Ғарай САҒЫМБАЙ,
Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген экономист,
профессор.
ӨМІРІ ӨНЕГЕЛІ АЗАМАТ
«Біздің 35 жыл бойы арақатынасымыз үзілмей, Алматыға келсе, қосшы бала болып, Мәскеуге барсам, әрдайым сәлемдесіп, бірге болуға, көрген-білгенін сұрап, әңгімеге тартып, алуан түрлі сұрақтар қойып, ол кісінің ой-пікірін, көзқарасын түсінуге тырысушы едім. Тіл білімі саласында айтарлықтай еңбек еттіңіз, енді естелік жазып, ел үшін, тарих үшін маңызы бар, біз білмейтін жайларды өзіңізбен ала кетпей, бізге мирас ретінде қалдырыңыз деп, қолқа салғандардың бірі — мен болатынмын.
Ардагер аға жұрттың өтінішіне құлақ асып, естеліктер жазуға кіріскен-ді. Бірақ, науқасы меңдеп, бастаған ісі бітпей қалды. Тек балалық шағын жазып үлгерді, ол " Мен Түркістанның түлегімін" деген атпен газет бетінде жариялады.
Нұрекеңнің айтқандарын жинастырып, сол кездегі құжаттар мен анықтамаларды ақтарып, көзін көргендерден сұрастырып, ол азаматтың өмірі мен еңбегін оқушы қауымға баян ету біздер үшін қазір орындалмайтын арманмен тең. Сондықтан өз аузынан естіген, онда да есте қалған, кейбір жайттарды ғана жазуды орынды деп санаймын.
Үкімет басына қалай келгенін сұрай бергесін, бірде мыналарды айтқан еді. 1937-1938 жылдардағы репрессия қазақтың еті тірі, көзі ашық адамдарын отап кетті. Бір күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Н.А. Скворцов шақырып, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы болатынымды айтты. Менің «Шығыс Қазақстан облысы атқару комитетінің төрағасы болғаныма жарты жыл ғана болды, тәжірибем аз, қолымнан келмес» деген сөздерімді тыңдамай, «ертең Жоғарғы Кеңестің мәжілісінде бекітеміз, қарсылық білдіріп жүрме» деп ескертіп қойды.
Алғашқы кезде жүктелген міндеттерді атқару өте қиын болды. Қыры мен сыры көп жұмыс, күрделі мәселелер тез және дұрыс шешім табуды талап етіп, мен сияқты жас басшыға көп ауыртпалық әкелді. Оның үстіне кейбір республикалық мекеме бастықтары, наркомдар, менің тәжірибем аздығын пайдаланып, айтқанды орындағылары келмей, Орталық Комитет хатшыларына, бөлім меңгерушілеріне барып, мен айтқан шешімдерді бұздырып жүрді. Н.А. Скворцов жолдасқа жағдайды түсіндіргеннен кейін, "Нұртас Дәндібайұлы, біз түнде де жұмыс істейміз, жұрт аяғы басылған шақта келіп жүріңіз, қиын деген мәселелерді ақылдасып шешейік, сонан кейін ешкімге бұздырмаудың шарасын жасайық", – деді. Сөйтіп, бірінші хатшымен алдын ала келісілген менің шешімім орындалатын, арыз айтушылар ол кісіден қолдау таппай, амалсыз көнетін болды. Мен де тәжірибе жинай бастадым, арызданушылар да азайды, талас-тартыс тоқтап, қоян-қолтық жұмыс істейтін болдық. Бір-екі жыл ішінде Министрлер кеңесінің беделі артып, нағыз шаруашылық басқару штабына айналды.
Сол кезде Нұрекеңнің қол астында нарком болған Сайлаубай Қайнарбаевпен, Қазтай Едігеновпен, Атымтай Қисановпен қызметтес болып, олардан: «Оңдасынов қандай басшы болды? Совминді басқара алды ма?» – дегенімде, бәрі де:
"Нұрекеңдей үкімет басшысы болған емес, талабы күшті, ісіне тиянақты, айтқан сөзінен, қабылдаған шешімінен танбайтын адам еді. Біз оны төраға демей, хозяин дейтін едік. Алдындағы хатшысынан: «Бүгін хозяин көңілді ме, ашулы емес пе?» – деп сұрап алатынбыз" дегендері бар. Осыған ұқсас мінездемені Димекеңнің аузынан да естідім. Бір барғанымда: "Сен 20 минут өтпей, Саяси Бюро мүшесінің қабылдауына келесің, ал, біз Нұрекеңнің қабылдауына 2-3 күн дайындалып, түрлі анықтамаларды жинастырып баратын едік", – деп қалжыңдаған болатын. Өз кезегімде: "Саяси Бюро мүшесі менің неше күн дайындықтан кейін телефон соққанымды білмейтін болар", – деп құтылғаным бар.
Қазір Н. Оңдасынов қауқарсыз, қорқақ, сауаты аз басшы болған деушілер де табылып жүр. Бір өкініштісі, олар – өмірінде Нұрекең алдына бармаған, қасына ермеген, істері түспеген жандар. Бірде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Г.А. Мельникпен телефон арқылы ертеңіне сағат 9-да кездесетін болып келісті. Ол бір сағат уақытым бар, сағат 10-да бюро мәжілісіне кетем деп ескерткен болатын. Ертеңіне өзі кешігіп келіп, бізді жарты сағат күттіріп қойды. Мұны жаратпаған Нұрекең ештеңе демей, келген шаруасын айтып отырды. Уақыт өтіп, сағат 10-ға жақындаған сайын анау орнынан тұрып, есікке барып, қайтадан үстеліне келіп, берекесі кете бастады. Нұрекең оған көңіл аудармай, айтатынын айтып отыра берді. Оңдасыновты тастап кете алмай, бюроға кешіккенін айтып қысылған Мельникке: "Біз өзіңмен келіскен бір сағаттан артық уақытыңды алған жоқпыз, бүгін жұмысқа неліктен кешігіп келгенінді айтып, бюродан кешірім сұрарсың", — деп орнынан тұрды. Қорқақ адамның қолынан олай істеу келмейтіні анық.
Н.Оңдасыновты Димекеңнен артық білетін кісі жоқ шығар. Қазақтың бәрі орысша сөйлейді, сондықтан Д.А. Қонаевтың "От Сталина до Горбачева" деген кітабынан үзінді келтірейін: "С ним проработал свыше 9 лет. Нуртас Дандыбаевич Ундасынов работал в лесном управлении Наркомзема республики, был выдвинут председателем Восточно-Казахстанского облисполкома, а затем председателем СНК и СМ КССР. На этом посту проработал с 1938 по 1951 год. Он часто выезжал на встречи с трудовыми коллективами во многие области республики. Особенно тесные связи у него были с тружениками сельского хозяйства. Все свои возможности и силы он отдавал работе. Собрав нас, своих заместителей, любил повторять: "Все, что у меня хорошее — берите, а что плохое — не берите".
С 1954 по 1955 год работал председателем Президиума Верховного Совета КССР. Затем председателем Гурьевского облисполкома и первым секретарем Гурьевского обкома партии. В 1962 году ушел на пенсию" (Алматы, 1994, 77-бет). Осыдан кейін басқалардың өсегі мен өтірігіне сенуге бола ма?
1959 жылдың қараша айынан бастап Қазақстанда облыстық партия конференциялары өтіп, Х-съезге делегаттар сайлап, басқа да саяси науқандар жүріп жатқанда, кенеттен біздің облыстық конференция кейінге қалдырылды. КСРО мемлекет қайраткерлері делегациясының құрамында АҚШ-та жүрген Д. Қонаевтың елге оралуын күтетін болды. Кейінге қалдыру себебін өздерінше жорамалдағандар: "Нұрекең кететін болыпты, орнына облыстық атқару комитетінің төрағасы Арынғазы Қайсақанов, оның орнын идеология жөніндегі хатшы Түсіп Әлсейітов алады екен" деген қауесет тарап кетті. Шамасы, бұл хабар Алматыдан келген болуы керек. Өйткені, соған сеніп қалған А. Қайсақанов пен Т. Әлсейітов конференцияда Нұрекеңе орынсыз тиісіп, қисыны жоқ сөздер айтып, оны жамандаумен болды. Н. Оңдасынов қызметіне қайта сайланған соң, Орталық партия комитеті әлгілердің айтқандарын тексеріп, бекер екеніне көздері жеткеннен кейін, орындарынан алып, төменгі жұмысқа жіберді.
Нұрекеңнің тазалығын, әділдігін 16 жасында Министрлер Кеңесіне хат тасушы болып келіп, зейнеткерлікке кеткенше сол бір мекемеде жұмыс жасап, Министрлер Кеңесінің Іс басқарушысына дейін көтерілген, қазір көзі тірі Вадим Петрович Кондратов өзі куә болған бір жайтты үнемі аузынан тастамайды. 1943 жылдың басында "Известия" газеті өткен жыл қорытындысы туралы көлемді мақала жазуын сұрайды. Жұмысы көп, қолы босамайтын Нұрекең көмекшісі екеуін шақырып алып, мақала жазуды тапсырады. Он шақты күн өткесін, жазғандарын көрсетіп, қос дегенін қосып, ал дегенін алып тастап, қол қойдырып, редакцияға жібереді. Бір күні Нұрекең шақырып, газеттен 45 сом қаламақы келді, әрқайсымызға 15 сомнан тиеді деп, бізге 30 сом берді дейді.
Жуырда кітаптарымды ақтарып отырып, Нұрекең оқып, пікіріңді айт деп берген "Простор" журналының 1978 жылғы 8 және 9 сандарында жарық көрген академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің "Светлое время судьбы" деп аталатын өмірдеректік шығармасын тағы бір рет оқып шықтым. Сол еңбектің әр бетінде жай қаламмен жазылған Нұрекеңнің ой-пікірі, ақыл-кеңесі, сын-ескертпелері бар. Онда ағаның әділ көзқарасы, басқаның еңбегін бағалауы, авторға деген жанашырлығы көрініп тұр. Осыдан да ол кісінің талантты әдебиетші екенін түсінуге болады. Ебіней қайтыс болған соң, Нұрекең Қарағанды облысының басшыларына, Д.А. Қонаевқа бірнеше рет жолығып, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, сирек кездесетін металдар білгірі, академик Е.А. Бөкетовтің есімін есте қалдыру үшін өзі құрған университетті, Қарағандыда, Алматыда көшені соның атымен атау туралы ұсыныстар айтты. Шүкіршілік, қазір университет Е.А. Бөкетовтің атымен аталады. Бірақ, бұл жақсылықтың Нұрекең қайтыс болған соң, Димекең зейнеткерлікке шыққан соң болғаны өкінішті.
