Жадыра:
Бұл1963 жыл болатын. Шәмші ол кезде Қызылорда облыстық халық шығармашылығы үйінде бастық еді. Ал обком хатшысы Жарқымбеков Қаржаубек болатын. Бір күні сол кісі ән – би ансамблін құруды тапсырады. Обком қолдап тұрғанда не жан бар, бәрі іске кірісе кетеді. Енді бағдарламасы дайын болған кезде, алып қараса, халыққа жалау ғып ұстайтын әні болмай қалады. Енді не істеу керек?
«Шәмшіні шақырыңдар, сыр бойына арнап ән жазсын» - деді Қаржаубек. Оның «Сыр сұлуы» әні осылайша жазылды.
Жайна:
Қымбатты бала жанының инженері, ұстаздар, бәрімізге белгілі Шәмші – ұлы сазгер.
Дәулет:
Шәмші – әнші.
Жайна:
Шәмші – үлкен адамгершілік иесі.
Дәулет:
Шәмші - ақын.
Жайна:
Ақын? Шәмші атамызда ақындық қасиет те болған ба?
Дәулет:
Болғанда қандай. Бірақ бар ғой, Жайна,ол кісі өлеңді аз жазған көрінеді.
Жайна:
Олай болса, Шәмші ақындығына куә болыңыздар.
Жазира:
Ия, Шәмші атаның ұтымды да ұтқыр уытты әзілдері мен беймәлім ақындық қырлары да болған екен. Бір ғана мысал М.Шахановтың жас кезі. Бойдақ. Үйленбеген. Шымкентте тұратын кезі. Бір күні Шәмші аға үйіне іздеп барса, Мұхтар інісі өзінің туған жері Қызылқұмға жол жүріп кетсе керек. Сол мезетте қойнынан қалам – қағазын суырып алып, Шәмші аға мынадай бір – екі шумақ жазып қалдырыпты.
Мұхтар осы шынымен бұзылдың ба,
Немесе неге кеттің Қызылқұмға?
8 март мейрамы қарсаңында,
Бір емес қыздың тастап жүзін мұнда.
Кетпегін Шәуілдірдің сайында ағып,
Қалмағын Қызылқұмда қайындалып.
Біреуді ертіп келсең өзің білгін,
Біз отырмыз осында дайындалып.
Немесе Төлеген Айбергеновтің «Арман сапары» атты қырғыштың қырындай жұп-жұқа тұңғыш жинағына жазып берген қолтаңбасы:
Көбеюде бүгінде
Ақындардың қатары
Бес-ақ тиын тұратын
Не деген «Арман сапары»
Сымбат:
Шәмші ағамыз өз естеліктерінде былай деген екен.
Үйленбекші болып жүрген қызым, нілдей бұзылып, мен қатты састым. Сонда ақылдасқан достарым «Әй, сен композитор емессің бе? Бір ән арна да алып бар, қарамай көрсін» деп қайрады. Жан мен жүрек бірдей қысылғаннан ба, әлде шабыт шіркін солай келді ме, бұл жолы әнін де сөзін де өзім жаздым
Әлі де бұл көңіліме толмай арман,
Жас көңіл еш нәрсеге болмай алаң.
Бейхабар жүр едім ғой махаббаттан,
Қол созып құшақ жайған қандай адам.
Қалайша жүрегімді алдай алам.
Мен оны жалғыз саған арнай алам,
Бейхабар жүр едім ғой махаббаттан,
Дариға – ай, құшақ жайған қандай адам.
Міне, осы әнмен сүйген қызымның бетін бері қараттым» дейді Шәмші.
Жайна:
Әуенінде жатушы еді қанша мән.
Түсінуші еді, сезінуші еді барша адам
Сәттерінде бір арманды аңсаған,
Кездерінде тіршіліктен шаршаған,
Әнін тыңдап жанын шыңдап алатын,
Қазағыма мәңгі мұра қалдырған
Неткен ұлы Шәмші ағам! – деп Шәмшінің ұлылығын өз жырларына арқау еткен белгілі ақындарымыздың өлеңдерін тыңдап көрейік. Сөз «Кеудем кейде мұңлылау ән салады, Іздеймін көп сондайда Шәмші ағаны» тобында
Айнұр:
«Шәмші ағаны аңсау» Т.Рахым.
Кеудем кейде мұңлылау ән салады.
Іздеймін көп сондайда Шәмші ағаны,
Сол ағама алдымен тыңдатуға
Жетсем деймін, жеткізбес болса – дағы
Ай көрінбей қалғандай айна көктен,
Менің жайсан жай ағам қайда кеткен,
Сыры нәзік жандарды сағындырып,
Жылдар өткен, соңынан айлар өткен.
Кездер емес – жайнайтын жанар жаздай
Қаңқылдап көп көліне қонар қаздай
Әсем сазды, әсерлі, ерке назды,
Жүр неліктен Шәмші ағам жаңа ән жазбай?
Ұқтырады тек әнмен сырын ғашық
Сезімдердің жұлдызы жымыңдасып
Жан балқытар әуенді төкпей ме енді.
Қайран Шәкең күйсандық тілін басып...
Жайна:
М.Шаханов «Қалдаяқов өзені»
Дәулет:
Ән аға немесе Шәмшімен сырласу.
Шәмші дүниеден өтті. Оның әнін, өзін сағынған жас ақын аласұрды. Іштей өзімен –өзі арпалысты. Шәмшімен сырласты. Ағасына деген сағыныш өмірге өлең боп өрілді.
Жайна:
Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясының бас директоры Қалдыбек Құрманәлиевтің сөзіне жазылған Ибрагим Исаевтың әні «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу»
Жанғали:
Шәмші өлгеннен кейін Қазақстанның халық ақыны, Шәмшінің жерлесі Ә.Қалдыбекова мына жоқтауды жазған екен.
Шәмші де Шәмші, Шәмшіекем
Айырдан туған нарша екен.
Шәмшіекем деген дауысым,
Құлағыңа барса екен.
Жүзіктің әсем көзіндей
Жезтаңдай небір әнші өтер.
Уылжып қалған үзілмей,
Таңдайға басқан бал шекер
Айыра алмас ел көзін
Келісті туған кербезім.
Ішпей- жемей балқытып,
Жүректің қылын тербедің.
Ақсия күлген жүзің-ай
Аз ғана дәурен қызық-ай
Айдынға шыққан ақ кемең,
Араны кетті үзіп-ай.
Көгілдір аққу көсемім.
Сөйлесе сөзге шешенім.
Қараша қалың жұртыңның
Тілеуші ең аман-есенін
Тарланның жолы тобарсаң
Тартады сыздап жон арқам
Дәміне таңдай қақтырған
Отырардағы омартам
Өзіңнен қалған игілік
Тамырға сіңді идіріп
Кеудеңе жалпақ жалғанды
Жіберуші едің сыйдырып
Нүрия:
Шәуілдірдің дүр ұлы
Шадиярлардың ұрығы
Алпыстан жасын асырмай,
Ажалдың жетті құрығы.
Қалың елің егілген
Қабырғасы сөгілген
Сарыбелдегі сағым нұр
Сарғайта бермей сабыр қыл.
Қамшы ұстаған қазақтың
Көкірегінде әнің жүр
Жазылып жұртың жаралы
Алаштың ашық алаңы
Дөңгелеп билеп сазыңмен,
Ғасыр да көшіп барады.
Дәулет:
Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ. Яғни Шәмші бәрімізге ортақ. Ол тарлан ақынға да, қаламы ұштала қоймаған жас ақынға жа ортақ.
Жайна:
Ендеше, кезек мектебіміздің жас ақындарының Шәмші рухына арнаған өлеңдерінде
(Тәкен, Нурила, Гүлнұр, Назерке өз өлеңдерін оқиды)
Дәулет:
Қымбатты ұстаздар, Шәмші әндерімен рухтанып өскен аға ұрпақ. Қазір сіздермен «Әуенді тап» мини – байқауын өткіземіз. Қазір әуен ойналады. Сіздер соның қай әннің әуені екенін табасыздар. Білсеңіздер, бір-екі шумағын айтып бересіздер.
Жайна:
Әндерің ғасырларға жалғасатын,
Жаңғырып жадымызда қалар атың.
Дүбірлі дүниені түгел шолсам
Өзіңнен сазгер әнші бар ма асатын.
Шәмші әндерінен попурри
Жайна:
Қымбатты да ардақты қонақтар. Ш.Қалдаяқовтың әндері мен шығармашылығын 1 сағатқа сыйғызу мүмкін емес. «Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі» - деп заңғар жазушымыз М.Әуезов айтқандай, бүгінгі Ш.Қалдаяқов әндері дарынды, талантты, өнерлі жеткіншектерге рухани мол қазына болып, олар өнер биігіне құлшыныспен өрлеп, сусындай берсін деген ниетпен «Ұлтымыздың ұлы өзені, Қалдаяқов өзені» деген сабағымызды аяқтаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |