1.10 «Қазақтың көзі һәм тілі» (Ахмет Байтұрсынов)
XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ағартушылары мен ақын-жазушылары аңсаған ілім-білімге үндеу 20 ғасырдың бас кезінде бір шама нәтижесін беріп, алдыңғы қатардағы азаматтарды, елді ояту,азаматтыққа ұшталу мақсатына жетеледі. Осынау зиялылар арасында ел бағытын айқындау сара жолды жаңылмай нұсқап адастырмас даңғылға алып шығуға ұшталған дара тұлғалар шоғыры көріне бастады. Сол көшбастаушылардың ең танымалысы - А. Байтұрсынов болды. Ол М. Әуезовтың сөзімен айтқанда қазақ халқының «рухани көсемі» еді.
А. Байтұрсынов өзінің «Тіл құралы» атты еңбегінде, «Біздің заманымыз- жазу дәрежесіне жеткен заман»- дейді. Ол өзінің осы сөзінің дәлелі ретінде соңына өлмес мол рухани мұра қалдырған. Мәселең көркем дүние саласында «Маса» мен «Қырық мысал», әдебиет саласынан «Әдебиет танытқыш» және қазақ тілін үйренуге арналған методикалық құралдар, оқу-ағарту проблемасын сөз ететін мақалалар мен баяндамалар, ұсыныстар мен жобалар және т.б.
Аханың баспасөзге қатысы туралы айтқанда, алты алашқа әйгілі «Қазақ» газетінің редакторы болғандығын, оған дейін «Айқап» журналының бетінде жиі ой жарыстырып отырғандығын айтпай кетуімізге болмайды. Оның публицистикасы көбінде мақала түрінде жазылған. Мәселен 1911-1914 жылдар аралығында «Айқап» пен «Қазақта» жарияланған «Қазақ өлкесі», «Оқу жайы», «Бастауыш мектеп», «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Қазақ һәм 4 - дума», «Жаңа хат» (Жанша Сайдалин мырзаға), «Шаруа жайынан», «Бұл заманның соғысы», «Земство», «Бас қосу турасында» мақалалары осының айғағы іспеттес.
Егер, А. Байтұрсыновтың жоғарыда аталған еңбектерінің қайсы біріне тоқталар болсақ, онда «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Көшпелі һәм отырықшы норма» атты мақалаларында патшаның жер саясаты, сот, адам құқығы, билік саясатының теріс пиғылын түсіндіруден бастап, қазақ жері қазақтың қолынан қалай кетіп бара жатқанын, жер аударуға орыс шенеуніктерінің жергілікті халыққа көрсетіп отырған қысымын әшкерелейді.
Ал, бұған керсінше «Шаруа жайынан» деген мақаласында болса; «Отырықшылық – ол да бір білім, өнер. Бұған бұрынғы мал бағумен, егін егуге жарап жүрген білімдеріңнен басқарақ білім керек. Ол- көп малдың ішінен аз малдың, асылын ұстап, толықтыратын білім, аз жерді аздырмай, көп жердің орнына тұтынатын білім. Бұл екуі де қазақ қолданып көрмеген білім».- деп жазды ол. Бұл ойын екінші бір сөзінде; «Аңдаспаған мәселе туралы» деген мақаласында; «Біз қазаққа қала болма демейміз жақсы жеріңе жыйылып, қалаңды сал, мешітіңді орнат, мектеп медіресеңді аш, рұқсатсыз неге қала болдың деп ешкім айтпайды дейміз, 15 десятина мен қала боламыз десеңдер, күн көре алмайсыңдар», – деп одан әрі жалғастырады.
Қазақтың басты бағыты ағартушылық мәселесін қамтыды. Өнер, білім жағынан қазаққа бас-көз болды. Мысалы, «Оқу жайы» [44] «Қазақша оқу жайы» [45] атты мақалалар оқудың мән-жайын, маңызын, әсіресе, «Қазақтың» шаруасына, бір жағынан надандықтан кемшілік келгенде, екінші жағынан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдігінен, теңдігінен қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат істеп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қол жетпегендіктерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгіл өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екенімізді білдірер едік?» – десе, «Орысша оқу, орыс қолтығында тұрған жұртқа керек қазақша оқы, жаза білген соң, шама келсе, орысша да білген жөн»-дейді. Газет 1913 жылы жарияланған материялдарында оқудың мән-жайын, маңызын айтып, көпке түсіндіруге тырысса екінші 1914 жылғы «Бастауыш мектеп» (№61) «Мектеп керектері» (№62) «Оқу мезгілі» сияқты мақалаларында мектеп, медіресе жайларын нақты көрсетіп, мұқтаждықтарын айтады.
«Қазақ бастауыш мектебі қандай болуы керек?» және «Ол мектептердің қажеті не?» деген сауалдарға қазақтың ұлы ағартушысы А. Байтұрсынов 20 ғасырдың басында-ақ; «Правила бойынша, қазақ тілімен, қазақ әріпімен, оқыт деп отырған балалардың ата-анасы жоқ, халықтың өз тілімен, өз әріпімен оқығанын әкімдер жақтырмайтын болған соң, учителдер өз беттерімен ана тілімен, ұлт әріпімен бастап оқытамыз дей қоймайды, сөйтіп, правила қазақ жүзінде бар болса да, іс жүзінде болған жоқ. Бұл айтылғандардың бәрі де үкімет өз пайдасын көздегендіктен істеліп тұрған жайлар. Бастауыш мектептер жалғыз үкімет пайдасы үшін болмай халық пайдасы үшін де боларға керек. Хүкіметке керегі-мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі-өз діні,тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс болуға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек» [46], – деп жауап берген болатын.
Осыған орай Ахаң өзінің 1914 жылы «Қазақ газетінде» басылған «Қазақ һәм түрлі мәселелер» деген мақаласында; «1910 жылы бастауыш мектеп туралы Думада кеңес болғанда; мектептерде оқу орыс тілінде оқылсын, орыс тіліне оқып,орыс пен біріксін,сіңісуіне жақын деген» Басқадан кемшілік көрсе намыстанбайды, кектенбейді. Бір-бірінен кемшілік көрсе, жібермейді.Ауылын шауып, адамдарын сабаса, жауын мұқатып мақсатына жетіп болғаны», –деп қазақтардың өз тілі мен дінін, жазуын сақтауға енжарлығына қынжылады. Бұдан басқа А. Байтұрсынов экономика, халық саулығы, халық соты тақырыптарына да қалам тартқан. Бұл мәселелерге арнап ол «Уақыт қарыз» (1913), «Ауру жанынан» (1913), «Тәні саудың-жаны сау» (1922) және т.б мақалаларын жазған. Әсіресе, патша сотының жетімсіз, қазақ заңының толымсыз тұстарын «Біздің заман-өткен заманның баласы, келер заманның атасы», - дей отырып қатты сынаған.
Аханның жоғарыда аталғандай «Қазақша оқу жайынан», «Оқу жайы», «Орысша оқушылар, оқыту жайынан», «Мектеп керектері», «Оқу мерзімі» атты мақалалары «Қазақ» газетінде жарық көріп тұрса, «Айқап» журналына басылған «Жазу тәртібі» атты мақаласында (1912, №4-5) қазақ жазуын араб алфавиті негізінде түзеп, қазақ халқының тілдік ерекшелігіне сәйкестігін жазу үлгісіне ұсынудың тұңғыш қадамын жасады.
Сонымен қатар Ахаң «Қазақ» газетінің редакторы да болған. Ол басшылық еткен газетке кезінде М. Әуезов «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішінде қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? «Аханның екпіні болатын» - деп әділ бағасын берген».
1.11 Қазақты қалың ұйқысынан оятқан (Міржақып Дулатов)
М. Дулатов 1885 жылдың 25 қарашасында бұрынғы Торғай болысы, Торғай уезіне қарасты Сарықопа болысында, қазіргі Торғай облысының Жанкелдин ауданында Қызбел ауылында дүниеге келген. Екі жасында анасы қайтыс болған Міржақып 12 жасында әкесі Дулаттан айырылған соң ағасы Асқардың тәрбиесіне көшеді. Әкесінің ықпалымен ол да ағасы Асқар секілді көзі ашық орысша-қазақшаға жүйрік болып қалыптасады. Сол уақыттағы қазақ дәстүрімен алдымен ауыл молдасынан кейін Мұқан Тоқтабайұлы деген мұғалімнен дәріс алады. 1897 – 1902 жылы Торғай орыс-қазақ мектебінде оқып бітірген соң ауыл мұғалімі болып қызмет атқарады.
1904 жылы 19 жасында Міржақып қазақ зиялыларының сол кездегі орталығы Омбы қаласына сапар шегді. Омбыда жалпы қазақ жұртына танымал болып үлгерген А.Байтұрсыновпен жолығып кейін оның жақын досы үзеңгілес серігіне айналады. Онымен бірге Қарқаралыға жол жүреді.
Бұл – қазақ даласында аумалы-төкпелі заман басталған кезең болатын. Осындай кезде Байтұрсынов өзінен 12 жас кіші жас жігітке жол көрсетіп соңына ерте білді. Бұл - М. Дулатов өміріндегі жарқын жолға айналып қалды. Ол тіпті ұстаз-жолдасы А. Байтұрсыновпен қатар танылып жұрты оларды Ақан-Жақан деп атайтын болған.
1909 жылы алғашқы қарлығаштардай болып үш өлең кітабының баспадан жарық көруі халықты дүр сілкіндірген жаңалық болды. Алғашқы кітап - Абай өлеңдері жинағы (Петербургтен Кәкітай бастырған) болса екіншісі А. Байтұрсыновтың «Қырық мысалы», үшіншісі М. Дулатовтың «Оян қазағы» болатын.
М. Дулатовтың өмірбаянын оқи отырып оның халық алдындағы беделінің зор үлкен болғандығын аңғарамыз. Міржақып қаншама танымал болған сайын патша үкіметінің одан құбыжық көргендей шошынуы да күшейе түседі. Мәселен, 1911 жылы Дулатов Семей қаласында абақтыға алынғанда осы хабарды жариялағаны үшін «Айқап» журналына 300 сом «Уақыт» газетіне 100 сом айып салынады. «Елдің оны азат етуі үшін бермекші болып жинаған 2000 сомын үкімет алмай қояды. Оларға Міржақып түрмеде жатқаны әлде қайда тиімді еді. Міржақып болса түрмеден шыға салысымен жер аударылған Аханның ізімен Орынборға қайта кетеді.
М. Дулатовтың ақындық, қайраткерлік, журналистік түрлі қырлары бар. Мұның әр бірі үлкен бір сала. Оның редактор, журналист ретінде «Айқап», «Серке», «Қазақ» газет-журналында атқарған қызметтерінің өзі неге тұрады?
1906 жылы Петербургте өткен сьезге делегация құрамында М. Дулатов та келеді. Осы жерде С. Лапин, Д. Сұлтанғазин, Х. Досмұханбетов және т.б. интеллигнция өкілдері бас қосып езілген қазақ халқына дұрыс жол көрсететін «Серке» атты баспасөз орталығын ашу ұйғарылады.
1907 жылы 28 наурыз күні Ш. Қошығұловтың қаражатына А. Ибрагимовтың басшылығымен «Серке» газетінің алғашқы нөмірі татарлардың апталық «Ульфат» газетінің қосымшасы ретінде жарық көреді. Қазақ жастарына арналған бұл газеттің алғашқы нөміріне М. Дулатовтың өлеңі басылып шығады.
Ал келесі нөмірде Міржақыптың «Арғын» деген бүркеншік атпен «Біздің мақсатымыз» [44] деген мақаласы жарық көреді. Жалпы оның бұдан басқада «Тургайскии», «М. Д». «Түрік баласы», «Азамат», «Мадияр», «Байқаушы», «Азамат» «Алашұлы» «Алашбайұлы», «Таймінер», «Тайбағар», «Алакөз», «Қолғанат» деген бүркеншік аттары болған. Сонымен «Біздің мақсатымыз» мақаласы «Қазағым менің» «Елім менің» - деген сөздермен басталып, 1905 жылғы Қарқаралыдағы баскөтеру мен Оралдағы сьезде патша өкіметіне қазақ халқының атымен жазылған петиция талаптарын жақтайды, жинақтап көрсетеді. Қазақ халқы Россияға тәуелді халық. Оның ешқандай да правосы жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жыйналатын салық қаражаттың көп бөлігі халыққа тіпті де керек емес нәрселерге жұмсалады. Чиновник, урядник, қарауылдар қазақтарды ұрып-соғып, мал-мүлкін тартып алды, ойына не келсе соны істеді».
Кейінен бұл ызалы сөздер өлең жолдарына айналып, «Оян қазақ!» жинағына кіреді. Полиция сақшы Загородный 34 көшесіндегі Антопольск баспаханасына келіп, «Ульфат» және «Серке» газеттерін конфискелеп, жауып тастайды.
М. Дулатов бұдан басқада басылымдарға да мақала, шығармалар жариялатып, үзбей атсалысып отырған. Әсіресе бұдан кейінгі өлең және прозамен айналысқан жылдары көбіне «Айқап» журналына «Хан Абылай», «Адамға тіршілік не үшін керек?» [46] және т.б. жиі жазып тұрған. Бұдан басқа да «Уақыт» (Ибраһим ибн Құнанбай) [47] «Еңбекші қазақ», «Қош келдің наурыз» [48], «Баспасөз үшін» [49], «Сол қыздың атын ұмыттым» [50], «Қазақ тілін жүргізетін комиссияның құлағына алтын сырға» [51], «Біржанұлы Ахмет» [52], «Қызыл Қазақстан», «Нариманұлы Нариман» [53], «Шолпан», «Қазақ қырғыздың ата-тегі туралы» [54], «Ауыл тілі» («Қазақ тілінің мұңы») [55] басылымдарына жиі мақалалар жазып тұрды. Ал, М. Дулатовтың «Қазақ» газетін шығарудағы еңбегі өз алдына бір төбе.
Ол сондай-ақ орыс тіліндегі газет-журналдарға атсалысып, тұрған. Мысалы «Gawecint consules» («Сибирские вопросы) [56] Тургайскии») «А. Байтұрсынов» («Труды общества изучение Киргизского края» [57]) мақалалары. Белгілі адамдардың өмір баяндарын жазған мақала зерттеулері де (Ибраһим ибн Құнанбаев, Хан Абылай, Шоқан Шыңғысұлы Уәлихан, Г. Н. Потанин, Нариманұлы Нариман, А. Бірімжанұлы және т.б) қай кезендерде де құнын жоймайтын тарихи құнды еңбектер.
Баспасөзге белсенділікпен араласып оның ыстық-суығына бірдей қайнап, бұл тақырыпты арнайы мамандай жетік білуі таң еместі. Әрине оның осы мәселелер жөнінде «Қазақ» газетіне жазған көптеген еңбектерін кездестіруге болады, ал басқа басылымдардан «Баспасөз үлесі» («Еңбекші қазақ» [58]) мақаласын ерекше атап өтуге болады. Одан М. Дулатовтың баспасөз жөніндегі пікірін, сол кездегі қазақ баспасөзінің жай-күйін, оны өркендету жолындағы М. Дулатовтың жүзеге асырмақ шараларын білуге болады. Мұнда жазылған жайттар әлі де күн тәртібінен түсе қойған жоқ. Автор «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі «Сондықтан Европа жұрты баспасөзге алтыншы мемлекет деп ат қойған. Баспасөздің қадірін білген жұрттың адамдары онсыз тұра алмайды, дей келіп, өз халқының оқу-білімге, ізденуге жоқтығына күйінеді. Мақалада бұларын арнайы мысалдармен дәлелдеген қазақ баспасөзі халінің қиын екендігі жайында да шыншыл жазады. Қазағы, қырғызы бар Қазақстан, Түркіменстанды санағанда бұл күнге дейін шығып тоқтаған, һәм шығып тұрған газет-журналдар мыналар : (бұдан әрі 42 газет-журнал аттары жазылады). Бұлардың 32-сі марқұм. 10 шамалысы ғана шығып тұр. Тоқтағандардың ең көп жасағаны «Қазақ» газеті, мұның да өмірі 7 жылға толған жоқ, ең өмірсізі бір күндік,шығып тұрған газеттеріміздің бәрін біріктірсек осы күнгі Мәскеуде шығатын жалғыз «Правда» газетіндей құнары жоқ, журналдарымыздың берекесі де сондай. А. Байтұрсыновтың да «Құрметті оқушылар» атты тура осы тектес мақаласы бар екендігі белгілі.
Міржақыптың өмір жолында, әсіресе Ахаңмен бірігіп шығарысқан «Қазақ» газетіндегі қызметі ерекше атап айтуға тұрарлық. Сол кезде ең көп тиражбен таралған қоғамдық-саяси және әдеби «Қазақ» газеті 1913 жылдың 2-ші ақпанынан 1918 жылдың 16 қыркүйегіне дейін шығып тұрған. Газетте қос редактор бар деп есептелінеді. Алғашқысы - А. Байтұрсынов, екіншісі - А. Дулатов. Міржақып 1914 жылдың 12 мамырынан бастап екінші редактор, 1917 жылдың 28 шілдесінен газеттің негізгі ұйымдастырушысы болды. Бұған жалпы қазақ сьезінен кейінгі жарияланған. «Ашық хаты» дәлел, сьезд ұчередительное сабраниеде мені екінші қылып көрсеткен еді. Мен төмендегі себептер бойынша списоктан шығамын,-дейді ол бұл хатында. Сонан соң басты себебі ретінде «Қазақ» газетіндегі басшылықты алға тартады; Ахмет һәм мен екеуміз де депутат бола қалсақ, газет иесіз қалар. Бір кісі-бір іске жарайтын болса да аз болмас, халыққа қызмет етемін деген деген кісге бәрібір : депутат бол, газет шығар [59].
1918 жылы А. Байтұрсынов пен М. Дулатов саяси іске белсене кірісіп, азамат соғысының бел ортасында жүрген, «Қазақ» газетінің уақытша шығарушылары ретінде Әбділхамит Жүндібайұлы, Жанұзақ Жәнібековтер қол қойған [60].
«Қазақты» оқи отырып ондағы жалпы алуан тақырыптарды газет қабырғасы көтеріп тұрған ірі үш публицистің- теңдей бөліп алғанын көреміз. Қай тақырыпқа да қалам тербейтін хас шеберлер болғанымен Ахмет көбінесе мәдени ағартушылық, Міржақып әдеби-өнер, Әлихан саяси-экономикалық жайларға көп қалам тербеп отырған, әдеби туындылардан басылымда Міржақыптың әдебиеттің теориялық мәселелерін қарастырған «Манап» драмасы, «Надандықтың құрбаны» мақалаларын, «Айтыс» [61] аударма өлеңі, «Шәкірт» [62], «Сағыну» [63] өлеңдері, «Алашқа» [64] реквиемі жарияланды.
«Қазақ», бір атап өтетін жәйт, денсаулық сақтау мәселесіне де бұрынғы басылымдардай емес, жете назар аударып отырған. Осы ретте Міржақыптың «Чума жайынан», «Чума сьездінен» деген мақалалары жарық көрді. Мұнда ол Орал болысындағы қазақтың саны 600 мың, неше жүз шақырымға жайылған осынша халыққа үкіметтің қойғаны - 3 дәрігер. Бәлкім үштен де кем болар еді, егер Орал облысында мұнан бұрын чума болып шошытпаған болса. Жаздыгүні басталған дертті әкімдер қазанның аяғында біледі, сонда чумаға қарсы қару қылуы чума қазақ жерінен казак-орыс (Калмыков) жеріне ойысып бара жатқан соң деуге болады» деп ел жайынан хабар береді. Үкіметтің осы жайға көңіл бөлуін сұрайды.
«Қазақ» газетінде кеңінен көтерілген, дау-дамай бар мәселенің бірі - 1916 жылғы бұратана халықтан солдатқа адам бөлу мәселесі. Бірнеше жылдар бойына алашордашылар халық қамын ойламады, әскерге адам жіберуді жақтады деп қаралынып келді. Ол кездегі зиялылардың іс-әрекетінен Міржақып та шет қалмады. Ол өзінің мақалаларында; Төңкеріс жолында қазақ жұрты құрбан болып кетеді деуге дәтіміз бармады. Сондқтан біз екінші жолды таңдауға көну керек дедік. Оған бел байлағаннан кейін елге көзіне айтатын сөзіміз де басшылығымыз да осы болды.Тек неше түрлі сылтаумен соза түсу жағын ескеріп отырдық», – дейді [65].
Басылым үкіметтің қатаң шаралары мен цензураларына қарамастан алған беті мен қайсар рухынан онша қайта қоймайтын. Кейін 1920 жылдардағы жылымық кездерде М. Дулатов 1916 жылғы «Қазақ» газетінің жай-күйі туралы; «Ол заманның жуан ортасында болмаған ащы - тұщысын татпаған бүгінгі жастар «Қазақ» газетін енді оқыса, «Бейшара қандай жасқаншақ, қорқақ былай жазса болмас па еді?» - дер еді, ол кездегі газеттердің бет-аузын алапес қылып шығаратын цензураны бүгінгі жастар көрген жоқ қой, өз ойыңды, өз атыңды өзің ұрлап, «Осылай қып жазсам жұрт бірдеңе түсінер-ау»-деп ишаралап, жасқанып, жалтақтап отыруды бүгінгі жастар көрген емес деп жазады».
Сол сияқты «Г. Дума солдаттық мәселесі» деп аталатын мақаласында да көтеріліс кезіндегі көптеген жайлар ашып айтылған. Онда ол халықтың саяси ұйымдасушылығына көңілі толмай, бұл істі қалың қазақтан күту қашпаған қашардың уызына қарағандай болған соң дума ашылуына қарсы Самардан Ә.Бөкейханов, Орынбордан А. Байтұрсынов, Ақтөбе уезінен Н. Бекметов жүріп кетті [66] – деп мәлімет береді. Автордың хабарлауынша олар Петерборға 1) Қазақтан соғыс үстінде солдат алынбауын 2) Солдат алудан бұрын материалдық жағдайды түзеу 3) Лажсыз алынатын болғанда, жаяу солдат болмай атты әскер болуын, қазақ жер-су һәм правода орыспен тең болуы керек деген нақты, бір ізден шыққан тілекпен аттанған... Бүкіл қазақ болып, бір адам жібере алмауымыз масқаралық болар. Қазақ жайына қалдырмайынша, сөзіңді сөйлеп думаға жеткізе алатын депутат жоқ деп біліңдер.
Осы көтерілістен кейінгі бірлікке ұмтылу жылдарында, осы аталмыш қайраткерлердің барлығы, бар қазақ зиялылары 1917 жылдың қазанында 1 жалпы қазақ сьезінің қаулысына сүйене отырып «Алаш» партиясын құрған болатын. Жылдар бойы осы партия жөнінде де кереғар пікірлер де айтылып келеді. Міржақыптың осы бағыттағы шығармалары да жетерлік. «Қазақтың үш жүзге бөлінуі» деген зерттеу еңбегінің 5-ші бөлімі, мысалы; «Қазақтың үш жүзге бөлінуі һәм Алаш атауы», - деп аталады.
Тағы бір айта кететін нәрсе «Қазақ» және «Айқап» басылымдарының арасындағы бас араздық болатын. М. Дулатовтың «Айқап» журналы [67] деген мақаласында осы айтыстың басталуын көрсететін мынандай дерек бар; «Қазақ» та, «Айқап» та өз бетімен келе жатқан сәтсіз күні басталған бас қосу мәселесі шыға келеді. Міржақып тіл құралы [68] атты мақаласында «Айқап» журналының кейбір кемшіліктеріне тоқталып кетеді. «Шын қазақша жазылып, қазақ тілі мәселесін қолына ала тұрған осы «Қазақ «екенін ешкім бекер дей алмас»... 11 жылдан бері шығып тұрған «Айқап» шығып тоқтаған «Қазақстан «бұл жағын жете ескерген жоқ. Қалай десек те қос басылым арасында пікір қайшылығы болғанымен, өшпенділік, араздық болды дегенге ешқандай негіз жоқ. Қарымды қайраткерлердің ел ішіндегі кемшілік жайларды мінеп-сынаған фелетон, сықақтары да жарияланып тұрды. Мысалы, «Дауқұмар» [69], «Жүзі қаралар» [70], және т.б.
«Қазақ» газеті айыптан, қуғын-сүргін мен арыз-шағымнан көз ашпады. 1914 жылы 23 қазанда Орынбор губернаторына газет үстінен арыз береді. Онда мынандай жолдар бар; «Біз қазақ газетінен өзіміз һәм балаларымыз үшін аса қорқамыз. А. Байтұрсыновты һәм М. Дулатовты Орынбордан айдап жіберсеңіздер екен. Мұндай зиянды адамдар Орынборда тұрса, қазақ пен һәм қазақ жастарымен араласпай тұрмайды». Мұның бәрі Міржақыптың «Қазақ» баспаханасы» [71] мақаласында егжей-тегжейлі баяндалған.
«Қазақ» газеті 1918 жылдың наурыз айында шығуын тоқтатты. Жақаң бұдан соң 1920 жылы Ташкентке келіп, «Ақжол» газетіне қызметке орналасады. Онда көп тұрақтай алмай, 1921 жылы облыстық сотта жұмыс істейді. 1922 жылы тұтқындалады да, 1922-1926 жылдары Орынбор халыққа білім беру иниститутында оқытушылық қызмет атқарады. Бұдан кейінгі төрт жылда қазақ мемлекеттік баспасында бөлім бастығы, «Еңбекші қазақта» редактордың стилистика жөніндегі орынбасары болады.
Ұлы жүрек 1935 жылы 5-ші қазанда Балтық бойындағы Сосновец лагерінде ауыр науқастан сағуын тоқтатады.
Енді, М. Дулатовтың кітаптары мен басқада әдеби мұралары жайында бірер сөз; «Оян, қазақтан!» соң «Азамат» (1913 жыл Орынбор), «Бақытсыз Жамал» (1914 жыл,қазан), «Терме» (1925 жыл.Орынбор). Сондай-ақ көптеген аудармалары 1925 жылдың өзінде ол Орынбор мен Қызылордадан бірнеше аударма еңбектер бастырды. (В.И.Ленин «Жаңа үнем саясаты», «1905 жыл төңкерісі»; Г. Зиновьев «Ресейлік комунистік партиясының тарихы»). 1926 жылдан бері жарық көрген қазақ кітаптарының библиографиялық көрсеткішін бастырды.
Жалпы, М. Дулатовтың шығармашылығы мен халхына сіңірген еңбегін санамалап айтып шығу мүмкін емес.Біз оның журналист, публицист ретіндегі бір қырын ғана қарастырдық.
1.12 Алашым деп туған ер (Әлихан Бөкейханов)
Букейханов был крупнейшим деятелем своего време-
ни, видным экономистом. Но до последнего времени
даже и представить было невозможно, что в Казахста-
не кто-то решится написать и издать объективную
биографию Букейханова... [72].
Ә. Бөкейханов 1870 жылы Семей облысының Қарқаралы уезіндегі Тоқырауын болысының жетінші ауылында туған. Алдымен ауыл медресесінде оқып, ескіше хат таниды. Одан соң Омбы техникалық училищесін, кейіннен Санкт-Петербург орман техникалық институтының экономика факультетін бітіреді. Әр жылдары Самара мен Омбы қалаларында земствоның агрономы, журналист мамандықтары бойынша қызмет атқарады.
Сөйтіп, Ә. Бөкейханов өмірінің алғашқы сәтінен бастап оқыған, зерделі азамат ретінде туған халқының қамын ойлап, әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзету мақсатымен қоғамдық мәселелерге араласып, қазақ жеріндегі барлық саяси оқиғаларға өзіндік белсенділікпен атсалысып отырды. Ол өз еңбек жолын «Ресей. Біздің Отанымыздың толық географилық сипаттамасы» деп аталатын көп томдық еңбектің қазақ даласына арнап 1903 жылы жарыққа шыққан ХҮІІІ томының авторларының бірі ретінде бастады.
Онда автор : «Самодержавие» жартылай жабайы халықтың мінез-құлқын жұмсартып, дәулет деңгейін көтеруді» өзінің міндеті етіп отыр. Ол «қазақтардың өздерінің мүддесін» көздейді, «сауда транспортының жүріп-тұруына ыңғайлылық» жасау үшін мүмкін болғанның бәрін істейді, ең бастысы, күллі цивилизаторлық ісін жүзеге асыру нәтижесінде самодержавие «астықты арзандатып, көшпенділердің өмір сүруін қамтамасыз ететін болады» [73], – деп, өз халқының болашағына деген көзқарасын білдірді.
Бұдан соң қазақ жеріне қоныс аударушыларды әкелу мақсатымен жер-су жағдайын зерттеген әйгілі Щербина эскпедициясының құрамында жұмыс істеді. Сөйтіп, 1905 жылдың қарсаңында Ә. Бөкейханов Ресейдің либералдық-демократиялық интелегенциясының топтарының көзқарасын бөліскен саясаткерге айналды.
Орыс-жапон соғысы, ондағы орыс армиясының жеңілісі, ел ішіндегі ереуілдердің шерулер мен митингілерге ұласуы түрлі астыртын саяси партиялардың өкілдерін бей-жай қалдыра алған жоқ. Осы кезден бастап Әлихан Бөкейхановтың да ұзақ жылдарға, өмірінің соңына дейін созылған қоғам мен саясат сахнасындағы күрес жолы басталды.
1905 жылдың соңында Ресейде елдердің біржуазиялық жолмен дамуын жақтаушылардың, конституциялық – демократиялық партияның съезі өткізілгендігі тарихта мәлім жай. Осы съездің қарсаңында және одан кейін буржуазиялық-либералдық қозғалыс өкілдерінің облыстық және аймақтық форум өткізгені де белгілі. Бұл кадеттер съезінен соң іле-шала Оралда дала өлкесі бес облысының өкілдерінен делегаттық съезд өткізілді. Оны ұйымдастырушылар Ә. Бөкейханов, М. Тынышбаев, Б. Сырттанов т.б. Ресей конституциялық демократиялық партиясының Қазақ филиалын құруға әрекет етті. Бірақ ол әрекет іске аспай қалды.
1906 жылы Омбыдағы кадеттер партиясының саяси науқанына белсене қатысқан Ә. Бөкейханов ел мен өлкенің дамуы жөніндегі өзінің пікірін қуаттай отырып, жергілікті отарлау әкімшілігіне қатты шүйлігеді. Соның салдарынан алғаш рет тұтқынға алынады.
Ә. Бөкейхановтың қамалуы енді оны еңбекші жұрт топтарына да кең танымал етті. Қазақ халқының әр түрлі бөліктерінің белсенді түрде қолдауы нәтижесінде ол I-Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланады. Алайда, жұмысын шындап жолға қойып үлгерместен Дума патшаның указымен 1906 жылғы 8 шілдеде тарқатылады. Осыған орай кадет, трудовик, меньшевик пен эсер депутаттардың бір бөлігі Выборгке жиналып, мәжіліс өткізеді. Онда, олар арнайы манифестерінде қалың бұқараны пассивті қарсылық көрсетуге (салықтарды төлемеу, армияға рекруттар бермеу, патша заемдарын мойындамау) шақырып, оған Ә. Бөкейханов та қол қойып, сол үшін екінші рет тұтқындалады.
Бірінші орыс революциясы жеңілген соң Ә. Бөкейханов сенімсіз адам ретінде полиция нұсқауына сәйкес, бірнеше жыл Дон жер банкісінің статисі ретінде жұмыс істеп, Самарада тұруға мәжбүр болды. Оның публицистикалық қызметі үшін сол жылдар өте жемісті болды. Семейде жүрген кезінде ол өзінің пікірлесі Н. Я. Коншинге Абай Құнанбаевтың өнерпаздығы туралы үлкен мақала жазып берген болатын. Ол мақала 1907 жылы «Семей географиялық қоғамының запискалары» шығармаларында жарық көреді. Ал 1911-1914 жылдары ол «Жаңа энциклопедиялық сөздік» баспагерлері Ф. А. Брокгауз бен И. А. Эфрон шаруаларына белсене қатысады.
1913 жылдың көктемінде А. Байтұрсынов пен М. Дулатовтың қолдауымен қазақ интеллигенциясы жалпы ұлттық бағыттағы «Қазақ» газетін шығаруды қолға алды. Ал, Ә. Бөкейханов болса осы газетке «Қыр баласы» және басқа да лақап аттармен түрлі проблемаларға арналған ондаған мақалалар жариялады. Бұл жөнінде кейінірек толық айтылады.
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған соң оның солшыл буржуазиялық көзқарастары едәуір өзгереді. Бұл жылдары Ә. Бөкейханов пен оны жақтаушылар самодержавие жағында болды. Сондықтан 1916 жылдың күзінде ол кадеттер билеп тұрған Бүкілресейлік земство одағымен Батыс майданға – майдан ставкасы жанындағы «Одақ» бұратана бөлімінің меңгерушісі қызметіне жіберіледі де ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясын Минскіде қарсы алады.
Ақпан революциясынан кейін бірден Қазақстанның барлық облыстары мен уезд орталықтарына Ә. Бөкейханов пен буржуазиялық-либералдық қозғалыстың бірқатар көрнекті өкілдері қол қойған жеделхаттар жөнелтіледі. Онда «құрылтай жиналысына дайындық, демократиялық республика құру, «Жер, мал шаруашылығымен және егіншілікпен табыс тауып жүргендерге берілсін» ұрандарымен Уақытша үкіметті қолдау үшін шұғыл ұйымдасу керектігі сөз болды.
1917 жылдың сәуірінде ол Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің құрамына енгізілді, сосын Торғай облыстық комиссары болып бекітілді. Осыған қосымша мамыр айында халық бостандығы (кадеттер) партиясының VIII съезі оны көпшілік дауыспен Орталық Комитеттің құрамына сайлаған.
1917 жылдың жазында елде азаттық қозғалысы өрлеу алады да Ә. Бөкейханов осы жағдайда өзінің күш-қуатын қазақ ұлттық-буржуазиялық демократиялық партиясын қалыптастыруға арнайды. Сөйтіп, дүниеге «Алаш» партиясы (тобы) келеді. Ал, Әлихан Бөкейханов болса осы алаш партиясының көсемі болды. Сондықтан да оның қоғамдық қызметі дегенде өмірінің осы кезеңіне тереңірек үңіліп, толығырақ ашып жазғанымыз жөн болады деп санаймыз.
Патша мемлекеті 1905 жылғы бірінші орыс революциясынан кейін отарлық елдерге деген отарлау саясатын бұрынғыдан да өршіте түскені белгілі. Оған патша әкімшілігінің Орта Азия халықтарын, қазақтарды да Думаның ісіне араластырмай : «Бұлар әлі мемлекет ісіне араласуға жетілмеген» деп кемсітуі дәлел.
Бірақ осыларға қарамастан патша заманында да отарлау саясатына қарсы шығып, елі, жері, халқы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп қызмет еткен азаматтар болған. Мәселен, А. Байтұрсынов ұйқыдағы халықты тезірек ояту үшін «Маса» болып ызыңдады. М. Дулатов «Оян, қазақ!» деп атой салды. С. Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға» тырысты. Ал «Қазақ» газеті болса орыс шенеуніктерінің бақылауында болып, артық айтқан сөздері үшін жазаланып отырды. Осындай аласапыран заманда Ә. Бөкейханов туған жерінен қуғындалып, полиция бақылауында жүрді.
1917-1919 жылдар Қазақстан үшін оңай кезең болған жоқ. Азамат соғысы қазақ жерінде де белең алды. Осындай ел басына қиын-қыстау заман орнаған кезде кейбір халықтар автономия жариялап, Башқұрт, Түркістан автономиялары құрылды. Осыған байланысты қазақтар да автономия құру мақсатымен 1917 жылдың желтоқсан айында Орынбор қаласында съезд шақырады. Оған 300-ге жуық адам қатысып, мынадай мәселелерді талқылапты : 1) Сібір, Түркістан автономиясы һәм юговосточный союз; 2) қазақ-қырғыз автономиясы; 3) милиция; 4) ұлт кеңесі; 5) оқу мәселелсі; 6) ұлт қазынасы; 7) Муфтилік мәселесі; 8) народный суд; 9) аульное управление); 10) азық-түлік.
Осының ішінде автономия жөніндегі мәселеге назар аударсақ онда былай делінген : «Октябрь айында уақытша хүкумәттің түскенін, Русия мемлекетінде халыққа сенімді һәм беделді хүкумәттің жоқтығын, халық арасы бұзылып, пышақтасып кеткенін, бассыздық күшейіп, бүкіл мемлекет бүлікшілікке ұшырап, күннен-күнге қырғыз-қазақтың басына да келуі ықтимал екенін ойлап, бүкіл қырғыз-қазақты билейтін хүкумәт керектігін ескеріп, съезд : 1) Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы һәм Әмудария бөліміндегі қазақ уездері Каспий облысындағы, Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері біріңғай, іргелі халық – қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық-жерлі автономия құрылсын; 2) қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» [74] деп аталсын; 3) алаш автономиясының жері, түгі, суы, астындағы кені, Алаш мүлкі болсын; 4) алаш автономиясының низамын Бүкіл русиялық учредительное собрание бекітеді; 5) ұсақ ұлттардың құқықтары теңгеріледі, санына қарай мәхкәмәларда орын алады, оларға ұлттық мәдени автономия беріледі; 6) алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша ұлт кеңесі құрылып, оның аты «Алашорда» [75] болсын. Алаш ордасының ағзасы 25 адам болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылады. Алаш ордасының уақытша тұратын жері Семей қаласы; 7) Алаш ордасы милиция құруға ижтиһатпен кірісуге міндетті; 8) Алашорда тез уақытта Алаш автономиясының учредительное собрание – құрылтай мәжілісін шақырсын; 9) Съезд Алашордаға тапсырады : а) Ұлт қазынасына қарыз ақша алуға; б) өзге автономиялы көрші халықтармен одақтасу жайын сөйлесуге, бірақ оның шарттарын құрылтай бекітеді; 10) Ұлт құрылтайына Алашорда автономия низамының жобасын даярлап кіргізеді».
Сөйтіп, автономия екі бауырлас халықтан құрылатын болғандықтан, «Алашорда» аталған көрінеді. Ал, алаш сөзі арғы ата-бабаларымыздан келе жатқан көне сөз екендігі белгілі. Бірақ, автономия жариялауды, екінші жағы – милиция құрып, Түркістанды қосып алғаннан кейін жариялауды қолдайды. Бұл туралы «Алаш бірлігі» деген мақалада : «5-13 желтоқсанда съезге жиналғандар «автономия» туралы жүз толғанып, жүректер дірілдеп, буындары қалтырап, бір айдан кейін автономия жариялауға әрең қаулы қылды... Бас-басына би болған, қарындастан басқа қасы жоқ болып, қайғысы қара басынан аспай қалып алған, ғаскер десе қатын-баласын тастай қашатын қараңғы халық әлде қайтеді деп толғанды, ақыры сан қайғыны салыстырып келгенде, Алаш ұлының басы құралмай, торғайдай тозып, әркімнің көшіне тіркеліп кеткеннен зор қайғы болмас, Алашқа қаны бірге Алаш ұлынан артық жанашыр бауыр табылмас. Алаштан ұран салып, Алаштың туын тіксек, сүйегінде шақпақтың қуындай жігер, намысы бар Алаштың ұлының шыққан шығын, тартқан бейнетке еті ауырмас деп аллаға тәуекел қылды», - деп жазды.
Бұның үстіне, жығылғанға жұдырық дегендей «Алашорданың» бүкіл қазақстандық халық кеңесінің төрағасын сайлау мәселесі де шиеленісті күшейіп жіберді. Төрағалыққа дауысқа түскен үш адамның бірі Әлихан Бөкейханов 58 дауыстың 40-ына ие болды. Ал, қалған екеуі Бақыткерей Құлманов – 19, Айдархан Тұрлыбаев – 20 дауыспен қанағаттанады. Әйтсе де, «Алаш» автономиясын жариялау жөніндегі кикілжің бір жылға жетпес 1918 жылдың қыркүйек айында Жымпиты қаласында «Ойыл уәлаятының» жеке бөлініп шығуына себеп болды. Бұл – Батыс Алашорда деп аталды. Басшылары Жанша мен Халел Досмұхамедовтер болды.
Алашорда үкіметі осылай ырың-жырың болып жатқанда Бүкілресейлік уақытша үкімет (Директория) 1918 жылдың қыркүйек айының 22-жұлдызында «Правительство Алаша – Алаш-Орду считать прекратившим свое существование», - деп жариялады. Тіпті, Сібірдің уақытша үкіметі де Алашорданы танып, мойындамады. Шындығына келсек «Алашорда» іс жүзінде, бас-аяғы бір жарым жылдай ғана, 1918 жылдың ортасынан 1919 жылдың желтоқсанына дейін өмір сүрді. Алашордада жоғарыда айтқанымыздай Ресейден бөлініп шығу жайында сөз болған жоқ, олар бар болғаны Ресей демократиялық федеративті республика болсын деп, өздері территориялық автономияны мақсат тұтты.
Азамат соғысы және шетел интервенциясы жылдары «Алаш» партиясы үшін түрлі шытырман оқиғаға толы қиын-қыстау кезең болып саналады. 1920 жылы Қызыл Армия жаппай шабуылға шығып, Есіл мен Ертіс жағасына жетеді. Міне, осы уақытта бұл партия толық күйреп, оның басшылары нақты бір шешім қабылдауға тиіс болады. Ол шешім шетелге эмиграцияға кету немесе халық арасында қалып өзінің «айыбын» жуу болатын. Көптеген алашорда басшылары, оның ішінде Ә.Бөкейханов та соңғы жолды, өзін халық қолына беріп, олардың алдындағы өзінің «кінәсін жууға» тырысу жолын таңдап алды.
Сөйтіп, олар кеңес өкіметінен кешірім сұрағанмен соңғы жақсылыққа апарып соқпағаны белгілі. Мәселен, қазақ большевиктерінің бірқатар ұсыныстары бойынша, Ә. Бөкейханов 1922 және 1926 жылдары қатарынан екі рет тұтқындалған. Одан соң Мәскеуге кетіп, «Шығыс» баспасында жұмыс істеп, орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тілінде аударумен айналысты.
Ал, А. Байтұрсынов болса қазақ тілі заңдарын терең зерттеп, оқулықтар, ғылыми еңбектер жазды, жоғары оқу орындарында сабақ берді. М. Дулатов баспада, газеттерде қызмет істеді, студенттерге дәріс оқыды. Х. Досмұхаметов жаратылыстану жайында кітаптар, оқулықтар жазды. Ташкент, Алматы университеттерінде профессор бола жүріп, халық ақындарының ел аузында жүрген жырларын жинап, алғы сөз жазып бастырды. Қамқоршы болды.
Бір сөзбен айтқанда бұл адамдар саяси жұмыстан кеткенімен де қоғамдық қызметтен бас тартқан жоқ. Соңғы демдеріне дейін халқы үшін еңбек етіп, солардың керегіне жарауға тырысты.
Ә. Бөкейханов баспасөз жұмысына жиырма жасынан бастап шындап араласа бастаған. 1893 жылдан Омбыда «Степной листок» деген атпен шығып тұрған газет 1895 жылдан «Степной крайға» айналады. Бұл басылым, әсіресе 1895-1897 жылдары құрамы саяси жер ауып келгендермен толыққан соң ерекше көзге түседі. Осы кезде газетте П. Ф. Якубович, В. Д. Соколов, А. А. Беляков, Н. Н. Флеровский, Ә. Н. Бөкейханов, В. Н. Фигнер және тағы да басқа белсенді авторлар қызмет атқарады. Бұл газет туралы «История Сибири» кітабынан мынадай мағлұмат таптық : «Как передовое для своего времени издание, газета «Степной край» просуществовала недолго. Против нее со злобой и ненавистью ополчились местные власти. Политических ссыльных устранили от руководства газетой, и она попала в руки обывательской реакции».
Ә. Бөкейхановтың тәжірибелі публицист болып қалыптасуына із қалдырып, әсер еткен еңбектерінің бірі қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне арналған «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» және «Распределение населения Киргизского края по территории, его этнографический состав, быт и культура» [76], - деген мақалалары болатын [77].
Бұл мақалалардың жазылу себебі мынада : ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Петербургте белгілі ғалым П. П. Семенов-Тян-Шанский мен академик Ламанскийдің басқаруымен «Россия. Полное географическое описание нашего Отечества» кітабының 18-томы қазақ тарихына арналып 1903 жылы «Киргизский край» деген атпен басылып шыққан. Кітапты жазуға Ә. Бөкейхановпен қатар А. Н. Седельников, Л. П. Осипова, С. Д. Чадов, Н. А. Бородин, Т. Т. Белоногов, В. П. Семенов, П. Н. Столпянскийлер қатысқан. Ал Әлихан Бөкейханов болса, осы бөлімнің 4-5 тарауларын жазған,
Төртінші тараудың тақырыбы ілгеріде айтқанымыздай «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» деп аталады. Автор бұл тарауда мынадай мәселелерді : қазақ өлкесін ертеде мекендеген татар, башқұрт, қалмақ, жоңғар, қазақ халықтарының өмір талайы, өлкені жаулап алу және оны отарлаудың өз еркімен, мемлекеттік деп аталатын екі түрі туралы, өлкедегі оқу-ағарту ісінің дамуы, кітап және баспа ісі туралы жайларды зерттеп, жазды.
Кітаптың «Распределение населения Киргизского края по территорий, его этнографический состав, быт и культура» деп аталатын бесінші тарауында : «Бұл халық саны бойынша да, орналасқан территориясының кеңдігі жағынан да азамат материгіндегі барлық түркі халықтарының арасында бірінші орынды иемденеді» деп қазақ халқының елі, жері, тарихынан мәлімет берсе, олардың ақыл, ой-санасы, мәдениеті туралы былай дейді : «Қазақтың ақылы жайында айтқанда, олардың өздерін қоршаған ортаны (табиғат, адам, оқиға) есте сақтау қабілетін бірінші орынға қоямыз : бұл тұрғыдан алғанда қазақтар шаруалардан әлдеқайда биік тұрған... Оқу (әсіресе математика) оңайға түседі, «оқушылардың арасында қабілеттері баршылық». Немесе, «Азиядағы көшпелі түріктердің арасындаға қазақтар неғұрлым мәдениетті халық. Оның болашағының бақыттылығында шек жоқ, себебі, олардың саны көбеюде және басқа елдің мәдениетінің жақсы жағын қабылдауға олар әрдайым даяр. Қазақтардың мәдениетінің жоғарылығын олардың тілдерінен, халық әдебиетінің байлығынан және өнерлерінің даму дәрежесінен көруге болады».
Ә. Бөкейханов өз еңбегінде қазақ халқының осындай рухани байлығын сараптай отырып, ауыз әдебиетінің түрлеріне баға берген. Әсіресе, халық поэмаларының арасынан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанына ерекше көңіл бөлген.
Егер біз Абайды қазақ халқына алғаш танытқан Ахаң (А. Байтұрсынов) десек, оған орыс тілінде мақала арнап, басқа халыққа танытқан Әлихан Бөкейханов болып шықты. Ол Абайды қазақтың жаңа әдебиетінің көш басшысы ретінде бағалап, «Наконец, как представителя нового течения в киргизской поэзии, следует назвать Кунанбаева – автора многих стихотворении изящных по форме и поэтических по содержанию (особенно описания природы). Этому же автору принадлежат хорошие переводы «Евгения Онегина» и многих стихотворении Лермонтова (который оказался наиболее понятным для киргиз), таким образом у Семипалатинских өлеңші (певцов) можно слышать, например, «Письмо Татьяны» распеваемое, конечно, на свой мотив», - деп жазды.
Қазақтың бас ақыны қайтыс болғаннан соң да Ә. Бөкейханов оның өмірбаянын орыс тілінде жазып, сол кезде Семейде шығып тұрған «Семипалатинский листок» газетіне 1905 жылы жариялатады. Араға екі жыл салып 1907 жылы Абайдың өмірбаяны суретімен қоса «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирскогоотдела Императорского русского географиического общества» кітабында тағы да жарияланады.
Ә. Бөкейхановтың Абайды халыққа таныту жолындағы көл-қайыр еңбегі жөнінде кезінде М. Дулатов өзінің «Абай» деген мақаласында : «1905 жылы «Семипалатинский листок» газетасында, онан кейін Семейдегі «Географическое обществоның» шығарған бір кітабына Әлихан Бөкейханов Абайдың тәржіма халын жазды һәм кешікпей кітабы да басылатынын білдіріп еді. Бірақ тез шықпады. 1909 жылы Абайдың балалары мен інілерінің ризашылығы һәм Әлиханның ыждаһатымен «Абай» кітабы Петербугта Бурганский баспасында басылып шықты. Бүл күнгі қолымыздағы кітап сол бірінші баспасы», - деп жазған болатын.
Ә. Бөкейханов XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында орыс баслымдарында («Степной край», «Иртыш», «Омичь», «Голос степи») қазақ халқының рухани, әлеуметтік мәселелерін көтеріп жаза білген бірден-бір қазақ авторы болды. Сондай-ақ ол қазақ газет-журналдарының беттерінде де саяси және экономикалық проблемаларды қамтуда басқаларға үлгі-өнеге бола білді.
Мәселен, 1910 жылы Санкт-Петербургтен А. И. Костянский редакциясымен жарық көрген «Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыс түрлері» деген жинаққа Әлиханның «Қазақтар» атты мақаласы енгізілді. Онда автор қазақтар мекендейтін Қазақ және Түркістан өлкелері мен Астрахань губерниясының ұлттық құрамына демографиялық талдау жасай келіп, қазақтардың ішкі тұрмысын баяндар алдында мынаны ескертуге тиіспін дейді : «Қазақтардың шаруашылық тіршілігі - малына жаятын жер мен суаратын өзен-көл іздеу жолында үнемі қоныс аударып, бір орнында тұрақтамайтын жартылай жабайы көшпенділік қарабайыр формулаға сыймайды», - дей келіп ол көшпелі мал шаруашылығының орнын аралас егіншілік, малшылық шаруашылықтың алмастыра бастағанын нақты цифрлармен дәлелдеп, қазақ, крестьян бюджеттерін, олардың табыстарының түрлерін талдайды.
Бұл еңбекті ғылыми очерк деп атауға да болады. Оның алғашқы екі бөлімі қазақ даласындағы құрылыстың шын жайын, қазақтардың арасындағы саяси, мәдени ахуалды таныстыруға арналған. Автор патша өкіметінің отаршылдық саясатын сенімді деректер арқылы көз алдыңа елестетеді.
Ал, кітаптың төртінші бөлімінде қазақтардың саяси белсенділігінің артуы жайында бай мәліметтер бар. Автор бірінші орыс революциясы жылдарында қазақтар баршаның теңдігі туралы, ождан бостандығы жөнінде, халық өкіметі жайында айтып шаттанған интеллигенцияға қосылып, «өздері білетін орыс халқының атын ғасырлар бойы қыр үстінде жаманатқа қалдырып келе жатқан ескі таныстарына күллі орыстардың ұқсай бермейтінін қазақтар енді көрді», - деп жазды.
1913 жылдың көктемінде Орынборда А. Байтұрсынов пен М. Дулатовтың қолдауымен жалпы ұлттық бағыттағы «Қазақ» газеті шыға бастады. Осы басылымда 1913 жылы 3-наурызда шыққан – «Думадағы партиялар» деген мақаласы мейлінше тартымды болды. Мақалада IY мемлекеттік Думадағы күштердің орналасуын автордың қалай қабылдайтындығын байқалады. «Ескі көзқарастарды ұстанатын партиялар – оңшылдар, ал жаңа көзқарастағылар - солшылдар», - деп аталады дейді Ә.Бөкейханов.
Оңшылдарға «орыстар партиясы», «қара жүзділіктер», «ұлттық партия» жатады. Олардың негізгі позициясы : Ресей –орыстар үшін, яғни өзге діндегі, нәсілі бөлек, басқа халықтардың бәрі одан төмен болу керек. Бұл партиялардың аттары олардың позицияларының мазмұнына сәйкес келеді.
Солшыл партиялар : «Период» партиясы, «Социал-демократтар» (жұмысшылар) партиясы...
Сондай-ақ Ә. Бөкейханов өзінің көптеген мақалаларында белгі беріп келе жатқан ұлттық партия ауқымында саяси тұрғыдан бірігудің қазақтар үшін аса қажет екенін ерекше бөліп көрсетті.
Өзінің 1913 жылғы 23 шілдеде жарияланған «Дума және қазақтар» деген мақаласында ол : «думадағы 442 депутаттың 40-50 депутаты ғана шаруалардан, егер орыс патшалығын асырып отырған шаруаларға деген көзқарас осындай болғанда, саны аз, бөлшектенген, надан қазақ халқы одан не күтпекпіз? Қазақты Думадан шығарып тастады»…, - деп ашу-ыза білдірді.
Ә. Бөкейханов 1915 жылдың соңынан бастап Орынборда «Қазақ» газетінде Ахмет Байтұрсыновтың қарамағында жұмысқа кіріседі. Осы басылымда оның қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтерілістің мән-жайы турасында, ақпан төңкерісі хақында, Алашорда халық кеңесінің жұмысы жайында ондаған материалдары жарияланды.
Сонымен қатар Ә. Бөкейхановтың «Қыр баласы» атты бүркеншек есіммен «Қазақ» газетіне ұлан ғайыр публицистикалық материалдары басылған. Ол өз еңбектерінің көбін ғылыми тұрғыда талдап, егжей-тегжейлі зерттеп жазған, Ә. Бөкейханов «Қыр баласымен» қатар «Ү» деген бүркеншік атты да қолданған. Бұл жөнінде оның өзі «Айқап» журналының №2 санында былай деп көрсеткен : «Бақытжан, Сералы (бұл жерде Б.Қаратаев пен С.Лапинді айтып отыр) «Алаш» деп бұлдыратып жүргенде, мен абақтыда жатқанда қазақ жері туралы мақалаларым «Сибирские вопросы» деген орыс журналында 1908 жылғы 16-17, 18, 21-22, 27-28, 33-34, 35-36, 37-38, 45-46, 47-48 сандарында «Ү» деген белгімен қол қоюыммен шыққан». Ол осы бүркеншік атпен тұңғыш рет К. Маркс пен Ф. Энгельстің «Коммунистік партияның манифесін» 1926 жылы Қызылорда қаласында қазақшаға аударып шығарған.
Енді Ә. Бөкейхановтың аудармашылық қызметі туралы бірер сөз. Оның 1922 жылдан бастап Мәскеуде тұрғаны белгілі. Осы кезде ол көп, өнімді жазып, артына мол мұра қалдырған. Тек, 1923 жылдың өзінде ғана Мәскеуден оның : «Потаниннің өмірбаяны», «Марабай», «Ер Тарғын» (түзетіп бастырған), «Короленко», «Макардың түсі» -аудармалары өмірге келді. Барлығын да аударған «Қыр баласы».
Кезінде «Қыр баласының» аудармашылық қызметі жөнінде арнайы мақала жазылып, оның еңбегіне жан-жақты баға берген адамдар да болған. Солардың бірі – Ж. Аймауытов. Ол Әлихан аударған «Макардың түсі» туралы былай деп жазған; «Аударма сөзбе-сөз деп айтуға болмайды, еркін істелген, ұзын сөйлемдер, керексіз сөздер қысқартылған. «Қыр баласы» аударғанда пышақпен жонбайды, балтамен шабады, шұбатпайды, келтесінен қайырады.
1924 жылы Ә. Бөкейхановтың Мәскеуден «Л. Н. Толстой», «Қажымұрат», «Қозы-Көрпеш - Баян» еңбектері басылып шығады. Автор өзінің соңғы кітабы туралы былай деп жазған; «Қозы-Көрпеш - Баянның» жайылмаған түрік жұртында жері жоқ десе де болады. «Қозы-Көрпеш - Баян» Ертіс аяғы Тобыл, тараншыда, Түркістанда, Сарыарқада, Алайда, Ұранқайда, Оралда, башқұртта, Кавказда, шешенде, осетинде бар. «Қозы-Көрпеш - Баян» біздің түрік баласының сүйген ертегісі. Норманда «Фауст» қандай болса, түрік баласына «Қозы-Көрпеш- Баян» сондай. «Қозы-Көрпеш - Баян» көп мағыналы, түрік жұртын сипаттайтын әдебиет қорының таңдамасы»...
1925 жылы Ә. Бөкейхановтың негізінен Л. Н. Толстойдың мол мұрасына арналған «Кавказ тұтқыны», «Жұмыртқадай бидай», «Жеті қарақшы», «Жетпіс жеті мысал» шығармаларының аудармалары басылып шыққан.
Ж. Аймауытов Әлиханның бұл еңбектеріне арнап көлемді мақала жазған. «Қажымұрат» туралы ол былай дейді : «Қажымұрат» орыстың данышпан жазушысы Толстой шығарған роман, аударушы «Қыр баласы». Мәскеуде 24 жылы басылған.
Толстой – ақыл-ойдың, ақындықтың кені. Адам баласына бақ іздеп, адамгершілікке үндеген пайғамбар. Өмірден шындық көксеумен тауысқан. Тұрмыс жүзіндегі теңсіздік, неше түрлі жауыздықтың тамыры адам баласындағы атаққұмарлыққа, менмендікте, өзімшілдікте деп біліп, оның бәрін ел билеген күштілерден, үкіметтен көріп, үкімет болмасын деген пікірді таратып кеткен. Соғысқа, қан төгуге қарсы болған. Адам баласын бір бауыр қылам деп арпалысқан.
Теңдіктің күшпен табылатындығына, адам баласының тарихы- тап тартысының тарихи екеніне Толстой қосылмаған. Байлардың жауыз нәпсісін, тас жүрегін «уағызбен, үгітпен жібітпек болған». Патшаның өмірінен бастап малайдың, мұжықтың, солдаттың өміріне шейін Толстойдың қырағы ақылынан, өткір қаламынан құтылған жоқ. Адамның сырын айнаға айқын түсірген, 82 жыл өмір сүріп, бір арба кітап жазған. Сондай данышпан Толстойдың сөзімен орысша білмеген қазақ баласы «Қажымұратты» оқудан бастап танысады», - дей келіп аударма туралы : «Роман жалпы айтқанда жақсы аударылған. Дәлме-дәл, көп бұзбай аударған»... Сөзді ұғымды, кестелі қылу үшін қазақ сөздерінен тапқан кейбір салыстыру, мәтелдер, өлеңдер жақсы-ақ! «Гүлдің сабағы дәл тарамыс», «алыс пен жақынды жаратқан біледі», «иығы Алатаудың иығындай», «көгендегі қозыдай», «қошқардың шүйдесіндей», «жатық маңдайы қара кетпен төскейдей», «айылын қатты тартқан буаз бие іштеніп», «бойы нардай, жүрісі желдей, сұлулығы құсбегі пішкен томағадай», «асқа тіккен үйдей», «даусы домбыраның босаған ішегіндей қалтырап»... Мұның бәрі оның аудармашылық шеберлігін көрсетеді.
Аударманың сүгіретті, әдемі жерлері көп. Мәселен, «мылтық ұстап лып етіп, тар үзеңгіге аяғын салып, сып етіп атқа мініп алды», «Қызықты қияның қырмызы қызылын біліп, қан жаудырған бүркіттей қоқиланып, жігерін, терең сырын сабырмен сипаттап, мен жұрттың тілегін қабыл алдым, - деді Қажымұрат», «Төрелердің ұрлығы, сауысқан жоқ, ұрлықсыз шенеулік жоқ», «Палуан жауырынды, жалпақ жаялы, жіп-жіңішке, ұзын бойлы, қармаулы ұзын қолды, жас шыбықтай майысқан, мергендей епті, қашаған ұстайтын аттай ыңғайлы Жүсіпті көргенде, Қажымұрат сүйсініп, сусыны қанып қуанатын».
Аударманың жақсы екенін осындай сөздерінен байқауға болады. Орыс тілінде жазылған таулықтардың өлеңі де қазақшаға жатық аударылған. Хат білетін адам «Қажымұратты» оқып, аузының дәмін алғандай», - деп бағалайды сыншы.
«Қыр баласы» Мәскеуде тұрғанда аудармашылықтан басқа, Шығыс халықтары баспасының қазақ бөлімін басқарды. Марксистік әдебиеттерді қазақ тіліне аударумен шұғылданды. Ғылыммен айналысты. «Темірқазық» журналына шаруашылық, оқу, білім мәселелері бойынша мақалалар жариялады.
Сонымен, сөз соңында айтарымыз Әлихан Бөкейханов кезінде өз мамандығын терең меңгерген білімді экономист болып қана қоймай, лауазымды ғалым, тарихшы,әдебиетші, жалынды публицист, журналист әрі аудармашы да бола білген.
Достарыңызбен бөлісу: |