Кальций металлы туралы мәлімет
Жоспар
Металлдар-химиялық элементтер
Кальций металлының химиялық физикалық қасиеті
Кальцийдің биологиялық маңызы
Металдар адамзат қоғамына ерте заманнан белгілі. Өркениетті өндірістің дамуына сәйкес және адамдардың металдарды игеруі мен қолданылуына орай, тарихта бүтіндей металл дәуірлерінің аты қалды. Геология мен металлургияның негізін салған, белгілі металдарды зерттеуші Георгий Агрикола ХVІ ғасырда былай деп жазды: «Адамдар металдарсыз өмір сүре алмайды... егер металдар болмаса... адамдар жабайы аңдардың арасында ең аянышты өмір сүрген болар еді»
Тас ғасырында-ақ алғашқы табылған металдар сом күйдегі тума алтын мен күміс болатын. «Металдар» деген сөздің өзі ертедегі гректің осыған үндес «іздеу» деген сөзінен шығуы мүмкін. Адамзат қоғамы бертін келе металдарды табиғи қосылыстарынан бөліп алуды үйренді. Мәселен, мыс біздің заманымызға дейінгі ІV мыңжылдықта алынса, келесі ІІІ мыңжылдықта оның орнына мысқа қарағанда беріктеу қоланы қолдана бастады. Сөйтіп, мыс дәуірінің орнын қола дәуірі басты.
Адам алғаш рет таза темірмен аспаннан түскен метеориттің сынығы арқылы танысты. Темірді балқытып бөліп алудың құпиясы біздің заманымызға дейінгі 1500 жылдарда Кіші Азияда ашылды, содан бастап темір дәуірі басталды.Металдар жай заттар ғана емес, олар химиялық элементтер. Осы элементтер тірі және өлі табиғаттың аса маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Жердің беткі қабаты – литосфера: алюминий, темір, кальций, магний, натрий, калий қосылыстарынан тұрады.
Бұл химиялық элементтер оттек пен кремнийді қоса алғанда Жер массасының 99%-ін құрайды. Теңіздер мен мұхиттардың суында натрий, магний, кальций, стронций, алтын, т.б. металдардың катиондары бар.
Металдар биосферада да орасан зор қызмет атқарады. Кальций сүйек ұлпасының негізін құрайды, темір қандағы гемоглобиннің, ал магний жасыл өсімдіктер хлорофилінің құрамына кіреді.
Сілтілік жер металдарының табиғатта кең таралғаны кальций, оның жер қыртысындағы массалық үлесі 3,63%. Кальцийдің қосылыстарымен адамзат бұрыннан таныс. Әкті өртеу арқылы сөндірілмеген ізбес алды. Оның қосылыстары құрылыста кеңінен қолданды. Гипс мәдени мұра болып табылатын пирамидалар мен көне ғимардың негізгі материалы. Кальцийді 1808 жылы Англияда Гемфри Деви ылғалды топыраққа сынап оксиді мен кальцийдің қоспасын араластырып, электр тогын өткізу арқылы кальцийдің амальгамасын алды, ал осыдан кейін екеуін бір бірінен ажыратып алды. Кальций сөзі латын тілінен «саlx» деген сөзден шыққан,қазақша ізбес деген мағананы білдіреді,сол сөзден периодтық кестедегі №20 элементтің атауы шыққан.
Достарыңызбен бөлісу: |