142-бап. Теңiз кемелерi экипаждарының (жүзу құрамы)
мүшелерiне жататын жұмыскерлердің еңбегін реттеу
Теңiз кемелерi экипаждарының (жүзу құрамы) мүшелерiне жататын жұмыскерлердің еңбегі теңiз кемелерiнің экипаждары (жүзу құрамы) мүшелерiнің еңбегін, еңбегіне ақы төлеуді, жұмыс уақытын және тынығу уақытын реттеудің ерекшеліктерін белгілейтін «Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.
143-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік
қызметшілерінің, Парламенті мен мәслихаттары
депутаттарының, судьяларының еңбегін реттеу
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің, Парламенті мен мәслихаттары депутаттарының, судьяларының еңбегі қызметке кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше шарттары мен тәртібін, еңбектің ерекше жағдайларын, еңбекке ақы төлеу жағдайларын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.
144-бап. Әскери қызметтегі адамдардың, арнаулы
мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен
мемлекеттік фельдъегерлік қызмет
қызметкерлерінің еңбегін реттеу
Әскери қызметтегі адамдардың, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің еңбегі қызметке кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше шарттары мен тәртібін, ерекше еңбек жағдайларын, еңбекке ақы төлеу жағдайларын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.
145-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және оның
ведомстволары жұмыскерлерінің еңбегін реттеу
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және оның ведомстволары жұмыскерлерінің еңбегі лауазымға тағайындаудың, еңбек шартын тоқтатудың ерекше талаптарын, ерекше еңбек жағдайларын, еңбекақы төлеу жүйесі мен жағдайларын, сондай-ақ артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.
146-бап. Кәсіптік одақтың кәсіподақ органдарының құрамына
кіретін жұмыскерлердiң еңбегiн реттеу
Кәсіптік одақтың кәсіподақ органдарының құрамына кіретін жұмыскерлердiң еңбегі «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшелiктермен бiрге осы Кодекспен реттеледi.
3-БӨЛІМ. ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ЖӘНЕ ҰЖЫМДЫҚ ҚАТЫНАСТАР
13-тарау. ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК
147-бап. Әлеуметтік әріптестік органдары, қағидаттары және
міндеттері
1. Мемлекет атынан тиісті атқарушы органдар, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер атынан белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген олардың өкілдері әлеуметтік әріптестік тараптары болып табылады.
2. Әлеуметтік әріптестікті:
1) республикалық деңгейде – әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия (бұдан әрі – республикалық комиссия);
2) салалық деңгейде – әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссиялар (бұдан әрі – салалық комиссия);
3) өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) деңгейде – әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық, қалалық, аудандық комиссиялар (бұдан әрі – өңірлік комиссия) әлеуметтік әріптестік органдары арқылы тараптардың өзара іс-қимыл жасасуы нысанында;
4) ұйымдар деңгейінде – Қазақстан Республикасы заңнамасының негізінде жұмыскерлердің өкілдері мен жұмыс берушінің арасында еңбек саласындағы өзара нақты міндеттемелерді белгілейтін ұжымдық шарттар нысанында қамтамасыз етеді.
3. Тұрақты жұмыс істейтін республикалық, салалық, өңірлік комиссиялар мынадай қағидаттар:
1) комиссиялардың қызметіне атқарушы билік органдары өкілдерінің, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер өкілдерінің қатысу міндеттілігі;
2) тараптардың өкілеттілігі;
3) тепе-тең өкілдік ету;
4) тараптардың тең құқықтылығы;
5) тараптардың өзара жауаптылығы негізінде қалыптастырылады.
4. Комиссияларға қатысушылардың дербес құрамын әлеуметтік әріптестіктің әрбір тарапы өз бетінше қалыптастырады.
5. Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік мынадай міндеттерді шешуге бағытталған:
1) әлеуметтік, еңбек және осылармен байланысты экономикалық қатынастарды реттеудің тиімді тетігін жасау;
2) қоғамның барлық топтарының мүдделерін объективті ескеру негізінде әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
3) жұмыскерлердің еңбек саласындағы құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз етуге, оларды әлеуметтік қорғауды жүзеге асыруға жәрдемдесу;
4) барлық деңгейлердегі әлеуметтік әріптестік тараптары арасындағы консультациялар мен келіссөздер процесіне жәрдемдесу;
5) ұжымдық еңбек дауларын шешуге жәрдемдесу;
6) әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау.
148-бап. Әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру
1. Республикалық, салалық және өңірлік комиссиялар тараптардың орындауы үшін міндетті тиісті шешімдермен ресімделетін консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы әлеуметтік әріптестік тараптарының мүдделерін келісуді қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін органдар болып табылады.
2. Әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыруды қамтамасыз ету:
1) республикалық деңгейде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға;
2) салалық деңгейде тиiстi қызмет салаларының уәкiлеттi мемлекеттік органдарына;
3) өңірлік деңгейде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарына жүктеледі.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін салалар тізбесін республикалық комиссия белгілейді.
3. Мыналар:
1) республикалық деңгейде – Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жұмыскерлердің республикалық бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің өкілетті өкілдері;
2) салалық деңгейде – тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдарының өкілетті өкілдері, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің өкілдері;
3) өңірлік деңгейде – жергілікті атқарушы органдардың өкілетті өкілдері, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің өкілдері комиссияларға қатысушылар болып табылады.
4. Мыналар:
1) республикалық деңгейде – республикалық кәсіптік одақтар бiрлестiктері;
2) салалық деңгейде – салалық кәсіптік одақтар;
3) өңірлік деңгейде – аумақтық кәсіптік одақтар бiрлестiктері жұмыскерлердiң өкiлеттi өкiлдерi болып табылады.
5. Мыналар:
1) республикалық деңгейде – Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің республикалық одағының (қауымдастығының), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестіктің, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық салалық бірлестіктерінің өкілдері жұмыс берушілердің өкілетті өкілдері болып табылады.
Көрсетілген одақтардан (қауымдастықтардан) өкілдік ету олардың құрамына кіретін республикалық қоғамдық бірлестіктердің санына қарай пропорционалды негізде жүзеге асырылады;
2) салалық деңгейде – Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және (немесе) салалық ұйымдардың өкілдері;
3) өңірлік деңгейде:
өңірлік палаталардың өкілдері;
облыстық деңгейде – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктері, шағын кәсіпкерлік жөніндегі облыстық бірлестік;
қалалық, аудандық деңгейлерде – шағын кәсіпкерлік жөніндегі қалалық, аудандық бірлестіктер жұмыс берушілердің өкілетті өкілдері болып табылады.
