25-бап. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру
1. Арнайы жұмыс орны мүгедектерді жұмысқа орналастыру және олардың жұмыспен қамтылуын оны құрған кезден бастап кемінде күнтізбелік он екі ай мерзімге сақтау үшін құрылады.
2. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын құруды жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасасқан шарт негізінде жүзеге асырады.
26-бап. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыру
1. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын, белгiленген тәртiппен жұмыссыздар деп танылған адамдар жұмысынан айырылған жағдайда «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алуға құқығы бар.
2. Жұмысынан айырылған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын жұмыссыздардың әлеуметтік төлем алуға құқығы оларды халықты жұмыспен қамту орталығы кәсіптік оқытуға, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға жіберген кезде сақталады.
3. Халықты жұмыспен қамту орталығы алушыны жұмыссыз ретінде есептен шығарған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ақпаратты Мемлекеттік корпорация арқылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ұсынады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген ақпаратты алу негізінде жұмысынан айырылған жағдайдағы міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда әлеуметтік төлемдерді тоқтатады.
4. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмысқа орналастырудың жеке картасына тиісті өзгерістерді уақтылы енгізеді.
27-бап. Азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квоталар
1. Жергілікті атқарушы органдар:
1) ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жұмыс орындары санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерiнде мүгедектерді;
2) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды;
3) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды;
4) кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін квоталар белгілейді.
2. Мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне, сондай-ақ, жұмыскерлердің орташа жылдық санының жиырма пайызынан астамын мүгедектер құрайтын ұйымдарға квота белгіленбейді.
5-тарау. ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК
СЕРІКТЕСТІКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ
28-бап. Жұмыс берушiлердiң халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге қатысуы
1. Жұмыс берушiлер халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекет саясатын iске асыруға:
1) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарттары мен ұжымдық шарттардың талаптарын сақтай отырып, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсету;
2) персоналды кәсiптік оқыту жүйесін дамыту;
3) кадрларды техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары арқылы даярлау;
4) құрылымдық өзгерiстер барысында білiктi жұмыскерлердің кадрлық әлеуетiн сақтау және ұтымды пайдалану;
5) қоғамдық жұмыстарды және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін жұмыс орындарын құру;
6) жұмысқа орналастыру мәселесi бойынша, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша өтiнiш жасаған адамдарды ұйымдарда белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бар бос орындарға қабылдау;
РҚАО-ның ескертпесі!
7) тармақша 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
7) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құру;
8) еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық деректер базасына сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде ағымдағы бос орындар және жұмыс орындарын болжамды құру туралы деректерді ұсыну;
9) жұмыс орындарын құру арқылы қатысады.
2. Жұмыс берушi:
1) бос жұмыс орындарының (бос лауазымдардың) болуы туралы мәліметтерді еңбек жағдайлары мен төлемақысын көрсете отырып, пайда болған күнінен бастап үш жұмыс күнi iшiнде халықты жұмыспен қамту орталығына жiберуге;
2) жұмыс беруші — заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші — жеке тұлға қызметінің тоқтатылуына, адам санының немесе штаттың қысқартылуына байланысты, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкелетін өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі кезінде алдағы уақытта жұмыскерлердiң жұмыстан босайтыны туралы, босатылатын жұмыскерлердiң лауазымдары мен кәсіптері, мамандықтары, бiлiктiлiгi және еңбекақы мөлшерi көрсетiле отырып, жұмыстан босатылуы мүмкiн жұмыскерлердiң саны мен санаттары туралы және олар жұмыстан босатылатын мерзiмдер туралы жұмыстан босату басталардан кемінде бір ай бұрын халықты жұмыспен қамту орталығына толық көлемде ақпарат беруге;
3) жұмыс беруші – заңды тұлғаның таратылуы не жұмыс беруші – жеке тұлға қызметінің тоқтатылуы, адам санының немесе жұмыскерлер штатының қысқартылуы, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкелетін өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі кезіндегі бас тартқан жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің қатысуымен жасалған әлеуметтік келісімшарт негізінде кәсіптік оқытудан кейін оны жұмысқа қабылдаудан бас тартқан жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталығының кәсіптік оқытуға төлеуге, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының қатысушыларына стипендиялар төлеуге және материалдық көмекке арналған шығыстарын өтеуге;
4) жолдамаға тиiстi белгi қою арқылы себебiн көрсете отырып, жұмысқа қабылдау немесе жұмысқа қабылдаудан бас тарту туралы дер кезiнде (жұмысқа орналастыру үшін жiберген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде) халықты жұмыспен қамту орталығына хабарлауға;
5) алған мамандығы мен біліктілігін көрсете отырып, кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан және өндiрiсішілiк оқытудан өткендердің саны туралы мәліметтерді халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсынуға;
6) жұмыс беруші — заңды тұлғаның таратылуы не жұмыс беруші — жеке тұлға қызметінің тоқтатылуы, адам санының немесе жұмыскерлер штатының қысқартылуы, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкелетін өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі жағдайларын қоспағанда, осы Заңның 27-бабы 1-тармағында көзделген, белгiленген квотаны орындауға;
7) жұмысқа қабылдау үшін бос жұмыс орындары туралы ақпаратта еңбек саласындағы кемсітушілік сипаттағы талаптарға жол бермеуге;
8) шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат қолданысының тоқтатылуына байланысты, тартылған шетелдік жұмыскердің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуын қамтамасыз етуге;
9) Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік аударымдар жүргізуге;
10) өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама негізінде жұмысқа тартылған шетелдiк немесе азаматтығы жоқ адамдарды жұмысқа қабылдағаны туралы және (немесе) олармен еңбек қатынастарын тоқтатқаны туралы ақпаратты халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
3. Жұмыс берушінің:
1) оған тікелей өтініш білдірген адамдарды халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы бар адамдармен бірдей шарттарда жұмысқа қабылдауға;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтарынан еңбек нарығының жай-күйі туралы тегін ақпарат алуға;
3) халықты жұмыспен қамту орталығынан жұмыс іздеп жүрген адамдарды жұмысқа орналастыруға іріктеу және жіберу бойынша көрсетілетін қызметтерді алуға;
4) қоғамдық жұмыстарды және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысуға, уақытша сипаттағы жұмыстардың басқа да түрлерін ұйымдастыруға және жүргізуге;
РҚАО-ның ескертпесі!
5) тармақша 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
5) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруға субсидия алуға;
6) экономиканың салалары бойынша кадрларға қажеттілікті болжауды ұйымдастыруға және айқындауға қатысуға құқығы бар.
29-бап. Кәсіптік одақтардың халықты жұмыспен қамту саласына қатысуы
1. Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, жұмыссыздықтан және оның салдарларынан қорғауға кәсіптік одақтар мен олардың бірлестіктерінің қатысуы осы Заңмен, «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен, өзге де нормативтік-құқықтық актілермен, ұжымдық шарттармен және келісімдермен айқындалады.
2. Кәсіптік одақтар:
1) халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға;
2) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға құқығы бар.
3. Кәсiптік одақтардың мемлекеттік органдарға, жұмыс берушілер мен олардың бірлестіктеріне халықты жұмыспен қамту жүйесін жетілдіру туралы ұсыныс беруге құқығы бар.
6-тарау. ЕҢБЕК ДЕЛДАЛДЫҒЫ
30-бап. Еңбек делдалдығын көрсету
Жұмыс іздеп жүрген адамдарға, жұмыссыздарға және басқа да жүгінген адамдарға осы Заңның 11, 31-баптарына сәйкес халықты жұмыспен қамту орталықтары, жеке жұмыспен қамту агенттіктері еңбек делдалдығын көрсетеді.
31-бап. Жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгi
1. Жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгiнiң:
1) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы және Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасының мәселелерi бойынша өтiнiш жасаған адамдарға консультация беруге;
2) жұмысқа орналасу мүмкiндiгi туралы ақпарат беруге және еңбек делдалдығы бойынша қызметтер көрсетуге;
3) бос жұмыс орындары бар жұмыс берушiлер мен жұмысқа орналасқысы келетiн адамдар туралы мәлiметтер қалыптастыруға;
4) жұмыскерлердiң жұмыс берушiнiң бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуiн ескере отырып, оларды iрiктеудi жүзеге асыруға;
5) халықаралық шарттар бар болған кезде, бiр елден екiншi елге жұмысқа орналастыру үшiн жұмыскерлер жинауды жүзеге асыруға;
6) өтiнiш жасаған адамдар кейiн жұмысқа орналастырылатын кәсiптiк даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастыруға;
7) адамдарды шет елде жұмысқа орналастырылатын жағдайда, оларды әкетуге рұқсат құжаттарын ресiмдеуге;
8) халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жіберген адамдарды әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу бойынша конкурстарға қатысуға;
9) халықты жұмыспен қамту орталықтарынан еңбек нарығының жай-күйі туралы тегін ақпарат алуға;
10) жұмысқа орналастыру, жұмыс орындарын құру, кәсіптік оқыту мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдармен, халықты жұмыспен қамту орталықтарымен, жұмыс берушiлермен өзара iс-қимыл жасауға құқығы бар.
2. Жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгi:
1) кемсiтушiлiктiң кез келген нысанына жол бермеуге;
2) өтiнiш жасаған адамдардан алынатын ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
3) бала еңбегiн пайдалануға, адамдарды жыныстық және (немесе) өзге де мақсатта пайдалану үшiн тартуға жол бермеуге;
4) өтiнiш жасаған адамдармен еңбек делдалдығы бойынша қызметтер көрсету туралы шарттар жасасуға;
5) еңбек делдалдығы үшін өтініш берген және жұмысқа орналасқан адамдардың саны туралы кәсіптер (мамандықтар) бөлінісінде халықты жұмыспен қамту орталығына тоқсан сайын ақпарат беруге;
6) еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық деректер базасын қалыптастыруға қатысуға мiндеттi.
РҚАО-ның ескертпесі!
3-тармақ 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
3. Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшiн әкетуге байланысты қызметті жұмыспен қамтудың жекеше агенттiктерi жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшiн әкету жұмысқа орналастыратын елдiң банктерiне жұмыскердің атына кепілді жарна енгiзу арқылы шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн жұмыскердiң өз елiне оралуына жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгі кепiлдiк берген кезде ғана жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшiн әкету кезінде жұмыс берушілердің банктерге кепілді жарна енгізу тәртібі мен шарттары жұмысқа орналастыратын елдің заңнамасымен реттеледі.
7-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ШЕТЕЛДІКТЕРДІҢ
ЕҢБЕГІН ҚОЛДАНУ
РҚАО-ның ескертпесі!
32-бап 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
32-бап. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота
Iшкi еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн шетелдiк жұмыс күшiн тартуға квота белгiлейдi.
2. Осы Заңның шетелдiк жұмыс күшiн квоталау және жұмыс берушілерге шетелдiк жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру туралы нормалары:
1) дербес бiлiм беру ұйымдарында, олардың ұйымдарында, сондай-ақ «Назарбаев Қорында» басшылар және мамандар лауазымдарында жұмыс iстейтiн жоғары бiлiмдi;
2) мемлекеттік органдарда жұмыс iстейтiн, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртіппен расталған құжаттары бар;
3) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттар жасасқан Қазақстан Республикасының ұйымдарында жұмыс істейтін, сондай-ақ, аталған заңды тұлғалар (не олардың мердігерлері) бас мердігер, мердігер, қосалқы мердігер немесе сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында (іздестіру және жобалау қызметін, инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда) көрсетілетін қызметтерді орындаушы ретінде инвестициялық қызмет объектісі пайдалануға берілгеннен кейін бір жыл өткенге дейінгі мерзімге тартатын ұйымдарда басшылар және жоғары білімі бар мамандар ретінде, сондай-ақ инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттарда айқындалатын кәсiптер тізбесіне және санына сәйкес білікті жұмысшылар ретінде жұмыс істейтін;
4) «Инновациялық технологиялар паркi» арнайы экономикалық аймағының дербес кластерлік қорында басшылар және мамандар лауазымдарында жұмыс істейтін жоғары бiлiмді;
5) Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда жұмыс істейтін;
6) Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысушылар немесе қатысушылардың жұмыскерлері болып табылатын;
7) құны бір миллион айлық есептік көрсеткіштен жоғары жобалары бар, арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары болып табылатын заңды тұлғаларда, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың аталған қатысушылары (не олардың мердігерлері) бас мердігер, мердігер, қосалқы мердігер немесе арнайы экономикалық аймақтар аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау кезеңінде орындаушы ретінде және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган мен арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы органның бiрлескен шешiмiмен бекітілген тәртіппен халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган және мүдделі мемлекеттік орталық орган өкілдері арасынан комиссия айқындайтын санаттар тізбесіне және санына сәйкес объект (объектілер) пайдалануға берілгеннен кейін бір жыл өткенге дейін тартатын ұйымдарда жұмыс істейтін;
8) экономиканың басым салаларында (экономикалық қызмет түрлерінде) сұранысқа ие кәсіптер бойынша өз бетінше жұмысқа орналасуға келген;
9) Қазақстан Республикасында тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
3. Осы Заңның шетелдік жұмыс күшін жыл сайын квоталау туралы нормалары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын экономика салаларында корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдіктерге немесе азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
4. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота жұмыс күшіне пайыздық қатынаста белгіленеді, ол:
1) экономикалық қызмет түрлері бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны;
2) Қазақстан Республикасы ратификациялаған еңбек көші-қоны және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттар болған кезде, шығу елдері бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны;
3) еңбекші иммигранттарды тартуға арналған квотаны қамтиды.
5. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны еңбек нарығындағы алдағы жылға (жылдарға) арналған сұраныс пен ұсыныс жағдайының болжамын және мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган қалыптастырады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізеді.
РҚАО-ның ескертпесі!
33-бап 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
33-бап. Жұмыс берушілердің шетелдiк жұмыс күшiн тартуы
1. Жұмыс берушілер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары шетелдік жұмыс күшін тартуға берген рұқсаттар негізінде Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартады.
2. Жергілікті атқарушы органдар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында, еңбек қызметін жүзеге асыру үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын адамдарды қоспағанда, жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар береді және (немесе) оларды ұзартады не рұқсаттар беруден, ұзартудан бас тартады, сондай-ақ аталған рұқсаттарды тоқтата тұрады және кері қайтарып алады.
3. Жергілікті атқарушы орган шетелдік жұмыс күшін тартуға берген рұқсат басқа жұмыс берушілерге беруге жатпайды, жұмыс берушінің рұқсат алған шетелдік жұмыскерлерді күнтізбелік бір жыл ішінде жиынтығы күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын мерзімге басқа әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағында орналасқан кәсіпорындарға, ұйымдарға іссапарға жіберуін қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ғана қолданылады.
4. Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімге Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген құжаттарды ұсынған және алымды төлеген кезде беріледі және (немесе) ұзартылады.
Осы тармақтың жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттарды бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алым төлеу бөлігіндегі ережесі корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жұмыс істейтін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
5. Жергілікті атқарушы орган қажетті құжаттар қабылдауды, сондай-ақ жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беруді және (немесе) ұзартуды халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, оның ішінде рұқсаттар мен хабарламалардың ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда жүзеге асырады.
6. Жұмыс беруші рұқсаттар бойынша тартатын шетелдік жұмыс күшінің саны халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын қазақстандық кадрлар санының пайыздық қатынасына сәйкес келуге тиіс.
7. Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн жұмыс берушілер тартатын шетелдiк жұмыс күшiнiң бiлiм деңгейi (кәсiби даярлығы) мен практикалық жұмыс тәжiрибесi (өтілі) кәсіптік стандарттарға, Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына және Басшылар, мамандар мен басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығына, ұйымдардың басшылары, мамандары мен басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес жұмысшылардың кәсiптерiне және басшылардың, мамандар мен қызметшілердің лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарына сай келуге тиiс.
РҚАО-ның ескертпесі!
34-бап 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
34-бап. Өз бетінше жұмысқа орналасу шеңберінде шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың еңбек қызметін жүзеге асыруы
1. Шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар экономиканың басым салаларындағы (экономикалық қызмет түрлеріндегі) сұранысқа ие мамандықтар бойынша өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы үш айдан аспайтын мерзімге халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган берген анықтамалардың негізінде еңбек шартының мерзімін үш жылдан аспайтын мерзімге ұзарту құқығымен Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыра алады.
2. Экономиканың басым салаларындағы (экономикалық қызмет түрлеріндегі) сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін еңбек нарығындағы алдағы жылға (жылдарға) арналған сұраныс пен ұсыныс жағдайының болжамын және мемлекеттік басқарудың тиісті саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
3. Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама алу үшін Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелеріне халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жіберілетін, Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасу туралы өтініш береді.
Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасында болған жағдайда, өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама алу үшін шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасу туралы өтініш береді.
4. Анықтама беру тәртібі мен шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың біліктілігі және білім деңгейіне қойылатын талаптарды, сондай-ақ өз бетінше жұмысқа орналасу үшін экономиканың басым салаларының (экономикалық қызмет түрлерінің) және олардағы сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін мемлекеттік басқарудың тиісті саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
РҚАО-ның ескертпесі!
35-бап 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
35-бап. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың еңбек қызметін жүзеге асыруы
1. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жұмыс берушілер тартатын шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар еңбек шартында айқындалған, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге, бір жылға ұзарту құқығымен тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы корпоративішілік ауыстыру шеңберінде шетелдік жұмыс күшін тартуға берген рұқсаттар негізінде Қазақстан Республикасында уақытша еңбек қызметін жүзеге асырады.
2. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жүзеге асырылатын шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру шарттары мен тәртібін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
3. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды тартатын жұмыс берушілер, олар Қазақстан Республикасының аумағына кіргеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде жазбаша түрде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға мыналар:
1) шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар тартылатын ел мен ұйым;
2) тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілсе) көрсете отырып, тартылатын шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың саны, әрқайсысының білім деңгейі, біліктілігі, мамандығы және жұмыс тәжірибесі;
3) еңбек қызметін жүзеге асыру мерзімі туралы мәліметтерді қамтитын ақпарат жібереді.
4. Менеджерлерді және мамандарды корпоративішілік ауыстыру халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар санының қазақстандық кадрлар санына пайыздық ара қатынасының сақталуы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
5. Жергілікті атқарушы органдар корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жұмыс істейтін шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды жүргізеді.
8-тарау. ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК
БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ЕСЕПТІЛІК
36-бап. Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік бақылауды халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырады.
2. Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
37-бап. Халықты жұмыспен қамту саласындағы ведомстволық статистикалық байқау
1. Халықты жұмыспен қамту саласындағы жағдайға, сондай-ақ еңбек нарығындағы ахуалға, оның болжануы мен реттелуiне объективтi баға беру үшiн халықты жұмыспен қамту туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ведомстволық статистикалық байқау жүргізіледі.
2. Еңбек делдалдығымен айналысатын жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілер халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында белгiленген тәртіппен және мерзiмдерде бастапқы статистикалық деректерді беруге мiндеттi.
3. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен, мемлекеттік кіріс органдарымен, ішкі істер органдарымен және республикалық және өңірлік деңгейдегi басқа да мүдделi мемлекеттік органдармен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әр тараптың өз функцияларын орындауы үшiн қажет болатын есептiк құжаттамамен және мәлiметтермен өтеусiз негiзде алмасады.
4. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзiмде бастапқы статистикалық деректерді береді.
9-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
38-бап. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасын бұзған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
39-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
1) 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 30) тармақшасын, 6-баптың 2) тармақшасын, 7-баптың 20), 21), 22) және 23) тармақшаларын, 9-баптың 5) тармақшасын, 31-баптың 3-тармағын, 32-бапты, 33-бапты, 34-бапты және 35-бапты;
2) 2017 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 15-баптың 1-тармағының 4) тармақшасын, 17-баптың 3-тармағының 3) тармақшасын;
3) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 10-баптың 4) тармақшасын, 17-баптың 2-тармағының 6) тармақшасын және 3-тармағының 2) тармақшасын, 25-бапты, 28-баптың 1-тармағының 7) тармақшасын және 3-тармағының 5) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылатын 7-баптың 5-1) тармақшасын, 10-баптың 4-тармағын, 11-бапты қоспағанда, «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 3, 18-құжат; 2004 ж., № 2, 10-құжат; 2005 ж., № 7-8, 19-құжат; № 17-18, 76-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 10, 52-құжат; 2007 ж., № 2, 14, 18-құжаттар; № 3, 20-құжат; № 8, 52-құжат; № 9, 67-құжат; № 15, 106-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 1, 4-құжат; № 9-10, 50-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 8, 41-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 21-құжат; № 10, 86-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 16, 128-құжат; 2012 ж., № 2, 11, 14-құжаттар; № 5, 35-құжат; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 15, 97-құжат; № 20, 121-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 9, 51-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 21-22, 114-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 11, 63, 64-құжаттар; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 118, 122-құжаттар; № 23, 143-құжат; 2015 ж., 19-II, 102, 106-құжаттар; № 20-IV, 113-құжат; № 22-V, 152, 154, 158-құжаттар) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
|
|
Президенті
|
Н. Назарбаев
|
Достарыңызбен бөлісу: |