Ә.Бөкейханов және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі
1915 жылдың соңынан бастап «Қазақ» газеті қазақ жігіттерінің келешекте әскерде қызмет етуінің жай-күйін сөз ете бастады. Бұл кезде Әлихан Орынборда, А.Байтұрсыновтың қарамағында «Қазақ» газетінде жұмыс істейтін. 1916 жылдың ақпанында олар Петроградқа аттанды. Соғыс министрі генерал Поливановқа, басқа да ресми орындарға кіріп, қазақтарды әскерге шақыру мәселесінің кейінге қалғанын анықтап қайтты. Содан жазға дейін «Қазақ» газетінің бетінде пікір алмасу жалғаса береді. Көпшілік қазақ жігіттері үшін атты әскерде қызмет етудің қолайлы болғанын айтып жатты. Жаяу әскерге баруды жақтағандар да болды. Сөйтіп жүргенде ақыры июнь жарлығы шықты. Қазақтар әскер қатарына емес, соғыстың қара жұмысына шақырылды. Одан соң жер-жерде толқулар бұрқ-бұрқ тұтанып, жазалаушылар қара істеріне кірісіп кетті.
Осындай «тар жол, тайғақ кешу» кезеңінде Орынборда Әлихан Бөкейханов басқарған Торғай, Орал, Ақмола, Семей, Жетісу облыстары қазақтарының мәслихаты өткізілді. Бұл жиналыста ең алдымен: «Казак отрядтарын даладан кері шақырып алу арқылы және жер-жерде халық өкілдерінің съездерін өткізу арқылы халықты тыныштандыратын шараларды шұғыл қолдану қажет», – делінді. Одан әрі патша өкіметінің алдына: «Жергілікті өкімет, әсіресе, болыс басқарушылары өздерінің асығыс әрекеттерімен, дөрекіліктерімен және қиянаттарымен халық толқуларын өздері туғызды, ең бір бейбіт, жоғары әмірге көнімпаз халықты зығырданын қайната көтерді, өкімет пен заңға бағынбайды деп жариялады. Мұның бәрі жалған. Қазақтар жарлықты орындайды... Жұмысшыларды мобилизациялау туралы хабар қазақтардың пішен шабу науқаны қызып, астық жинау мерзімі тақалған уақытта шықты. Міне, бір айдан бері күллі дала толқу үстінде, шаруашылық жайына қалды, шөп шабылмады, астық орылмай жатыр. Осының бәрін ретке келтіру керек, жоғалған уақытты ұту керек. Бұл енді шаруашылықта жұмыскерлердің молырақ болуын талап етеді. Жұмысшыларды шақыру солтүстік уездерде 1917 жылғы 1-январьға, ал оңтүстік уездерде 15-мартқа дейін кейінге қалдырылсын»,[88] – деген нақты талап-тілектер қойылды.
Қазақ жеріндегі бес облыс өкілдері жиналысының Ә.Бөкейханов төраға қол қойған қаулысында жігіттерді қара жұмысқа шақыруды ретке келтіру шарттары 18 пунктке таратылып баяндалған. Солардың ішінде халықтың интеллектуалдық күшін сақтауды көздеген екі бап ерекше назар аудартады: жиналыс әр 50 үйдің балаларын оқытуға бір мұғалімнен қалдыруға, ал қалалардағы мұсылман медреселерінің шәкірттерін әскердің қара жұмысына шақырудан мүлдем босатуға қаулы еткенін айттық.
Ақыры тыл жұмыстарына шақырылған 400 мыңнан астам қазақтардың 130 мыңдайы, әр аймақта күннен-күнге өрістей түскен көтерілістерге қарамастан соғыс шебіндегі қорғаныс жүйелерін салуға жіберілді. Майданның қара жұмысын істей жүріп, жігіттер революциялық ниетке бауыр басты. Сөйтіп, өз іштерінде «Еркін дала» атты жасырын ұйым құрды. Ал, майдандағы қазақ жұмысшыларының ең үлкен басшысы – сол тұста орыс армиясы бас қолбасшысының ставкасында қызмет атқарған Әлихан Бөкейханов еді.
