Түсініктілік принципі. Түсініктілік принципі оқытуды оқушылардың дайындық деңгейіне сай ұйымдастыруды талап етеді. Сонымен бірге оқушыларға тапсырма «ең таяу даму зонасына» сәйкес берілуі тиіс, яғни тапсырманы мұғалімнің басшылығымен терең ойлап орындауды оқушылардан талап ету керек. Егер тапсырма аса ауыр болса, онда оқушылардың ықыласы төмендейді, сенімі кетеді, күшіне зиян келеді.
Жүйелілік және бірізділік принципі. Оқыту процесінде оқу бағдарламалары мен тақырыптық жоспарда көрсетілген тақырыптар бойынша теориялық және практикалық мәселелер бірізділікпен белгіленеді. Жүйелілік және бірізділік принципі оқыту процесінде балаларды үнемі өз бетімен жұмыс істеуге (сабақ үстінде, үйде кітаппен, лабораторияда, шеберханаларда т.б.), сонымен бірге балалардың білімін жүйелі түрде тексеріп, есебін алып отыруда, оларды күнделікті сабақтарға дайындықпен келуге де үйретеді.
Саналылық пен белсенділік принципі. Саналылық пен белсенділік дегеніміз білімді саналылықпен белсене қабылдап, оның өмір және практикамен байланысын тереңдету, оқылатын фактілер мен құбылыстардың мәніне түсіну болады.
Сабақ үстінде берілген тапсырмаларды оқушылардың саналылықпен орындауы, олардың белсенділігін арттырады. Әрбір іс-әрекетін оқушылар оның теориялық және практикалық мәніне терең түсінуі қажет.
Оқушылардың дүние танымын тереңдетуге, белсенділік сезімін оятуға ғылыми-техникалық даму кезеңіндегі оқытудың жаңа үдемелі әдістері мен формалары ықпал жасайды. Сонымен бірге саналылық және белсенділік принципін іске асыруда мұғалім мен шәкірттердің бірлесіп істейтін шығармашылық жұмыстары да игі әсер етеді.
Көрнекілік принципі. Көрнекілік принципін алғаш зерттеп, оған мәнді үлес қосқан Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский т.б.
Осы принцип алғашқы оқытудың әдістемесін жазды.
К.Д.Ушинский көрнекілік жайындағы ілім дамыта келіп, көрнекілік – балалардың психологиялық ерекшеліктеріне жауап береді, балалар заттардың пішіні, дыбысы, бояуы арқылы ойлайды деді.
Оқыту процесінде сөз бен іс, теория мен практика өзара байланысты болады. Әр түрлі көрнекілікті қолданудың нәтижесінде сабақ әрі түсінікті, әрі қызықты болып өтеді. Мысалы, жоғары сыныптарда сабақты демонстрациялап өткізу өте тиімді және нәтижелі болады. Көрнекілік абстракты ұғымды игеруге әсер етеді. Мысалы, электрон теориясын сабақта кинофильмді пайдаланып түсіндурі жақсы нәтиже береді.
Сонымен, көрнекілік принципінің оқыту материалдарын, әсіресе, теориялық ережелерді терең оқуда, берік есте сақтауда алатын орны ерекше.
Көрнекі құралдар оқу материалдарын, әсіресе, теориялық ережелерді есте жақсы сақтау және жеңіл түсіну үшін қолданылады.
Педагогикалық процестің бағыттылық принципі. Педагогикалық процестің бағыттылық принципі жеке адамның әр жақты дамуына, оқыту мен тәрбие үйлесімдігіне ықпал жасайды.
Кешенді ықпал жасау идеясы қоғамдық құрылыстың өз табиғатынан шығады – оқыту мен тәрбие жұмысы жүйесінің тұтас, мызғымас бірлігі.
Ақыл-ой, адамгершілік және еңбек тәрбиесін тығыз бірлікте қамтамасызх ету педагогикалық процестің бағыттылық принципінің негізін құрайды. Адамның білімге, әр түрлі іс-әрекетіне сенімдлігі, сонымен бірге ақыл-ой тәрбиесі қоғамдық пайдалы және өнімді еңбек процесінде дамиды. «Еңбек білім берумен қатар жүрмейінше, тәрбиелік пайда клтірмейді, бейтарап процесс болады» - дейді А.С.Макаренко.
Педагогикалық процестің басты идеясы – оқыту және тәрбие жұмысында мақсаттың, міндеттердің, принциптердің, заңдылықтардың мазмұнының, әдістер мен формалардың бірлігі, тұтастығы және өзара байланыстылығы. Бұл идеяны іске асыру үшін ең алдымен ғылымының соңғы жетістіктеріне сәйкес әр түрлі жабдықтармен, оқыту машиналарымен, техникалық құралдармен, атап айтқанда, символикалық экранды – динамикалық дыбысты – техникалық құралдармен жабдықтау, оқыту және тәрбие процесінің сапасын және тиімділігін арттырады.
Оқыту мен тәрбие процесінде моральдық-психологиялық жағдайдың да мәні өте зор. Сабақ үстінде, тәрбиелік шараларды өткізу процесінде тәрбиешілер мен оқушылар арасындағы бір-біріне тілектестік, жанашырлық, қамқорлық және қиын жағдайларда өзара көмек іс-әрекетінің сапасына тиімді ықпал жасайды.
Сонымен, тұтас педагогикалық процесте кешенді ықпал жасау – бұл әр түрлі іс-әрекеттерін нақты жоспарлау, әр түрлі жұмыстарды (саяси-идеялық, қоғамдық пайдалы және өнімді еңбек т.б.) табиғи бірлікте жүзге асыру.
2.2. Мектепте эстетикалық тәрбиенің негізгі бағыттары және олардың ұлттық ерекшеліктері.
Мектепте эстетикалық тәрбие оқушылардың сыныптан тыс тәрбие жұмысының жүйесінде кеңінен пайдаланылады. Эстетикалық тәрбиенің өмір елегінен өткен көптеген формалары бар. Шығармашылық үйірмелер – олар әдебиет, музыка, хореография, бейнелеу өнері т.б.
Балалардың шығармашылық жұмыстарының басты формаларының бірі – көрмелер, сайыстар. Көрмеде оқушылардың бейнелеу өнері, қабырға газеттері, қолжазба журналдары көрсетіледі. Сайыста жақсы лирикалық, эстрадалық әндер, әңгімелер орындалады. Сайыс оқушыларды эқуанышқа бөлейді, келешекке үмітін тұтындырады.
Мектепте музыка, кескіндеме және әдебиет кештері өткізіледі. Онда оқушылар тыңдаушыларды өз шығармалары және әндерімен таныстырады, пікір алмасады, ұсыныстар айтылады.
Шығармашылық конференцияларда оқушылардың зерттеу жұмыстары туралы баяндамалары, рефераттары талқыланады. Олардың жұмыстары жөнінде құнды пікірлер айтылып, ұсыныстар беріледі.
Мектеп және сынып бойынша алдын-ала жасалған жоспарларға эстетикалық саяхат өткізіледі. Саяхаттың негізгі объектілері көркем галерея, мұражай, театр, кинотеатр, түрлі көрмелер.
Көркемөнерпаздар үйірмесі оқушылардың өнерге әуестігін, қызығушылығын, талғамын дамытуда үлкен роль атқарады. Көркемөнерпаздар үйірмесі сынып, сыныпаралық және мектеп бойынша ұйымдастырылады. Үйірмеге ән салуға, билеуге машық, музыка аспаптарында ойнай білетін қабілетті оқушылар қабылданады.
Эстетикалық тәрбие жұмысына көмектесуде мектеп кітапханасының көп мүмкіншіліктері бар. Кітапхана бейнелеу өнері, кескіндеме, музыка және өнердің басқа түрлеріне байланысты кітаптар көрмесін ұйымдастырады, әдебит тізімдерін дайындайды, әңгімелер өткізеді, мұ,алімдермен бірігіп, сыныптан тыс оқулықтарды, оқырмандар конференциясын өткізеді, басшылық жасайды.
Сыныптан тыс эстетикалық жұмыстың барлық түрлері оқушылардың еріктік, қызығушылық, бейімділік принциптері негізінде іске асырылады.
Мектепте оқушылардың эстетикалық мәдениетіне басқа факторлар әсер етеді. Мысалы, жарық сынып бөлмесі, әдемі мектеп мебельдері, демалыс бөлмелері, қолайлы жұмыс орны оқушылардың эстетикалық танымын, белсенділігін көтереді.
Көп түрлі эстетикалық жұмыстарды тиімді ұйымдастыру оқушылардың эстетикалық дүниетанымының негізгі көзі болады.
Басты мәселе, күнделікті өмірдегі әсемдіктің адам мен табиғаттың бірлескен әрекетінің күшімен пайда болғанын ұғындыру. Осының негізінде ғана оқушы өз еңбегінің пайдалы екенін және оның сұлулығын көре білетін, осыдан өмір сұлулығын жасайтын адам екенін түсінеді. Мұны жүзеге асыруда көпшілікке хабар тарату құралдарын және баспасөз материалдарын кең пайдалануға болады.
Қазіргі кездегі эстетикалық тәрбиенің міндеттерін шешу үшін халықтың осы уақытқа дейінгі тәжірибесін меңгеру қажет.
Халық әрдайым әсемдікті іздеді, қолдан жасады және оны өмірде, тұрмыста, еңбекте бекітуге тырысады. Оны халқымыз үй жиһаздарын жасауынан және оны әсемдікті сезінудегі тәрбие құралы ретінде пайдалануынан көруге болады.
Халықтық эстетикалық тәрбие жүйесінде лирикалық, үйелмендік тұрмыстық, әдет-ғұрыптық, еңбектің және т.б. әндер мен өлеңдер ерекше орын алады. Бұлар да эстетикалық тәрбиенің құралдары ретінде қызмет етеді. Халқымыздың әндері жанры және тақырыбы жағынан өте бай. Көптеген әндер би қимылдарымен байытылады.
Қазақ халқының музыкалық аспаптарының түрлілігі таң қаларлықтай (домбыра, шертер, асатаяқ, шаң қобыз, ұран, мүйіз сырнай, жетіген, үскірік, қамыс сырнай, дабыл т.б.). Олар бос уақытта пайдаланылып жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру ісіне қызмет етті.
Эстетикалық тәрбиенің күрделі мәселелерін айқындауда біз халықтың жинақтаған педагогикалық білімі мен тәрбие тәжірибесіне сүйенуіміз қажет.
Жеке адамның жалпы мәдениеті үйелменде, қжымда, жұртшылық арасында байқалады. Сондықтан күнделікті өмірдегі оқушының жеке басының эстетикасына ерекше көңіл аудару мұғалімдер мен ата-аналар алдындағы кезек күттірмейтін басты мәселелердің бірі болып саналады.
Оқушылардың жалпы мәдениеті, яғни эстетикалық тәрбиенің маңызды жақтары ізеттілік, ұқыптылық, жылы шырайлылық, қайырымдылық, тазалықты сақтау т.б. Жалпы эстетикалық мәдениет – бұл қатынас эстетикасы, киім-кешек эстетикасы, үй-жағдай эстетикасы, манера (өзін ұстай білу), дене қимылы т.б. А.С.Макаренко еңбектерінде бұл проблемаға зор мән берілген.
Қатынас эстетикасы. Үйелменде ата-аналармен, мектепте оқушылар мен мұғалімдермен, басқа адамдармен қатынас жасау эстетикалық тәрбиенің іргетасы. Мұндай қатынас балалардың күнделікті өмірінде, іс-әрекетінде қалыптасады, эстетикалық сезіміне үнемі әсер етеді. А.С.макаренконың айтуы бойынша: адамдармен жылы шырайлы қарым-қатынас, көршілерге қайырымды, сенімді дос және өнегелі болу – осының бәрі моральды эстетиканың басты салалары.
Үй-жағдай эстетикасы. Әрбір үйелмен өз үйіне жайлы жағдай жасауға тырысады. Әр түрлі үй дүние-мүліктерінің өз орнына әдемі, ыңғайлы тұруын ойластырады. Жұмыс істейтін және демалатын бөлмелерді өте қолайлы жабдықтайды. Үйелменде балаларды үй ішінде өзінің жеке заттарын, нәрселерін ретке келтіріп ұстауға, кетуге, үйді жинауға, тазалықты сақтауға үйретеді. Осындай жұмыстардың барлық түрлеріне балаларды қатыстыру әке мен шешенің, ересек үйелмен мүшелерінің басты міндеттері.
Оқушылардың үй-жағдайын өзгертуге байланысты жұмыстарға қатыстырып отыруы керек. Мысалы, бөлме қабырғаларын жапсырылатын түсқағаздарын, терезе перделерін қалай таңдап алу керек, бөлмелерде мебельді қалай әдемі етіп орналастыруға болады, бөлме өсімдіктерін өсіру, оларды күту, яғни осы сияқты жұмыстарды өз бетімен орындауға үйрету, дағдыландыру балалардың эстетикалық сезімін, танымын тәрбиелейді және эстетикалық ұғымын қалыптастырады.
Киім-кешек эстетикасы. Адамның сыртқы көрінісі, киімі, жүріс-тұрысы, оның эстетикалық мәдениетіне байланысты. Киім эстетикасы сән (мода) қазіргі өмір талабына сәйкес болуды қажет етеді. Ескірген сән бойынша киіну адамда сұрықсыз етеді, оның сүйкімділігін жояды. Сәнді дұрыс пайдалану – бұл әдемілікті сезу, өмірге, адамның бейнесіне сергітуші жаңалықтар енгізу.
Манера, жест (дене қимылы) – бұл әрбір адамның өзін ұстай білу үлгісі және дене қимылы жөніндегі ұғымды білдіреді.
Атақты француз жазушысы, ағартушы – философ және педагог Жан-Жак Руссо (1712-1778) ... дене қимылын бір қалыптылықты ұстауға мейірімді дауыспен сөйлеуге, өзіңді ұстай білуге, жеңіл жүруге жету, - деді.
Жеке адамның сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасып жатуы эстетикалық сұлулықтың белгісі. А.П.Чеховтың сөзімен айтқанда, адамда: бет, киім, жан, ой – бәрі сұлу болу керек.
Сонымен оқушы жастардың эстетикалық танымын, сезімін, мәдениетін, білімін көтеруде ең басты сүйеніш мұғалімдер мен ата-аналар. Олар өздері үлгі болып эстетикалық тәрбие жұмысының мазмұнын, формаларын және әдістерін жетілдірудің жолдарын іздестіріп іске асырады.
2.3. Ұлттық ою-өрнектің шығу тарихы және оның киімде орналастыру тәсілдері
Өркениетті қоғам мен құқықтық мемлекеттің түсуі өскелең ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттілігін, еркін ойлау қабілеті мен шығармашылығын, кәсіби біліктілігі мен білімділігін талап етеді.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының білім беру мен тәрбиелеу саласының түбегейлі жаңару жағдайы - бүгінгі таңда халықтың дәстүрлі өнер түрлерін жинақтап, зерделеудің, оның айналасындағы тәлім-тәрбие, мол тәжірибе негізінде жасөспірімдерді тәрбиелеу қажеттігін тудырды.
Сондай қажеттіліктің бірі - халықтың қолөнері, оның ішінде ою-өрнек өнерінің тәлім-тәрбиелік мүмкіндіктерін қазіргі ұрпақ тәрбиесінде тиімді пайдалана білу.
ТМД елдері бойынша ою-өрнектің шығу тегі, дамуы, семантикасы, жасалу техникасы, құрылысы, классификациясы, қолданылуы жөніндегі деректер, зерттеулер халықтық тарихы, этнографиясы, фольклоры, қолөнері тұрғысынан жарық көрген біраз еңбектер қарастырылған. Қазақ халқының ою-өрнек өнерінің шығу тегі ежелгі тас дәуіріне келеді.
Соңғы палеолит дәуірінің ескерткіштерінен жануарлардың толық бейнесінің қатарында алғаш рет онша айқын емес, бірақ символдық мағынасы бар біздің заманымызға дейінгі адамның ойлауын көрсете алатын әр түрлі белгілерді байқауға болады.
Неолит дәуірінде үңгір тұрғындары керамикалық ыдыстарды қолмен жапсырып жасау әдісін игерді. Көбінесе ыдыстардың жоғарғы жартысына тісті қалыппен сызықшалар, ойықтар, мүсіндер түріндегі өрнектер салынған.
Қола дәуіріндегі Қазақстан территориясында тұрған тайпалар еңбек құралдарын, қарулар, сәндік заттар, тұрмыстық бұйымдар жасауда құю, қақтау, қысып өрнектеу, жону, тегістеп жылтырату техникасын жақсы меңгерді, заттарға өрнек сала білді.
Міне сол кезеңдегі бұйымдарда бейнеленген белгі таңбалардың ХVІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ халқының қолөнерінде кездесетін ою-өрнектерге өте ұқсас екендігі Ә. Марғұланның, Қ. Ақышевтің, М. Мұқановтың, К. Ибраеваның т.б. ғалымдардың еңбектерінде дәлелденген.
Саңғыру қорымынан қазып алынған қыш ыдыстарда бейнеленген крест бейнесі, дөңгелектер қазақтардың киіздеріне салынатын өрнектерді еске түсіреді. Қарқаралы алқабының Шортанды бұлақ қонысынан табылған айшық түймелер, жылқының сүйегінен ойып жасалған ромб, үшбұрыш тәрізді өрнектер қазақ халқының кейінгі дамыған қолөнер туындыларында жиі қолданылады.
«Қошқар мүйіз» - қазақ халқының ең байырғы оюларының бірі, қазірде қолөнер туындыларының барлық түріне салынады.
Осы оюдың Андронов мәдениеті ескерткіштерінде бейнеленгендігі жөнінде Қ. Ақышев: «Қазіргі қазақтар мен андроновтық тайпалар арасын 3000 жылдан астам уақыт шымылдығы бөліп тұр» - дейді.
Орталық Қазақстанның үлкенді-кішілі Нұра, Талды, Шерубай өзендерінің жағалауларынан андроновтық тайпалардың мекен-тұрақтары табылған. Табылған заттар қыш-құмыраларда андроновтықтар «қошқар мүйіз» өрнегімен ыдыс-аяқ бетін әшекейлесе, қазақтар әр түрлі бұйымдарды, үй жиһаздарын безендірген.
Пазырық қорғанынан табылған, біздің заманымыздан бұрынғы 2 мың жылдықта жасалынған кілемдер, түскиіздер, құмыралар, әшекей заттардағы ою-өрнектер үлгілері андронов мәдениетінде қалыптасқан.
Бұдан әрі ою-өрнек өнері қазақтардың арғы тегі болып саналатын сақ, ғұн, үйсін тайпаларының өнерінде дами түсті. Бұған Есік қорғанынан табылған «Алтын киімді адам», көне дәуірдегі Жетісу сақтарының өмірі мен тұрмысын танытатын, сақ жұрты көсемінің киімдері мен сән-салтанат бұйымдарында бейнеленген нақыштар дәлел. IV ғасырда Жайық Еділ далалары тұрғындарының қолөнерінде «аңдық стилі» дамыды. Қазақстанның шөлді және далалық аудандарының жергілікті хайуанаттар дүниесін көрсетеді. (Айыр өркешті түйе, киік, жылқы, текелер).
Түрік қағанаты дәуірінде де тас өңдеу мен сүйек ұқсату өнерінің өркендеуіне сай сүйек пен металдан жасалатын бұйымдарды әсемдеу барысында негізінен геометриялық, өсімдік тектес және зооморфтық мотивтер қолданылды. VІ ғасырдан бастап ғимараттарды ою-өрнектермен әсемдей бастаған. Кейіннен салынған Отырар, Сауран, Сығанақ қалаларында қазақ ою-өрнегі өзінің қолтаңбасын айқын көрсетті. Тараз моншасындағы «кереге» өрнек, Айша бибі күмбезінде геометриялық ырғақпен байи түсті. Ахмет Яссауи ескерткіштерінде де жергілікті халықтың ою-өрнегі басым қолданылған. Ою-өрнек өнері VШ-ІХ ғасырда қазақ жерінде өмір сүрген қарлұқ, қимақ, қыпшақ тайпаларының қолөнеріндежалғасын тапқаны Ә. Марғұланның еңбегінен мәлім. Қазақтың ою-өрнегі ХVШ-ХІХ ғасырларда ұлттық дәстүрде өркендеді. Қазан төңкерісінен кейін Қазақстанда көптеген шеберханалар мен көркемдеу өнеркәсіптері ашылуына байланысты ою-өрнек жаңа түр, жаңа мақмұнға ие болды. Тарихи деректер арқылы ұлттық ою-өрнек өнерінің қалыптасып, дамып отыруына бірнеше факторлар әсер еткенін байқаймыз.
1. Әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, соның ішінде: мал, егін-шаруашылығы, қолөнер кәсіпшілігі, сауда-саттық.
2. Табиғат, соның ішінде: дала табиғаты, табиғат сыры, жәндіктері мен аң құстар т.б.
3. Халықтың рухани өмірі: ұлттық салт-дәстүрлер, наным-сенімдер. Осы факторлардың әсерімен қазақ ұлттық ою-өрнектерінің өзіндік мазмұндық ерекшеліктері қалыптасты.
1. Мағыналық ерекшеліктері.
2. Бояу түстеріне байланысты ерекшеліктері.
3. Құрылымдық жүйесінің ерекшеліктері.
4. Басқа халықтардың өрнектерімен байланысты ерекшеліктері.
Ұқсастығы: ою-өрнек формасы, тоқылуы, қолданылуы, атауының бірдей болып келуі. Тұмар ою - қарақалпақ, өзбек, түрікмен, тәжік ою-өрнегінде кездеседі. Қарақалпақ тілінде «тұмар», тәжік, түрік, өзбек тілінде«тұмар» деп аталады. Бүгінгі таңда қазақ ұлттық ою-өрнектері бойынша бірнеше классификациялар бар. Олар мотивтеріне қарай, атауларының мағынасына қарай, балалардың қабылдау әсеріне орай топтастырылған.
Тәрбиелік мүмкіндіктері: ою-өрнекті үйрену негізіде балалардың ісмерлігі, шеберлігі артады, эстетикалық талғамы жоғарылайды.
Дайындалған түрлерден өрнек түсіруді көру, үйрену негізінде талғамы дараланады, өрнектердің мазмұны, мағынасымен таныса отырып ақыл-ойы өседі, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігі артып, қолөнер мұраларын бағалай білетін дәрежеге жетеді.
Ұлттық ою-өрнек өнерінің тәрбиелік, тағылымдық мүмкіндіктері жоғары, өйткені ол ұрпақ тәрбиесіне кешенді түрде әсер етеді.
Тарихшылардың зерттеулеріне сүйенсек заттарды әшекейлеу, тіпті, сонау тас дәуірінің соңғы кезінен-ақ басталғаны анық (2, 4, 5, 14, 15). Алғашқы адамдар тастан жасалған құралдарының бетін бедерлеп, әртүрлі әшекейлер салған. Бертін келе қола заманының тұсында адамдар қоладан, мыстан жасаған заттары мен қару-жарақтарын, лайдан құйылған керамикалық ыдыстарын өздерінше оюлармен айшықтай білген. "Андронов" заманында қазақ жерін мекендеген тайпалар сонымен қатар жүннен, теріден, ағаштан, сүйектен істелген үй жиһаздары мен құрал-жабдықтарын ою-өрнекпен әшекейлеу сияқты қолөнердің қаншама жаңа түрлерін ойлап тауып, қолданып отырған.
Жалпы ою өнері дүние жүзінің көп халықтарына тән. Дегенмен де қазақ халқының ою өнерінің өзіңдік ерекшеліктерін атап өтпеуге, сірә болмас. Өйткені, қазақтың өмірімен біте қайнасып, ежелгі замандардан пайдаланылып келе жатқан киіз үйін алсақ, есігінен аттап кірмей жатып-ақ оюлар әлеміне саяхат басталады (1). Киіз үйдің оюлап жасаған бедерлі ағаш есігі, еденіне төселген алаша, сырмақ, киіз, кілем, құрақты көрпе, қабырғаға ілінген әртүрлі әдіспен жасалынған түрлі түсті жүнмен оралып тоқылған шым-шилер, жүк жинайтын бедерлі жүкаяқтар мен ағаш төсектер, ағаштан ойып жасалынған ыдыс-аяқтар, оларды салып-алып жүретін аяққаптар мен сандыққаптар, ою-өрнекпен безендірілген қыз-келіншектер мен ерлер киімдері, қыз-келіншектердің мойнына тағатын алқасы, шашына жалғайтын шашбауы, беліне байлайтын белдіктері, ер-жігіттердің атқа салатын ер-тұрмандары, қару-жарақтары, атқа жабатын жабуы т.б. — міне осы аты аталған бұйымдар мен заттардың барлығы да ою-өрнекпен безендіріліп отырған.
Демек, ою өнері қазақтың тарихымен бірге жасап, бірге дамып келе жатқан көне өнер.
Халқымыздың ою өнері өз бастауларын тарихтың тереңінен алатын, теориясы мен жасалу технологиясы күрделі әсемдік-бейнелеу дүниесінің бір түрі. Қазіргі кездегі кейбір өнер зерттеушілерінің ою өнерінің тарихтағы орнын төмендетіп, шын мәніндегі бағасын бере алмай жүргені де байқалады.
Ертедегі ата-бабаларымыз ою өнерінің теориясы мен технологиясын жақсы меңгере білген. Халықтың ою жасаумен айналысатын көптеген шеберлері өздерінің туындыларын (ою композицияларын) ешқандай да геометриялық немесе арнайы аспаптарсыз-ақ жасаған. Білікті оюшылар ою композицияларын дайындағанда симметрия зандары мен үйлесу теориясын өте орынды қолданып отырған. Шеберлер ою тілінде көңіл-күйін, сол уақыттарда болып жатқан түрліше жағдайлар мен саясатқа лайық көріністерді жырлай білген. Қазақтың шебер қыздары сүйген жігіттеріне өздерінің махаббаттық ыстық сезімдерін орамалға түрлі түсті жібекпен тіккен ою-өрнек тілімен жеткізген.
Қазақ оюларының өрісі кең, болашағы мол. Ою-өрнектерді зергерлердің сувенирлік миниатюраларынан бастап, зәулім биік архитектуралық ансамбльдерден де кездестіруге болады.
Қазақтың ою-өрнек өнерін ғылыми негізде зерттеу ісімен мамандар көптен бері шұғылданып келеді. Еліміздің этнограф-тарихшылары мен өнер зерттеушілері дайындаған еңбектерінде ою-өрнектің түрлері, атаулары, шығу тарихы туралы көптеген құнды деректер жинады. Тарихи мұраларды қарастыру нәтижесінде қазақ оюларының негізін құрайтын 200-ден астам ою элементтерінің атаулары анықталған. Көп жағдайда ою элементтерінің аты материалдық дүниедегі жан-жануарлардың дене мүсіндеріне қарай, өсімдіктердің сабақтары мен жапырақтарының сыртқы бейнелеріне қарай, немесе геометриялық фигуралардың жаратылу ерекшеліктеріне қарай аталып келген. Тіпті, олардың арасында аңыз-ертегілерде айтылып жүрген аждаһалардың бейнесінен бастап бүгінгі күнгі космосты игеру тақырыбына дейінгі атаулар мен элементтер де кездеседі.
Қазіргі уақытта халқымыздың өркендеп өскен мәдениетіне лайықты кейбір ою элементтері өздерінің бастапқы мәнін жойып, жаңа мағынада өмірге қайта оралып отыр. Бізбен замандас ою жасаушы шеберлердің туыңдыларында ертеректе дүниеге келген оюлардың элементтері аз кездеседі десек те болады. Бұл жағдай қазіргі заманда ою өрнегінің өзіндік құнын жойғаны емес, керісінше, жаңа өмірге лайық жаңа бағыт алып, жаңаша өріс тапқанын көрсетеді.
Қазақтың ою-өрнек өнерінде кездесетін әртүрлі саздағы (мотивтегі) элементтер көп ғасырлар бойы сұрыпталудан өтіп, әр шебердің өзінше өзгеріс ендіруінің арқасында бір түрден екінші түрге ауысып отырған. Ою жасаушылардың творчестволық еңбегінің арқасында зооморфты саз өсімдіктер тектес сазға, геометриялық саздағы элементтер — зооморфты, немесе өсімдіктер тектес сазға т.с.с. ауысып отырған. Бұл жағдай қазақ ою-өрнек өнерінде бірнеше элементтермен-ақ шахматтағыдай мыңдаған түрлі композициялық варианттарды жасауға болатындығының дәлелі.
Сонымен қатар қазақтың ою-өрнек элементтерінің керемет икемділік (податливость) ерекшелігі де бар. Бір композицияның ішінде әртүрлі саздағы бірнеше элементтер бір-бірімен тұтаса бірігіп, бір бүтін аяқталған ою композициясын құрайды.
Мұндай жағдайда ою сүйегі бір түсті бояумен боялады да, оюдың элементтерін бір-бірінен жақсы анықтау үшін фонды түрлі-түсті бояумен бояйды.
Қазақ оюлары бойына пластикалық үйлесім заңын да толық сіңіре білген. Ою композициясын құру теориясын жақсы білген шеберлер бір жазықтықтың бетіне бірнеше оюларды қабаттап салу арқылы да өте күрделі біртұтас ою шығара алады. Әр оюдың сүйегі өзіне тән түрге боялып, бір-бірінен қалған жазықтықтағы бос орынды жалпы композициясының статикалық теңдігін бұзбастан толтырады. Мұндай күрделі оюларды қазақтар "шытырман" оюлар дейді. Себебі, әр оюдың элементтері өздерінің орнына қарай бірде біреуінің астынан өтсе, екінші жағдайда үстінен басып өтеді де күрделі шытырман сияқты ою композициясын құрады.
Ою өнерінде әртүрлі элементтерді өздерінің сыртқы формасына, қандай себептермен пайда болғандығына қарай топтарға (группаға) бөлгенде: мынау элемент архитектурада, мынау элемент үй жиһаздарын әшекейлеуде, немесе зергерлік бұйымдарда ғана қолданылады деп үзілді-кесілді (категорично) шешім жасауға болмайды. Өйткені, әр элементке шағын ғана өзгеріс ендіріп, оның композициялық шешімін дұрыс таба білсе, ол оюдың функционалдық орнын да, мағынасын да өзгертуге болады.
Ата-бабамыздың қалдырған бай мәдени мұрасының тарихын байыпты зерттемей, жаңа өмірдің талабына лайық жауап беретін туынды жасау мүмкін емес. Жаңа туындының тамыры көне дүние тарихымен неғұрлым терең астасқан сайын оның өрбіп өскен жапырақты бұтақтары да жаңа заманның рухынан нәр алып, сол ортаның идеологиялық және рухани жағдайына лайықты мазмұн мен мағына беруі тиіс. Демек, әр өнер шеберінің қолынан шыққан туынды ата-бабадан қалған мәдени мол мұрадан нәр алып, жаңа өмірдің жаңа талабына сай жаңаша жырлауы керек. Қай мамандықтың зерттеушісі болмасын, ескі тарихи мұралардың негізіне сүйенбесе, оның еңбегі де, туыңдылары да іргетассыз салынған үймен тең, ондай туындының өмірі ұзақ болуы мүмкін емес. Бұл жағдай мамандықтың қай саласы болмасын, барлығына бірдей қойылатын қатаң да заңды талап. Бұл талапты мүлтіксіз орындау — мамандарымыздың баршасының қасиетті борышы болса керек.
Сонау ескі өмір дүниесінен біздің заманымызға дейін жібі үзілмей келе жатқан ою өнерінің тарихын зерттеушілер, әрі майталман шеберлер Н.Тайманова, Л.Ходжикова, Ғ.Иляев, Р.Сәрсенбай, С.Әзербаева, Ә.Қастеев, Ж.Арыстанова, А.Бөсенова, С.Төленбаев, К.Кудасов, Т.Басенов, С.Қасиманов, Қ.Ибраева, М.Өмірбекова, З.Ақайқызы сияқты суреткерлердің ж.т.б. есімдерін мақтанышпен атап өтуімізге болады. Бұл аталған суреткерлеріміздің есімдері еліміздің мәдени тарихында өздерінің тиісті орнын алып, еңбектері жарық көріп келеді.
Қазіргі кезде қазақ ғалымдарының ішінен қазақ ою-өрнектерінің шығу тегін, дамуын, жасалу техникасын, классификациясын, семантикасын және өмірде қолданылуы жайлы деректі зерттеу жүргізген ғылым кандидаты, атақты архитектор Т.Қ.Басеновтың "Орнамент Казахстана в архитектуре" деген кітабын атап өтуге тұрады. Т.Басенов осы еңбегіңде көптеген шетел ғалымдарының қате пікірлеріне тойтарыс берді. Ғалым осыған орай түбегейлі терең зерттелмеген қазақ ою-өрнек өнерінің тарихын жалпы түрде болса да келешекте шешу үшін алдына төмеңдегідей мақсаттар қойған еді:
1. На основе анализа развития отдельных элементов и мотивов проследить в общих чертах развитие смыслового содержания казахского орнаментального декора (в пределах установления реалистического образа и дальнейшей его стилизации);
2. Проследить связь различных ветвей орнаментального творчества в Казахстане (бытовые и архитектурные орнаменты как детише одной и той же матери — народного творчества);
3. Выявить приемы синтеза орнаментального искусства и архитектурных форм в историческом прошлом на примере анализа архитектурного декора конкретных памятников;
4. Теоретически обобшить вопросы классификации элементов орнамента, изучить их композиционные приемы и сделать соответствующие выводы о подлинно народных, прогрессивных элементах орнаментального искусства Казахстана;
5. Подвергнуть общему анализу характер освоения народного орнаментального искусства в современной архитектуре и наметить пути развития орнаментального декора в синтезе с архитектурными формами.
Қазақ халқының ою-өрнек өнері жайлы өнертанушы С.Қасиманов та "Қазақ халқының қолөнері" атты кітабында қазақтың тұрмыстық қолөнеріндегі қолданылып келген ою-өрнектерге көп көңіл бөлген. Ел арасында көп қолданылып отырған ою элементтерінің 200-ден астам атауларын анықтады.
Халқымыздың оюларының тарихы мен түрліше мәселелері жайлы ғалым Қ.Ибраева да өзінің "Казахский орнамент" атты еңбегінде оюлардың шығу тарихы мен эволюциясы жайлы көптеген ғылыми деректерді алға тартады.
Қазақ ою өнерінің тарихы тереңде жатқан, келешегі мол өнер екенін Монғолия мен Қытай елдеріндегі қандастарымыздың да еңбектерінен көруімізге болады.
Моңғолия елінен келген қарапайым мектеп мұғалімі Зәкия Ақайқызы оюлар жайлы жүрек түбінен сөз қозғағанда былай дейді:
"Ою-өрнектер — халық өнерінің үлкен бір саласы. Егер қазақтың киіз үйінің төріне ілінген түскиізін немесе басқұры мен желбауын, тіпті аяққаптың өзін басқа бір елдің ою-өрнегімен әшекейлеп қойсаңыз, ешбір жараспас еді. Ал, аналарымыздың, жеңгелеріміздің, қарындастарымыздың кестелерімен әдемілеп, әсерлеп тіккен бұйымы көңіліңізге де, көзіңізге де ыстық көрінері анық. Міне, ұлттық өнердің ерекшелігі осында. Халық арасында осындай өрнегімен әйгілі өнерлілеріміз көп. Олардың қолтаңбасы күнделікті өмірде "мен мұндалап" үй-үйде жайнап тұр. Олай болса, қол өнерінің айтарлықтай бай тарихы бар. Бірақ, осы бір қасиетті мұрамызды күнделікті тұрмысымызда орнымен қолданып жүрміз бе? Айтып-айтпай не керек, қырдағы ауылда болмаса, көпшілік шоғырланған қала-қалашықтарда бұл дәстүр шеттеп қалғаны жасырын емес.
Соңғы кезде ғасырлар бойы жалғасқан осы өнерімізден адасып қала жаздадық. Ою-сызу өнері күнделікті өмірден ысырылып, мұражайлардан немесе қырдағы ауылдан анда-санда бір көретін таңсық, зәру бұйымдарға айналып барады. Ал ғалымдардың, оқымыстылардың зерттеу материалдарына айналдырып, "сондай болған, болып еді" деп тамсана, таңырқай жаза бастағаны жақсылықтың нышаны емес екені анық.
Мұнан шығатын қорьггынды бір кезеңде халық өнерін қайта жандандыру ісіне көпшілік атсалысар кез жетті. Өйткені, бұл өнер көнекөз адамдардың жүрегінде жазулы. Ендігі мақсат — қолөнерімізді қайта жандандырып, ата-баба өнерін жалғастыру сияқты игі іске икемді адамдарды тарта біліп, баулығанымыз абзал. Осындай мақсат қатардағы мұғалім мені де мазалағалы көп жыл өтті. Ауылда туып, ауылда өсіп, ақ әже, ару ананың ине-жібін ұстап, жастайымыздан олардың қол өнерін қызықтап бой жетіп, ой түзегендіктен де бұл өнердің тасада қалмағанын қаладым".
Халқымыздың ұлттық өнерін қызғыштай қорғап жүрген Зәкия бауырымыздың әр сөзінен елін, тілін, мәдениетін сүйетінін байқаймыз, оны әр азаматтарымыз шын жүректен қабылдайтынына кәміл сенуге болады. Халқымыздың қиын да, қызықты да әсемдік өнеріне атсалысқанына шынайы алғыс-сезімін білдіргеніміз абзал болар, Зәкияға.
Әрқашанда бастаған ісіңізге Алланың рахымы түсіп, ата-баба әруақтарымыздың нұры жаусын! Баяу қимылмен болса да ата-баба жерінде халқымыздың ұлттық өнерімізді әлемге паш етуге ұл-қыздарымыз атсалысып жатыр.
Еліміздің мәдени тарихында бірнеше шебер-ісмерлеріміздің қолынан шыққан туындылар дүниежүзілік көрмелерде де қойылып, жүлделерге ие болғанымыз әлемге әйгілі.
Дей тұрғанмен, бүгінгі таңда мемлекетіміздегі суретші мамандарды дайыңдайтын оқу орындары да, Қазақстан Суретшілер Одағының қолданбалы өнер секциясы да халқымыздың осы байырғы ұлттық ою-өрнек өнеріне селқостықпен қарап, осы жанрдың келешегіне жеткілікгі мән бермей келеді. Өкінішке орай, суретшілер дайындайтын оқу орындарында ою өнері жайлы студент жастарға арналған ғылыми негізде жазылған арнайы оқулықтар мен оқу бағдарламалары да жоқ.
Ою өнерін зерттеуші мамандарымыздың өздері де тек қана Республикамыздағы музей қорының материалдарыңдағы кездесетін ою-өрнектер мен этнографиялық экспедициялардың материалдарына ғана иек артып, өздерінің тұжырымдарын жасаған. Көп зерттеушілер өздері ою өнерінің маманы болмағандықтан, зерттеулерін тарихи материалдық мұралардың негізіне сүйене отырып жазса да, осы күнге дейін ою өнерінің шын мәніндегі тарихы мен теориясын, жасалу жолдары мен классификациясын, оның өмірдегі қолданылатын орны мен жөнін толық түсіндіре алмай келеді. Тіпті, кейбір зерттеушілер уақыттың әсерінен немесе дұрыс қолданыла білмеген технологиялық әдістердің зардабынан өздерінің негізгі формасын өзгерткен заттардағы ою элементтерін өз беттерінше түсіндіріп, қате трактовка жасап жүр. Кей жағдайда Орталық музей қорында да «шын шебердің қолынан шықпаған кездейсоқ бұйымдар кездеседі. Бұл бұйымдарды әшекейлеуде авторлар оюдың композициялық бірлігін, бір-бірімен үйлесімдік жағдайы мен симметрия заңын толық сақтамайды. «Әйтеуір әшекейленетін бұйым бетін ою-өрнекпен безендіру мақсатымен бір-біріне үйлесімі жоқ әртүрлі саздағы элементтерді қолданғанның өзінде де әу бастағы идеяларын соңына дейін толық жеткізе алмай қалады.
Жалпы ою өнерін өз алдына дамып келе жатқан дербес өнер түрі деуімізге дәлел ретіңде 1973 жылғы ақпан айында Америкадағы Смит колледжінде өткізілген Бірінші дүниежүзілік симметрия фестивалін айта кетуге болады. Бұл фестивальда жалпы ою өнеріне үлкен көңіл бөлініп, оюлар симметриясына байланысты көптеген ғылыми баяндамалар жасалынып, сан түрлі оюлар үлгісі қойылды. Көп ғалымдардың зерттеулері Шығыс елдері халықтарының ою-өнеріне арналған еді.
1986 жылы мамыр айында Қазақстан халық шаруашылығы жетістіктерінің көремесінде Республика Министрлер Кеңесінің 1985 жылғы 5 тамыздағы N 271 қаулысына сәйкес халық шебер-ісмерлері мен көркем кәсіпшіліктер жасаған бұйымдардың республикалық байқауы өткен-ді. Бұл байқау — конкурсқа Республикамыздың жұмысшылары мен колхозшылары, оқушылары мен студенттері, интеллигенция өкілдері, халықтың шебер-ісмерлері, творчестволық ұйымдар, көркем көпшілік бұйымдарын шығаратын мекемелер және профессионал суретшілер қатысты. Көрмеге қойылған халық көркем өнерінің барлық түрлері, осы заманғы сәндік-қолданбалы өнері, сувенирлік-сыйлық бұйымдары халқымыздың творчестволық потенциалының сарқылмас зор көзі бар екенін көрермендерге паш етті. Сонымен қатар байқау мен конкурс халық шеберлері мен суретшілерінің рухани мәдениеті мен кәсіптік шеберліктері дәрежесінің өскендігін көрсетті.
Әділ қазылар алқасы халық шебер-ісмерлері мен көркем кәсіпшіліктер жасаған бұйымдарға өздерінің тиісті бағасын бере отырып, олардың келешектеріне да тоқталып өтті. Көрмеге қойылған текемет, алаша, түскиіз тағы да басқа бұйымдар мен жиһаздар әр облыстан келген шебер-ісмерлердің қолынан шыққан болса да, бір-бірімен ою-өрнектері өте ұқсас, кей жағдайда тіпті, бір-бірінен көшіріп алғандай еді. Бірсыпыра шеберлер өздерінің бұйымдарын оюмен өрнектеген кезде, көпшілік жағдайда республикамыздың музей қорындағы сақталып келген бұйымдардағы кездесіп жүрген оюларды да қолданғандығын байқатты.
Халық шебер-ісмерлері өздерінің туындыларында жаңа заманға, жаңа тұрмыс пен мәдениетке лайықты оюлардың жаңа түрлерін кеңінен қолдана алмай келеді. Мұның себебі: барлық шебер-ісмерлер бірдей оюшы емес, көпшілігі ою өнерінің теориясы мен жасалу техникасын жете меңгере білмейді, оның үстіне бірен-сараң оюшы азаматтарымыздың жасаған ою үлгілері газет, журнал беттерінде жарияланып, немесе арнайы альбом болып шеберлеріміздің қолына түсе бермеуінде.
Осыған орай халық шебер-ісмерлері мен көркем кәсіпшілер жасаған бұйымдардың байқауы мен гүлденген Қазақстан туралы тандаулы сыйлық-сувенир бұйымдарына арналған конкурсқа қатысушылардың республикалық слеті өзінің ұсыныстарында сәндік, қолданбалы өнерді өркендету мәселесін шұғыл қолға алып, халық шеберлерінің қолтума туыңдыларының материалдары бойынша көрнекті құралдар қорын ұлғайта отырып, сол материалдардың негізінде альбомдар шығарып, методикалық-әдістемелік оқулықтар жасауды бірауыздан мақұлдаған еді...
Шебер-ісмерлеріміздің қаңдай да туындылары болмасын, оларға әсемдік және көркемдік қасиет беретін ою-өрнек. Ою өнері сәндік-қолданбалы өнердің барлық түріне ортақ, сондықтан да келешекте ою өнерін өзінше тарихы мен теориясы бар дербес өнер деп санап, оны ұлттық мәдениетіміздің биік шыңына көтеруге ат салысу барлығымыздың да кезек күттірмес борышымыз.
Осындай атадан балаға мұра болып келе жатқан халқымыздың бай мәдени мұрасын егжей-тегжейлі зерттеу — осы саладағы мамандар мен арнайы мекемелердің төл ісі болса керек.
Назарларыңызға ұсынылып отырған бұл түрлі-түсті альбомды құрастырғанда халық арасынан шыққан майталман шебер-ісмерлеріміздің келешектегі қолтумаларының жаңа түрлерін әзірлеуде, көркемдік-кәсіпшілік орындарының көркемдік-стильдік бағытын қалыптастыру жөніндегі жұмыстарын жандандыруда, сондай-ақ халық шеберлерінің біліктілігі мен жалпы көркемдік мәдениетін көтеруге өз әлінше септігін тигізер деген үміт арттық.
Көпшілік қауымның назарына ұсынылып отырған осы альбомдағы оюлар әдейілеп бір тиянақты объектіге арналып жасалынған емес, сондықтан бұл оюларды шебер-ісмерлеріміз әр түрлі мақсатта қолданған кезде тиянақты объектінің характеріне, оның қолданылатын орнына байланысты өздерінше өзгеріс ендіріп, қайта түрлендіруіне болады. Оюларды түрлі-түсті бояумен безендіруде әркім өзінің талғамына қарай, немесе оюлардың қолданылып отырған орнына және сол ортаның ауа райы ерекшеліктеріне қарай өзгертуіне мүмкіндігі бар.
Достарыңызбен бөлісу: |