Ғабиден Мұстафин туралы



жүктеу 26,84 Kb.
Дата12.11.2023
өлшемі26,84 Kb.
#44257
Мұстафин туралы Мұқанов мақаласы


Ғабиден Мұстафин туралы

1926 жылдың жазында (июнь айының аяғы болуға тиіс) мен Қызылжар (Петропавл) қаласынан Қызылордаға ауыссам, әдеттенбеген адамға, бұл қаланың ауа райы күйіп тұр екен. Қалада жан-сая, тек, түнгі мезгілдерде ғана табылады: іңірден бастап күн шыққанға дейін ауа салқындайды да, күндіз көйлекшең әрең жүретін жұрт, кейбір кештерде костюм киеді. Салқын түнде серуендейтін жұрттың жүрер жері, — көшелер, әсіресе, — Карл Маркс, Ленин аталатын көшелер, өйткені — ол кезде, осы екі көшенің ғана бойындағы үйлердің қақпасына май шамның фонарлары ілініп, көмескі болса да кешеге сәуле түседі, өзге көшелердің бәрі де тастай қараңғы. Қызылордада ол кезде, бірі — «Жаңа», бірі — «Ескі» аталатын екі бақша бар, бірақ кешке жарығы болмағандықтан, күндіз болмаса, түнде ол бақшаларға жұрт аяғын аттап баспайды. Оған себеп «ұрылар жүреді» деген қауесеттің тарауы. Жұртпен бірге серуенге шығатын мен, уақытымның денін көбінесе Сәкен Сейфуллиннің, қасында өткізем. Оған себеп: біріншіден, Сәкеннің күлдіргі әңгімелері көп және қызық болады; екіншіден, сол қызық әңгімелерді тыңдауға жолдас-жоралары көп жиналады. Жиналып серуендеген, ауыздары күлкіден жиылмаған жұрт, көбінесе, таң ата тарқасады.


Бірақ, бұндай компания күн сайын бола бермейді. Кейбір кештерде Сәкен етене болып кеткен азын-аулақ жолдастарымен ғана серуендейді, сонда, көбірек жүретін адамның біреуі Маркс пен Ленин бұрышындағы еңсесі биік, қыш (кірпіш) үйде тұратын Сәкеннің қақпа қасындағы көршісі — Фельбаум аталатын ергежейлі жебірей. Бұл адам аса шебер сағатшы. Бойының биіктігі 75 сантиметрдей ғана оның мінезі мейлінше тәкаппар. Ол Сәкеннен басқа жұрттың көбін менсінбейтің «жас жазушымыз» дейтін біздерге пысқыра қарайтын сөздері түйеден түскендей ірі адам. Өзі қолтоқпақтай бола тұра, әйелі биік бойлы, семіз, денелі адамнан алған. Фельбаум көшеге шықса, әйелі қасынан қалмайды жөне үнемі қолтықтап жүреді, сонда, қолының басы, ерінің қолтығына әрең жетеді. Сәкен кейбір кештерін Фельбауммен және оның әйелімен бірге өткізіп серуендейді. Әйелі Фельбаумды сол жағынан қолтықтайды, Сәкен оң жағында жүреді. Жасының үлкендігінен бе, көршілігінен бе, тәкаппарлығынан ба — Фельбаум Сәкенмен «сен» деп сөйлесіп, қайдағы бір мемлекеттік, ғылымдық, немесе. эстетикалық жайларды әңгімелесіп кетеді. Фельбаумның мінездерін көру, әңгімелерін тыңдау маған да аса қызық боп, Сәкенмен серуенге шыққан шақтарында қасынан қалмаймын. Фельбаумның тәкаппарлығы сондай — егер Сәкен атап шақырмаса, үйіне бас сұқпай кешеде ғана кездеседі. Күлкішіл, сықаққой Сәкен, Фельбаумды мінез-қылықтарын қызық көріп ертеді де, көзіне ешбір сыр білдірмей, тек, оңашада ғана «алай-былай» деп күліп отырады.