Сондықтан майдан тылында қара жұмыс істеп жүрген қандастарының Ә.Бөкейханов сынды білгір де білімді, бетті де беделді жерлестерінің ықпалында болмауы, оның әр басқан қадамы мен айтқан пікірін қадағалап, еліктемеуі мүмкін емес еді. Ендеше сол тұстағы қара жұмысқа алынған қазақ жастарының көзқарасына, қалыптасуына Ә.Бөкейхановтың ықпалы мол болды.
Т.Рысқұлов және баспасөз
Бұл жерде кезінде Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі жөнінде қысқа мерзім аралығында 6 еңбек жазып, шындыққа біртабан жақындаған Тұрар Рысқұлов туралы айтпай кеткеніміз орынсыз болар еді. Ең алдымен Т.Рысқұловтың творчествосындағы назар аударатын, рухани мұра ретінде қабылдап, қызыға оқитын туындыларының бір саласы – оның тарихи және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты қалам тартқан публицистикалық еңбектері дер едік. Тұрар публицистикасының ерекшеліктері қандай деген сауал туындаса, оған ең алдымен, ол қай мәселе туралы жазбасын сол тақырыпты терең зерттеп, меңгере білген деп жауап қайтарамыз. Ол өз заманының тарихшысы, экономисі, этнографы, әдебиетшісі және қоғамтанушысы да бола білген жан.
Мәселен, Т.Рысқұлов өзінің: «О формировании казахской нации и казахском пролетариате», «Из прошлого национальной интеллигенции», «Современный Казахстан», «Восстание в средней Азии в 1916 г.» атты монографиялық еңбектерінде қазақ халқының тарихын ғылыми негізде тұжырымдап берген. Айталық, ол «Из прошлого казахской национальной интеллигенции» атты еңбегінде: «В последнее время многие люди начали писать о революции в Туркестане. Остается только приветствовать это очень актуальное начинание людей, занимаюшихся литературой», – дей отырып, 1921-1922 жылдары орталық басылымдарда жұмыс істеген Н.Борисовтың «Түркістандағы Октябрь революциясы» деген мақаласын талдау барысында: «Товарищ Борисов, видимо, незнаком с историей революции в Туркестане, и когда писал статью, пользовался исключительно чужими сочинениями на эту тему», – деп келіп, «Перед нами стоят исключительно важные и ответственные задачи. Вопрос о том, какую политику нужно проводить в Средней Азии – это очень важный вопрос для федеративной республики в целом. Безответственное рассуждение недопустимо в таком вопросе», – дейді. Сөйтіп, жалқыдан жалпыға көшу арқылы сыншы қайдағы бір Н.Борисовтың Түркістандағы революция тарихын «қаламының ыңғайына қарай» бұрып алу тәсілін теріске шығарып, жалпы көкейкесті проблеманы қозғайды.
Мұның астарында автордың «Орта Азия халықтарының, оның ішінде Қазақстанның ұлттық мүдделерін, нәзік психологиялық мүмкіншіліктерімен санаспайынша – ешбір саясаттың жеңіске жетуі мүмкін емес» деген пікрі бар.
Т.Рысқұловтың өзіндік көзқарасын білдіретін «Тайжановқа жауап» ретінде жазған мақаласында: «По истории средне-азиатских народов, в том числе казахов, имеется большое количество изданных трудов буржуазных историков. Но в этих трудах история народов, в том числе казахов, преподносится как история борьбы отделных ханов между собой, не освещается роль массы, не даются анализы социально-экономическим причинам отдельных исторических событий», – деп турасын айтады. Рысқұловтың бұл таңдағы хал-ахуалымен ұштасып жатқанын ешкім жоққа шығара алмаса керек.
Мәселен, 1986 жылдың желтоқсаны. Алаңға шыққан жастарды нашақорлар, экстремистер деп бүкіл халық болашағына күйе жақты. Тіпті, ол аз дегендей, Орталықтың көзжұмбайлықпен қабылдаған сорақы қаулысы отқа май құйып, жалақорлық өртін өршіте түсті... Алайда, шындық өлмейді. Тарих таразысы ақ-қарасын ажыратып, шындықты дәлелдеп берді. Ендеше, Тұрар көзқарасы нақ осы жағдаймен үндесіп жатыр.
Тұрар Рысқұловтың «Қазақтың ұлттық интеллигенциясының өткенінен» атты бір еңбегі (мақаласы) Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтың ұлттық интеллигенциясының қалыптасу кезеңдерін, оның бағыттарын теориялық тұрғыдан талдап беруге арналған. Бұл туындыдан 1905 жылғы бірінші орыс төңкерісіне дейін-ақ, қазақ зиялылары арасындағы екі толқынды байқауға болады. Бірінші – Шоқан, Ыбырай, Қази (Шоқанның інісі), екіншісі – татар, башқұрт медреселерінде білім алып, қазақтың ұлттық мәдениетін шығыс халқымен ұштастырушылар. Автор еңбегінде соңғы топтың әсерімен қазақ тілінде түрлі бағытта кітаптардың да жарық көре бастағанын сөз етеді де, жалпы 1913-1916 жылдар қазақтың ұлттық интеллигенциясының кең қанат жайып, кемеліне келген кезеңі болғанын, ақпан төңкерісінен кейін олардың бірқатары «Алаш» партиясының маңына топтасқанын айтады. Т.Рысқұловтың 1926 жылғы сәуір-мамыр айларында республикалық «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болғаны тарихтан мәлім. Тұрардың журналистік шеберлігі нақ осы жылдармен ұштасып жатыр. Қысқа ғана мерзім аралығында «Қазақ ұлты мен қазақ пролетариатының қалыптасуы туралы», «Баспасөздің міндеттері», «Қазақ, қырғыздардың 1916 жылғы көтерілісі» сияқты маңызды еңбектерін жазғанын ескерсек, оның «редакторлық лауазымды» місе тұтпағанын байқау қиын емес.
Енді Тұрардың «Орта Азиядағы 1916 жылғы көтеріліс» мақаласына тоқталық. Мұны біз тарихи әдебиетте 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті ғылыми түрде тұжырымдап берген тұңғыш еңбек ретінде бағалауға тиіспіз. 1927 жылы ғылыми баспасөз беттерінде Орта Азия және Қазақстандағы көтерілістер барысы жөнінде дискуссия туындаған тұста бұрынғы пікірлерін «1916 жылғы Орта Азиядағы көшпенділер көтерілісі» атты кітабында байыта түсті.
Сол пікірталастың бірінде мәскеулік журналист И.Миницкий Рысқұловтың көзқарасын сынай отырып: «Мұнда тек көтерілістің ұлттық сәттері ғана көрсетіліп, таптық мәні естен шығарылған», – деп айыптады. Оған жауап ретінде Рысқұлов көп кешіктірмей баспасөз бетінде өз көзқарасын бұрынғыдан да айқындай түсетін «Тағы да Түркістандағы 1916 жылғы күрестің маңызы туралы» деген еңбегін бастырды.
Мұнысымен қатар Т.Рысқұлов әрбір тарихи оқиғаларға байланысты өзінің жеке көзқарасын білдіргенімен, осы мәселелерді түрлі қырынан алып, жан-жақты байытып отырған. Оның тек бір ғана 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс жөнінде алты еңбек жазуы осыны дәлелдейді. 1933 жылы республикалық «Казахстанская правда» газетінің үш нөмірінде Тұрардың «Странички из истории революционной борьбы» деп аталатын мақаласы жарияланған. Ол бұл еңбегінде метрология мен отарлық жүйенің ара жігін ашып көрсетіп, көтеріліс қарсаңындағы тап күресінің шиеленісу себептерін нақты ғылыми теориялық тұрғыдан дәлелдеп берді.
«Көтеріліс барысында Қазақстандағы таптық күрестің құрылымы тамаша айқындалады... Меньшевиктік және эсерлік топта болып, отарлық жүйенің буына піскен әкімдер көтерілісті болдырмаудың барлық шараларын жасады. Бірақ езілген қазақ жұмысшыларының назары көтерілісшілер жағында болды», – деп жазды автор.
Мұнда Т.Рысқұлов публицист қана емес, көтеріліс барысында ой түйіп, тұжырымдай білетін тарихшы ретінде де көрінген. Ол тек өз еңбектерінде ғана емес, өз тұсында жарияланған тарихи дүниелерге де сын көзбен қарап, әділ бағалап, тарихи талдау жасап, түрлі оппортунистік көзқарастарға қарымды тойтарыс беріп отырған Азия тарихындағы зерттеуші, ғалым ретінде де тануымыз керек.
Міне, жалпы Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске интеллигенция өкілдерінің қатысы туралы айтқанда, біз осы мәселелерге тоқтаймыз. Себебі, ол кезде қалыптасып, халық қалаулыларына айналған зиялылар баршылық еді. Және де олар Кеңес өкіметі тұсында айтылып келгендей көтеріліс кезінде, ел басына қиын-қыстау заман туғанда, буржуазия жағында емес, ат төбеліндей қолдарында билік бар байлардың жасағында емес, қалың нөпір еңбекші халық қатарынан табылды. Табылып қана қойған жоқ, «қалың елі қазағын» төнген қатер мен қырғыннан арашалап қалу үшін қолынан келгенін жасап бақты. Бұл сөзімізге нақты дәлелді біз «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеттерінің сол жылдардағы беттерін парақтай отырып көріп, көз жеткіздік. Әсіресе, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Сералин, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Бақытжан Қаратаев сынды арыстарымыздың бастарын бәйгіге тіге жүріп, жарғақ құлағы жастыққа тимей атқарған істерін разы болмай, қайран қалып, таң қалмай айту мүмкін емес. Ал бұл бес бәйтеректің, бес алыптың халқына сол бір зобалаң қара түнек кезеңде жарық жұлдыздай жарқырап жол сілтеген, елі үшін отқа өздері түскен ержүректігі мен адалдығын әлі де сан ұрпақ аңызға айналдырып айтары ақиқат.
БЕСІНШІ ТАРАУ
«Алашорда» қозғалысы және «Қазақ» газеті
ХІХ ғасырдың соңында қазақ халқын саяси жағынан қайта түлету қажет екенін айқын түсінген қазақ зиялылары қалыптаса бастады. Олардың арасынан саяси қызметтің қатерлі жолына жалтақтамай, жанқиярлықпен түскен көрнекті тұлғалар шықты. Демек, ХХ ғасырдың бас кезі қазақ қоғамы үшін түрлі ағымдардың өзара қақтығыс, күрес кезеңі болды. Бір жағынан, ескі, күні өткен феодалдық қатынастар өзінің барлық даму қуатын тауысып, қоғамдық өніп-өсуде кедергіге айналса, екінші жағдай, оларды ауыстыра аларлық жаңа қоғамдық қатынастар тым әлсіз, балаң күйде еді. Елдегі мұндай ауыр жағдай ресейлік империализмнің пәрменді отарлау және орыстандыру саясатын тереңдете түсті. Басқаша айтқанда, бұл мезгілде ортағасырлық мешеулік пен ұлттық езгі қыспағына бірдей іліккен қазақ елінің болашағына үлкен қауіп төнген еді. Қазақ зиялыларының жүріп өткен тарихи жолы, әсіресе, 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейінгі қоғамдық-саяси қызметі халқымыздың күрделі тарихының әлі жазылмаған ақтаңдақтарының қатарына жатады.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселелерінің бірі, әрине, «Алаш» партиясының құрылуы, оның тарихи негіздері, саяси-әлеуметтік сипаты және қазақ тарихында алатын орны. Қазақ зиялылары қоғамдық сұранысты білдіре отырып, саяси партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында-ақ қолға алды.
ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстан тарихының «ақтаңдақтарының» біразы Алаш партиясы мен Алашордаға тікелей байланысты. «Алаш» немесе «Алашорда қозғалысы» – бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. Сондықтан да әуел бастан Алаш (Алашорда) қозғалысына жататын жекелеген мәселелердің басын ашып, оларды нақты түрде қарастырған жөн. Біріншіден, олар саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекет құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны (Алаш атты қазақтың мемлекеттігін) басқаруға тиісті болған Алаштың ордасы (Алашорда үкіметі) туралы мәселелер. Осы нақты үш мәселе жиынтығы «Алаш» немесе «Алашорда» қозғалысы деген ұғымды білдіреді. [89] Жиырмасыншы жылдардан бастап, әсіресе, 1928-1932 жылдары орын алған бұрынғы «Алаш» партиясы мен қозғалысының жетекшілеріне қарсы ұйымдастырылған алғашқы сот процестерінен кейін, бұл тақырыпты тарихи тұрғыдан зерттеуге ресми түрде тыйым салынды.
1905 жылы ұйымдастырылған жасырын «Алаш» партиясы өз қызметін 1917 жылғы көктем айына дейін жалғастырып келді. Партия қызметі жасырын жүргізілгендіктен, «Алаш» партиясының тарихқа белгілі тұңғыш құрылтай съезі 1905 жылы маусым айында 14500 қазақтың қатысуымен Қарқаралыда өткізілді. Бірақ, ресми түрде «Алаш» партиясының съезі болып есептелінбеді. [90]
«Алаш» партиясы 1917 жылдың шілде айында құрылды. Онда саяси партияға қабылданған жарғы, бағдарлама болмаған. Ресми басқару органдар сайланбаған. Ол шын мәніндегі саяси партия ретінде қалыптаспаған ұйым. Алашты саяси ұйым ретінде қоғамдық қозғалыс дәрежесінен, әдеттегі таптық партияға ауысу «кезеңін» бастан кешірген өтпелі жалпыұлттық саяси ұйым деп қараған жөн.
Алаш қозғалысының көшбасшылары негізінде екі мақсатты көздеді. Біріншісі, қазақ елін отарлық езгіден азат ету болса, екіншісі, қазақ қоғамын орта ғасырлық мешеуліктен алып шығу еді.
Патша заманында отарлау саясатына қарсы шығып, елі, жері, халқы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп қызмет еткен азаматтарымыз бар. [91]. Мәселен, А.Байтұрсынов ұйқыдағы халқын ояту үшін «Маса» болып ызыңдады, М.Дулатов «Оян қазақ!» деп атой салды, С.Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға» тырысты.
«Алаш» партиясының саяси және экономикалық бастау көздері туралы, Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуы мен олардың Кеңес өкіметімен арақатынасы хақындағы алғашқы пікірлер большевиктік бағыттағы баспасөзде 1919-1920 жылдардан-ақ жариялана бастады. Осы мәселе бойынша алғашқы қалам тартушылар көш басында А.Байтұрсынов пен С.Сейфуллин тұрды.
Алашорда өкілдері социалистік идеологиясын таптық принцип негізінде күресті қабылдаған жоқ. «Алаш» партиясының қайраткерлері сол кездегі қазақ қауымы тұтас алғанда оған дайын емес еді деген пікірде болды. Сонда да олар өз күресін жалпы ұлттық мүддеге негіздеген «қазақ халқын отарлы езгіден құтқару үшін» деген ұранның астында топтастырылған бағыт болды. Бұл бағытты жүзеге асырудың басты құралы бірінші жалпы қазақтық съезде дүниеге келген Алаш партиясы болу керек деп түсінді А.Байтұрсынов («Жизнь национальностей» апталығы). «Қазақтарға ақпан төңкерісі қаншалықты түсінікті болса, Қазан социалистік революциясы соншалықты түсініксіз көрінді. Бірінші революцияны қандай қуанышпен қарсы алса, екінші революцияны соншама үреймен қарсы алуға тура келді».
«Алаш» партиясы өз бағдарламасында Ресей мемлекетінің демократиялық, федеративтік республика болғандығын білдірді. Яғни, ұлт зиялыларының мемлекеттік дербестік мәселелеріне сақтықпен қарағандығын байқаймыз. Қазақ зиялыларының ең алдымен шешілуге тиіс жалпы ұлттық зәру мәселелерді талқылауға мұрындық болып, сол мәселелер бойынша ортақ тұжырымдарға келуде жетекші рөл атқарды. Бұл тұжырымдар партия бағдарламасының жобасында берілді. Бұл бір. Екіншіден, партияның ұйытқысы болған қайраткерлер қазақ елінің Алаш автономиясы атанған ұлттық мемлекетінің өмірге келгенін жария еткен екінші жалпықазақ съезін (1917 жыл, желтоқсан) дайындап өткізді. Осы кезде Алашорда үкіметінің өмірге келуіне тікелей себепші болған жағдай уақытша үкіметтің басқа да шет аймақтарындағыдай Қазақстанда да ең өзекті ұлт өміріне қатысты мәселелерді шеше алмаған әлжуаз, тұрақсыз саяси билікке айналуы, оның арты бүкіл империяны қамтыған анархия, зорлық пен зомбылыққа ұласуы еді. [92]
Алаш 1917 жылдың жазында қалыптасқан жағдайда халықтың келешек тағдырын анықтауға тікелей қатынасы бар жалпыұлттық мәселелерді саяси күрестің күн тәртібіне қойып, оларды шешу жолында айтарлықтай қызмет атқарды. Бұл ең алдымен партияның бағдарламасының жобасын дайындаудан қазақ ұлттық мемлекетін құру ісіне белсенді түрде кірісуден, қазақ қауымынан құрылтай жиылысына депутаттар ұсынып, оларды сайлау ісіне қажырлықпен атсалысудан аса айқын көрінді. «Алаш» партиясы өзінің бірнеше айларға созылған қысқа ғұмырында шын мәніндегі саяси партия ретінде қалыптаса алмады, үлгермеді. Партияға тән жарғысының да, бағдарламасының да болмағанын жоғарыда айтып кеттік. Оның мүшелеріне партиялық билеттер берілгендігі жөнінде де архивте сенімді деректер кездеспейді. Біздің бұл сөзімізді Міржақып Дулатовтың тергеудегі жауабы растай түседі: «Алаш партиясының жарғысын бекіткен съезд болған емес. Газет арқылы жарияланған жобамен танысқан және оны мақұлдағанның бәрі өзін партияның мүшесімін деп санады... Сондықтан да «Алаш» партиясы көпшілікке кең танымал Алашорданың көлеңкесінде қалды». Ал, Мағжан Жұмабаев: «Алашты саяси партия деп санаған емеспін. Тек қана Алашорда үкіметі болды», – деген пікір айтады. «[93]
Демек, Алашты саяси ұйым ретінде қоғамдық қозғалыс дәрежесінен әдеттегі партияға ауысу (айналу) «кезеңін» бастан кешірген өтпелі саяси ұйым деп қарастырған жөн. Алаштың әдеттегі саяси партияға айналу процесі 1917 жылғы шілдеден соң сол жылдың соңына, яғни Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметі құрылғанға дейін айтарлықтай қарқынмен жүргізілді. Оның жергілікті комитеттері жекелеген облыстарда 1917 жылғы қазан-қараша айларында құрылғандығы жөнінде құжаттар да сақталған. Дегенмен, Кеңес өкіметінің орнауына байланысты, 1918 жылдың көктемінің соңы – жазының басталуына орай Алаштың партия болып қалыптасуы аяқсыз қалды.
Халел Досмұхамедовтың төрағалығымен, А.Байтұрсынов, Ә.Көтібаров, М.Дулатов, А.Сейітовтың хатшылығымен өткен бірінші қазақ съезі ( 1917 жылдың 16-шілдесінде Орынбор қаласында өтті) делегаттары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси өміріне байланысты қаралған он төрт мәселе ішінде басты назарды ұлттық автономия, жер, құрылтай съезіне дайындық, баспасөз мәселелеріне аударды.
Съезде А.Байтұрсынов, М.Дулатов автономиялы тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру идеясын ұсынды. Ә.Бөкейханов демократиялық Федеративтік және парламенттік Россия Республикасының құрамында Қазақстан ұлттық территориялық автономиясы болуын қолдады. Съезд делегаттарының басым көпшілігі Әлихан ұсынысын жақтады.
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов сияқты қазақтың либералды интеллигенциясының көсемдері басқарған «Алаш» партиясының құрамына ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның белгілі өкілдері М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, Ғ.Қарашев, С.Торайғыров, Х.Ғаббасов, М.Дулатов және тағы басқалар енді.
1920 жылдың 25 қарашасында жарияланған «Жизнь национальностей» апталығында С.Сейфуллиннің «Манап-Шамиль» деген бүркеншік атпен «Қазақ интеллигенциясы» атты мақаласында, (ол «Қырғыз (қазақ) интеллигенциясының арасындағы партиялық» және «Қазақстанның кешегі революционерлері» деген екі бөлімнен тұрады) «Жас қазақ интеллигенциясына дем беруші басшылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және М.Дулатов» болғандығын айтады.
1910 жылы Ә.Бөкейхановтың «Қырғыздар (қазақтар) атты әйгілі мақаласында: «Жарқын болашақта қазақтар арасында қалыптасып келе жатқан екі саяси бағытқа сай екі партия құрылуы керек», – деп көрсетті.
«Алашорда» іс жүзінде 1918 жылдың ортасынан 1919 жылдың желтоқсанына дейін өмір сүрді. Россия үкіметінің территориялық автономиясы болуды мақсат тұтты. Азамат соғысы және шетел интервенциясы жылдары «Алаш» партиясы үшін түрлі шытырман оқиғаға толы қиын-қыстау кезең болып саналды.
Қазақ елінің оңаша отауын құрамыз. Ресей қол астындағы автономиясын алып береміз деген алаш қозғалысының идеясын Ресейде орнап жатқан большевиктер өкіметі, не тарихи сахнадан шығып жатқан уақытша үкіметтердің бірде-бірі қолдамады, мойындамады. Соның салдарынан 1919 жылдың наурыз айында А.Байтұрсынов, М.Дулатов бастаған Торғай отряды кеңес өкіметі жағына шыққаннан кейін не істерін білмей Алашорда қалжырай бастады. Ойыл уалаяты 1920 жылдың басына дейін өмір сүргенмен, бүкіл қазақтың тілегін ту қылып көтере алмады. Ереуілдеп шапқандардың шаңында қалған ел ауызбірліктің жоқтығынан опық жеді, қарсыласар, табан тіреп күресер күші болмады. Осы дүрбелеңді заңды деп танып, тағдырға мойын ұсынып, жоғымызды кеңес тауып берер деп үміттенгендер аз болса да айғайы жер жарды. Алашшыл оқығандардың «бұл төңкеріс қазақтың қалауымен, тілегімен болмаған жат құбылыс» [94] дегені тағы белгілі.
«Қазақ» газеті 1913 жылдың 2-ші ақпанынан бастап Орынборда аптасына бір рет шығып тұрған. Таралымы 3000, кейбір мағлұматтарда 8000-ға жеткен. Бірінші редакторы – белгілі ғалым, жазушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов, екінші редакторы – қоғам қайраткері, жазушы Міржақып Дулатов, бастырушысы – «Азамат» серіктігі, Хусаинов-Каримов баспаханасында басылып тұрған Газеттің 1918 жылғы сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков. Барлығы 265 нөмірі жарық көрді. [95]
Ұлттық-демократиялық бағытты уағыздайтын басылым өз төңірегіне мұғалімдердің айтарлықтай бөлігін, Орынбор мен Уфа қалаларындағы «Ғалия» мен «Хұсния» медреселерінде оқитын шәкірттерді топтастыра білді. Орта және жоғары білімді қазақ зиялыларының басым көпшілігі «Қазаққа» ерді. Әлихан Бөкейханов «Қазақ» газетінің басты жетекшісі болды, оның платформасын анықтауға атсалысты, бірақ газеттің күнделікті жұмысына араласып тұруына мүмкіндігі болмады. «Қазақ» қоғамдық-саяси газет болғандықтан, редакция алқасының үкімет саясатының жазылуына көп мән бергендігі байқалады. Олай болмағанда газеттің жабылып қалу қаупі бар еді. Бірақ, ондағы басты мақсат, патша өкіметіне жағыну емес– қазаққа үкімет жайын, оның не екені, мүдделері түсіндіріліп, жиылыс-мәжілістермен таныстыру еді. Мәселен, «Г.Дума» (1915 жыл, №145), «Дума һәм хүкімет» (1916 жыл, №207) атты материалдарда мемлекеттік дума және кеңес жұмыстары жөнінде жан-жақты түсінік берілген. Мақалалардың көпшілігі Ә.Бөкейхановтың «Қыр баласы» деген бүркеншік атымен жазылған.
«Қазақ» газеті бірінші орыс революциясы оятқан қазақ халқының белгілі қауымын ұйымдастыратын және оған басшылық жасайтын орталыққа айналды. Газет қазақтың саяси өмірі жөнінен маңызды мақалалар беріп тұрды, көптеген көкейтесті мәселелер бойынша пікірталастар ұйымдастырды және сол кездегі қоғамдық-саяси ойды бір арнаға бағыттаушы болды.[96]
«Қазақ» алғашқы санынан бастап халықты ағарту, оның саясатқа деген ынтасын арттырып, тарихи зердесін ояту және ұлттық сана сезімді тәрбиелеу міндеттерін алдына қойды. А.Байтұрсынов газетке «газет халықтың көзі, құлағы һәм үні» деген анықтама берді.
Газетке ХХ ғасырдың басындағы қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған Ә.Бөкейханов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, С.Дөнентаев, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ғ.Қарашев, А.Мәметов, Б.Серікбаев, Р.Малабаев, Қ.Қоңыратбаев сынды әдебиетіміздің дамуына үлесін қосқан ардақты азаматтарымыздың ғылыми шығармалары, әңгіме, өлеңдері басылып, аудармалар туралы сын мақалалармен қатар Л.Толстойдан, А.Чеховтан, М.Лермонтовтан, И.Крыловтан алғашқы аудармалар жарық көрді.
«Қазақ» газетін жаздырып алу жергілікті байлардың, болыс-билердің хат танитын барша қазақтың беделін, игілігін, мәдениет дәрежесін анықтайтын бәсекенің мәселесіне айналды. Ұзақ жылдар бойы жөнсіз тыйым салынып, туған халқының рухани өміріндегі орны мен рөлі мүлде сызылып тасталған осы газеттің бұқараны оқуға, өнер-білімге, ілгері елдердің үлгісіне шақырумен қатар, патша әкімшілігінің отарлау саясатын да батыл әшкерелеп отырған анық демократияшылдық бағыты бүгінгі күннің биігінен қарағанда да өте мәнді көрінеді.
Шындығына келсек, «Қазақ» газеті қазақты бұқаралық таптық езгіден азат етуді өзіне міндет етіп алған жоқ. Ауыр отарлық езгі, Столыпин реформасы салдарынан жер үшін күрестің шиеленісе түсуі, шаруашылық дағдарысының тереңдеуі, саяси-әлеуметтік құқықтың жоқтығы, міне, осындай жағдайда «Қазақ» жалпы ұлттық мәселелерді көтеріп, сол үшін күресті. Егер таптық және жалпыұлттық мүдделерінің белгілі бір қоғамдық даму сатыларында өзара ымыраға келе алатындығын есепке алсақ, «Қазақ» газетінің бұл ұстанған айқындамасы сол тарихи кезеңдердегі қазақ қоғамының объективті жағдайынан туындап, оның сол кездегі ең зәру талап-тілегін ұлт ретінде мақсат-мүддесін білдіретін еді.
Газеттің жалпыұлттық басылым ретінде ерекшелігі де, әлеуметтік шектеулігі де осы қырынан көрінген. Анығырақ айтқанда, «Қазақ» интеллигенциясы шет аймақтарда ұлы державалық мақсаттарды көздеген Столыпин реформасына байланысты үдей түскен ұлт-азаттық қозғалысының үні ретінде өмірге келді және 1918 жылдың наурызында жабылғанға дейін осы мақсатқа қызмет етті. Сонымен бірге оның бұл бағыты қазақ бұқарасының ауыр жағдайына іш тарта қарауға, қажет жерінде оған араша түсуге кедергі жасаған емес. «Қазақ» ең алдымен осы ұлттық бостандыққа байланысты өзекті мәселелерді тынымсыз көтеріп тұрғаны үшін де отаршыл әкімшіліктің қатал бақылауында болды.
Осындай түрлі қиындықтарға қарамастан газет алты жыл бойы үзіліссіз шығып тұрған. Сондықтан оның 265 нөмірінің әрқайсысы қазақ тарихындағы ояну дәуірінің күнтізбесі іспеттес. Себебі, «Қазақты» дүниеге келтірген және оның тұрақты авторларының қатарында Алаш қозғалысының бүкіл халық таныған жетекшілері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты қайраткерлер болды. Осы азаматтар мен олардың сенімді серіктері «Қазақ» газетін жалпыұлттық басылым дәрежесіне көтерді.
Достарыңызбен бөлісу: |