6. Оқу қызметінің жүйесі. Оқушылардың сабақ үстінде материалды игеру сапасы мен ойлау белсенділігін арттыру үшін оқу қызметінің түрлерін ауық-ауық алмастырып отыру керек. Бірақ жөнсіз алмастыру оқушыларды ойлау қызметіне жұмылдыруға игі әсер етпейтінін ескерген жөн. Мәселен, мұғалім сабақтың басында өткен тақырыптар бойынша өздігінен орындайтын жұмыс беріп, содан кейін жаңа материалды баяндауға кіріссе, оқушылардың зейінін жаңа тақырыпқа аудару қиындык туғызуы мумкін.
Сондықтан жаңа материал бұрын өтілгенге тікелей байланысты болмаса, оқушылардың бар зейіні мен назарын жұмылдырып, сабақты жаңа материалды баяндаудан бастаған жөн. Үй тапсырмасын тексеруді сабақтың соңына немесе келесі сабаққа қалдырған дұрыс, өйткені әрбір сабақ оқу қызметінің жалпы жүйесінде аяқталған құрылымдық бірлікті көрсетуі тиіс.
Белгілі бір тақырып бойынша өткізілетін сабақтардың әр алуан типтері, математика сабақтарының жалпы жуйесінің өзара тығыз байланысты ішкі жүйесін құруы керек. Математика сабақтарының жалпы жүйесі сабақтарды, оку конференцияларын, семинарларды, факультативтік және үйірме сабақтарын, экскурсияларды, лабораториялық (көрнекі құралдар жасау, әр түрлі өлшеу немесе есептеу және т.б.) практикумдар, зачеттер және емтихандарды қамтиды.
Математика сабақтарының жалпы жүйесі жайында сөз еткенде, оған енетін буындарды жүзеге асыру ретінде назар аударумен қатар сабақтың жалпы педагогикалық, дидактикалық және әдістемелік мақсаттарын жүзеге асыру үшін оқыту әдістерінің оқытылатын материалдың мазмұны мен сабақ жүйесінің буындары арасында тығыз байланыс орнату арқылы оқыту процесінің тұтастығын қамтамасыз ету қажет.
Сабақтың негізгі құрамдас бөліктерінің арасындағы байланыстарды схемалық түрде былай өрнектеуге болады [46, 32].
Жалпы педагогикалық мақсат — оқушыларға тәрбие беру және жан-жақтылы дамыту, ал дидактикалық мақсат оқу жүйесінің қай буыны сабақта орындалатынына, қай буын ең бастысы болатынына жөн сілтеу. Әдістемелік мақсат оқушылар сабақта қандай математикалық білім мен іскерлікті қаншалықты тереңдікте игеру керектігін анықтайды.
Егер жүйелік әдіс идеяларын басшылыққа алсақ, онда сабақты өзара тығыз байланысты күрделі құрылымдардан тұратын біртұтас жүйе ретінде қарастыруға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |