72.Тұйық етістіктің ерекшелігі, түрленуі
Тұйық етістік — етістіктің ерекше түрі. Іс-әрекеттің атын білдіретіндіктен , зат есімдерше түрленеді: септеледі, тәуелденеді, бірақ жіктелмейді. Тұйық етістікке көптік жалғауы жалғанса, одан кейін тәуелдік жалғауы жалғанып қолданылады. Сөйтіп, тұйық етістік қимылдың, іс-әрекеттің атауы ретінде қолданылады да, етістік тұлғаларына тән шақтық мағынаны да, жақтық мағынаны да білдірмейді.
Тұйық етістік етістіктің негізгі және туынды түбіріне, етіс және болымсыз етістік тұлғаларына -у жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: сұра-у, жүр-у, бар-у, шегеле-у, айт-қыз-у, сөйле-с-у, кел-ме-у, бөге-ме-у. Бұл сөздер сұрау, жүру, бару, шегелеу, айтқызу, сөйлесу, келмеу, бөгемеу қимыл, іс-әрекеттерінің атын білдіріп, солардың атауы болып тұр. Сондықтан да тұйық етістік зат есім мәнінде жиі қолданылады. Тіпті, тұйық етістіктердің кейбірі белгілі заттың, көбіне құралдың атын білдіріп, зат есім болып кеткен. Тілімізде көсеу (отты, шоқты көсейтін құрал), сабау (жүнді сабайтын таяқ), егеу (темірді егейтін құрал), жасау (қызға жиналған дүние-мүлік), қашау (ағашты кесетін, жонып, қашайтын құрал), тұсау (жылқының алдыңғы екі аяғына салатын құрал), ою (ойып салынған өрнек) сияқты зат есімдер тұйық етістіктен жасалған. Мысалы: Көсеу ұзын болса қол күймейді (мақал). Тұйық етістік зат есім сияқты түрленеді, етістікше түрленбейді. Тұйық етістік тікелей септеле де, тәуелдене де алады, бірақ жіктелмейді. Тұйық етістікке көптік жалғауы жалғанса одан кейін тәуелдік жалғауы жалғанып қолданылады. Сөйтіп, зат есімдерше түрленіп, шақпен де, жақпен де байланысты болмай, қимылдың, іс-әрекеттің атын білдіретін етістіктің ерекше түрін тұйық етістік дейміз.
Тұйық етістіктің септелу үлгісі:
А. бару, сөйлеу, айтуы, көрулері, келуім
I. барудың, сөйлеудің, айтуының, керулерінің, келуімнің
Б. баруға, сөйлеуге, айтуына, көрулеріне, келуіме
Т. баруды, сөйлеуді, айтуын, көрулерін, келуімді
Ж.баруда, сөйлеуде, айтуында, көрулерінде, келуімде
Ш.барудан, сөйлеуден, айтуынан, көрулерінен, келуімнен
К. барумен, сөйлеумен, айтуымен, көрулерімен, келуіммен
Тұйық етістіктің тәуелдену үлгісі:
келуім, келуіміз, келулеріміз
II. келуің, келулерің келуіңіз, келулеріңіз
III. келуі, келулері
Тұйық етістіктің емлесі:
1. Дауыссыз дыбыстарға біткен етістіктерге тұйық етістіктің -у жұрнағы дауысты болып жалғанады: бар-у, қайт-у, көр-у, кел-у. Дауысты дыбыстарға біткен етістіктерге тұйық етістіктің -у жұрнағы дауыссыз болып жалғанады: ойна-у, сөйле-у, барма-у, келме-у, сана-у.
2. Дауысты -ы, -і дыбыстарына біткен етістіктерге тұйық етістіктің -у жұрнағы жалғанғанда, түбірдің соңындағы -ы, і ды-быстары жазылмай -у дыбысының құрамына еніп кетеді де, ол (у) дауысты дыбыс болып есептеледі. Мысалы: оқы + у — оку, та-сы + у — тасу, кемі + у — кему, ері + у — еру. 3. Қатаң п, қ, к дыбыстарына біткен етістіктерге тұйық етістіктің -у жұрнағы жалғанғанда, түбір соңындағы п дыбысы б-ға, қ, к, дыбыстары ғ, г дыбыстарына айналады. Мысалы: ақ + у — ағу, кеп + у — кебу, тап +у — табу, үк + у — үгу т. б.
Достарыңызбен бөлісу: |