанға қайтару ісі толығымен шешілді. 1920ж. 17 тамызда РКФСР халық комиссарлары Кеңесі Қырғыз (қазақ) кеңестік автономиялық социалистік республикасын құру туралы Декреттің жобасын қарап, 26 тамызда бұл декрет қабылданып, іске кірісті.
1920ж. 4—12 қазан аралығында Орынборда Қазақстан Кеңесінің Құрылтай съезі өтті. Орталық Атқару комитетіне басшы етіп С.Меңдешевты, Халық Комиссарлары Кеңесіне басшы етіп. Радус-Зеньковичті сайлады. Ресей құрамында, астанасы Орынбор қаласы болған Қазақ автономиясы жарияланды. 1920ж. қыркүйек айында осы жағдайға байланысты Орынбор губерниясы ҚАССР құрамына кірді.
Экономикалық жағдай
Қазақ өлкесінде азамат соғысынан кейінгі экономика өте күрделі жағдайда болды. 1918—1920 жылдарда халық шаруашылығын әскери-әкімшілік әдісімен басқару негізі күшейді, үкіметтің экономикалық саясатында негізгі құрал ретінде азық-түлік салығы болды — ауыл шаруашылығы өнімдерінің артығы әскер мен өндіріс орындарындағы жұмысшыларды асырау үшін ешбір өтеусіз алынды. Салық, соғыс жылдары орнатылған “әскери коммунизм” саясатының, яғни үлестіру принципі бойынша жүргізілді. Бұл жағдай экономиканың табиғи дамуында, ауыл шаруашылығында қиын жағдайларға әкеліп соқты. Егістік жерлердің қысқаруы, өнімнің төмендеуі сияқты жағдай нәтижесінде 1921ж. соғысқа дейінгі уақытпен салыстырғанда 3 есе төмендеді. Әсіресе, мал шаруашылығы өте қиын жағдайда болды. Қазақ аудандары 1916ж. ұлт-азаттық көтерілістерінің басып жаншылуы негізінде басталған ұзақ дағдарыстан шыға алмады. Сол жылдардағы жұт, қызылдар мен ақтардың шаруалардың малдарын қайта-қайта реквизициялауы малдың табиғы өсуіне кедергі келтірді, соғыс жылдары 11 млн. жылқы мен 6,5 млн. ұсақ мал болды. Орталық билік органдары өлкедегі осы қиын жағдай кезінде Сібір мен Қазақстан үшін салықты ұлғайту жайлы хабарлады. Үкімет 1920 тамызы мен 1921 маусым аралығында шаруаларға 110 млн. пұт астық өткізуде салық салды, оның ішіндегі 35 млн. пұт астық Солтүстік Қазақстан үлесіне тиді. 1920ж. қуаңшылық пен бұл зоналарда азамат соғысы өткендігі есепке алынбады. Сібір басшылары, Ақмола, Семей облыстары мен Қостанай уезі Қазақ автономиясының құрамына кіретіндігін біле тұра, негізгі салық ауыртпалығын осы аудандарға бергізді. 1920ж. бір ғана Семей облысына 26 млн. пұт, бір Қостанай уезінен 6 млн. пұт астық әкетілді. Артық астық пен қатар күнделікті қажет және тұқымдық бидайға дейін кәмпескеленді. Астық салығы қазақтардың малмен айналысатын болыстарына да салынды, олар малдарын сатып, орнына астық алып өткізулеріне тура келді. Мұнамен қатар ет салығы және “төтенше” жиналымдар да болды.
Достарыңызбен бөлісу: |