Бір кеште Сәкеннің үйіне барсам, Фельбаум екеуі қақпа алдында тұр екен. Серуендемей тұрған себептерін сұрасам, Сәкен «үйіме қонақ келетін еді» дейді. Кешікпей қонақтары да келді: өздерін «Спасовка жұмысшыларымыз» деп атайтын Нұрмақ Байсалықов, Аманбай Қаспақбаев, Шектібаев, Орымбек Беков дейтін жігіттер, қастарында әйелдері бар, бәрі де Қызылордадағы қызметкерлер. Осы адамдардың арасында: қисық жаға ақ көйлек киген, ақ кенеп шалбарлы, белін бұрамалы шашақты ақ белбеумен байлаған, көшенің көмескі жарығында өңі қуқылдау көрінген, қылаңдау шашын кірпі (ежик) ғып қырықтырған, жасаңдау жігіт байқалады. Сәкен маған оны «Біздің елдің жігіті, Ғабиден Мұстафин» деп, қасындағы қоңыр өңді, талдырмаш, әдеміше әйелді «келіншегі» деп таныстырды.
Сәкеннің қонағасысы қазақша ғана болатын: қымыз, ет, шай беретің аздап қана ішімдік (көбінесе — қызыл шарап) қоятын бірақ, өзі одан татпаған соң, қонақтары да сыпайысып, құмартып іше қоймайтын. Сәкеннің мәжілісінде, күлдіргі сөздерді өзі көбірек айтып, сыпайысыған қонақтары тыңдауды, күлуді жақсы көретін. Осы «тәртіпті» бірен-саран ғана кісі бұзатын сондайлардың біреуі Орымбек Беков. «Жұмысшы семьясынан шықтым» дейтін сол бір кезеңде «Жер-су жұмысшыларының Кәсіп Одағы» аталатын мекеме де председатель болып қызмет атқаратын Орымбек, ете қуақы, әңгімешіл, күлдіргі адам болатын. Өзі орыс тіліне де, қазақ тіліне де, жүйрік, шешен адам. Сәкен үйінде болған мәжілісте сол адам ғана сумаңдай сөйлеп, көпті күлдіріп отырды да, басқа қонақтар сыпайылықтан аспады. Солардың бірі — әлгі Ғабиден Мұстафин. Кескін-келбетіне жарықта қарасам, ол өңі ақшыл сары, көзі көк, кірпігі, қара, шашы ақ сары, орыс өңді жігіт екен (ол жайдағы кейбір қызық әңгімені кейінірек айтам. Әйелінің аты — Зейнел екен. Осы арада бір қызық әңгіме айтылып, жұрт күліп алды: бұрынғы Омбы үйезінің қазақтарынан, революциядан нұрын шығып, бірнеше өлең жинақтарын жариялаған, өзі татаршалап жазатын «Зейнел-Ғабиден» есімді адам болған. Руы Қарауыл ішінде Жауар тұқымына жататын әкімшілік орталығы Омбы болған ол, кітаптарының сыртынан аты-жөнін: «Зәйнө-әл-Ғабиден, әл Жауари, әл Омскауи» дей қоятын. Осы — «Зейнел-Ғабиденнің» «Зейнелі» де, «Ғабидені» де ерлі-зайыпты Мұстафиндерден табылды...
Ғабиденнің кім екенің ертеңіне күндіз барғанымда, Сәкеннен естідім.
— Түндегі сарын, кім? — деген сұрауыма, Сәкеннің берген жауабы:
— Арғын руында Қуандық, Сүйіндік дейтін тармақтар бар ғой. Ғабиден екеуміз осы Қуандыққа жатамыз. Қуандық: Алтай, Қарпық болып бөлінгенде, Ғабиден Алтай да, мен — Қарпықпын. Алтай: Сармантай, Мурат болып бөлінгенде, Ғабиден — Мураты да, әйелі Зейнел — Сармантай. Мурат ішінде Ғабидендерді Матай деседі. Матайдан Қыдыр, "дан Ғабиденнің әкесі — Мұстапа. Біздің Қуандықта: Ақ Мұстапа, Қара Мұстапа, Сары Мұстапа деген атақты үш Мұстапа болған. Қара Мұстапаның аты байлықпен шыққан. Ақ Мұстапа — қазіргі жоғарғы сот қызметкері — Сапар Мұстафиннің әкесі. Ол бай болмаған, бірақ ел ішінде беделді, әділ болған адам, сондықтан да ел «ақ» деген ат қойған. Сары Мұстапа — Ғабиденнің әкесі. Бұл да орта дәулетті, беделді, әділ және қажырлы кісі болып халық сыйлаған. Өзі діншіл болып, бір рет өз күшімен, бір рет бәделдікке1 — екі рет хажыға барған кісі.
Мұстападан бес-алты ұл туған болу керек, солардың бірі Ғабиден. Ол паспортында, — 1902 жылы туған болып жазылады. Ал, әкесі — Мұстапаның, айтуынша, Сиыр жылы туған, онда «1902 жыл» емес, «1901 жыл» болып шығады. Шаруасы шағын адам болғанмен, Мұстапа өзге балаларын да, Ғабиденді де жалшылыққа бермеген, еркін, бұла ғып есірген. Соның бір елесі, Ғабиденнің соңғы еңбегі «Дауылдан кейінде» көрінеді, романның бас геройы — Сапар Ғабиденнің өзіне ұқсайды. Өзге балаларына да «жақсы жер» аталатын адамдардың қыздарын әперген Мұстапа, Ғабиденді алғаш, сол маңайдың атақты байы (қазақ арасына келіп қазақ болып кеткен өзбек) Сейіткемелдің Әубәкірінің қызына үйлендіреді. Бұл жөнде, 1948 жылы жазған өмірбаянында, Ғабиден төмендегі сөздерді айтады.
«Менің өскен ортам алпыс үйлі Елібай (атасының аты С. М.) ертерек жерінен айрылып, қоныс ауып, кедей болды. Сол кедейдің бірі, түбі өзбек, я қызылбас, Сейіткемелдің Әубәкірі деген, тұңғыш қызын маған атастырды. Әубәкір оныншы жылдан бастап саудаға айналып байи бастады. Жазы, қысы бір ауылда отырамыз. Байыған сайын бізді менсінбеуге айналады. Төрт-бес жылдың ішінде, әсіресе 1916 жыл Әубәкір бүкіл бір дуан елге ықпалын жүргізді. Қызын бермеуге айналды».
Кірме Әубәкір қанша бұлтаңдағанмен, рулы елдің тізесі шыдатпайды да, 1919 жылы қызын Ғабиденге береді. Келер жылы ол келіншек қайтыс болады. Содан кейін, бұрыннан іштей өштесіп жүрген Ғабиден, қайын атасымен ашық күреске түсіп, оған совет заңдарын қолдана бастайды. Өйтуіне қолайлы жағдай да туып, милиционерлік қызметке орналасқан Ғабиден Әубәкірді қысымға алады. Бірақ, Әубәкір де қарап жатпай орысша оқыған балдызы және газет қызметкері Салкен Балаубаев арқылы және басқа да сойылын соғатындар арқылы Ғабиденнің соңына түсіп, ақыры, 1925 жылы оны сол кездегі Қазақстан орталығы — Қызылордаға кетуге мәжбүр етеді. Сәкеннің айтуынша, сол кезде Қазақстан жоғарғы сотында председательдің орынбасары болып қызмет атқаратын Сапар Мұстафин (оның қайдан екені жоғарыда айтылды) Ғабиденді қамқорлығына алады да, Әубәкір тарапынан келген жала-материалдарды қысқартып, Ғабиденнің, өзін Жоғарғы Соттың іс тіркеушілік қызметіне орналастырады. Маған танысқан кезде Ғабиден осы қызметте екен. Осы жайларын айта келіп:
— Бұл жігітте жазушылыққа талаптану бар, — деді Сәкен маған. — Сен оған жазушылық ісіне жақындауға жәрдемдес.
Сәкеннің «жәрдемдес» деуіне себеп, мен Қызылордаға келе, жуық арада ғана ұйымдасқан Қазақстан Совет Жазушылар одағына (КазАПП) секретарь болып, оған қоса — «Еңбекші қазақ» газетінің партиялық және әдебиет белімін басқаратын болып қызметке орналасқам.
Редакция Ғабиденді газетті оқушыларына жөнелтетін экспедиция қызметіне бастық қып алды. Оның, қарамағында газет бүктеу ісін атқаратын топтың ішінде бала жігіт Әбділда Тәжібаев та жүрді. Тиісті қызметін атқартумен қатар, Ғабиденге біз әуелі газетке елден келген хаттарды қорыттырып, біразын жариялай бастадық. Осыдан жазу ісіне баулынған Ғабиден, 1926 жылы газет бетінде, «Малта», «Малай» атанған қысқаша әңгімелерін жариялауға айналды. Содан кейін Ғабиденді біз Жазушылар одағына мүшелікке алдық.
Ол кез, қазақ көркем әдебиет майданында айтыс-тартыстың қатты жүріп жатқан шағы, Октябрьден туған қазақ совет әдебиетінің қайткенде тез өркендеуі қызу талқыланып жатқан шақ, байшыл-ұлтшылдар қазақтық жас совет әдебиетіне қарсы күрес ашып жатқан шақ. Бұл мәселеде Ғабиден совет әдебиетін қолдайтындарға тілектес болды. Шама-шарқынша жазған өз шығармаларында ауылдағы тап тартысын көрсетуге, еңбекші таптың сойылын соғуға тырысты. Бірақ, кейін де әдебиет проблемаларын талқылауға белсене қатынаспайтын Ғабиден, ол кезде де бұл мәселеге араласқан жоқ.
Мен 1928 жылдың жазында Ленинград университетіне оқуға кеттім. Мүше саны азғантай (он, он бес шамалы ғана) Қазақстан Жазушылар одағының секретарьлық қызметінде Ғабиден қалды. Кейін, қалжыңдасқан сөздерінде, Ғабит Мүсіреповтың «Жазушылар одағына мүше болғанда (1928 жылы) рекомендаторым Ғабиден еді» деуі сондықтан. Бұл рас сөздің қалжыңға айналатын себебі: Ғабиден 1930 жылдан бастап Жазушылар одағынан қол үзді де, жазу ісіне 1938 жылы ғана оралып, 1939 жылы Қазақстан Жазушылар одағына жаңадан мүше болып кіреді. Сонда Ғабиден қайда болған?
Оның қайда болғаның мен, тек 1936 жылдың жазында ғана білдім. Сол жылы Москвадағы Қызыл профессорлар институтын бітіріп Алматыға қызметке қайтатын болдым да, әуелі туған өлкем — Қызылжарға соқтым. Онда маған «Новосибирь қаласында шығатын қазақ газетінің редакторымын» деп Әбдірәшит Шалабаев (қазір республикалық литоның начальнигі) деген жолдас танысты. Оның сөзіне қарағанда, Ғабиден «Қызыл ту» газетінің қызметкері екен. Қызылжардан Алматыға поезбен Новосибирь арқылы жүретін менен Әбдірәшит тұрған қаласына түсе кетуді өтінді.
Новосибирьде бізді қарсы алған бір топ жолдастың ішінде Ғабиден де түр екен. Он жыл жолғаспаған шақта, оным, дене тұлғасы да, кескін-кейпі де бірталай өзгеріп қапты: беті әжімденген, түсі де, денесі де егделенген, бұрын кірпі формасында қырықтыратын сарғылт шашын ұзартып, оң жағына қайыратын болған, бұрын да сөзге сараң сабырлы кісі, енді сирек үндеуге айналған. Бұлай егделенуіне бас себептің бірі — жақын арада операцияға жатып екі бүйректің біреуін сылытқан екен. (Кейін, өзінің айтуынша, бала кезінде, аттан құлап талып қалған екен де, содан бастап, кейде іші бүріп, жатқызып тастайды екен. Кейінгі кездерде іші тіпті қатты ауыратын болған соң дәрігерге көрінсе, бір бүйрегіне тас байланған болып шығады. Тасты алмаса, тіршілікке қаупі зор болған соң сылытуға көнеді) . Операция ете ауыр болған.
— Оған жатардың алдында, — деді Ғабиден маған сырласқан шақта, — «егер өліп кетсем, артымда мені ескерер кім бар?» дегенде, ойыма сен түстің де, жазушы болам деп бола алмаған арманымды айтып, сенің атыңа хат жаздым. Не жазғанымды айтсам үй-іші қорқар деп, Зейнелге конвертті көрсеттім де, «мен жазылып шыққан соң жіберерміз» дедім. Жазылып шыққан соң, жіберуді мақұл көрмедік.