149-бап. Келісімдерді дайындау жөнінде келіссөздер жүргізу
құқығы
1. Әлеуметтік әріптестіктің кез келген тарапы келісімді әзірлеу, оның мазмұны, оны жасасу, өзгерту, толықтыру жөніндегі келіссөздердің бастамашысы болуға құқылы.
2. Республикалық, салалық, өңірлік деңгейлерде жұмыскерлер мен жұмыс берушілер уәкілеттік берген бірнеше өкіл болса, олардың әрқайсысына өздері өкілдік ететін жұмыскерлер мен жұмыс берушілер санына байланысты пропорционалды өкілдік ету қағидаты негізінде келіссөздер жүргізу құқығы беріледі.
150-бап. Келіссөздер жүргізу, келісімдер әзірлеу және
жасасу тәртібі
1. Екінші тараптан келіссөздерді бастау туралы жазбаша ұсыныстар алған тараптар күнтізбелік он күн ішінде оларды қарауға және келіссөздерге кірісуге міндетті.
Тараптар арасында келісімдердің жекелеген ережелері бойынша келіспеушіліктер болған кезде, тараптар келіссөздер басталған күннен бастап үш ай ішінде бір мезгілде келіспеушіліктер хаттамасын жасай отырып, келісілген шарттарда келісімге қол қоюға тиіс.
Егер тараптар келісімге келе алмаса, хаттама жасалады, оған келіссөздердегі келіспеушіліктерді жою және қайта бастау мерзімдері бойынша тараптардың түпкілікті тұжырымдалған ұсыныстары енгізіледі.
2. Келіссөздер жүргізу тәртібін, келісімдерді әзірлеу және жасасу мерзімдерін, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, оларға қосылуды комиссиялар бекітеді.
3. Келісімдер оларға тараптар қол қойған кезден бастап не келісімдерде белгіленген күннен бастап күшіне енеді. Келісімдердің барлық қосымшалары олардың ажырамас бөлігі болып табылады және солармен бірдей заңдық күшке ие болады.
4. Келісімнің қолданылу мерзімі тараптардың келісімі бойынша не жаңа келісім қабылданғанға дейін белгіленеді, бірақ үш жылдан аспауға тиіс.
5. Жұмыскерлерге бір мезгілде бірнеше келісімдердің күші қолданылған жағдайларда, жұмыскерлердің жазбаша өтініштері болған кезде келісімдердің жұмыскерлер үшін неғұрлым қолайлы шарттары қолданылады.
6. Комиссиялардың шешімдері келіссөздерде барлық тараптардың келісіміне қол жеткізу негізінде ғана қабылданады және тиісті келісімдермен ресімделеді. Шешімдер қабылдау мен жұмысты ұйымдастыру тәртібін комиссиялар әзірлейді және бекітеді.
7. Бас, салалық, өңірлік келісімдер әлеуметтік әріптестік тараптары өкілдерінің қолтаңбасымен бекітіледі.
151-бап. Келісімдерді тіркеу
1. Тараптар қол қойған салалық, өңірлік келісімдер қосымшаларымен бірге он күн мерзімде хабарламалық тіркеу үшін жіберіледі.
2. Облыстық деңгейде жасалған салалық және өңірлік келісімдерді тіркеуді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
3. Қалалық, аудандық деңгейлерде жасалған салалық және өңірлік келісімдерді тіркеуді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
152-бап. Әлеуметтік әріптестік келісімдерінің тараптары,
түрлері
1. Республикалық деңгейде Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері мен республикалық кәсіптік одақтар бірлестіктері арасында бас келісім жасалады.
2. Салалық деңгейде тиісті қызмет саласының уәкілетті мемлекеттік органдары, жұмыс берушілердің өкілетті өкілдері мен салалық кәсіптік одақтар арасында салалық келісімдер жасалады.
3. Өңірлік деңгейде жергілікті атқарушы органдар және жұмыс берушілердің өкілетті өкілдері мен аумақтық кәсіптік одақтар бірлестіктері арасында өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) келісімдер жасалады.
153-бап. Әлеуметтік әріптестік келісімдерінің мазмұны
1. Келісімдер:
1) қолданылу мерзімі туралы;
2) орындалуын бақылау тәртібі туралы;
3) келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі туралы;
4) тараптардың өздеріне алған міндеттемелерді орындамаған жағдайдағы жауаптылығы туралы ережелерді қамтуға тиіс.
2. Бас келісімнің мазмұнын республикалық комиссия әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары немесе солардың біреуі ұсынған бас келісім жобаларын негізге ала отырып айқындайды.
3. Салалық және өңірлік келісімдердің мазмұнын салалық және өңірлік комиссиялар әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары немесе солардың біреуі ұсынған келісімдер жобаларының негізінде айқындайды.
4. Бас келісімде:
1) әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы заң жобаларын қарау туралы;
2) әлеуметтік-еңбек жанжалдарының және ереуілдердің алдын алу және оларды болғызбау жөніндегі іс-шаралар туралы;
3) еңбек нарығын дамыту, халықты тиімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу туралы;
4) ұлттық біліктілік шеңберін әзірлеу және бекіту туралы;
5) еңбек жағдайлары және еңбекті қорғау, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік туралы;
6) әлеуметтік әріптестікті және диалогті дамыту туралы;
7) салалық және өңірлік деңгейлерде келісімдерді әзірлеуге және қабылдауға қатысу үшін байқаушылар тобын қалыптастыру тәртібі және оның қызметі туралы ережелер көзделуге тиіс.
5. Салалық келісімдерде:
1) тиісті саланың бағдарламалық және стратегиялық құжаттарын қарау тәртібі туралы;
2) салада әлеуметтік әріптестікті және диалогті дамыту туралы;
3) әлеуметтік-еңбек жанжалдарының және ереуілдердің алдын алу және оларды болғызбау жөніндегі іс-шаралар туралы;
4) саланың еңбекке ақы төлеу жүйесінің негізгі қағидаттары туралы, оның ішінде:
саладағы ең төмен тарифтік мөлшерлемелерді (айлықақыларды);
разрядаралық коэффициенттердің шекті мәндерін;
ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге қосымша ақы белгілеудің бірыңғай тәртібін белгілеу;
5) салалық біліктілік шеңберін бекіту тәртібі туралы;
6) Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі кеңесті қалыптастыру тәртібі және оның қызметі туралы;
7) Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу мәселелері жөніндегі кеңесті қалыптастыру тәртібі және оның қызметі туралы;
8) келісімдерді, ұжымдық шарттарды әзірлеуге және қабылдауға қатысу үшін байқаушылар тобын қалыптастыру тәртібі және оның құзыреті мен қызметі туралы;
9) кадрлық әлеуетті және біліктіліктерді дамыту жөніндегі үйлестіру орталығын қалыптастыру тәртібі және оның қызметі туралы ережелер көзделуге тиіс.
6. Өңірлік келісімдерде:
1) өңірде әлеуметтік әріптестікті және диалогті дамыту;
2) өңірдің бағдарламалық және стратегиялық құжаттарын қарау тәртібі;
3) әлеуметтік-еңбек жанжалдарының және ереуілдердің алдын алу және оларды болғызбау жөніндегі іс-шаралар;
4) жұмыс берушілерге және жұмыскерлердің өкілдеріне еңбек дауларын реттеуге жәрдемдесу;
5) жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және жұмыссыздық деңгейін қысқартуға бағытталған шараларды қолдану;
6) Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу мәселелері жөніндегі кеңесті қалыптастыру тәртібі және оның қызметі туралы ережелер көзделуге тиіс.
7. Келісімнің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда жұмыскердің жағдайын нашарлататын ережелері жарамсыз деп танылады және қолданылмауға тиіс.
154-бап. Әлеуметтік әріптестік келісімдерінің қолданылуы,
олардың орындалуын бақылау және тараптардың
жауаптылығы
1. Бас келісімнің күші мемлекеттік органдарға, жұмыс берушілерге, жұмыскерлер атынан белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген олардың өкілдеріне қолданылады.
2. Салалық келісімнің күші тиісті қызмет саласының мемлекеттік органдарына, тиісті саланың жұмыс берушілеріне, жұмыскерлеріне және олардың өкілдеріне қолданылады.
3. Өңірлік келісімнің күші тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарына, жұмыс берушілеріне, жұмыскерлеріне және олардың өкілдеріне қолданылады.
4. Келісімдердің күші Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, шетелдік азаматтар немесе шетелдік заңды тұлғалар не шетелдік қатысатын заңды тұлғалар мүлкінің меншік иелері, құрылтайшылары (қатысушылары) немесе акционерлері болып табылатын ұйымдарға, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктеріне қолданылады.
5. Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган – республикалық деңгейде, тиісті қызмет саласының мемлекеттік органдары – салалық және жергілікті атқарушы органдар өңірлік деңгейде келісімдерді оларға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ресми түрде жариялауға міндетті.
6. Келісімдердің орындалуын бақылауды әлеуметтік әріптестік тараптары жүзеге асырады.
7. Тараптар өкілдерінің келісім жасасу, өзгерту, толықтыру жөніндегі келіссөздерге қатысудан жалтаруы немесе келісім жасасудан негізсіз бас тартуы, келіссөздер жүргізу мерзімдерін бұзуы және тиісті комиссияның жұмысын қамтамасыз етпеуі, келіссөздер жүргізу және келісімдер ережелерінің сақталуын бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты бермеуі, сол сияқты олардың талаптарын бұзуы немесе орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
155-бап. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының
сақталуын қоғамдық бақылау
Жұмыскерлердің республикалық және салалық бірлестіктері келісімдерде және ұжымдық шарттарда бекітілген жағдайларда және тәртіппен Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.
14-тарау. ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ
156-бап. Ұжымдық шарттың тараптары. Ұжымдық келіссөздер
жүргізу, ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу
тәртібі
1. Жұмыс беруші және жұмыскерлер атынан белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген олардың өкілдері ұжымдық шарттың тараптары болып табылады.
2. Ұжымдық келіссөздерді бастау және ұжымдық шартты жасасу туралы ұсынысты тараптардың кез келгені жасауы мүмкін.
Екінші тараптың ұжымдық шарт жасасу жөніндегі келіссөздерді бастау туралы ұсынысы бар хабарламасын алған тарап оны он күн мерзімде қарауға және осы баптың 4-тармағында белгіленген тәртіппен келіссөздерге кірісуге міндетті.
3. Ұжымдық шарт ұйымдарда да, шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерінде де жасалуы мүмкін. Ұйымда бір ұжымдық шарттың болуына жол беріледі.
4. Ұжымдық келіссөздер жүргізу және ұжымдық шарттың жобасын әзірлеу үшін тараптар тепе-теңдік негізде комиссия құрады. Комиссия мүшелерінің саны, оның дербес құрамы, жобаны әзірлеу және ұжымдық шарт жасасу мерзімдері тараптардың келісімімен айқындалады.
Кәсіптік одақтың мүшелері болып табылмайтын жұмыскерлер жұмыс берушімен өзара қарым-қатынастарда өздерінің мүдделерін білдіру үшін кәсіптік одақ органына уәкілеттік беруге құқылы.
Ұйымда жұмыскерлердiң бiрнеше өкiлдерi болған кезде олар комиссия жұмысына қатысу, ұжымдық шартты талқылау және қол қою үшiн бiрыңғай өкiлдi орган құрады.
5. Комиссия дайындаған ұжымдық шарттың жобасы ұйым жұмыскерлерінің міндетті түрде талқылауына жатады. Комиссия келіп түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, жобаны пысықтайды.
6. Тараптардың келісіміне қол жеткізілген кезде, ұжымдық шарт кемінде екі данада жасалады және оған тараптардың өкілдері қол қояды.
7. Ұжымдық шарттың жекелеген ережелері бойынша тараптар арасында келіспеушіліктер болған кезде олар туындаған күннен бастап бір ай ішінде тараптар бір мезгілде келіспеушіліктер хаттамасын жасай отырып, келісілген талаптармен ұжымдық шартқа қол қоюға тиіс. Ұжымдық келіссөздер барысында туындаған келіспеушіліктер өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде оларды реттеу бойынша бұдан кейінгі ұжымдық келіссөздердің нысанасы болуы мүмкін.
8. Ұжымдық шартқа өзгерістер мен толықтырулар осы бапта оны жасасу үшін белгіленген тәртіппен тараптардың өзара келісуі бойынша ғана жүргізіледі.
9. Егер алынған мәліметтер мемлекеттік құпияларды, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын болса, ұжымдық келіссөздер тараптары оларды жария етуге құқылы емес.
10. Ұжымдық келіссөздер тараптары келіссөздер жүргізу кезінде жалақысы сақтала отырып, еңбек міндеттерін орындаудан босатылуы мүмкін.
11. Жұмыс берушi тараптар қол қойған ұжымдық шартты қол қойылған күнінен бастап бір ай ішінде мониторинг үшiн еңбек инспекциясы жөнiндегi жергілікті органға ұсынуға мiндеттi.
157-бап. Ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымы
1. Ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымын тараптар бас, салалық және өңірлік келісімдерге сәйкес айқындайды.
Ұжымдық шартқа:
1) еңбекті нормалау, еңбекке ақы төлеу жүйелері, жұмыскерлерге, оның ішінде ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге арналған тарифтік мөлшерлемелер мен айлықақылар, үстемеақылар мен қосымша ақылар мөлшерлері туралы;
2) разрядаралық коэффициенттерді белгілеу туралы;
3) жұмыс уақыты мен тынығу уақытының ұзақтығы, еңбек демалыстары туралы;
4) саламатты және қауіпсіз еңбек пен тұрмыс жағдайларын жасау туралы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру көлемі туралы, денсаулық сақтауды жақсарту туралы;
5) кәсіптік одақтың қызметі үшін жағдай жасау туралы;
6) ұжымдық шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі туралы;
7) жұмыскерлер мен жұмыс берушінің ұжымдық шарттың орындалуын бақылауы және ол үшін жауаптылығы туралы;
8) жұмыс берушінің жұмыскерлер өкілдерінің пікірлерін есепке алуды талап ететін актілері туралы ережелер енгізіледі.
2. Ұжымдық шартқа:
1) еңбекті ұйымдастыруды жақсарту және өндіріс тиімділігін арттыру туралы;
2) жалақыны индекстеу тәртібі туралы;
3) босатылатын жұмыскерлердің жұмыспен қамтылуын, оларды даярлауды, біліктілігін арттыруды, қайта даярлауды және жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету туралы;
4) даярлаудан, қайта даярлаудан және біліктілігін арттырудан өтетін жұмыскерлерге, сондай-ақ жұмысты оқумен қоса атқаратын жұмыскерлерге берілетін кепілдіктер мен жеңілдіктер туралы;
5) жұмыскерлердің тұрғын үй және тұрмыстық жағдайларын жақсарту туралы;
6) жұмыскерлерді сауықтыру, санаторий-курорттық емдеу және олардың демалысы туралы;
7) кәсіптік одақ органдарына сайланған жұмыскерлерге, сондай-ақ сайланбалы өкілдерге кепілдіктер және олардың қызметін жүзеге асыру үшін жасалатын жағдайлар туралы;
8) кәсіптік одақ мүшелері болып табылатын жұмыскерлермен еңбек шарты бұзылған кезде кәсіптік одақ органының уәжді пікірін ескерудің тәртібі туралы;
9) жұмыскер зейнеткерлік жасқа толған кезде жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзған жағдайдағы өтемақы төлемі туралы;
10) жұмыс берушінің орналасқан жерінен немесе жиналатын жерден жұмыс орнына дейін және кері қайтқанда жұмыскердің жолда болған уақыты үшін өтемақы төлемі туралы;
11) Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылған, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем сомасын шегергендегі орташа жалақысын сақтай отырып, жүктілікке және босануға байланысты демалысқа, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге берілетін демалысқа ақы төлеу туралы;
12) жұмыскерлер мен жұмыс берушінің өздері келтірген нұқсан үшін жауаптылығы туралы;
13) ерікті зейнетақы жарналары туралы;
14) жұмыскерлерді және олардың отбасыларын медициналық сақтандыру кепілдіктері туралы, қоршаған ортаны қорғау туралы;
15) сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін жұмыскердің қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда, оның пайдасына жұмыс берушінің қаражаты есебінен ерiктi зейнетақы жарналарын жүзеге асыру туралы;
16) жұмыскерлерді Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының негіздеріне оқыту жөніндегі іс-шаралар туралы;
17) жәрдемақылар мен өтемақы төлемдері, оның ішінде еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар кезіндегі төлемдерді төлеу туралы;
18) тараптар айқындаған және осы Кодексте айқындалған басқа да мәселелер бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушінің өзара міндеттемелері енгізілуі мүмкін.
3. Ұжымдық шарт Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен, бас, салалық, өңірлік келісімдермен салыстырғанда жұмыскерлер жағдайын нашарлатпауға тиіс. Мұндай ережелер жарамсыз деп танылады және қолданылмауға тиіс.
158-бап. Ұжымдық шарттың қолданылу мерзімдері, аясы және
тараптардың жауаптылығы
1. Ұжымдық шарт тараптар айқындайтын мерзімге жасалады.
2. Егер ұжымдық шарттың ережелерінде өзгеше көзделмесе, ол қол қойылған кезден бастап күшіне енеді және тараптардың орындауы үшін міндетті болады.
3. Ұжымдық шарттың күші жұмыс берушіге және солардың атынан ұжымдық шарт жасалған ұйым жұмыскерлеріне және оған қосылған жұмыскерлерге қолданылады. Қосылу тәртібі мен шарттары ұжымдық шартта айқындалады.
4. Ұйым таратылған, ол банкрот деп жарияланған кезде ұжымдық шарттың қолданылуы барлық жұмыскерлермен еңбек шарттары тоқтатылған күннен бастап тоқтатылады.
5. Тараптар өкілдерінің ұжымдық шарт жасасу, өзгерту, толықтыру жөніндегі келіссөздерге қатысудан жалтаруы немесе ұжымдық шарт жасасудан негізсіз бас тартуы, келіссөздер жүргізу мерзімдерін бұзуы және тиісті комиссияның жұмысын қамтамасыз етпеуі, келіссөздер жүргізу және ұжымдық шарт ережелерінің сақталуын бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты бермеуі, сол сияқты оның талаптарын бұзуы немесе орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
15-тарау. ЖЕКЕ ЕҢБЕК ДАУЛАРЫН ҚАРАУ
159-бап. Жеке еңбек дауын қарау тәртібі
1. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін және заңды тұлғаның атқарушы органының басшыларын қоспағанда, жеке еңбек дауларын – келісу комиссиялары, ал реттелмеген мәселелер не келісу комиссиясы шешімінің орындалмауы бойынша соттар қарайды.
2. Келісу комиссиясы жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдерінің бірдей санынан тепе-тең негізде ұйымдарда, оның филиалдары мен өкілдіктерінде құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады.
3. Келісу комиссиясы мүшелерінің сандық құрамы, оның жұмыс істеу тәртібі, келісу комиссиясы шешімінің мазмұны мен оны қабылдау тәртібі, келісу комиссиясы өкілеттігінің мерзімі, делдалды тарту туралы мәселе жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдерінің арасындағы жазбаша келісімде не ұжымдық шартта белгіленеді.
4. Келісу комиссиясына келіп түскен өтінішті көрсетілген комиссия берілген күні міндетті түрде тіркеуге тиіс.
Дау өтініш берушінің және (немесе) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес берілген өкілеттіктер шегінде ол уәкілеттік берген өкілдің қатысуымен қаралады.
5. Келісу комиссиясы дауды өтініш тіркелген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарауға және дау тараптарына шешімнің көшірмесін оны қабылдаған күннен бастап үш күн мерзімде беруге міндетті.
6. Келісу комиссиясының шешімі, жұмысқа қайта алу туралы дауды қоспағанда, онда белгіленген мерзімде орындалуға тиіс.
7. Келісу комиссиясының шешімі белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, жұмыскер немесе жұмыс беруші сотқа жүгінуге құқылы.
8. Келісу комиссиясының тараптары келісу комиссиясының мүшелерін Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының негіздеріне, келіссөздер жүргізу машығын дамытуға және еңбек дауларында консенсусқа жетуге жыл сайын оқытуды жүргізуге міндетті.
160-бап. Жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну
мерзімдері
Келісу комиссиясына немесе сотқа жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну үшін мынадай мерзімдер белгіленеді:
1) жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша – жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы актісінің көшірмесі келісу комиссиясына тапсырылған күннен бастап бір ай, ал сотқа жүгіну үшін – реттелмеген даулар бойынша не еңбек шарты тарапы келісу комиссиясының шешімін орындамағанда жүгінген кезде келісу комиссиясы шешімінің көшірмесі тапсырылған күннен бастап екі ай;
2) басқа еңбек даулары бойынша – жұмыскер немесе жұмыс беруші өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс күннен бастап бір жыл.
Жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну мерзімінің өтуі қаралып жатқан еңбек дауы бойынша медиация туралы шарттың қолданылу кезеңінде, сондай-ақ келісу комиссиясы болмаған жағдайда, ол құрылғанға дейін тоқтатыла тұрады.
161-бап. Жұмыскерді жұмысына қайта алу
1. Бұрынғы жұмысына қайта алынған жұмыскерге амалсыз бос жүрген (жұмыстан шеттетілген) бүкіл уақыты үшін орташа жалақысы немесе басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған кезде төмен ақы төленетін жұмысты орындаған уақыт үшін, бірақ алты айдан аспайтын уақытқа жалақыдағы айырма төленеді.
2. Жеке еңбек дауын қарау жөніндегі келісу комиссиясының не соттың жұмыскерді бұрынғы жұмысына қайта алу туралы шешімі дереу орындалуға тиіс. Жұмыс беруші жұмысқа қайта алу туралы шешімнің орындалуын кідірткен кезде, келісу комиссиясы не сот жұмыскерге шешімнің орындалуы кідіртілген уақыт үшін орташа жалақысын немесе жалақысындағы айырмасын төлеу туралы шешім шығарады.
16-тарау. ҰЖЫМДЫҚ ЕҢБЕК ДАУЛАРЫН ҚАРАУ
162-бап. Осы тарауда пайдаланылатын ұғымдар
Осы тарауда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) еңбек төрелігі – ұжымдық еңбек дауының тараптары татуластыру комиссиясында келісімге қол жеткізілмеген кезде еңбек дауын шешу үшін уәкілетті адамдарды тарта отырып құратын, уақытша жұмыс істейтін орган;
2) ереуіл – жұмыс берушімен ұжымдық еңбек дауындағы жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық және кәсіптік талаптарын қанағаттандыру мақсатында жұмысты толық немесе ішінара тоқтату;
3) татуластыру комиссиясы – ұжымдық еңбек дауын тараптарды татуластыру арқылы реттеу үшін, жұмыс беруші мен жұмыскерлер (олардың өкілдері) арасындағы келісім бойынша құрылатын орган;
4) татуластыру рәсiмдері – ұжымдық еңбек дауын бастапқыда татуластыру комиссиясында, ал онда келiсiмге қол жеткізілмеген кезде – еңбек төрелігінде, сондай-ақ медиация рәсімін қолдана отырып, тараптардың өзара келісуі бойынша рет-ретімен қарау.
163-бап. Ұжымдық еңбек дауының туындауы
1. Ұжымдық еңбек дауы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, еңбек және (немесе) ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша осы Кодекстің 164-бабына сәйкес ресімделген жұмыскерлердің талаптары туралы жұмыс берушіні жазбаша хабардар еткен күннен бастап туындаған деп есептеледі.
2. Жұмыс беруші жұмыскерлердің қойған талаптарын – оларды алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, жұмыс берушілер бірлестігі бес жұмыс күнінен кешіктірмей қарауға және оларды шешу үшін шаралар қабылдауға, ал көрсетілген мерзімде шешу мүмкін болмаған кезде, туындаған келіспеушіліктерді одан әрі қарау үшін өз өкілдерін көрсете отырып, өздерінің шешімдері мен ұсыныстарын жұмыскерлерге жазбаша түрде жеткізуге міндетті.
164-бап. Ұжымдық еңбек дауларын қарау жөніндегі органдар
және жұмыскерлердің талаптарын ресімдеу мен
қарау тәртібі
1. Ұжымдық еңбек даулары мынадай реттілікпен шешіледі: жұмыс беруші (жұмыс берушілер бірлестігі), шешу мүмкін болмаған жағдайда – татуластыру комиссиясы, онда келісімге қол жеткізілмеген кезде – еңбек төрелігі, ол реттемеген мәселелер бойынша – соттар қарайды.
2. Жұмыскерлердің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, жұмыскерлер мен жұмыс беруші, жұмыс берушілер бірлестігі арасындағы келісімдердің, ұжымдық және (немесе) еңбек шарттарының, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша талаптары жұмыскерлердің жалпы жиналысында (конференциясында) қалыптастырылады және бекітіледі.
Жұмыскерлер жиналысы, егер оған ұйым жұмыскерлерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп танылады.
Конференция, егер оған хаттамалық шешімдерге сәйкес жұмыскерлер сайлаған делегаттардың кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп танылады.
Жұмыскерлер жиналысының (конференциясының) шешімі, егер олар ұсынған талаптарды қатысушылардың кемінде үштен екісі қолдап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Жұмыскерлер жиналысын (конференциясын) өткізу мүмкін болмаған кезде, жұмыскерлердің өкілді органының өзі ұсынған талаптарын қолдауға жұмыскерлердің кемінде үштен екісінің қолтаңбасын жинап, өз шешімін бекітуге құқығы бар.
Жұмыскерлердің өкілдері жұмыс берушімен жұмыскерлер жиналыстарын (конференцияларын) өткізу регламентін, орнын, уақытын, жиналысқа (конференцияға) қатысушылардың санын келіседі.
3. Жұмыскерлердің талаптары жазбаша нысанда жазылады және жұмыс берушіге, жұмыс берушілер бірлестіктеріне жиналыс (конференция) өткізілген күннен бастап күнтізбелік үш күн мерзімде жіберіледі.
4. Көрсетілген талаптарды әртүрлі жұмыс берушілердің жұмыскерлері қойған жағдайда, бұл талаптарды кәсіптік одақтардың салалық немесе аумақтық бірлестіктері не жұмыскерлер уәкілеттік берген өзге де жеке және (немесе) заңды тұлғалар ұсынуы мүмкін.
5. Жұмыс беруші, жұмыс берушілер бірлестігі жұмыскерлердің талаптар қою жөнінде жиналыс (конференция) өткізуіне кедергі келтіретін қандай да болсын араласуға бармауға міндетті.
6. Жұмыскерлердің талаптарын шешу мүмкін болмаған кезде, олар татуластыру рәсімдері тәртібімен қаралады.
7. Тараптар ұжымдық еңбек дауын қараудың кез келген сатысында делдалға жүгіне алады. Делдалдық рәсім татуластыру комиссиясындағы, еңбек төрелігіндегі татуластыру рәсімдеріне қарағанда дербес болып табылады және солармен қатар жүргізілуі мүмкін.
165-бап. Татуластыру комиссиясы
1. Татуластыру комиссиясы жұмыс берушi мен жұмыскерлер өкілдерінің тең санынан тепе-теңдік негізде тараптардың бірлескен шешімімен құрылған орган болып табылады.
Татуластыру комиссиясын құру туралы шешiм жұмыс беруші, жұмыс берушілер бірлестігі (олардың өкілдері) өз шешімін жұмыскерлердің (олардың өкілдерінің) назарына жеткізген не хабарламаған не ұжымдық келіссөздер барысында келіспеушіліктер хаттамасын жасаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданады. Ұйымда жұмыскерлердің бірнеше өкілдері болған кезде, олар комиссия жұмысына қатысу үшін бірыңғай өкілді орган құрады.
2. Жұмыс берушi, жұмыс берушiлер бiрлестiгi татуластыру комиссиясының жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар жасайды.
3. Татуластыру комиссиясы жұмыскерлердiң (олардың өкiлдерiнiң) талаптарын олар келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешiктiрілмейтін мерзімде қарайды. Татуластыру комиссиясының талаптарды қарау тәртiбi, қараудың көрсетiлген мерзiмiн ұзарту тараптардың келiсiмi бойынша жүзеге асырылады және хаттамамен ресiмделедi.
4. Татуластыру рәсiмі процесінде татуластыру комиссиясы жұмыскерлермен (олардың өкiлдерiмен), жұмыс берушiмен, жұмыс берушiлер бiрлестiгiмен (олардың өкiлдерiмен), мемлекеттiк органдармен және өзге де мүдделi адамдармен консультациялар жүргiзедi.
5. Комиссияның шешiмi тараптар келiсiмiнiң негiзiнде қабылданады, тараптардың өкiлдерi қол қоятын хаттамамен ресiмделедi, тараптар үшiн мiндеттi күшi болады және татуластыру комиссиясының шешімінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде орындалады. Тараптардың біреуі хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, басқа тарап хаттамада тиісті жазба жасайды.
6. Татуластыру комиссиясында келiсiмге қол жеткiзiлмеген кезде оның жұмысы тоқтатылады, ал дауды шешу үшін еңбек төрелігі құрылады.
166-бап. Еңбек төрелігі
1. Еңбек төрелігін ұжымдық еңбек дауының тараптары татуластыру комиссиясының жұмысы тоқтатылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде құрады.
2. Еңбек төрелігі мүшелерінің саны, оның дербес құрамы, еңбек дауын қарау тәртібі тепе-теңдік негізде тараптардың келісімімен айқындалады. Еңбек төрелігі кемінде бес адамнан тұруға тиіс. Еңбек төрелігінің құрамына мемлекеттік еңбек инспекторы, Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу үшін еңбек төрелігі жөніндегі кеңестің өкілі, қажет болған кезде басқа адамдар қосылуға тиіс.
Татуластыру комиссиясының мүшелері жұмыскерлердің қаралып отырған талаптары бойынша еңбек төрелігінің құрамына кіре алмайды.
3. Еңбек төрелігінің төрағасын төрелік мүшелері өздерінің арасынан сайлайды.
4. Еңбек төрелігі ұжымдық еңбек дауын ұжымдық еңбек дауының тараптары өкілдерінің міндетті түрде қатысуымен, ал қажет болған кезде басқа да мүдделі адамдар өкілдерінің қатысуымен де қарайды.
5. Дауды қарау рәсімін еңбек төрелігі айқындайды және ол ұжымдық еңбек дауы тараптарының назарына жеткізіледі.
6. Еңбек төрелігінің шешімі ол құрылған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей төрелік мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Еңбек төрелігі мүшелерінің дауыстары тең бөлінген кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Шешім уәжді болуға, жазбаша нысанда жазылуға және оған төрелік мүшелерінің барлығы қол қоюға тиіс.
7. Татуластыру комиссиясында ұжымдық еңбек дауы тараптары келісімге қол жеткізбеген кезде, Қазақстан Республикасының заңдарымен ереуілдер өткізу тыйым салынған немесе шектелген ұйымдарда еңбек төрелігінің құрылуы міндетті.
8. Еңбек төрелігінің шешімі ұжымдық еңбек дауы тараптарының орындауы үшін міндетті болады.
9. Еңбек төрелігінің шешімі белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, тараптардың дауды шешуді сот тәртібімен жүзеге асыруға құқығы бар.
167-бап. Ұжымдық еңбек дауын делдалдың қатысуымен қарау
1. Ұжымдық еңбек дауын делдалдың қатысуымен қарау тәртібі ұжымдық еңбек дауы тараптарының келісуі бойынша айқындалады.
2. Тараптар делдал ретінде өздеріне қатысты тәуелсіз ұйымдар мен тұлғаларды айқындайды. Әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық, салалық, өңірлік комиссиялар ұжымдық еңбек дауы тараптарының келісімімен ұжымдық еңбек дауларын реттеу жөніндегі жұмысқа орталық және жергілікті атқарушы органдардың, қауымдастықтардың және басқа да қоғамдық бірлестіктердің басшылары мен жұмыскерлерін, жұмыс берушілерді, сондай-ақ тәуелсіз сарапшыларды тарта алады.
Делдалдарды тарту жағдайларының бәрінде олардан делдалдық етуге жазбаша келісім алынуға тиіс.
168-бап. Тараптардың ұжымдық еңбек дауы бойынша келісімге
қол жеткізуінің салдарлары
1. Ұжымдық еңбек дауының тараптары арасында дауды делдалдың қатысуымен немесе онсыз шешу туралы келiсiмге қол жеткiзiлген барлық жағдайларда аяқталмаған татуластыру рәсiмдерi тоқтатылады, ал тараптар арасындағы келiсiмнiң шарттары дауды шешудiң шарттары болып есептеледi.
Ұжымдық еңбек дауының тараптары қол жеткiзген келiсiмдер жазбаша нысанда ресiмделедi.
2. Тараптар арасында даудың шешілуі туралы келісімге қол жеткізу, егер ереуіл жарияланған болса, оның тоқтатылуына алып келеді.
169-бап. Ұжымдық еңбек дауының шешілуімен байланысты
кепілдіктер
Татуластыру комиссиясының мүшелері ұжымдық еңбек дауын шешу жөніндегі келіссөздерге қатысқан уақытта жалақысы сақтала отырып, жұмысынан босатылады.
Жұмыскерлердің, олардың бірлестіктерінің ұжымдық еңбек дауын шешуге қатысатын өкілдері ұжымдық еңбек дауын шешу кезеңінде тәртіптік жазаға тартылмайды, басқа жұмысқа ауыстырылмайды немесе солардың өкілдік етуіне уәкілеттік берген органның алдын ала келісімінсіз жұмыс берушінің бастамасы бойынша олармен еңбек шарты бұзылмайды.
170-бап. Тараптардың және татуластыру органдарының ұжымдық
еңбек дауларын реттеу жөніндегі міндеттері
1. Тараптардың ешқайсысы татуластыру рәсімдеріне қатысудан жалтаруға құқылы емес.
2. Ұжымдық еңбек дауында реттелмеген келiспеушiлiктер тараптардың назарына жазбаша нысанда жеткiзiлуге тиiс.
3. Егер жұмыс берушінің өкілі өкілеттіктерінің жеткіліксіз болу себебінен ұжымдық еңбек дауы тараптарының келіспеушіліктерін реттеу мүмкін болмаса, жұмыскерлердің талаптары мүліктің меншік иелеріне, ұйымдардың, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, мүлкінің меншік иелері шетелдік жеке немесе заңды тұлғалар не шетелдік қатысатын ұйымдар болып табылатын ұйымдардың құрылтайшыларына (қатысушыларына) немесе акционерлеріне қойылады.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген рәсімдердің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, жұмыскерлер өз мүдделерін қорғаудың заңда көзделген өзге де барлық тәсілдерін пайдалануға құқылы.
5. Жұмыс беруші:
1) жұмыскерлердің осы Кодекстің 164-бабының 3-тармағына сәйкес ресімделген талаптарын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ұжымдық еңбек дауының туындағаны туралы, ол түпкілікті шешілгенге дейін ахуал туралы кейіннен апта сайын хабардар ете отырып, еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органды хабардар етуге;
2) осы Кодекстің талаптары сақталмай жүргізілетін ереуілдердің басталғаны туралы Қазақстан Республикасының прокуратура органдарын және еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органды бір күн ішінде хабардар етуге міндетті.
171-бап. Ереуіл өткізу құқығы
1. Егер татуластыру рәсімдері арқылы ұжымдық еңбек дауын шешуге қол жеткізілмесе, сондай-ақ жұмыс беруші татуластыру рәсімдерінен жалтарған не ұжымдық еңбек дауын шешу барысында қол жеткізілген келісімді орындамаған жағдайларда, жұмыскерлер ереуіл өткізу туралы шешім қабылдай алады.
2. Ереуіл өткізу жөніндегі шешім жұмыскерлердің (олардың өкілдерінің) жиналысында (конференциясында) қабылданады.
Жұмыскерлер жиналысы, егер оған ұйым жұмыскерлерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды деп танылады.
Конференция, егер оған хаттамалық шешімдерге сәйкес жұмыскерлер сайлаған делегаттардың кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп танылады.
Жұмыскерлер жиналысының (конференциясының) шешімдері дауыс берушілердің көпшілік дауысымен қабылданды деп есептеледі. Жұмыскерлер жиналысын (конференциясын) өткізу мүмкін болмаған кезде жұмыскерлердің өкілді органының ереуілді өткізуді қолдайтын жұмыскерлердің жартысынан астамының қолын жинап, өз шешімін бекітуге құқығы бар.
3. Ереуілді жұмыскерлер (олардың өкілдері) уәкілеттік берген орган (ереуіл комитеті) басқарады. Бірнеше жұмыс берушілердің жұмыскерлері (олардың өкілдері) бірдей талаптар қойып, ереуіл жариялаған жағдайда, оны осы жұмыскерлер өкілдерінің бірдей санынан құрылатын бірлескен орган басқаруы мүмкін.
4. Ереуілге қатысу ерікті болып табылады. Ешкімді ереуілге қатысуға немесе ереуілге қатысудан бас тартуға мәжбүрлеуге болмайды.
5. Жұмыскерлерді ереуілге қатысуға немесе ереуілге қатысудан бас тартуға мәжбүрлейтін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
172-бап. Ереуілдің басталуы туралы жариялау
1. Осы Кодекстің 171-бабының 3-тармағында көрсетілген, жұмыскерлер уәкілеттік берген орган ереуілдің басталуы және болжамды ұзақтығы туралы жұмыс берушіге, жұмыс берушілер бірлестігіне (олардың өкілдеріне) оны жариялағанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша түрде ескертуге тиіс.
2. Ереуіл жариялау туралы шешімде:
1) тараптардың ереуіл өткізуге негіз болған келіспеушіліктерінің тізбесі;
2) ереуілді бастау күні, орны мен уақыты, қатысушылардың болжамды саны;
3) ереуілді басқаратын органның атауы, татуластыру рәсімдеріне қатысуға уәкілеттік берілген жұмыскерлер өкілдерінің құрамы;
4) ереуіл өткізу кезеңінде орындалатын қажетті жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) ең аз көлемі жөніндегі ұсыныстар көрсетіледі.
173-бап. Ереуілді басқаратын органның өкілеттіктері
1. Ереуілді басқаратын орган өзіне осы Кодексте берілген құқықтар шегінде және жұмыскерлер (олардың өкілдері) берген өкілеттіктер негізінде әрекет етеді.
2. Ереуілді басқаратын органның:
1) қойылған талаптарды шешу мәселелері бойынша жұмыс берушімен, жұмыс берушілер бірлестігімен (олардың өкілдерімен), мемлекеттік, кәсіподақ, өзге де заңды тұлғалармен және лауазымды адамдармен өзара қарым-қатынастарда жұмыскерлердің мүдделерін білдіруге;
2) жұмыс берушіден, жұмыс берушілер бірлестігінен (олардың өкілдерінен) жұмыскерлердің мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша ақпарат алуға;
3) жұмыскерлер талаптарының қаралу барысын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап отыруға;
4) даулы мәселелер бойынша қорытындылар беру үшін мамандарды тартуға;
5) жұмыскерлердің (олардың өкілдерінің) келісуімен ереуілді тоқтата тұруға құқығы бар.
3. Бұрын тоқтатыла тұрған ереуілді қайта бастау үшін дауды татуластыру комиссиясының, делдалдың қайта қарауы немесе еңбек төрелігінде қайта қарау талап етілмейді. Жұмыс беруші, жұмыс берушілер бірлестігі (олардың өкілдері) және еңбек дауларын реттеу жөніндегі орган ереуілдің қайта басталуы туралы үш жұмыс күнінен кешіктірілмей ескертілуге тиіс.
4. Ұжымдық еңбек дауының тараптары оны реттеу жөніндегі келісімге қол қойған жағдайларда, сондай-ақ ереуіл заңсыз деп танылған жағдайда ереуілді басқаратын органның өкілеттіктері тоқтатылады.
174-бап. Ұжымдық еңбек дауы тараптарының ереуіл
барысындағы міндеттері
Ереуіл өткізу кезеңінде ұжымдық еңбек дауының тараптары осы дауды келіссөздер жүргізу арқылы шешуді жалғастыруға міндетті.
Жұмыс беруші, мемлекеттік органдар және ереуілді басқаратын орган ереуіл кезеңінде қоғамдық тәртіпті, ұйым мүлкінің сақталуын және жұмыскерлердің қауіпсіздігін, сондай-ақ тоқтап қалуы адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төндіретін машиналардың және жабдықтардың жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі, өздеріне байланысты шараларды қабылдауға міндетті.
175-бап. Жұмыскерлерге ереуіл өткізуге байланысты
берілетін кепілдіктер
1. Ереуілдерді ұйымдастыру немесе оларға қатысу (осы Кодекстің 176-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда) жұмыскердің еңбек тәртібін бұзуы деп қаралмайды және осы Кодексте көзделген тәртіптік ықпал ету шараларының қолданылуына әкеп соқпайды.
2. Ереуіл кезінде жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы), еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеміне құқығы, еңбек өтілі сақталады, сондай-ақ еңбек қатынастарынан туындайтын өзге де құқықтарына кепілдік беріледі.
Ереуіл жалақының төленбеуіне немесе уақтылы төленбеуіне байланысты өткізілгеннен басқа жағдайларда, ереуілге қатысушы жұмыскерлердің ереуіл уақыты ішіндегі жалақысы сақталмайды.
176-бап. Заңсыз ереуілдер
1. Ереуілдер:
1) соғыс жағдайы немесе төтенше жағдай не Қазақстан Республикасының төтенше жағдай туралы заңнамасына сәйкес айрықша шаралар енгізілген кезеңдерде; Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің органдары мен ұйымдарында, елдің қорғанысын, мемлекеттің қауіпсіздігін, авариялық-құтқару, іздестіру-құтқару, өртке қарсы жұмыстарды қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу немесе оларды жою мәселелерімен айналысатын басқа да әскери құралымдар мен ұйымдарда; арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында; қауіпті өндірістік объектілер болып табылатын ұйымдарда; жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету станцияларында;
2) осы баптың 2-тармағында көрсетілген шарттар сақталмаған жағдайда, темір жол көлігі, азаматтық авиация, денсаулық сақтау ұйымдарында, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарда (қоғамдық көлік, сумен, электр энергиясымен, жылумен, байланыспен қамтамасыз ету), жұмысының тоқтатыла тұруы ауыр және қауіпті зардаптарға әкеп соғуы мүмкін үздіксіз жұмыс істейтін өндірістерде;
3) осы Кодексте көзделген мерзімдер, рәсімдер мен талаптар ескерілмей жарияланған жағдайда;
4) адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қатер төндіретін жағдайларда;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда заңсыз болып танылады.
Осы тармақта көрсетілген негіздердің біреуі болғанда, сот тиісті шешім қабылдағанға дейін прокурор ереуілді тоқтата тұруға құқылы.
2. Темір жол көлігі, азаматтық авиация, денсаулық сақтау ұйымдарында, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарда (қоғамдық көлік, сумен, электр энергиясымен, жылумен, байланыспен қамтамасыз ету) ереуіл, жергілікті атқарушы органмен алдын ала келісім негізінде айқындалатын халыққа қажетті тиісті көрсетілетін қызметтердің тізбесі мен көлемі сақталған жағдайда өткізіледі.
Үздіксіз жұмыс істейтін өндірістерде ереуіл негізгі жабдықтардың, механизмдердің үзіліссіз жұмысы қамтамасыз етілген жағдайда ғана өткізілуі мүмкін.
3. Ереуілді заңсыз деп тану туралы шешімді сот Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қабылдайды.
4. Ереуілді заңсыз деп тану туралы шешімді сот жұмыс берушінің немесе прокурордың өтініші бойынша қабылдайды.
Сот шешімі жұмыскерлердің назарына ереуілді басқаратын орган арқылы жеткізіледі, ол ереуілге қатысушыларға сот шешімі туралы дереу хабарлауға міндетті, ал ереуілді басқаратын орган болмаған кезде – тікелей жұмыс беруші жеткізеді.
Жұмыс беруші сот шешімінің мәтінін көпшілікке көрінетіндей қолжетімді жерлерде орналастыруды қамтамасыз етеді.
Ереуілді заңсыз деп тану туралы сот шешімі дереу орындалуға, ал ереуіл тоқтатылуға тиіс.
Адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төнген жағдайда прокурор немесе сот тиісті шешім қабылданғанға дейін ереуілді тоқтата тұруға құқылы.
5. Ереуілді басқарушы органның сот шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.
6. Сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға арандатушы адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
177-бап. Ереуілді заңсыз деп танудың салдарлары
Сот ереуілді заңсыз деп таныған кезде, жұмыс беруші ереуілді ұйымдастыруға немесе өткізуге қатысқан жұмыскерлерді тәртіптік жауаптылыққа тартуы мүмкін.
178-бап. Локаутқа тыйым салу
Ереуіл өткізуді қоса алғанда, ұжымдық еңбек дауын реттеу процесінде локаутқа, яғни жұмыскерлердің ұжымдық еңбек дауына немесе ереуілге қатысуына байланысты, осы Кодекстің 51-бабы 1-тармағының 22) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, олармен жасалған еңбек шарттарын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзуға тыйым салынады.
4-БӨЛІМ. ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ
17-тарау. ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ
Достарыңызбен бөлісу: |