ҚОРЫТЫНДЫ
Қ.А.Ясауи өзінің бүкіл жарқын қабілетімен талантын, күш жігерін түркі халқына, туған еліне жалпы түркі дүниесіне, әсіресе келешек жас өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне жұмсаған ғұлама ғалым қаламгер. Оның әдеби, мәдени, сопылық шығармалары бүкіл түркі әлеміне оның ішінде қазіргі қазақ әдебиетінің, тілінің қалыптасып, дамуына, ал оқу-ағарту саласындағы көзқарастары бүкіл түркі әлеміндегі, оның ішінде Республикамыздағы педагогикалық ой-пікірлердің пісіп жетілуіне, хикметтері мен рухани адамгершілік, мағнауи мұралары ұлттық тәлім-тәрбие беруде үлкен ықпал етуде. Міне соның нәтижесінде, ұлы ғұлама ғалым есімі өз кезінде біршама түркі әлемінің мәдениетінің білім беру саласының тарихынан да ерекше орын алды. Сондықтан да Құл Қожа Ахмет Ясауидің ілімі күні бүгінге дейін өз маңызын жоймай келеді.
Елімізде егемендіктің жылы лебі ескен шақта Қ.А.Ясауи шығармаларына, тағылымына оның мұраларындағы ұлттық және жалпы адамзаттың құндылықтарын игерудің педагогикалық әдістемелік нысаны туралы молырақ көңіл аударып, зер салуға мүімкіндік алып отырмыз. Бүгінде Қ.А.Ясауи ілімінің мәні, маңызы мен ерекшелігін айқындау - тарихымыздың өткені мен бүгіні арасындағы арналар сабақтастығын қалпына келтіруге ықпал етеді. Ясауи дүниетанымы адамды ішкі еркіндікке жетелейтін ар түзейтін ілім.
Ясауи ілімі - моральдық практикалық маңызы тұрғысынан бүгінгі ғылым мен технология, ақпарат дәуірінде отырып, өзінің ішкі әлемінен хабарсыз қалған, имандылық пен арды ойлауға қабілетсіз, жаппай нәпсіқұмарлық жайлаған қоғамның әлеуметтік індетінің емі екендігі даусыз. Осы мәселелерде өзімізге жаңаша сын көзбен қарау тұрғысынан Ясауи ілімін зерттеу, әрі уақыт талабы, ар ожданымыздың үніне айналды.
Рухани адамгершілікке тәрбиелеу ісі білім берумен ғана шектелмейтіні анық. бұл баланың сана сезіміне әсер ету арқылы, ішкі жан-дүниесін оятудың нәтижесінде оның дүниетанымы қалыптасады. Жасөспірімдердің жеке басының даралық ерекшеліктеріне - мінез жатады. Мінез дегеніміз - адамның өзіндік бағыт-бағдарының жан дүниесінің ерекшелігінің тұрлаулы белгісі. Тәрбиелі мінез - адам бойында имандылық қасиеттердің бар екендігін көрсетеді. Басқаларға қамқорлық, қадірлеу, сыйлау, құрметтеу, жауапкершілікпен адалдық - мінез сапасының негізгі бітістері. Мінездің тұрақтылығы адамның адамгершілік түсініктерінен туындайды.
Орта мектеп оқушы жастарының ұлттық дүниетанымын, рухани байлықтарын қалыптастыру үшін қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі сан ғасырлар бойы тірнектеліп жинақталған мәдениетінің алатын орны ерекше көрініс тапқан. Дегенменде, халқымыздың осы аталмыш баға жетпес, құнды да бай асыл мұраларын ғылыми тұрғыдан жүйеге жүйелеген, әрі оны мектептің оқу-тәрбие жұмыстарында пайдала талапқа, бағдарламаларға сәйкестендірілмеген.
Оқушыларга арналған анықтамалық әдебиеттер мен оқу құралдары жетіспейді кейбірі мүлдем жоқ. Сайып келгенде, қазақ дәстүрлі мәдениеті материалдары жүйелі түрде оқытылмайды да.
Сондықтан да біз Ясауи бабамыздың асыл мұраларын келешек жас өскелең ұрпақтарға күнбе-күн айтып жеткізіп отыруымыз керек. Мектептерде, тәрбие сағаттарында, сұхбаттарда, кездесулерде осы мәселелерді жиі көтеріп отырса, қандай жақсы болар еді. Мұндай «Кәміл Инсаны» бар ел еш уақытта да азып тозбайды.
XII ғасырда Орта Азиядағы суфизм поэзиясының орталығы
Түркістан (Ясы) болған. Осы бір тарихи кезеңде әдебиет әлемінде көрінген Қожа Ахмет Иассауи мен Сүлеймен Бақырғани өздерінің шығармаларын түркі тілдерінде жазады.
XIII-XIV ғасырларда осы Иассауи мен Бақырғани тілі негізінде шағатай тілі туады. Оның биік табысы Науаи мен Бабур поэзиясы болатын.
Қожа Ахмет Иассауи Ибраһимұлы ибн Махмұд (1104-1167) XII ғасырда Түркістан маңындағы Сайрам жерінде дүниеге келген көрнекті ақын. Түркістан X-XI ғасырдарда Шауғар, XII-XIV ғасырлар арасында Яссы, ал XIV ғасырдан Түркістан деп аталған. Осы күнгі Сайрам жерінде Қожа Ахмет Иассауидің әкесі Ибраһим мен анасы Қарашаштың, екі ағасы Латиф пен Мұстафаұлының мазары болған. Иассауи қожалардың арасынан шыққан соң өзінің шежіресін халиф Әлиге дейін алып келген; оның ата-бабалары имам Абу Халифа әулиелер Ысқақ-баб және Хорасан-баб және басқалары туралы мәліметтер келтіреді. Ахмет Иассауи кәдімгі мұсылмандық білім алып, софылар жолына түседі. Оның әкесі – шейх Ибраһим және арғы аталары да софы болған. Бір мәліметтерде Ахмет Иассауидің бірінші ұстазы Арыстан баб ағасы болды деп айтылады. Бір сөзбен айтқанда, Ахмет өскен ортада рухани атмосфера софылық болғаннан кейін оның тарихатқа бет бұруы кездейсоқ болған жоқ. [68]
Қожа Ахмет Иассауи жастай шешесінен, жеті жаста әкесінен жетім қалады. Өзінен он жастай үлкен Гауһар-Шаһназ атты апасының қолында өседі. Алғаш әкесінен оқып, сауат ашса да, оның имам дінінің шарт қағидаларын үйренуі кейінірек болған тәрізді. Бұған әйгілі Арыстан-баб елеулі үлес қосқанын аңғарамыз.
«Хикмет» шумақтарында айтылғандай 63 жасында жер астына түскендігі, 125-ке келгендігі дәлелденіп тұр. Соған қарағанда 1103 жылы туылып, 1128 жылы дүние салған болуы мүмкін. Ол дүниеге әйгілі «Диуани Хикметін» осы «Қылуетте» жатып жазған деген әңгімелер де жетерлік.
Мұндай күйзеліске ұшырау себептеріміз, біріншіден кешегі Қожа молда, дін иелерінен ат тоңымызды алып қашып, діннің пайдалы тұстарын ескермеуден, зиянды деп санаудан туған теріс көзқарастың зардабы десек, екіншісі, Ұлы ақынның өмірлік деректерінің жиналмай, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуінен дей аламыз. Әзірет Сұлтанның өзі мен шығармашылығы ғана емес, оның үрім бұтағы да қудаланып, тоз-тозы шықты, сол дерек, шежірелерді жинау былай тұрсын, оны талдап, ауызға алудың өзі өмірге қауіпті болды. Сондықтан жұрт тек атейістік тұрғыдан болмаса, өзгеше ол кісі туралы ләм-мим деп ауыз аша алмай келді. Енді еліміз тәуелсіздік алған бүгіндері ғана архив қалтарыстарында қалған деректерді тауып алып әңгіме етуге мүмкіндік ашылып отыр. Міне біз бұл жоғарыда әңгімелеп өткен және кейін сөз ететін мағлұматтардың бәрі де осылай тырнақталып, жинақталган құнды дүниелер. Қ.А.Ясауи бабамыз туралы ғылыми ізденістерді тереңдете түсуіміз қажет, себебі біздің келешегімізге қажетті өте құнды ашылмаған құпиялар бар.
Қ.А.Ясауи алғашқы білімді өз әкесі Ибрахим Шайхтан алады. Одан кейін Арыстан бабқа шәкірт болады. Ясауидің «Хикметінде» халық арасында таралған аңызда да Арыстан баб – Қ.А.Ясауидің ұстазы емес, оған Мұхаммед пайғамбардың аманатын тапсырушы.
Жиырма жеті жасында пірі – ұстазы Хамаданиді табады. Оның жанында көп жылдар болып тәлім-тәрбие алады. Өзі «Хикметтерінде» айтып өткендей 34 жасында ғалым болады. Кейін Бұқарада Хамадани мектебінде біраз басшылық еткен соң, туған елі Түркістанға қайта оралады. Мұнда келгеннен бастап, өз мектебін ашады.
Қ.А.Ясауидің мұншалықты жоғары дәрежеге көтерілуіне себеп болған әрине біріншіден өзіне Алладан берілген қабілеті мен дарыны, екіншіден осы жолға бастаушы ұстаздары болуы керек. Бала тәрбиесіне көп көңіл бөлетін атасы Ибраһим шайх Қожа Ахметті Шахабиддин Исфиджабий қолына шәкірттікке тапсырады. Атасы ұстазға тапсырарда осы баламыздың «еті сіздікі, сүйегі біздікі» тек артымызда Алланың ақ жолындагы бір мұсылман ұрпағы қалса болғаны дейді. [6]
Қарашаш ана балаларының тәрбиесіне өте көп көңіл бөлетін болған, Арыстан бабқа шәкірт болған кезінде де Хамаданиге аттанар кезінде де аналық ақ батасын беріп шығарып салып отырған. Осы аналық ақ батаның себебі болар, Ясауи дүниеге әйгілі ғұлама болып жетілді. Ол Арыстан бабқа жеті жасында жолығады, бірақ біраз уақыт шәкірт бола алмайды. Кейін медреселерде оқуын жалғастырып келесі ұстазы Хамаданиді көп жылдардан кейін табады. Ол уақытқа дейін осы Сайрам, Түркістан медреселерінде білім алады. Ж.Хамаданидің көптеген шәкірттері болған. Осы шәкірітердің ішінде Бұхарадаи Хамаданидің төрт халифы ерекше көзге түскен. Олардың есімдері Хасан Андақи, Абдуллаһ Баррақи, Қ.А.Ясауи және Абдулхалық Ғыждуани. Міне осы төрт шәкірті бірінен соң бірі Хамадани мектебін басқарған. Хамаданидің шәкірттері сізден кейін халифалыққа кімдер отырады деп сұрағанда, бірінші болып Хасан Андақи, екінші Қожа Абдуллаһ Баррақи, үшінші Қожа Ахмет Ясауи халифалыққа иеленеді, бірақ ол ұзақ отырмайды Түркістанға аттанады және өз мектебін ашады, ал төттінші болып Абдулхалық Ғыждуани халифалыққа көтеріліп, бұл мектепті басқарады деген екен. Дәл солай болады, Қ.А.Ясауи өз мектебін ашып «Ясауи» қауымдастығын құрады. Бұл келешекте сопылық ағымының «Ясауи» жолына ұласады.
Қ.А.Ясауидің Халифалары және жолын қуушы ізбасарларына келетін болсақ, ол өзінен кейін Мұхамммед /с.ғ.с/ пайғамбар, Жүсіп Хамадани сияқты ұстаздарындай, атақты төрт халифаны дайындап қалдырды. Олар, Мансұр Ата, Саъид ата, Суфи Мухаммад Данишманд және Хаким ата /Сулеймен Бақырғани/. [14]
Бұлардан басқа, көптеген шәкірттерімен жолын қуушылары да бар. Олар Ұзын Хасан ата, Сайид ата, Исхақ ата, Садр ата, Әлемин баб, Маудуд шайх, Камал шайх /иқани/, Хадим шайх Абдул Малик ата, Таж Қожа, Зеңгі ата, Бахауиддин Нақшбанд, Қажы Бектас, Жүніс Әміре, Сары Салтұқ, т.б.
Сонымен қатар, түркі тілдес халықтардың ішінен Ясауиден кейін Хаким атадан бастап көптеген ғұлама ізбасарлардың есімдерін тізбектеп шығуға болады. Раджи, Жүніс Әміре, Машраб, Қожа Ахмет, Шамс Узанди, Факири, Байза, Бехдуди, Шухуди, Туфайли, Қасим және басқалар. Тізімі осылай үздіксіз жалғасып кете береді, бұл Ясауи ілімінің кең тарағандыгын білдіреді. Егер Ясауи ілімінің құны болмаса, батыс әлеміне кең тарамай басқа тариқаттардай өмірі қысқа болған болар еді. Дүниеге кең тарағандығына қарағанда «Ясауиа» тариқатының халыққа тигізер әсері өте зор болуы керек деп ойлаймыз.
Түркі халықтары алғашқы халық болып қалыптасқанда олардың тілдері де, діндері де, жазулары да, мәдениеттері де, тарихы де, әдебиеттері де бір болған еді. Бертін келе заман ағымына байланысты бұлар бөлшектеніп кетті. Сонда да болса түбі бір түркі халқы болғандықтан сол бөлшектеніп кеткен халықтардың өзінде де, көне түркі дәстүрі күні бүгінге дейін жалғасып келуде. Солардың ішінде атап айтар болсақ, әдет-ғұрып салт-дәстүрлері, наным-сенімдері т.б ұқсастықтар үздіксіз шиеленісіп жатады. Бүкіл түркі дүниесінің тілінің, дінінің, ділінің қалыптасуына Ясауи еңбектерінің тигізген әсері өте мол екендігіне күмән келтіруге болмайды. ХІІ-ХІІІ ғасырларда жоқ болып кете жаздаған түркі тілін қайта тірілтіп, бірінші болып айналымға жіберген осы Ясауи еңбектері еді. Ол кездері араб, парсы тілдері басым болып тұрғандықтан барлық жазу, сызу, қажетті құжаттар тек сол екі тілде жүретін, әрі жазу араб графикасында болатын. Сол замандарда Селжүктер билікте отырғанымен, өздері түркі бола тұрып, бәрі де кітап, өлеңдерін, құжаттарын араб, парсы тілдерінде жазып әрі сол тілдерде сөйлейтін болған. Міне осындай қиын қыстау заманда Ясауи бірінші болып өз еңбектерін түркі тілінде жаза бастады. Әрине, жазу өнері тек араб графикасы болғандықтан амал жоқ сол араб әрпінде жазуға тура келді. Бірақ бір ерекшелігі барлық хикметтерін, шариғат заңдарын, т.б жергілікті халыққа қажетті дүниенің бәрі де түркі тілінде жарық көре бастады. Алғашында ауызекі тарады. Бұл замандарда түркі халықтары қай дінге бас ұрарын білмей жүрген кездері болатын. Себебі араб, парсы тілдерінде жазылған ислам дүниелері жергілікті түркі халқына түсініксіз еді. Оның үстіне бұған дейін бірнеше дінді бастарынан кешкен. Мәселен шаман, иуда, будда, христиан, манихей. Енді ислам діні келген кезде, түсініксіз болып қалды. Осы кезде Ясауи өз еңбектерін түркі тілінде айтып әрі жазып тарата бастағандықтан, бұл жергілікті халыққа жете түсінікті болып шықты, оның үстіне өздерінің көне діні тәңірлікке жақын еді. Екінші бір кереметі Қ.А.Ясауи өз мектебін ашқан соң онда тек ислам діні емес, сонымен қоса, түркі - ислам дінін дүниеге келтірді. Оның ерекшелігі, ислам діні өз қалпында өзгеріссіз қалып «Құран Кәрімде», «Хадистерде» берілгендей сақталды да, ол бұған қосымша түркі халқының көне діні «тәңірліктің» көптеген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері мен наным сенімдері ендірілді. Міне сол себептен де бұл өте құнды болып саналып, жергілікті халық арасында тез тарай бастады. Міне осы еңбегінің арқасында Ясауи әулиелік дәрежеге көтерілді. Жазған еңбектерінің бәрінде де этнопедагогикалық, педагогиалық, этнопсихологиялық және де жалпы тәлім-тәрбие мәселелері кеңінен қарастырылған. Оның үстіне барлық түркі халықтарына теңдей мұра болып табылды. Сол үшін барлық түркі халқы Қ.А.Ясауи еңбектерінен өздеріне қажетті дүниені алып отырады. Соның ішінде этнопедагогикаларын қалыптастыруда да Ясауи еңбектерін кеңінен пайдаланады. Ясауидің қайсы бір еңбегін алмайық, бәрінде де этнопедагогика мәселелері кеңінен беріліп отырады. Оның үстіне бұл еңбектерінің бәрі де түркі халықтарына теңдей қажетті дүние болып табылады. Себебі сол кезеңдегі түркі тілінде сөйлейтін барша халыққа түсінікті болатын. Оның үстіне сол халықтардың менталитетіне, психологиясына, мінез-құлықтарына сай жазылған дүниелер. Бертін келе біртұтас түркі халқы бірнеше бөліктерге бөлектеніп кетті. Сол кездің өзінде де, осы Қ.А.Ясауи еңбектерін пайдаланып келді. Мәселен, Ясауи еңбектері, қазан баспасынан татар тілінде бірнеше рет жарыққа шықты, түрік тілінде Түркияда да бірнеше рет жарық көрді. Бұдан да басқа түркі тілдес халықтар арасында жарық көріп жатыр. Кейінгі жылдары бірнеше рет қазақ тілінде де Алматы баспасынан да жарық көрді. Міне бұл Ясауи еңбектерінің түркі халықтары үшін ортақ дүние екендігін дәлелдей түседі. Бұл еңбектің қайта-қайта баспадан жарық көруі, оның құнды әрі халыққа қажетті дүние екендігіне көз жеткізудің бірден-бір дәлелі. Егер бұл еңбектер қажетсіз дүниелер болса, оны ешкім де пайдаланбаған болар еді. Ясауи еңбектерінің құндылығын тағы дәлелдей түсетін мағлұматтардың бірі кейінгі кездері дүниенің түкпір-түкпірінен табылып жатқан Ясауи шәкірттерінің есімі. Олар тек түркі дүниесі, ислам әлемі емес, сонымен қатар батыс елдерінде де шығып жатыр. Бұл деген Қ.А.Ясауи еңбектерінің құндылығына тағы бір дәлел. Бұл дүниелер құнсыз әрі олардың халыққа тигізер тәлім-тәрбиелік мәні болмаса, онда оларды ешкім де пайдаланбаған болар еді. Міне осыдан-ақ Ясауи еңбектерінің баға жетпес құнды рухани дүние екендігіне көз жеткізуімізге болады.
Қожа Ахмет Ясауи - күнделікті өмірде болып жатқан әрбір саяси-әлеуметтік, қоғамдық-мәдени мәні бар мәселелер жөнінде жиі толғанатын әрдайым өзі өмір сүрген кезеңнің іргелі, келелі жайттарын тереңнен тербеп, жалпы жұрттың, қалың қауымның назарына шығарып отыратын, оның рухани-адамгершілік, мағнауи мұраларында қамтылған тақырыптар сан-алуан. Сондай өзекті мәселелердің бірі -оқу-тәрбие тақырыбы. Гұлама ғалым бүкіл елінің, туған халқының рухани-адамгершілік, мағнауи мәдениетінің оқыту мен тәрбиелеу ісінің міні мен маңызы зор екендігін терең сезінген. Сондықтан да оның бар саналы ғұмырында, жалпы шығармашыльнында оқу-тәрбие жұмысы жөнінде пайымдаулар, тәлімдік-тәрбиелік, рухани-адамгершілік, мағнауи мұраларындағы ой-пікірлерді ерекше орында тұрады десек қателеспейміз. Сол арқылы ғұлама ғалым ұлттық педагогика мен психология ғалымдарының салаларына өшпес үлкен баға жетпес үлес қосқаны сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |