студенттерді ғылыми жұмысқа баулу мақсатында Инновациялық технологияларды қолдана отырып
сабақты деңгейлеп оқыту
Калиева Салтанат Абужаровна,
Маңғыстау гуманитарлық колледжінің I санатты информатика пәнінің оқытушысы
«Қазіргі заманда жастарға ақпараттық
технологиямен байланысты әлемдік стандартқа
сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет»
Н.Ә.Назарбаев
ХХI – ғасыр адамзат дамуының жаңа сатысы – ақпаратты қоғамға өтуімен сипаталады. Қазіргі уақытта адам іс - әрекетінің барлық салаларында компьютерлік технология кеңінен қолданылатын болды. Компьютер маңыздылығы барған сайын арта түсіп отыр. Осыған байланысты, жаңа бағдарламалардың тасқыны көптеген адамдарға кәсіптік – ақпараттық технология құралдарын жоғары дәрежеде білу қажеттілігін көрсетеді. Ал, сол қажеттілікті жүзеге асыру үшін не істеуіміз керек? Әрине, қазіргі таңдағы инновациялық технологияларды қолдана отырып, жоғары білікті, білімді маман дайындау біздің, яғни оқытушылардың міндеті. Оқыту үрдісі тиімді өту үшін біз оқытудың ұйымдастыру түрлерін дұрыс таңдауымыз қажет. Ескі тәсілмен оқыту, түсіндірмелі - кескіндемелік (иллюстративтік) оқытулар заман талабына қазір сай келмейді. Қазіргі таңда студент - ақпаратпен қаруланған, жан-жақты дамыған тұлға. Оның білімдік қабілеттерін дамыту үшін біздер, оқытушылар жан-жақты қаруланған болуымыз керек. «Балаға білім бергенде, алыстан жақынға, таныстан жатқа көшіп, жаңа білімді ескі білімге байлап беру керек» - деп М.Жұмабаев айтқандай, оқыту процесіне жаңа көзқараспен қарау керек. Сол себептен жаңа технологияларды енгізу арқылы, оқу процесінің деңгейі көтеріледі, қазіргі заман талабына сай дамыған тұлға тәрбиеленеді.
Қазіргі заманда білім беру әлеуметтік құрылымның маңызды элементтерінің біріне айналды. Дүние жүзінде білімнің әлеуметтік рөлі артты. Адамның болашағы, оның қазіргі алған білімнің сапасына, көлеміне, ойлау деңгейіне байланысты. Заман талабына сай оқытушылар инновациялық және интерактивтік әдістемелерін сабақта пайдалана отырып сабақтың сапалы әрі қызықты өтуіне ықпалын тигізуде.
«Инновация» ұғымын қарастырсақ, ғалымдардың көбі оған әртүрлі анықтамалар берген. Мысалы, Э.Раджерс былайша түсіндіреді: «Инновация – нақтылы бір адамға жаңа болып табылатын идея». Майлс: «Инновация – арнайы жаңа өзгеріс. Біз одан жүйелі міндеттеріміздің жүзеге асуын, шешімдерін күтеміз», - дейді. Қазақстанда ең алғаш «Инновация» ұғымына қазақ тілінде Н.Нұрахметов «Инновация – білім беру мекемелерінің жаңалықтарды жасау, меңгеру, қолдану және таратуға байланысты бір бөлек қызмет» деген анықтаманы ұсынды.
Инновациялық үрдістің негізі – жаңалықтарды қалыптастыру, қолдану, жүзеге асырудың тұтастық қызметі. Кез келген жаңа әдіс жекелік, сондай-ақ уақытша жоспарға жатады. Бұл яғни, бір оқытушы үшін табылған жаңа әдіс, жаңалық басқа оқытушы үшін өтілген материал тәрізді.
Инновацияны «жаңашыл», «жаңа әдіс», «өзгеріс», «әдістеме», «жаңашылдық», ал инновациялық үрдісті «жаңа әдістеме құралы» деп қарауға болады. Инновация білім деңгейінің көтерілуіне жағдай туғызады. Инновациялық технологияны меңгеру оқытушының интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін - өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Инновациялық педагогикалық технологияларын шығармашылық қабілеттерін арттыруға өз үлесін қосады.
Оқытуды екі түрлі мағынада қарауға болады. Біріншісі – оқу орнында арнайы пәндерді оқыту. Екіншісі - өмірді оқыту, өмірге үйрету. Тәрбиелеу мен оқыту – егіз ұғым. Оқыта отырып тәрбиелейміз, тәрбиелей отырып оқытамыз. Оқыту тәрбиеге қарағанда нақтылау. Оқыту үйрету арқылы іске асады. Бұл оқытудың маңызы. Оқыту – тәрбиенің құрамды бөлігі, қайнар көзі, жүйелі түрі. Оқыту арқылы тәрбиенің саналылығын, руханилығын, әсемділігін, адамгершілікке баулу жолын, еңбекшілігін, т.б. айқындар толықтыруға болады. Оқыту – тәрбиенің интеллектуалды түрі. Оқытудың инновациялық технология бойынша әдістемелік жүйесі, осы мақсатта сапалы нәтижеге жеткізуге мүмкіндік беретін танымдық іс-әрекеттер түрлерінің мазмұнын, белгілі деңгейде белсенділігін көздейді. Осы екі үрдістің өзара сапалы нәтижесінде оқушының өз ісіне сенімділігін, жауапкершілік сезімін, шығармашылық қабілеттілігін қалыптастыру мақсатын жүзеге асыруға жағдай туғызатын оқытудың инновациялық негізгі түрлері анықталады.
Инновациялық технологиялардың педагогикалық негізгі қағидалары:
студенттің танымдық күшін қалыптастыру және дамыту;
студенттің өз бетімен әрекеттену әдістерін меңгерту;
студенттің танымдылық және шығармашылық икемділігін дамыту;
әр студентті оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне орай оқыту;
барлық студенттердің дамуы үшін жүйелі жұмыс істеу.
Әдіскер С.Көшімбетова өзінің зерттеуінде оқу-тәрбие үрдісінде оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін қолданудың мынадай ерекшеліктерін атап көрсеткен:
дербес оқыту технологиясы оқу-тәрбие үрдісінде ғылымның негіздерін игерту үшін ізгілік, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыра отырып, жеке тұлғаның әлеуметтік-психологиялық жауапкершілін арттырады;
қоғам мен табиғат заңдылықтарын кіріктіру негізінде меңгеруі;
оқытушы білмейтін шығармашылық ізденіс негізінде өмірге келген жаңа қабілет;
саралап деңгейлел оқыту технологиясында оқытудың мазмұны мен әдістері шығармашылық ізденіс іс-әрекет жасау негізінде адамның инновациялық қабілеттерінің қалыптасуына бағытталады;
ақпараттық бағдарламалар оқыту – оқытудың мазмұнын пәнаралық байланыс тұрғысынан ұйымдастыру;
иллюстрациялы түсіндірмелі оқытуда «адам-қоғам-табиғат» үйлесімдік бағыттағы дүниетанымында жүйелі саналы мәдениет қалыптасады;
ізгілендіру технологиясында педагогика ғылымының алдыңғы қатарлы ғылыми жаңалықтарды тәжірибеде «бала –субъект», «бала-объект» тұрғысынан енгізіле бастайды да, ал ғылыми білімдер «оның тұрмысының әлеуметтік жағдайы мен іс-әрекетінің әлеуметтік нәтижесінің бірлігінде қарастырады;
Ал, жалпы инновацияны модификациялық, комбинаторлық, радикалдық деп үш түрге бөлуге болады.
Модификациялық инновация – бұл бұрын қолда барды дамытумен, түрін өзгертумен айналысу. Бұған В.Ф.Шаталовтың математикаға жазған тірек конспектісі және оны көптеген оқытушылардың пайдалануы мысал бола алады.
Комбинаторлық модификация – бұрын пайдаланылмаған, белгілі әдістеме элементтерін жаңаша құрастыру. Бұған пәндерді оқытудың қазіргі кездегі әдістемесі дәлел.
Радикалдық инновация – білімге мемлекеттік стандарттарды енгізу жатады. Мемлекеттік стандарт білім беруде, негізінен, мөлшерлерді, параметрлерді, деңгейлік және сапалы оқытудың көрсеткіштерін қалыптастырады [1].
Жылдар бойы сабақ жүргізу нәтижесінде студенттің білім сапасын көтеруге, олардың пәнге деген қызығушылығын арттыру барысында жан-жақтылыққа ұмтыламыз және ізденеміз. Алдында отырған студенттің білім деңгейі, білімді менгеру дағдысы барлығында бірдей болуы мүмкін емес жағдай. Сондықтан Қараевтың насихаттап жүрген деңгейлеп оқыту технологиясында студентті жан-жақты мүмкіндігін ескере отырып, жеңілден ауырына қарай деген принципті қолдана отырып, жүйелі түрде қойылатын мақсат – білім, білік дағдыларын тұрақты болуына, өз бетімен жұмыс істеу қабілетінің дамуына ықпал ету керек.
Деңгейлік тапсырмаларды жүргізудегі негізгі мақсат:
студенттердің қабілетін ашу;
пәнге қызығушылығын арттыру;
шығармашылыққа іздендіру.
Осы мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттерді жүзеге асыру қажет:
студенттердің өздігінен білімін толықтыру;
берілген білімді пысықтау;
шығармашылық қабілетін арттыру.
Осындай мәселелерді жүзеге асырар болсақ, онда осы технология арқылы:
студенттерге пәндік ғылыми негіздерін меңгертуге болады.
Деңгейлеп оқыту технологиясының мақсаты:
әр студенттің қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне сәйкес тапсырмалар орындауы;
оқытуды әр студенттің ерекшелігіне сәйкес бейімдеу.
Сонымен қатар, деңгейлеп оқыту технологиясы топ ішінде дарынды студенттерді анықтауға көмектеседі. Студенттердің өз бетінше деңгейлік тапсырмаларды орындауына қарай топтың білімінің қаншалықты төмен немесе жоғары екенін анықтауға болады.
Деңгейлеп оқытудың тиімді жақтары:
Әр студент өздігінен жұмыс істеуге дағдыланады;
Студенттің жеке қабілеті анықталады;
Іштей бір-бірінен қалмауға тырысады;
Тапсырманың күрделену деңгейіне сәйкес студенттің ойлау қабілеті артады;
Әр студент өз деңгейіне, қабілетіне қарай бағаланады [2].
Деңгейлеп оқыту технологиясында жұмыс міндетті үш деңгейлік, қосымша шығармашылық деңгей талаптарынан тұрады. Оның басты мақсаты - студенттерді «қабілетті - қабілетсіз» деген жіктерге бөлуді болдырмау. Сабақта қандай студент болмасын, жақсы оқитынына қарамастан жұмысты I деңгейден орындайды, I деңгейді орындаған студент «3» деген бағамен бағаланады. Әр студент I деңгейді орындауға міндетті және одан жоғарғы деңгейдегі тапсырмаларды орындауға құқылы. Осы тұрғыдан алғанда «үлгерімі төмен баяу» студент жақсы оқитын студентке ілесе алмай жатырса не істеуге болады? деген сұрақ туады, I деңгейден аса алмай жатырған жағдайда қалған тапсырмаларды үйде орындауға беру керек.
Деңгейлеп оқыту технологиясы жаңаша өзгерген мақсатпен студенттердің өздігінен танып, іздену іс-әрекеттерін меңгертуді талап етеді. Бұл технологияда бірінші орында студент тұрады және өз бетімен білім алудағы белсенділігіне аса назар аударылады.
Осы мақсатта күнделікті сабақты бірсарынды өткізбей, студенттерді пәнге байланысты әртүрлі деңгейленген тапсырмалар көмегімен бағалау керек, яғни студенттер берілген тапсырманы өзінің деңгейінде орындайды да әр тапсырмалардың деңгейіне қарай белгіленген ұпайға сәйкес бағаланып, бағалау қағазында барлық тапсырманың ұпай санын қосып, нәтижесінде тиісті бағасын алады. Бұл әдіс, бір жағынан, уақытты үнемдеуге тиімді және студенттердің шапшаңдығын көрсетеді. Студенттер тапсырмаларды орындау кезінде көмекші құрал ретінде тапсырмаларға сәйкес бейне жазбаларды ұсынған дұрыс, яғни бұл жерде «Естідім- ұмыттым, оқыдым - есімде, жасадым - білемін» деген қытай жазбасын басты назарға алу керек. Себебі студенттің есінде ауызша айтқаннан гөрі, бейне жазбамен баяндап көрсету жақсы сақталады. Деңгейленген тапсырмаларды орындату арқылы шығармашылық қабілеті бар студенттерді анықтап, оларды ғылыми жұмыстармен жұмыстануға баулуымыз керек.
Студенттердің ғылыми – зерттеу жұмысының түсінігі келесі элементтерді біріктіреді:
Студенттерді зерттеу еңбегінің негізіне оқыту, оларға нақты дағдыларды енгізу;
Оқытушының жетекшілігімен ғылыми зерттеулерді орындау.
Студенттік ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың негізгі бағыттары мен ерекшеліктері:
Түрлі ғылыми – зерттеу жұмыстарды орындауда студенттер мен оқытушылардың бірлесе жұмылуының арқасында оқу үдерісі сапасын көтеру;
Студенттердің қолданбалы, әдістемелік, ізденушілік және іргелі ғылыми зерттеулер жүргізуге қатысуы;
Студенттердің өз бетінше тұжырымдар мен қорытындылар жасай білу қабілетін дамыту;
Студенттерді шығармашылық жұмыстарға тарту;
Студенттердің оқу жоспарынан тыс жүзеге асырылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарына кеңінен қатысуы;
Студенттердің әртүрлі ұйымдастыру – құқықтық формаларының ғылыми-шығармашылық бірлестіктерінде білім мен кәсіпкерлікті ұштастыру.
Студенттердің ғылыми – зерттеу жұмыстарымен айналысуын оқу кезеңінде үздіксіз
қамтамасыз ету керек. Студенттердің ғылыми – зерттеу жұмыстары жоғары білім берудің негізгі бөлігі және маман даярлаудың сапасын арттырудың тиімді тәсілі болып саналады. Ғылыми – зерттеу жұмыстарға қатысу студенттің ғылыми, техникалық және әлеуметтік дүниетанымын кеңейтуге, жаңа идеаларды өз бетінше игеруге, ғылыми ақпараттар тасқынында жедел әрі тиімді бағыт ұстануға бейімдейді.
Студенттердің ғылыми – зерттеу жұмысы, оқу, ғылыми және тәжірибелік
үдерістері қызметтік әртүрлі формаларымен, шығармашылық еңбектің дағдыларын алуға мүмкіндік тудыратын табиғи байланысты, сонымен қатар, олимпиадаларға, жарыстарға, студенттік семинарлар мен ғылыми конференцияларға қатысуды; ғылыми-зерттеу тәжірибелерін ұйымдастыруды; ғылыми-зерттеу жобаларын орындауға қатысуды болжайды.
Студенттердің ғылыми – зерттеу жұмысын ұйымдастыру формалары – ғылыми
зертханалар, үйірмелер, студенттік ғылыми орталықтар ұжыммен өзара қарым-қатынасын жасауға мүмкіндік береді, өзінің ұйымдастырушылық және лидерлік қабілеттерін көрсетуге, өзіне және қоршаған ортаға сыни қатынасының дәрежесін реттеуге, төзімділікке үйретеді [3].
Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, дамыту – студент шығармашылығын қалыптастырудың нақты жолдарының бірі екенін де естен шығармау қажет. Бұл жұмыс заманауи ақпараттық технологияларды қолдана отырып, қажетті бағдарлы базаларға еніп, мәліметтер қорымен жұмыс жасауды қамтамасыз етеді. Қазіргі оқытушының басты қызметі – білім беру мен жеке тұлға тәрбиесін сабақтастыру болса, студенттермен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы олардың өзін-өзі дамыту, айқындай үдері қалыптастырылыды. Ғылыми жұмыстарды орындау барысында студенттер ғылыми әдебиеттермен, интернет арқылы мәліметтер жинап, бақылау жұмыстарын жүргізеді, зерттеу жұмыс жоспарын жасайды.
Атап айтқанда:
тақырыбын таңдау;
мақсат-міндеттерін қою;
зерттеудің теориялық, тәжірибелік маңыздылығы;
тақырыпқа сай мәліметтер жинау;
теориялық білімінің жоспарын талдау;
тәжірибелік бөлімнің жоспарын талдау, зерттеуге керекті тәжірибе жүргізу;
нәтижелерін талдау;
түзетулер орындау;
презентациялау;
жобаны қорғау.
Күнделікті сабақтарда өтілетін бағдарламаларды теория жүзінде ғана өтіп қоймай, сол бағдарламаның тиімділігін, қандай салада қолдануға болатынын айтып, көрсетіп, студенттердің пәнге деген қызығушылығын арттыруға болады. Менің негізгі мақсатым – студенттерді ғылыми жұмысқа баули отырып, бағдарламаларды жетік меңгерту. Сондықтан бағдарламаларды тек сабақ кезінде өтіп қана қоймай, студенттерге сабақтан тыс тапсырмалар беру арқылы ізденімпаз, бағдарламаға қызығушылығы бар студенттердің бар екенін айқындаймын және сол студенттердің одан әрі ізденуіне көмектесуге тырысамын. Нәтижесінде ғылыми жұмыстармен жұмыс жасауға дағдыланған студенттерді колледжішілік, облыстық ғылыми - студенттік конференцияларға қатыстыруды мақсат тұтамыз. Студенттерді ғылыми жұмысқа қатыстыру жан-жақтылыққа, олардың бағарламаларды жетік меңгеруіне, білімділікке, ұжымшылдыққа тәрбиелейді.
Осындай әдістерді қолдана отырып, студенттердің жеке ізденуіне және пәнге деген қызығушылығын оятып, ғылыми жұмыстармен шұғылдануға баулуға болатынын тәжірибемізде көрсетіп жүрміз.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
С.Көшімбетова «Инновациялық технологияны білім сапасын көтеруде пайдалану мүмкіндіктері», Алматы, 2008 ж.
Деңгейлеп оқыту тиімділігі / Қазақстан мектебі, 2002 ж.
Е.В.Бережнова «Основы исследовательской деятельности студентов: учебник для студ.сред.пед.учеб.заведений», Москва, 2005 г.
«Информатика негіздері» ғылыми-әдістемелік журнал, №2, 2013 ж.
Калиева Салтанат Абужаровна
Ақтау қаласындағы шетел тілдері колледжінің оқытушысы
Студенттерді ғылыми жұмысқа баулу мақсатында инновациялық технологияларды қолдана отырып сабақты деңгейлеп оқыту
Достарыңызбен бөлісу: |