Қиын балалар және оның отбасымен жұмысты ұйымдастыру
Мақсаты: сынып жетекшілер мен тәрбиешілерге әр түрлі әлеуметтік топтағы отбасылар«мінез-құлқы қиын балалар және отбасылардың психологиялық ерекшеліктерімен таныстыру.
және отбасылармен қарым-қатынас жасау »
Сергіту.
Тапсырма: Алдарыңыздағы қағаздарға сіз үшін өміріңізге қажетті құндылықтарды жазыңыздар. Саны - 11. Мысалы, ақша, денсаулық, білім
Енді төртеуін шығарып тастаңыздар, тағы үшеуін шығарыңыздар. Енді екеуін шығарыңыздар. Қолдарыңызда біреуі қалды және ол көбіңізде «Бала» сөзі болар. Олай болуы заңдылық. Өйткені «Бала - ата-ананың бауыр еті», ұрпағын жалғастырар жалғасы. Әр ата-ана баласы үшін өмір сүреді.
«Бала ауру, зағип болса, баладан емес, тәрбиешіден;
Бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі;
Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы» - деген М.Жұмабаев.
Ал біз, мұғалімдер, «қиын» деген сөзді көбіне-көп жасөспірімдерге қарата айтамыз. Оған себеп не?
Қиын оқушыларды оқыту мен тәрбиелеу қазіргі таңда педагогикалық-психологиялық проблема ретінде күн тәртібінен түспей отырған мәселе «қиын оқушылар» санының жылдан-жылға артуы. «Қиын оқушылар» тек жасөспірімдер арасында емес, бастауыш сынып оқушыларының арасында да бар. Сондықтан оқушыларды ерте жастан, бастауыш кезеңінен бастап қолға алу керек. «Қиын бала» деп тек тек қана сабақ оқымайтын, қиқар, тәртіпсіздікке бой алдырған балаларды ғана атауға болмайды. Психологияда үндемейтін, ішімдегіні біліп ал деп томаға тұйық жүретін балаларды да «қиын балаға» жатқызады. Осы орайда ғалым педагог В.Трифонов тәрбиесі нашар балалардың пайда болуына қоршаған шағын ортасы, отбасындағы тәрбиесі ықпал ететіндігін атап көрсетті. Зерттеу барысында қиын балалардың 44%-ы толық отбасы болмағанынан, 30%-да жақын туыстарының заң алдында жауапқа тартылғандар, ал 15%-да әке-шешенің біреуі ішімдікке салынғандар екен. Бұдан шығатын қорытынды: қиын балалардың пайда болуының себебі – отбасы тәрбиесінің дұрыс жолға қойылмауы. Тіпті жағымды отбасының өзінде бала тәрбиесіне 18 минут қана бөлінеді екен. Қалған уақытта бала компьютер, телефон, телевизор, дискотека, т.б. сияқты балаға өзіне ұнайтын нәрселермен айналысады.
ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ зиялылары да «қиын» балалардың шығу себептеріне бей-жай қарамаған. Ж. Аймауытов «Адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау, өлтіру сияқты бұзақылықтарды жасауы тәрбиенің жеткіліксіздігінен баланы бұзуға, яғни түзетуге себеп болатын бір шарт жас күнінде алған өнеге» - деген. Мектеп пен отбасы байланысының дұрыс жолға қойылмауы да бала мінез-құлқына теріс әсер етеді. Үшіншіден, бұқара халықтың, қоғамдық ұйымдардың тәрбие ісіне немқұрайлы қарауы, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға көңіл бөлінбеуден туындайды.
Қиын балалардың пайда болуының әлеуметтік себептерімен бірге экономикалық жақтарын да ескеру керектігі туралы белгілі педагог А.С.Макаренко былай деді: «Ерекше заң бұзушылар жоқ, тек қиын жағдайға тап болған адамдар бар, яғни белгілі бір ортасыз, достарынсыз қалған, жанашыры жоқ, тұрмыстың бар ауыртпашылығы бір өзінің мойнына түскен өмірлік тәжірибесі жоқ кез-келген бала заң бұзушылыққа барады». Ғалымдардың анықтамасына сүйенсек, «қиын» балалар қатарына психикалық дамуы уақытша баяулаған, тез ашуланшақ, уайымшыл, өзін төмен санайтын мінез-құлқында өзгерістер орын алған, қозу күйін дәрі-дәрмекпен тежейтін, кәмелетке жасы толмаған құқықтық тәртіп бұзушы жасөспірімдер жатады. Соңғы жылдары қоғамда жүріп жатқан түрлі өзгерістер, әсіресе, ел экономикасының нарықтық қатынастарға көшуі ұрпақ тәрбиесіне өз салқынын тигізді. Күн көрістің қамымен көптеген отбасылар сауда-саттықпен айналысып, бала тәрбиесін босаңсытып алды.
Өкінішке орай жастардың әрекеттерінде негізінен физиологиялық күштер мен еліктеу басым болады. Бұл осы жас кезеңіне сай нәрсе, бірақ кейде осының әсерінен жаманшылықтарға ұрынады. Адам балаға жақсылықты түсіну және жасай білуді үйрету керек. Әрине бұл жерде отбасының рөлі өте зор, оның балаға тигізетін әсерін алмастыра алатын ешқандай мемлекеттік мекеме жоқ. Баланың әлеуметтенуі толығымен негізінен отбасында жүреді. Сондай-ақ балалардың мінез ауытқушылығына ұшырауына сол отбасындағы тәрбиенің қателіктері әсер етеді.
Жасөспірімнің мінез-құлқы - отбасындағы қарым-қатынас қалыптасуының нәтижесі. Сондықтан тәрбиені отбасынан бастаған жөн. Отбасындағы өзара қарым-қатынасты түзеу керек. Сынып жетекшісі әрбір отбасы ерекшелігіне байланысты өзінше жол таба білуі қажет. Ол үшін сәтсіз отбасының пайда болу себептерін анықтау керек. Ол әр отбасында әртүрлі болуы мүмкін. Ондай отбасын бес түрге бөлуге болады.
1.Толық емес отбасы.
Жалғызбасты ана тәрбиелеп отырған отбасында «қиын» бала көбірек кездеседі. Бұндай отбасындағы жағдай өте салқын, немқұрайдылық, ішкі сезімталдықтың жоқтығы аңғарылады. Сынып жетекшісі осындай отбасымен жұмыс жүргізуде жетістікке жету үшін мынадай бағыттарды ұстануы қажет:
Баланың анасының сеніміне кіру, баланың анасының орнына өзін қойып көру,. Себебі ол оған деген көзқарасын бақылай білуге көмектеседі.
Баланың болашағына қызықтыру, балаға деген ананың және баланың анаға деген жауапкершілігін ояту. Баланың жан дүниесін түсінуге, ойын бөлісуге шақыру. Баласына ашылып, өзінің жоспарын айқындау жөн екендігін түсіндіру.
2. Балаға деген бақылауы, қадағалауы жоқ отбасы.
Бұндай отбасында әдетте ата-ана арақ-шарапқа үйір болып келеді. Мұндай отбасындағы әке-шешенің міндеті шектеулі, баланың жан дүниесіне деген түсіністік, тіпті бала мен ата-ана арасындағы байланыстың болмауы. Бұл жағдайда сынып жетекшісі не істеуі қажет?
Біріншіден, шыдамды түрде ата-анаға өмірде бұл қылықтың өзіне немесе баласы үшін зиян келтірер зардабын түсіндіру, көздерін жеткізу. Сонымен қатар әке-шешенің осындай жүріс-тұрысы үшін баланың көретін азабы, ұяты мен қиналысына көңіл аударту. Отбасында ата-ананың қайсысының беделі жоғары екендігін анықтап, оның отбасы өмірін өзгеруіне көзін жеткізу. Бұл отбасындағы жасөспірімді айналадағы адамдармен көбірек дидарластырып, қолдау көрсету, бақылап отыру қажет.
3. Педагогикалық жағынан сауатсыз отбасы.
Бұл отбасындағы ата-ана баланы түсінбейді. Баланың теріс қылығына әсер ету әдісін білмейді. Тек мектеп пен мұғалімді кінәлап, баланың көзінше беделін түсіреді.
Бұл ата-анамен қажетіне қарай кеңес, дәріс, іскерлік ойындар өткізу, мектеп жұмысына араластырып отыру қажет. Ата-ананың ой-өрісін көтеруге қызығушылығын ояту, әр бала ата-анасының сауатты болғанын қалайды деген ой туғызу қажет.
4. Адамның жан дүниесінен гөрі материалдық тұрмыс жағдайын жоғары қоятын отбасы.
Бұндай отбасындағы бала өзімшіл келеді, ата-анасы баласының бұл қасиетін байқамай, үнемі марапаттап отырады.
Бұндай жағдайда сынып жетекшісі басқа отбасындағы жан дүние байлығын, қайырымдылық, ізгілік туралы әңгіме айтып, көзқарасын өзгертуге тырысу қажет.
5. Балаға тым жоғары талап қойып, қатыгездікпен жазалау кездесетін отбасы.
Бұлар баланың кішкентай қателігіне бола ұрып-соғып жазалауды жөн деп санайтын ата-аналар. Әдетте бұл үйдің баласы өте қатыгез, ашушаң болып келеді.
Бұндай жағдайда ата-ана қылығының дұрыс еместігіне көздерін жеткізу керек. Балаға өзінің қатарындай қарап, күш көрсетуден аулақ болуға шақыру, бала тәрбиелеуде шыдамдылықтың қажет екендігін түсіндіру. Сыныптағы тәрбие жұмыстарына ата-ананы араластыру қажет. Себебі, педагогикалық іш-шараға араласқан ата-ана баласын басқа қырынан көреді. Баламен өзара қарым-қатынасын өзгертеді.
Психолог: Қиын баланың мінез-құлық ерекшеліктері:
Мінез-құлқы бұзылған балалар өз қылықтарына жауапкершілікпен қарамайды, ата-анасының рұқсатынсыз жүріп-тұрады, сабақтан қашады, қаңғырып кетіп қалады, алкоголизм, наркомания және т.б. тұлғаның патологиялық даму формалары да көрініс береді. Қоршаған ортадан агрессивті түрде қорғанады, өзінің іс-әрекетінің нәтижесін болжай алмайды, көңіл-күйдің құлазуына бейім болады, сондықтан басқалармен жиі керісіп қала береді. Құрбыларымен де дұрыс қарым-қатынасқа түсе алмайды. Олар көбінесе өзінен үлкен немесе кішкентай балалармен жиі тіл табысады. Бұндай балалардың оқу үлгерімі төмен болады және оқу дағдылары өз деңгейінде қалыптаспайды. Сонымен қатар өздерінің әлеуметтік теріс қылықтарын жасырмайды, өйткені олардың өзімшілдік сезімі өте жоғары болады. Ал алып жатқан ескертулер мен жазалар тек ішкі қарама-қайшылығын күшейте түседі. Мұндай балаға әкімшілік жазаларды қолдануға болмайды (мысалы, елдің көзінше ұрсу, жиналыстарда талқылау т.с.с). Сол сияқты оның бағасын төмендететін позициялардан «Олай етуге болмайды», «Өзіңді олай ұстама», «Сенің олай етуге қалай дәтің барады» аулақ болған жөн.
«Қиын» балалармен жұмыс істеу жолдары:
1.Балаға ілтипатпен, ізгі тілектестікпен қарау;
2.Оның жақсы қасиеттеріне сүйену;
А.Бебельдің: «Әр адамның бойында ояту және жетілдіру ғана керек сан-алуан қабілет болады» деген керемет сөзін есте ұстап, әр оқушының жақсы жақтарын табу және оны дамыту.
3.Оның бойында қоғамдық қызметке бейімділігі бар екенін дәлелдеу.
Сынып жетекшінің қызметі:
Оқушы және оның отбасының жағдайы туралы білу;
Отбасымен қарым-қатынас құра білу;
Тәрбие мақсатын орынды қоя білу және іс-шаралардың баланың жас ерекшелігіне қарай құру;
Ата-аналар жиналыстарында ата-аналардың педагогикалық сауаттылығын көтеру;
Оқушының мектепке келуін және сабақ үлгерімін қадағалау;
Әр оқушының көңіл-күйіне және жеке ерекшелігіне назар аудару;
Әр оқушының жеке ерекшелігіне қарай үйірмелерге тарту;
Сыныптан тыс және мектептен тыс жұмыстарға тарту;
Егер сыныбында ерекше назардағы бала болатын болса, мамандарға алғашқы болып сұраныс жасау және бала туралы алғашқы мәліметтерді беру;
Оқушылардың девиантты мінез-құлқының алдын алу және түзету жұмыстарын ұйымдастырады және үйлестіреді.
Қиын оқушыларды жөнсіз қорқыту, айтқанды мүлтіксіз орындату, айқаймен тәртіп сақтаудың тиімсіз әдіс екені, керісінше тәрбие өз беделінен айрылып қалатыны анық.
Кез-келген мұғалім педагогикалық теорияларды жете білемін дегенмен, педагогикалық такты меңгермесе, ол шебер әрі тәжірибелі тәрбиеші бола алмайды. Ушинский: «Такт – жеке адамның қасиеті, адам мінезінің ерекшелігі. Такт – ол мұғалімнің сапасы, оқушылармен дұрыс қарым-қатынас жасай білу. Сезімталдық, дұрыс, ақылды талап қоя білу».
Мұғалімнің қиын оқушылармен қарым-қатынасы әр түрлі формада жүреді: сұрау, талап ету, сендіру, бұйыру, мадақтау, жазалау т.б. осының бәрін қолдануды білгенімен, ретін, жөнін, мөлшерін білмей жатады. Оны педагогикалық тактыны жете меңгерген адам ғана біледі.
1-топқа: Қиын баланың шығу себептері
2-топқа: Қиын балалардың мінез-құлық ерекшеліктері
3-топқа: Сынып жетекшісі қандай қызметтер атқаруы керек?
4-топқа: Жағдаят
5-топқа: Жағдаят
Тренинг: Шеттетілген оқушы
Сынып жетекшісі агрессиялық мінез-құлқы
бар балаларға қалай қарауы керек?
Профессор Н.Е.Щуркованың және оның әріптестері мінез-құлқы күрделі балаларға арналған педагогикалық әрекет алгоритмін ұсынады.
Мінез-құлқын түсіну. «Ия, осылай болады...», «Сенің жасыңда мен де осындай жағдай болған...».
Мінез-құлқын ақтау. Балаға жартылай қолдау білдіру: «Сенің орныңда басқа біреу болуы да мүмкін еді...», «Мүмкін, мен де сөйтер ме едім...».
Баланың жасағанына ой жіберу үшін оның заттық әлеуметтік нәтижесіне талдау жасау: «Сен, сірә, .... жасағың келген шығар, ал ол ... болып шықты», «Сен оны ... болып шығады деп ойламаған да шығарсың...».
Өзін-өзі анықтау үшін балама мінез-құлық тәсілін көрсету: «Былай жасағанда ... болар еді», «Мұндай жағдайда кейбіреулер ... жасайды».
Бала болған оқиғаның уәждемесі мен себептерін анықтай алуы үшін, оны ойлануға шақыру: «Сен өзің қалай ойлайсың...», «Бұл енді қалай аяқталады деп ойлайсың...», «Сен туралы басқалар не ойлайды...».
Басқа мәдениет деңгейінде өзін-өзі жүзеге асыра алуына жағдай жасау үшін, сыртқы қорлаудан "қорғаныс": «Бұл есейе келе қалатын әдет...».
Тиісті әсер түріне қарама-қарсы күтпеген дербес шешім: «Мен сені ... жазалауым керек еді, бірақ мен ... жасайын деп тұрмын», «Мен сені түсінеді деп сенемін...».
Тапсырма: Мына жағдаяттар кезінде жоғарыдағы педагогикалық әрекет алгоритмдерін немесе «Мен-пікірін тәсілін қолданып көріңіз.
Мысалы: «Оқушыңыз сабақтан қашып кетті», «Оқушыңыз сыныптағы бір оқушымен төбелесті», «Сіздің оқушыңыз берілген тапсырманы орындамай келді», «Сіздің оқушыңыз бір мұғалімнің сабағында отырмайды», «Оқушыңыз мұғалімге ерегесіп сабақты мүлде оқымай қойды»
Тәрбиесі қиын бала берекесіз жанұяда қалыптасатыны белгілі болды. Осындай жағдайда сынып оқушыларының, мектеп ұжымының, сынып жетекшісінің ролі зор. Сынып жетекшісі нәтижеге қол жеткізу үшін отбасымен де жұмыс істеуі маңызды.
1-Жағдаят
Бір күні 1-сыныпта оқитын Самат сабақтан қашып, мектепке бармай қалды. Соңғы кезде ол тек мектептен емес, бәрінен қашқалақтайтынды шығарды.
Жағдайға сипаттама: Кішкентай Самат әке-шешесінің көптен күткен баласы еді. Ол биыл 1-сыныпқа барғанда әке-шешесі қатты қуанды. Оның әкесі араққа жақын еді. Арақ ішіп келген күні үйде береке болмайтын, айқай шығаратын, анасына тиісетін. Анасы қашып-пысып жүргенде Самат қараусыз қалып, сабаққа сол күйі дайындықсыз келетін. Сол үшін мұғалімнен де талай рет ұрыс естіді. Сондай күндері сабаққа келгісі келмейді, бірақ басқа амалы жоқ. Мұғалім: «Неге сабақ оқымадың? Сабақтан соң қамап қоям» - деп қорқытып, қолына кітабын беріп, бұрышқа тұрғызып қоятын. Сол кезде мұғалімнің бетіне қарай алмай, кірерге жер таппай қатты қиналатын. Соңғы уақытта Самат сыныпта ешкімге қосылмай, оқшауланып жүретінді шығарды. Бір күні Самат сабаққа бармай қалды. Мектептен келетін уақыты әлдеқашан асып кеткесін, анасы мұғалімге телефон шалғанда оның сабаққа бармағанын біледі. Күн болса, салқын, қанша дегенімен қыс мезгілі. Анасы не істерін білмей, жылап, айналасындағы барады-ау деген үйлердің бәріне кіреді. Ешбірінде жоқ болып шығады. Амалсыздан болған жайды әкесіне айтады. Әкесі істің байыбына бармастан, салып ұрып «Баламды тауып бер» - деп мұғалімнің үйіне барып айқай шығарады. Ал Самат болса, өзінің сарайына барып, қаптағы қырқылған жүннің үстіне 1-2 сағат отыра тұрайын деп ұйықтап қалған.
Осы болған жайға байланысты ата-анасы мұғалімді, мұғалім ата-ананы кіналады. Талдау: Сіздің ойыңызша бұл жерде кім кінәлі?
Мұндай отбасында психологиялық күйзелістің күштілігінен бала өзін жоғалтады. Бұдан әрі Саматтың тағдыры не болады? Мұғалім енді не істеуі керек? Оның алдында қандай міндет тұр?
2-жағдаят
Қанат ашық-жарқын бала болатын, ешқашан анасынан сыр жасырмайтын. Бірақ бір күні ол шұғыл өзгеріп, тұйықталып, ашушаң болып алды.
Жағдайға сипаттама: Қанат мектептен ерте келетін еді, баланы өздерімен бірге тұратын әжесі қарсылап алатын.
Әжесі себепсізден-себепсіз Қанатқа ұрсып, ештеңемен айналыспай, бос жүресің, достарыңды жиі ертіп келесің деп кінәлайтын еді. Жұмыстан оралған анасына бас салып, баланың сыртынан жала жаба бастайтын. Алғашында анасы сенбей, қарсылық білдіріп жүрді, кейін бұл дағдыға айналып, ұлының істемеген істерін істеді дегенге сенетін болды. Сөйтіп, себепсізден-себепсіз ұлына ұрсатынды шығарды.
Бір жолы Қанат мектепте «Бокс» секциясы ашылатын болып, соған қатысқысы келеді. Сыныптастарының көбі қатысуда. Бірақ ақылы секцияның құны 1000 теңге. Шешесі бұдан бірден бас тартып, босқа уақыт өткізгені үшін мұнша ақша төлей алмайтынын айтты. Әжесі де қызын жақтап шықты.
Өанат бұндай көзқарасқа қатты ренжіп, өз-өзінен тұйықталып қалады. Ол секцияға барып, басқа балалардың не үйреніп жатқанына қорлана бақылап тұратын болды. Үйде туыстарымен арақатынасы мүлде суып бара жатты.
Талдау:
Анасы нені ескермеді?
Қанат не ойлап еді?
Әжесінің қылығы туралы не айтуға болады?
Енді қандай ұсыныс бересіз?
(Бала жаны өте жараланғыш болады, ал анасы ол жағын ескермеген. Қанат анасына өз тілегін айтқанда, оны бірден қарсы болады деп күтпеген еді.
Балаға еш негізсіз ұрса беретін, анасына жамандап, жала жапқан әжесінің қылығы тіпті кешірімсіз. Оның секцияға баруына тыйым салу арқылы әжесі баланы істемеген істері үшін жазалаймын деп ойлаған.
Ұсыныстар:
Анасы ең алдымен әжесімен сөйлесіп, шындығында мәселе қалай болғанын, баланың қай дәрежеде кінәлі екенін анықтау керек. Баланың сеніміне қайтадан ие болуы үшін, Қанатпен ашық сөйлескені жөн. Егер мүмкіндік болып жатса, ұлын секцияға жібергені дұрыс. Егер ондай мүмкіндік болмай жатса, оған түсіндіріп айтып, оған айналысатын басқа бірдеңе қарастырғаны жөн. Ал әжесі немересіне қатысты мәселеде ұстамдылық танытуы керек-ақ.
Қорытынды: Отбасылық өмірдегі осындай қайшылықты бағыттың барлығында да баланың ішкі жан дүниесінен алшақ болу, оның тұлғалық қасиеттеріне мән бермеу байқалады.Балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлықтарындағы ауытқушылықтың әлеуметтік-психологиялық себептері
Достарыңызбен бөлісу: |