Жас кітапханашының бейімделуі
Асанова Нұрғамила Тулюжанқызы – Қарағанды Н.В.Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының кітапханашысы
Елбасы жүктегендей, еліміздің әлемдегі аса дамыған бәсекеге қабілетті елдердің қатарына кіруі қазақстандықтардың көкейкесті мәселесі. Кітапханашылар заман талабына сай, ақпарат ағынының аса дамыған кезеңінде өркениет көшінен қалыспай, бәсекеге қабілеттілікке өз үлестерін аянбай қосуда. Заманға сай пайдаланушылар сұранысы ұлғайған сайын, кітапханашыларға да қатаң талаптар қойылуда, кітапханашылар, әсіресе мен сияқты жас мамандар кәсіптік бағдар алып, жоғары деңгейдегі кәсіби маман болуға ұмтылып, бейімделу баспалдағынан өтіп, өрге өрлеуде.
Қазіргі заманның мен сияқты жас кітапханашылары қазіргі ортаға қалай бейімделуде, рұқсат етсеңіздер, соған менің іс-тәжірибем арқылы көз жүгіртіп көрейік.
Бүгінгі заманның жас кітапханашысы өз кәсіби міндетін жетік білумен шектелмей, компьютер технологияларын жұмысында пайдаланып-қолдана білетін, мемлекеттік тілмен қатар орыс, ағылшын тілдерін меңгерген, ақпараттық сауаты мол білікті маман болуы тиіс. Кітапханалар пайдаланушыларға жаңа дәуірде жаңа дәстүрде қызмет етіп, өздерінің жұмыс процестеріне жаңа ақпараттық технологияларды кеңінен ендіруде, бұл кітапхана мамандарынан шеберлікті, жаңаша білімді, біліктілікті талап етеді.
Мен «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша білім алған Қарағанды Тәттімбет атындағы өнер колледжінің 2005 жылғы түлегімін, қазіргі уақытта Қарағанды Н.В.Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының «Өлкетану» бөлімінде 4,5 жылдан астам қызмет атқарып келемін.
Біздің кітапхана электронды ақпараттық технологиялар әлемінде әуелеп, ақпараттық жұмыстардың жаңа тәсілдерін игеріп-іздеуде ілгерілеп, кітапхана жұмысын автоматтандыра жаңа технологияны жан-жақты енгізіп-дамыта түсуде. Бұл жас мамандарға қойылар талапты күшейте түсуде, әр жас маман осылармен қоса жоспарлау, бағдарлама-жобалармен жұмысты жүргізіп, ақпаратты беру мен іздестіру жолдарын жетік білетін өз ісінің бесаспап шебері болғанда ғана бүгінгі күннің биік талаптарын орындай алмақ.
Осы орайда пайдаланушылардың ақпараттық сұранысын жоғары деңгейде өтеу үшін, кәсіби біліммен қатар жаңа технологиялардың озық түрлерін біліп-игеруде біздің кітапханамызда қызметкерлер үшін көптеген курс-тренинг, семинарлар сияқты біліктілік арттыру шаралары әркез ұйымдастырылып, мамандардың кәсіби дәрежесі мен білімін үздіксіз жетілдіруге қолайлы жағдай жасау басты назарда. Бізде жұмысқа алынған әр маман ең алдымен кітапхана құжаттарының толық пакетімен, кітапхананың қызмет көрсету жүйесімен, жоспар-есеппен, жоба-бағдарламалармен, мамандықты игеру жолымен жетік таныстыратын «Кітапханашы мамандығын игеру алгоритмімен» жете танысып, өз міндетін абыроймен атқаратындығы жайлы салтанатты түрде ант беріп, қызметіне кіріседі. Мен кітапхана базасындағы Әдістемелік Орталықта өтетін жас мамандарға арналған «Жас кітапханашылар» мектебіне айрықша тоқталғым келеді. Менің маман болып бейімделуімнің басы осы мектептен бастау алады. Бұл мектептің арнайы білімі жоқ кітапханашыларға көрсетер тәжірибелік көмегі мен берер білімі мол. Мен өзім сияқты жұмысқа жаңадан тұрған жалпы саны 13 жас маманмен «Жас кітапханашылар мектебінен» дәріс алып, іс-тәжірибелік сабақтарға қатыстым.
Мектепте кітапханамыздың білікті мамандары дәріс оқып, кәсіби шеберлікті игеруге бейімдеп, іс-тәжірибелік сабақтар берді. Күнделікті жұмысымызға қажетті тақырыптар қатарында «Әдебиеттерді толықтыру және өңдеу бөлімінің жұмыс техникасы», «Құжатты жүйелеу», «Ақпараттық - библиографиялық қызмет көрсету» сияқты сабақтармен бірге, «Интернет және электронды жәшікпен жұмыс жасау», «Құжатты сканерлеу», «Толықмәтінді деректер базасымен жұмыс», «Құжатты цифрлау» тақырыптарында біліктілігімізді арттырар іс-тәжірибелік сабақтар өтті.
Жұмысқа енді тұрған жас маман болсам да, бейімделуден өте, кітапхана қабырғасында көп нәрсеге үйренгенімді мақтанышпен айта аламын. Осы уақыт ішінде жұмысқа қажет компьютер бағдарламаларын меңгердім. Қысқаша тоқталсам, «Power Point» бағдарламасында тұсаукесерлер жасауды; «Microsoft Office Publisher» бағдарламасында түрлі көрсеткіштерді безендіруді; «Неро...» бағдарламасында CD-да, электронды буклет, сілтеме, жаднама, өлкелік көрсеткіштер...жазуды; «Adobe Photoshop» бағдарламасы арқылы суреттерді сканерден өткізуді игеруді үйренсем; «ABYY Fine Reader» сканерлеу бағдарламасы мен «Құжаттарды цифрлеу» бағдарламалары арқылы басылымдарды сканерлеп, «Электронды каталогка» байластыру жасауды жетік меңгеріп, кітапхана ісіне тамшыдай болса да өз үлесімді ойдағыдай қосудамын деуіме болады. Кітапханамыздағы «Өлкетану құжаттық мұраларды сақтау және цифрлау Лабораториясы» жобасына белсене атсалысып келемін. «РАБИС Каталогизатор», «РАБИС Іздеу және тапсырыс» сияқты кітапханалық бағдарламаларда жұмысты жүргізуді жалғастыруымды айтпай кетуге және болмайды, «Электронды каталогка» енгізген біршама жазбаларым бар. Өзім қызмет ететін «Өлкетану» бөлімнің баспагерлік қызметінде «Ұлы Абайды ұлықтап» электронды көрсеткіш, академик К.Мыңбаевтың 100ж. арналған «Нұрадан ұшқан ақиық. Яркой жизни прерванный полет» атты электронды жаднамалар сияқты көптеген электронды құрал, көрсеткіш, ұсыныстарды құрастырғанымды айта аламын.
Біздің кітапханамызда оқырмандар ықыласына бөленген, дарынды, талапты жастардан құрылған «Жыр жауһар» клубы бар. Мен клубтың жетекшілерінің бірі ретінде жастар шығармашылығының шыңдалуына әсер етіп, оларға шығармашылық бағыт-бағдар бере, баспасөз беттерінде, басылымдарда үздіксіз жариялануын қадағалап келемін. Клуб мүшелерінің ішінде 30-тан астам студент-жастардың өлеңдерінің, прозалық шығармаларының республикалық «Жас қаламгер» альманағында жарияланып, облыстық, республикалық басылымдарға шығып келетініне тікелей септігімді тигізгенімді айта кеткенім орынды.
Сырт көзге байқала бермейтін қиындығы мен қызығы қабаттасқан, баланы да, дананы да қанаттандырар кітапхана өмірінде өзімді ғасырдан – ғасырға жете берер асыл қазынамыздың қожайыны сезінемін. Мамандығымызға қойылатын талап қатая түскенімен, сүйікті мамандығымның өте төмен бағалануы қатты қынжылтады. Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы еңбек ақысы ең төмен саналатын мамандық иесі - кітапхана қызметкерлері екен. Ел ертеңі – білім-ғылымда, білім көзі – кітапта, кітап қоймасы – кітапханада десек, кітапхананың келешегі - жастар қолында емес пе? Талабы тым жоғары болғанымен, жалақысы тым төмен жұмысқа жастар қалай мойынсұнсын?! Кітапханада жастардың тұрақтамауы алаңдатуда, кадр мәселесі ойлантар жайт деп ойлаймын. Алысқа бармай-ақ қояйын, біздің облысымызда осы күні жалпы мәдениет министрлігіне қарасты 332 кітапханада еңбек ететін кітапхана қызметкерлерінің жалпы саны – 901 адам екен, оның ішіндегі жас мамандар саны, яғни 30 жасқа дейінгілер - 145 адам да, 30-40 аралығындағылар – 193, 40-58 жастағылар – 515, 58-ден жоғарылар - 48 адам екен. Байқалғандай, кітапхана қызметкерлерінің басым бөлігі егде жастағылар. Күні ертең кәсіби мамандар, білікті де білімді қызметкерлер зейнеткерлікке шықса, оларды кім айырбастайды? Еңбекақысы мардымсыз қызметке жастардың белсене кірісуі екіталай. Тоқетерін айтсам, 12000-ақ мың теңге алатын жас маманның бағаның шарықтаған күнінде осынша айлыққа күнелтуі мүмкін бе? Ал білімі орта-арнаулы мамандар оқуын жалғастырып, жоғары білім алуды көздесе қайтпек, аздаған айлықпен құны көтерілген оқу ақысын ақтай алмасы ақиқат. Мысалы, мен орта арнаулы білімді маманмын, келешекте жоғарғы білім алуды аңсаймын-ақ, бірақ қалтам көтермейді. Елімізде күндізгі бөлімде жоғарғы білім алуым үшін, орта арнаулы білімім ескерілмейді екен, яғни күндізгі бөлімде толығымен аттай 5 жыл оқуға мәжбүрмін, қойылатын талап сондай. Сырттай білім алушылар ғана 3 жыл оқиды, 12 мың айлықпен сырттай білімнің ақысын өтеу тіпті мүмкін емес екенін мойындайтын шығарсыздар. Оқуды үздік тауысқан түлектердің де біздің мамандықта тегін оқуға құқығы жоқ, сырттай оқуға грант берілмейді. Менің үздік дипломды иелене тұра, сырттай тегін оқуға түсе алмайтыным, оқығым келгеннің өзінде жалақымның аздығына бола, оқуды жалғастыра алмауым жаныма батады. Біздің мамандығымыз құнсыз болғандықтан, ақылы оқуда 5 жыл оқығанша, сұранысқа ие, айлығы мол мамандық алғаным жөн емес пе? Көптеген жас мамандардың осылай ойлайтынына сенімдімін. Егер әр жас маман осылай ойласа, кітапханадан сырт айналса, келешекте кітапханаларда кім қызмет етпек?
Сондықтан да мен сіздерге кітапханаларда жас мамандар тұрақтауы үшін алдымен:
кітапханашылардың еңбек ақысын өсіруді;
орта арнаулы білімді мамандардың жоғарғы білім алулары үшін күндізгі бөлімде басқа мамандықтар сияқты 2,5 жыл немесе 3 жыл оқуын;
орта арнаулы білімді мамандардың сырттай бөлімде 2,5 – 3 жыл оқуын;
біздің мамандықтарға жоғары білім алу үшін сырттай бөлімде тегін оқу үшін гранттар берілуін;
билік тарапына жеткізіп, осы мәселелердің шешімін табуларыңызды сұраймын.
Сонда ғана мамандығымыз бағаланып, қажетті деңгейге көтерілер еді.
Әрине, елімізде мамандығына берілген кәсіби мамандар барда, олардың артынан ізін басар ізбасарлар, жас мамандар ере бермек. Мен де ертеңіне деген сенімін жоғалтпаған жас маманның бірімін. Мемлекет мамандығымыздың құнын түсірсе де, өз басым өзімді оқырман ордасы саналар қасиетті шаңырақ – кітапхананың нағыз жанкешті сақшысы санаймын, сүйікті мамандығыммен мақтанып, әркез мақтан тұтамын.
Келешегінен үміт күттірер жас мамандар кәсіби бейімделіп, оқырмандар сұранысын әлемдік деңгейде өтеуге тырыса білсе, кітапханалар да ақпарат ағынынан қалыспай, биіктен биіктерді ала берері анық. Елімізде кітапхана саласына қолдау көрсетіліп, кітапханалар көтеріле берсе, жастар да кітапханаларға тұрақтап, кітапхана ісін ілгерілете берері даусыз деген оймен ойымды аяқтауға рұқсат етіңіздер!
Назар аударып тыңдағандарыңызға көп рахмет! Келесі жүздескенше сау болыңыздар!
Достарыңызбен бөлісу: |