Ғабиденнің бұл сөзі менің көзіме жас алдырды. Содан кейін, сырқатынан айығуына қуанышымды білдіре отыра, менен жекеленгеннен бергі жайларын сұрадым. Ол былай болып шықты: Әубәкірді жақтайтын адамдар Ғабиденге Қызылордада да, Алматыда да маза бермей, «хажының, кулактың баласы» дегенді дәлелдемек болады. Соған ызаланған Ғабиден, еңбекші адам екенін істе көрсетпек болып, 1930 жылы Қарағандыға кетеді де, әуелі шахтыға қайлашы болып, 1932 жылға дейін қара жұмыс атқарады. Кейін жазылған «Қарағанды» романында механика шеберлігі көбірек суреттелу себебі осыдан. Бұл романды және оның алғашқы варианты «Өлім мен өмірді», Ғабиден сол жылдары Қарағандыда алған әсеріне құрған.
Новосибирьде жолыққан Ғабиденге, мен жазушылық ісіне қайта оралуды, енді жазса, ен, алдымен Қарағанды тақырыбына жазуды, ол үшін, Алматыға кешуді ұсындым.
Бұл кешудің сәті — 1938 жылы ғана түсті. Сол жылы, «Әдебиет майданы» журналының редакторы Жұмабай Есбатыров арқылы Ғабиденге шақыру қағаз жолдап, тез арада алдырдық. Ол Алматыға келе сала «Өмір мен елім» деген атпен Қарағанды тақырыбына роман жазуға кірісті.
Романды Ғабиден пәтерлік аса қиын жағдайда жазды. Новосибирьден үй-ішімен кешіп келген бетінде, ол менің тар пәтерімнің террасына орналасты да, күз болып ауа суыта бастаған соң, Алматы хайуанат паркінің аржағындағы бір үйден бөлме жалдап алды. Бұл қаладан шет және қызмет орнына алыс жер еді. Ғабиден қызметіне әрдайым мығым кісі. Ол тәртіпке де мығым. Сондықтан, журнал қызметінен я жиналыстардан кеш қайтса, жалдаған бөлмесіне әлденеше есіз, қараңғы бақшаларды кезіп баруы әрі қиын, ұры-қарыдан қауыпты. Сол қауіпке өз қара басым да кездесіп қалғаным бар.
Ғабдолла Бұзырбаев дейтін жолдас болды. Туған жері Омбылық. Жасы менен он жылдай кіші. Мен Новосибирьге барғанда, бұл жолдас, осы қаладағы жоғарғы даражалы партиялық школаны бітірген екен де, Новосибирьдің облыстық партия комитетіне, үгіт-насихат бөлімінің орынбасары болып қызметке кірген екен. Мінезі жатық, сыпайы, оқымысты, (В. Куйбышевтің өмірі және қызметі туралы орыс тілінде жазып бастырған кітабы бар (Ғабдолла бізді құрметпен қарсы алушылардың бірі боп, бірнеше күн мәжілістес болғамыз. 1938 жылы Ғабдолла Алматыға келіп, Қазақстан Орталық Партия Комитетінің үгіт-насихат жұмысын көмек еткен. Алматыда Ғабиден, Ғабдолла бәріміз үй-іші араласып, дәм татысып жүретінбіз.
Бір кеште Ғабиден Ғабдолланы әйелі Гүлсім (инженер) мен мені әйелім — Мәрияммен, алыстағы пәтеріне қонаққа шақырды. Сонда көбірек отырып қап, таңға жақын қараңғы 6'ақшаның ішімен қалаға жаяу қайтқанда бір жерде бізді ұрылар қамады. Қолымызға ағаш сойыл түскен біз, ұмтылған ұрыларды денеге дарытпай келе жатқанымызда, ызаланған ұрылардың ысқырығымен, серіктерінің саны молаюға айналды. Егер осы дыбысқа милиционерлер келіп үлгірмесе, көбейген ұрылар бізді тонаумен ғана қоймай, одан да зорын істер еді.
Жалдама пәтерінің жолы соншама қиын болған Ғабиден, одан гөрі жеңіл санап, Алматы қаласының жоғарғы жағында тұратын үшінші кірпіш заводының қасындағы жеркепеден пәтер алды. Кәзір қаламен тұтасып кеткен бұл ара, ол кезде айдаладағы бір белесте. Оған да Бұзырбаев екеуміз барып жүрдік. Оның да жолы аса қиын, қауыпты және алыс еді.
Пәтер зарын осылай тартқан Ғабиденді, Есбатыровпен ақылдасып, 1939 жылы, қаланың орталық көшесі — Гогольдегі журнал редакциясының екі бөлмелі үйіне кіргізіп алдық. Ғабиден сол үйге орналасып, 1951 жылы одан тәуір пәтерге көшті.
Ғабиденнің пәтер жайына мұншама толық тоқталған себебіміз: «Өлім мен өмір» романын қандай қиын жағдайда жазғандығын көрсету. Мен романның басынан бастап, барлық тарауларын кезінде оқып, пікірлерімді Ғабиденге айтып жүрдім. Роман, менімше, уақыты үшін жақсы шықты. 1939 жылы Қазақстан Жазушылар ұйымының пленумында проза туралы жасаған баяндамамда, мен солай деп айттым да, артынан бұл сезімді орыс және қазақ тілінде баспаға да жарияладым. Романның тақырыбымен қатар, Ғабиденнің еңбекшілдігі және еңбек үстінде күй талғамайтындығы мені сүйсіндірді.
Ғабиденнің «Өлім мен өмірден» кейінгі күрделі еңбегі «Шығанақ Берсиев» қой. Осы романның тууына төмендегідей себеп болды. 1941 жылдың күзінде, Ұлы Отан соғысы қызу жүріп жатқан кезде, Ленинград жаудың қоршауында қалған шақта, Қазақстан Ленинград™ қорғаушыларға бір эшелон азық-түлікті сыйға жөнелтті. Бұл сыйды Ленинград ерлеріне қолдан апарып тапсыруға, Қазақстан Жоғарғы Советінің сол кездегі президиум председателі Әбдісамет Қазақбаев бастап, эшелонмен бірге бір топ адам аттанды, ішінде мен де болдым. Жолшыбай, Ақтөбе қаласында, делегация мүшесі болып, Шығанақ Берсиев қосылды.
Тары есіруде дүние жүзілік рекорд жасаған бұл қарт адам (жасы сол кезде жетпістерді алқымдап қалған) өндірісте өнегелі адам болудың, үстіне, аса ақылды байсалды, құйма құлақ, әңгімешіл, кішіпейіл, адамгершілігі аса биік адам екен. Екі ай бірге жолдас болғанда, бұл кісіні мен туған әкемдей жақсы көріп кеттім. Мен ғана емес, оны талай адам осылайша жақсы көреді екен. Мысалы, Москвада, атақты академик Трофим Денисович Лысенко Шығанақты пәтеріне қонаққа шақырды. Мен де ере бардым. Сонда Лысенко Шығанақты «Әкем менің!.. Сүйіктім менің!» деп бауырына қайта-қайта басып, аймалап сүйгенде, адам мен адамның арасында осынша махаббат болуына қайран қалдым. Өзі ауыл шаруашылығының зор ғалымы бола тұра, Лысенко Шығанақты бұл шаруаның «құдайы» көреді екен!
Шығанаққа мен, екінші рет, 1944 жылдың басында, аса ауыр халінде жолықтым. Сол кезде батыс майданын біраз аралап Москваға келсем, қылтамақ болған Шығанақ, Склифасовский атындағы ауруханада нашар халде жатыр екен. Барып көңілін сұраған маған, ол төмендегідей өтініш айтты: «Бірнеше жыл бағып өсірген шаруам бар еді, — деді і«,арт көзіне жас алып, — мен өлгеннен кейін не боларын білмеймін. Сол шаруа халықтың есінде сақталу үшін, сипатталып жазылғаны мақұл болар еді. Осыны ұйымдастыруыңды өтінем!»
Қартқа мен «жарайды» деп уәде бердім де, Алматыға келе, Ғабиденнен осы тақырыпты қолға алуын өтіндім. Ол біраз уақыт ойланып жүргенде, Шығанақ уапат болған хабары естілді. Сонда да Ғабиденнің соңынан қалмай, ақыры көндірдім де, 1942 жылдың жазында, Ғабиденге шығармалық командировка бергізіп, Шығанақтың туған облысы — Ақтөбеге жөнелттік. Ақтөбе обкомының сол кездегі секретары Иночкиннен Ғабиденнің, Шығанақ шаруасымен толық танысуына жағдай жасауын өтініп хат жазып бердім.
Иночкин Ғабиденді аса жақсы қарсы алады: жүруіне арнаулы машина және шофер береді, аудан басшыларына хат та жазып, телефонмен де сөйлесіп тапсырады. Осы сапарында, Ғабиденге төмендегідей қызық кездеседі: Ойыл өлкесінің құмын аралап жүрген Ғабиден, ыстық күнде қаталап келе жатып, бақташының кигіз үйіне кездеседі. Үйде жалғыз кемпірден басқа жан жоқ екен. Кіріп барған Ғабиден кемпірге, — «шеше, шөлдеп өліп барам, сусын бар ма?» — дейді. Кемпір Ғабиденнің бетіне таңдана қарап, ернін шылп еткізіп, бетін шымшып, «бар еді!» дейді де, салқын құмға көмілген торсықтан мұздай шұбатты (түйенің қымызы) табан аяқ қып құйып береді. Шұбатты сіміре салған Ғабиден ағыл-тегіл терлеп қоя береді де, «шеше, тағы бірді!» деп аяғын ұсынады. Оны ішіп сусыны қанған Ғабиден, терге тіпті құйылып кеткен соң, желпінуге тысқа шығады. Сонда үйде қалған қазақ шоферға кемпір: «Қарағым-ау, әлгі орыс қазақшаға ағып тұр ғой!» депті.
Кезегі келгенде айта кетейік, кескініне қарап Ғабиденді танымайтын қазақ қана емес, орыстың өзі де «орыс» деп ойлайды: 1943 жылдың қысында, сол кезде СССР Жазушылар одағының секретары болып қызмет атқаратын Л. Д. Поликарпов Алматыға келді. Мен Қазақстан Жазушылар одағының председателі едім. Түнде Поликарповты поездан қарсы алдым да, мейманханаға орналастырып, ертеңіне басқарма үйіне шақырдым. Одан бұрын басқармаға президиум мүшелері Ғабиден мен Дмитрий Снегин келіп отырды. Снегин қоңыр өңді, қара шашты жігіт. Басқармаға келген Поликарпов Ғабиденді — Снегин, Снегинді — Ғабиден деп амандасуы бар емес пе?!. Ғабиденге байланысты бұндай қызық оқиғалар бір кітап боларлық.
Шығанақтың өмірін, ісін зерттеп қайтқан Ғабиден, бұл тақырыпта тәуір роман жазғанын бұдан бұрынғы талай мақалаларымда айтқамын ол пікірлерді қайталамаймын.
Бұл биографиялық очерктің мақсаты, Ғабиденнің шығармаларын талқылау емес, онымен қалай жолғасып, қалай істес болудың елесін естелік есебінде көрсету ғана. Ғабиденмен мен 1938 жылдан бері Алматы қаласында тұрып, бірге жасап, әлеуметтік, жазушылық істердің біразын бірге атқарып келеміз. Осындай іс үстінде түсініскен де, түсініспеген де, кейде жақын, кейде алшақ жүрген күндеріміз де болды. Осы жағдайлардың қандайын болса да бастан өткерген күндерде де, мен өзім Ғабиденнің ісіне әрдайым жақсы бағамен қарайтын кісімін.
Ғабиден ешбір шығармасында, ескі, яғни — революциядан бұрынғы тақырыпқа жүгірген о кісі емес. Оның жетіп жазған да, жетпей жазған да шығармалары түгелімен советтік дәуірді сипаттауға арналған.
Таланты, білімі, шеберлігі жеткенше, Ғабиден шығармаларын аса ұқыпты және ойланып жазады, жазған шығармаларына шама-шарқынша көп еңбек сіңіреді.
Ғабиден жас жағынан қартайып отырған кісі емес. Өмірімен тығыз байланыстылығы, еңбегіне жауапкер кезбен қарайтындығы, одан әлі елеулі шығармалар күттіреді..
Декабрь, 1959 жыл.
жүктеу 26,84 Kb.

Достарыңызбен бөлісу:




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау