31. Қазақ тіліндегі көмекші етістіктердің аналитикалық форма жасаудағы қызметі
1971 жылы профессор Н.Оралбаева«Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формалары» атты докторлық диссертациясында аталынған құбылыстың қазақ тілінің грамматикалық құрылысына жат еместігін, аналитикалық формалардың қазақ тілінде де бар екенін, қазақ тілі аналитикалық формаларға бай екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, анықтап берді. Н.Оралбаева қазақ тілінде 70 шақты аналитикалық формант бар деп көрсетті.
Категорияның аналитикалық формаларын қабылдап, оның мағынасын білдіріп, көрсетіп тұрған етістікті (негізгі етістік пен көмекші етістікті) аналитикалық формалы етістік деп атаймыз.
Етістіктің аналитикалық форманты деп белгілі бір грамматикалық категорияның мағынасын білдіретін, қосымша мен көмекші етістіктің бірлігінен тұратын морфологиялық көрсеткішті атайды.
Мысалы : Райымбек еш мәнісін болжай алмай, бас шайқады (Ж.Тұрлыбаев). Анау йығындағы кетпенін анадайда ағып жатқан арықтың ішіне тастай салды да, өзі бастап үйге кірді (О.Сәрсенбаев).
Мұнда болжай алмай, ағып жатқан, тастай салды деген аналитикалық формалы етістіктер қолданылған.Олар жетекші етістік ( болжай, ағып, тастай) және көмекші етістіктен(алмай, жатқан,салды)тұрады. Осы екеуі бір тіркесте қолданылғанда ғана ол аналитикалық формалы етістік болады. Бірінші сөйлемдегі аналитикалық формалы етістік болжай алмады. - й алма – аналитикалық формант.
Аналитикалық форманттардың құрамы қосымша және көмекші етістіктен тұрады. Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттарының құрамында белгілі қосымшалар ғана қолданылады. Олар : көсемше, есімше, шартты райдың,тілекті және ерікті қалау райдың, мақсатты келер шақ, тұйық етістіктің жұрнақтары. Жалпы аналитикалық формант құрамында көп қолданылатын қосымшалар – көсемше, қалғандары бірлі жарым жағдайда ғана кездеседі. Аналитикалық форманттар сөйлемде қолданылу мақсаттарына қарай әр түрлі мән – мағыналар мен қосалқы түрде ұғынылатын әр қилы реңктерге ие болады.
Атап айтсақ :
1. - п ал форманты жетекші етістікке жалғанғанда, субъект өзге істі қоя тұрып, я басқа іске көшпей тұрып, әрекетті әуелі өзі үшін, өз мүддесі үшін жүзеге асырып алуды қалайтын мән үстейді.
Бұл киноны Марат көріп алған. Өлеңді касетаға жазып алды.Мәтінді көшіріп алды.
- й ал форманты жетекші етістікке тіркескенде, оған сол амалды жүзеге асыру я орындау мүмкіндігін білдірерліктей реңк жамайды.
Бүгін мақаланы жазып бітіре аласың ба? Кездесуге келе аласың ба?
- а алма форманты жетекші етістікке тіркескенде, оған сол амалды жүзеге асыру я орындау мүмкіндігінің болмайтындығын білдіретін реңк үстейді. Сондықтан профессор Н.Оралбаева оны « намүмкіндік» форманты деп атайды.
Берілген сұраққа жауап айта алмады. Көкейіндегі сұрағын ағайға қоя алмады.
2. - п бар форманты жетекші етістікке амалдың бірте – бірте я үдеуін (дамуын, өнуін), я бәсеңдеуін білдіретіндей реңк үстейді.
Толы шәйнек тасып барады.Кеш батып барады. Жылдан -жылға көл тартылып барады.
3. - п бер форманты жетекші етістікке амалды бөгде адам үшін істелетіндей реңк үстейді.
Сабақты айтып бер. Хат жазып бер. Тақырыпты түсіндіріп бер.
- й бер форманты жетекші етістікке амалды тоқтаусыз жүзеге асыра беруді нұсқайтындай реңк жамайды.
Ойыңдағыны жаза бер. Мына кітапты көре бер.Айтқанын тыңдай бер.
Достарыңызбен бөлісу: |