Қ.А.Ясауидің өмір жолы мен шығармашылығы
XII ғасырда Орта Азиядағы суфизм поэзиясының орталығы Түркістан (Ясы) болған. Осы бір тарихи кезеңде әдебиет әлемінде көрінген Қожа Ахмет Иассауи мен Сүлеймен Бқырғани өздерінің шығармаларын түркі тілдерінде жазады.
XIII-XIV ғасырларда осы Иассауи мен Бақырғани тілі негізінде шағатай тілі туады. Оның биік табысы Науаи мен Бабур поэзиясы болатын.
Қожа Ахмет Иассауи Ибраһимұлы ибн Махмұд (1104-1167) XII ғасырда Түркістан маңындағы Сайрам жерінде дүниеге келген көрнекті ақын. Түркістан X-XI ғасырдарда Шауғар, XII-XIV ғасырлар арасында Ясы, ал XIV ғасырдан Түркістан деп аталған. Осы күнгі Сайрам жерінде Қожа Ахмет Иассауидің әкесі Ибраһим мен анасы Қарашаштың, екі ағасы Латиф пен Мұчстафақұлының мазары болған. Иассауи қожалардың арасынан шыққан соң өзінің шежіресін халиф Әлиге дейін алып келген; оның ата-бабалары имам Абу Халифа әулиелер Ысқақ-баб және Хорасан-баб және басқалары туралы мәліметтер келтіреді. Ахмет Иассауи кәдімгі мұсылмандық білім алып, софылар жолына түседі. Оның әкесі – шейх Ибраһим және арғы аталары да софы болған. Бір мәліметтерде Ахмет Иассауидің бірінші ұстазы Арыстан баб ағасы болды деп айтылады. Бір сөзбен айтқанда, Ахмет өскен ортада рухани атмосфера софылық болғаннан кейін оның тарихатқа бет бұруы кездейсоқ болған жоқ. [68]
Қожа Ахмет Иассауи жастай шешесінен, жеті жаста әкесінен жетім қалады. Өзінен он жастай үлкен Гауһар-Шаһназ атты апасының қолында өседі. Алғаш әкесінен оқып, сауат ашса да, оның имам дінінің шарт қағидаларын үйренуі кейінірек болған тәрізді. Бұған әйгілі Арыстан-баб елеулі үлес қосқанын аңғарамыз. Бұл туралы ақын өз хикметінде:
Бес жасымда шариғатқа белім будым,
Дін жолында ораза ұстап әдет қылдым.
Күндіз-түні зікір айтып, тәуба қылдым,
Сол себепті алпыс үште кірдім жерге...
Жеті жаста Арыстан бабам іздеп тапты,
Әр сырымды кірген сайын бүркеп жатты.
«Билахмдиллаһи» көрдім деп ізімді өпті,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Сегізімде сегіз жақтан жол ашылды,
Хикмер айтты басыма нұр шомылды.
«Билахмдиллаһи» Пірмұған шарап ішкізді
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге –
дейді. Бұдан оның ерте жетілгенін, тым зерек жас болғанын көреміз. Қожа-Ахметтің өсіп ержетуі мен білім алуы шығыстағы дін орталығы Бұхара қаласымен тікелей байланысты. Сонда ол Жүсіп Хандамидің діни медресесінде оқып, білім алады. Хамдани қайтыс болған соң, біраз жыл сол медресеге басшылық та жасайды. [69]
Ғылымда Қожа Ахмет Иассауи 1167 жылы Түркістан жерінде дүние салған деп көрсетіліп келеді. Өзі болса бірде «алпыс үште кірдім жерге», енді бірде «жетпіс үш жыл ғұмыр құрдым» деп жазды. С.Е.Малов ақындық хижра санағы бойынша 562 жылы өлген деп көрсетеді. Ал шын мәніне келсек, соңғы мәліметтерге қарағанда Ахмет Иассауи 1166 жылы қайтыс болған. Ержете келе Түркістан қаласына келіп тұрады. Сол кезде атақты Арыстан-баб және Жүсіп Хамдани деген шайықтардан тәлім-тәрбие алған, Бұқарада оқыған. Сосын оқымысты адам софы ретінде Ясы қаласына қайтып келеді.
Қазақстан жері мен Қазақ мәдениетінде Қожа Ахмет Иассауидың есіміне байланысты екі түрлі тарихи мұра бар. Оның бірі – Түркістанда 1397 жылы салынып біткен кесенесі болды. Екіншісі – «Диуани хикмет» [«Даналық кітабы»] деп аталатын өлең-өсиет кітабы. Бұл еңбек сол замандар бойы ел аузында айтылып, қолжазба түрінде сақталып, араға көп уақыт салып барып Стамбул, Қазан, Ташкентте басылып шыққан көне әдеби мұра. Кітап түркі тілінде жазылған. А.К.Бороковтың пікірі бойынша даналық кітабы қыпшақ тілінде өмірге келген әдеби туынды. Онда шағатай тілінің нұсқасы 1901 жылы Қазанда жарық көрген. Кітап 1902 жылы қайтадан Ташкентте басылып шыққан. Ол - өзбек нұсқасы деп аталады. Қожа Ахмет Иассауи «Диуани хикметті» түркі мәдениетінің төл туындысы:
Қожламайдүр ғалымда
Сізни айған түркіні,
Ғабырлардан ештесең
Ашар көңіл мүлкіні,
деген жерде ақын өз өлеңдерін замандас ғалымдары қолдамаса да түркі тілде жазғанын айтады [94].
Ахмет Иассауи өлеңдер жинағының ең толық нұсқасы Қазан басылысмы болып табылады. Соның 109 хикметі Иассаудің өзінікі екені даусыз. Қалғандары шәкірттері тарапынан жазылып, жинаққа еріп кеткен жыр жолдары болса керек. Даналық кітабында негізінен төрт нәрсе мадақталады. Олар: «шариғат» - ислам заңдары мен әдет-ғұрпының жинағы, «тариқат» - дін жолын танып, оқып білу, «хақиқат» - құдай және оған жақындау. Иассауидің ойынша Шариғатсыз тариқат, тариқатсыз мағрифат, мағрифатсыз хақиқат болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады.
Қожа Ахмет Иассауи поэзиясының мазмұнында екі түрлі жүйе бар. Оның бірі – суфизм, екіншісі – бұл дүниеге сыймай торығу, оны сынау сарыны. Өмірден безген, одан әділет таппаған ақын теңдікті о дүниеден күтеді. Өлеңдерінде заман бұзылып, адам баласы азды дейтін сарын аса күшті. Сонымен қатар ол ислам дүниесінің ғалымдарын да сынға алады:
Ақыр заман ғалымдары залым болды,
Қошемет етушілер ғалым болды.
Сойқанды елге ашық айта алмаудан,
Ішіме менің дертті жалын толды,- дейді. [95]
Сопының дұшпаны әділетсіз патшалар, уәзірлер мен хандар. Олар туралы Қожа Ахмет өткір сын жазды.
Ақын хикметтерінің бірқатары ғашықтық жайын да сөз етеді. Бірақ онда әдеттегідей жігіттің – қызға, қыздың – жігітке деген сүйіспеншілігі емес, керісінше - әңгіме ақынның Алла тағалаға, яғни Жаратушыға сүйіспеншілігі, іңкәрлігі туралы.
Қожа Ахметтің даналық сөздерінің көпшілігінде ұстазы Арыстан –баб жиі еске алынады, ақын ұлы ойшылдың айтқандарына құлақ түріп, ой жібере қарауды ұсынады. Менмен, көрсеқызар, кеудемсоқ, дүниеқоңыз болмауға, тәубаға келуге ақыл кеңес береді, яғни бабамыздың хикметтері толған ғибрат, мәнді-мағыналы пікір, адамгершілік мұраттарына толы.
Данышпан 44-хикметінен бастап Мұхаммед пайғамбардың өмір жолын қысқаша суреттеген.
Ахмет Иассауи жырлары тек қазақ еліне ғана емес, бүкіл түркі тілдес халықтарға ортақ мұра екені мәлім. Арада сан ғасырлар өтсе де өзінің мән-мағынасын кемітпей, қайта уақыт озған сайын қадір-қасиеті арта түскен бұл ғажайып хикмет-жырлар ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып, рухани мұра ретінде өмір сүре беретіні даусыз [96].
Иассауидің «Диуани Хикмет» кітабы XII ғасырдағы түркі тайпаларының өмірінен мол мағлұмат беретін жазба дерек ретінде биік бағаланған. Орта ғасырдағы мәдениет жазбаларын сөз еткенде Иассауидің «Диуани хикмет» атты кітабы да тиісті орын алу керек. Ахмет Иассауидің софылық - мистикалық сарынды ой-пікірлерін оның шәкірттері жалғастырып, кезінде көптеген хикмет-жырлар жазғаны мәлім.
Тарихта түркілер әлемінде аты мәшһүр болған ислам дінінің өкілі, сопылық-мистикалық ағымның басты бір өкілі Қожа Ахмет Яссауиге арнап Ақсақ Темір ХІҮ ғасырда күмбез тұрғызды. Түркістан тұрғындарының айтып жүрген аңыздарына қарағанда, Әмір Темір, яғни Ақсақ Темір Ахмет Яссауиге арнап күмбез тұрғызу арқылы мұсылман дінін жергілікті халық арасында нығайта түскісі келген.
Алайда Ахмет Яссауиді бүкіл түркі жұртына танытқан оның «Диуани хикмет» атты еңбегі еді. «Диуани хикметтің» түркі тілінде араб әрпімен жазылуы да оның халық арасына кең таралуына әсер етсе керек. Өйткені, Ахмет Яссауи өмір сүрген заманда араб әдебиеті, араб ғылымы, араб жазуы түркілер арасына ғылым тілі ретінде әйгіленген болатын. Сонда да, Ахмет Яссауи өз ана тілін құрметтеген, еңбегін өз тілінде, яғни түркі тілінде жазды, ал жазу үшін араб һәрпін қолданды. Сөйтіп, өз заманының уақыты талабынан шыға білді.
Кітаптың аты айтып тұрғандай, «Диуани хикмет» - «Даналық кітабы» елді даналыққа шақырады. Сондай-ақ кітаптың авторы халықты кішіпейілдікке, адамгершілікке, имандылыққа баулуды мақсат тұтқан. Алланың сүйіспеншілігіне бөлену үшін әрбір адам оған шын бріліп, махаббат- сүйіспеншілік танытуы тиіс деп уағыздады. Ахмет Яссауи дін жолында, шариғатта таза, адал болу қажеттігін өз халқына түсіндіре білді. Өз заманының әділетсіздігін, жағымпаздар мен жылпостарды Ахмет Яссауи былай деп сынға да алды:
Әділетсіз залым патша болғаны-ай,
Ордасына өңшең қудың толғаны-ай.
Бірін-бірі жиналысып, қолпаштап,
Су төгілмес жүр ғой бәрі жорғадай, -
деп қулардан жиіркендіреді.
Кеңестік дәуірде Яссауи әлемін зерттеуге, оқып, білуге мүмкіндік болмады, советтік халыққа атеистік тәрбие ғана берілді. Еліміз тәелсіздік алғаннан бері Ахмет Яссауи мұрасына қалың ел ден қойып, жақын таныса бастады.
Қ.А.Ясауи оғыз қыпшақ тілдерінде сөйлейтін түркі халықтарының бастауларының бірі болған – Ұлы әрі қасиетті тұлға. Оның жазған хикметтері әлі күнге дейін сақталған, тілі сақталган өзімізбен туыстас халықтар арасында кеңінен мәлім. Өкінішке орай, біз қазақ халқы олай мақтана алмаймыз. Біздің халық, әсіресе соңғы буын Ұлы баба мұрасынан мүлде хабарсыз. Әрине ол үшін біздің замандастарымызды кіналау да орынсыз.
Қ.А.Ясауи бабамыздың өмірбаянын қысқаша талдап өтетін болсақ, бабамыздың арғы бабалары Әзіреті Әліден кейінгі Мұхаммед Ханафиядан таралады. Енді бұл өңірге келген бабаларына келетін болсақ, сонау Ысқақ баптан басталады екен. Кейінгі аталары Махмуд Шайх, одан Ибрахим Шайх. Міне осы Ибрахим Шайх Сайрамдағы Мұса Шайхтың Айша атты қызына үйленеді. Осы Ибрахим Шайхпен Айша отбасында кейбір деректерде үш, кейбірінде екі перзент дүниеге келген. Олардың есімдері Гаухар, Қожа Ахмет және Садыр. Ол замандарда Сайрам шаһарында ірі-ірі үш әулет тұрады екен. «Шахтар» әулеті, «Әмірлер» мен Әзіреті Әлиге барып тірелетін «Қожалар» әулеті. Қ.А.Ясауидін қай жылы дүниеге келгені белгісіз, бірақ 63-жастан кейін 1166/67 жылдары дүние салған деген мағлұматтар бар, соған қарағанда 63 жастан кейін «қылуетке» түскен болса, онда ол жер астында тағы да сонша өмір сүрген, себебі бұл туралы өз «Хикметтерінде» жырлап өткен.
Жер үстінде өлмес бұрын тірі өлдім,
Алпыс үште сүндет деді естіп білдім.
Жер астында бар жаныммен құлдық қылдым,
Естіп оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Жарандардан пайда, көмек ала алмадым,
Жүз жиырма беске кірдім, еш нәрсе біле алмадым
Хақтағалаға құлшылық қыла алмадым,
Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
«Хикмет» шумақтарында айтылғандай 63 жасында жер астына түскендігі, 125-ке келгендігі дәлелденіп тұр. Соған қарағанда 1103 жылы туылып, 1128 жылы дүние салған болуы мүмкін. Ол дүниеге әйгілі «Диуани Хикметін» осы «Қылуетте» жатып жазған деген әңгімелер де жетерлік.
Мұндай күйзеліске ұшырау себептеріміз, біріншіден кешегі Қожа молда, дін иелерінен ат тоңымызды алып қашып, діннің пайдалы тұстарын ескермеуден, зиянды деп санаудан туған теріс көзқарастың зардабы десек, екіншісі, Ұлы ақынның өмірлік деректерінің жиналмай, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуінен дей аламыз. Әзірет Сұлтанның өзі мен шығармашылығы ғана емес, оның үрім бұтағы да қудаланып, тоз-тозы шықты, сол дерек, шежірелерді жинау былай тұрсын, оны талдап, ауызға алудың өзі өмірге қауіпті болды. Сондықтан жұрт тек атейістік тұрғыдан болмаса, өзгеше ол кісі туралы ләм-мим деп ауыз аша алмай келді. Енді еліміз тәуелсіздік алған бүгіндері ғана архив қалтарыстарында қалған деректерді тауып алып әңгіме етуге мүмкіндік ашылып отыр. Міне біз бұл жоғарыда әңгімелеп өткен және кейін сөз ететін мағлұматтардың бәрі де осылай тырнақталып, жинақталган құнды дүниелер. Қ.А.Ясауи бабамыз туралы ғылыми ізденістерді тереңдете түсуіміз қажет, себебі біздің келешегімізге қажетті өте құнды ашылмаған құпиялар бар.
Қ.А.Ясауи алғашқы білімді өз әкесі Ибрахим Шайхтан алады. Одан кейін Арыстан бабқа шәкірт болады. Ясауидің «Хикметінде» халық арасында таралған аңызда да Арыстан баб – Қ.А.Ясауидің ұстазы емес, оған Мұхаммед пайғамбардың аманатын тапсырушы.
Жиырма жеті жасында пірі – ұстазы Хамаданиді табады. Оның жанында көп жылдар болып тәлім-тәрбие алады. Өзі «Хикметтерінде» айтып өткендей 34 жасында ғалым болады. Кейін Бұқарада Хамадани мектебінде біраз басшылық еткен соң, туған елі Түркістанға қайта оралады. Мұнда келгеннен бастап, өз мектебін ашады.
Қ.А.Ясауидің мұншалықты жоғары дәрежеге көтерілуіне себеп болған әрине біріншіден өзіне Алладан берілген қабілеті мен дарыны, екіншіден осы жолға бастаушы ұстаздары болуы керек. Бала тәрбиесіне көп көңіл бөлетін атасы Ибраһим шайх Қожа Ахметті Шахабиддин Исфиджабий қолына шәкірттікке тапсырады. Атасы ұстазға тапсырарда осы баламыздың «еті сіздікі, сүйегі біздікі» тек артымызда Алланың ақ жолындагы бір мұсылман ұрпағы қалса болғаны дейді. [6]
Қарашаш ана балаларының тәрбиесіне өте көп көңіл бөлетін болған, Арыстан бабқа шәкірт болған кезінде де Хамаданиге аттанар кезінде де аналық ақ батасын беріп шығарып салып отырған. Осы аналық ақ батаның себебі болар, Ясауи дүниеге әйгілі ғұлама болып жетілді. Ол Арыстан бабқа жеті жасында жолығады, бірақ біраз уақыт шәкірт бола алмайды. Кейін медреселерде оқуын жалғастырып келесі ұстазы Хамаданиді көп жылдардан кейін табады. Ол уақытқа дейін осы Сайрам, Түркістан медреселерінде білім алады. Ж.Хамаданидің көптеген шәкірттері болған. Осы шәкірітердің ішінде Бұхарадаи Хамаданидің төрт халифы ерекше көзге түскен. Олардың есімдері Хасан Андақи, Абдуллаһ Баррақи, Қ.А.Ясауи және Абдулхалық Ғыждуани. Міне осы төрт шәкірті бірінен соң бірі Хамадани мектебін басқарған. Хамаданидің шәкірттері сізден кейін халифалыққа кімдер отырады деп сұрағанда, бірінші болып Хасан Андақи, екінші Қожа Абдуллаһ Баррақи, үшінші Қожа Ахмет Ясауи халифалыққа иеленеді, бірақ ол ұзақ отырмайды Түркістанға аттанады және өз мектебін ашады, ал төттінші болып Абдулхалық Ғыждуани халифалыққа көтеріліп, бұл мектепті басқарады деген екен. Дәл солай болады, Қ.А.Ясауи өз мектебін ашып «Ясауи» қауымдастығын құрады. Бұл келешекте сопылық ағымының «Ясауи» жолына ұласады.
Қ.А.Ясауидің Халифалары және жолын қуушы ізбасарларына келетін болсақ, ол өзінен кейін Мұхамммед /с.ғ.с/ пайғамбар, Жүсіп Хамадани сияқты ұстаздарындай, атақты төрт халифаны дайындап қалдырды. Олар, Мансұр Ата, Саъид ата, Суфи Мухаммад Данишманд және Хаким ата /Сулеймен Бақырғани/. [14]
Бұлардан басқа, көптеген шәкірттерімен жолын қуушылары да бар. Олар Ұзын Хасан ата, Сайид ата, Исхақ ата, Садр ата, Әлемин баб, Маудуд шайх, Камал шайх /иқани/, Хадим шайх Абдул Малик ата, Таж Қожа, Зеңгі ата, Бахауиддин Нақшбанд, Қажы Бектас, Жүніс Әміре, Сары Салтұқ, т.б.
Сонымен қатар, түркі тілдес халықтардың ішінен Ясауиден кейін Хаким атадан бастап көптеген ғұлама ізбасарлардың есімдерін тізбектеп шығуға болады. Раджи, Жүніс Әміре, Машраб, Қожа Ахмет, Шамс Узанди, Факири, Байза, Бехдуди, Шухуди, Туфайли, Қасим және басқалар. Тізімі осылай үздіксіз жалғасып кете береді, бұл Ясауи ілімінің кең тарағандыгын білдіреді. Егер Ясауи ілімінің құны болмаса, батыс әлеміне кең тарамай басқа тариқаттардай өмірі қысқа болған болар еді. Дүниеге кең тарағандығына қарағанда «Ясауиа» тариқатының халыққа тигізер әсері өте зор болуы керек деп ойлаймыз.
Түркі халықтары алғашқы халық болып қалыптасқанда олардың тілдері де, діндері де, жазулары да, мәдениеттері де, тарихы де, әдебиеттері де бір болған еді. Бертін келе заман ағымына байланысты бұлар бөлшектеніп кетті. Сонда да болса түбі бір түркі халқы болғандықтан сол бөлшектеніп кеткен халықтардың өзінде де, көне түркі дәстүрі күні бүгінге дейін жалғасып келуде. Солардың ішінде атап айтар болсақ, әдет-ғұрып салт-дәстүрлері, наным-сенімдері т.б ұқсастықтар үздіксіз шиеленісіп жатады. Бүкіл түркі дүниесінің тілінің, дінінің, ділінің қалыптасуына Ясауи еңбектерінің тигізген әсері өте мол екендігіне күмән келтіруге болмайды. ХІІ-ХІІІ ғасырларда жоқ болып кете жаздаған түркі тілін қайта тірілтіп, бірінші болып айналымға жіберген осы Ясауи еңбектері еді. Ол кездері араб, парсы тілдері басым болып тұрғандықтан барлық жазу, сызу, қажетті құжаттар тек сол екі тілде жүретін, әрі жазу араб графикасында болатын. Сол замандарда Селжүктер билікте отырғанымен, өздері түркі бола тұрып, бәрі де кітап, өлеңдерін, құжаттарын араб, парсы тілдерінде жазып әрі сол тілдерде сөйлейтін болған. Міне осындай қиын қыстау заманда Ясауи бірінші болып өз еңбектерін түркі тілінде жаза бастады. Әрине, жазу өнері тек араб графикасы болғандықтан амал жоқ сол араб әрпінде жазуға тура келді. Бірақ бір ерекшелігі барлық хикметтерін, шариғат заңдарын, т.б жергілікті халыққа қажетті дүниенің бәрі де түркі тілінде жарық көре бастады. Алғашында ауызекі тарады. Бұл замандарда түркі халықтары қай дінге бас ұрарын білмей жүрген кездері болатын. Себебі араб, парсы тілдерінде жазылған ислам дүниелері жергілікті түркі халқына түсініксіз еді. Оның үстіне бұған дейін бірнеше дінді бастарынан кешкен. Мәселен шаман, иуда, будда, христиан, манихей. Енді ислам діні келген кезде, түсініксіз болып қалды. Осы кезде Ясауи өз еңбектерін түркі тілінде айтып әрі жазып тарата бастағандықтан, бұл жергілікті халыққа жете түсінікті болып шықты, оның үстіне өздерінің көне діні тәңірлікке жақын еді. Екінші бір кереметі Қ.А.Ясауи өз мектебін ашқан соң онда тек ислам діні емес, сонымен қоса, түркі - ислам дінін дүниеге келтірді. Оның ерекшелігі, ислам діні өз қалпында өзгеріссіз қалып «Құран Кәрімде», «Хадистерде» берілгендей сақталды да, ол бұған қосымша түркі халқының көне діні «тәңірліктің» көптеген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері мен наным сенімдері ендірілді. Міне сол себептен де бұл өте құнды болып саналып, жергілікті халық арасында тез тарай бастады. Міне осы еңбегінің арқасында Ясауи әулиелік дәрежеге көтерілді. Жазған еңбектерінің бәрінде де этнопедагогикалық, педагогиалық, этнопсихологиялық және де жалпы тәлім-тәрбие мәселелері кеңінен қарастырылған. Оның үстіне барлық түркі халықтарына теңдей мұра болып табылды. Сол үшін барлық түркі халқы Қ.А.Ясауи еңбектерінен өздеріне қажетті дүниені алып отырады. Соның ішінде этнопедагогикаларын қалыптастыруда да Ясауи еңбектерін кеңінен пайдаланады. Ясауидің қайсы бір еңбегін алмайық, бәрінде де этнопедагогика мәселелері кеңінен беріліп отырады. Оның үстіне бұл еңбектерінің бәрі де түркі халықтарына теңдей қажетті дүние болып табылады. Себебі сол кезеңдегі түркі тілінде сөйлейтін барша халыққа түсінікті болатын. Оның үстіне сол халықтардың менталитетіне, психологиясына, мінез-құлықтарына сай жазылған дүниелер. Бертін келе біртұтас түркі халқы бірнеше бөліктерге бөлектеніп кетті. Сол кездің өзінде де, осы Қ.А.Ясауи еңбектерін пайдаланып келді. Мәселен, Ясауи еңбектері, қазан баспасынан татар тілінде бірнеше рет жарыққа шықты, түрік тілінде Түркияда да бірнеше рет жарық көрді. Бұдан да басқа түркі тілдес халықтар арасында жарық көріп жатыр. Кейінгі жылдары бірнеше рет қазақ тілінде де Алматы баспасынан да жарық көрді. Міне бұл Ясауи еңбектерінің түркі халықтары үшін ортақ дүние екендігін дәлелдей түседі. Бұл еңбектің қайта-қайта баспадан жарық көруі, оның құнды әрі халыққа қажетті дүние екендігіне көз жеткізудің бірден-бір дәлелі. Егер бұл еңбектер қажетсіз дүниелер болса, оны ешкім де пайдаланбаған болар еді. Ясауи еңбектерінің құндылығын тағы дәлелдей түсетін мағлұматтардың бірі кейінгі кездері дүниенің түкпір-түкпірінен табылып жатқан Ясауи шәкірттерінің есімі. Олар тек түркі дүниесі, ислам әлемі емес, сонымен қатар батыс елдерінде де шығып жатыр. Бұл деген Қ.А.Ясауи еңбектерінің құндылығына тағы бір дәлел. Бұл дүниелер құнсыз әрі олардың халыққа тигізер тәлім-тәрбиелік мәні болмаса, онда оларды ешкім де пайдаланбаған болар еді. Міне осыдан-ақ Ясауи еңбектерінің баға жетпес құнды рухани дүние екендігіне көз жеткізуімізге болады. Ал енді бұл еңбектердің барлық түрі халықтарының этнопедагогикасының қалыптасуына әсері тимеді деуге қақымыз жоқ сияқты. Себебі Ясауи еңбектерін түркі халқы ғасырлар бойы пайдаланып келуде. Ол еңбектерінде өзіне дейінгі өз заманындағы ғұламалардың ақыл кеңестерін пайдаланып, оны келер ұрпаққа өсиет етіп қалдырған. Қайсы еңбекті алмайық, тұнып тұрған өсиет сөздер, олар қара сөзбен де, өлең шумақтармен де, «Хикмет» түрінде де жазылған және айтылған.
Жоғарыда айтып өткендей, Ясауидің біраз еңбектері баспадан түркі тілдерінде жарық көрген. Олар негізінде мынандай аттармен мәлім, «Диуаии хикмет», «Пақырнама және Мүнажатнама», «Көңілдің айнасы» және өмірбаяны ретінде түрлі аңыз-әңгімелер мен хикаяттар. [9,17]
Енді осы ғұламаның бізге қалдырған өшпес рухани мұраларынан үш қызметін қарастырып шығайық. Жалпы халқымызға жасаған және келер ұрпаққа қалдырған бұл үш қызметінің ерекшеліктерін талдап өтетін болсақ, оның құндылығына, қажет болғанына көз жеткіземіз.
Достарыңызбен бөлісу: |