Сталинмен, Молотовпен, тағы басқа да мемлекет басшыларымен қалай таныстыңыз, қызметтес болдыңыз деп сұрап қоймаған соң, бірде мыналарды айтып еді.
Үкімет басшысы болған соң, көп ұзамай Орталық Үкімет Қазақстанда мал шаруашылығын өркендету шаралары туралы мәселе қарайтын болды. Айтатын сөзімді, қоятын сұрауларым мен өтініштерімді мұқият әзірлеп, Мәскеуге жүріп кеттім. Үкімет мәжілісін КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.М. Молотов басқарып отырды. Мінберге көтеріліп, сөзімді жаңа бастай бергенімде, мұрты тікірейіп И.В. Сталин кіріп келді. Атағы жер жарған, бұрын көрмеген көсемді осы жиынға келеді деп ойламаған мен қысылып, біраз уақыт тоқтап қалсам керек. Оны байқаған Молотов үзіліс жариялап, мені Сталинге қарама-қарсы отырғызып, «Қазақстан Үкіметінің жаңа басшысы, мал шаруашылығын жақсы біледі» деп таныстырды. Сәлемдесіп болғаннан кейін, Сталин: "Тыңдайын деп келіп едім, Вячеслав артынан өзің айтарсың", – деп шығып кетті. Осыны естіген кейбір "батырлар" Нұрекеңді күлкі етіп, «қорқақ, дұрыстап мәселе қоймаған» деп лақап таратты. Ол кездегі Сталиннің беделі мен қаһарын білмеген, көрмеген бастықтар, кейінгі өздерімен қосылып арақ ішкен, сөздерінде маңыз да, мағына да жоқ Хрущев, Брежнев, Ельцин сияқты болар деп ойлайтын шығар. Нұрекең түгіл, кейін Кеңестер Одағын басқарған Хрущевтың өзі Сталинның алдында құрдай жорғалаған жоқ па еді? Оны неге мазақ етпейміз? Әлде өзімізді кемсіткеннен келер пайда бар ма?
Тағы бірде, жақында В.М. Молотовпен кездескенін, кезекте тұрып, дәрі-дәрмек алғандарын, оның Үкімет берген саяжайда тұратынын, В.И. Ленин атындағы кітапханада отырып естеліктер жазатынын, архивтен керек құжаттарды іздестіру үшін екі көмекші бергенін, жазған беттері нөмірленіп, сол кітапханада сақталатынын айтқан екен.
А.И. Микоянмен көңілдері жақын, үй-іші араласқан жолдас болғанын айтып, «мінезі тік, мәселені тез шешетін, өсекке ермейтін, қызметіне ұқыпты, өресі мен таланты мол басшы» дейтін. 1962 жылғы Кариб кризисі кезінде Кубада жүрген Микоянға жұбайын жерлеу үшін Мәскеуге келуге Хрущевтың рұқсат бермегенін қиналып еске алатын. Басы-қасында жүріп, өзім шығарып салдым дейтін.
Қызметке жаңа тұрған біздің бір нарком Микоянмен танысу үшін барғанда апорт алмасын, түрлі шараптарды апарыпты. Микоян жоқта, алдындағы хатшысымен келісіп, апарғандарын оның киім ілетін шкафына қойып кетеді. Микоян кім әкелгенін хатшысынан біліп, әлгіні қаматтырып кояды. Сөйтіп, танысуға барған нарком Микоянды көрмей, абақтыға қамалғандарды таситын вагонмен Алматыға оралыпты.
Микоянның туған інісі, әуе ұшақтарының атақты конструкторы Артем қызметке бара жатып, жолда жол апатына ұшырап, емханаға түседі. Осы суыт хабарды Артемнің баласы Берлин қаласында жүрген атасына тәптіштеп айтып отырғанда, оның шыдамы таусылып: "Былжырамай, тоқетерін айтсайшы, өзі тірі ме?" — депті.
Нұрекең Мәскеуде тұрғанда қалалық зейнеткерлер ұйымының әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясын басқарды, ал, Микоян болса Одақтық дәрежедегі зейнеткерлерге қамқорлық жасады. «Елге беделді, Үкімет басындағылар білетін Микоян көп мәселенің дұрыс және тез шешілуіне ықпал етті», – деп отыратын Нұрекең.
Д.А. Қонаев та Микоянның беделді, іскер басшы болғанын растайды. Жоғарыда аталған еңбегінде былай деп жазған болатын: "Есть предложение, — начал Никита Сергеевич, передать Целинному краю Карагандинскую область. Дело происходило в кабинете Хрущева. Присутствовали Микоян, Козлов, Брежнев, Косыгин, Первухин и другие товарищи. Услышав о предложении Хрущева, я возразил: — Никак нельзя этого делать, — говорю, — если ввести в состав края Карагандинский бассейн, то мы хлеб можем потерять. Хлебом краю некогда будет заниматься. Без промышленности мы целину не потянем, — сказал Хрущев, — вы опять что-то не понимаете... Мы ведь Караганду отдаем не капиталистам. Кунаев должен снять свои возражения.
Тут за меня неожиданно заступился Микоян. С Хрущевым, я заметил, он был на "ты". — Не нервничай, Никита Сергеевич, ты не прав. Если Караганду передадим целинникам, мы сами заставим руководство края заниматься углем, а хлеб отойдет на второй план. Я так понимаю, что Целинный край создан для того, чтобы добывать хлеб, а не уголь.
На том порешили. Караганду в подчинение края не передавать. Я был сердечно благодарен Микояну за поддержку" (153-бет).
«Халық айтса қалт айтпайды» деген дұрыс. Микоян жөнінде "От Ильича (Ленин) до Ильича (Брежнев) без инфаркта и паралича" деп тектен-тек айтылмаса керек. Қилы-қилы заман болды, сондай 60 жыл бойы ел басқарып, саяси бюроға мүше болған кісі сирек болар және тегін адам болмас.
Жақында бір жазушы Нұрекеңді: "Мақтан үшін қайратсыз болыс болған, лауазымды орындыққа отырып, даярлап әкелген қағазға көзді жұмып қол қоюшы, жазып берген жазуды мәртебелі мінберден оқып шығушы", – деп кінәлап, өлген кісінің артынан күл шашты. Ондайларға айтарымыз: алдына бармай, бір қағазды даярламай, не қол қойдырмай жүріп, осылай масқаралау – кешірілмес күнә, ақиқатты аттап өту, өтірік пен өсекке бой ұрғандықтың нағыз өзі.
Оңдасыновқа қағазға қол қойдыру, жазғаныңның оның көңілінен шығуы мәселенің ең ауыры болатын. Оқымай, түзетпей қағазға қол қойған емес. Басқалар айлап жазатын баяндаманы ол кісі бір түнде бітіретін Н.И. Беляев Қазақстанға бірінші хатшы болғанда, бір пленумда Оңдасыновқа: "Сен ылғи кептірілген сүт (сухой порошок) сұрайсың, мемлекетті емген бұзау сияқтысың (государственный сосунок)", – деп сөкті, оның: "Облыста түйе мен бие сүті баршылық, сиыр ұстауға жер жағдайымыз көтермейді", – деген дәлеліне кұлақ асқан жоқ. Сол Беляев бір күні кешкі сағат 5-те телефон соғып: Ертең Атырауға барамын, сағат 10-ға облыс активін шақыр, өзің баяндама жаса», – деп тапсырма берді. Жиналыс өтетін орынды белгілеп, шақырылатын кісілердің тізімін жасағанша, баяндамада айтылатын мәселелерді бюро мүшелерімен келіскенше түнгі сағат 12 болды. Жұрт тарағаннан кейін Л.Т. Байкова екеумізді алып қалып, ертең жасайтын баяндамасын айтып отырды, біз үлгеріп жазып отырдық. Таңғы сағат 6-да Беляевты қарсы алуға аэропортқа кетті, сағат 10-ға дейін қаланы, кәсіпорындарды аралатып көрсетті. Біз баяндамасын машинкаға бастырып, қателерін түзеп, мінберге бара жатқан Нұрекеңнің қолына ұстаттық. Ол, әрине, бардым-келдім деген жай әңгіме емес, бір облыстың атқарған істері мен алда тұрған міндеттерін белгілеген саяси есеп болатын. Көлемі 2 сағаттық баяндаманы Нұрекең аспай-саспай 4-5 сағат ішінде қағаз бетіне түсірген еді. Енді сондай кісінің үстінен өсек айтып, жазып бергенді мәртебелі мінберден оқып шығушы еді деп кінә тағудан да ұялмайтын болдық. Арсыз ауызға қақпақ болу қиын.
1944 жылы соғыстың ауыр уақытында Орталық Үкімет алдына мәселе қойып, оларға қажеттігін түсіндіре білген, сөйтіп, Кеңестер Одағында жалғыз, Алматының қыздар институтын ашуға рұқсат алған, қазақ қыздарының оқып, білім, тәлім-тәрбие алуына ұтымды жол тапқан Оңдасыновқа ескерткіш тақта қойып, аруағына тағзым етудің орнына, оны жамандап, қорқақ, ел қамын ойламаған деп шындықты бұрмалап жүрміз. Бұл да баяғы, өзінің қолынан келмейтін, басқаны көре алмайтын іші тарлықтың салдары. Ашылғанына жақында 60 жыл толатын, сол қыздар институты соңғы кезде бірнеше рет жабылып қала жаздап, әйтеуір, әупіріммен келе жатқаны да белгілі.
Орталық Үкімет өзіне керек Ақмола-Қарталы жолын салып, Қазақстан үшін өте қажет Мойынты-Шу жолын салуға қаржы бермеген соң, Оңдасынов пен Шаяхметов "халықтық құрылыс" деп жариялап, республика күшімен салдырған еді. Қазір осы жол екі астананы жалғастырып, ерекше маңызы бар жолға айналып отыр. Осы жол үшін Мәскеумен айтысқан, құрылыс басында қос тігіп жатқан Н. Оңдасыновтың атымен бір станцияны атаса, ескерткіш тақта орнатса, артық емес.
Қазақстанда Ғылым академиясын құрған қазақтың атақты ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев екені баршаға мәлім. Қаныш - аға болмаса сол кезде Академияның ашылып-ашылмауы неғайбыл. Бірақ, мынаны да ұмытпаған дұрыс. Сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Оңдасынов Қаныштың газетке басылған мақаласын оқып, Жезқазғанда жүрген Қ. Сәтбаевты Мәскеуге шақыртып кездескені, КСРО Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалына бастық еткені, Академия президенті В. Комаровқа ертіп апарғаны, бізде академия ашу жөнінде оның келісімін алғаны, екеуі қол қойып, КСРО Үкіметіне хат жазғаны, сол хаттың алғашқы жобасын Қаныш Имантайұлы өзі жазғаны, Нұрекең басшыларға кіріп, мәселенің тез шешілуіне жағдай жасағаны шындық қой. "Академик К.И. Сатбаев" деп аталатын естелік кітапта Қанекең жазған хаттың түпнұсқасы, Оңдасынов, Комаров, Сәтбаев үшеуінің академия ашу туралы сөйлесіп отырған тұстары бейнеленген фотосурет басылған (Алматы, 1965, 13 және 19-беттер). Бұл айғақ емес пе?
Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда Академия ғимаратын салуға Орталық Үкімет бір тиын бермегенде, каржы тауып, сәулетті ғимарат салдырған Қазақстан Үкіметі, оның басшысы Н. Оңдасынов болатын.
Осындай Қазақстан ғылымына сіңірген еңбектерін елеп, Академияның құрметті мүшесі не болмаса Тіл білімі ғылыми-зерттеу институтының құрметті профессоры деген атақ беру Нұрекеңе орынды және лайықты болар еді.
Ел арасында Н.Оңдасынов пен Ж.Шаяхметов араз болыпты, бірге істесе алмапты деген де қауесет бар. Осы туралы қанша сұрасам да, обалы не керек, Нұрекең бір ауыз жамандаған сөз айтпай кетті. «1938 жылдан 1951 жылға дейін қызметтес болдым, әуелі Орталық Комитеттің үшінші, сосын екінші, 1946 жылдан бірінші хатшы болды. Бірінші хатшы болғанға дейін көп араласқанымыз жоқ. 1951 жылы КСРО Министрлер Кеңесі төрағасы И.В. Сталин қол қойған "Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасы Н.Д. Оңдасыновтың оқуы туралы" қаулысы шығып, Мәскеуге оқуға кеттім. Үш бөлмелі пәтер беріп, алып жүрген жалақымды сақтап, Үкімет гаражынан автокөлік мінуіме рұқсат етілді. Жұмекеңмен айтыс-тартысымыз болған жоқ, тату-тәтті ажырастық. Қызметін жақсы білетін, талабы күшті, ұйымдастырушылық қабілеті мол, еліне жаны ашитын азамат еді» – дейтін. «Демалыс кезінде преферанс ойнағанды ұнататын, ал, мен болсам соны үйрене алмай кеттім», – деп отыратын.
Жұмекең Шымкентке қызметке ауысқан соң, науқасына байланысты Мәскеуге көп барып жүрді. Трубников көшесіндегі 10-шы санды үйдің шарбағында бір кішкене бөлмеде тұрды. Бірнеше рет кездесіп, сәлем беріп сөйлескенімде, Нұрекең туралы сұрағанымда, ол кісі де: «Нұрекең ауыр жылдары қызмет етті, әсіресе, Н.А. Скворцов кезінде күн-түн демей, республиканы аралап, нақтылы мәселелер шешіп жүрді. Қазіргі басшылар ондай емес қой» – деп сын-ескертпе де айтып қоятын.
Жұмекең жөнінде Д.А. Қонаев та жоғары баға берген болатын. Аталған еңбегінде: "Перед самым окончанием войны первым секретарем ЦК КПК стал Барков. Работал он в Казахстане недолго, его отозвали в распоряжение ЦК ВКП (б). Практически он ничего не сделал для республики.
Вскоре первым секретарем избрали Жумабая Ахметовича Шаяхметова, работавшего вторым секретарем ЦК. Он был очень дисциплинированным человеком. И слабость у него была: любил распекать своих помощников, руководителей отделов даже за мелкие оплошности, за недостаточное прилежание. Он часто собирал подчиненных и устраивал производственные совещания. Шаяхметов строго контролировал ход выполнения своих указаний отделами ЦК и руководителями министерств и ведомств. В отличие от предшественников, он был очень аккуратным руководителем и хорошим организатором. Под его руководством еще более высокие темпы стала набирать экономика Казахстана в послевоенные годы. Под началом Шаяхметова я работал продолжительное время, за этот период прошло четыре съезда коммунистов Казахстана" (75-77-беттер).
Өкінішке орай, Жұмекеңе тікелей қоятын кінәлары мен нақтылы фактілері болмаса да, бұрын Ішкі істер министрлігі жүйесінде қызмет істеген, сірә, қазақ азаматтарын қудалаған болар деген топшылау, оның атын атауға, еңбегін бағалауға кесірін тигізіп келеді. Хрущевтың айтқанына көнбей, көп көлемде жайылымдарды жыртып, егін егу мал шаруашылығына зиянын тигізеді деп қарсыласқаны үшін орнынан алынып, төменгі қызметке жіберілгенін жұрттың бәрі біледі. Димекең 1961 жылы 22 наурыз күні Хрущевты пойызбен ел шетіне дейін шығарып салып бара жатқанда, Хрущевтың: "...было большой ошибкой, что целиной занялись очень поздно. Это ошибка Скворцова, Шаяхметова, Ундасынова" дегені осының дәлелі.
Тың жерді игереміз деп сылтауратып, қазақтарды атамекенінен қуатынын, ол жерлерді орыстар жайлайтынын Шаяхметов, Оңдасыновтар елден бұрын түсінді, сондықтан да қарсы болды. Ақыры солай болғанын көзімізбен көрдік қой.
Сонда да Жұмекеңнің атын тірілтейін, еңбегін бағалайын деп жүргендер көрінбейді. 16 жыл республиканы басқарған, Сталиннің репрессиясы кезінде, соғыстың ауыр жылдарында экономика мен мәдениетті өркендетуге зор үлес қосқан, жауға атылған он оқтың тоғызын Қазақстан берді деп Орталықты мойындатқан, келімсектер 1946 жылы соғыс бітті, келген елімізге қайтамыз деп әлек шығарғанда, Қарағанды қаласында өткен митингіде сөз сөйлеп, оны радио арқылы бүкіл Қазақстан тыңдағанда (ол кезде теледидар жоқ): «Қысылғандарыңда пана болдық, барымызбен бөлістік, сонымызды бағаламай кетем деп шулағандарға жол ашық, орысша айтқанда «скатертью дорога»», – деген де осы Жұмабай Шаяхметов болатын. Біз сол ерлігін де ескермей келеміз.
Қазір арамызда жоқ Н. Оңдасынов пен Ж. Шаяхметовты өзара төбелестіріп, араздастырып қойғаннан бізге де, елге де келер пайда шамалы. Көрші ағайындар сияқты өлгенді жамандау жақсы әдет емес, мұны да ұмытпаған жөн.
Ұзын сөздің қысқасы, түйіні ретінде, енді бірер жылда Оңдасыновтың 100 жасқа толатынын ескеріп, әдеттегідей туған күніне байланысты кішігірім мақала жазумен шектелмей, қалған уақытты ұтымды пайдаланып, тілге тиек етердей ескерткіштер жасасақ, өте орынды болар еді:
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен еңбегін суреттейтін деректі кинофильм түсірілсе, оған архивтегі көптеген киноқұжат пайдаланылса;
Жарық көрмеген еңбектерін баспаға әзірлеуге, басып шығаруға мемлекет тарапынан қаржы бөлінсе;
Көп жыл қызмет еткен Алматыда оның есімі бір көшеге, туған өлкесі Оңтүстік Қазақстанда мекемеге, оқу-ағарту, мәдениет орындарына берілсе;
Алматыдағы Қыздар университетінде, Ғылым академиясында, Мойынты-Шу темір жолында, Атырау қаласы әкімшілігі ғимаратында ескерткіш тақта болса;
Ғылымдағы еңбегін ескеріп, құрметті академик, болмаса құрметті профессор атағы берілсе деген тілек айтқымыз келеді.
Көзін көрген, қызметтес болған, қатар жүрген қарттар атынан өз көңілімізді білдірдік, ендігі кезек – елдің өткенін құрметтеген, сыйлаған, болашағын ойлаған азаматтарда.
Қазақстан үкіметін 1938 жылдан 1951 жылға дейін басқарған, П.К. Пономаренко мен Л.И. Брежнев 1954 жылы Мәскеудегі оқуын бітіртпей алып келіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметіне қойған, зейнеткерлікке шыққанға дейін 8 жыл бойы Атырау облысын басқарған, ары таза, өмірі өнегелі, халқымыздың біртуар ұлы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов туралы, енді бірер жылда 100-ге келетін мерейтойына орай, 35 жыл жолдас болғанда, көрген-білгенімді, өз аузынан естігендерімді естелік ретінде қағаз бетіне түсіріп, оқушы қауымның назарына ұсынсам, оның ешқандай сөлекеттігі болмас деп ойлаймын.
1955 жылғы көктем малшы қауымға тым қолайсыз болып, бірнеше күн соққан күшті желден кейін, Қарабұғаздың кеуіп қалған күкірт қышқылды тұзы мал жайлымдарын басып, жер беті кәдімгі жаңа қар жауғандай аппақ болып кетті. Тұз басқан шөпті жеген мал, әсіресе, жас қозылар өлім-жітімге ұшырап, мал шығыны көбейе бастады. 150 мыңға жуық малды аман алып қалу үшін жедел шара қолдануға тура келді. Ол кезде Маңғыстау түбегі жеке облыс емес, Атырау облысының бір ірі ауданы болатын. Облыс орталығынан 50 шақты жүк таситын мәшинелер, азық-түлік, ауыз су, жанар-жағар май алып, 1000 шақырым қашықтықта орналасқан мал отарларына жүріп кеттік. Облыстық ауылшаруашылық басқармасын басқарған маған осы қауырт шаруаның басы-қасында болып, тікелей араласу қажет болды.
Маңғыстауға жеткен соң, әрлі-берлі жер кезіп, мал көшіретін жайылым іздестірдік. Түркменстан республикасы бұрынғы Андреев ауданымен шектес өңірден қолайлы жер таптық. Бірақ, ол жер Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен уақытша пайдалану үшін түркмендерге берілген болып шықты. Сондықтан біздің мал көшіруімізге қарсы болып, қаулыны бетке ұстап, біраз әуреге салды. Ақыры жер біздікі, жағдайымыз ауыр, мал шығыны болып жатқанын ескеріп, дау-дамайды қойып, жерімізді қайырып берді. Малды таза жайылымға көшіріп, төтеннен келген апаттан алып қалып, 20 күннен кейін Атырауға оралсақ, үлкен өзгерістер болыпты. Облыстық Атқару Комитетінің төрағасы қызметіне Нұртас Оңдасынов сайланып, бұрынғы төраға Әбжан Жүсіпов Қазақ КСР Мемлекеттік Бақылау министрі болып кетіпті.
Қалыптасқан тәртіп бойынша жаңа басшыға Маңғыстаудың жағдайын және бітірген шаруаны баяндауға тура келді. Айтқанды байсалды тыңдайтын, қажет деген жайттарын дәптеріне түртіп алып отыратын, шаруашылық саласына жетік, көргені мен түйгені бар кісі екені бірден-ақ көзге түсетін. Көп ұзамай, өзімен бір мекемеде, қол астында, облыстық атқару комитетінің жауапты хатшысы болуға шақырды. Білімі мен білігі зор, тәлім-тәрбие алуға болатын басшымен қызметтес болу өмірлік мектеп болатынын түсінген мен сол жерде келісім бердім. 1957 жылға дейін ол кісі төраға, мен хатшы қызметін атқардым. Өзі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғанда мені облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметіне тағайындады. Ол кісінің адамгершілік, іскерлік қасиеттерінен үлгі алып, тапсырмаларын мезгілінде орындап, ардақты азаматты ұятқа қалдырмай, сенімін ақтауды әрдайым өзіме міндет, парыз санадым.
Атырау, Қызылорда сияқты жер жағдайы, ауа райы қолайсыз, табиғаты қатал өңірде жұмыс істеу, оны басқару оңай шаруа емес. Басқа облыстармен салыстырғанда, олардың, өзіндік өзгешеліктері тағы бар. Кезінде Украинада бірінші хатшы, Мәскеуде — министр, бізде — Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары болған Л.Г. Мельников Атыраудың Жылыой, Махамбет аудандарын аралап көріп, обкомның бірінші хатшысы Н. Оңдасыновпен қоштасарда: "Сіз, әрине, мұнда тұратындардан жұмыс талап етесіз, мен болсам осындай жерде тұрғандары үшін бәріне орден берер едім", — дегенін өз құлағыммен естіп едім. Міне, осындай қиыншылығы мол облысты Нұрекең табысты басқара білді, елдің ырысын молайтты, көңіл-күйін жақсартты. Бұл, әшейін, мақтау, мадақтау үшін айтылған сөз емес, сол жылдардағы көрсеткіштерді саралап, салыстырып қараған экономист маманның түйіні.
Қазір халқымыздың мақтанышына айналған мол мұнай, табиғи газ қорларын кең көлемді зерттеу және игеру жолында Оңдасыновтың орны бөлек. Мұны сол өңірдің жұртшылығы жақсы біледі, "жаңа қазақтардың" да есінде жүргені абзал. Атақты мұнайшы Сафи Өтебаев, бұрынғы Геология министрі Сәкен Шақабаев, Манғышлақ мұнайын бірінші болып игерген Рақмет Өтесінов тағы басқалар – Нұрекеңнің осы саладағы қажырлы еңбегінің куәгерлері. 1913 жылы —118 мың, 1940 жылы — 697 мың, 1950 жылы — 1059 мың тонна мұнай өндірген Атырау 1966 жылы — 3105 мың тонна өнім берді. Нұрекең басқарған жылдары мұнай өндірудің 3 еседен артық, газ өндіру 6,5 есеге (7,4 миллионнан 46,1 миллион текше метрге дейін) өсуін еліміздің табысы мен байлығына Оңдасынов қосқан үлес деп түсінген орынды. Қазақ КСР Ғылым академиясының көшпелі сессиясын Атырауда өткізіп, оған еліміздің тәжірибелі геологтары мен барлаушыларын шақыртып, Ембі мен Маңғыстаудың мұнайы мен газын іздестіруді жедел қарқынмен, кең көлемде жүргізуді ұйымдастырған да сол Нұрекең болатын.
Жүздеген жылдар бойы пайдаға аспай, Каспий теңізі жағалауында жатқан ұлу қабыршағын қазып, бүкіл Кеңес Одағының құс өсіретін фабрикаларын жемнің жаңа түрімен қамтамасыз етуі – Нұрекең сияқты жаңашыл, үнемі ізденіс үстінде жүретін басшының ғана ойына келіп, назарына ілінуі мүмкін.
Талай жол мамандары, инженерлер күнде көріп жүрген, бірақ елемеген, көңіл бөлмеген мұнай мен қиыршық тас араласқан қазбаны (холодный асфальт) тас жолдар салуға пайдалануды бірінші болып ұйымдастырған да Оңдасынов еді. Атырау мен Жаманқала аралығына салынған жол жасанды асфальттан төзімді және арзан екенін көрсетті. Қазақстанда бірінші хатшы болып, кейіннен Ульянов облысына ауысқан И.Д. Яковлев әдейі мамандарын жіберіп, бізден қазба алып, тас жолдар салғызғаны белгілі.
Маңғыстау түбегі байлықтарын игеруге, мұнай, газ өндіруге, құрылыс материалдарын шығаруға Нұрекең көп күш жұмсады. Ұлутасты кесіп, кірпіш орнына құрылыс салуға пайдалану сол кезде басталған еді. Ақтауда, Атырауда, Алматыда, Оралда ұлутастан салынған немесе ұлутас тақталарымен (плита) көмкерілген пәтер үйлер мен ғимараттар баршылық.
Маңғыстаудың қазба байлықтарын тездетіп игеру үшін темір жол салу қажеттігін айтамын деп бір үлкен жиында Хрущевтан сөз де естіген. Ақыры Хрущевтың дегені болмай, Нұрекеңнің ұсынысы дұрыс болып, темір жол да салынған еді.
Нұртас Дәндібайұлы облыста ауыл шаруашылығын өркендету үшін айтарлықтай еңбек етті. 1951-1952 жылдың қысы қарлы және боранды болып, жем-шөбі аз, жылы қоралары жетіспейтін колхоздар түгелдей дерлік малдарынан айырылып қалды. Бір-екі бас малы бар колхоздар да болды. "Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады" деген мақал соларға арнап айтылғандай еді. Нұрекең мал басын тездетіп өсіруге, одан алынатын өнімді арттыруға қолынан келгеннің бәрін жасады.
Мамандығым экономист болғандықтан, айтқан сөзімді нақтылы цифрлармен дәлелдеп отыратын әдетім бар. 1961 жылдың басында облыста 126 мың ірі қара, 1135 мың қой мен ешкі, 53 мың жылқы, 27 мың түйе, 2 мың шошқа болды. Басқаша айтқанда, Нұрекең басқарған уақытта мал басы 4 еседен артық өсті. Жылына 22 мың тонна ет өндіріліп, 100 мың қаракөл елтірісі мемлекетке тапсырылатын. Осыншама ет өндіріп, елтірі тапсыру үшін 700 мың ұсақ мал немесе 100 мың ірі қара және 100 мың қозы сою қажет еді. Осыдан кейін, Атырау облысында мал басы қалай күрт өскенін көруге болады. Мұндай қыруар жұмысты іске асыру үшін Нұрекең тек талап қоюмен шектелмей, өзінің республика және одақ көлеміндегі беделін пайдаланып, көптеген қаржы-қаражат, техника, құрал-жабдықтар бөлінуін қамтамасыз етті.
Ол кісінің басшылар алдында мәселе қою тәсілі мен дәлелдемелері ерекше болатын. Асықпай-саспай, нақтылы анықтама мен дәлел келтіріп, аз сөзбен көп мәселені айтып жеткізетін. Қойған мәселесін естен шығармай, әрдайым орындалуын бақылап, қадағалап жүруші еді. Бізді де соған үйретіп: "Артынан қалмаңдар, есіктен қуаласа, терезеден кіріңдер, табалдырығына жатып алыңдар, әйтеуір, мәселені шешпей келмеңдер!" – деп отыратын. Алматыға, Мәскеуге барарда тиісті қағаздар әзірлеп, қоятын мәселені анықтап, дәлелдерін тексеріп, мықты дайындалатын. Мені үнемі көмекші ретінде бірге алып жүретін. Кейбір бастықтар үлкендерге кірерде, қасына ергендерді қабылдау бөлмесінде қалдырып, басшыға жеке барғанды ұнатады. Ондағы ойлары бастық сынаса, кемшіліктерімді айтса, артық куәнің қажеті қанша дегені ғой. Нұрекең өйтпей, үнемі өзімен бірге ала кіріп, мәселе қою, шешу тәсілдерін, сөйлесу жөнін көрсін, үйренсін деп, қамқорлық жасайтын. Бірде "Атырау облысында мал шаруашылығын өркендету шаралары туралы" үкімет қаулысының жобасын әзірлеп, бірінші хатшы Д.А. Қонаевқа кірдік. Нұрекеңді туған ағасындай қарсы алған Димекең жобаны қолдап, Үкімет төрағасы Жұмабек Тәшеновке телефон соғып, өзінде Оңдасыновтың отырғанын, қаулы алуға көмектесуін сұрады. Обалы не керек, Жұмекең де бізді тез қабылдап, қажет деген кісілерін шақырып: «15 күнде қаулы дайын болсын», – деді. Маған осында қал, министрліктерге барып, қойылған мәселелердің түсіп қалмауын бақыла деп тапсырды. Айтқан уақытта қаулы қабылданды, біраз мәселе шешілді, өкінішке орай, көп ұзамай Тәшенов орнынан түсіп, Оңдасынов зейнеткерлікке шығып, қаулының орындалуын бақылайтын кісі болмай қалды.
Бір таңғаларлық жай, Нұрекеңнен кейінгі 30 жылда (1991 жылға дейін) Атырау облысында мал басы өспеді, керісінше жыл сайын кеміп, ақыры 1951-жұт жылғы мөлшерге келді.
Әрине, обкомның бірінші хатшысы тек өндіріспен және ауыл шаруашылығымен ғана айналысқан екен деген қорытынды тумауы керек. Ол кезде көлемді мөлшерде және қарқынды түрде жаңа өндіріс орындары, тұрғын үйлер, оқу-ағарту, мәдениет, сауда-саттық мекемелері салынып, іске қосылды. Маңғыстауда ұлутас кесетін, Атырауда кірпіш шығаратын, сүт өңдейтін, мал соятын, сыра өндіретін кәсіпорындар Нұрекең басшы болғанда дүниеге келіп еді. Әсіресе, тұрғын үйлер салу қарқыны өте жоғары болды. Мыңдаған отбасылар жаңа пәтер алып, тұрмыс жағдайларын жақсартып еді. Жайық өзенінің жағалауын бекітіп, үйлердің су астына кету қаупін жою үшін, жыл сайын бюджеттен тыс 2-3 миллион сом қаржыны Нұрекең Республика басшыларынан сұрап алатын. Сол жылдары облыстық драмтеатр, баспахана, кітапхана, өлкелік мұражай, Сарайшықтағы қарттар мен мүгедектер үйі лайықты мекенжайларға көшірілген болатын.
Ел аузында жүрген Нұрекеңнің бір мінезі - ауданға, ауылға, мал отарларына барғанда, жас балалармен шүйіркелесіп сөйлесіп, «қандай өнер білесің, домбыра тартасың ба, өлең айтасың ба» деп тәптіштеп сұрап, домбыра тартқызып, өлең айтқызып, мәз болушы еді. «Бұл өңір – Құрманғазы мен Динаның елі, мұнда талантты жастар бар, соларды іздеп табу керек», – деп үнемі қайталап айтудан жалықпайтын. Астрахан облысындағы Құрманғазының зиратын таптырып, басына құлпытас қойдырып, сәулетті мазар тұрғызып, ашылу рәсіміне облыстық атқару комитетінің төрағасы Арынғазы Қайсақанов бастаған бір топ мәдениет қызметкерлерін жібергенін қазір біреу біліп, біреу білмейді. Кейіннен қосылған "жолсеріктер" өздері атқарған қызмет етіп көрсетуге де тырысады.
Атырауда бірінші халық аспаптары оркестрін құру үшін консерваторияны жаңа бітірген ерлі-зайыпты Құсайыновтарды шақыртып, оларға тұратын үй бөліп, еңбек етулеріне жағдай жасаған да Нұрекең. Жаңа құрылған оркестрге, жас мамандарға көмектес деп атақты композитор, кейіннен КСРО халық әртісі атағын алған Нұрғиса Тілендиевке қолқа салып, бір ай қызмет жасап кетерінде оған ағалық алғысын айтып, алтын сағат сыйлап, шығарып салған еді. Орталық көп елей бермейтін, алыстағы облыс театрының Алматыда 10 күндігін өткізіп, ел өнерімен астана жұртшылығын таныстырып, әртістеріне Құрмет грамоталары, Еңбек сіңірген, біреуіне Халық әртісі атақтары берілуі де Нұрекеңнің қамқорлығы болатын.
Нұрекеңнің табиғаты, басқару тәсілі, кадрларды іріктеудегі талабы мен ұстанған принциптері басқалардан өзгеше еді. Ол басшы қызметке қоятын кісіні ағайын-туғаны, жекжаты, тамыр-танысы арасынан іздемей, іскерлік қабілетіне, елмен тіл табыса білуіне, жол-жөннен хабары барлығына қарай іріктейтін. Атыраудың орыстары қазақ тілін бізден кем білмейді. Нұрекеңе дейін бірінші хатшы Сейітжан Полымбетов деген азамат болды. Кейін Жергілікті өнеркәсіп министрі, Алматы совнархозының төрағасы, Қазақ КСР Кәсіподағының төрағасы қызметтерін атқарды, руы қыпшақ болатын. Қатар қызметтес болған Константин Прониннен: "Костя, сенің руың кім?" – деп қалжыңдағанда "Немене білмейсіңдер ме, біз қыпшақпыз ғой", – дейтін. Нұрекең хатшы болған соң, әлгіден руын сұрасақ6 "осы ру сұру дегенді қашан қоясыңдар", – деп өзімізге дау айтатын болды. Әрине, қалжың сөз болса да, астарында Нұрекең үшін елдің бәрі бірдей, кім қызметті жақсы атқарса, сол туыс, жолдас екенін білдіріп тұрғаны түсінікті.
Нұрекең іріктеп алған, тәрбиелеген көптеген азаматтар істеріне адал болып, сенімін ақтады, кадрды дұрыс бағалай білетінін дәлелдеді. Солардың бірсыпырасы облыс түгіл, республикаға танымал, мемлекет қайраткерлері дәрежесіне дейін көтерілді. Кейбіреулерінің аттарын атасам, оның сөкеттігі жоқ қой деп ойлаймын. Олар — Сағидолла Құбашев, Саламат Мұқашев, Закаш Камалиденов, Сәкен Шақабаев, Ысқақ Өтеғалиев, Халел Өзбекқалиев, Рақмет Өтесінов, Еркін Әсенов, Болат Өтеғалиев, Елмұрза Ерекенов, Өтеп Балғымбаев, Жанша Танқыбаев, Өтеу Есенов, Қошық Қазиев, Құлшарап Өміршин т.б., жарты ғасыр мерзім өтті, ұмыт қалған кісілер болса кешірім сұраймын.
Атыраулықтар үшін Н. Оңдасынов әрдайым іскер басшы, адамгершілігі мол, жаны мен ары таза, ел сыйлаған азамат болып қала беретіні сөзсіз. Соның дәлелі ретінде қаланың орталық көшелерінің бірін Нұртас Оңдасыновтың атымен атағанын айтуға болар еді. Нұрекеңнің туған өлкесі Түркістан жерінде де ол кісіге сый-құрмет көрсетіліп, 90 жасқа толған мерейтойына орай, өмірі мен еңбегіне арналған ғылыми-теориялық конференция өтті, бұрынғы көсемдердің бірінің атындағы ауыл Нұртас ауылы атанды, мектеп алаңына қоладан жасалған мүсіні орнатылды, басына мазар салынды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, отбасының жағдайымен Оңдасынов Мәскеу қаласында тұрды. Нұрекеңнен төменгі қызметте болып, Мәскеуге көшкен Журин, Демиденко, Ливенцов, Морозов, Протазанов, Ерпилов, Степанов, Елагин, Мойсеенко, Шеффер, Смирнов, Гребенюк т.б. Үкіметтен тегін пәтер алып, қарық, болып жатқанда, Нұрекеңе ондай пәтер тимей, тұрғын үй кооперативіне кіріп, өз ақшасына үй алып тұруға мәжбүр болды. Ал зейнетақыдан көп пәтерақы төлеп, біраз қиыншылық көрді. Сонда да біреуге барып жалынған жоқ, ешкімнің есігін де тоздырмады.
Өзіне әрдайым қатаң талап қойып дағдыланған, бір күнін еңбексіз өткізбеген Нұрекең зейнеткермін деп қол қусырып отырмады, туыстарының, жолдастарының айтқандарына көнбей, ана тілімізді байыту үшін 25 жыл бойы қажырлы және жемісті еңбек етті, үлкен ғылыми жұмыстар жазды. Сөйтіп, қайраткерлігіне қоса, ғалымдығын танытып, тағы бір қырынан көрінді.
1965 жылы түркі халқының "Бұл адам" атты дастанын қазақ тіліне аударды. КСРО Үкімет делегациясының құрамында Түрік еліне бара жатқан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Мәсімхан Бейсебаевқа көрсеткенімде: "Мынау дұрыс болды, жолда оқырмын", – деп алып қалған. Анкарадан телефон соғып, тағы 30 данасын алдырып, сол елдің басшыларына сыйға тартып еді. Бір данасын делегация басшысы А.Н. Косыгин алып, орысша бастырамыз деген уәдесі орындалған жоқ.
1969 жылы көлемі 12 баспа табақ, таралуы 7 мың дана "Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі" баспадан шықты. Жасы 65-ке келген Нұрекеңнің бұл бірінші ғылыми еңбегі еді. Бізде араб әріптері болмай, баспахана табылмай көп қиыншылықтар кездесті. Қолқа салып, Ташкенттен сұрап алуға тура келді.
1974 жылы көлемі 20 баспа табақ, таралымы 7 мың дана "Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі" дүниеге келді. Бұл да қағаз жоқ, қаражат жетпейді деген сылтаулармен баспада 1-2 жыл жатып қалды. Нұрекеңе еріп, баспа директоры М. Мамажановқа, Республикалық комитет бастығы Ш. Елеукеновке барып шаруаны бітіре алмаған соң, бір күні сұранып Димекеңе бардым. Ол кісі: "Шығарыңдар, менен рұқсат", – дегеннен кейін, қағаз да, қаржы да табылып, Нұрекеңнің 75 жьлдық мерейтойы қарсаңында баспадан шықты. Қолыма бір данасын алып, Мәскеуге баруға, тойға қатысуға рұқсат сұрап барғанымда, Димекең: "Нұрекеңе сәлем айт, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапаттаймыз, указ газетке шықпайды, себебін өзі біледі С.Б. Ниязбеков үйіне апарып тапсырады. Ал, мынау – тойға менен тарту", – деп бір жабулы конвертті қолыма ұстатты. Н.Е. Бабкинге телефон арқылы тапсырма беріп, «Нұрекеңнің той дастарқаны мол болсын, соны ұйымдастыр» деді. Ол кісіден шығып, Үкімет төрағасы Б.Ә. Әшімовке кіріп, Димекеңнің тапсырғандарын айтқанымда, жымиып күліп, «менен де бірдеңе дәметіп отырсың ғой» деп, ол да бір конверт берді. Сөйтіп, артынып-тартынып барғанда өте риза болған Нұрекең, той үстінде: «Мен үшін ағайын-туған әкелген автокөлік пен ат-тоннан Ғарай әкелген 10 дана жаңа басылған кітабым қымбат», – деп ағынан жарылған еді.
Оқушы қауым екі еңбекті де жылы қабылдады. "Қазақ әдебиеті": газеті "Тілдің өзара байланысы, әсері нәтижесінде туындап, өркендеп жататын құбылыстарын зерттеген зерделі еңбек дүниеге келді. Нұртас Оңдасынов осы мақсатта жақсы, жемісті іс тындырыпты. Бұл елеулі еңбек", – деп (1975 жыл, 28 наурыз) жазған болатын.
1975 жылы қазан айының 3-күні "Келісіп пішкен тон келте болмайды" деген тақырыппен көлемді ғылыми-зерттеу мақаласы "Қазақ әдебиетінде" басылды. Тоталитарлық жүйе дәуірінде ешкімнен тайсалмай, орыс және шет елдер сөздерімен ана тілімізді ластамау, орынсыз қолданбау, тілімізде бар баламаларды пайдалану туралы өз пікірін ашық айтқан болатын. Сол мақалада Нұрекең ұсынған көп жаңа сөздер: қалашық, перзентхана, бөбекхана, баж, бажхана, көшетхана, нарықхана, танап, тілекнама, шипахана, әскерхана, саяжай, жағажай т. б. қазір тілімізде қолданыла бастады.
"Арабша-қазақша түсіндірме сөздігін" қайта өңдеп, толықтырып, екі том етіп баспаға ұсынды. Оның бірінші томы 1984 жылы, екіншісі — 1989 жылы жарық көрді.
Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы болып табылатын "Егемен Қазақстан" газеті Н.Оңдасыновтың тіл саласындағы ғылыми еңбектерін жоғары бағалап, былай деп жазған еді: "Көп болып қолға алғанда бітетін осынау қыруар жұмысты не хатшысы, не лаборанты жоқ, зейнеткер қарттың отбасында отырып, бір өзі бітіріп тастағаны біреу сеніп, біреу сенбейтін жағдай. Аңыз-әңгімелердегі алыптардың тас талқандап, тау қопаратын ерлігімен салыстыруға болатын мұндай қиындығы қияметтей үлкен істі елім деп еңіреген, туған халқының қамын жеген азамат қана атқара алуы мүмкін. Сол үшін Нұрекеңнің аруағы алдында бас иіп, тағзым етсе болады" (1992 жыл,1- желтоқсан).
Екі туып бір қалғаны болмаса да, Нұрекең үшін үнемі жарғақ құлағы жастыққа тимей жүретін журналист Гүлсім Оразалиева қарындасымыз 1992 жылы Оңдасыновтың көзі тірісінде жарық көрмеген "Араб текті қазақ есімдері" атты еңбегін бастырып шығарды.
1998 жылы қолжазбаларын жинап, өңдеп, тағы бір кітабын — "Шығыс халықтарының мақал-мәтелдері" деген атпен баспадан шығарған да осы Гүлсім еді.
Нұрекең кездескен сайын; "Мен – баяғының ас ішіп, аяқ босатар шалы емеспін, бір күн емес, бір сағат қарап отыра білмейтін пендемін. Тас көтеріп, тау қопарып жатырмын демеймін, көлемі 6 томдай еңбек жаздым. Біразы басылды, басылмағаны да аз емес. Атақ үшін, ақша үшін істеп жатқаным жоқ, қайтсем елімнің керегіне жарамды, кейінгілерге әлдебір пайдасы тиетін мирас қалдырсам деп тірнектенемін", – деуші еді.
Тіл білімі саласында зерттеу жұмыстарымен айналысуына басқа түгіл, ғылым докторы, профессор, үлкен ұлы Ескендір де қарсы болып, сенбеушілік білдірген болатын. Әкесінің еңбектері жарық көргеннен кейін, 70 жылдық мерейтойында көпшілік алдында: "Мен қателесіппін, Сізден кешірім сұраймын", – деген жүрекжарды сөзін айтқан еді. Мен осыны жазып отырған себебім, бөліп берері жоқ, басқаның болғанын көре алмайтын кейбір ағайын әлі күнге дейін Нұрекең тіл маманы емес, арабша, парсышаны қайдан біледі, қалай жазады деген күдіктен арыла алмай жүр. Кітаптарын оқымай, топшылап күдік айту, сенімсіздік білдірудің неге қажет болып жүргенін түсіну қиын. Ана тіліміздің атақты білгірлері, академиктер Әбдуәли Қайдаровтың, Ісмет Кеңесбаевтың, Ғайнетдин Мұсабаевтың ол кісінің еңбектеріне берген жоғары бағаларына неге құлақ аспаймыз?
Нұрекеңді тек мемлекет қайраткері және тіл маманы деп қарасақ, аздау болар еді. Ол дүние жүзі және қазақ әдебиетін жақсы білетін, көп оқыған әдебиетші, сыншы және аудармашы болатын, қоғамдық пікір қалыптастыратын ғылым саңлақтары қатарына жататын. Соның дәлелі ретінде қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, жүріс-тұрысы, нанымдары мен сенімдері, ырымдары мен тыйымдары туралы кітаптарында, жария болған мақалаларында айтқан терең ойлары мен соны пікірлерін айтуға болар еді. Біздің өткеніміз бен болашағымызды үнемі ойлап жүретін Нұрекең: "Орта ғасырларда Шығыс ойшылдары мен ақындары, ғалымдары мен саяхатшылары араб алфавитімен дүниежүзілік маңызы бар, қаншама құнды шығармалар жазды. Олардың ішінде әлемге әйгілі Әбунасыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашғари, Әбурайхан Бируни тағы басқалар бар. Тіпті алысқа сілтемей-ақ, өзіміздің халықты алатын болсақ, ол ұзақ уақыт араб алфавитін пайдаланып келді... Сондықтан да араб тілін оқып-үйренудің жаттығы жоқ. Бұған машықтанған адам араб әрпімен жазылған Шығыстың алуан түрлі әдеби бұлағынан сусындап, құмардан шығар еді", — деп жазған болатын.
Ол жылдары Шығыс әдебиетіне, оның авторларына діншіл, молдашыл, кертартпа деген айдар тағылып, алдына тосқауыл қойылатын. Осындай сыңаржақ, қисынсыз пікірлерден сескенбей, ойын ашық айту, қағаз бетіне түсіру оңай шаруа болмайтын. Нұрекең солақай саясатқа қарсы пікір айтудың жаңа жолын тапты, цензорлық бақылаудан айтарын бұздырмай, сол қалпында алып шыға білді. Түсіндірме сөздіктерінде салыстырмалы әдіс қолданып, Шығыс әдебиеті мен қазақ әдебиетінің тамыры терең байланыстары бар екенін көпшілік назарына нақтылы мысалдармен жеткізе білді.
1989 жылы "Зерде" журналының 4-санында басылған "Президент" атты мақаласында Қазақстанның тұңғыш академиктері, әсіресе, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы көркем әдебиет тілімен, үлкен құрмет және сүйіспеншілік сезіммен айтқандары – үнемі ел қамын жеген ой иесінің сөздері.
Сафи ӨТЕБАЕВ,
Қазақ КСР-на еңбегі сіңген құрметті мұнайшы
АСҚАҚ, АДАЛ, АСЫЛ AFA
Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі
Саған салқын тартқандай, сен — бір кәрі.
Болсам деген талапты ұмытқан соң,
Құр кеудеге өмірдің несі дәрі? — деп, Абай зарлағандай хал тоқсанның үшеуіндегі маған да келген. Бүгінгі қарт күніме налып, асылық айтсам Алла кешірер, бірақ тәубесіз де емеспін. Тәубе дейтінім тоқсан үш жылды мәнсіз өткізгем жоқ, бір кісіге лайық ғұмыр кештім. Өмір — сапар дер болсақ, талай жақсы-жайсаңдармен сол сапарда табыстым, таныстым, дос-жар, жолдас болдым. Солардың ішінде жарық жұлдыздай жарқырап, өзінің бар болмыс тіршілігімен үлгі болып, үнемі көңіл төрінде тұратын асыл аға бар. Ол — Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов.
Менің Нұрекеңмен кездесуім ерте — сонау 1938 жылы болды. Онда мен Гурьевте "Ембі-Нефть" трестінде бас инженер болып жұмыс істейтінмін. Сол жылы мені Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп сайлады. Август (тамыз) айының басында Алматыда Жоғарғы Кеңестің бірінші сессиясы болып, сонда үкімет басшыларын сайлап, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы етіп Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновты бекітті.
Жер шалғай, Алматыға жиі келе бермейміз, Нұрекеңе кіріп сәлем беріп, құттықтап кетуді жөн көрдім. Ұзын бойлы, ашаң жүзді Нұртас Дәндібайұлы орнынан тұрып амандасты. Өзі аз сөйлеп, тек сұрақтар қойып, мені көп тыңдады. Осыны пайдаланып, Ембі мұнай төңірегінде қордаланып қалған біраз мәселелерді айтып жатырмын үсті-үстіне топырлатып.
— Жоқ, Сіз бұл мәселелерді еліңізге барған соң, арнайы хат етіп жазып жіберіңіз. Сонда мәнділеу, мәселе етіп көтеруге дұрыс болады.
Мен солай еттім де. Кейіннен үкімет тарапынан қолдау көрдік те.
Екінші кездесуім 1950 жылы болды. Мен ол кезде Жылыой ауданы партия ұйымының бірінші хатшысы болатынмын. Нұрекең облыстың ауыл шаруашылығын, өндірісін бірнеше күн жүріп аралады. Сондағы ең бір аңғарғаным қай жерге барса да бірінші халықтың жағдайын халықтың өзінен сұрайды, не жетіспейді, тұрмыстары қалай екендігін өз көзімен көріп кетті. Соның нәтижесінде кейіннен көптеген шаралар жүзеге асты.
Ал, 1955 жылы Нұрекең Гурьев облысына Облыстық атқару комитетінің төрағасы болып келгенде, расы керек, көбіміз қуандық. Экономикасы құлдыраған, халықтың әл-ауқаты өте нашар кезде тәжірибесі мол, өте іскер, көргені көп Нұртас Оңдасыновтай адамның келгенінен көп үміт күттік. Ол кісіні облыстық партия конференциясы жақсы қабылдады, қолдады. Әуелі Нұртас аға Гурьев облаткомының төрағасы, көп ұзамай Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Облыс басшыларын, ірілі-ұсақты орында отырғанына қарамай ең әуелі бәрін тәртіпке шақырды. Бос жүріске үйреніп қалған біздің кейбір басшыларымыз көнгісі келмей, ескі әдеттерінен арыла алмай жүргенде бір-екеуі қызметтерімен "қоштасты".
Нұрекең қандай бір мәселені көтермесін орта жолда қалдырмайтын және қалдыртпайтын. Кімге не тапсырды, қашан орындалуы керек дегендердің бәрін алдында жатқан көк дәптерге өзі жазып отыратын. Сылтау айтып сытыла алмайсыз. Не керек бір жылдың ішінде басшылардың бәрі жиналып, жинақталып, жұмысқа деген темір тәртіпті мойындады, Нұрекең мойындаттырды. Бұл Нұрекеңмен қызметтес болғандардың бәрі мойындайтын, құптайтын ең басты шындық. Соның нәтижесінде облыс экономикасында өрлеу бола бастады.
Шындығы — Нұрекең ешкіммен үстел тоқпақтап, сұқ қолды шошайтып, "қырам-жоям" демей-ақ, дауыс көтермей ел басқарған басшы. Осы екі қасиетін мен өзіме үлгі етіп алдым да, қызмет бабында ұстануға тырыстым.
1957 жылы маусым айында Одақтық Орталық партия комитеті мен үкіметіміз Одақтық министрлікті таратып, өндірісті жергілікті орындар басқаратын болсын деді. Соның нәтижесінде Республиканың жер жерлерден Халық шаруашылық кеңесі құрылды. Соның бірі Гурьевтен де ұйымдасты. Мені облыста Гурьев Халық шаруашылық кеңесінің төрағасы етіп ұсынып, жоғарғы жақ бекітті. Бұл қызметті өзіме ауыр көріп тартынып едім, Нұрекең: "Тартынба, көмектесеміз", – дегесін келістім. Себебі, жаңа құрылым өте күрделі еді.
Халық шаруашылық кеңесіне мына салалар кіретін: мұнай өндірісі, мұнай айыру заводы, балық кәсіпшілігі, жеңіл өндіріс, тамақ өндірісі, ет комбинаты, сүт комбинаты, құрылыс ұйымдары, материалдық жабдықтау ұйымдары. Қараңыз, менің жүрексінетін жөнім бар емес пе. Артынша Нұрекеңмен ақылдаса отырып, "Совнархоздың" кадрларын іріктеп, оны бюрода бекіттік. Көп кешікпей Нұртас Оңдасынов "Қазмұнайбірлестігінің" үлкен мұнай іздеуде істеліп жатқан жұмыстарымен танысты. Ең алдымен біз алыстағы жолсыз, сусыз Маңғыстау түбегінде мың километр қашықтықта жатқан шалғай ауданда барлау жұмысының өте қиын жүріп жатқанын баяндадық. Нұрекең мамандарды байыппен тыңдап, ұсынысын қолдады. Содан кейін ол жаққа геолог, геофизик отрядтарын жібердік, терең бұрғылау контурын құрдық.
Терең бұрғы жүргізу үшін Ембіден тәжірибелі мұнайшыларды Өзенге жіберуге тура келді. Іс барысында түрлі мәселелер шыға бастады. Не керек Гурьевтен басқару қиындау болып кеткен соң, Одақтағы министр Н.К. Байбаковпен келісіп, Форд Шевченко қаласынан "Мангышлакнефтегаз-разведка" тресін құрдық. Ембі мұнайшыларының қажырлы еңбегінің нәтижесінде 1961 жылы Жетібай — Өзенде үлкен мұнай фонтаны атқылады. Мұнайшылардың ежелгі арманы орындалды. Артынша Маңғыстауда мұнайды игеруге арналған көптеген өндіріс орындары, құрылыстар салынып, жаңа скважиналар ашылып, тез арада бұл өңір үлкен өндіріс алаңына айналды. Ұзын құлақтан естуімізше Н.С. Хрущев: "Сібірде мұнай жетеді, Қазақстанды отставить" деген қаһарына қарамастан, көп жігер жұмсап, Қазақстанның батыс өлкесін мұнайлы өңірге айналдырудағы Нұртас Оңдасынов еңбегін айтпауға болмайды. Соның нәтижесінде, яғни, өндірістің қарқынды дамуының арқасында біраз жылдардан кейін Гурьев және Маңғыстау облыстары болып бөлініп, дараланды.
Нұрекең қаладағы басшы кадрларды жинап алып, қаланың көркін, тазалығын жақсартуды талап етті. "Жайықтың жағасында ағашсыз, көгалсыз отыру ұят болады", — деп өндіріс басшыларын жинап алып, жер бөліп беріп көгалдандыруды тапсырды. "Құрманғазының ұрпақтарынсыз, театр, оркестрсіз отыру да ыңғайсыз болар", — деп, облыста мәдениет жұмыстарының жандануына өзі мұрындық болды. Облыстық драма театрының, Дина Нұрпейісова атындағы ұлт аспаптар оркестрі және педагогикалық институт шаңырағы Нұрекең бар кезде көтерілді.
Бір күні мені шақырып алып: «Сәке, өзің де ән айтасың, сол арқылы басқаларға үлгі көрсету керек», – деп талап етті. Содан облыстағы домбыра тартатын, ән салатын жігіт-қыздарды жинап, домбырашы-дирижер Сейілхан Құсайынов бес жүз кісі қатысқан домбыра оркестрін ұйымдастырды. Оларға ұлттық костюмдер тіккізіп, домбыра жасатқыздық. Домбыра оркестрі Москвада өткен Бүкілодақтық халық творчествосы байқауына қатысып, жүлделі орынды жеңіп алды. Осыдан кейін-ақ аудан, ауыл көлемінде клубтар ашылып, онда театр, хор, домбыра үйірмелері ұйымдастырылып, халық арасынан таланттар шыға бастады.
Мені 1959 жылы КСРО-ның Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп сайлады. Мәскеуден сессиядан келсем Нұрекең қабағы маған бұрынғыдай емес, салқын тартқанын сездім. "Не болды екен?" деп ойланып бірер күн жүрдім де, ақыры шыдай алмай өзім Нұрекеңнің кабинетіне бардым. Ол кісі үнемі жұмыс үстінде "әңгіме ашық болу керек" дегенді жиі айтатын. Ал, Нұрекеңнің біреудің сыртынан ұсақ-түйек өсек әңгіме айтқанын көрген емеспін.
Менің сыртымнан әрекет жасап, обкомға хатшы болғалы жүрген көрінесің ғой, — деді салған беттен. Мен ыршып түстім.
Нұреке-ау, мен хатшы болғым келсе, бірінші өзіңізге келемін, ниетімді өзіңізге айтамын, рұқсатты сізден сұраймын, — деп сасқалақтап қалдым. Сосын тағы да: — Нұреке, Сізден кейін хатшы болу небір мықтыңызға да оңайға түспес. Егер менен біреу хатшыға кімді қояр едіңіз деп сұраса, Нұрекеңнің өзін қою керек, ондай іскер, еңбекқор, адал, білімді басшыны табу – қиынның қиыны. Ол кісіні Гурьевтіктерге құдайдың жіберген бағы дер едім. Сіз бен біздің сыйластығымызды көре алмай жүрген қызғаншақ қазақтардың әрекеті ғой бұл, нанбаңыз оларға, Нұреке, — деп табан астынан әлек-шәлек, шыр-пыр болдым да қалдым.
Ойының бәрін айтсын, өтірігі мен шынының шекарасын өзім айырып аламын дегендей көпке дейін үндемей маған қарап отыра берді. Мен болсам ақталып-ақ жатырмын. Бір кезде:
Сәке, сен мені дұрыс түсін. Мен қызметімді алып қояды деп емес, сыртымнан әрекет жасап жүр дегенге ренжідім. Мен сені өзіме дос санап жүрген адамдарымның бірісің. Ал, достар мұндай әрекет жасамауы керек. Егер шын мәнінде хатшы болу ойыңда болса өзіме айт, көмектесемін. Алайда, жаңағы шырылдасыңда шындық басым. Сендім. Әңгіме осы жерде қалсын, — деді әңгімені қысқа қайырып.
Әрине, қалады, қалады Нұреке! — дей бердім, басқа не айтарымды да білмей. Осы ашық әңгімеден кейін қайта біздің жолдастығымыз, сыйластығымыз арта түскендей болды. Бір-бірімізге деген сеніміміз күшейді. Көп ұзамай-ақ ол әңгіме туралы ұмытып та кеттік.
Өкінішке орай, Хрущевтің үлкен бір жиналыста намысына тиген сөзіне шыдай алмай, зейнеткерлікке жасы жетпесе де өзі арыз беріп, бір күнде жұмыстан кетті. Мен қазақтың: "Малым жанымның, жаным арымның садағасы" деген даналық сөзіне Нұртас Оңдасыновтың осы әрекетін жатқы-зар едім.
Гурьевтіктер Нұртас Оңдасыновты қимай-қимай, жүректері жылап тұрып Мәскеуге шығарып салды. Нұрекең де бастаған талай ісін аяқтай алмай, халқын қимай шын мәнінде жылап кетті. Асыл аға менің жадымда осылай әрі асқақ, әрі адал, әрі іскер, нағыз халық үшін туған азамат ретінде қалып қойды.
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,
әдебиетші ғалым
ҰЛТЫН ҰЛЫҚТАҒАН АДАМ
Мен ауруын айтып шағынбаған екі адамды білемін. Бірі —Сыр ағаң, Сырбай ақын. О дүниеге көшер бұрын көңілін сұрай барғанымызда, екі аяғы күп боп ісіп кеткеніне қарамастан, маған сүйеніп үстел басына келіп, шай ішті. Шай ішіп отырып, жайдары жүзбен, жылы қабақпен Александр Твардовскийдің Киевке барған бір сапарын қызғылықты етіп әңгімелеп берді. Ішек-сілемізді қатырып күлдірді. Артынан төрт тәуліктен соң көз жұмды. Сол секілді Өзекең де өкпесі сырылдап жөнді сөйлетпей отырса да сыр білдірмейтін. Сенің мүсіркеуіңді қаламайтын. Дүние саларынан он шақты күн бұрын маған шалған соңғы телефонында да өз жайынан жақ ашпады. Нұртас Оңдасынов жөнінде білгісі келетін сұрағы бар екен, сол төңіректе әңгімелестік.
— Шәке, осы сіз жазушы Әзілхан Нұршайықовтың "Ақиқат пен аңыз" романынан Нұртас Оңдасынов туралы бір баспа табақ көлеміндей әңгімені неге алдырып тастадыңыз?
Сұрағы төтелеу қойылғанымен, даусында бір түрлі жылылық сезілді. Мен бар ықыласымды салып, мән-жайды түсіндіруге кірістім.
— Оңдасынов жөніндегі әңгімені мен алғызғаным жоқ. Оны істеген кітаптың редакторы. Әзекең баспа басшыларына шағынып барған екен, олар редакторының пікірін қуаттапты. Менің Баспа Комитетіне төраға кезім, сол қызметтің мың сан қарбалас істерінен қолым қалт еткенде сын шаруашылығына да көз салып қоямын. Әсіресе, Әзілхан Нұршайықовтың шығармаларын Одақ және республика жұртшылығына насихаттаушылардың бірімін. Әзекең екеуміздің арамыздан қыл өтпейді. Сол себепті ол кісі маған жүгінді...
— Сіз рай бермедіңіз?
— Мен – Әзекеңді қатты сыйлайтын адаммын. Бірақ "Платон мне друг, но истина дороже" деген сөз бар ғой. Нұрекеңді қиянатқа қимадым. Меніңше, суреткер кейіпкерін қаншама беріліп сүйсе де, оның аузынан шыққанның бәрін сол күйінде қағазға түсіре бермеуі тиіс. Эстетикалық талғамның екінші аты – көргеніңді іріктеу, сұрыптау. Менің түсінігімде Нұртас Оңдасынов – жағымсыз кейіпкерге жатпайтын адам. Керек десеңіз, біз жас кезімізде ол кісіні пір тұтатынбыз.
— Қалайша?
Телефонда тіл безеп тұра алмайсың. Қысқаша түрде бір-екі мысалдың басын шалып, Нұрекеңді неге жақсы көретінімді айтып бердім. Енді соны кеңейтіңкіреп айтайын. Бірді айтып бірге кетейін деп отырғаным жоқ. Менің пікірімде, Нұрекең мен Өзекең арасында бір ұқсастық, дәстүр жалғастығы сезіледі. Ол не? — десеңіз, ол да — жоғарыда аталған айрықша қасиет — сұлулыққа іңкәрлік. Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы, басқа да басшылық қызметтерде жүргенінде Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов елін, жұртын жаңашыл алғырлығымен, тереңдігімен сүйсіндіретін. Ал, осы игі жақсыға тән қасиеттер неден туындайды?
...Нұртас Оңдасыновты еске алғанда, менің көз алдыма туған өлкем — Кенді Алтайдың 1944 жылғы көктемі тұра қалады. Нақтылай түссек, бұл жер — Өскемен маңы. Жас кезінде кім өлең шығарумен әуестенбейді. Мен де бала кезімде кеуде кернеген сезімдерімді ақ қағаз бетінен анықтауға тырысатынмын. Сол кезде туған бір ұзақтау өлеңнің бас жағы былай басталушы еді:
Шығады Өскеменнен бір тарау жол,
Түстікке Ақ Ертістен созады қол.
Ертістің аңғарынан шыға бере,
Атығай асуына асылады ол.
Шығып көр, асуына Атығайдың,
Көңілдің келсе кірін жуып шайғың.
Болады бәрі де ұмыт дүниенің
Білегін ұстағандай қалқатайдың.
Мұнартар анадайдан Айыртауым
Жасымнан бала кезден басқан бауыр...
Міне, осы Айыртау етегіндегі Шымқора ауылында Республика Үкіметінің бастығы Нұртас Оңдасынов озат шопандардың жиналысын өткізеді екен деген хабар дүңк ете түсті. Тағы да бір аты Ұлан МТС-і аталатын Шымқора біздің ауылымыздан 12 километр жерде. Соған жаяу-жалпылап, Оңдасыновты көреміз деп, бір-екі бала жетпейміз бе аптығып. Жиналыс МТС-тің шеберханасында өтті. Ішіндегі машина, жабдықтарын алып тастағанда онсыз да үлкен үй тіпті кеңейіп ұзарып кетіпті. Көктем кезі. Ертіс өңірінде бұл маусым күрт басталады. Наурыздың жиырма екі, жиырма үштерінде бір керемет жылы жел күндіз-түні соғады да, қыс бойы жентектелген, соқталанған, жолсыз жерінің қай тұстарында ат құлағы көрінбейтін қалың күртік қардың көбесін лезде сөгіп жібереді. Осыншама ылғалға кенелген шөп тез қаулап өсіп, сәуір аяқтала тізеден асып кетеді. Сол шөпті жаңағы жиналыс өтетін ұзыннан-ұзақ залдың еденіне қалың етіп жайып тастапты. Балаң жігіт біздерге орындық тимеген соң, дәл мінбенің қасына келіп малдас құрып, көк шепке отыра кеттім.
Нұрекең мінбеде сөйлеп тұр. Үстіне соғыс кезінің рәсімімен жартылай әскери киім киінген. Шөптің жасыл-сары ніліне ұқсас түсті гимнастерка, белін жалпақ қайыс белбеумен буынған. Кең кеудесінің сол жағында Ленин ордені жарқырайды. Қою қара шашын оң жақ шекесіне қайырған, келбетті, көруге көз керек кісі екен. Таза қазақ тілінде жайымен, баппен сөйлеп тұрды. Әлдебір бастықтардай, қорқытып, ежіреңдеп зәре-құтыңды алмайды. Өзіңнің бір ескі танысың әңгіме айтып тұрғандай, сенімен ақылдасып кеңесетіндей әсер береді.
1944 жылы сол күздің өлшемінде республикамыз үлкен қуанышқа бөленді. Қазақстан мал шаруашылығын өркендетудегі үздік табыстары үшін КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алыпты. Шешен жиналғандарды алдымен осы тарихи оқиғамен құттықтады. Алдында озат шопандар сөйлеп, сол кездің тілімен айтқанда, тәжірибе алмасқан. Нұрекеңе бұл өңір жақсы таныс. 1938 жылы осында облаткомның төрағасы болып тұрған жерінен жоғарылап кеткен –ді. Уай дегенің, өзі де қашаннан шопан таяғын ұстағандай ағытылды-ай кеп.
Енді жоғарыда өзімізге өзіміз – қойған сауалға жауап қатудың реті келді. Нұрекеңдей қайраткерлердің алғырлығы, тереңдігі, ел бағын жандырайын, көркіне көрік қосайын деген сұлу ой-пікір, жарқын ниеттерінен туындайды екен. Соған тағы да көзім жетті. Ол сөзінде ұлттық кәсібімізден бірте-бірте, табиғи түрде ұлттық мәдениетімізге, әдет-ғұрпымызға ауысты. "Көт сүйегі өсіп кеткен" кей қазақ жігіттерін мысқылдай келе, ойын-тойларда ұмытылып бара жатқан халық ойындарын жаңғырту мәселесін қойды. Енді ойлап отырсам, ұлтжандылықты қас пен көздің арасында ұлтшылдыққа айналдырып жібергіш, сан миллион "халық жаулары" көздері жылтырап түрмеде, айдауда сарсылған заманда дәл осындай сөз сөйлеу үшін үлкен жүректілік, тәуекелшілдік керек екен-ау! Ұлтының болашағы үшін Нұрекеңдер сонда басын қылышқа тосып тұр ғой. Халқын жақсы көрген, ертеңін ойлаған басшы нақ осындай болар дағы.
Бұл сөздің әсері алапат болды, майданнан жаралы болып оралған бір жас жігіт үйленгенде қазақтың той-томалақ өткізетін ұлттық рәсімімен тұңғыш рет танысып, аузымызды ашып, көзімізді жұмдық. Бір жылдан соң ұлы Абайдың жүзжылдық мерейтойы мейрамдалғанда, ат шабу, көкпар тарту, аударыспақ ойнау, балуан күрестерді алғаш рет тамашаладық.
Бұл әңгімені осы тұстан үзіп, жалғасын кейінгі бір сәтке қалдырамын. Айтайын дегенім, Нұрекеңе тән ой сұлулығын інісі Өзбекәлі ерекше бағалады. Оған 1994 жылы қазан айында Түркістан қаласында өткізілген Нұртас Оңдасыновтың туғанына 90 жыл толуына арналған мерейтойда сөйлеген сөзі куә. Ұлттық мәдени мұрамызды жаңа, тәуелсіздік жағдайында байыту мәселелерін түйіндегенде ол үнемі Нұрағаңның беделіне сүйеніп отырды.
Оқырман жұртшылық Әбділда ақынның "Нұртас Оңдасынов" деп, оның көзі тірісінде жазған өлеңімен таныс болуы керек. Сол өлеңінде пікірімізді тиянақтайтын мынадай жолдар бар:
"Астанам деп сүйетін Алматысын,
Тек жақсылық іздейтін Алматы үшін,
Ортасынан өткізсем деп ойлайтын,
Айдап әкеп Іленің аққан күшін".
Ол арман да орындалды. Алатау құздарынан құлайтын ағынды су енді каналға айналып, қаланың орта шенін қақ жарып ағып жатыр. Нұрекеңнің інілерінің істегені. Алматының әшекейлі кемер белбеуіндей ару қалаға жарасқан канал — бұл да ой сұлулығының жемісі.
Достарыңызбен бөлісу: |