ӘОЖ 330.341.1:32 (574) Қолжазба құқығында
ИМАНБЕКОВА БИБІГҮЛ ИЛИЯСҚЫЗЫ
Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық саясаты
23.00.02 – саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық және саяси процестер мен технологиялар
Саяси ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
Авторефераты
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2009
Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің теориялық және қолданбалы саясаттану кафедрасында орындалды
Ғылыми кеңесшісі: саяси ғылымдарының докторы,
профессор
Бұрханов К.Н.
Ресми оппоненттері: саяси ғылымдарының докторы,
профессор
Нұртазина Р.А.
саяси ғылымдарының докторы
Қыдырбекұлы Д.Б.
саяси ғылымдарының докторы
Акишев А.А.
Жетекші ұйым: Қазақстан Республикасы Білім
және ғылым министірлігі
Философия және саясаттану
институты.
Диссертация 2009 жылы 3 шілдеде сағат 14.00 Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі 23.00.02 – саяси институттар, этно саяси конфликтология, ұлттық және саяси процестер мен технологиялар мамандығы бойынша саяси ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялар қорғалатын Д 14.21.03 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады. Мекен жайы: 050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы 13, конференц – зал.
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында (050010, Алматы қаласы, Қазбекби көшесі, 30) танысуға болады.
Автореферат 2009 жылы 3 маусымда таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, саяси
ғылымдарының докторы Жабина Ж.Р.
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаты. Диссертациялық жұмыста Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық саясаты кешенді түрде сарапталып, оны әрі қарай жетілдіру жолдары көрсетілген. Сондай-ақ, зерттеу жұмысында индустриалдық-инновациялық дамудағы Қазақстанның ғылыми-техникалық саясатының саяси-құқықтық, әлеуметтік, экономикалық аспектісіне және даму динамикасына ерекше назар аударылған. Диссертацияда дүниежүзілік ғылымның даму тенденцияларына сай Қазақстанда да ғылыми-техникалық дамудың жаңа бағыттары (нанотехнология, биотехнология, ғарыштық қызмет салаларының) қалыптасып келе жатқандығы зерттелінген. Жаңа бағыттарды дамыту Қазақстанның бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарынан көрінудегі алдына қойған стратегиялық міндеттерімен сәйкес келетіндігі талданған. Инновациялық дамудың негізінде ғылымды өндіріспен ұштастыру арқылы технологиялық кеңістік қалыптасырудың өзекті мәселелері қарастырылған. Зерттеу жұмысында өркениетті елдермен, индустриалды елдердегі ғылыми-техникалық саясатты дамыту тәжірибесіне талдау жасай отырып, оның Қазақстан үшін тиімді жақтарын көрсетуге бағытталған.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. XXI ғасырда кез келген мемлекеттің дамуында ғылым мен техниканың алатын орны ерекше. Ақпараттық қоғамда озық технологиялар экономиканың басты қозғаушы күші болып табылады. Алдыңғы қатарлы технологияларға иелік етіп отырған мемлекеттердің әлемдік аренада саяси-экономикалық салмағы басым болуының басты себебі, бұл елдер ғылыми-технологиялық дамуда үлкен көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда кез келген елдің экономикасының дамуы, халықтың рухани және материалдық игіліктерінің артуы, ең алдымен, сол елдің ғылымы мен білімінің, мәдениетінің тұрақты дамуына байланысты екені шындық. Бүкіл әлемдегі ішкі жалпы өнімнің 50% астамы ғылыми-техникалық өркендеу есебінен жүзеге асырылатыны осыны аңғартады. Бүгінгі бәсеке заманында ғылым мен техниканы жетілдірмей, дамыған елдер қатарына қосылу, шын мәнінде тәуелсіз ел болу мүмкін емес. Елдің саяси-әлеуметтік дамуын, мәдениетін, қорғаныс қабілетін жан-жақты дамыған ғылым ғана қамтамасыз ете алады. Осы мақсатта отандық ғылыми-техникалық саланы дамыту – Қазақстанның алдында тұрған өзекті мәселе. Өркениет көшінің алдыңғы шебінде тұрған бірқатар елдердің осындай табыстарға ғылыми-техникалық саясатты дамытудың арқасында қол жеткізгендігін әлемдік тәжірибеден білеміз. Халықтың әл-ауқатының көтерілуі мен ұлттық экономиканың тиімділігі көп жағдайда инновациялық үрдістердің даму сатысымен айқындалады. Осы мақсатта қабылданған Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму стратегиясының жүзеге асырылуы – тәуелсіз Қазақстанның кемел келешекке ұмтылғандығының айғағы.
Жаһандану жағдайында ғылыми-техникалық саясат жаңа бағыт алып, үлкен маңызға ие болып келеді. Әлемдік тәжірибеде жүйелі түрде жүзеге асырылған ғылыми-техникалық саясат мемлекеттің экономикалық дамуына үлкен серпін бере алатыны дәлелденген. Осыдан ондаған жылдар бұрын кедей мемлекеттердің қатарында болған Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің тез арада дамып кетуі бұған нақты мысал бола алады. Осы мақсатта ғылыми-техникалық саясатты зерттеу, оның дамыған елдердегі жүзеге асыру тәжірибесімен танысу Қазақстан сияқты жас ғылыми, өндірістік әлеуеті жоғары мемлекет үшін өте өзекті. Бүгінгі таңда отандық ғылыми-техникалық саясаттың мән мағынасын ашу, ғылыми-теориялық тұрғыдан зерттеу оны дамытудың нақты жолдарын көрсету аса маңызды болып отыр. Ғылыми-техникалық саясатты жаһандану үрдістерінің талаптарына сай инновациялық негізде дамыту – Қазақстанның стратегиялық басым бағыттарының бірі. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасы әлемдік қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі болып, жаһандық геосаясат жүйесінде өз орнын тапты. Еліміз дүниежүзінде болып жатқан үрдістерге бел шеше кірісіп, әлемнің көптеген елдерімен тұрақты саяси және экономикалық байланыс орнатып, халықаралық қоғамдық институттардың беделді мүшесіне айналды. Бүгінгі таңда Қазақстан күрделі экономикалық және саяси міндеттерді табысты шешуде басқа елдерге үлгі болатын деңгейге көтерілді. Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдердің көшбасшылығына ұмтылуы заңды құбылыс. Өйткені, еліміздің экономикалық әлеуеті мен қоғамдағы саяси тұрақтылық, демократияның дамуы оған мүмкіндік беріп отыр. ХХІ ғасыр білімнің, ақпараттың жаңа технологияның өрістеу ғасыры. Білімнің, ғылымның бәсекеге қабілетілігі бұл күнде көптеген мемлекеттер үшін көкейкесті мәселе болып отыр. Озық ғылыми-техникалық инфрақұрылымсыз және кәсіби шеберлігі жоғары білімді кадрларсыз, жаһандану талаптарына сәйкес даму мүмкін емес. Осы мақсатта отандық ғылым мен білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндет – білім мен ғылымды халықаралық деңгейге көтеру.
Жаңа ғасырда адамзат аса жоғары ғылыми-технологиялық жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Бұл жетістіктердің қоғамның дамуына халықтың әл ауқатының көтерілуіне әсері зор. Осы мақсатта Қазақстан үшінде ғылыми-техникалық саясатты дамытудың саяси стратегиялық маңызы жоғары. Қазіргі кезеңде Қазақстан әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарынан көріну ұлттық стратегиясын жүзеге асыруға кірісті, бұл ғылыми салаға үлкен жауапкершілік жүктейді және зор білім мен күш-жігерді талап етеді. Осы міндеттерді шешу нысаналы ғылыми-техникалық саясатты қалыптастыруды қажет етеді. Осыған байланысты тікелей үкімет тарапынан ғылыми-техникалық саясаттың перспективалық бағыттарын айқындау, өнеркәсіпті дамытудың, жаңа технологиялық базасын жасау, ғылыми саланы өркендетудің нарықтық экономикаға тән жаңа тетіктерін қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі. Ғылыми-техникалық саясат қазіргі кезеңде теориялық және қолданбалы зерттеуді қажет ететін өзекті тақырыптардың бірі. «Қазақстан 2030» стратегиясына сәйкес еліміздің технологиялық артта қалуын еңсеру үшін ғылыми-техникалық саясатты дамыту қоғамдағы кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан » атты жолдауында, «Қазақстан саяси-әлеуметтік-экономикалық дамуда әлемдік стандартқа сәйкес инновациялық негізде дамуы тиіс. Білім экономикасына өту адамзат дамуының жаңа кезеңі, осы өркениет көшіне ілесу үшін елімізде инновациялық дамуды жеделдету, маңызды стратегиялық міндеттердің бірі»- деп атап көрсетілген [1].
Қазақстанның бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарынан көрінуі күрделі де ауқымды міндет. Ол ғылыми жетістіктермен ізденістердің инновациялық дамудың арқасында ғана жүзеге асырылады. Инновациялық ғылымды дамыту туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2006 жылы Еуразия университетінің студенттеріне оқыған дәрісінде «Ғылыммен білімді ұштастырғанда ғана келер ұрпақтың кемел тағдырын жасай аламыз. Еркін елдің ертеңі-кемел біліммен ғылымда екенін»-баса атап көрсетті [2]. Инновациялық және технологиялық серпіліс үшін, еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін жұмылдыру, ғылымның басым бағыттарын дамыту жолындағы ресурстарды шоғырландыру, оның жетістіктерін өндіріске белсенді енгізу инновациялық дамудың негізгі көзі. Еліміз өзінің даму жолын айқындаған бүгінгі жағдайда ғылыммен техниканың саяси-әлеуметтік-экономикалық дамудағы маңыздылығына ғылыми тұрғыдан объективті түрде баға беру қоғамдық қажеттілік. Елімізде инновациялық-технологиялық кеңістікті қалыптастыру мақсатында отандық ғылымға басым мүмкіндіктер беріліп, ғылыми жаңалықтардың өндіріске енгізілуін қамтамасыз ететін орталықтарды құрудың да стратегиялық маңыздылығы зор. Қазақстанның болашақтағы даму бағытын айқындайтын маңызды факторлардың бірі - ғылыми-техникалық саясаттың дұрыс әрі нәтижелі жүргізілуі болып отыр. Соңғы жылдары елімізде ғылыми-техникалық салаға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп басқару құрылымында біршама өзгерістер болды: Жоғары ғылыми-техникалық комиссия ЖҒТК (ВНТК) құрылды, оны Премьер-Министр басқаратын болды. Дүниежүзілік ғылымның даму тенденцияларына сәйкес Республиканың ғылыми-техникалық дамуының перспективалық басым бағыттары белгіленді (1-кесте). Олар: биотехнология, нанотехнология, ғарышты игеру, көмірсутекті және тау-кен металлургиялық өнеркәсіп үшін қажетті технологиялар, ақпараттық коммуникациялық технологиялар. Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министірлігі жанынан негізгі және қолданбалы ғылымдар саласында жүргізіліп жатқан тәжірибелерді тікелей қадағалап отыратын, тұтастай алғанда ғылыми жетістіктердің өрісін реттейтін құзырлы орган – Ғылым Комитеті құрылды. Ғылыми ізденістерді қолдауға арналған Ғылым Қоры қалыптасты. Жоғары ғылыми-техникалық комиссия жанынан ғылым дамуының әлемдік тәжірибесін сараптау үшін Халықаралық Сараптамалық Кеңес құрылды (2-кесте) [3]. Оның құрамына отандық және шетелдік ғалымдар кірді. Қазақстанда ғылыми-техникалық дамуды жеделдету мақсатында инновациялық экономиканы қалыптастырудың нақты қадамдары жасалды. Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы, Қазақстан ғылымын дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Қазақстандағы ғылыми-техникалық саясатты дамыту мәселесі қазіргі кезеңдегі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Осы мақсатта бұл тақырыпты зерттеудің саяси-теориялық, қолданыстық маңыздылығы жоғары.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ғылым мен техниканың саяси жүйедегі орны мен рөлін зерттеу тек ХХ ғасырда ғана емес, одан әлдеқайда ертерек басталғанын көреміз. Ғылыми-техникалық саясат мәселесін зерттеу, батыстық және ресейлік зерттеушілер тарапынан кеңінен жүргізілгендігін байқауға болады. Диссертациялық жұмыс Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың еңбектеріне сүйене отырып жазылды. Ел басы өз еңбектерінде ғылыми-техникалық, инновациялық саясатты дамытудың стратегиялық маңыздылығын ерекше айтып жүр. «Қазақстан – 2030», «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан», «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін», «Инновациялармен оқу білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына», «Дағдарыстан дамуға» атты еңбектерінде Қазақстанның ғылыми-технологиялық дамуының негізгі бағыттарын айқындап берді. Сондай-ақ өткен ғасыр ойшылдары Э. Канн және Л. Нуаре, Хайдеггер, К.Ясперс, А.де Токвиль, О.Шпенглер, ДЖ.Бернхэм, Г.Лассуэл, Т.Дай, Р.Дарендорф, К.Дойч, Х.Зиглер, Д.Истон, О.Тофлер, Д.Арон, У.Ростоу, Ф.Бэкон еңбектерінің қосқан үлесі зор. Индустриалды қоғам теориясының негізін салушы Д.Арон, Бел, У.Ростоу, А.Тузендермен О.Тофлер, Мемфоре, Хосе-Ортего, Гассет еңбектерінде ғылым мен техниканың дамуы өнеркәсіптік төңкеріс кезеңімен бірге қоғамдағы саяси-әлеуметтік құбылыс ретінде зерттеледі. Біз аталған тақырыпты зерттеуде, кеңестік кезеңдегі ғылыми-техникалық саясаттың зерттелуіне тоқталмай кете алмаймыз. КСРО-да ғылыми-техникалық саясатты теориялық тұрғыда зерттеу, ғылымның жетістіктерін қарулануға жұмсау, сол кездегі партия саясатының жекеленген бағытының бірі болатын. Кеңестік кезеңде ғылыми-техникалық саясат негізінен коммунистік партияның идеологиясы ауқымында ғана қарастырылған. Кеңестік кезеңде бұл мәселені зерттеуге атсалысқан ғалымдардың еңбектеріне тоқталар болсақ. Е.Муханованың [4] «Единная научно-техническая политика, вопросы формирования и реализации» деп аталатын зерттеу жұмысын атауымызға болады. Одан кейінгі зерттеушілер А.Г.Фонатова, А.А.Блохиннің [5] «Научно техническая политика: проблемы формирования и реализации» атты зерттеуін айтуға болады. Кеңестік кезеңде жазылғандығына қарамастан, бұл екі еңбекте ғылыми-техникалық саясатқа жан-жақты анықтама беруге тырысқан. Алайда, бұл екі зерттеуде де ғылыми-техникалық саясаттың мәні мен мазмұнын гөрі, коммунистік партияның рөліне барынша назар аударылған.
Қоғамдағы саяси-әлеуметтік жаңартулар, инновациялық даму ғылыми-техникалық саясаттың дамуына да барынша әсер етті. XXI ғасырда ғылыми-техникалық саясаттың зерттелуі ТМД ауқымында жаңаша сипат алып келеді. Соңғы жылдары жарық көрген ғылыми зерттеулер ғылыми-техникалық саясаттың дамуында жаңаша көзқарас қалыптасып келе жатқандығын көрсетеді. Инновациялық-технологиялық дамуда, өркениетті елдер тәжірибесіне талдау жасап ғылымды, экономиканы дамытудың, саяси әлеуметтік өркендеудің негізі ретінде зерттеген еңбектердің қатары көбейіп келеді. Осындай ғылыми-техникалық саясатты зерттеуге арналған іргелі еңбектің бірі ресейлік ғалым Н.С.Валошиннің [6] «ТМД елдеріндегі ғылыми-техникалық саясат (Ресей, Украина, Қазақстан, Беларусь)» атты 2007 жылы қорғалған кандидаттық диссертациясын айтуға болады. Бұл еңбектің жаңашылдығы ғылыми-техникалық саясаттың дамуындағы ТМД елдеріндегі ортақ проблемалар мен қайшылықтарды ашып көрсетуінде. Зерттеуде XXI ғасырда ииновациялық бағыт алып отырған елдер Ресей, Украина, Беларусь және Қазақстан деп көрсетілген. Ғылыми зерттеу экономика ғылымдары саласынан жазылғандықтан экономикалық көрсеткіштеріне ғана мән беріліп зерттеуде мәселенің саяси-әлеуметтік қыры назардан тыс қалған. Жаңа зерттеудің бірі Ресейлік ғалым тарихшы Е.Т.Артемовтың [7] «Научно-техническая политика в совесткой модели позднеиндустриальной модернизации» атты 2006 жылы жарық көрген монографиясында Ресейдегі ғылыми-техникалық саясаттың дамуымен қалыптасуының кеңестік құрылымын өзгерту, осы саланы модернизациялау қажеттілігі көрсетілген. Монографияның хронологиялық ауқымы екінші дүниежүзілік соғыстан бастап, 1960 жылдар аралығын қамтиды. Келесі ғылыми-техникалық саясатты инновациялық негізде қарастырып жүрген ресейлік ғалым И.Г.Дежина [8] еңбектерінде ғылымды дамытудың жаңа тенденциялары, әлемдік ғылыми кеңістікке кіру мәселелері және ғылымды интеграциялау жолдары қарастырылған. Ғылыми-техникалық саясаттың Қазақстанда зерттелуіне келетін болсақ, жағдай күрделірек. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері отандық саяси ғылымда ғылыми-техникалық саясатты зерттеуге арналған бірде-бір ғылыми еңбектің жоқтығына көз жеткіздік. Тақырыптың баспасөз беттеріне жарық көрген мақалалармен ғана шектелуі мәселенің саяси ғылымда жан-жақты зерттеу нысаны болмағандығын көрсетеді. Мұның басты себебін ғылыми-техникалық саясат мәселесінің жаңашылдығынан іздеу керек. Осы тақырыпта экономика ғылымдар саласынан жазылған белгілі ғалым э.ғ.д., профессор О.Сәбденнің [9] «Ғылым және ғылыми-техникалық саясат: парламентарий көзімен» деп аталатын 1993 жылы жарық көрген монографиясын айтуға болады. Ғалымның бұл еңбегінде ғылыми салада нарықтық қатынастарға бейімделген реформалар жасаудың қажеттілігі қарастырылған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ғылыми-техникалық саясат тақырыбында жазылған тұңғыш еңбек болғандықтан, бұл зерттеуі құнды еңбектердің бірі болып саналады. Бұл еңбекте индустриалдық-инновациялық дамудағы ғылыми-техникалық саясатты дамытудың саяси стратегиялық маңыздылығы назардан тыс қалған. Осы тақырыпты зерттеу барысында тақырыптың өзектілігін анықтауда саяси-әлеуметтік-экономикалық процестерді қоғамның жаңаруымен тығыз байланыста қарастырып жүрген отандық ғалымдарымыздың еңбектерінің қосқан үлесі зор. Белгілі ғалым Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Т.С.Садықовтың [10] «Интеллектуальный облик будущего» атты еңбегінде отандық ғылым мен білімді модернизациялаудың негізгі бағыттарын елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық даму идеяларына сәйкес, өркендетудің жолдары мен Қазақстанның әлемдік ақпараттық білім кеңістігіне кіруінің басты мәселелері қарастырылған.
Жаһандану жағдайындағы саяси әлеуметтік жаңартулардың ғылым мен білімге тигізген әсерін, осы үрдіс ауқымында ғылым мен білімді модернизациялау мәселелерін зерттеген Т.С.Садықов [11], А.Ш.Ишмухамедов [12], Р.А.Нұртазина [13], А.А.Нұрмағамбетов [14], Д.Б.Қыдырбекұлы [15], А.А.Акишев [16] еңбектерін айтуға болады. Сондай-ақ Қазақстанда ғылыми-техникалық саясатты дамытудағы ұлттық ерекшеліктердің ықпалын көрсеткен М.Б.Тәтімов [17], С.М.Борбасов [18], Н.В.Романова [19], Ә.Н.Жүнісов [20], Б.Н.Нарбаев [21] еңбектерінің орны ерекше. Ғылыми-техникалық саясатты дамытудағы маңызды факторлар болып табылатын жастар саясаты мен саяси-әлеуметтік мәселелерді және саяси элитаның орны мен рөлін зерттеген Ж.Қ.Симтиков [22], Н.Ә.Абуева [23], Т.К.Әуелғазина [24] еңбектерінің де маңызы зор. Азаматтық қоғамның қалыптасуы мен демократиялық даму үрдістерінің ғылыми-техникалық саясатты дамытуға әсерімен саяси жаңартудың ғылым мен білімді өркендетуге тигізген ықпалын зерттеген ғалымдар Р.Б.Әбсаттаров [25], Ғ.Н.Иренов [26], Қ.Ж. Нұғманова [27], Г.Р. Нұрымбетова [28] зерттеулерінің де маңызы жоғары. Ғылыми-техникалық саясаттың маңызды қырларының бірі қоршаған орта мен экология мәселелерін зерттеген Ә.Ө.Рахимова [29] еңбектері де құнды. Отандық белгілі ғалымдар А.Н. Нысанбаев [30], Ғ.Е.Есім [31], К.Н.Бұрханов [32], Р.К.Қадыржанов [33], С.Е.Нұрмұратов [34] еңбектерінің Қазақстан қоғамындағы саяси-әлеуметтік мәселелердің жаһандану үрдістерімен тығыз байланыста қарастырып осы процестердің дамуын инновациялық негізге бағыттауға қосар үлесі ерекше. Сондай-ақ, осы тақырыпты зерттеуде айтарлықтай көмек көрсеткен, ғылыми-техникалық саясаттың экономикалық қырын қарастырып жүрген экономист-ғалымдар А.Қошанов [35], О.Сәбден [36], Ф.Днишев [37], К.Қажымұрат [38], М.Жұрынов [39] зерттеулері де құнды болып табылады. Қазіргі кезеңдегі ғылыми-техникалық даму динамикасындағы статистикалық көрсеткіштерді анықтап отырған Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының мәліметтерімен Е.З. Сулейменов [40], Ю.Г. Кульевская [41] еңбектерінің де орны ерекше. Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық саясатын зерттеу негізінен Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру, тұрмыс деңгейін көтеру, ел экономикасын өркендетудің нақты мүмкіндіктерін айқындау талаптарынан туындап отыр. Бұл зерттеуіміз ғылыми-техникалық саясат тақырыбындағы саяси ғылым тұрғысынан зерттеліп отырған алғашқы еңбек.
Зерттеудің мақсаты. Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық саясатын ғылыми сараптамалық тұрғыда кешенді түрде зерттеу.
Зерттеудің міндеттері. Диссертациялық зерттеу жұмысының алдына қойған мақсатына сәйкес келесі міндеттер айқындалады:
саяси институттар мен процестер жүйесіндегі ғылыми-техникалық саясаттың алатын орнын айқындау;
тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы ғылыми-техникалық саясатты дамытудағы жаңа құрылымдық өзгерістердің мәнін ашу;
әлемдік ғылымның даму тенденцияларына сәйкес, Қазақстандағы ғылыми-техникалық дамудың жаңа бағыттарының (биотехнология, нанотехнология, ғарышты игеру салаларының) саяси стратегиялық мәнін ашып көрсету;
кеңестік кезеңдегі ғылыми-техникалық саясаттың саяси-әлеуметтік сипатын ашып көрсету;
адамзат үшін ғылымды дамытудың гуманистік сипат алуының маңыздылығын айқындау, ғылымның жетістіктерін тек бейбіт мақсатқа, тіршілікке қауіп төндіріп отырған ғаламдық мәселелерді шешуге жұмсау қажеттілігін айқындау;
саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттарының ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асырудағы рөлін зерттеу;
ғылыми-техникалық саясаттың теориялық негіздеріне, мәні мен мазмұнына, оның қалыптасу жолдарына сараптама жасау;
салыстырмалы саяси және тарихи тәсілдерді қолдана отырып, әлемдік тәжірибедегі ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыру жолдарын және оның Қазақстан үшін тәжірибелік маңызын айқындау;
индустриалдық-инновациялық өркендеудегі ғылыми-техникалық саясатты дамытудың стратегиялық маңыздылығын ашып көрсету.
Диссертациялық зерттеудің пәні Қазақстан Республикасындағы ғылыми-техникалық саясаттың дамуын сарапқа салу таңдалды.
Зерттеудің нысаны саяси-әлеуметтік құрылымдар жүйесіндегі ғылыми-техникалық саясатқа саяси талдау жасау.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі ғылыми-техникалық саясатқа саяси ғылым тұрғысынан кешенді талдау жасалынған және жүйелі түрде зерттелінген алғашқы еңбек. Зерттеу еңбегінде төмендегідей нақты ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді:
- «ғылыми-техникалық саясат» ұғымына авторлық анықтама берілген, индустриалдық-инновациялық даму сатысындағы Қазақстан үшін ғылыми-техникалық саясатты дамытудың стратегиялық маңыздылығы айқындалды;
- отандық саяси ғылымда алғаш рет ғылыми-техникалық саясат күрделі саяси процесс ретінде қарастырылды;
- ғылыми-техникалық саясат түсінігі және оның саяси ғылымдағы зерттелуі бойынша көзқарастар талданып, жүйеленді;
- ғылыми-техникалық саясаттың мәні мен мазмұны анықталынып, саяси-әлеуметтік процестегі орны мен рөлі талданып, ашып көрсетілді;
- кеңестік тоталитарлық қоғам тұсындағы ғылыми-техникалық саясаттың қайшылықты тұстары анықталынып, сарапталды;
- ғылыми-техникалық саясаттың дүниежүзілік ғылымның даму тенденцияларына сәйкес гуманистік сипат алып отырғандығы анықталды;
- ғылыми-техникалық саясатты дамытудың әлемдік саяси тәжірибесіне талдау жасалынып, оның Қазақстан үшін маңыздылығы көрсетілді;
- Қазақстанда ғылым мен өндірісті ұштастыру мақсатында технологиялық парктер мен инновациялық орталықтар құру арқылы технологиялық кеңістікті қалыптастырудың қажеттілігі дәлелденді;
- Қазақстандағы ғылыми-техникалық дамудың жаңа бағыттарының (нанотехнология, биотехнология, ғарышты игеру салаларының ) қалыптасқандығы дәлелденді;
- сараптау негізінде Қазақстанда ғылыми-техникалық саланы басқаруда жаңа құрылымдық өзгерістер анықталынып, ЖҒТК (ВНТК), Ғылым Қоры, Ғылым Комитеті, Халықаралық Сараптау Кеңесі құрылғандығы дәлелденді;
- ғылыми потенциал-ғылыми-техникалық саясатты дамытудағы шешуші фактор ретінде қарастырылып, мемлекет тарапынан материалдық, қаржылық қамтамасыз етудің қажеттілігі дәлелденді;
- Қазақстанның бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарынан көрінуіндегі ғылыми-техникалық дамудың басты рөлі айқындалған.
Зерттеудің теориялық-әдістемелік негіздері. Диссертациялық зерттеу барысында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері, Қазақстан халқына жолдаулары, «Қазақстан-2030» стратегиясы, Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы, Республика Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2006 жылғы Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне оқыған дәрісі, 2007 жылғы жас ғалымдармен кездесуінде сөйлеген сөзі, Ұлттық ғылым академиясының 60 жылдық мерей тойында сөйлеген сөзі, Қазақстан Республикасының заңдары мен құқықтық актілері, Қазақстан даму институтының зерттеу нәтижелері мен мәліметтері, Қазақстандық саяси партиялары мен қоғамдық қозғалыстардың құжаттары, бағдарламалары, ғылыми-энциклопедиялық және қоғамдық саяси анықтама сөздіктер, зерттеу тақырыбына байланысты Қазақстандық және шетелдік авторлардың іргелі ғылыми еңбектері, әр түрлі мерзімдік басылымдар мен арнайы әдебиеттер пайдаланылып, оларға талдау жасалынды. Сондай-ақ, диссертацияда Қазақстан Республикасының Ғылыми және ғылыми-техникалық саясатының тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қолданылды.
Өркениетті және индустриалды елдердегі ғылыми-техникалық саясатты дамытудың жолдары мен бағыттарын анықтау контент-анализ негізінде талданды.
Достарыңызбен бөлісу: |