Жертөледегі жазу



жүктеу 2,03 Mb.
бет25/29
Дата20.11.2018
өлшемі2,03 Mb.
#22392
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29

ОТЫЗЫНШЫ ТАРАУ

ШЫҢ БАСЫНДА КӨК ТҰМАН

1

Тал түс болса да бөлме iшi бұлыңғыр. Жиегiн қырау көмкерiп ақ шелденген терезеден сыздаған сұрқай аспан сығалайды. Өзiнiң өр көңiлiмен үндесiп, биiктiк, ұлылық деген мiне осы деп асқақтап тұратын Алатаудың шыңдары да көрiнбейдi, сұрғылт тұман жұтып қойыпты. Дүниеде тұнжырап сыз қабақ көңiлсiздiк қана қалған, еңсе басып салбырап тұр.

Екi қолын кеудесiне айқастырып терезе алдында тұрған Ақын сұрықсыз суреттен көңiлi одан сайын жабырқап керi бұрылды. Айналмалы қара былғары креслоның қатарындағы журнал столының үстiнде сарғыш тартқан беттерi ортасынан айқара ашылып қалың қоңыр кiтап жатыр. Жаңа ғана тұрып кеткен орыны. Сансыратқан ойдан арылмақ боп қалай телмiрсе де көз алдынан жол-жол боп сырғыған сөз, майлы қағазға тамған тамшыдай, санасына сiңбей қойған. Далбасалап, бардағы коньяктан сырлы шыныға сипама ғып құйып, тартып жiберiп едi, одан да қайран болмады. Ештеңеге бой бермейтiн бiр жегiқұрт кеудесiн жұлмалап кемiрiп жатыр.

Соңғы күндерi ол өзiнiң жалғыздығын қатты сезiндi. Құлазып, аяқ-қолына болат кiсен түскен тұтқындай, шарасыз күйден шиыршық атып, байыз табар емес. Жайшылықта «сен – ұлысың, данышпансың. Жиырмасыншы ғасыр поэзиясының биiктерi сенiң творчествоңмен өлшенедi, т.т» деп махаббатын айғайлап айтып, шашбауын көтеретiндер көп, мына қысылшаңда, ең болмаса, қара көбейтiп, қасынан табылған бiрi жоқ. Бәрi бұғып қалды, аңыс баққан ақылды бола қалды. Өз күйiн күйттесе, бүйтiп басын тауға да, тасқа да ұрып несi бар. Қыларын қылып алып, дәретiн көмген мысықтай жымсиып отырған ана жаңа көсем бұл емеурiн танытса, қазiр-ақ ләббәй деп үйiрiне қосып алуға дайын. Сөзiне ел ұйыйтын дуалы ауыз мықтылардан жақтас iздеуде. Тамырын ары басып-берi басып, икемiне көндiре алмаған соң ендi дөңайбатқа көшiп, жаптым жала, жақтым күйемен соңына сiлiмтiктерiн салып қойды. Бiрақ халқы еңiреп жатқанда, аужай аңдып, Олжас басымен қалай қарап отырмақ!

Қу медиенде ғайыптың күшiмен бәйтерек өсiп тұрмай ма жападан жалғыз. Айналасы тып-типыл, ықтасын болар ештеңе жоқ. Оңынан да, солынан да ұйтқыған алапат дауыл мен жауынға сүйегi сықырлап жалғыз өзi алып денесiн тосуға мәжбүр. Иiле алмайды, майыса алмайды, өйткенi – алып, жетi қабат жер түбiнен нәр тартқан дiңi сом. Сондықтан майысқақ шiлiктен гөрi бәйтерекке дауылмен айқасу әлдеқайда қиынырақ – сынып, түбiрiмен опырылып түскенше қарсы қарап қасқайып тұра бередi. Жалғыз болғанмен көпке пана. Түтеген ақмылтық боран, аспан айналған аптапта ұшқан құс, жүгiрген аң жан-жақтан жамырай кеп қалқасын саялайды. Қарап отырса, бұл да сол бәйтерек тәрiздi. Айналайын аңқау бауырлары, төбесiмен аспан тiреп тұр дей ме екен, шырқ үйiрiлiп бұны сағалайды. Олар үшiн әдiлет iздейтiн ЦэКа-сы да, Үкiметi де – осы. Даңқы жер жарғанмен анау сұр үйде шiренiп сыздап отырған ең кiшкене чиновник құрлы қауқары жоқ екенiн қайдан бiлсiн. Жылаған, жәбiрленген әлсiздiң дауысын естiгенде амал жоқ шырылдап отқа түседi. Осы күнге дейiн тырсиған байшiкештерге өтiнiп, сөзi өтпегенмен түс шайысып, ашу мен намыстан қанша рет пышақ жұтты десеңшi! Мiне, сондай арашашы миссияның бiрiнен қазiр ғана келiп отыр.

Таңертең кештеу оянып, жылы төсектен тұрғысы келмей кiтап оқып жатқан, «вертушка» безiлдеп қоя бергенге көтерсе, Әуезов ауданының бiрiншi хатшысы екен. Алқынып тұр:

– Ойбай, Олжеке, құрыдық. Сiз құтқармасаңыз болатын емес!

– Немене, өрт пе сонша?

– Өрттен де қиын. Үлкен ЧэПе. Бiр нақұрыс, арандатушы ма бiлмеймiн, бәрiн бүлдiрiп жатыр. Тек Сүлейменовпен ғана сөйлесем дейдi. Машинамды жiберейiн, тез жетiңiзшi!..

Бақса, нақұрыс та, арандатушы да емес, Ақсай микроауданында ығай мен сығайларға арнап салған бiр үйдi үйсiз-күйсiз ашынған жұмысшы жастар басып алыпты. Әкiмшiлiк майлы жiлiктен оңайшылықпен айырыла қойсын ба, арнаулы бөлiмнен дереу әскер шақыртып быт-шыт қып айдап шыққан екен, бiр кексе жiгiт бiр шелек бензин құйып алып, төбеге шығыпты да: «Үй алмайынша ешқайда кетпеймiн. Осыдан бала-шағамды қуып шығатын болсаңдар, үстiме бензин құям да өртенiп өлем!» дептi.

Олжас келгенде есiк-терезесi жарқыраған төрт қабатты әппақ үйдiң төбесiнде жiгiт қара баған боп қадалып тұр екен. Жанында шелек, бiр қолында сiрiңке. Көз ұясы қосауыздың ұңғысындай үңiрейiп, тесiрейген жанары неге болса да тастүйiн бекiнген қаталдықпен меңiрейiп қатып қалған.

Айнала анталаған халық. Iшке қарай жiбермей шеңбер құрып қатар-қатар тiзiлген милиционерлер. Кiр сiңдi қол орамалымен қайта-қайта көзiн сүртiп, елдiң алдында қоңыр бөкебайы қоқырайып бiр кемпiр зарлап тұр: «Түс, құлыным, үйi құрысын. Осы күнге дейiн шыдап келдiк қой, әлi де өлмеспiз!..» дейдi өксiгiне булығып.

Ақ үйдiң мәрмәр баспалдағы елестеп, түнiмен әдемi түс көрiп шығатын аудандық комитеттiң жiгерлi жас хатшысы мына тосын уақиғадан от шығып кетiп, мансап жолына қара крест қойыла ма деп жан ұшыртқан, Олжас келгенде төбеден көмекке бiр батальон десант түскендей, бозарған жүзiне қан жүгiрiп, қуанып кеттi. Үйдiң алдына таяп келгенде сұсын жиып, қабақ шытып, екi қолын арқасына айқастыра жоғары қарады:

– Әй, жiгiтiм, ақылға келiп, түс жерге. Талабыңды орындадық – мiне, үлкен басымен Олжас Омарычтың өзi кеп тұр!..

– Мен сiзге айтарымды айтып болғам, – дедi жiгiт қол сiлтегендей шорт кесiп. – Ендi тiлегiмдi Олжас ағаға айтамын... Мен, аға, ауру, псих емеспiн, есiм дұп-дұрыс. «Поршень» заводында iстегенiме он жетi жыл болды. Төрт балам бар, шешем қолымда, жетi адам жатақхананың қуықтай бiр бөлмесiнде тұрамыз. Жұмысымда кiнәрат болса, сұрасын. Грамотаны бiз аламыз, үй мен машинаны басқалар алады. Бастықтар мен пысықтардың итiне дейiн жеке бөлмесi бар. Сонда менiң балаларым ит құрлы да болмағаны ма?! Әдiлет қайда? Қашанғы қорлана бермекпiз. Заңнан әдiлдiк таппай әбден ашынған соң осылай етуге мәжбүр болдық. Бүйткен өмiрдiң керегi не, осыдан үй бермесе, үстiме бензин шашып, от қоя салам. Шын сөзiм. Түңiлдiм. Мен Сiзге ғана сенем, аға! Тек Сiз кепiл болсаңыз ғана райымнан қайтамын...

Бұл қасындағы хатшыға қарады:

– Бұған не дейсiң?

– Осынша дабыра ғып, ұятқа қалдырды.

– Он жетi жыл ұялып келiптi ғой, ендi сендер ұялыңдар. Жұмыс орыны не дейдi?

–Директоры демалысқа Кавказға кетiптi. Келiсiмен райкомның бюросына салып езуiн тiлмесем. Ол ит орналасқанына жыл толмаған ойнасына дейiн үй әперiптi. Мынаның жағдайы, шынында да, обал екен. Заводтың лимитiнен болса да пәтер бергiземiз.

– Сөзбұйда емес қой?

– Партбилетiммен ант етемiн, Олжеке! Үш күн мұрсат берiңiз.

Бұл бiр взвод әскер ала алмай тұрған «шептi» бұзып барып, жiгiттi қолынан жетелеп жерге түсiрген.

Мiне, бүкiл тiрлiгi осы. Өрт сөндiрушi секiлдi, алып-ұшып жүргенi. Жылаған да, сықтаған да сүйенiш iздеп осыған келедi. Бейшара халқының қай жыртығына жамау болмақ жалғыз өзi. Интеллигенцияда өзiн ұлттың ұйтқысы екенiн сезiну жоқ. Әрқайсысы өз бас қамымен әуре. Жақсы жерден жайлы пәтер, абырой-атақ алсам дейдi. Соның жолында бәрiн салады. Жемтiктестерiн жинап топ құрып, жiк-жiк боп, аш бурадай шайнасып жатқаны бiр-бiрiмен. Пендешiлiктен өкшелерi екi елi жоғары көтерiлмейдi, тек қана: «өзiм, өзiм!» Ұлттық, отандық мүддеге де өзiне келер пайда-зиян тұрғысынан қарайды. Олар үшiн моральдық өлшем жоқ. Өзiне пайда түсер жерде кез келген қасиеттi ұғымның басынан аттап жүре бередi. Социалистiк- тоталитарлық жүйенiң ең мықтылығы да, ең осалдығы да осында. Мықты дейтiнi – социализм интеллигенцияны, жалпы бұқараны ұлттық сезiмнен алшақтата бiлдi, еркiн ойдың қанатын қырқып, оны индивидтен жай ғана материалдық тұтынушы дәрежесiне жеткiздi. Ал, осал болатын себебi – өз анасына мейiрiмi жоқ бала кiмге опа берушi едi, өз ұлтын сүймеген ұрпақ та сондай. Олар үшiн Отан – жейтiн нан, киетiн киiм, мiнетiн машина, тағатын алқа... яғни қарынның қажетi ғана. Идея үшiн бас ауыртпайды. Қай жақтан тәттi тоқаштың иiсi шықса, солай қарай танауы делдиiп жалт бұрылары хақ. Демек, социализмнiң түбi шiрiп тұр, тамырын құрт жеп жатыр. Жетпiс жылғы зәулiм терек бiр-ақ күнде гүрс етiп құлап түсуi ықтимал.

Коммунизмнiң романтикалық дәуренi баяғыда-ақ өткен. Коммунистiк идея – қазiр интеллигенцияның көпшiлiгi үшiн бет перде, сауда. Адамгершiлiкке сыймайтын тұрпайылықты кейде коммунистiк идеяны желеу ғып ақтауға тырысады. Өйткенi, солай еткен өзiне тиiмдi. Әйтпесе, осы күнге дейiн Ахмет, Мағжан, Мiржақып, Жүсiпбек, Шәкерiмдер неге ақталмай келедi?

Империяның ту ұстар тiрегi боп отырған ұлтта тарихи сана әрқашан жоғары, ұлт мүддесiне қызмет ететiн кез келген рухани қазынаны құмнан алтынның сiркесiн тергендей шашау шығармай қастерлейдi. Мәселенки, орыстар «антикоммунист, буржуазияшыл» деп өз классикасын жатырқап жатқан жоқ. Хрущевтiң «жылымығы» басталысымен-ақ, Ленин мен Горькийдiң ит терiсiн басына қаптап, совет үкiметiне топырақ шашып, имиграцияға кетiп қалған, революцияның «нағыз жауы» Буниннен бастап, Ахматова, Цветаева, Зощенко тағы басқаларды ың-шыңсыз орыс әдебиетiнiң алтын қорына қосып алды. Бұл – бiз үшiн үлгi, КГБ-ның зынданында, қырық құлыптың астында шаңға көмiлiп жатқан алыптарымыздың асыл қазынасын жарық дүниеге шығаруға тамаша сылтау емес пе. Буниндердiң жанында Ахаң, Жақаңдардың iстегенi қылмыс деуге тұра ма? Саяси айтысқандары болмаса, совет үкiметiне тiл тигiзген жоқ; Алашорда мүшелерiне Лениннiң өзi жиырма екiншi жылы-ақ кешiрiм жасаған... Бiрақ селт еткен кiм бар? Тек жұлдызы жарқырап оқшау көрiнген қайсар талант ана Мағауин ғана осынау тарихи мүмкiндiктi дөп пайдаланып, Шәкерiм Хажының өлеңдерiн Ленинградтан шығарды, оның өзiнде, басқа емес, өз қандастарынан көрген қысастығы қаншама. Өз қолынан келмегендi өзге iстегенге неге сонша апшысы қуырылады бұл ағайынның? Иә, ол да өз орстасында жалғыз, жоқ жалғыз емес, дара! Сондықтан да көзге шыққан сүйелдей. Хас жүйрiктiң қара дауыл екпiнi тыртаңдаған көп жабының iшiне күйiк түсiрмей қайтсiн! Қарап отырса, оның да өмiр жолы, Абай айтқандай, «соқтықпалы, соқпақсыз» екен. Ылғи да бұзып-жарып, тыңнан iз тартумен келедi. Неге өзiн өйтiп қиынға салады, неге өз жанын өзi жұлып жейдi? Елге ұқсап соцреализмнiң дайын схемасымен советтiк тұрмыстың сән-салтанатын сыдыртып жаза берсе, мұртын балта шабар ма едi? Және жұрттың үш жыл күшенiп жазғанын оның ұшқыр қаламы үш-ақ айда дөңгелетiп тастамай ма! Жо-жоқ, ол ондай халтураның ауылына ат шалдырмақ емес. Жарты сөйлем жазса да ұлт, милләт мүддесiне қызмет етсе екен дедi; ұрпақ зердесiне сәуле түсiрер ұшқын iздедi.

Ол басқаларға ұқсап ғылымның есiгiн биязы ашқан жоқ, жұлқып ашып, дабырлата кiрдi. Оның жаңашыл, өжет дауысынан «бәлдiр-бәлдiр – бәрi өлең» деп малтасын езiп қалғып кеткен әдебиеттану ғылымы шырт ұйқысынан шошып оянып едi. Қарағай мүйiз азбан да, қу мүйiз азған да жалын күдiрейтiп жабылып бiр кеткенмен жарқ еткен алдаспан жайратып салды бәрiбiр. Мұрты жаңа тебiндеген қаршадай бала төңкерiс жасады: қазақ әдебиетi тарихын үш ғасыр арыға жылжытып, тереңдеттi; әдебиетiмiздi жұпыны, тар лашықтан бар салтанаты сыңғырлаған алтын сарайға енгiздi, «күн түбiне күңiренiп шапқан» жыраулардың аруағын тiрiлттi. Шарасы кең, томпақ, нұрлы көздерi боталап, Шалкиiз, Қазтуған, Доспанбеттердiң жырын жатқа төгiлткенде, рухтанған шабытты жүзi қандай өр, қандай асқақ!

Әтек академиктер «Қыз Жiбек» фильмiнде түсiрiлген бутафория – сын тасты Қапшағайдан Академияның алдына әкеп «ойбай, мiне жаңалық, сенсация, Орхон – Енисей жазуының үлгiсiн таптық!» деп жарты әлемге жар салып, оны пәленбай жыл «зерттеп» жүргенде, ол бiр ғылыми зерттеу институтының жұмысын бiр өзi-ақ дақпырт-дабырасыз атқарып жатты. Бiрақ осыны көрiп, бағалаған кiм бар? Елемей қою, ерiксiз атаған жерде төменнен кейiн қойып, мұқату, орынсыз сынау, ашқан жаңалығын сiлтемесiз пайдаланудан басқа не көрдi? Ең аяғы, ортақол кез келген халтурщик мелдектеп отырған материалдық игiлiктен де құр алақан. Әлi күнге дейiн оңған үйi де жоқ. Ширегiне келмейтiн жазарман, оқымыстысымақтар даңғыраған бес-алты бөлмелi хан сарайында әйелi екеуi бiрiн-бiрi таба алмай адасып жүргенде, ол ауру әке, алты баламен оншақты адам сығылысып ескi типтегi үш бөлме үйде тұрып келдi. Балалар ұйықтаған соң, төбеде тұратын бойдақ шофердiң жын ойнағы саябырлаған соң талықсып отырып, кейiн әдебиетiмiзге мерей қосқан даңқты дилогияны сол тар кухняда жазды.

Бертiн әкесi қайтыс болғанда, Жазушылар одағының екi хатшысымен iлесiп көңiл айтуға барған. Сонда ашынғаны шығар: «Әкем марқұм, мiне, өлiп жатса да маған ең соңғы жақсылығын жасап кеттi: ендi үй сұрап сiздердi мен де қинамайтын болдым, үй беремiз-ау деп сiздер де қиналмайтын болдыңыздар. Рахмет сiздерге!» дегенде, қасындағы екеу үшiн қарадай бұл ұялған... Мұндай басын бәйгеге тiгетiн өжет таланттар бiрен-саран. Ал өзгелер ше? Түгелдей бұғып қалды.

Оларға алыптардың ақталмағаны тиiмдi едi. Бәрiнiң артында кәкәйi бар: бiрi солардың еңбегiн пайдаланып, жоғары ғылыми атақ алған; екiншiсi Алашорданы жамандап кiтап жазып, өмiр бойы нан жеп келедi; үшiншiсi кезiнде айтысқан, алысқан бақас; ендi бiрi олар оралса, әдебиет төрiндегi орным төмендеп, жарқын бейнем күңгiрт тарта ма деп қорқады. Сондықтан iштерiндегi өлiп жатқан иттiң мүңкiген иiсiн бiлдiрмей, ақжүрек коммунист боп, сәл сыбыс естiсе болды, «ойбай, олар алашордашылар, советтiң жауы!» деп соншалық ауыз бiрлiкпен байбалам сап өре түрегеледi.

Сонау бiр жылдары, алдынан пейiштiң нұры шалқысын, Сайфи аға Құдаш марқұм жер түбiндегi Өфәда жатса да, қазақтар қозғалар болмаған соң, Мағжан үшiн жалғыз өзi шырылдап отқа түстi. Орталық газет-журналдарда Мағжан туралы бiрнеше дүркiн мақала жариялады. Мағжанның аруағына жасалып отырған қиянатты айтып, бiр жағы ұялтып, бiр жағы өтiнiп қазақ зиялылары мен Қонаевқа ашық хат жолдады. Нағыз бекзаттық, аруақтың обалын ойлап, өз парызын сезiнген биiк азаматтық осы ғой!

Сол хаттың дүмпуiмен бұл ақынның жесiрi – Зылиха апаны жетелеп Димекеңе барған. Ол кiсi екi сөзге келген жоқ: «Мағжан саяси тұрғыдан елу жетiншi жылы-ақ ақталған. Оның шығармаларын, заман талабына сай, iрiктеп жарыққа шығару – өздерiңнiң, әдебиетшiлердiң мiндетi» дедi. Сол қызумен екпiндете кiрiсiп, аз уақыттың iшiнде ұлы ақынның бiртомдық таңдамалысының қолжазбасын дайындаттырған. Дәл қылкөпiрден өтерде бiр қырылдақ классик бар салпыншақ темiрiн сылдырлата, кеудесiн дүрс-дүрс қағып: «только через мой труп!» деп жатып алсын. Қырық кiсi – бiр жақ, қыңыр кiсi – бiр жақ. Адамгершiлiкке сенiп, жауын-жауынның арасымен өткiзiп жiберемiз бе деп үмiттенген түбi даулы iстiң алдынан мұндай қырсық ұшырасқан соң амалсыз жабулы қазан жабулы күйi қалған.

Кейiн ол өлiп, мәселе қайта қозғалғанда, өз тiрсегiн өзi шайнап, шабынған бiр ақсақ тағы да тауға қарап ұлыды. Бәрiнiң айтатыны: «Мағжан Совет үкiметiн жамандаған!» Ал көмейiндегi бүлкiлдеген сөздiң аты – «мен Мағжанды жамандағанмын». Яғни ол жамандаған кiсi жақсы болуға тиiс емес. Бiр кездегi қате пiкiрiн өзгерткiсi келмейдi. Айтты – бiттi, кестi – үзiлдi. Шындық – шындық емес, ол не айтса – сол шындық. Бұл шiркiндер Толстойдан неге үйренбейдi. Толстойдан «көзқарасыңызды өзгерту Сiзге ұят емес пе?» деп сұрағанда, «өзгертпеу – ұят!» деген екен.

Шiркiн, ғайыптың күшiмен заман өзгерiп, ұлы ақынның рухы асқақтап тарих сахнасынан өршiл үнiмен саңқылдайтындай күн туа қалса, мына имансыз көр кеуделер қайтер едi, желдiң ығына қарай жалт бұрылып, «ойбай, Мағжанға жетер ақын қайда, кезiнде дәм-тұзымыз жарасып, шарапатын көргенбiз; қатал уақыт үнiмiздi шығарды ма, әйтпесе қол үзгемiз жоқ: оның өлеңдерiн түнде көрпенiң астында шырақ жағып оқитынбыз. Ол дегенiң ұлы ғой, данышпан ғой! Ол дегенiң пәлен ғой, түген ғой!!!» деп бұлбұлдай сайрап шыға келер едi-ау!

Екi рет талпыныс жасап, екi ретiнде де тауы шағылған соң, өзiмшiл, озбыр топтың тарих сахнасынан қарасы батпайынша ұлы ақынның таңы атпайтынын анық түсiнген. Ары қарай арам тер болған жоқ. Бар қолынан келер көмегi – ай аралатпай сонау Кiшi станицадағы Зылиха апаныкiне барып тұрады.

Белуарына дейiн жерге батқан, апаның өзiндей көне екi бөлмелi тар лашық. Iргесi базданған, төбесiнен су кетiп, ойдым-ойдым сылағы ойылып түскен. Балаларынан бастап көңiлдестерiне шейiн пәтер алып берiп жатқан Жазушылар одағының басшылары аруақтан именiп, мынау Мағжанның жесiрi едi, отын өшiрмей отыр ғой деп осы уақытқа дейiн бiр бөлме әперуге азаматтықтары жетпегенi-ау.

Әр бұрыштан үңiрейiп кедейлiк қарап тұр. Қабырғада да, столдың үстiнде де, кiтап сөресiнде де – үлкейтiлген Мағжанның суретi. Белi бүктетiлген қара кемпiрдiң тұрса да, отырса да айтатыны – Мағжанның өлеңi. Тек Мағжанмен өмiр сүредi. Басқа тiрлiктiң бәрi тәрк. Неткен қайсар рух! Осы кiсiнi көргенде, кейде бiз де азап шегiп қиналып жүрмiз деп күрсiнуге ұяласың.

Әйел заты – қырық шырақты. «Халық жауының әйелi» атанып қарғыс қамытын киген талай ғазиз ана, өлгеннiң артынан өлмек жоқ деп, өксiк жасын тиып, қайтадан бас құрап, өрiс тапты. Зылиха апа өйткен жоқ. Отызға жетер-жетпес солқылдап тұрған шағында қалса да, пенделiк тiрлiкке қызықпады, жалындаған жас құшағын ешкiмге жаймады, ерге шығып бала сүю бақытын да жар рухы жолында құрбан еттi. Мiне, елу жыл бойы, сәмбi талдай солқылдаған денесi бүгiлiп, тәкаббар басы жерге тиердей иiлгенше ұлы ақынмен бiрге өткiзген жақсы күндердiң елесiмен өмiр сүрiп келедi.

Қараңғы, тар лашыққа қамағанмен, Мағжан жырына бәрiбiр уақыттың әлi келген жоқ. Студенттен бастап академикке дейiн осында ұрланып келiп жүрген талай азаматты көрдi. Зылиха апаның сағаттар бойы жатқа соққан жырына арбалып, сарғайған дәптерлердi құныға көшiрген олардың көкiрегiнде бiр-бiр Мағжан тiрiлдi. Қазiр ақынның азат ойы, асқақ рухы талай қазақпен қоңыр кеште қобыз тартып, оңаша сырласып отыр.

Зылиха апа қартайып, жүрiп-тұруы қиындаған соң қайнысының немересiн бауырына сап алған. Оннан жаңа асқан бадырақ көз, қара қыз. Ендiгi сүйенiшi – сол. Өмiрдiң қатыгез ауыртпалығын ерте бастан сезгендей, басы жерге тиер-тимес бүгiлiп, iлбiп басқан кәрi әжесiн нәзiк қолдарымен жетелеп көшеде кетiп бара жатады.

Келген сайын бұл әрненi сылтауратып ақша бередi. Себеп айтып, сендiрмесең, Зылиха апа азар-безер. Тыриған кедейлiкке қарамай тәкаббар, қорланып қалады. Ескi-жаңа мейрамдардың орайын айтып құтылуың керек. Кiшкентай қызды баурына басып, шашынан сипайды:

– Жүдеме, жақсы киiнiп жүр. Таста мына үстiңдегi ескi көйлектi. Еңсеңдi тiк ұста, сен – ұлы ақынның, ұлы Мағжанның ұрпағысың!

Сәби бетiне таңырқай қарайды. Жаудыраған жанары тұнған сұрақ: «Ұлы ақын болса, неге оқулықта жазылмайды, ұлы еместер де жүр ғой; ел неге есiмiн ауызға алмайды?»

Жоқшылық пен қайсар рух бас қосқан осынау қара көлеңке тар лашықтан көңiлi күңгiрт тартып тұнжырап шығатын.

Мағжанның жыртысын жыртпақ түгiлi бұл жазғандар кешегi Желтоқсан уақиғасы тұсында ар-намысын таптап, жетiм күшiктей қыңсылатып көкiрегiнен тепкенде де қыңқ етуге жарамаған жоқ па; сын сағатта пенделiк қырыс қабақ кикiлжiңдi жиып тастап, тастүйiн жұмылудың орнына тырағайлап әрқайсысы әр төбеге қашты. Итке таланып, Алаңда қансырап жатқан ағасыз, панасыз жетiм ұрпаққа қайсысы шырылдап ара түстi? Жайшылықта «халқы-ым!» деп көмейiнен күмбiрлейтiн жақсы-жайсаңнан кiм бар бас көтерген?

Бұлқынғанмен зорлықшыл күш жалғыз бұның үнiн шығарды ма. Бүлiк басталған күнi-ақ жоғарыдан телефон шалып: «Қала тынышталғанша жұмысқа бармай-ақ қойыңыз, үйде болыңыз. Бұл – Орталық комитеттiң Сiзге өтiнiшi!» деген бiр сызылған сыпайы дауыс. Iле есiк алдына екi жiгiт пайда болды. Жай киiмдi, өз беттерiмен жүрген бiреу сияқты елеусiз сыңай танытқанмен бөгенайлары белгiлi.

Шыдай алмай Димекеңе телефон соғып: «Мыналар менi Алаңға жiберетiн емес, есiк алдына күзет қойды. Не iстесем екен, қашып шығайын ба?..» деп едi, Димекең: «Ақымақ!» деп трубканы тастай салған.

Өз үйi өзiне түрмеге айналып, аш бурадай шабынып аласұрды. Сырттағы ұлы сарын ышқынып құлағына жеткен сайын өзiнiң дәрменсiздiгiне налып, көзiне ыстық жас толды.

Шiркiн-ай, дауысы қырандай саңқылдап түйдек-түйдек жыр оқып, сол ұлы толқынның қақ ортасында қалықтап жүрсе ғой!

Басы бостан өзгелер Алаң жаққа аттап басқан жоқ. Шалығы тиiп кете ме деп қарадай үрейлендi. Пайдасын да, зиянын да тигiзбей үндемей отырып қалса, ол да кiсiлiктiң белгiсi екен. Халқының қасыретiнен ұпай жинап қалғысы кеп кейбiреулер жаумен бiрге қосыла сойыл сiлтескенiн қайтерсiң. Әне бiр ине жұтқан иттей имиiп, шыр жұқпайтын щетка шаш ағасы, не жанына қысым түскенiн кiм бiлсiн, елден бұрын атойлап Мәскеудiң газетiне мақала жазып: «Алаңға шыққан өңкей бұзақылар, ұлтшылдар, бiздiң интернационалдық мызғымас бiрлiгiмiзге сызат түсiрмек болды» деп күңiрендi. «Бұралқы ит үруiмен жағады» дегендi қазекем осындайда айтқан шығар. Не дегенмен осының арты таза емес, кезiнде Әуезовтың үстiнен үндемеске донос түсiрген деген қаңқу бар. Жел соқпаса шөп басы қимылдай ма! Бiр бұл ғана болса бiр сәрi ғой. Игi жақсылардың көбi жастарды кiнәлап, Қонаевты жамандап, орталық газеттерге жарыса интервью берiп жатыр. Компартияның май шелпегiнен дәм татқандардың бiразы адалдық танытып: «бұзақылар аяусыз жазалансын!» деп ашық хат жазып, ашу шақыруда. Жоғарыдағы кейбiр «қамқоршылары» бұған да қолқа салған бiрнеше рет: «Бүлiкшiл, ұлтшылдарды әшкерелеп «Правдаға» мақала жаз. Сөйтсең, партия алдындағы кiнәң жеңiлдейдi». Бұл қолын бiр-ақ сiлтеген: «Мен өз жүрегiмнен аттай алмаймын. Желтоқсан туралы пiкiрiмдi өткен Пленумда айтқанмын!» Сөз сонымен тамам.

Өзгеге жағынып, өзiн өзi төмпештеуге келгенде соншалық ауыз бiршiлiкпен құлшынатын жазғандар сол белсендiлiгiн елiнiң намыс- мүддесiн қорғарда неге көрсетпейдi. Жақында Жазушылар одағында бiр топ ақсақал-қарасақал: «Республиканың жаңа басшысын ортамызға шақыр, жазушылармен кездессiн» деп өтiнiш айтқанда, бұл бiр жақсылық қой деп қуанып кеткен. Дереу телефон шалып едi, обалы нешiк, Бiрiншi хатшы кергiген жоқ, халықтың тiлiн табу үшiн әуелi осылардың аузын алу керек деген айласы ма, елп ете түстi. Бiрден кездесетiн күндi белгiледi.

Өздерi құлшынып кездесемiз деген соң, қолға iлуде бiр түсетiн билiк иесiне ел мен жердiң мұңын шағып, көкiректерiндегi қыжылды бiр ақтаратын шығар-ау деп ойлаған.

Секретариатта серкелермен бас қосқанда «ұлттық мүддеден төмендемейiк» деп ескерткенi болмаса, айтар сөздерiн пысықтап пәтуаласқан жоқ едi, сонысы үлкен қате болыпты. Айтар ауызға сұранып тұрған сөз аз ба: ауылдың қазiргi халi; экологиялық апат; тапталған, қорланған, қойшының ғана от басы, ошақ қасында еңбектеп қалған ана тiл; қаладағы баспанасыз қаңғыған жастар; Желтоқсан уақиғасынан кейiн жаппай оқудан қуылып, жұмыстан шығарылып қазаққа жасалынып жатқан репрессия; Ахмет, Мағжан, Шәкерiм, Мiржақып сынды қиянат құрбаны болған алыптарды тарихқа қайтару... осының бәрi демократия, жариялылық желеуiмен жасқанбай айтар сөздiң тарау-тарау өрiсi емес пе.

«Сiз ананы айтыңыз, мына мәселенi сiз көтерiңiз» деп күнi бұрын қамдануды бiр ойлады да, «қой, шайнап берген ас болмас, азуын айға бiлеген өңкей қасқа өздерi-ақ апшысын қуырып шайнап тастар» деп, арқасын кеңге салған. Ең бастысы, «ойбай, Сүлейменов әркiмнiң аузына сөз салып ұлтшылдықты қоздырмақшы, сен – олай, сен – бұлай айт деп жұртты үйретiп, даярлап жатыр» деп, iлiк iздеп жүргендер тағы да қаңқу шығара ма деп қаймыққан.

Межелi күнi сағат-минутын қалт жiбермей дәл уақытында Бiрiншi хатшы нөкерiмен сау етiп жетiп келдi. Тым жайдары, ақ жарқын. Әнеукүнi алдына екi рет барғанда да тұнжырап ашылмаған қырс қабағын кабинетiнде тастап кетiптi. Соған қарағанда, бұл кiсiге мiнез деген кез келген уақытта ауыстырып кие салатын костюм сияқты ма қалай? Жымиған қуанышты түрмен тiсi ақсиып, айналасына алма-кезек бас изеп бәйек. Жақындай бергенде бұл қарсы жүрiп, қолын ұсынбақ едi, соншалық мейiрiммен дос құшағын жайып елпiлдей ұмтылды. Бұл абыржып қалды, ес жиям дегенше, анау қапсыра құшақтап, ернiнен қадала сүйгенi. Былжыраған сiлекей ерiн! Саясат деген неткен лас, жиiркенiштi нәрсе едi, тәнiң де, жаның да былғанады. /Қазiр де сол сiлекей ернiнiң дағы тұрғандай, Ақын қалтасынан орамал ап, аузын үстi-үстiне сүрттi/.

Бұлаңдаған кәрi түлкiнiң бұл қай айласы екен? «Мiне, көрдiңдер ме, мен Олжаспен доспын, қанша жерден маған қарсы шығып кеудемнен итерсе де, мен оны қадiрлеймiн, жақсы көремiн» деп қоясын көмген мысық есеп пе? Әлде «басшыларыңды сүю арқылы бәрiңдi сүйдiм» деген жәдiгөй көлгiрсу ме?

Не болса да, әр қиялда тiрiлген сан сауалды жалғыз оқпен атып алды. Көлеңкедей қасында қалбалақтаған қауғабас қортық хатшының бұл мезiреттi көргенде түсi бұзылып кеттi. Талай күнгi еңбегiм далаға кеттi-ау деп, өзiнше тон пiшкен сорлы бармағын шайнап тұр.

Жайшылықта бiр-бiрiне дүрдиiп жалын күдiрейтетiн арыстан ағалары, неғып құты қашқанын кiм бiлсiн, бiрден қоянға айналды. Жасын сыйлап әрi асарын асады, жасарын жасады – неден тайсалады, бiр айтса, осы кiсi айтар деген оймен, ең жасы үлкен ақ сақалға әу бисмилла деп сөз берiп едi, ақсақал дегенi ақ текенiң сақалы екен, салған жерден: «республикамыз iрiп-шiрiп бiтiп едi, Сiз жақсы келдiңiз. Бiз Сiздей басшыны ширек ғасыр күткенбiз!..» деп құлдыраңдай жөнелгенi.

Құлағы терiс бұралған домбыраның әуенi қайтып оңалмады. Зал iшiн жағымсыз, жиiркенiштi күй кернедi. Теке сақалдан кейiнгi ентiгiп, ентелеп шыққандар да сөздiң шекесiн қыздырған жоқ: баяғы құр қолпаш, партияға рахмет жаудыру. Жарыса жалпақтап, тiптi бәсекеге түскендей, бiрiнен бiрi асырып мақтауға тырысады.

Мағжанмен күлi күндес боп келе жатқан әлгi ағаш аяқ «рыцарь» бұл жолы бәрiнен асып рекорд жасады –


шойнаңдап барып, Бiрiншiнiң иығына шапан жапты. Жағынудың басқа амалын таба алмай сасқалақтаған ендi бiреулер Қонаевты жерден алып, жерге салды. Творчествосынан гөрi басын бiр жақ иығына жантайтып алып анекдот айтумен көбiрек аты шыққан әнеу бiр ақын мойны қисайып орнынан тұрды. Кезiнде Юсуповтың, одан кейiн Қонаевтың босаған үйiн алған пысық. Осыдан бiраз жыл бұрын Қонаевқа тағы барып: «ылғи Бiрiншi хатшының үйiн алған ұят екен, маған екiншi хатшының үйi болса да жетедi» деп Димекеңдi күлдiрiп, қолқасын өткiзген. Димекеңнiң талай шапағатын көрген пәтшағар су iшкен құдығына түкiрiп, көки бастап едi, қызу қанды Шөкең – Шора байқұс атып тұрып: «Ей, анекдотшы, Қонаевты басқа жамандаса да, дәп сенiң жамандайтын жөнiң жоқ едi ғой. Айтар басқа сөз құрып қалды ма!» деп тиып тастаған...

Иә, бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ. Осып айтар, өлтiрiп айтар жер осы едi, амал не, талай сөздiң атасы өлдi. Көңiлдiң небiр қоқысы қалықтаған құла тасқынға тосқауыл болған Жұбан аға мен Сафуан аға ғана. Қайран қос марқасқа ашына сөйлеп, ащы запыранның бiразын ақтарды. Мал қораға кiрген жоқсың, қордалы елдiң ортасына келдiң, аяғыңды аңдап бас, мырза, деген сыңайлы зiл жатты сөз төркiнiнде. Алайда, «Япыр-ай, қалай болар екен, өңшең сен тұр, мен атайын қызыл көз пәлелер тақымға қылбұрау салатын шығар» деп ине ұшында қылпылдап келген Бiрiншi мұншама хошамет көргенiне iшпей-жемей мас едi, мiрдiң оғын шыбын шаққан құрлы көрмедi. Жаппай қолпаштаудың эйфориясында отырған оған ол есiл сөз «ел iшiнде бiр тентек жүрмей ме, оттай берсiн!» дәрежесiнде қалды.

Олжастың көмейiн сөз кернеп-кернеп кеттi. Тасқындай лықсыған ащы қыжылды ақтарғысы кеп алқынып отыр. Бiрақ жиналыс басқарып отырып жол ортадан киiп кеткенi жөнге келе ме? Жұртты бағыттап аузына сөз салғандық емес пе? Тепсiнген орам-орам ойды бұтарлап әркiм-әркiм айтса, көптiң пiкiрi, жалпы интеллигенцияның көкейiндегi шер ретiнде бағаланар едi. Ал, барлығын бiр өзi айтқанмен ол баяғы «аты шулы керауыз, ұлтшыл» Сүлейменовтың көп қиқар сөзiнiң бiрi ғана боп шықпақ. Оның жоғарыдағылар үшiн мәнi де, салмағы да жоқ. Қайта, қайтсек омақастырамыз деп жанығып жүрген жендеттерге жел бере түспек.

Бiрiншiнiң қуқыл жүзiне қан жүгiрiп, шырай ендi. «Америка» ашып, асығы алшысынан түсiп отыр. «Бiр пәле шықса, осылардан шығады» деп iш жиып жүргендерi малтасын езгенге мәз, азулары шықпаған өңшең қырт екен, ертең алақанына сап жем көрсетсе, тауықша қыт-қыттап шыр айналары хақ. Ең бастысы – Олжастың жалғыз екенiн бiлдi. Өр мiнез, өжет әрекетiн өзiне бiткен дара қасиетi десе де, арқа сүйер ортасы, қолдап-қолпаштайтын қанаттастары болған соң асқақтайтын шығар деп ойлайтын. Ол долбары бекер боп шықты. Екi иығын жұлып жеп жұртты дүрлiктiрiп жүрген бүлiкшi өзi ғана. Бунтар, одиночка! Шайтанын қағып алмай ма ендi қанша әулие болса да.

Келгенде сүйiсiп елпек қаққан Бiрiншi қоштасарда бұның ұсынған қолын кергiп әзер алды. Қортық хатшы қожайынның бұлай қылт құбылуын тап басып түсiнген жоқ, әйтсе де қабақ танығыш сұңғыла емес пе, мысық тiлеу жәдiгөйлiкпен жақсылыққа жорып, жымың қақты.

Әнеукүнi пленумда сөйлегеннен кейiн-ақ «бiткен жерi осы!» деп қортық хатшы бұны төмпештеуге кiрiспек едi, Бiрiншi онша ыңғай танытпаған соң амалсыз iркiлген. Ендi қожайынның қабағын танып, ежелгi жаудан өш алудың орайы түскенге қуанып кеттi. Қол астындағы қуатты машинаны дереу iске қосты. Желтоқсан уақиғасын негiзге ала отырып, қазақ ұлтшылдығын әшкерелеу жөнiнде республикалық ғылыми конференция өткiзбек. Аты конференция болғанмен, найза ұшын Олжасқа тiреп, аяғын саяси науқанға айналдырып жiбермекшi. «Желтоқсан уақиғасын дайындаушы да және оның рухани көсемi де – Сүлейменов. Ұлтшылдықты, жалпы түрiкшiлдiктi дәрiптейтiн «АЗ и Я»-дан бастап оның кең тараған туындыларының көпшiлiгi ондаған жылдар бойы оқушының сана-сезiмiн уландырумен келедi...» Конференцияның программалық тұжырымы осындай болмақ. Тапсырма алған ондаған жандайшаптар тұқшыңдап шұғыл iске кiрiсiп кеттi.

Бұл өзi, түптеп келгенде, қайшылығы көп, аянышты жан. Тумысында iзгi ниеттi, дұрыс адам болуы әбден ықтимал. Бiрақ мансап бұзған. Бәлкiм өз шама-шарқына лайықты қызметте жүрсе, бұлай азаматтық келбетiн жоғалтпас та едi. Қырсықтың бәрi – өре жетпеске ұмтылудан. Бармақ басты, көз қыстымен бас айналдырар биiкке көтерiлдi. Биiкке көтерiлуден гөрi құламай сол биiкте тұрып қалу әлдеқайда қиын. Биiк мансапқа сай парасат, бiлiгi болмаған соң бұл байқұс жалтақ, үркек. Қайтсем осы орнымнан түсiп қалмаймын деген ұзын есеп, үрейдiң құлы. Төбесiндегi дөкейге ғана емес, жең ұшынан жалғасып осында әкелген дуалы ауыз аға-жағаларына да бағынышты. Олар болмаса, бұл орын қайда. «Әй, бала, сенi бiз ол жерге неге отырғыздық. Шошқа тағалауға қойдық па? Ананы бүйт, мынаны сөйт» дейдi. Орындауға мәжбүр.

Әрбiр топас, надан адамның өзiнен артыққа өш келетiнi тәрiздi, ол да парасатты, заңғар тұлғаларды өлердей жек көретiн. Олар оның бойындағы үңiрейiп тұрған кем-кетiк, бейшаралықты бадырайтып көрсететiн айна сияқты. Олжаспен өштесуiнiң басты себебi осы болса, екiншiсi – аға-жағаларының айтағы: «Бiздiң пәленшекеңе көлеңкесi түседi, тұмсықтан ұрып тұншықтыру керек» деп берiлген «деректива».

Олжас оны Коротышка – Қортық дейтiн оңаша жолыққанда. Кесер басында тағар мiн жоқ, келiстi жiгiт. Бұл – оның бойына емес, ойына берген бағасы. «Ей, Қортық, мына орында отыру үшiн өсу керек, қара уылдырықты қылғыта бермей, қағаз кемiр!» деп қағытатын.

Қазiргi қазақ мәдениетiнiң соры бес елi. Өнердiң әлiп-биiнен бейхабар, түрлi шаруашылықты басқарып, әлдебiр кiнәсi үшiн қуылған номенклатурадағы зоотехник, агроном, мұнайшыларды мәдениет мекемелерiн басқаруға жiбередi. Жалпы идеологияның киiп отырған кебi сол. Бiр де бiр iрi гуманитар қайраткер ол шоқының отын оттаған емес. Кешегi комсомолдың үгiт бригадасында жүрiп «Правданың» бас мақаласын айнаға қарап жаттаудан арыға өресi жетпейтiн сарнауық, шолақ ойлы дүмшелердiң бұрқ етiп идеология майданының бiр-бiр қошқары боп шыға келгенiн бiр-ақ көресiң. Көп өтпей, қой айдағандай, төбеңнен шырқ үйiрiлген таяқтың ысылы естiледi.

Алматыда осы күнге дейiн ел аузында анекдот боп кеткен бiр әңгiме бар. Он бес жылдай бұрын жоғары жақ бiр мал дәрiгерiн опера театрына директор ғып тағайындапты. Бұрын ауаткомның төрағасы болған. Пенсияға шықса да «отаныма қызмет еткiм келедi» деп қыңқылдаған соң осында жiберсе керек. Жiгерлi жан екен, келе сап iске кiрiседi. Репетицияға қатысып, шұғыл жиналыс ашады. «Жолдастар, бiз жұмысымызды қайта құрмасақ болмайды, «әр кiм еңбегiне қарай» деген лениндiк принцип өрескел бұзылған. Бағанадан берi қалт жiбермей бақылап отырдым, бүкiл репетиция бойы ана ударниктегi жiгiт барабанды төрт-ақ рет соқты. Ал, штат кестесiне қарасам, жалақыны ең көп алатын сол екен. Бұл болмайды, жолдастар. Көп ақшаны, керiсiнше мына тоқтамай ойнаған скрипкашы мен домбырашы алу керек!..» деп барабан ойнайтын жоғары категориялы музыканттың айлығын ортан белiнен қиып тастапты сабазың.

Мәдениеттiң барлық сатысындағы ахуал осының ар жақ-бер жағында. Бүйте берсе қоғам рухани тiрегiнен айрылып, бiрте-бiрте тұңғиыққа құлдырауы бек ықтимал. Мәдениет қазiр қасиет-киесiнен айрылды, кез келген тоғышар функционер үкiмiн жүргiзiп, ойыншыққа айналдырып алды.

Ана бiр жылдары идеологияны басқарған тайшұбар хатшының лаңы әлi күнге дейiн елдiң есiнде. Ол сорлы: «домбыра – ескiлiктiң қалдығы, жою керек!» деп ұрандатып масқара қылсын. Онымен де тоқтамай, партияның түйе шаруашылығын өркендету жөнiндегi үндеуiне сәйкес, ақын, композиторларға неге түйешiлер туралы ән-марш жазбайсыңдар деп зiркiлдедi. Iле-шала «Гәкку» әнiнiң қайырмасындағы «Гәк-ку-гәк-ку» «әт-шу-әт-шу» боп өзгертiлiп, «Түйешiлер вальсi» сахнаға шығып та үлгiрдi.

Бұл орынға келген одан кейiнгi көсем де көсегенi көгерткен жоқ. Тың өлкесi жоспардан тыс мол астық тапсырып, соның дүмпуiмен биiк таққа дiк ете түскен. Көзi жыртиған, май бас, екi елi маңдайына ел басқаратындай парасат ұялайды деп сену өте қиын. Сөйлеген сөзi, iстеген кейбiр әрекетiне қарап, миын да май басып кеткен, ойлауға қабылетсiз жандай боп көрiнетiн. Бұл да қарап жүрмейдi, орынсыз сөзге ауыз ауыртып несi бар едi десеңшi. Бiрде стол басындағы әңгiме үстiнде «тың өлкесi республикаға пәленше мың пұт астық және бiр қап боқ бердi» деп айтып, оны бiр жолбике аса қуанышпен буын бұрқыратып жеткiзсе керек, содан берi екеуiнiң бұршағы бiр қазанда пiскен емес. «АЗ и Я» кiтабына байланысты оған қарсы саяси науқан кезiнде қырағылық көрсетiп, аса белсендiлiк танытты. Ымыраластарына дүркiн-дүркiн арыз жаздыртып, Мәскеудегi жынын шашып шабынғандармен қосыла ұрандап, бықсыған отқа май құя түстi. Димекең өзi араласып, тiзеге салмағанда күнi не болары бiр құдайға ғана аян. Рас, кейiн жiбiдi, сыбайластарын қанша әспеттегенмен жiлiгi татымайтынын бiлдi ме, бауырына тартты. Өз түсiнiгiнiң деңгейiнде патриоттығы да бар болатын.

Бiрде, «АЗ и Я»-ның лаңынан бiраз бұрын, кабинетiне шақырып, ұзақ шүйiркелескен. Шын ықыласты, қамқор пейiлдi танып, iшi жылып қалған. «Гагарин туралы дастаның арқылы қазақтың даңқын космосқа көтердiң! – дедi үнiнен ризашылық есiп, – ол үшiн Лениндiк сыйлық алуың керек едi, жастығың кедергi болды. Уақа емес, игiлiктiң ерте-кешi жоқ. Ендi алатын кезiң келдi. Ана Айтматов, Ғамзатовтардың сенен артық ештеңеiсi жоқ. Кезiнде демеп көтере алмадық, ол – бiзден кеткен кемшiлiк. Қазақстандай үлкен республикаға мақтаныш боларлық үлкен авторитет, үлкен тұлға керек. Алда ұлы мереке – Лениннiң жүз жылдық тойы келе жатыр. Соған арнап iргелi шығарма жаз, «Адамға табын, Жер ендiнiң» дәрежесiндей. Лениндiк сыйлық әперемiз. Әуелi «Правдада» толығымен жариялаймыз. Мәскеуде, Алматы да және басқа республикаларда жеке кiтап боп шығады. Бұл – бюроның шешiмi. Басқа шаруаны жиып қой да отырып жаз!»

Әдеби мансап көгiндегi жұлдызды сәт. Көптен толғатқан Шумерлердi ысырып тастап, арғы-бергiдегi тәуiр дүниелердiң бiразын ақтарып шықты, олардан тәуiр жазатынына көзi жеттi. Бар ықыласымен отырып, жүз беттi жазып та тастады. Сонда алғаш рет шабыт орнына нағыз «творчество азабын» бастан кешкен. Поэма шатқаяқтап жүрер емес. Ай артынан ай өттi. Дем алғысы келдi, көңiлiн басқа нәрсемен ауламақ болды. Әредiкте Вавилон сюжетiн өлеңге түсiрiп көрген. Бiртiндеп соған бойлап енiп, құлшына берiлiп, еш азап-тозақсыз «Қыш кiтабын» үш айдың iшiнде жазды да шықты.

Кiтап жүзжылдық қарсаңында жарық көрдi.

Қамқор ағасы бетi қоқ боп түтiге қарсы алды:

– Саған бiз кiм туралы жаз дедiк? Ал сен кiм туралы жаздың? Жезөкшелер туралы ма?

– Храмдағы махаббат бибiсi туралы.

– Жоқ, жезөкшелер туралы! Вавилон жезөкшесi туралы. Лениннiң жүзжылдығына тартқан сыйың осы ма? Ленин сыйлығын емес, Вавилон сыйлығын аласың!

Ақын үшiн сезiмнен артық сыйлық бар ма. Қалай десе де оған деген алғысы зор. Егер оның «әлуметтiк заказы» болмағанда «Қыш кiтабын» жазғандағыдай творчестволық бақытты сәттi бәлкiм басынан кешпеген де болар едi.

Лениндiк сыйлықты ала алмай қалса да бұған кешiрiм жасай отырып, келесi кiтабы республика сарыла күткен сыйлықты әкеледi деген үмiттерiн үзген жоқ болатын. Алайда келесi кiтап «АЗ и Я» едi...

Мына Қортық бәрiнен өткен сорақы. Онда бiреу үшiн қиналу сезiмi жоқ. Мансап-лауазымына қылаудай көлеңке түсердей жағдай болса, кез келген қасиеттi ұғымды басқа теуiп жүре бередi. Кеше Қонаевтың қойнынан кiрiп, қоншынан шыққан жылмаң, бүгiн Димекеңнен тiзгiн кете бастағанын сезiсiмен жалт берiп, пiлге үрген кәндендей шабалаңдап шыға келдi. Және дауысын бәрiнен асырып шәуiлдедi, солай етсе, жаңа қожасына бек жаға түсетiнiн бiледi.

Желтоқсан толқуы кезiнде иiсi қазақтың iшiнде қазаққа қарсы қатты белсендiлiк көрсеткен де сол. Iздегенге – сұраған, мәскеулiк ұлықтар сөзiн бiреуi сөйлеп берсе, аузы қышып не жыны, сүйкiмдi кәндендерiн айтақтап қойып, сыртынан тамашалады да отырды.

Ол шын мәнiнде, сол үлкен траге-комедияның бас қаhарманына айналып едi. Қанды Алаңда солдафонның табанына тапталып, намысы қорланып, қайраты жасып жаутаңдаған бауырларын аяған жоқ, өз қолымен құрдымға итердi. «Проценттiк қатынас» деген сандырақты ойлап тауып, «Алматыдағы студенттердiң арасында ұлттардың проценттiк қатынасы сақталмаған, әсiресе оңтүстiк аймақтардан оқитындар қаптап кеткен» деп мыңдаған жасты оқудан қуғызды.

Науқанның алауы бәсеңдей бергенде тағы бiр өрт бұрқ ете түстi. Қортықтың құдайы жасап белсенiп шыға келдi. Өш алайық, қорлайық немесе ашындырып тағы да қанға тұншықтырайық дедi ме, әлде КГБ-ның өзi әдейi ұйымдастырды ма, азғын бiреулер түн iшiнде Кеңсайдағы мұсылман зиратын қиратып кетiптi. Момышұлының мыс мүсiнiн мойнына темiр арқан салып, трактормен тартып құлатып, көптеген құлпытасты талқандаған. Жан түршiгер бұл вандализмдi айыптаудың орнына, идеологиялық хатшы жоқ жерден жорға шығып: «ұлтшылдық пен жiкшiлдiктiң салдары осы жерден де көрiнiп тұр. Өмiрде дос-жолдас, аралас-құралас болып бiрге жүремiз де, өлген соң неге бөлектенемiз? Мiне, жолдастар, халықтың өзi бұған қарсылық жасап жатыр. Бұл ескертуден алдағы уақытта дұрыс қорытынды шығаруға тиiспiз...» деп тағы да мәңгiрген елдiң басына әңгiр-таяқ ойнатқан.

Саяси ахуал тұрақсыз әрi-сәрi сәтте жалтақтамай бiрден осылай батылдық танытып, дүркiн-дүркiн «маңызды» бастама көтерiп, жаңа қожайынның қолтығына әбден енiп алған соң, ол ендi баяғыдан сәтiн күтiп жүрген өзiнiң жойқын шабуылына көштi. Бес қаруы сай. Бұған дейiн жау осы жақта деген нобаймен көздемей бытырлатса, бұл жолы көк найзаның ұшын кiмге тiрерi белгiлi. Өткiзiлмек ғылыми конференцияның негiзгi мақсаты – «Алашордамен бiрге тамырына балта шабылған ұлтшылдықтың бiрден-бiр ұрығын себушi – Сүлейменов. Оның зиянды шығармалары ешқандай бөгетсiз кең насихатталудың нәтижесiнде жұртшылық санасын уландырып болды» деген тұжырым жасау. Демек, Желтоқсан бүлiгiнiң саяси алғы шарттарын дайындаушы – Сүлейменов; ұлтшыл, бұзақылардың рухани дем берушiсi, көсемi сол. Бiрiншi күнi-ақ бұны Алаңға жiбермей үйде қамақта ұстағандары осындай қырағылықтың нәтижесi шығар. Қортықтың бетi қатты. Қам жасамаса болмас. Бұрын Димекеңе сенiп, арқасын кеңге салатын. Ендi ара түсер кiм бар? Көзiне қамшы тиiп жасып қалған ағайын кiмге қамсау болғандай. Әдiлдiктi Мәскеуден iздегенi жөн шығар. Бас хатшының өзiне арызданып алдын тоспаса, оңайшылықпен бұлардың бетi қайтар түрi жоқ.

«Қазақстанның» саусақ арасында бықсыған тұқылын құшырлана бiр сорды да, күлсалғышқа басып сөндiрдi, жан тапсыра алмай ирелеңдеген жiңiшке көк түтiн саусағына оратылды. Қағаз шетiнде көлденең жатқан мөлдiр көкшiл қаламды ұстағанда саусақтарының ұшы бiр-ақ күнде темекiнiң ысынан сарғайып кеткенiн байқады. Алдындағы ақ парақ бейне бiр қар тұмшалаған меңiреу дала, бұдыр-бедерсiз шексiз кеңiстiк. Қалай қарай бағыт түзерiн бiлмей аңтарылған жолаушыдай бiр дем тосылып қалған.


жүктеу 2,03 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау